05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Иван Бунин
Иван Алексеевич Бунин (1870 - 1953) - орыс жазушысы, ақын және аудармашы, 1933 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері.

Суходол






(повесть)

Біз Натальяның Суходолға деген үйірсектігіне таңғалатын едік.

Бір ошақтың басында бірге өскен әкеміздің телімел қарындасы, бұрынғыдай есік көзіндегі күң емес, туғанымыздай боп сегіз жыл бойы Луневада тұрды. Өз сөзімен айтқанда, өзін әбден қажытқан Суходолдан тура сегіз жыл бойы жаны тыныш тауыпты. Бірақ, қасқырдың бөлтірігі орманға қарап ұлиды деп тегін айтпаған ғой, біздерді бағып-қағып жеткізген соң тағы да Суходолға кетіп қалды.

Бала күнімде айтқан оның әңгімелері еміс-еміс есімде:

— Наталья, сен жетімсің ғой?

— Жетіммін. Жазмыштың өзі солай. Сендердің әжелерің Анна Григорьевна екі жастың біріне келмей жатып-ақ жарық дүниемен қоштасқан. Менің әке-шешем көз жұмғанда одан да жас болатын.

— Олар неғып ерте өлді?

— Ажал жеткен соң өле салды да.

— Жоқ, сонда да?

— Жаратқанның жазғаны да. Кінәсі болған соң әкемді шонжарлар солдатқа беріп жіберді, ал шешем байдың түйе тауығының кесірінен жасына жетпей өліп кетті ғой. Мен қайдан білейін, жұрттың айтуынша шешем құс баққан екен, оның кезінде түйе тауық қораға сыймапты, бірде қалың бұршақ жауып, түгел қырылып қалыпты... Жан ұшырып барып, соны көргенде тұяқ серіппей сеспей қатса керек.

— Ал сен неге күйеуге тимегенсің?

— Мен тиетін жігіт әлі туған жоқ.

— Жоқ, қалжыңсыз?

— Жұрттың айтуынша, оған себепкер ханым — сендердің апайларың. Сол үшін мені ханшайымдар қатарына қосса керек.

— Сен қайдағы ханшайымсың!

— Сөз жоқ, мен ханшайыммын! — дейтін Наталья мырс етіп, сол сәтте әжімденген шырыш-шырыш ернін кәртәміш қолының сыртымен сүртіп қоятын. — Мен Аркадь Петровичпен бір емшекті емдім ғой, ал апайларың бізден кейінгі екінші...

Есейе келе біз Суходолдағы үйіміз туралы әңгімелерді қызыға тыңдайтын болдық: бұрын естімеген нәрселер құлаққа сіңіп, бұрын біз білмеген Суходолдың небір тіршілігі көз алдымызға елестей бастады. Сөйтсек, әкемізбен бір емшекті сорып, онымен жарты ғасыр бірге өскен Наталья Хрущевтар әулетінің шын туысқаны екен. Қожайындар әкесін солдатқа айдап жіберіпті де шешесі қырылып қалған түйе тауықтарды көргенде жүрегі жарылып жан тәсілім етіпті.

— Расында солай, — дейтұғын Наталья, — қорқыныш көрге кіргізбей қойсын ба. Тірі қалса қожайын оны Можайға қуып тастайтын еді ғой.

Кейін Суходол туралы неше түрлі хикаяны естідік: `бүкіл әлемде` Суходолдың қожайындарындай қарапайым, солардай жомарт жан болмапты, солардай тентек бұл өңірден ешкімді жұрт көрмепті; бұдан соң білгеніміз, Суходолдың тозып кеткен ескі үйі көрдей қараңғы екен, атамыз жарымес Петр Кириллычты дәл осы үйде өзінің шата ұлы, әкемнің досы, Натальяның немере бауыры Гевраска өлтіріпті; ғашықтықтың құсалығынан апайымыз Тоняның есі ауысып кетіпті де, усадьбаның іргесіндегі ескі лашықта тұрады екен, бар ермегі шашылып қалайын деп тұрған атамзаманғы фортепианоны таңқылдата беру көрінеді; тіпті Натальяның да есі дұрыс еместігін де біліп алдық, бұл байғұс та сонау тұлымды қыз кезінде-ақ марқұм көкеміз Петр Петровичке ғашық болыпты да ол кісі мұны Сошки хуторына `жер аударып` жіберіпті... Суходолға біздің неге қызығатынымыз белгілі. Суходол біз үшін тек өткен шақтың жыры. Ал Натальяға ше? Бірде ол мұңын шағып отырып айтқан еді:

— Не дерсің! Суходолда татаркалармен бірге отырып тамақ ішетін едік. Еске алудың өзі ұят.

— Құл-құтандармен бірге ме? — деп сұрайтынбыз.

— Әй, солардың бәрінің тегі бір ғой, — дей салатын.

— Неге бірге отырасыңдар?

— Ұрсыса қалсақ деген сақтық та.

— Немене, Суходолда да ұрсысатын ба едіңдер?

— Құдай сақтасын! Күн құрғатпай төбелеседі! Шетінен шатақ — атылуға шақ тұрады.

Біз сілекейіміз шұбырып тыңдаймыз: көпке дейін біздің есімізден үлкен бақ, кең усадьба кетпейді, қурап кеткен қамыс шатырлы ағаш үй, залда тамақ ішіп отырған ала-құла жұрт: бәрі де үстел басында, бәрі де жеп жатыр, сүйектің мүжуірін еденге, иттерге лақтырысып қояды, бәрі де бір-біріне алара қарасады — әрқайсысының алдында бір-бір қамшы: біз де ер жеткен соң алдымызға қамшы алып асқа отыратын алтын күндерді аңсайтын едік. Қамшы деген шіркіннің Натальяға қуаныш бермегенін білетін едік қой. Сөйте тұра Луневадан Суходолға, өзінің өткен күндерінің өкінішіне тағы да кетіп қалды. Онда не баспанасы, не бір туысқаны жоқ; қазіргі қызмет етіп жүргені баяғы ханым Тоня апай да емес, марқұм Петр Петровичтің жесірі Клавдия Марковна. Шындығында Наталья Суходолсыз өмір сүре алмайды.

— Енді қайтейін, үйренген бас, — дейтін ол — Ине соңынан жіп ереді, қай жерде тудың, сол жерде өлесің...

Суходолды аңсайтын жалғыз ғана Наталья емес. Суходол десе ішкен асын жерге қойып, баяғысын сағынатын суходолдықтардың әңгімесі таусылмайтын.

Тоня апай жоқшылық көріп сондағы бір лашықта тұрды. Оны бақыттан да, ес-ақылдан да, адамшылық кейіптен де айырған Суходол. Бірақ туған ұясын тастап кетемін дегенді ойына да алған емес, Луневаға көшіп кел деген әкемнің ақылын да тыңдаған жоқ:

— Онан да тауға шығып тас қазғаным жөн емес пе! — дейтін.

Әкемнің шаруаға қыры жоқ адам; оған салсақ, сағыныш дейтін көкейде болмаған нәрсе. Дегенмен Суходол туралы оның әңгімесінен де іште жатқан бір мұңды аңғаратын едік. Әжеміз Ольга Кирилловнаның даладағы мекен-жайына баяғыда-ақ көшіп келген. Бірақ өле-өлгенше:

— Жарық дүниеде жалғыз ғана Хрущев қалды, ол да Суходолда емес! — деп өкінумен болды.

Рас, әлгі бір сөзінен кейін ойланып қалатын кездері де болатын, терезеден далаға қарап, қабырғадан гитарасын алып жатып мысқылмен күлетіні бар:

— Суходол да жақсы-ау, бірақ адыра қалсын! — дейтін шын көңілімен алғашқы сөзін мүлдем ұмытқандай.

Алайда, ол бүкіл табиғатымен суходолдың мұжығы еді — жан дүниесінде тек қана өткеннің елесі қалған, санасына даланың билігін, даланың үйлесімсіз тіршілігін, деревняны да, Суходолдағы үйді жан-жануарымен қоса есіне салатын ежелгі отбасының өтіп кеткен болмысы. Таңғалатыны жоқ, Хрущевтар әулетінің ежелгі литвандар мен татар князьдерінен қаны араласқан алтыншы аталарында аңызға тұрарлық атақты адамдары көп болған деседі. Жалпы Хрущевтар жалшы-жақыбайлармен, деревнямен сан ғасырдан бері қаны араласып кеткен. Петр Кириллычты дүниеге әкелген кім? Естігендер әр түрлі айтады. Оны өлтірген Гевраськаның әке-шешесі кім? Петр Кириллыч екенін бала кезімізден құлағымызға сіңген. Әкеміз бен көкеміздің мінезі бір-біріне неге ұқсамайды? Бұл туралы да әркім әр түрлі айтады. Әкемнің емшек-төс қарындасы Наталья Гевраськамен крест алмастырған... Хрущевтар жарлы-жақыбайымен, бүкіл деревнясымен бір туыс екендігін баяғыда мойындауы керек еді.

Суходолды көрсек деп, оның бағзы тарихын қиялмен бопсалап қарындасым екеуміз де талай жылды өлтірдік. Ондағы үй де, жалшылар да, деревня да бәрі жиылып бір-ақ отбасы. Соларға бас көз болған біздің аталарымыз. Оларды кейінгі ұрпақтарынан-ақ тануға болады. Отбасының, жалпы тұқымның, кланның тегі тереңде, шым-шытырық, жұмбағы да көп, қоркынышы да жеткілікті. Сол жұмбақ тереңдігімен, бізге жеткен аңыз-әңгімесімен де қымбат. Башқорт даласындағы кез келген ұлыс секілді Суходол да жазбаша, болмаса басқадай ескерткішке бай емес. Орыста олардың міндетін аңыз атқарған.Ал аңыз бен ән славяндардың рухани ішімдігі. Бұрынғы жалшыларымыз шетінен жатып ішер жалқаулар, соған қарамай арманшыл, біздің үйге жиналмағанда сол арман-мұңын қайда барып шақсын?! Суходол қожайындарынан қалған жағыз өкіл біздің әкеміз. Тұңғыш рет біздің тілімізді шығарған да Суходол болатын. Натальядан, әкемізден естіген алғашқы әңгімеміз, алғашқы әніміз де Суходолда туған. Жалшылардан `сударушканы` жаттаған біздің әкеміздей мұңға толы сол әндерді жаныңды толқытып, жүрегіңді елжіретіп айта қоятын басқа біреу бар ма екен? Натальядан басқа бір әңгімешіл табылар ма? Суходол мұжықтарынан жақын бізге кім бар?

Ежелден Хрущевтардың атын шығарған ұрыс-керіс, әрине, бұл бір үйде ұзақ тұрған ағайыншылдардың кез келген отбасында бар қасірет. Біздің бала кезімізде Суходол мен Луневаның арасында керемет бір жанжал болды да соның кесірінен әкеміз он жыл бойы өзінің туған шаңырағының босағасын аттамай қойды. Біз де балалық шағымызда Суходолды көре алмадық: көп болса бір-екі дүркін болған шығармыз, онда да жол-жөнекей Задонскіге өтіп бара жатып. Кейде түсіңде көргенің өңіндегіден жақсы сақталады емес пе. Еміс-еміс болса да жаздың ұзақ күні есімде қалыпты: әлдебір толқын секілді белең-белең жазық, үлкен шаңдақ қара жол, жол жиегіндегі дүмі жуан шанжау-шанжау үйеңкі; жолдан бұрыс, егінжайға сұғынып тұрған сондай бір үйеңкінің қуысынан бал арасының ұясын көрдік — ұяны жаратқанның өзі өшіп бара жатқан қолдың тұйығына әдейі әкеліп тастағандай; бұрылыстан басталатын жалпақ мал өрісі, сол өріске емініп отырған кедейлердің саман лашықтары, соның іргесіндегі түбі тас қиыршық, жағасы сары балшық терең жыра... Біздің зәремізді ұшырған алғашқы оқиға да осы Суходолда: Гевраськаның атамызды өлтіруі. Сол өлім туралы әңгімені естіп отырғанда көз алдымда ылғи да сары балшық терең жар елестейтін болды, адам естімеген сұмдықты жасап алып, Гевраська осы жармен қашқан шығар деп ойлайтынмын, ақыры өзі де теңізге түскен инедей зым-зия жоқ болды.

Суходол мұжықтары да Луневоға келіп тұратын, бірақ жалшылар сияқты емес, көбіне жер сұрайтын; бірақ бұлар да екі туып бір қалғанымыздай еркін кіретін. Әкемнің алдында бастарын иіп, қолын сүйеді де одан соң үш дүркін әкемді, Натальяны, біздерді тағы сүйіп шығады. Сыйлыққа деп бал, жұмыртқа, орамал алып келетін. Далада өсіп, даланың иісіне отығып қалған, әңгіме, он десе қашанда құлақ түре қоятын біздер мұжықтармен сүйіскен кездегі кендір иісін көпке дейін ұмыта алмайтын едік; олардың сәлем-сауқатынан даланың байырғы деревнясы аңқып тұратын: балдан — гүлдеген қарамық пен емен қуысында шіріген араның ұясы, орамалдан — атамның кезіндегі темекінің түтіні сіңген ескі тамның ызы... Суходол мұжықтары әңгіме айтып жарытпайды. Әңгімесі жоқ болса несін айтсын да. Олардың артында қалған аңыз да жоқ. Зираттары белгісіз. Өмірлері де бір-біріне ұқсас, өткеннен із де қалмаған. Бүкіл еңбегі, бар уайымы нан, кәдімгі жейтін нан ше. Баяғыда сарқылып қалған Каменка өзенінің тасты жағалауынан тоған қазады да жатады. Бірақ одан береке шамалы — құрғайды да қалады. Баспана салады. Онысы да ұзаққа бармайды — жылт еткен от шықса тып-типыл өртенеді де кетеді... Сонымен, бәрімізді бірдей қу далаға, жар мен жалпайған тамға, тозып біткен Суходолға ынтық қылып қойған не сиқыр?

II

Натальяның бесігі болған Суходолды, оның бүкіл өмірін жұтып, бізге ертегі боп жеткен Суходолды естияр шағымызда әрең таптық.

Күні кешегідей есімде қалыпты. Суходолға жете бергенімізде қалың нөсерге тап болдық, аспан қақ айырылғандай шарқылдап, жыландай сумаңдаған найзағай көк жүзін кескілеп жатты. Қорғасындай қаракөк бұлт аспанның жармысын жауып тастаған. Жусаған теп-тегіс егінжайдың алқабы аспан әлемі жарқ еткенде көгеріп қана көрінеді, үлкен жолдың бойындағы тықыр шөптің өңі кіріп, моншақты көрпе жамылып алған. Тағалары жарқылдап, мый батпақты езіп келе жатқан аттар сүмірейіп табан астында арықтап кеткендей, тарантас сақау ғана ырқылдайды. Кенет Суходолға бұрылар тұста бітік өскен қарабидай ішінен сорайған әлдебір шыбықпен кер тоқал сиырды қуалап шыға келді, шал екені де, кемпір екені де белгісіз, үстінде халат, басында мыжырайған қалпақ. Біз жақындаған сайын ербеңдеген шыбықтан үріккен кер сиыр құйрығын шаншып жол үстіне шоршып шықты. Кемпір бірдеме деп айқайлап тарантасқа жүгірді де, таяп келіп бізге сұп-сұр жүзімен сұқтана қарады. Қап-қара есірік көзден зәреміз ұшып, иттің тұмсығындай суық танаудан жеркенсек те демінен мүңкіген шошаланың сызына тұншығып кемпірмен сүйіскен болдық. Мыстан кемпірдің өзі емес пе екен деп қалдым? Мыстанның басында кір матадан тіге салған биік қалпақ, жалаңаш етіне киген шоп-шолақ жыртық халат кеуіп қалған көкірегіне жетпей қалыпты. Саңырауға айқайлағандай бақырып, құдды шатақ іздегендей танаурап тұр. Біз оның даусынан Тоня апай екенін таныдық.

Клавдия Марковна да айқайлап көңілді қарсы алды, ересен семіз әрі тап-тапал, тебіндеген сирек мұртты көзі жайнаған әйел қос баспалдақты үйдің ашық терезесінің алдында отыр екен, қолында біз, шұлық тоқып отырса керек, көзілдірігін маңдайына сырып, есік көзінен басталатын өріске маңқия қарайды.Баспалдақ үстінде тұрған Наталья күлімдеп үнсіз ғана басын иді — кіп-кішкентай, әбден күнқақты болған, аяғында шарқай, үстінде қызыл жүн юбка, кеудесіндегі сұр көйлектің мол жағасымен әжім басқан мойнын орап тастапты. Оның әжім шимайлаған мойнына, ырсиған топшысына, шаршаған мұңды жанарына қарап тұрып ойлағаным бар: бұл да әкемізбен бірге өсіп еді-ау, баяғы заманда, дәл осы жерде, атамыздан қалған дәл осы ағаш үйде, сан дүркін өрттен бүгінде бар қалғаны аласа бұта мен шанжау-шанжау қайың, сидиған азғантай теректер, қора-қопсыдан — шошала, амбар, балшық сарай мен ермен, түйе жапырақ басқан ұра... Самауырдың иісі шықты да әңгіме басталды: жүз жылдық тарихы бар вареньеге арналған хрусталь вазалар, қалыңдығы бит терісіндей боп жұқарған алтын қасықтар, қонаққа деп сақтаған қант, сүкәр үстелге келді. Көп жылғы қырғи-қабақтан соңғы тату-тәтті әңгіме басталған кезде біз қара көлеңке қонақ бөлме арқылы баққа шығатын балконды іздеп кеттік.

Уақыт озған сайын бәрі де қарайып тозып кеткен, аласа қонақ бөлмесі атамның кезіндегіден еш өзгермеген, баяғы сол бітеу бөренелерден қиған қабырғалар да атамның қолынан шықса керек.

Жалшылар тұратын бөлменің бұрышында әулие Меркурийдің бейнесі қарауытады, Смоленскінің көне соборында сақталған темір кебіс пен дулыға да осы әулиенікі. Біздің естігеніміз: Меркурий атақты батыр болса керек, қатын құдай Одигитри-жолбасшының икон құдіретімен Смоленск өлкесін татарлардан қорғап қапты-мыс. Татарларды талқандап әулие ұйықтап қалса жау келіп басын шауып кетіпті. Сонда басын қолына алып батыр қаланың қақпасына келмей ме... Суздальдегі бір қолына дулығалы кесілген бас, бір қолына икон ұстап тұрған адамның суретін көргенде төбе құйқаң шымырлайды — жұрттың айтуынша, сыртына Хрущеві ардың шежіресін жазып, күміспен қаптаған осы бейне атамыздың сақтығымен қаншама рет өрт болып, усадьбаның күлі көкке ұшса да аман қалыпты деседі. Қос қапталды ауыр есік жоғарыдан да, төменнен де зілдей темір ілгекпен бекітілген. Залдың еден тақтайлары өте жалпақ, қарайып кеткен, әрі тайғанақ, ашпалы терезелері тым кішкене. Хрущевтардың татардың қыз-қырқындарымен қатар отырып ас ішетін үлкен залдың көшірмесі — шағын қонақ бөлмесіне өттік. Мұнда балкон есігінің қарсысында баяғыда фортепиано тұратын, Петр Петровичтің досы, офицер Войткевичке ғашық болып жүрген кезде апайымыз Тоня осы күйсандықта ойнайды екен. Ал оның ар жағындағы үңірейген есік — жиһаз бөлмесі, бұрышта атамыздың түнемелі болған...

Кеш бұлыңғыр болды. Оталып қалған бақ шетіндегі боз теректердің төбесінен төніп келе жатқан қара бұлт жарқ ете қалады да бір сәтке қызғылт-сары таулардың сілемін жалап өтеді. Терең жардың арғы бетіндегі түйетайлы жазықтағы Трошин орманын қалың нөсер айналып өтсе керек, сол жақтан емен мен пішеннің иісін айдап жып-жылы жел тұрды да балкон түбіндегі биік шалғын мен қалақайдың, бұта біткеннің ұйқы-тұйқысын шығарып, жұртта қалған жесір қайыңдарға тағзым еткізді. Бұлыңғыр кешпен ілесіп мылқау дала, мылқау Руське мылқау тыныштық келді.

— Шайға келіңіздер! — деп шақырды біздерді нәзік бір дауыс.

Таныс дауыс, осы өмірдің, осы өңірдің әңгімешілі, бас куәгері Натальяның даусы еді. Оның соңында сол еңкейіп, жынды көзін алақтата сығалап, Тоня апай жылтыр тақтаймен сырғанап келеді. Қалпағын әлі шешпепті, тек халаттың орнына көне модалы көйлек киген, иығында өңі түскен сары жібек шәлі.

— Ou etes-vous mes enfants? — деп айқайлады күлімсіреп, тотықұстың шаңкылындай ащы даусы йен үйдің шаңырағын жарып жібере жаздап еді...

III

Суходолдың табиғатынан жұққан Натальяның қарапайым да тамаша, әрі жабылау бүкіл болмысын тозып біткен Суходолдың өзінен де тануға болатын. Едені қисайып кеткен ескі қонақ бөлмесінен жасминнің иісі аңқиды. Атамзаманғы шіріген көкшіл балконның маңайы ұйысқан қалақай мен арамшөп, баспалдағы болмаған соң үстінен секіріп түсетін едік. Ыстық күндері күн әбден қызған кезде шынылы есігіне түскен сәуле қабырғадағы дөңгелек айнаға келіп шағылысатын, сонда айна астында тұратын Тоня апайдың фортепианосын еске алатынбыз. Кезінде ол сарғайған ескі нотаны алдына қойып ойнағанда офицер оның артында жағын тістеніп, қабағы қатып, сол қолымен мықынын таянып тұрады екен. Ала қанатты, жапон гүлімен безенген көкшіл барқыт әдемі көбелектер залды кернеп кететін көрінді. Аттанар алдында ол фортепиано қақпағына қалтырап кеп жабысқан солардың бірін алақанымен салып жібергенде орнында үлпілдек шаң ғана қалыпты. Бірнеше күн өткенде қыздар байқамай сүртіп тастағанда Тоня есінен танып қала жаздапты... Біз қонақ бөлмесінен балконға шығамыз да жып-жылы тақтайға отырып ұзақ ойланамыз. Бақтан ескен самал жапырағы көл-көсір ойдым-ойдым алабажақ ақ балтыр қайыңдардың сыбдырын алып келеді, жазықтан соққан ескек жел желпіне түскен, сарала сарғалдақ торғайлар шыр қағып гүл алаңқайдың үстінде атылған кесектей арлы-берлі зулап жүр, жыртық-тесігінен сап-сары сағым шашып, ескі кірпіш мүңкіген шатырдың ішін, сынған кернейлерді бүкіл ұрық-шарқымен өсекші ұзақтар мекендеп алған; жел жығыла ұйқылы-ояу аралар күнделікті жұмысына кірісіп балкон маңындағы гүлдерді тінткілей бастады — тыныштық орнасымен тырсылдаған сірке жаңбыр секілді тек қана мырза теректердің жапырақтары сыбырласып жатыр... Біз бақты шарлап, шеттегі бытқылға шығып кетіппіз. Сол қора-қопсының іргесінде төбесі құлап қалған атамыздың ескі моншасы тұратын, кезінде Наталья осы моншаға Петр Петровичтің айнасын ұрлап әкеліп тыққан екен, қазір мұны ақ қояндар мекен етіп алыпты. Дыбысын білдірмей табалдырыққа секіріп шығып, мұрты мен жырық ернін жыбырлатып, шарасынан атып кетейін деп тұрған бақырайған көздерін тікенді бұта мен қалақай шоғырынан алмай шиенің дәнін іздейді. Жартылай ашық сарайда үкі тұрып жатыр, қос құлағы едірейіп салма ағашқа қонақтап алыпты, қараңғы түкпірден бажырайған сап-сары соқыр көзі тіпті қорқынышты- ақ. Күн бақтың сыртына жете беріп бидай теңізіне барып құлады да бірден кеш түсті, тып-тыныш, жайдары кеш, Трошин тоғайында көкек күңкілдеп қояды, әлдеқайдағы жайылымда бақташы шал Степаның қоңырауы сылдырлайды... Үкі түнді күтіп отырған. Түнде бәрі де ұйқыда — дала да, деревня да, усадьба да. Ал үкінің нар бітіретіні — үһілеу, бақылдау, жылау. Сусылын білдірмей сарайды, бақты айналып ұшады да Тоня апайдың лашығының шатырына барып қонады, содан соң жаны қиналып бара жатқандай үһілеп келіп сақылдайды-ау! Пеш қасындағы жалғыз тақтайлы сәкіде жатқан апайымыз шошып оянады да:

— Сүйікті Исус, сақтай көр! — деп күбірлеп жалбарына бастайды.

Қапырық та қараңғы лашықтың төбесіндегі қалғыған қара шыбындар быжынайды. Түн сайын оларды әйтеуір бір нәрсе оятып кетеді. Бірде лашықтың кабырғасына сиыр келіп сүйкенеді; бірде фортепианоның клавиштерін тыңқылдатып жорғалап өткен атжалман апайдың жинап қойған шөмшектеріне былш етіп құлап түседі; енді бірде екі көзі тұздай қара мысық қаңғырып-қаңғырып кеш келеді де үйге кіргізіп жібер деп мияулайды; болмаса әлгі бір үкі жаман ырым шақырып бақылдап мазаны алады. Ұйқылы-ояу апайымыз қараңғыда көзіне үймелеген шыбындарды қолымен қағып орнынан тұрады да түртініп жүріп есікті ашып тысқа шығады, тысқа шығысымен қолындағы оқтауды жұлдызды көк аспанға шырқатады. Сатыр-сұтыр шатыр қамысын салдырлатып ұша жөнелген үкі қараңғыға сүңгіп кетеді де, жербауырлай қалықтап барып сарайдың шатырына қонады. Содан соң құдды бір нәрсені ойлағандай қалғып отырады, кенет тағы да күркілдеп бүкіл усадьбаны басына көтереді; жын ұрғандай аһылап-үһілеп, қарқылдап күледі; тағы да тым-тырыс, сосын тағы да ыңқылдап, солқылдап келіп жылайдай дейсің... Шарбы бұлт қымтаған қараңғы түн жып-жылы әрі тымық. Қалғыған теректердің сыбдыры сылқылдаған арық суының сылдырындай самалмен ілесіп кетіп жатыр. Трошин тоғайының іргесінен көкжиектің бозғылт сызаты көрінеді, сол жақтан емен иісі шалқып тұр. Орман жақтағы егінжайдың үстінде, шарбы бұлттың жыртығында Сарышаянның үшбұрышы күмістей жалтырайды...

Біз үйге тым кеш қайтатынбыз. Түнгі шық пен шалғынның, дала гүлінің хош иісіне әбден тояттап, ақырын ғана баспалдаққа көтерілеміз де, қараңғы кіреберіске енгенімізде, ылғи да Меркурийдің суретіне шоқынып тұрған Натальяға тап боламыз. Тұйғындай бір уыс, жалаңаяқ, қолын қусырып, қараңғыда нобайы да көрінбейтін суреттің алдында бірдемені күбірлеп тағзым етіп жатады — жақын, жанашыр туысқанымен сөйлескендей қарапайым тілде еміреніп тұрғаны.

— Натальясың ба? — дейміз ақырын ғана сыбырлап.

— Мен ғой, — дейді ол сөзін бөліп.

— Осы уақытқа дейін неге ұйықтамай жүрсің?

— Ұйқыны көрде қандыратын шығармыз...

Біз кәсекке отыра кетеміз де терезені ашамыз; ол қолын қусырған қалпы тапжылмай тұрады. Бөлме ішін жалт еткізіп алыстан көкжиек жарқ ете қалады; әлдеқайдан, шық басқан далада бөдене бытпылдап қояды. Жоқ жерден шошып оянған тоғандағы үйректер барқылдайды.

— Серуендедіңдер ме?

— Иә, қыдырдық.

— Несі бар, жастарға бәрі жарасады... Бір кезде біз де таң атқанша жүретінбіз... Кешкі шапақ үйден қуады, таңғы шапақ үйге тығады...

— Ол кезде тұрмыс жақсы ма еді?

— Жақсы еді ғой...

Ұзақ үнсіздік басады.

— Үкі неге бақылдай береді? — деп сұрайды қарындасым.

— Жағың қарысқыр, қайбір жақсылыққа дейсің! Мылтықпен үркітіп жіберетін де ешкім жоқ. Әлдебір жамандық шақырып отыр ма деп зәрең ұшады. Апайларыңның да тынышын алып бітті. Дүниеде одан өткен қорқақ жоқ қой. — Ол кісі қалайша ауырып қалып жүр?

— Белгілі жағдай ғой... жылаудан жылау, уайым... одан жаратқанға жалбарынумен күні өтті... одан қыздарға қырғындай тиді де бауырларымен қырықпышақ болды...

— Демек, тату тіршілік болмаған екен ғой? — деп сұрадық біз қамшыны есіне салып.

— Қайдағы татулық! Әсіресе Тоня ауырып қалған соң, одан соң аталарың қайтыс болды да билік жас мырзалардың қолына көшіп, марқұм Петр Петрович үйленгеннен кейін тіпті асқынып кетті. Шетінен шатақ, оқтаулы мылтық секілді!

— Жалшыларды жиі сабайтын ба еді?

— Ондай әдет бізде атымен жоқ болатын. Мәселен мен неліктен кінәлі боп қалды дейсіңдер? Бар болғаны, Петр Петрович менің шашымды қой қырқатын қайшымен ұйпалақтатып, үстіме шолақ көйлек кигізіп хуторға апарып тастаңдар деп бұйырған...

— Сонда сенің кінәң не?

Жауабы кейде тез, кейде ойланып отырып қалатын. Еш нәрсені бүкпей бар шынын тәптіштеп тұрып айтып беретін Наталья бұл жолы күмілжіп, күрсініп қояды, қараңғыда бет-аузын көрмесек те дауысынан өкінішті кейпін аңғарамыз.

— Иә, кінәмнің болғаны рас... Өздеріңе айтқан сияқты едім ғой... Жас болдық, ақымақ болдық. ` Бұлбұл оның сорына бола бак ішінде ән салды...` Қыз болған соң ар жағы белгілі емес пе...

— Тәтешім, сен сол әнді аяғына дейін айтсаңшы, — дейді қарындасым оған еркелеп.

Наталья біртүрлі қысылған болады:

— Бұл өлең емес, ән ғой... Қазір соны ұмытып та қалыппын.

— Алдама, өтірік айтасың.

— Ендеше тыңда, — деп асығыс бітіреді, — `Күнә шақырып, сорына бола...` `Түн ішінде ұйқы бермей ақымаққа, сорына бола өн салды бұлбұл жазғы бақта...`

— Сен көкемізге керемет ғашық болып па едің? — деп сұрайды қарындасым ұялғанын жасыра алмай.

— Иә, — деп Наталья күңк етеді.

— Сен оны құдайға жалбарынған сайын аузыңнан тастамайды дейді ғой?

— Ол да рас.

— Сошкиге алып бара жатқанда сені есінен танып қалыпты деседі ғой?

— Ол да рас. Біз, шыбық тимей шыңқ етер боп жаман үйрендік... жаза дегенді білмедік... көп жалшыдан жаратылысымыз бөлек еді. Евсей Бодуля мені ала жөнелгенде қайғы мен қорқыныштан есім шығып кетті... Қалаға үйренбеген басым тұншығып өліп қала жаздадым. Далаға шығысымен көңілім жай тапты. Алдымыздан бір офицер жалт етіп шыға келгені, содан айнымайды екен, мен шыңғырып жіберіп талып қалыппын. Есімді жиғанда арбада жатыр екенмін: шүкір, рахат екен ғой, енді жұмақта болатын шығармын деп ойладым.

— Ол керемет қатал ма еді?

— Құдай сақтасын!

— Дегенмен апайымыздай емес шығар?

— Оны айта көрме! Айтып едім ғой сендерге: тәуіпке де апарған деп. Мінезі жан шыдатпады емес пе. Жұрт қатарлы өмір сүретін еді, өзінің тәкаппарлығынан есінен айырылды... Войткевич оны қандай сүйді десеңші! Айтып-айтпай не керек!

— Ал атамыз ше?

— Ол енді... Жарыместеу болды ғой. Әрине, оның да қылықтары толып жатыр. Ол кезде тентек болмағандар кемде-кем... Есесіне ескі көз мырзалар біздің ағайыннан жеркенген емес. Кінәсына бола сендердің әкелерің түске дейін Гевраськаны жазаға тартса, түстен кейін қарасаң екеуі аулада балалайка ойнап әмпей-жәмпей болысып отырады...

— Шыныңды айтшы, Войткевич көркем жігіт пе еді?

Наталья ойланып қалады.

— Жоқ-ә, несіне өтірік мақтайын, қалмаққа ұқсайтын. Бірақ салмақты, біртоға еді. Ылғи да өлең оқып беретін, өлгенде де мен сені іздеп келемін деп апайларыңды қорқытатын.

— Осы атамыз да махаббаттың күйігінен ес-ақылдан айырылды дейді ғой?

— Әжелеріңнің әуресі де. Ол енді басқа әңгіме, сударыня. Үйіміз де көңілсіз, милықтан басатын да тұратын. Қаласаңдар оны да мылжыңдап берейін...

Сонымен Наталья асықпай отырып ұзақ әңгімесін бастап кететін еді...

IV

Егер аңызға сенсек, арғы атамыз өте бай болған деседі, әбден қартайған шағында ғана Курск түбінен Суходолға көшіп келіпті: орманнан басқа дымы жоқ қараңғы түкпір деп біздің жерді жақтырмапты. `Баяғыда аттасаң танауың орманға тиеді` деген мақал да болған. Бұдан екі жүз жыл бұрын біздің өңірге жол шеккен жұрт қалың орманды қақ жарып өткен. Анау жоғарыдағы Каменка өзені де, деревня мен усадьба да, мына белесті дала да орманға тұншығып жатқан. Бірақ атамыздың кезінде мүлдем өзгерген: жалпақ жазық, жалаңаш белдер, көбі егінжай — қарабидай, сұлы, үлкен жолдың жиегінде ғана шанжау-шанжау жөке, ал Суходолдың өр жағы тақыр дала. Орманнан қалғаны тек Трошкин тоғайы. Әрине, бақ керемет болатын: кең аллея, бұтақтары бұладай жетпіс қайың, қалақайға бөгіп жатқан шие мен таңқурай, ырғай мен сиренде есеп жоқ, ауланың шетін боз теректер көмкеріп тұратын. Үйдің шатыры қамыспен жаңадан жабылған. Есігі аулаға қарап тұратын, екі қапталында қатар-қатар созылған қызметшілердің тұрағы, ал оның ар жағы көз жетпейтін көк-жасыл жайылым, көсіліп жатқан байбатша мен кедейлердің деревнясы — бәрі де бұл дүниеден бейғам.

— Итіне дейін иесіне тартқан, — дейтін Наталья. — Мырзалар шетінен жалқау, шаруаға қыры жоқ, бірақ сараң емес. Семен Кириллыч, атамыздың інісі бізбен енші бөлісті: өзіне көбірек, атажұрттың тәуірін, бізге Сошки мен Суходол, соған қоса төрт жүз жан. Сол төрт жүз жанның тең жармысы кейін қашып кетті...

Атамыз Петр Кириллыч қырық бес жасында дүние салды. Әкеміз айтушы еді, оның есінің ауғанына себеп болған қатты дауыл деп, сол дауылдың кезінде алма ағашының түбіне барып ұйықтап қалыпты да төбесінен жаңбырша жауған алмадан шошымалы боп ояныпты. Ал Натальяның айтуынша атамыздың ақыл-есінің жарымжандығын жұрт басқаша есептейді екен: дауыл болатын күні атамыздың әйелі қайтыс болыпты, ол кісі асқан сұлу болса керек, соның қайғысынан аяқ астынан шалықтап кетіпті. Есі кіресілі-шығасылы болса да өле-өлгенше қара торы өңін жоғалтқан жоқ, ептеп еңкіштеу еді, сырт пошымы Тоня апайға ұқсайтын, бірақ қайтып оңалған жоқ. Натальяның сөзіне сенсек, бұрын ақшасы пішен екен, кейінгі кезде белі бүрмелі жібек шапанын киіп алып, гафьян етігінің тықырын шығармастан мысықша еппен басып ағаш үйдің бөрене жықпылына тықпыштап жүретін көрінеді.

— Бұл Тонечканың жасауына, — дейді екен әлдекім көріп қалса, Ең сенімдісі осы, достарым... Ал қалғандарың өздерің біліңдер, қажет демесеңдер сақтамай-ақ қойдым...

Бірақ бәрібір тыққанын қоймапты. Болмаса зал мен қонақ бөлмесіндегі ауыр жиһаздардың орнын ауыстырып, біреу-міреу кеп қалмасын деп күтумен жүреді екен, көршілерінің бұған дейін Суходолға бас сұқпағаны қаперіне де кірмесе керек; кейде қарным ашты деп өзі атала жасайды екен, ағаш тостағанға көк пиязды езіп, нан үгіп, оған сорпа құяды да кесек тұзды көсіп салғанда ол аталаны адам баласы аузына алмайтын болыпты. Түскі астан соң әркім өзі таңдаған бұрыш-бұрышты сағалап, усадьба қалың ұйқыға кетіп жым-жырт болған кезде түн баласында да ұйықтамайтын Петр Кириллыч жалғыздықтан қара басын қоярға жер таппай қиналады екен. Әбден шыдамы таусылғанда түнемелді ашып, кіреберісті тінтіп, қыздардың бөлмесінен сығалап әркімнің атын атап шақырған:

— Аркаша, сен ұйықтап қалдың ба? Танюша, сен де ұйықтап жатырмысың? `Папа, құдай үшін маза берші!` деген ренішті жауап алған соң:

— Жә, ұйықта, жаным, ұйықта, мен сені оятайын деп жүрген жоқпын, — деп жұбатып өз жөніне кете берген.

Әрмен карай жалшыларға соқпайтын, өйткені жалшы деген жұрт шетінен қотиын келеді емес пе, он минут өтер өтпестен тағы да айналып келіп, табалдырықтан ақырын ғана сығалап, деревняны жәмшіктің қоңырауы шарлап жүр, `полктан демалуға Петенька келіп қалған жоқ па` деп бір өтірікті ойлап таба қояды, әйтпесе, нажағайлатып бұршақты жаңбыр келе жатыр деп соғады.

— Шырақтарым, нажағай десе олардың зәре-құты қалмайтын, — деп Наталья әңгімесін жалғастыра береді. — Тұлымы желкілдеген қыз болсам да мен бәрін білемін. Үйіміз қашанда қараңғы болып тұратын... сондай көңілсіз, құдай өзі сақтасын. Жаздың бір күні жылдай. Жалшыда қисап жоқ... бір ғана лакейдің өзі бес адам... Түскі астан кейін жас мырзалардың ұйықтайтын әдеті, олардан соң құл-құтан біз де. Дәп сол кезде Петр Кириллыч жетіп келеді де: `Немене, сендер де ұйықтағалы жатырсыңдар ма?` — деп қиғылық салатыны бар. Сонда Гевраська нардан басын көтеріп: `Қазір бұтыңа қалақай қыстырып жіберейін бе!` — дейтін. Ал атамыз: `Сен не деп оттап жатырсың?` — деп талқан болады. Гевраська: `Сударь, ұйқы басып сандырақтап жатқаным да` — деп құтылып кетеді. Петр Кириллыч тағы да залды, қонақ бөлмесін аралап жөнеледі, аспанда бұлт жоқ па екен деп терезеден баққа қарайды. Ал нажағай дегенің ол кезде құдайдың құтты күні. Нажағай болғанда қандай! Түс ауа бере сарғалдақ торғай шырылдаса бітті, бақ сыртынан түнеріп қара бұлт шыға келеді де қурай біткен сылдырлап, қалақайдың ұйқы-тұйқысы шығып, түйе тауықтар балапандарымен балкон астына барып тығылады, үйдің іші тас қараңғы болып құтымыз қашады. Ал мырзалар күбірлеп, шоқынып, құдай суретінің астына шырақ жағып қояды, бабаларының бейнесін орамалмен бүркеп, терезеден тысқа қайшы лақтырысады. Қайшы лақтыру қашанда ұмытпайтын әдет — нажағайдың отын қайтарады деседі...

Француздар тұрғанда Суходолдағы үй көңілді еді — алғашында Луи Иванович деген біреу — бұтында балағы тар кең панталон, ұзын мұрт, мұңға толы көкшіл көз, қос құлағын жапқан жалбыр шашын төбесінің жалтырына апарып жабулап қоятын, одан соң үнемі бүрсеңдеп тоңып жүретін Сизи деген мадмазель, әсіресе Луи Иванович Аркашаға: `Жоғал, қайтып көзіме көрінбе!` деп айқайлағанда, Тонечка фортепианода `majtre corbeau sur un arbre регсһе`-ні ойнаған кезде дірілдеп-қалшылдап жанын қоярға жер таппайтын. Балаларды қалаға алып кеткен соң Петр Кириллыч жалғыз зерікпесін деп француздар Суходолда сегіз жыл тұрды, олар үшінші каникулға келер алдында бұлар да кетіп қалды. Каникул аяқталғанда Петр Кириллыч Аркашаны да, Тонечканы да ешқайда жібермей қойды, оның есебінше бір Петеньканың өзі де жетіп жатыр деген. Соның салдарынан балалар мәңгі-бақи сауатсыз, тәрбиесіз қалды... Наталья айтатын:

— Мен бәрінен де кіші едім. Ал сендердің әкелерің Герваська екеуі даңқұрдас, алғашқы достар. Бірақ, қасқыр қойға дос емес деп тегін айтпаған. Екеуі мәңгілікке доспыз деп ант-су ішісіп крестерін де айырбастады, ал Гевраська кешікпсй сертінен тайып, сендердің әкелеріңді тоғанда тұншықтырып өлтіре жаздады. Кекшіл еді, қылмысқа қашанда жақын тұратын. Бір күні барчукке: Сен өскен соң мені дүрелейтін шығарсың?` — деп сұрапты. Дүрелеймін` — депті. `Жоқ, дүрелемейсің. Неге? Дүрелетпеймін!` Сондағы ойлап тапқаны: тоғанның жиегіндегі дөң басында бөшке тұратын, соны байқапты да Аркадь Пстровичке, мына бешкеге отыралық та темен қарай домалап ойналық деп көндіріпті. `Алдымен сен домала, сенен кейін мен домалаймын` десе керек. Аңқау барчук бөшкеге отыруы мұң екен, еңіске қарай итеріп жібермей ме, салдыр-күлдір зымырап барып тоғанға күмп береді. Әйтеуір құдай сақтапты. Жақын жерде малшылар жүр екен, жаратқан жарылқағыр, солар құтқарып алыпты.

Француздар тұрған кезде үйдің әжептәуір сиқы бар еді. Әжелеріңнің тұсында мырзалар да, қожайындар да мұның қызығын көрді, билік те, құлдық та үстемдігін жүргізді, салтанат та, мерекелер де болып тұрды, отбасының берекесі де қашқан жоқ. Осының бәрі де француздардың көз алдында өтіп жатты. Француздар кетісімен үй иен қалды. Балалардың жас кезінде ішіндегі естияры Петр Кириллыч сияқты еді. Бірақ оның қолынан не келсін? Билік кімнің қолында — ол жалшыларды басқарды ма, әлде жалшылар оны басынып алды ма? Фортепианоны жапты, емен үстелдің асжаулығы жоғалды, тамақты жалаңаш тақтайдың үстінде ішетін болдық және мезгілі де сақталған жоқ, тазы иттер сеңкеде жол бермейді. Тазалық дегенді ойлаған да ешкім жоқ: бөрене қабырғалар қап-қара, еден мен төбе тақтайлары да қап-қара, қап-қара есік, залдағы бүкіл бұрышты алып тұрған суздальдық бейнелер де келе-келе қарайып кетті. Түн баласында, әсіресе найзағай кезінде қабырғадағы құдай суреттері жылт ете қалып, бақ сыртынан жарқ етіп қызғылт-сары ас