Әдебиет
Шәркей
Шәутен деген бала бар еді. Оның бір әдемі ақ қозысы бар еді. Шәутен ақ қозысын жақсы көруші еді. Қозысының енесін апасына өзі саудырушы еді. Қозысын өзі көгендеп, өзі ағытушы еді.
Шәутеннің аяғында шәутиген ғана шәркейі бар еді. Ағытып жатқанда қозысы Шәутеннің аяғын басып, шәркейінің ұлтанын түсіріп, жыртып-жыртып кетті. Шәутен шәркейіне жылап жіберді.
Апасы:
— Қой, балам, жылама! Осы қозының өзінің жүнін шәркей ғып берем, онда қайтер екен, — деді.
Ақ қозы үлкен марқа болды. Кішкене күндегі әдемі ақ бұйра жүндері ұзыннан-ұзын болып кетті. Шәутен де өсті. Жамаулы жаман шәркейі кішкенеден-кішкене болып, аяғына симай қалды.
Шәутен:
— Апа, шәркейім аяғыма симай қалды, — деді. Апасы:
— Ендеше ақмарқаңды қырықтырып әкеле ғой, балам, — деді. Шәутен Сансызбайға марқасын қырықтырды.
Шәутен апасына:
— Апа, марқаны қырықтырдым, жүнін әкелдім, енді шәркейім болды ма? — деді.
Апасы:
— Жоқ, балам, жүнді сабайын, — деді.
Апасы тұлақ жайды. Ауылдың қатын-қалашын жинап, жүнді сабады.
Шәутен апасына:
— Апа! Шәркейім енді болды ма? — деді. Апасы:
— Жоқ, балам, шиге тартамын, — деді.
Қатындар жүнді шиге шабақтады, аппақ майдасын бетіне тартты.
Шәутен апасына:
— Aпa, шәркейім енді болды ма? — деді. Апасы:
— Жоқ, балам, су құйып, сүйретеміз, — деді.
Су сеуіп, шиге орады, екі кісі тартып, өзгесі тепті. Шәутен апасына:
— Aпa, енді шәркейім болды ма? — деді. Апасы:
— Жоқ, балам, білектейміз, — деді
Апалары білектеді. Бір жазып, бір бүктеп, көп-көп білектеді. Шәутен апасына:
— Aпa! Шәркейім енді болды ма? — деді. Апасы:
— Жоқ, балам, шәркейді енді қарпимыз, — деді. Апалары киізді тікті, қайта-қайта қарпи берді. Шәутен апасына:
— Aпa, енді шәркейім болды ма? — деді. Апасы:
— Жоқ, балам, кепсін, — деді.
Апасы киізді таза жерге жайып тастады. Шәутен апасына:
— Aпa, шәркейім енді болды ма? — деді. Апасы:
— Жоқ, балам, енді пісіреміз, — деді. Қайтадан қайта-қайта білектеді. Шәутен апасына:
— Aпa, шәркейім енді болды ма? — деді. Апасы:
— Жоқ, балам, тағы да кепсін, — деді. Апасы киізді тағы далаға жайып қойды.
Шәутен апасына:
— Aпa, шәркейім енді болды ма? — деді. Апасы:
— Жоқ, балам, пішемін, — деді.
Апасы қайшымен екі шәркей пішіп алды. Шәркейлердің желкесі қыжырайып, басы ақмарқаның кішкене күніндегі сықылдана қалды. Шәутен жымың етті. Шәутен апасына:
— Шәркейім енді бітті ме? — деді. Апасы:
— Жоқ, балам, жүн шүйкелеймін, — деді. Апасы шуда шүйкеледі. Шәутен апасына:
— Aпa, шәркейім енді бітті ме? — деді. Апасы:
— Жоқ, балам, жіп иіремін, — деді. Апасы жіп иіреді.
Шәутен апасына:
— Aпa, шәркейім енді болды ма? — деді. Апасы:
— Жоқ, балам, сыримын, — деді.
Апасы жіпті инеге сабақтап алып, көп-көп тігіп, сырыды. Шәутен апасына:
— Aпa, шәркейім енді болды ма? —деді. Апасы:
— Жоқ, балам, ұлтарамын, — деді. Апасы ұлтан салып ұлтарды. Шәутен апасына:
— Aпa, шәркейім енді болды ма? — деді. Апасы:
— Иә, балам ... болды. Кел, аяғыңа ки, — деді.
Шәутен киіп алды. Аяғына шап-шақ қана, әдемі, ақ шұбар шәркей болыпты. Шәутен қуанды. Апасын құшақтап, бетінен сүйді. Шәутен марқасына келіп:
— Міне, бәлем! Менің шәркейім, — деді. Марқасы:
— Ім-ім-ім-ім... — деді.
(1929 жыл. Латын әрпінен түсірілген).