Әдебиет
Әубәкір Сұлтанбекұлының естелігі
Жаңылмасам, шілденің 10-ы күні Албанның мен деген адамын ақжелке пристав Подборков Қарқарада алдына шақырды. Барлығымыз 20-дай кісіміз. Шақырғанда айтқаны: «Мына Қарқара жәрмеңкесінен сарт-ноғайдан, саудагерден 50-дей қара жоғалды. Осының бәрін ұрлап жатқан - қазақ. Болыс-болысқа бөліп алып төлейсіңдер», — деді. «Қарқара қазақ жері болғанмен қазынаға қарайды, бәрімізге ортақ. Төлемейміз», — дедік. Аяғында сөз ерегіске кетіп, пристав тақтай тепкілесе де біз қасарысып отырып алыстық. Пристав бастығын Жәмеңке, Ұзақ қылып 21 кісіні абақтыға қамады. «Түбі осы малды төлемесеңдер сендерді өлтіретін ыңғайы бар», — деп приставты маңайлаған адамдар айтып жүрді. Біз қорыққанымыздан «төлейік» деп уәде қып босанып, 30000 теңгені Албаннан алып бердік.
Ақшаны алып болған соң, ақжелке жігіт сұрады. Біз оны «көп біледіге» сүйеп жүріп кетістік.
Онда Албан екі учаскеге қарайтын. Тараншылармен қосып тоғыз болыс елді Қалжат приставы сұрайды. 5 болыс елді Нарынқол приставы сұрайды. Нарынқол приставы бізді Қырғызсай қаласына жігіт алуға жауапқа шақырды.Пристав: «Кісі бересіңдер ме, жоқ па?» — деп сұрақ қылды. Біз «жеке мұндай ауыр жұмысты ашып айта алмаймыз. Біраз күн мәулет бер, біз көппен ақылдасып, жауап берелік», — дестік. Пристав бізге біраз күн мәулет беріп, Алматыдағы жандаралға білдірмек болды және сол жерде пристав соғыс пайдасына жәрдем сұраған соң жанымыздан 1000 сом ақша жинап бердік.
Астымда жайлау етінен жарап жүрген оқтаудай торы атым бар. Қырғызсайдағы жиналысқа барып қайтып, Қарқараға келіп, бір ағайынымыздың үйіне түсіп отырдым да, атыма бір баланы мінгізіп, тігіншіде тігіліп жатқан етігім бар еді, соны әкеле ғой деп жібере қойдым. Екінді оқыдым. Бір уақытта әлгі жіберген балам келді. «Атты орыс алып қойды» дейді. Біз білмейміз. Орыстар күтініп, солдат әкеліп қойған екен. 30 шамалы солдат приставтың қорасында ойнап жатыр. Кравченков деген біреу келген. Бірталай қазақтың атын қашаға кіргізіп, байлап қойған екен. Менің атымды бір стражник құйқылжытып мініп келеді екен. Қолында бір қазақ жасауылы бар. Анадайдан «Ай, бері кел!» дедім. Бурылды. Приставтың үйіне таман жүріп барады. Үйдің жанындағы бір құнанға міне сала жүгіртіп келіп атымның шаужайына жармаса кеттім. «Түс, аттан! Атымды мінгізбейм!» — дедім. «Мінемін», — деп орыс айтты. «Мінбейсің», — деп мен айттым. Қазақ жасауыл: «осылардың ниеті бұзылып жүр, шатақ шығады. Атты қоя беріңіз», — деді. «Әкеңнің аузын...», — деп боқтап әкеттім. Жасауыл жайына тұрып қалды. Стражник орысым омыраулатып жүргісі келіп еді, жуан қамшым бар еді, көмдім келіп. Екі көсіп жібергенімде аттан ыршып, жер құшты. Қорадағы солдаттың бәрі жүгіріп келіп, мені жүндеп берді. Атыма тақымым іліне алмай қалды. Ілінгенде кететін едім. Болмады. Орыс соғып, жабылып сүйреп Кравченковка алып келді. Кравченков коридорына шықты.
Пристав бұрын таныс болатын. Ауылға қонып, түстеніп, қымыз алғызып ішіп, аттың майын мініп жүретін араласымыз бар еді. Пристав «іздірәсти!» десем қырын қарайды. «Мына иттерің атымды алып, әуре қылып тұрғаны», — деп айтып көріп едім, ілтипат қылған жоқ. Солдаттарға былдыр ете түсіп еді, мені апарып қараңғы үйге тығып жіберді. Не екенін білгенім жоқ. Менің үстіме таңға жақын Албанның бас көтерер кісісін, бастығы Ұзақ, Жәмеңке қылып, айдап келіп кіргізді. Бұларды да аулынан әдейі солдат шығып ұстапты. Ұсталғандар: мен, Жәмеңке, Ұзақ, Тұрлықожа, Саза, Құрман, тағы басқалар. Әңгіменің сырын енді білдік. Орыс елдің «бала бермейміз» дегенін естіп және мына Қытайға шекара қазақтардан бүлік шығады деп қауіптеніп, Жетісудағы жандарал бұрын қам қылуға жасырын бұйрық береді екен. Қарқараға бір рота әскер жібереді екен. Қала-қалаға мылтық береді екен. Әбден жабдықтанып болған соң, ел ішіндегі басты-басты кісілерді қамауға қаулы болады екен. Сонымен Шалкөдедегі жиналған жиналыс бұларға үлкен күдік болып, енді ізін суытпай пристав бізді әдейі ұстатып тұр екен.
Бізге кісі қатынастырмады. Қарауылды қатты қойды. Ел бізді тартып аламыз деп жиналып келіп бір қанша кісі өліп, кейін де қайтыпты. Төртінші күні бізді қамаудан шығарып алды да, пристав: «Сіздер Қарақолға барасыздар», — деді. «Онда не бар?» — деп едік. «Сонда қырғыз-қазақ бас қосады. Жігіт беру-бермеу туралы сөз болады. Алматыдан үлкен жандарал келеді», — деді. Біз: «бізді босат, Қарақолға... ат мініп, киім жаңалап жүрелік», — деп едік, «Жоқ, сіздерді солдат апарады», — деді. Кешке таман айдап жүрді. 14 кісіміз. Айдаған солдат — 8. Менің атымды бұлардың бастығы мініп келеді. Иірсудан өтіп, Үкілінің кезеңіне келгенде сам жамырап, ымырт жабылды. Дәрет алып, намаз оқыдық. Көңіліме бір сайтан келді. «Шылымыңды бере тұр!» — деп ат үстінде тұрғанға жетіп келіп, шап беріп ұстап, қылышпен шауып-шауып жіберіп қайрат қылайын деп лоблып тұрдым да, ана өзге шалдарды қимадым. Қарақолға баралық деп кеттік.
Мені Қарақолдағы ояздың алдына әкелді. Біз келгенде Қарақолға қараған 22 болыс қырғыздың жақсыларының бөрі ояз алдында иіріліп тұр екен. Бізді айдаған конвой солдат қолындағы пакетін беріп еді, бізді апарып абақтыға тығып жіберді.
Сондағы қазақтар: 1. Саурықұлы Ұзақ. 2. Мәмбетұлы Жәмеңке. 3. Естібайұлы Нүке. 4. Шорманұлы Қазбек. 5. Құдайбергенұлы Жаңабай. 6. Сұлтанбекұлы Әубәкір, 7. Разақұлы Біләл. 8. Жансеркеұлы Тұрлықожа. 9. Сұлтанқұлұлы Бекдайыр. 10. Төбеұлы Саза. 11. Әбділбекұлы Құрман. 12. Бектенұлы Жайшыбек. 13. Арғынұлы Сыбанқұл. 14. Қаңтарұлы Кәрбоз. 15. Жәмпейіс. 16. Құдиярбек. 17. Және біреу.
Қарақолдың оязы мені шақырып сұрады да: «сен бұзылғансың!» — деп кіжінді. Мен «бұзылғаным жоқ, бұзық Крапшенко. Екеумізді қазылауға прокорор мұнда жіберді», — дедім. Ояз: «Ендеше әзір абақтыда жата тұр. Сенің ісін туралы Алматыға телеграмм соғамын, соның жауабын күте тұр!» деп қайта тықты.
Жарты сағат етпестен 3 қызыл билет алып бір солдат келіп «Губернатор сіздердің қарсылық жазаларыңызға бір ай кесіпті: соның қағазы», — дейді. Мен: «Жарым сағатта тіпті губернатордан ештеме келген жоқ, мұны қылып отырған ояздың өзі», — деп, билеттерін жыртып тастадым. Солдат қайтып кетті. Әрі-беріден соң бұрын өзім писарь болып жүретін Шафранов деген қазақ-орыс әлгіндей үш билетті тағы алып келіп: «Қой, Әубәкір, ұлыққа қарсы айтпа, түбі жаман болады. Мен достық айтам» деді. Мен: «Достығыңды қылсаң босат, әйтпесе осы жердегі ояздың қылғанын алмаймын, губернатордан әмір жоқ», — деп билеттерді тағы жыртып тастадым.
Енді тағы сондай үш билетті Қарақолдағы Сұлтанмұрат деген төре алып келді. Ол келіп бізбен етене болып сөйлесіп, құдайдың салғанын көрерсіңдер, орысты ширықтыра берме»,—деген соң билетті алдық. Сұлтанмұрат бізге өз үйінен көрпе, жастық, төсеніш әкеліп берді. Түн ортасында абақтының есігі ашылып, үстімізге бірталай адам кіргізді. Олар Албаннан: Жайшыбек, Тұрлықожа, Бекдайыр, Қазбек, Саза, Кәрбоз, Сыбанқұл, Құдиярбек, Нүке, Жәмпейіс, Құрман, Жаңабай, Біләл — барлығы 13 кісі. Бұларды Қарқарада шақырып алыпты да, жауапсыз, конвойлатып Қарақолға айдап келіпті. Басқа түгін де білмейді. Және олар Қарқарада бастығын Серікбай, Әбдіқалық қылып 15 кісі ұстап, Жаркентке айдайтындығын, елдің толқып, бүлініп жатқанын айтты.
Қамауда 10 күн жаттық. 11-күні алты солдат келіп: «Әубәкір, Жәмеңке, Ұзақ — үшеуін судья шақырады», — деді. Бұл уақта Жәмеңке, Ұзақ екеуі де кісендеулі еді. Жәмеңке — жаман ауру. Үшеумізді солдаттар айдап шықты. Мен Жәмеңкені сүйеп алып келдім. Айдаған солдаттар жол бойы қарқылдап, балдырлап: «Аубакр батыр... Ұзақ батыр... Жаманке батыр... Үш батыр...» деп мазақтап күліп келді. Соттың қорасына кіргізді. Қораның ішіне сот үстелін, жазушысын алып шығып, сұрай бастады. Мені шақырды. Мені екі солдат алып келіп, аналарды 4 солдат бағып қалды. Айрыларда «бәріміздің сөзіміз бір болсын» дестi. Сот менің кім екенімді, Кравченковтың ұрысын ұрланды сұрап келіп, «Жігіт беруге қалай қарайсың?» — деді. Мен: «Алғашқы ақ патша солдат алмасқа уада қылғаны 64 жыл болған екен. Солдатты крестьян, мещаннан алған еді. Бізге түтін ақша салған. Қазақ сол уаданы біледі, басқаны білмейді. Онан бері келе алым шегінен асып, арқан, дарға (қап), ақша, ат, үй, жәрдем деген алымға елдің тамтығы таусылатын болды. Солдат алам десең үстіміздегі үйге шейін алғаныңды қайтар. Бастапқы уададан тайдым деп қолыңнан қағаз бер. Сонда балаңды қазақ береді», — дедім. Сонда судья «бопты буйамайт!» деп көзін адырайтып, үстелді үш қойып қалды. Мен қаймыққам жоқ. Ақыр өлген кісіміз дедім.
Жәмеңкені және айдатып алды. Судья түрегеліп: «Жәмеңке, сен жігіт беремісің, жоқ, сен де бермейсің бе?» — деді. Сонда мен Жәмеңкеге «бермейміз деңіз», — дедім. Солдат мені мылтықпен түйіп қалды. Солдатты бір қойып қалып, мылтықты жұлып алдым. Судья балдырлап солдатқа ұрысты. Тілмаш келіп, ақырындап, менен мылтықты сұрап алды. Судья Жәмеңкені жауапқа алды.
Бала бересің бе? — деді. Жәмеңке:
— Жасым 75-тегі шалмын. Берем деп саған уада қылуға өз балама да билігім келмейді, — деді.
Сот:
— Heгe билігің келмейді? Жұртқа бергіз! — деді.
Жәмеңке:
— Билігің келмеді десең менің көрік... осы жерде пісіріп же, берер балам жоқ, — деді. Мұны тілмаш «перевод» қылып әбден түсіндірді. Сот ашуланып, үстелді тағы қойғылады.
Енді Ұзақты әкелді. Ұзақтан да«бала беремісің?»—деді, Ұзақ Қарқарадағы ұлықтармен болған жайды айтып келіп, Жәмеңке екеуін мұнда Қарақолда қырғыз-қазақ бас қосады деп алдап әкелгенін айтып, «бала бер десең абақтыңнан шығарып, қырғыз адамдарымен басымызды қостыр, босат, бір жауап берелік», — деді. Онда судья «сендерді босатуға бұйрық жоқ», — деді.
— Ендеше менің абақтыда сендерге беруге жинап қойған балам жоқ, — деді.
Судья лапаттап боқтап, тақтайын тағы тепкіледі. Қайтып алты солдат айдап, абақтыға жапты.
Артынан іле-шала «мына дәріні Жәмеңкенің ауруынан емделуге судья жіберді», — деп құмырамен бір орыс дәрі әкелді. Мен: «Жәке, ішпеңіз, бұл у», — дедім. Ұзақ батыр: «Әзір бізге қастық қылмайды, домбытып жүр ғой», — деді. Жәмеңке де жанына батып отырған ауруға әлгі дәріні біраздан соң ішкісі келді де, ішті. Ішті де дөңбекшіп, талаурап барып, екіндіде Жәмеңке өліп кетті. Жәмеңкені өзіміз конвоймен жүріп, мұсылман қауымына апарып қойдық. Одан кейін аман-есен 5 күн түрмеде жаттық. Басқалардан бір де жауап сұраған жоқ.
Түрмеде бізбен бірге жатқан 7 орыс бар еді. Мұның бірі аял болатын. Бұлар бұрынғы қылмысты адамдар болса керек. Бұларды «мұнапас» болдың деп бәрін босатып жіберді. Біз өңкей қазақ қалдық.
Сол күні түсте мылтығымен абақтының есік алдына 3 солдат келді де, тесіктен сығалап «Әубәкір батыр, сендерге патшадан «мұнапас» келді. Сағат 2-де шығасыңдар», — деді. Мен: «Тоқта, бағана орысқа келген мұнапас бізге неге бірге келмеді. Онан да сағат 2-де атыласың десеңші, атаңның аузын с...», — деп боқтап жатырмын. Ұзақ: «Әттең-ай, мұны бекер айттың ғой. Неге өлтіруші еді?» — деді. Көпшілік маған иланды. Дембе қағып, Кәрбозды имам қып, бесін оқыдық. «Ясынды» оқытып, ата-бабамыздың аруағына дұға қылдық.
Намаз оқып болғанда әлгі үш солдаттағы келді. Бірінде бесатар, бірінде әміркен тапанша, енді бірінде бердеңке бар еді. Келе сала темір есіктің тесігінен мылтықтың астына алды. Түтін, тұман болды. Орнымнан «Аллалап» атып тұрып, қалпағымды кигенімде арқама екі оқ тиді. Қайта айналғанда сүбемнен бір оқ тиді. Үстелден ырғып түсіп, есіктің тасасына тығылдым. Оқ тиген алты кісі төрде аунап жатыр. Бұлар: Нүке, Саза, Құдиярбек, Жәмпейіс, Қазбек, Кәрбоз еді. Бұлар біріне-бірі қақтығып жығылып жатыр. Мен аз тұрып, ақыр елдім деп шекпенімнің бір жеңімен бесатардың аузынан шап етіп ұстап, шапшаң және солдаттың шинелінің етегіне қолым тиді. Солдат бақырды. Қасындағы екі солдат мылтықпен атуға дәт қыла алмай мен ұстаған мылтыққа үшеулеп таласты да тартып алды. Солдаттың етегі менің қолымда қалды. Солдаттар қашып шыға берді. «Ал жылдам абақтыны бұзалық!» — дегенде Ұзақ «өкшемнен оқ тиді. Сонда да шығып өлелік, есікті бұзыңдар!» — деді. Есікті ырғап тұрып бір тақтайын суырып алдым. Сол тақтаймен темір есікті түйміштегенімде 4 шегесі суырылып, есік сыртына қайрылып қалды. Ішіндегілер дүркірей жөнелді. Сыбанқұл, Ұзақ үшеуміз артында қала бердік. Қақпа берік. Ұзақты және 5 кісенді қырғызды дауалдан лақтырып шығарып, дауалға ырғып өзім шыққанда, Сыбанқұл менің етегімнен ұстай шықты. Қарғып жерге түсе бергенде қарсы алдымыздағы үйдің бұрышынан мылтығын кезей берген солдатқа көзім түсті. «Сыбанқұл, қарғы!»—дедім. Оған сол дауалдың үстінде оқ тиді. «Аһ!» — деді. Мен дауалдың бұрышын айнала бердім. Сол жерде әлгі шығарған бес қырғызды көрдім. Ұзақ жоқ. Ұзақты қарап жүргенде абақтының қақпасының алдынан Жаңабайды атып, жалп еткізді. Көшеге мылтық толып кетті. Түтін, тұман сасыды. Мен қашып қаланың ішіндегі бір ноғайдікіне келдім. Ноғай қақпасынан сүйреп шығарып, қуып жіберді. Мешітке келсем, онда да ешкім жоқ. Терезесін талқандап шығып, молдалары қашып кетіпті. Мешіттің алдынан молданың тобылғы таяғын тауып, бір бұзылған ескі қораға бекіндім.
Ол қорада кешке шейін жаттым да, күн батқан соң қорадан шығып кетіп, жақын жердегі Қарабөлдек деген тауға жеттім. Жаяумын. Әлім құрыды. Су ішіп, ол жиып, тан, ата қырғыз Балпақ дегеннің үйіне келдім. Сол жерден оташы тапқызып, үш оғымды алғыздым. Жарама мылтықтың дәрісін құйғыздым. Ол жерден ат мініп, ертеңіне жүріп отырып, түнде Сарқырдағы үйіме келдім. Ел бөлініп, қырғыз да, қазақ та қалмай үркіп кетіпті. Қатын, баламды жиып алып, мал-мүлік, үйді тастап, елдің артынан Құмбелде қуып жеттім.
Жұрт қалмаққа тарту тартқанда 2000 сом беріп, ары өттім. Қас деген өзеннің бойына бардым да, Дәрібай деген Қызайдың (Қытай қазағы) ақалақшысымен (болысы) құшақтасып, қасына қыстадым. Қыстай күтініп жүріп, жарам жазылды. Жараның жыртығы дененің ішін аралаған жоқ еді.
Ол жақта көрмегенді көрдік. Қалмақ еріксіз талады. Оның үстіне қолдағы көлік пен мал жұтады. Малдың көбі жұртта қалған. Албан алды болмасам да ауыр дәулетім бар еді. 17-жылдың жазында қонысқа 2 сиыр, 16 ат, 2 жылқымен келдім. 17-жыл бостандық болды деп қонысқа келгенде шеке қызған жоқ. Бостандық казак-орыстікі болған екен. Келген соң бар малымды және сыпырып алды. Екі жыл атысып жүріп, тақыр кедей болдым.
Менің әкем Тазабек Албанды алғаш орыс алғанда қарамаймын деп қарсыласып жүріп, орыстан оққа ұшып өлген екен. Менің де көргенім аз болмады. Бірақ әзір жан тірі.
Мен Кеңес өкіметі орнығып, қолдағы аз қанекеміз өзімізге тиіп, шаруамызды өсіруге ниеттеніп отырмыз.
Жігіттер, жұртың тыныш болсын деңдер!
Ақтоғай болысы, Албан руынан:
Сұлтанбекұлы Әубәкір.
(Қолжазба араб қарпінде. ҚР Орталық мемлекеттік архиві: Қор - Р-1368; тізбе - 1; іс - 56).