05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Иван Бунин
Иван Алексеевич Бунин (1870 - 1953) - орыс жазушысы, ақын және аудармашы, 1933 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері.

Жыл құсы






Студент Воронов ой-шұңқырлы тақтақ жолмен таудан түсіп келе жатқан. Көпір алқымында өзеннен көз алмай, балдаққа сүйеніп әлдебір мыжырайған бейшара жан түр екен.

Қарауытқан суат жиегі көк шыңылтыр мұз. Жағадағы кір шайған қатындардың даусы шытқыл аязда қатты жаңғырығып естіледі. Күн таудан құлап, ұясына барған, қар жамылған жазықты көлеңке тұмшалап келеді, бірақ қарсы беттегі үйлердің терезелері мен шіркеу мұнарасынан кешкі шапақ әлі де кете қоймапты.

Қаңтардың қасат қарында, әр үйдің милықтата киген ақ малақайында да сағым ойнайды. Шіркеу қасындағы Вороновтар қожалығының шағын бағы алагеуім тартып, үй алдындағы самырсын шоғырына да ымырт үйіріліпті. Мұржадан шыққан көгілдір түтін кешкі тымық аспанға тіп-тік боп шаншылып қалған.

Көпір аузындағы бейтаныс адам осының бәріне тамсана қадалғандай.

Аязды кеште көшені басына көтерген шана сықыры: жүгі жоқ бос кірешілер аттарын борбайлап-борбайлап, лек-легімен көпірден жын қаққандай еліріп өтіп жатыр. Бейтаныс сақтық жасап жол жиегіне қарай ығысты.

— Абайла, қағып түсірем! — деп әлдебір ат айдаушы танаурап айқай салды.

Бейтаныс бұрылып бірдеме деп жауап қатқан болды... Сосын қолын бір сермеді де жөтелге тұншығып қала берді.

Студент көпірге таянғанда ол әлі жөтелге булығып жатқан. Басы салбырап кеткен, мойны ырғайдай, балдаққа қос қолдап сүйенген күйі көгеріп қапты, тегі бір бастаса ұзаққа шабатын көк жөтел болса керек. Жорта жөтелуі де мүмкін, әлде әумесер, әлде қаратаяқ адамды көрген соң әдейі мүләйімсіген елкезбе тілемсек.

Студент қатарласа беріп жүзіне үңілді; басында аударып тіккен жалбағайлы елтірі құлақшын. Демігін басып, иіліп тағзым етті де, ұшына темір қақтаған балдағын ойбайлата шиқылдатып өз жөніне кете берді. Екі бұты таяқтай, дәу шәркейді зорға сүйреп барады.

Жоқ, әумесерге ұқсамайды. Кәдімгі жарымжан қайыршы.

Арқасында тап-тұйнақтай етіп шандып тастаған қапшық, үстіндегі қырық жамаулы сырмалы кене шапанына да қылау жуытпапты. Таты бір көзге оғаш нәрсе — балаң жүзінде қырық жастың айқыш-ұйқыш әжімі, мұңы жатыр. Тұп-тұнық жанары дүниеге енжар қарайды. Түбіт сақал көмкерген дүрдік еріндері кеберсіп кетіпті. Мыжырайған бас киімнің самайы мен құлақ-шекеден дудырап шыққан ұзын шашы күнқақты болып қурап кеткен әйелдердің күнсіген бұрымын еске түсіреді. Бір жапырақ қоңы жоқ тыртиған денеге қушық жауырыны да онша қонып тұрған жоқ.

— Тоңып қалыпсың-ау, шалым, — деді студент жанашырлық жасағандай жөн-жосықсыз килігіп.

Қайыршы сәл кідірді де кеудесі көріктей желпілдеп әзер тіл қатты:

— Жоқ, тоңуын тоңғам жоқ-ау... — Даусында қиналу да, қажу да жоқ. Тағы біраз тыныстап, демігін басқан соң барға тоқ, жоққа налымайтын көнбіс те мұңсыз адамдай жайбарақат жауап берді:

— Тоңуын тоңғам жоқ-ау. Тек мынау денсаулығы құрғыр... денсаулығы құрғыр діңкелетіп барады...

Қайыршы ілби басып ілгері тартты.

Студент оның бас-аяғын шолып келеді: жіліншігі шидей әрі әлсіз, боз шұлығы жұқа, оның үстіне ескі, талыстай дәу шәркейі де жыртық екен... Япыр-ай, мынау қақаған аязда жолаушылап жүрген неткен жүрек жұтқан адам?

— Бауырым, киімің тым жұпыны екен, — деді студент.

— Шәркейімнің тозғаны рас, — деді қайыршы құптағандай. — Ал киім жаты... Жоқ, киімге әзір өкпелей алмаймын. Шапан ішінде сырмалы кеудешем де бар.

— Пимаң да жоқ екен, суық өтеді той.

— Өтеді әрине... Жіліншігіңді сырқыратады... Ал жөтел қысса — шыбын жаның шырқырайды..

Жүре сөйлескен әңгімеден береке шықпады да студент жол үстінде әдейі аялдап қалды. Қайыршы да кілт тоқтап, таты да қос қолдап балдағына сүйенді.

— Алыстан келемісің?

— Алыстан... Ливеннен шығып едім.

— Көк жөтелің көптен бар ма?

— Көк жөтел ме?.. Көптен той...

— Селитра иіскеп көрдің бе? Мың да бір ем.

— Жоқ. Бұрыш ішкенім бар.

Студент басын шайқады.

— Бос соз! — деді сосын. — Мен дәрігердің оқуын оқып жүрмін. Болашақ дәрігермін... Түсінемісің?

— Түсінбейтін несі бар... Жаман кәсіп емес...

— Ендеше тыңда: бұрыш ішіп әуре болма, селитра сатып ал. Бар болғаны екі-ақ тиын тұрады. Жақсылап ез, сосын оған қағаз сал да кептіріп, әбден кепкен соң сол қағазға от қой да түтінін иіске. Таптырмайтын ем.

Қайыршы тағы да бас изей салды, тегі, студенттің ақылына онша мән бермеген сияқты.

— Оны да көрелік. Екі тиын деген әкеден қалған мал емес қой.

— Ал бүгін қайда барып қонбақсың?

— Қоналқы ма?.. Аяғым жеткен жерге барып құлаймын. Алда әлі Знаменский бар.

— Знаменский дейді?.. Мына жүрісіңмен сен онда тан ата зорға жетесің ғой!..

— Мейлі, мені кім қуып барады, — деп қайыршы тағы да жайбарақат жауап берді. Студент аң-таң, не дерін білмей тұрып-тұрып:

— Қапшығындағы немене? — деп сұрады.

— Қапшықта ма?.. Маған жетерлік байлық бар. Көйлек-көншек, шұлық. Құдайға шүкір, шұлық деген жетеді... Үш пар...

Көпірден өткен соң жол екі айрылатын еді: бірі тауға қарай тік тартып, Вороновтардың қожалығына апарады да, екіншісі — сәл бұрыстау шіркеуге барып таусылады.

— Сен тіл алсаң біздің үйге жүр, — деді студент. — Мен саған аздап ақша да берейін.

Күн батып кеткен. Қайыршы әуелі тау жаққа көз тастады, сосын Вороновтардың бауындағы қарауытқан көк-жасыл самырсын басын, бұлдырап бара жатқан шаруажайды, ымырт кеулеген даланы түгел шолып шықты да тағы да немкетті тіл қатты:

— Құдайдан безген албастыға болмаса ақша кімге керек. Әсіресе мен үшін оның құны бес тиын. Мейлі, пейілің дұрыс екен, алайын.

— Мінеки, әңгімеміз енді ғана үйлесті. Жүр кеттік.

— Е-е, жүр деймісің... Жо-жоқ, бармаймын. Знаменскийде түнермін... Егер жете алсам...

Қайыршы қайтып артына бұрылмастан ілби басып шіркеуге апаратын жолға түсті; жиі-жиі демігіп, басы қалтаңдап барады.

Студент жүгіріп үйіне келді де әмиянын ала сап, оны жазық далаға шыға берісте қуып жетті. Терістен соққан қызыл жел қас-кірпікті қыраумен желімдеп ысқырып тұр. Көкжиекке таман бірте-бірте көтеріле беретін кең жазық қарақұрық тартып, жыбырлаған жел сағымынан тербеліп тұрғандай. Толқын үстінде әлдеқашан семген күннің болар-болмас боз сызаты бар. Төңірек шаңыт тар¬тып, ымыртпен жарыса ала құйын көтерілді, ысырма жүре бастады.

— Мінеки, елу тиын, бірдемеге жаратарсың, — деді студент ентігіп. Қайыршы да аяқ тықырын естіп артына бұрылған еді. — Аты-жөніңді айтсаңшы ең құрығанда, еске ала жүрермін, — деді қалжыңдап.

Қайыршы да езу тартты.

— Оқасы жоқ, өле қоймаспыз, — деді қуақыланып, бірақ қаны қашқан бет-жүзінің әжімі молайып, үскірік желден көзінің сорасы сорғалап тұр еді.

Ебедейсіз үлкен қолғабын шешті де икемсіз қолын ақшаға созды, сосын алақанындағы күмісті аударып-төңкеріп ойланып қалды. Жасаған қайырымына студент әжептәуір қарымта күтіп еді, қайыршының алтысы да тым сараң болды.

— Тиын-тебеніңе разымын... Ал тие берсінге босқа шығынданба... құдай қаласа жетіп жығылармын...

— Шынымды айтам, аты-жөнің кім, өзің бір қызық жан екенсің, — деді студент.

— Аты-жөнім бе?.. Атым Лука... Ал менің қай мінезімнен көріп тұрғаныңды білмедім...

— Байғұс-ау, қатып өлесің той.

— Өлсек өле саламыз, онда тұрған не бар. Ажал айтып келмейді, ағайын, ажалдың бетіне тіктеп қараған пенде бар ма екен cipә... Одан қашсаң құтылмайсың. Өзекті жанға әйтеуір бір өлім емес пе.

— Ұжмаққа асығып бара жатқаннан саумысың? — деп студент құлағын уқалап-уқалап жіберіп, жел өтінен ыққа бұрылды.

— Ұжмақ менің не теңім. Оның үстіне, сол ұжмақ деген шіркінің бар ма екен? Онан да итшілеп болса да осы өмірде жүре тұрғаным артық.

Жел барған сайын үдей түскен, ызғырық жауырын сығып, қол-аяқты бүріп барады. Студент қайыршының жүзіне тағы да тандана қарады.

— Сонда сен бүл өмірден не рақат көріп жүрсің?

Қайыршы да мұның бетіне қадалып қалыпты.

— Мен бе? — деді ол. — Құдайдан күдер үзген сайтан болмаса, бүл өмірге кім өкпелесін. Тірліктің өзі рақат емес пе.

— Жыл құсы сияқты жылда қонып жүрмін деші.

— Жыл құсы екі аяқты хайуаннан кем болып па?!

— Олар ұжмаққа барамын деп әуре болмайды, бауырым, қатып өлемін-ау деп те қорықпайды.

— Сен өзің кімсің? Философпысың? Әлде атеист шығарсың?

— Бүл сөздеріңнің төркінін түсінбей тұрмын.

— Түсінбейтініңді білемін. Тек сұрайын дегенім: құдайға сенемісің өзің?

— Бәріміз де құдайдың құлымыз ғой, — деді қайыршы ойланып барып. — Жаратқан ием мен жазмышқа сенбейтін пенде болушы ма еді.

Студент тағы да оның бет-жүзіне таңырқай қарап қалды. Бірақ тұра беруге аяз шыдатар емес, ары қипықтап, бері қипықтап, ақыры:

— Құдай жолыңды оңғарсын! — деді.

— Ал, жақсы, сау болыңыз, — деп қайыршы да құлақшынын алып, иіліп қоштасты. — Христос жар болсын...

Қолғабын киіп, сол ойланып тұрды да жолға түсті. Сырықтай ұзын балдақ сүйреткен ергежейлідей бейшара жан кешкі ымыртта диірменнен ескен қарлы құйын мен сырмаға сіңіп кешікпей жоқ болды...

Студент кеш бойы залдың торт бұрышын адақтап сенделіп жүрді де қойды. Есіктегі күң ұйықтап қалған. Үстел үстінде шам жанып түр, бұрышта, икон алдында шырағдан сығыраяды: анасы жолға шыға қалса осындағы бала күтуші әйел оған сәт сапар тілеп шырақ өшірмейтін қашаннан әдеті еді. Студент қобалжып қайта-қайта сағатына қарай берді — уақыт тоғыз болыпты, анасы әлі кешігіп жатыр.

— Дүлей! — деді қайыршы есіне түскенде. Түнгі ұйқысы төрт бөлінді. Көзі ілінбей қойған соң юнганы оқып еді, сағат ондардың шамасында аяғына пима, үстіне башлық киіп тысқа шықты да, Ақ боз ат пен Көк боз аттың тууын күтті. Сенектен өте бере-ақ аза бойы тік тұрған: жарық дүниені қаратүнек басқандай көрініп еді — ағаш басы алай-түлей сарнап, жыландай сумаңдап аққан сырма көз жамыратады. Іргеден бақтың нобайы қарауытты, тұңғиық аспандағы жұлдыздар да шақырайып-шақырайып қалтырап тұр екен. Қарды омбылап, шулаған бақтың шетіне шыққанша инедей қадалған қиыршық тозаңнан тұншығып өліп кете жаздады; түнерген дала — өркешті дүлей теңіздей, түк көрінбейді, от шашқан айдаһардың көзіндей бірде жанып, бірде өшіп, қос жұлдыз төбеден төніп түр екен...

Ол бақ шетіне екінші рет сағат он екіде келіп қайтты. Аяз манағыдан да қатая түскен екен. Жылт еткен от жоқ, арсы-күрсі сарнаған бақтан басқаның бәрі тым-тырыс ұйқыда. Жұлдыздар жарқырап, ала шабыр шаңыттан аспан барған сайын тұңғиық тартыпты. Мелшиген дала кебін жамылған өліктей, төскейде ала құйын жортады, төбеде — қанталаған екі көз Арктур мен Марс. Диірменнің ту сыртында тарыдай шашылып үркер жатыр. Ақ боз ат пен Көк боз ат та қазығын айналып тас төбеге келіп қалыпты.

— Қатып өледі-ау, сорлы! — деп қайыршыға жаны ашыды.

Шала жабылған есік-терезенің қақпағы түні бойы сартылдап ес кетірді. Қол-аяғы мүздап, әбден жаураған студент жылы үйге кірген соң бірден ұйқыға бас қойып еді, бірақ мазасыз тарсыл ұйқылы көзге де тыныштық берген жоқ. Ақыры орнынан тұрып, шам жақты да киіне бастады... Түні бойы әткеншек теуіп әбден шаршаған есік-терезенің қақпасы сұлық қалыпты. Баспалдақтан түсе бере ауылдың ор тұсынан тұншыға шыққан ұйқылы-ояу әтештердің даусын естіді. Әдетте терістен соғатын бұрқасынның толастауы да аяқ астынан, ауа таза әрі алмастай өткір екен. Түн тымық, таудың иығынан маужырап жаңа ғана көтерілген жарты айдың ұялшақ сәулесі шығыс кежектен арайлап келе жатқан келер күннің болымсыз шапағымен жалғасыпты. Белдеуде балқыған сап алтындай Шолпан жарқырайды. Марс пен Арктур балаққа жетіп батуға айналған. Ірілі-уақты жұлдыз біткеннің бәрі де мөлдіреген көк күмбезінен етекке қарай сыпырылып түсіпті де, сексеуілдің шоғындай қоздап, жан-жаққа шашыраған күміс кірпіктері қылтанақ қар бетіне қадалып қалғандай. Ауылдың оттары да жылтырай бастапты, жарыса әндеткен қораз даусы жабыққа қыстырылған ұйқылы-ояу жарты айды қалғысын деп тербетіп тұрғандай. Безектеген шана сықыры естілді де бу мен қыраудан шаңқан боз тартқан таныс үш ат жеккен пәуеске аулаға кеп кірді.

Шана қасына жүгіріп жеткен студентке анасы мен ат айдаушы жарыса, Знаменский жолында үсіп өлген адам сүйегін көрдік деп жағаларын ұстады.