05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Иван Бунин
Иван Алексеевич Бунин (1870 - 1953) - орыс жазушысы, ақын және аудармашы, 1933 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері.

Деревня






(повесть)

Сыған атанып кеткен Красовтардың арғы атасын Дурновоның байы тазы иттерге талатып өлтірген. Сыған қожайынының ашынасын азғырып әкеткен екен. Қожайын Сығанды Дурновоның сыртына апарып дөң басына отырғызыңдар деп бұйырыпты. Өзі бір үйір итін ертіп шығып: `Таландар!` — деп айтақтапты. Есі шыққан Сыған қаша жөнелсе керек. Ал тазыдан қашу қателік, бәрібір құтылмайсың.

Красовтардың атасы өйтіп-бүйтіп жүріп әйтеуір бостандық алыпты. Содан отбасын жинап қалаға кеткен, кешікпей әйгілі ұры болып атағы шыққан. Черная Слободадан әйеліне лашық жалдап, сатуға кесте тоқытып қояды да Белокопытов деген әлдебір мещанмен бірігіп губернияның шіркеулерін тонауға кіріседі. Ұсталған кезде бүкіл уезді таңғалдырған: үстінде қымбат сырмалы күрте, аяғында хром етік, бет-ауызы бүлк етпестен өзінің бүкіл қылмыстарын бүге-шігесіне дейін қалдырмай: `Дәл солай, айна қатесі жоқ!` — деп түгел санап беріпті.

Ал Красовтың ата-анасы ұсақ алыпсатар болған. Кезінде уезді шарлап, Дурновода да тұрған, ләпке ашпақ боп талпынған екен, одан түк шықпай ішіп кетті де ақыры қалаға қайтып барып өлді. Оның балалары Тихон мен Кузьма да саудамен айналысып, ләпкеден шықпай күн кешті. Арбаға кебежесін артып алып:

— Қатындар, тауар! Қатындар, тауар! — деп қақсайтын да жүретін.

Тауарының түрі — айна, тарақ, сабын, жүзік, жіп, орамал, ине сияқты нәрселер. Ал арба толы айырбасқа келген өлген мысықтың терісі, жұмыртқа, кенеп, тағы сол секілді көр-жер...

Бірақ бірнеше жыл қаңғырыстап жүріп, ағайынды екеуі бір күні пышақтаса жаздап ақыры айырылысып тынды. Кузьма мал айдаушыға жалға кірді де Тихон Дурноводан бес шақырым жердегі Воргол бекетінің жанындағы тас жолдың жиегінен жолаушылар тоқтайтын түнемел ашып, `қара ләпке` дейтұғын қабаққа ие болды, оның аты да затына сай: `ұсақ-түйек тауар мен шай, қант, темекі, сигар` сататын дүңгіршек дейтін жазуының өзі-ақ айғайлатып тұратын.

Қырық жасында Тихонның самайын қырау шала бастады. Бірақ бұрынғысындай әлі тік, сымбатын жоғалтпаған: енді ғана секпіл жүре бастаған сұрғылт бетінде ызғар бар, артық еті жоқ, кең жауырынды, сөзі тік әрі зілді, жүрісі шапшаң. Тек кірпігін жиі қағып, көзін шақырайтып қадалып қарайтын болды.

Күздің жауын-шашынына қарамастан деревняларда сауда-саттықтың қызып тұрған кезінде тыным таптырмай делдалдарын алыс түкпірлерге қуалады. Тыным таппай помещиктерден орылмаған егінін, су тегінге жерін сатып алды... Ұзақ жылдар аспазшы мылқау қатынмен төсекте табысты, `оқасы жоқ, есесіне аузынан сөз шықпайды` дейтұғын, одан бір балалы болып еді, мылқау байқұс ұйықтап жатып жаншып өлтіріпті, одан соң Шахова деген княжня кемпірдің қызметінде жүрген әйелге үйленді.Үйленіп, жасауына дейін алған соң Дурновоның кедейліктен тақыр жерге отырып қалған помещиктің мұрагерін теспей сорды, иегіндегі әдемі қоңыр сақалынан басқа мақтанары жоқ, жиырма бес жасына қарамай басы жұмыртқадай жалтырап қалған неме еді. Ол Дурново имениесіне ие болғанда мұжықтардың намыстан қуанбағандары жоқ, өйткені Дурново түгелдей дерлік Красовтар әулетінен еді.

Керегін сатып алу, керексізін сатып жіберу, күн сайын имениені барып тексеру, жерінің әр пұшпағын қызғыштай қору — япырау, бұл жарылып кетпей осының бәріне қалай үлгеріп жүр деп мұжықтар бүған да таңқалатын... Таңқалса да соған сүйсініп:

— Зұлым ғой! Есесіне шаруаға мықты! — десіп қоятын.

Осыған үйреткен де Тихон Ильичтің өзі. Ылғи да айтатыны:

— Жаман тұрмаймыз, жаманға жуымаймыз. Әділеттен қашпаймыз. Бауырым, мен орыспын. Сенікінің маған тегін жатса керегі жоқ, ал менікіне қолыңды артсаң кешірімі жоқ! Еркіңе жібермеймін, ешқайсыңды күндемеймін! Осы естеріңде болсын!

Осының бәрін тыңдап отыратын Настасья Петровна (үнемі құрсағы баладан босамайтын болғандықтан үйрек секілді аяғын қисық басып теңселіп жүретін, ылғи да әлі қыз табатын өңі сап-сары әйел) күйіп-пісетін:

— Ой, сен түбі кісі жерсің, тірі жүрсем оны да көрермін-ау! Сол ақымақпен несіне әуре боласың? Сен оған ақыл айтасың, ал оның сенсіз де уайымы аз ба еді. Бұхардың әмірі секілді шіренуін қарашы!

Күзде, бір беті тас жолға, бір беті бекет пен элеваторға қарап тұратын жолаушылардың түнемел үйінің маңы арба шиқылынан азан-қазан болады: астық артқан кіре жоғарыдан да, төменнен де ағылып жатқаны. Настасья Петровна сауда жасайтын қабақтың есік топсасында да дамыл жоқ, Тихонның махорка, кересін сасыған қаракөлеңке кір ләпкесі де тыным таппайды. Минут сайын қабақта абыр-дабыр:

— Уһ! Арағың удай ғой, Петровна! Құдай атсын, тура шекеме шық ете қалды!

— Аузыңа май, пақырым!

— Әлде насыбай сепкенбісің?

— Ақымаққа бәрібір емес пе!

Ал ләпкеде бұдан да бетер:

— Ильич! Бір кесім шұжық өлшеп жібермейсің бе?

— Құдайдың құдіретімен биыл менде шұжық дегенің ас та тоқ!

— Бағасы қанша?

— Сутегін!

— Қожайын! Қарамайдың тәуірі бар ма?

— Мұндай қарамай, шырағым, сенің атаңның тойында да болған емес!

— Бағасы ше?

Ұрпақты болудан үміт үзген соң, оның үстіне кабактардың жабылуы Тихон Ильичтің өміріндегі үлкен оқиға болды. Әке деген бақытты маңдайына жазбағанына көзі жетісімен ол аяқ астынан қартайып кетті. Әуелде қалжыңға жығып жүрді.

— Жоқ-ә, мен дегеніме жетемін, — дейтін таныстарына. — Ұрпақсыз адам — адам емес. Ол әншейін қортық қошқар секілді...

Келе-келе оны қорқыныш биледі: бұл не болды өзі — біреуі баланы жаншып өлтірді, екіншісі өлі табатынды шығарды. Настасья Петровна соңғы рет жүкті болғанда мүлдем мазасы кетті. Тихон Ильич уайым мен ызадан көз ашпады; Настасья Петровна білдірмей жаратқанға жалбарынып, жасырып жылайды, түн ішінде төсегінен тұрып, күйеуім ұйықтап жатыр деп ойлап шырақ жарығында еденге шөкелеп отырады да иконға мөлие қарап күбірлейді, буын буыны сықырлап зорға көтерілген кейпі аянышты-ақ. Тихон Ильич бала күнінен ешкімге айтпаса да май шам дегенді ит етінен жек көруші еді, әсіресе оның шіркеудің шырағы секілді өлеусіреген жалпылдақ жарығын жактырмайтын: күні бүгінге дейін есінен кетпейтіні — Черная Слободадағы қарашаның бір түні, сонда да өлі тыныштықта осындай май шам жанып тұрған, әулие суретінің астындағы сәкіде екі қолын көкірегіне айқастырып, көзі жұмулы, танауы көкке шаншылып әкесі үн-түнсіз жатыр еді, қызыл шүберекпен жапқан терезенің ар жағында гармондатып, тойдан қайтқан жұрт жамырасып ән салып бара жатты... Енді міне, сол май шам тағы да жалпылдап тұр. Жолаушылардың түнемел үйінде ат күтетін Владимирдің шабата жасайтын шеберлері еді — солардың ішінде болашақты болжайтын көріпкел сиқыршы да бар екен, кез келген сұрағыңа картамен, құмалақпен қолма-қол жауап береді. Настасья кешкілік көзілдірік киеді де балауыздан құмалақ жасап сиқыршының алдына тастайды. Тихон Ильич көзінің қиығымен аңдып отыратын. Бірақ оңдырған жауап алған жоқ, көбі мән-мағынасыз.

— Байым мені жақсы көре ме екен? — деп сұрайды Настасья Петровна.

— Иттің таяқты жақсы көргеніндей.

— Қанша балам болар екен?

— Жазмыш саған өлім кескен, арам шөпті аңыздан отап тастау керек.

Сол кезде Тихон Ильич шыдамай:

— Маған берші, мен лақтырайын, — дейтін.

— Өзіме таныс әйелмен өмір кешуге бола ма? — деген сұрақ қояды.

Бұған да жауаптың жетісіп тұрғаны шамалы:

— Алдымен аузыңдағы тісіңді санап ал!

Бірде Тихон Ильич ас бөлмеге кіріп барып әйелінің аспаз сәбиінің бесігін тербетіп отырғанын көріп қалды. Шұбар шіби шиқылдап терезе көсегінде шыныға қонған шыбындарды теріп жеп жүр екен, ал Настасья Петровна нар үстінде бала тербетіп, жыламсырап көне бір бесік жырын әндетіп отыр:

Менің балам қайда екен?

Көрпесі оның шәйі ме екен?

Тұғыры оның биік-ті,

Тал бесігі сүйікті.

Біздерді жат көз таппасын,

Есікті ешкім қақпасын.

Тәтті ұйқысынан оятып,

Жібек көрпесін ашпасын.

Осы сәт Тихон Ильичтің түсінің бұзылып кеткені соншалық, Настасья Петровна оның бетіне түзу қарай алмай жылап жіберді де сіңбіріп отырып сыбырлап қана:

— Құдай үшін, мені әулиеге апаршы, — деп жалынды.

Сонымен Тихон Ильич оны Задонскіге алып барды. Бірақ жол бойы ойлағаны: шаруамен әбігер болып жүріп діни мерекенің кезінде ғана болмаса шіркеуге бас сұқпағаны үшін құдай оны бәрібір жазалайды. Ойға келмейтін тағы бір нәрсе миын жеді: ол өзін көпке дейін бала көрмеген әулиелермен теңестіруші еді. Әрине, бұл да астамшылық, дегенмен желкесінде өзінен де ақымақ әлдебіреудің отырғанын көптен бері сезетін. Жолға шығар алдында Афоннан хат алды: `Аса қайырымды әрі жомарт Тихон Ильич! Сізге жарқын ғұмыр, амандық тілеймін, құзыры күшті жаратқан мен қатын құдайдың батасы қонсын! Сіздің құдайлар храмын, монахтар ғимаратын салып, соған шын ниетіңізбен жәрдем жасайтыныңызды естігеніме өзімді бақытты санаймын. Бүгінде менің лашығым да әбден тозып күйрейін деп тұр...` Күйрейін деп тұрған лашықты қайта тұрғызуға Тихон Ильич жеткілікті сома жіберді. Атағым Афонға дейін жетіпті дейтін баяғы алаңғасарлық сенімнің уақыты өткен, соңғы кезде Афон лашықтарының тым көбейіп кеткенін де білетін, бірақ біле тұра оған да ақша жіберді. Бірақ бұның да шарапаты тиген жоқ, әйелінің толғағы жан түршігерлік азаппен бітті: соңғы өлі баласын табар алдында Настасья Петровна жастыққа басы тисе болды дірілдеп-қалшылдап, ыңырсып, қыңсылауды шығарды... Өзінің айтуынша, көзі ұйқыға кетісімен сұмдық бір күлкі қысып, оның арты зәреңді кетіретін қорқынышқа айналатын көрінеді: біресе көкорай далада алтын шапаны күнге шағылысып көк патшайымы өзіне қарай келе жатады да, аспаннан ғаламат бір әуен төгіліп тұрады екен; енді бірде төсек астынан сайтан шыға келіп, тас қараңғыда ерін сырнайын боздатып жөнелетін болыпты. Қапырық бөлмедегі құс төсекте тұншыққанша далада, амбар шатырының астында жатқаны жөн еді, бірақ Настасья Петровна түнде ит келіп аузымды жалап кете ме деп қауіптенетін.

Баладан біржола күдер үзген соң Тихон Ильич: `мұндай каторганың кімге қажеті бар, бәрі де адыра қалсын!` — деп түңіліп жүрді. Дәулет дегенің оған жараға сепкен тұз сияқты көрінді. Қолы қалтырап, қас-қабағы жырпылдап, езуі қисая бастады, әсіресе өзінің үйреншікті сөзі `есіңде болсын` дегенді айтқанда ырбиып кететінді шығарды...

Қас қылғандай жаз да ыстық, құрғақшылық болды. Қара бидай күйіп кетті. Тихон Ильич жұртқа шағымдануды әдетке айналдырды:

— Осымен доғарамын, доғарамын! — дегенді ерекше бір мәнермен, содан ләззат алғандай сүйсініп тұрып айтатын болған, ал шарап саудасына келгенде мақтаныштан терісіне симай кетеді.

Енді қалай, монополия ғой! Қаражат министрінің өзі менімен сауда жүргізгісі келеді!

— Артыңа бір қарап алсаңшы!— деп Настасья Петровна тәубесіне келтірмек болады. — Тіліңнен тартасың-ау! Жер түбіне айдап тастаса сүйегің табылмай қалар!

— Қорқытпа! — дейді Тихон Ильич көзін жыпылықтатып. — Жоқ! Екі елі ауызға бес елі қақпақ қоя алмайсың!

— Ал егінге қарасаң көз тоймайды! — деп тұтынушыға екілене көз тастап қояды. — Есіңде болсын, бұл бәріміздің қуанышымыз! Тіпті түнде де толқып жатады. Есік алдына шығасың, көз салып қарасаң, ай астында айна таздың қасқасындай жарқырап жатады- ау! Несін айтасың!

Сол жылдың Петров күндерінде Тихон Ильич төрт тәулік қалада, жәрмеңкеде болған, қапырықтан, ұйқысыз түндерден, уайымнан әбден қажып қайтты. Бұрын жәрмеңке десе қуанып тұра шабатын. Ымыртта арбасын майлап, шөп артып қоятын да қызметші шал екеуі мінетін көлікке тон, жастық тастаушы еді. Кеш аттанып, содан таң атқанша шиқылдап жөнелетін. Алғашында әзіл-қалжың әңгіме соғады, шылым шегіп, бір-біріне баяғыда жол бойы мен түнемелдерде қарақшылар өлтіріп кеткен көпестердің хикаясын айтады; біраздан соң Тихон Ильич ұйқыға ыңғайланады — ұйқысырап жатып жолай кезіккендердің дауысын естіп, ылдидан төмен зырлаған арбада тербетіліп барып көз ілсең, бұған жететін рахат бар ма, жағынды жастық қытықтап, басыңнан картузың түсіп қалса төбеңнен ескен түнгі самал түсінде де кәйіп дүниесінен бірақ шығарады-ау! Күн шықпай оянып, керіліп бір есінесең тіпті жақсы: шық басқан бозғылт дала, төңірек теңізде толқыған егінжай, сонау көз ұшындағы ойпаңнан қаланың ақ шағаладай үйлері, шіркеулердің шошайған күмбездері жарқырайды. Таңғы салқында бұйығып, боп-боз боп қалғып-шұлғып отырған шалдың қолынан божыны қолыңа аласың да алыстан жеткен қоңырау дауысына шоқынып қоясың...

Бұл жолы Тихон Ильич арбасын старостаға қосып жіберді де жалғыз өзі салт шықты. Түн жылы, ай сүттей жарық еді, бірақ жабырқау көңіліне жұбаныш таппады. Жол бойы қатты шаршады, қаланың кіреберісіндегі жәрмеңкенің, түрме мен аурухананың оттары он шақырымнан-ақ көрініп еді, бірақ сол қалғыған оттар жуыр маңда жеткізбей-ақ қойғаны. Ал Щепная айлағындағы қоналқы үйдің бүргесі түйе жарғандай екен, оның үстіне қақпаның алды айқай-шу, тас аулаға кірген арба доңғалақтарының шарқылы, таң атпай шулаған қораздардың айқайы мен кептерлердің күркілі маза бермей көрер таңды көзімен атқызды. Екінші түні де мандытып ұйықтаған жоқ, жәрмеңкенің ортасында арба үстінде қонып қалып еді: жылқы кісінеп, шатырлардың шамы да сөнбей қойды, маңай толы абыр-дабыр сөз, таңсыз бере көзі енді ілініп бара жатыр еді, түрме мен аурухананың қоңыраулары боздап қоя бергені, оған қосылып дәл төбесінен қайдағы бір сиыр азан-қазан мөңіресін келіп...

— Каторга ғой мынау! — деп жатып шамырқансын.

Қала шетіндегі шақырымға созылған жәрмеңке қашанда шулы, ретсіз былық. Дабыр-дұбырдан құлақ тұнады: жылқы кісінеп, балалардың ысқырығы бір тынбайды, әткеншек маңындағы марш пен полька ойнаған дарақы оркестр миды ашытып жіберді. Таңнан қара кешке дейін ауыз жаппайтын қатындар мен мұжықтар сүрлеудің шаңын аспанға көтеріп, арбалар мен аттардың, сиырлардың, шатырлар мен итарқаның жықпыл-жықпылынан шұбырып, борсыған май сасыған асхананың маңынан шықпайды. Қашанда саудагерлердің делебесін қоздырып, бірді бірге жанып жүретін делдалдар мен алыпсатар пайдақорларда қисап жоқ; бірі таяқпен, бірі балдақпен сүйретілген мүгедектер мен кемтарлар, соқырлар мен қайыршылар қасыңнан өтіп қақсағанда тұла бойың түршігеді; осыларды қақ жарып уезд полициясының бастығы келе жатыр — жеккені қоңыраулы тройка, арбакешінің кигені барқыт бешпент, басында үкілі топы... Тихон Ильичпен саудаласқан жұрт көп болды. Қаракүрең сығандар, жымырық қонышты етік, делдиме сулық киген поляктің жіп-жирен еврейлері, желбегей киімді ұсақ-түйек дворяндар да бар, еркектің көркемі гусар князь Бахтин де келді, қасында ағылшын кәстөмін киген қатыны, одан Севастополь батыры, сүйегін сүйреткен шал Хвостов та қалған жоқ, кейпіне қарамай кекірейіп киінген — ұзын мундир, кең шалбар, кең қонышты етік, сары жиекті үлкен картуздың астынан бояған шашы жылтиып тұр, әжім басқан қызыл күрең беті мен жақ сүйегі ересен ірі екен... Бахтин шегініп барып ат сынаған болды, мұртынан күліп, қылтасына қоңыр былғары жапсырған жөкей шалбарын әдейі көрсеткен сыңай танытты. Хвостов тырпылдап жақындай бергенде ат шақырайған көзі от шашып үрке қараған, кілт тоқтаған еңкіш шал құлап қалатын сияқты еді, таяғын қайта-қайта көтеріп, қырылдаған дауыспен:

— Қанша сұрайсың? — деп он дүркін сұрады.

Сұрамайтын жан жоқ, бәріне жауап беру керек. Қырсығып тұрған Тихон Ильич жағы қарысқанша тісін шықырлатып аспандағы бағаны айтқан соң бәрі де жағасын ұстап тайып тұрады.

Күнге күйіп әбден жүдеді, үсті-басы шаң, тұла бойы зіл тартып, буыннан әл кетті. Оның үстіне іші бұрап, бүгіліп қалды. Сонан ауруханаға баруға тура келгені. Екі сағат бойы кезекке тұрып, карболка сасыған қараңғы дәлізде отырды да қойды, құдды Тихон Ильич емес, әлдсбір бастықтың есігін күзеткен бейшара секілді қатты қорланғаны. Үстінде ыс мүңкіген ұйпалақ сүртік, шегір көз қызыл доктор ырсылдап-күрсілдеп құлағын мұның көкірегіне тосқанда `ішім бұрағанды қойды` деп атып тұрды да косторкасын шешпестен тұра қашты. Жәрмеңкеге қайтып келе жатып бұрыш пен түз қосып бір стақан арақты тартып жіберіп еді, нан мен колбасаны бұрап соғып, суық суға қоса щи мен шайды сыңғытса да аш өзегін тойғыза алмағаны. Сырамен шөл басалық деген таныстардан да қалған жоқ.

— Ашыған квас, ішсең танауыңды жарады! Бағасы тиынға да тұрмайды! — деп айқайлаған сатушыны да босқа жібермеді.

— Мінеки, балмұздақ! — деп қызыл көйлекті шартық шал да шырылдаған. Сүйек қасықпен балмұздақ та жеген, құрғырды, мұздай екен, танауын қарып, миынан бірақ шыққаны.

Шаңға тұншығып, аяқ пен тұяқтан, арбаның доңғалағынан сары жұрт боп қи сасыған жәрмеңке тарап бос қалды. Бірақ Тихон Ильич қасақана әлдекімге қас қылғандай өтпей қойған аттарын күнге қақтап арба үстінде тапжылмай отырды да алды. Құдай-ау, бұл неткен өлке! Қара топырақтың қалыңдығы аршын. Құнарлығы қандай десеңші! Сонда да бес жылға жетпей аштық жайлайды. Бүкіл Ресейді нан саудасы шіреп тұрғанда бұл қалада тойып жеген бір пенде бар ма екен? Ал жәрмеңке ше? Қайыршы мен жарыместердің, соқыр мен кемтарлардың жиналған жері, көрсең көзің ұялады, қарасаң жүрегің айниды!

Тихон Ильич үйге ертесімен ескі кіре жолмен қайтты. Аспан ашық, күн ыстық еді. Базар арқылы қаланы кесіп, былғары зауытының жуындысынан божып кеткен шағын өзеннен өтті де дөн басындағы Черная Слободаға тартты.

Базардағы Маториннің ләпкесінде бір кезде інісі екеуі сатушы болып істеген.

Енді бүгін сол базарда жұрттың бәрі бұған табынады. Слободада балалық шағы өтті -жерге шөгіп кеткен шірік шатырлы балшық тамдар еді, айналасы көң-қоқыр, күл, шоқпыт, есік алдында қысқа деп әзірлеген қый кірпіштері үюлі тұратын... Тихон Ильич туып өскен сол лашықтардың бүгінде ізі де қалмаған. Оның орнында қазір ағаштан салған жаңа үй тұр, маңдайындағы тоттанған темірге: `Шіркеу тігіншісі Соболев` — деп жазып қойыпты.

Бұдан басқа еш нәрсе өзгермепті: есік көзінде жатқан шошқалар, өріп жүрген тауықтар, қақпа алдында ұзын сырық, сырық басында қойдың мүйізі; сығырайған терезенің ар жағында гүл отырғызған құмыраның арсынан беті табақтай кестеші ақ келіншек сығалап тұр; тараққұйрық батпарақ ұшырған жалаңаяқ балалар; үйіндінің қасында `қуыршақ жерлеу` дейтұғын ойынның қызығына түскен ақсары шашты үрпекбас кішкентай қыздар... Дөң басындағы зиратқа жете беріп шоқынып қойды, шарбақ ішіндегі ағаштардың арасында Зыков деген дүниеде жоқ сараң байдың мүрдесі жатушы еді, жаратқанның қарғысы ма, топырақ салып бола бергенде төбесі опырылып құлап қалыпты. Тихон Ильич біраз ойланып отырды да атын зираттың қақпасына қарай бұрды.

Абажадай ақ дарбазаның алдында ертегіден келген мыстандай мұрны біздей, омырық ұрт бір кемпір шұлық тоқып отыр — осы зират түбіндегі кәрі-құртаңдар баспанасында күн кешкен жесір кемпірлердің бірі.

— Қал қалай, қария? — деді Тихон Ильич атын қақпаның діңгегіне байлап жатып. — Менің атыма қарай тұрасың ба?

— Қарайын, қарағым, — деп кемпір орнынан тұрып еңкейіп тағзым етті.

Тихон Ильич картузын шешіп, қақпа маңдайындағы Успенияның бейнесіне тағы бір шоқынып қойды.

— Қазір қаншау болдыңдар?

— Көппіз ғой, қарағым, тура он екі кемпірміз.

— Жиі-жиі ұрсысып тұратын шығарсыңдар?

— Е, ұрсысамыз ғой, қарағым...

Тихон Ильич ағаш шіркеуге апаратын аллеямен асықпай аяңдап жөнелді. Жәрмеңкеде шашын қидырып, сақалын дөңгелектеп бастырып алып еді, едәуір жасарып қалыпты. Жасартып тұрған аурудан соңғы арықтап, сылынып қалған денесі. Жасартып тұрған — күнқақты беті, үшбұрыштап қырған самай шаштың етегі, бастағы жаңа картуз. Жасартқан балалығы мен жастық шақтың естелігі. Жан-жағына жалтақтап қарайды... Өмір шіркін неткен қысқа, мән-мағынасыз болды екен! Мынау күн нұрына малынған ескі қорымның ішіндегі бейішке бергісіз тыныштықтың өзі неге тұрады! Ыстық жел тұңғиық көкке талпынған жасыл шыршалардын ұшар басын тербетіп, құлпытастар мен ескерткіштерді солардың көлеңкесімен майда ғана сипайды. Самал бір сәтке тына қалса, ащы күннің сәулесі гүл біткенді аймалап, бұта түбінен құстар сайрап жөнеледі де көбелектер қызған сүрлеудің аптабына сауырын төсеп тарбайып жатқаны... Бір крестің түбінен Тихон Ильич:

Ажал неткен сұм едің,

Адамнан салық жинаған, —

деген тақпақ оқыды.

Бірақ бұл маңнан сұмдық дейтіндей еш қорқыныш көре алмады. Керісінше ол аралап жүріп зираттың молайып қалғанына қуанғандай болды, төрт тағанды табыт секілді тастар мен шойын плиталарды, шіріп, топыраққа шөгіп бара жатқан ауыр крестерді жаңа құлпытастардың ығыстыра бастағанын да жақсылыққа жорыды. `1819 жылдың 7 қарашасында таңғы сағат 5-те дүние салды` депті, әрине, мұндай жазуды оқу көңілге ауыр, таң мезгілінде, оның үстіне қара күздің лайсаңында өлу қайбір жақсылық дейсің. Бірақ соның қасында, қалың ағаштың арасында жанарын аспанға қадап гипстен жасалған періште тұр екен, етегіне алтын әріппен: `Жаратқанның жазымышымен көз жұмған пенде бақытты!` — деп жазыпты. Жаңбыр мен уақыттан тозуға айналған әлдебір колледж асессорының темір беттақтайынан бір шумақ өлең оқыды:

Патшаға адал қызметі өтті,

Жақынды өзекке теппеді,

Жағып еді марқұм көпке де...

Тихон Ильич өлеңнің бәрін өтірік деп қабылдады. Бірақ шындық шіркін қайда? Міне, бұтаның ішінде адамның жағы жатыр, былғаныш балауыздан жасалған сияқты, кешегі тірі жаннан бар қалғаны осы ғана... Осы ғана ма? Шірімейтін нәрсе жоқ, гүл де, крест те, табыт та, сүйек те — бәрі шіриді, өлімнің арты шіру. Бұдан ары Тихон Ильич тағы бір жазуға тап болды: ` Өлік қайта тірілсе осы шіріктен шығады`.

Мұндағы жазудың бәрі де тыныштық пен жан рахатын, жарық дүниеде болмайтын мейірімділік пен махаббатты, адамдардың бір-біріне деген қайырымын, құдайға деген құлшылығын дәріптепті, болашақ өмірдің рахаты о дүниеде көрінеді, о дүниеде байбатша да, байқұс та тең екен, қайыршыны бауырыңдай құшақтап сүйіп, оны хан мен патшаға балайды екенсің, бірақ сол үшін өлу керек екен, әрине, бұған тек зират басында ғана сенесің... Бір түкпірде, күн көзінде қалғыған шоқ бадамның түбінде жас баланың қабыры жатыр екен. Тихон Ильич крестен жарты шумақ өлең оқыды:

... ақырын, шуламашы жапырақ,

тынышталсын менің Костям азырақ!—

оның есіне мылқау аспаз тұншыктырып өлтірген ұлы түсті де қас-кірпігі жыбырлап көзіне жас алды.

Зират іргесінен өтетін тақтақ кіре жол сонау белес-белеске барып сіңетін. Бірақ мұнымен қазір ешкім жүрмейді, бұрылып шаңдақ қара жолға түседі. Тихон Ильич те соны жөн көрді. Қарсы алдынан жеңіл трашпенке салдыр-күлдір өте шықты — уезд арбакештері қашанда дарақы — трашпенкеде қала аңшысы отыр: алдында үрегеш дүрегей ит жатыр, қорапты мылтық, аяқта батпаққа киетін етік, бірақ бұл өңірде батпақ бар дегенді естіген пенде жоқ. Тихон Ильич, мына жалқау итті жұмысқа жетер ме еді деп тісін шықырлатты. Талма түстің күні шақырайып қуырып барады, жел де бет қариды, бұлтсыз аспанның өзі де қайнап тұрған секілді. Тихон Ильич кіржиіп бұрқыраған шаңнан бетін алып қашты да, әбден қурап кеткен астықты көріп қобалжып келеді.

Қолдарында ұзын таяқ, шыжыған күннен әбден қажыған діндарлар тобыры ілініп-салынып шұбырып келеді. Тихон Ильичке иліп сәлем берген болып еді, бірақ бұл, бәрібір, шетіңнен жүліксіңдер деп іштей қыжыртты.

— Құлшылықтарыңа болайын! Қоналқыда ғой ырылдасып бір біріңді итше талайсыңдар!

Жәрмеңкеден қайтқан мас мұжықтар жолдың шаңын аспанға көтеріп аттарын тырағайлатып қуалап келеді — өңшең жирен бас, бурыл бас, қап-қара бастар, бірақ бәрі де ұйпа-тұйпа, тыртиған арық, түрлері албасты қуғандай. Солардың шарқылдаған арбаларын басып озған Тихон Ильич:

— Өй, өңшең жарымаған қайыршылыр! — деп басын шайқап-шайқап қойды.

Көйлегі дал-дүл бір мұжық сақалы аспанға шөушиіп өліп қалғандай шалқасынан түсіп серейіп жатыр, дүңкиіп, көнектей боп ісіп кеткен мұрны қып-қызыл қан. Енді біреуі жел ұшырып кеткен қалпағын қуалап дедектеп келе жатыр еді Тихон Ильич бишікпен тартып жіберді. Енді бір арба тола қатындар, шабата, күрек: қатындар теріс қарап талтайып отырып алған, бірінің басында күнқағарын желкесіне қайырған баланың картузы, екіншісі бақырып он салған болып, енді бірі қолын ербеңдетіп, қарқылдап күліп Тихон Ильичке:

— Ағатай, қайда асығып барасың?! — деп айқайлап қала берді.

Жол бекетінен бұрылған соң шарқылдаған арбалар кейін қалды.

Мидай дала, ми қайнатқан ыстық, әйтеуір тым-тырыс тыныштыққа іліккен соң Тихон Ильич жарық дүниеде көңіл жұбатар жалғыз ермек `еңбек` қой деп өзін-өзі уатқан болды. Қайда барсаң еңсені басқан кедейлік. Мұжықтар тыржалаңаш қалды, усадьбаларда бұрауға дым жоқ, бүкіл уездің халі мүшкіл. Әттең осыларға қожайын табылар ма еді, қожайын!

Жол бойында Ровное дейтұғын үлкен село тұратын. Бұл да күн қақтап, көшесін шаң қаптап жатыр екен. Шарбақ түбінде қанат-құйрығы тарбайып күлге аунаған тауықтар. Дөң үстінде бояуы қашқан шіркеу тұр. Шіркеу сыртында күнге шағылысқан тайыз тоған, сарбалшық кемерін көңмен бөгеген соң суы сап-сары, бір табын сиыр су үстінде шыбындап, тезегін де соған тастап тұр, ал оның аяқ жағында жалаңаш мұжық басын сабындап жатыр. Суға белуарына дейін кіріп кетіпті, беті мен мойны қақпыш, бүкіл денесі күн тимеген шіп-шикі.

— Аттың ауыздығын алып жібер, — деді Тихон Ильич қи мүңкіген тоғанға жете беріп.

Мұжық сабын тұқылын жағадағы сиыр жапасына лақтырып жіберді де, басының сабынын сүртпестен ұятын жасырған болып жолаушының айтқанын орындады. Ат суға бірден бас қойып еді, борсыған тоғаннан жеркеніп ұрттап алмастан теріс бұрылды.

— Ойпырай, суларың бар болсын! Осыны да ішесіңдер ме?

— Немене, сіздердікі қант тати ма? — деп мұжық сыпайы ғана жымиып жауап берді. — Мың жыл ішіп келеміз! Суды қойшы, нан жоқ, нан жоқ қой...

Ровное селосынан кейін жол қара бидай егісін қақ жарып өтетін, мұнда да астық әбден қурап, арамшөп басып кеткен екен... Ал Дурновоның іргесіндегі Выселканың тұсында дүмі үңірейген жуан ағаш басында ұзақ деген қарақұрттай қаптап отыр, тұмсықтарын аңқита ашып, күн көзіне қақталғанды жақсы көретін жәндіктер: бүгінде Выселканың тек аты ғана қалған, көң-қоқырдың ортасында үйлердің сорайған қабырғалары ғана жатыр. Көң-қоқыр түтіндеп, сол жақтан күйіктің көңірсік иісі ұрып тұр... Өрт деген зауалдың атынан-ақ Тихон Ильичтің тұла бойы түршіксін. `Пәледен аулақ!` — деді ол түсі қашып. Дүние-мүлік, шаруа жайын кепілдеген жоқ еді, бір-ақ сәтте тып-типыл жоғалып кетуі мүмкін екен-ау...

Сол Петров күндеріндегі жәрмеңкеден соң Тихон Ильич жиі-жиі ішетінді шығарды, мас болмаса да бас терісінің қызарғанына дейін тартып жіберіп жүр. Бірақ шаруасын ұмытқан жоқ, өзінің айтуынша денсаулыққа да зияны тимейтін көрінеді. `Арақ қанды тазартады` дейтін ол өз өмірін каторга деуін сонда да қойған жоқ, кейде тұзақ, кейде алтын тор деп те қоятын. Бірақ жолынан тайған жоқ, бірнеше жылы өзгермеген бір қалыпта өтті, бәрін жиғанда бір жұмыс күні секілді. Тек күтпеген үлкен оқиға — жапондармен соғыс, одан соң революция болды.

Соғыс туралы әңгіме әуелде көпірме сөзбен басталды. `Бауырым, қазақ кешікпей сары шайтанның терісін сыпырып алады!` десті. Бірақ кешікпей сөз сыңайы кілт өзгерді.

— Өз жерімізді қайтерімізді білмей отырмыз! — дейтін болды ызаланған Тихон Ильич, — Мынау соғыс емес, ақымақтың ісі ғой!

Қышыған жерін қасығандай орыс армиясының күйреуіне жаны кіріп:

— Мә, қатырды! Бұларға сол керек еді, шешеңді! — деп разы болды.

Әуелде революцияны құптап, ондағы қырғынға да іші ауыра қойған жоқ. — Әлгі бір министрдің әкесін танытқан жоқ па! Ақыры сүйегін жинай алмай қалды ғой! — деп Тихон Ильич ет қызуымен екіленіп сөйлеген болатын.

Кейін жер бөлісі болады екен дегенді естігенде тағы да қаны қайнап шыға келді. `Осының бәрін істеген жөйіттер! Тек жөйіттер, сосын әлгі жалбыр шаш студенттер!` деп әуелгі бетінен тайқып шықты. Түкке түсінсе бұйырмасын: революция, революция деседі, бірақ бәрі де баяғыдай, сол күйкі тірлік — күн шығып батады, егін пісіп орылады, бекетке шұбырған кіре... Тек халықта ғана үн жоқ, халық жалтақтаумен бұйығып отыр.

— Бұл халық дегенің неге тым-тырс?! Халықтың үнсіздігінен зәрең ұшады! — дейді Тихон Ильич. Сол сәтте-ақ `жөйіттерді` мүлдем ұмытып: — Айталық, бүл әннің астары белгілі ғой, — дейді. — Үкіметті ауыстырсын, жерді бөліссін, бұл балаға да түсінікті. Демек, халықтың көксеген мақсаты айдан анық. Әрине, содан соң үнсіз. Сондықтан оны үндетпеу керек, тапжылтпай аңду керек! Тек қозғала көрмесін! Қозғалса бітті, пайданың шетін сезіп, шілиясы айланшығын түртсе болды, мөңкігенде аяғыңды аспаннан келтіреді!

Бес жүз десятинадан артық жері барлардың еншісін кесіп алады екен дегенді еетігенде Тихон Ильичтіц өзі-ақ `бүлікшіл` боп шыға келді. Тіпті мұжықтармен де салғыласатын болды.

Кейде ләпкеге келген мұжықтардың бірі:

— Жоқ, Ильич, бұл сенің айтатын сөзің емес, — дейтін, — Әділетіне жүгінсек артық жерді алу керек. Ал былайынша ол күпіршілік болады.

Қайнап тұр, аула қарсысындағы амбардан самырсын тақтайлардың иісі тынысты қамайды. Орман сыртындағы бекеттің арғы бетінен пысылдаған паровоздың дыбысы естіледі. Бас киімсіз Тихон Ильич сығырая қарап, қулана жымиып кояды.

— Мейлі, ал егер жер иесі жатып ішер жалқау болса ше?

— Кім? Барин бе? Онда аяйтын дәнеңе жок. Кейбіреудің тырпын қалдырмай сыпырып алсаң да обал емес!

— Міне, әңгіме сонда!

Бірақ, бес жүзден кем болса да кесу керек деген тағы бір өсек жетті. Бұл да көңілді алай-түлей қылып, тыныштықты бұзды. Үй шаруасына мойын жар бермей, істеген ісінің бәрі өзіне жақпады.

Егорка дейтін қолбала ләпкеден ұннан босаған мөшектерді алып шығып қаға бастап еді. Төбесі сопақ, шашы едірейген қалың, `осы ақымақтардың шашы неге қалың болады екен`деп бір таңғалды, шекесі ойық, беті жұмыртқа секілді сопайған, көзі балықтікіндей ұясынан шығып кете жаздап тұр да бұзаудың кірпігіндей ақ қылшықты қабағы терінің тапшылығынан көз сүйегіне жетпей қалған сияқты: қабағын ашса аузы ашылып қалатындай, аузын жапса көзі бақырыйып қалатындай.

— Долдон! Дүлей! — деп Тихон Ильич зірк етті, — Маған сіліккенің не?!

Қойма, ас үй, амбар, шарап сататын ләпке бөренеден салынған темір шатырлы тұтас бір құрылыс еді. Үш жағынан қамыспен жапқан мал қорасы қоршап тұратын да бәрін қосқанда төрт бұрышты мықты бекініс болатын. Амбар тура үйдің қарама-қарсысында, жолдың арғы бетінде. Оң жақта бекет, сол жақта кіре жол. Жолдың сыртында қайыңды тоғай. Тихон Ильич әлде неден жабырқаған сәтте жол бойына шығатын еді. Сұр таспадай шұбалаңдаған жол белес-белестен асып, бір жоғалып, бір көтеріліп сонау көз ұшындағы қарақшының күркесінен көкжиекке сіңіп кетеді. Егер ақыл-есі орнында, пысықтау Дурново мұжықтарының бірі көріне қалса, мәселен `байлығымен`, сараңдығымен аты шыққан Яков Микитич секілді, Тихон Ильич міндетті түрде тоқтатып алатын.

— Тым құрығанда бір картуз сатып алмадың ба! — дейтін Тихон Ильич кекесін күліп.

Яковтың басында бөрік, үстінде терден қақ боп кеткен кенеп көйлек, бұтында тыртиған шалбар, жалаңаяк рдуанда отырады. Кендір божыны шірей тартып, тер басқан семіз биесін тоқтатады.

— Сәлем, Тихон Ильич!

— Сәлем! Бөркіңді ұзақтың ұясына садақа ететін уақыт боп қапты-ау!

Яков қуақы күлкімен басын изейді.

— Енді... қалай десем екен... дұрыс қой. Бірақ капитал шіркін рұхсат бермей тұрғаны.

— Босқа жылама! Білеміз ғой сен секілді қазан жетімектерін! Қызыңды ұзаттың, ұлыңа қатын әпердің, ақшаң жетеді... Енді құдайдан осыдан артық не тілемексің?

Яков бұған әжептәуір масаттанып қалса да айтарын ішке бүге біледі.

— Ой, құдай! — деп даусы дірілдеп күрсінген болады. — Ақша... маған қай заманда ақша бітіп еді... Ал ұл болса... Одан не пайда? Ұл көңілді қалдырып тұр... Көңілді қалдырып тұр ғой!

Көп мұжықтар секілді Яковтың да жүйкесі тозған, әсіресе, әңгіме отбасына, шаруа жайына тірелсе. Әдетте тұйық адам, бірақ бұл жолы дірілдеген дауысы, тұтыға шыққан сөзі ішкі запыранды сездіріп қойды. Оны тағы да қажай түсу үшін Тихон Ильич жаны ашыған болып:

— Көңіл қалды деймісің? — деп сұрады. — Шыныңды айтшы, бәрі қатынның кесірі ме?

— Арамқатқыр, сол қатынның кесірі де, туысқан, — деп Яков жан-жағына жалтақтап көкірегін қасыды.

— Қызғана ма?

— Қызғанады... Менен дәмесі бар дейтін көрінеді келін... — деп Яковтің көзі жыпылықтап кетті. — Күйеуіне күнде шағыстырады. Мені улағысы да келді. Кейде мәселен, көңілдің қыжылын басу үшін темекі шеккің келеді... Бірде жастығымның астына бәтшағар сигар тығып қойыпты. Егер байқамағанымда сеспей қататын едім!

— Ол неткен сигар?

— Өліктің сүйегін үгіп темекінің орнына нығыздап қойыпты.

— Ұлдың өзі ақымақ қой. Орысша сықпыртып алмай ма!

— Қайдағы! Оны қойып, мені көкіректен итерген жоқ па! Жылан секілді жылпылдап қолға тоқтамайды!.. Шашынан ұстайын десем тақырлап қырып тастаған, жағасынан алайын десем көйлегі жыртыла ма деп аяймын!

Тихон Ильич басын шайқап біраз тұрды да ақыры әңгіменің бетін өзгертті.

— Ал, жағдайларың қалай? Әлі бүлікті күтіп отырсыңдар ма?

Яков сол сәтте-ақ өзінің тоң-торыс мінезіне көше қойды. Мырс етіп қолды бір сілтеді де:

— Қайдағы бүлік! — деп міңгірледі. — Бізге бүліктің не қажеті бар. Біздің жұрт момын ғой. Тіпті момын...

Биесі жұла қашатындай-ақ божысын тартып қойды.

— Онда жексенбі күні неменеге жиналып жүрсіңдер? — деп ызаланған Тихон Ильич жабыса кетті.

— Жиналыс деймісің? Оны сайтаным біліп пе! Шуласып — шуласып тарасты.

— Білеміз ғой неге шуласқанын!

— Жасырып тұрған мен жоқ... Әлдебір нұсқау келіпті деп оттасты... Байларға бұрынғыдай арзанға жұмыс істеуді тоқтату керек дей ме...

Қайдағы бір Дурновоға бола жұмысқа деген зауқының қашқанына ыза болды. Сол Дурноводағы түтін саны отызға да жетпейді. Өзі албасты аяғын сындыратын қуыста жатыр, бір жағы терең ор, екінші жағында сабан ла