Әдебиет
Иван Бунин
Иван Алексеевич Бунин (1870 - 1953) - орыс жазушысы, ақын және аудармашы, 1933 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері.
Иван Алексеевич Бунин (1870 - 1953) - орыс жазушысы, ақын және аудармашы, 1933 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері.
Арсеньевтің өмірі
БІРІНШІ ДӘПТЕР
Көргенің мен көкейдегің хатқа түспесе көң басып кебініңмен бірге кетеді, ал жазылып қалса — жан азығы
Мен жарты ғасыр бұрын орталық Ресейде, деревняда, әкемнің қара орманында дүниеге келіппін.
Бізде тірлігіңнің бастауы мен талғамыңның таусылар сәтін сезіну деген жоқ қой. Маған қашан туғанымды айтып қойғаны қандай өкінішті. Егер айтпағанда, бәлкім, қанша жасқа келгенімді білмейтін бе едім, оның үстіне тіршіліктің тауқыметін тартып та үлгерген жоқпын, демек он, болмаса жиырма жылдан соң өлемін-ау деген уайым миыма кіріп те шықпас еді ғой. Елсіз аралда туып өссем өлім деген шіркіннің бар-жоғы қаперіме кірер ме. Кейде `осыған жетер бақыт бар ма` дегім келеді. Бірақ кім біліпті? Мүмкін қасіреттің үлкені де осы шығар? Өзекті жанға бір өлім дегенді шынында сезбес пе едім? Осы біз шыр етіп жерге түскенде-ақ ажалды шаранамызбен бірге ала келген жоқпыз ба? Ал өлім барын сезбесек, өмірге осыншама құштар боп, өмірді сүйемін деп несіне өніп-өшеміз?
Арсеньевтер әулетінің арғы тегі жайында дым білсем бұйырмасын. Жалпы, біз осы не білеміз? Менің санамдағы бар болғаны: `бұлардың ата тегі бағы заманның бұлыңғырына барып таусылады` дейтұғын шежіре. `Кедей болсақ та тектіден` екенімізді білемін. Өмір бойы сол тектілікті малданып, мақтанып, әйтеуір құл-құтан еместігімізге дәсердей боп, соған семірген жалған тәкаппарлық. Аруақтар күнінде шіркеу біткен қоңыраулатып, `марқұм боп кеткен арғы-бергіні еске алуға шақырады.` Сол күнгі мінәжаттың салтанаты неге тұрады!
— Жаратқан ием, сонау Адам-Атадан бері өзіңе құлшылық еткен пенделерді ата-бабаларымыз бен бауырларымызды, дос-жарандарымызды рақымыңнан, Авраамның шапағатынан құр қалдыра көрме! — деп жалбарынады.
Осы жалбарыныштың өзі тегін емес. Жаратқанға жалбарынып өткен сол `ата-бабаларымыз бен бауырларымыздың, туысқандарымыз бен жұрағаттарымыздың` жалғасы екенімізді сезінудің өзі шексіз қуаныш емес пе? Түп-тұқиянымыздан бастап, фәни мен бақиды мойындаған кейінгі ата-ана, оның ұрпақтары `бүкіл ғаламды жаратқан Құдіреттің ғибратлы ілімін, пәк те адал жолын` пір тұтқан жоқпыз ба; тіршіліктің мәңгі, тынымсыз екеніне сендік; от құдайы Агнидің бұйрығына көніп, қанның тазалығын, тегіміздің `бүлінбеуін` қасиет деп танып, жарық дүниеге келген әр ұрпақтың тазара түсуін, түбіміз бір бауырлас, туысқан екенімізді, `бүкіл тіршіліктің иесі Құдіреттің` құлы екенімізді қастерлеумен келеміз.
Біздің тұқымда талай-талай тентектердің болғаны да рас. Бірақ аталарымыз: бекзаттылығыңды ұмытпа, ата тегіңнің абыройына кір келтірме деп ұрпақтан-ұрпақтың құлағына құюмен болды. Кейде мен әулетіміздің ен-таңбасына қарап отырып бойымды ерекше бір сезім билейтінін айтып жеткізу қиын. Серілердің сауыт-сайманы, қауырсын қадаған дулыға. Одан төмен қалқан. Көгілдір қос етектің ортасында шынайы адалдықтың белгісі — сақина, оның екі қапталынан айқыш-ұйқыш көмкеріп тұрған крест сапты үш бірдей сайыс қылышы.
Менің отанымның орнын басқан бұл елде маған пана болған қалалар толып жатыр. Кезінде атағы атыраптан асқан шаһарлар еді, бүгінде күйкі тірліктен кедейленіп, мүжіліп, шегіп кеткен. Дегенмен, крестоносецтер заманынан қалған сұрғылт мұнаралар әлі де тозған дүниенің төбесінен телміріп, маңдайына баға жетпес әшекей киген алып соборларды әулие-әнбиелердің тас мүсіні ғасырлар бойы күзетумен тұр, ұшар биіктегі крестке қонақтаған `қораздар` аспан әлеміне шақырған жаратқанның жаршысындай.
II
Алғаш менің кез алдымда қалған сурет көңілсіз де сұрқай көрініс еді. Сарша тамыздың сарғыш сағымына бөленген абажадай бөлме, терезеден түстікке қарай созылған сағымды белес... Бар болғаны осы, бар болғаны бір-ақ сәт! Түкке тұрмайтын осы бір көрініс, осы бір күн, осы бір сағат, осы бір сәт өмір бақи өшпестей болып есімде қалғанына таңым бар. Осыдан басқа бүкіл дүниенің бәрі сол сәтте-ақ өше қалғаны несі екен?
Мен сәбилік кезімді есіме алсам қапа боламын. Сәбилік шақ қашанда қапалы: үміті бұлыңғыр, өмірге әлі аяқ баспаған, тіршіліктің бәрі жат, бұл да тіршілікке бөтен, әлсіз де нәзік жанға тым-тырыс дүние әмәнда тымырсық. Фәнидің ғажап жұмағы! Жоқ, бұл аянышты да ауыр сезімнің азабы.
Мүмкін, менің сәбилік шағым әр түрлі жағдайға байланысты мұңға толы болған шығар? Расында мен меңіреу түкпірде туып өстім. Құла дала, қу медиен, дін ортасында жапандағы жалғыз үй... Қыста ұшы-қиырсыз теңіздей қар жамылған мылқау өңір, жазда тағы да теңіздей толқыған егін мен бетегелі жазира... Сол даланың дым сызбайтын тыныштығы мен жұмбақ кереңдігі... Бірақ меңіреу түкпірде, тым-тырыс тыныштықта жатқан әлдебір суыр, болмаса боз аспандағы бозторғай мұңын шағып көрді ме екен? Жоқ, олар еш нәрсенің мәнісін сұраған да емес, еш нәрсеге таңғалған да емес, адам жанының сағынышын оятар тіршіліктің әсем шақтарын сезінген де емес, зырлаған уақыт, кең дүниенің рақатын көрген де емес. Ал мен осының бәрін сол кезде-ақ білгенмін. Тұңғиық көк аспан, ұшы-қиырсыз дала фәниден тысқары әлдебір сыр шашқандай, кеуіліме қиял мен мұң ұялатып, қол жетпейтін арман болып неғайбыл дүниеге деген сағыныш пен махаббатымды оятқан.
Сол кезде пенде біткен қайда жүрген? Мекеніміздің аты Каменка хуторы еді, негізгі қара орман Задонскіде болатын, әкем жиі-жиі сонда кетіп, ұшты-күйді жоғалып алатын, ал хутордағы шаруа мардымсыз, адам басы аз... Сөйтсе де қыбырлаған тіршілік мұнда да жоқ емес... Ит бар, жылқы, қой, сиыр деген сияқты, жүмысшылар, арбакеш, шаруа басы, аспазшы, малшы, тәрбиеші, шешем, әкем, гимназист ағаларым, ылғи бесіктен шықпайтын қарындасым Оля... Бірақ неге менің есімде жалғыздықтан басқа дәнеңе қалған жоқ? Мінеки, жазғы кеш кіреукеленіп келеді. Батар күн үйден асып, бақты сағалап қалған, кең ауланы көлеңке кеулеп барады, ал мен (жападан жалғыз) дым тартқан көгал үстінде түпсіз көк аспанға телміріп, ғажайып бір танысымды тапқандай қара шаңырағымның аясында жатырмын. Боз күмбездің биігінде дөңгеленіп, бірте-бірте пошымын өзгертіп ақ бұлт жылжып барады... Көз тоймайтын әсемдік! Осы ақ бұлтқа отырып алып сонау ұшар биікте аспан әлемін шарласам-ау, жаратқанға да жақын барып, ақ қанатты періштелердің аспандағы мекенін көрер ме едім! Міне мен ауланы тастап түзге шықтым. Кәдімгі сол кеш, тек көкжиектен қадалған күн шапағы, мен тағы да жалғызбын. Қай жағыңа қарасаң да қалғып тұрған қара бидай мен ақ сұлы, қалғыған масақтың қалтарысында бөдененің жымы бар шығар-ау. Қазір олар үнсіз, қазір бәрі де тым-тырыс, тек сәлден соң шалғынға оралған сары қоңыздар божылдап, егінді жазық құлақ тұндырған гуілге ығады. Мен солардың біреуін шырмаудан босатып алып қадалып кеп қараймын: бұл өзі не нәрсе, сары қоңыз деген неткен жәндік, мұның мекені қайда, қайда ұшып барады, бұл шіркінде ой-сана, сезім деген бар ма екен? Мінеки, алақанымда жыбырлап жүр, ашуланатын секілді, қауырсын тоны ашылып, астынан қуқыл сары қанаты көрінді, енді бір сәтте қауырсын тоны сықырлап, қанатын әсем жайып аспанға көтерілді де, ауаны боздатып ұша жөнелді, әрбірден соң көзден де ғайып болды: мен тағы да жалғызбын, жалғыздықтың мұңын арқалап қала бердім.
Үйге кірсем де сол кеш, тағы да сол жалғыздық. Күні бойы иен зал мен қонақ бөлмесін адақтаған күн сәулесі сағал-сағал боп енді бақ ішінде қаңғып жүр, өлеусіреген қызғылт сағымы еденнің бір (бұрышы мен атамзаманғы орындықтың талтиған сирағын ғана паналап қалыпты — япырай, осы бір тылсым шақтың қоңыр мұңы неткен ғажап еді! Қас қарайған шақ, бақтың нобайы ғана қарауытады, мен бәсіре төсегімде жатырмын, терезеден әлдебір мылқау жұлдыз маған биіктен қадалады... Менде не шаруасы бар екен? Мылқау шіркін маған не айтып, не ескертіп, қайда шақырып тұр екен?
III
Ептеп ес кіргенде мен де өмірді тани бастадым — кейбіреулердің бет-пішіні, отбасының кейбір тіршілігі, кейбір оқиғалар.
Солардың ішінде ылғи да көз алдымда тұратыны, бұдан соңғы саяхатыма еш ұқсамайтын қызығы мол ең алғашқы сапарым. Әкем мен шешем қала деп аталатын естімеген елге аттанды да, мені қоса ала кетті. Тұңғыш рет көптен бергі арманымның орындалатынына қуанып, енді сол арманым орындалмай қала ма деп керемет қорыққаным есімде. Аула ортасында күнге қақталып тұрып зықымның кеткенін, ертеңгісін карета сарайынан алып шыққан тарантасқа қайта-қайта жалтақтап, бұл шіркінді қашан жегер екен, жол әзірлігі қашан бітер екен деп тықыршығанымды әлі күнге ұмытқаным жоқ. Жол маған таусылмайтындай көрінген, бұрылыс-қалтарысы көп кіре соқпағында, сай-салада қисап жоқ, тағы бір есімде қалғаны: кешқұрым еді, жан-жағымыз қалың бытқыл, қарсы беттегі қиядан бұта-қарағанды қақ жарып `қарақшының` шыға келгені, белінде балта, бүкіл өмірімде қайтып көрмеген мұжықтарымның ең бір қорқынышты да дүлейі. Қалаға қайтып кіргенімізді білмеймін. Есесіне ертеңгі қала есімнен кетпейді. Биік-биік үйлердің тар тиындық күмісті атып түсіретін еді, жаныңды елжірететін жайдарылығы неге тұрады, қажет болса гитарада да тамаша ойнап, бабалар заманынан қалған ескі бір әндерді салғанда ерекше толғанатын сәттерім де маған қымбат...
Енді міне, күтушімізді де тани бастадым, осы үйде балалардың тағы бір жанашыры бар екен: еңгезердей қатал да сымбатты әйел өзін ылғи да осы үйдің күңімін деуші еді, ал шындығында отбасының бір мүшесі, тек анам екеуінің жиі-жиі ұрсыса беретіні бар, мұның өзі де жорта, бірін-бірі жақсы көретін жандар әуелі ұрсысып алып, кешікпей жыласып-сықтасып, татуласып жататын әдеттері. Бауырларым менен едәуір ересек еді, тірліктері де маған беймағлұм, тек каникулда ғана келіп кетеді; есесіне екі бірдей қарындасым бар, екеуін екі бөлек жан тартқаныммен бәрібір екеуін де жақсы көремін: әсіресе көзі тұздай күлегеш Надяға ерекше елжіреп тұрамын, әуелде қарақат көз Оляның бесіктегі орнын тартып алып еді, келе-келе оның ойыншығына ортақтасып, ақыры қуанышы мен ренішін бөліп-жаратын сырлас-мұңдас болып кетті. Оля күйгелек еді, әкем секілді аяқ астынан ашуланып, тез басылатын сезімтал, жаны жомарт қарындасым кейін менің ең сенімді досым болды. Ал анама келсек, мен оны жұрттың бәрінен бұрын танып білдім. Өзімді жарық дүниеде бар екенімді сезгеннен бастап көз алдымда анам тұрды, мен үшін елден ерекше, менімен жаны бірге, өзегі бір жан еді...
Менің бүкіл өмірімдегі махаббатымның шексіз мұңы анама байланысты. Кімді қалай жақсы көрсек — біздің азабымыз да сол, жақсыны жоғалтып аламын ба деген қорқыныш өмір бақи ойыңнан шықпайды. Мен тал бесіктен бермен анама деген махаббаттың тауқыметін тарттым — мені өмірге әкелген анам, менің жанымды алдымен мұңға бөледі, өйткені, оның бүкіл болмысы перзентке деген махаббаттан жаралған да бүкіл жаратылысы тек мұңның қордасы болса керек: бала күнімнен қаншама көз жасын көрдім, мұңға толы қаншама әнін тыңдадым!
Бүл фәниден мәңгілік ұмыт болып жырақтағы туған жердің топырағында жатқан шығар, атың ардақты, аруағың періштенің аузында болсын! Құдай-ау, орыстың түкпірдегі тозған бір қаласында, бұта басқан зираттың белгісіз моласының түбінде жатқан қураған бас, қына басқан сүйек мені қолынан түсірмей тербеткен сол анам ба? `Менің Жолым сіздің жолдан даңғыл, Менің санам сіздің санадан биік.`
V
Өстіп менің сәбилік жалғыздығым жылыстап артта қалған сияқты. Есімде: күз еді, түн ішінде ояна келсем елестей бұлыңғыр сағым бөлмені буып тұр екен, пердесіз терезеден өңі қашқан жүдеу ай сонау биікке көтеріліп алып, иен бақтың төбесінен мұңдана сығалайды, мынау жалған дүниеге жанасымы жоқ жалғыздығынан, өз мұңынан өзі ләззат алғандай, менің де көңілімді әлдебір тәтті мұң торлап, өңі қашқан жүдеу айдың шерлі уайымын бөліскендей болдым. Бірақ мен бұл дүниеде жалғыз емес екенімді, әкемнің кабинетінде жатқанымды жақсы білемін, сонда да жаным күйзеліп жыладым, жыладым да әкемді оятып шақырып алдым... Осыдан бастап менің өміріме басқалар да араласа бастады, осыдан бастап мен де көптің бірі екенімді сезінетін болдым.
Бүл жарық дүниеде тек жаз ғана емес, күз, қыс, көктем деген де болады екен, анда-санда болмаса үйден де ұзап шыға бермейді екенсің. Бірақ мен мұны әуелде білгенім жоқ, өйткені, баланың зердесінде көбіне жарық күн, жадыраған жаз ғана қалады емес пе, сонсоң да менің есімде сұрғылт күзден басқа тамсанар екі-үш (бұлыңғыр көріністер ғана қалыпты: қыстың бір кешінде алай-түлей қарлы боран соғып берсін, бір сұмдығы, үлкендердің айтуынша бұл `Қырық Құрбанның` амалында қайталанып тұратын көрінеді, таңғаларлығы сол, боран үдеген сайын жылы үйде бұйығып жата берген тіпті рақат екен де; таң атқанда тағы бір таңғажайыпқа таң болдық: үйдің іші күңгірт, аулада төбедей болып аппақ бірдеме үйіліп жатыр, сөйтсек, дауылдың түнімен іргеге нығарлап тастаған қар екен, жұмысшылар соны күні бойы тазалаумен шаршады; бұдан кейінгі есімнен кетпейтіні сәуірдің көңілсіз бір күні, иығында сүртіктен басқа лыпасы жоқ қомытаяқ әлдебір сорлыны өкпек жел біздің аулаға қуып тыққан, бір қолымен төбесіндегі картузын басып, екінші қолымен далақтаған өңірін кеудесіне қымтаған болады... Бір сөзбен, қайталап айтсам, менің балалық шағым жаз күндерінде ғана қалыпты да оның бар қызығын әуелі Олямен бөлісіппін, қалғанын осындағы бір шақырым қашықтағы Выселка дейтұғын азғантай түтінді деревнядағы мұжықтардың балаларымен бөліп-жарыстым.
Жаз қызығының да жарытқаны шамалы, баяғы етік майы мен шолақ қамшыдан да қысқа. (Адам қуанышы қашанда мардымсыз, өзіңді өзің алдарқата жүр деп әрқайсымыздың ішімізде әлдекім отырған сияқты) Мен қайда туып, қайда өстім, не көрдім? Не тауы, не көлі, не өзені, не орманы жоқ, тек сай-саладағы бұта-қарағаны, Заказ, Дубровка маңындағы ала-шұбар ағаш болмаса әншейін қу дана, ұшы-қиырсыз егін мұхиты. Бұл мыңғырған қой өріп шығатын түстіктің түкті даласы да емес, сағат бойы сандалсаң таусылып бермейтін, үйлері ақ шаңқан, көшесінде қылтанақ жоқ, құжынаған жұрты бар байлыққа батқан селолар мен станицаларға да ұқсамайды. Бұл бар болғаны қыр өңірі, даласы бұйрат, белес-белес қыраттар, адам тұрмақ құдайдың да есебінен шығып қалған, қолат-қойнауға тығылған деревнялар, олардың өзі де қызыл тастың үстінде отыр, пенде біткен көмпіс те жабайы, жаны жөке шарқай, жамбастағы сабанымен бір туғандай. Мен осы түкпірде, кедей де болса керемет өңірде дүниеге келіп, өмірді тани бастадым: қайнаған талма түс, мөлдір аспанда ақ бұлт жүзіп барады, бірде қоңыр самал шалқиды, енді бірде ыстық жалын болып егін мен бетегенің хош иісін қуалап келеді, дөңбек қабырғасы боз тартып, сабан шатыры қарайып тас болып қатып қалған астық сарайымыздың сырт жағы шыжыған аптап, лапылдаған күннің ыстық жалынында қара бидайдың жал-жал толқыны күмістей жалтырайды. Күн көзіне сан құбылып, желмен жөңкілген киіздей тұп-тұтас егінжайдың бетінде аспандағы ала бұлттың көлеңкесі қыдырып барады...
Ауламыздың ортасы ұйысқан көгал еді, беті сартап, асты сап-салқын, жалаңаяқ кешсең жан рақаты, көгал ішінде көнеден жатқан астау тас бартұғын, соның далдасына тығылып жасырынбақ ойнайтынбыз. Астық қамбасының іргесінде бір түп меңдуана бар екен, бір күні Оля екеуіміз тоя жеп, ақыры сүт ішкізіп зорға тірілтіп алған: сондағы басымыздың дөңгелек айналып, құлағымыздың шулағанын айтпа, денеміз ұлпадай қалқып, қалаған жағымызға ұша жөнелуге бар едік... Гүжілдеген ашулы барқыт түкті ала бөксе у араның ұясын да осы қамбаның астынан тапқанбыз. Бақшада, қора-қопсы, үй іргесінде жеуге жарайтын неше түрлі өсімдік дәні мен тәтті тамырларда қисап жоқ екен ғой!
VI
Үй сыртындағы мал қорасының іргесінде құлағы қалқиған ошаған, кісі бойламайтын қалақай өсетін, қызғылт сабақты түйе тікеннің боз моншақтары мөлдіреп тұратын, бір-біріне ұқсамайтын әрқайсысының түр-түсі де, иісі де бөлек, дәмі де ерекше. Бұрын атын да естімеген малшы керемет қызық бала екен: үстіндегі кенеп көйлегі мен бұтындағы лыпасы алба-жұлба, күнге күйген аяқ-қолы шырыш-шырыш, ошағанның жапырағы, қатқан нанның қабығы, итмұрынның дәні ме, әйтеуір малжандай берген соң еріні быт-шыт жалақ боп кеткен, екі көзі жалт-жұлт етіп ойнақшып кеп тұрғаны: өзі не жесе соның бәрін бізге тықпалап, арадағы осы достықтың түбі күмәнді екенін де түкпіш неме жақсы біледі. Бірақ біз үшін бұл да бір дәурен. Жан-жағына жалтақтап, жұрттан жасырып бізге жыр қып айтатын хикаясы қаншама! Ұзын бишігін сарт-сұрт сілтегені де ғажап, біз де соны істемек боп тыраштанғанымызда қайыстың ұшы құлағымызды осып түседі де, ол болса ішегі үзілгенше жатып кеп күледі-ай дейсің...
Жерден шығатын ен байлық мал қотаны мен атқораның екі ортасындағы бақшада еді. Малшы балаға еліктеп тұздаған қара нанның қабығын қойынға тығып алып, көк пияздың сабағын, қызыл шомыр, ақ шалқаммен бұрап соқсаң ғой, қалың жапырақтың арасында көгенде жатқан бұжыр-бұжыр қиярды үзіп алсаң жерден жеті қоян тапқандай боласың. Осының бәрі неме керек еді, ашпыз ба? Жоқ-ә, бірақ осы қажақ-құжақтың өзі санамыздан тыс бүкіл тіршіліктің тірегі жер дейтұғын қасиетті дүниеге байлап, соған деген сезімімізді оятты. Есімде: шақырайған күн көзі шалғынды қуырып, тас науаны қыздыра бастады да, ауа бірте-бірте тымырсық тартып, аспан кілегейленіп, бұлттар ақырын жылжып тұтасып алды, көкжиекті қызыл ұшқын пышақтай тілгілеп, әрбірден соң аспанның алыс түкпірінен алып гүріл естілді, содан кешікпей тарсыл-күрсіл үдеп, әлдебір ғаламат күш жер бетін қақыратып ұрды-ай келіп... О, осы бір ғажайып құбылысқа тамсанбасқа, соны жасаған жаратқанға табынбасқа шараң қайсы! Кенет төңірек түнеріп, от пен дауыл араласты да көлбей соққан бұршақты жаңбыр тіршілікті жұтып қоятындай аспан мен жерді тулақтай қақты, терезелердің пердесін жауып, көне күміс ризамен апталған қара иконның алдына шырақ жағып: `Свят, свят, свят, мейірімді құдай Саваоф!` — деп қайта-қайта жалбарынып, шоқынумен болдық. Есесіне астан-кестен басылып, төңірек тым-тырыс болған кезде даладан ескен дымқыл да таза ауаны көкірек кере жұтып керемет бір жасап қалдық, перде біткен ашылды, әкем терезе алдында, әлі де күн көзін көлегейлеп, көкжиекке барып ұйлыққан қара бұлтқа қарап отырып, мені бақшаға барып шалқанның ең үлкенін жұлып әкел деп жұмсады. Шалғын арасындағы шалшық суды жалаңаяқ шалпылдата кешіп жүгіргенім, шалқанды жұлып алып, сары балшық кептелген құйрығын құшырлана шайнағанымды бала күндегі ең бір қызықты сәттеріме балаймын...
Бара-бара еркінсіп мал қорасын, карета сарайын, жабық қырманды тінткілеп, Провал, Выселка деревняларын қыдыратын болдық. Дүние көз алдымызда бірге-бірте кеңейген секілді, бірақ біздің назарымызға алдымен іліккен адамдар, солардың тіршілігі емес, өсімдік пен хайуанаттар еді, таңдайтынымыз адам жүрмейтін тыныш жер, түс ауа жұрт шырт ұйқыға кеткен кезде тіпті рақатқа батамыз. Бақ іші көкорай, әрі көңілді, бірақ бізге бәрі таныс; тек ұнайтыны — бұталы бытқыл, аяқ баспаған сонысы, құстың ұясы (егер шырпыдан тоқылған жұмсақ ұлпаның үстінде қап-қара көзі мөлдіреп шұбар ала бірдеме жатса тіпті жақсы), содан соң таңқурайдың іші, өйткені, сүт пен қантқа бұлғап үйде жейтін жидектен бұл анағұрлым тәттірек. Мінеки — мал қорасы, атқора, карета сарайы, астық қырманы. Провал...
VII
Әр нәрсенің бір әсемдігі бар.
Мал қорасы күні бойы бос тұрады, ауыр есігін сықырлатып зорға ашқанымызда божыған қи мен шошқа тезегінің танау жарған ащы иісі мүңк ете қалады.
Атқорада өмір басқа, мұнда ақырда тұрып алып күрт-күрт шөп шайнап, жем жейтін жылқы өмірі. Бұлар қашан, қалай жусайды? Арбакештің айтуынша, анда-санда аттар да жата қалып ұйықтайтын көрінеді. Бірақ мұны көз алдыңа елестетудің өзі қиын -жылқының жатып-тұруының өзі азап емес пе? Мүмкін түн ортасында жаңа жусайтын шығар, әйтпесе ақ сұлыны езуі ақ көбік болғанша малжаңдап, шөпті жұп-жұмсақ барқыт еріндерімен таңдап қана тамсап тұрғандары және де шетінен сурет дерсің, шоқтығына қол жетпейді, сауыры тақтайдай, сипап көрудің өзі бір ғанибет, қыл құйрығы жерге дейін төгілген, ал жібектей жалы мап-майда, ара-тұра шақырайған көзінің қиығымен кектене бір қарағанда арбакеш айтқан қорқынышты әңгіме есіңе түсіп зәрең ұшады: әр жылқының жылына бір келетін Флора және Лавра дейтін сағынышты күні бар дейтін, сол күні олар кісі өлтіргісі келіп тұрады, себебі, бұл адам тепкісінде өткен құлдық өмірінің кегі, қашан жегер екен деп, не тасытар екен деп, қайда шапқылар екен деп күтумен өткен азапты міндетінің азасы болса керек... Бұл жерде де иістің жетісіп тұрғаны шамалы, мұнда да қи мүңкиді, бірақ мал қорасындағыдай емес, жылқының тері мен қомыт-сайманның, борсыған шөптің буымен араласқан тек атқораға тән үйреншікті ауасы.
Карета сарайы толған тарантас, бабамның атамзаманғы арбасы; осының бәрі жиылып, алыс бір саяхаттың арманын еске салады, тарантастың көттігінде мен білмейтін құпиясы көп жол жәшігі, арба баяғы бір күндердің долбарын көз алдыңа әкеледі, бабамнан қалған көненің кезі іспетті де, бүгінгіге он екі де бір нұсқасы ұқсамайды. Қарлығаштар қара жебедей зуылдап біресе көк аспанның тұңғиығына шарықтап, енді бірде сарайға қайтадан қойып кетіп, шатыр астындағы асқан шеберлікпен қалаған, тоқпақтасаң бұзылмайтын әп-әдемі ұяларына барып қонады. Бүгінде жиі-жиі ойланам: `Бір күні өлесің, сонда мынау көз үйреніп, қайнасып кеткен қимас дүние — көк аспанды, тоғай мен құстарды, тағы да талай-талай нәрселерді қайтып көре алмайсың-ау!` Әсіресе қарлығаштарды қимайсың: неткен ерке де сүйкімді, тап-таза әсемдік, найзағайдай шаншылатын шапшаңдығының өзі өнерге бергісіз емес пе, қызыл төс, аппақ бауыры, қара көк басы, дәл сондай арқасына айқастырып сала қоятын қара көк қос қанаты көз қанбайтын ғажайып сурет, таңдай қаққан үні қандай тамаша! Сарайдың қақпасы қашанда ашық жататын, қашан кірсең де саған шық деп ешкім айтпайды, қарлығаштың шықылын тыңдап отырып, осының біреуін ұстап алсам-ау деп те ойлайсың, арба ма, тарантас па, әйтеуір біреуіне отырып алып, алыс бір сапарға аттансам... Адам баласы неліктен сәбиінен алысқа, шексіз кеңістік пен түпсіз тереңге, қол жетпейтін биікке құмар, бар ғұмырын соған сарп етіп, бақыр басын біреу үшін құрбандыққа шалуға, біреу үшін жан пида етуге неге құштар? Егер барға қанағат, `құдай берген` қара жер мен қысқа ғұмырға шүкір деп отыра берсек ше? Құдайдың бізге бергені бұдан да көп болса керек. Бала кезімде естіген, оқыған ертегілерімді есіме алып отырсам, соның ішіндегі ең қымбат, ең тәттісі маған белгісіз, беймағлұм құбылыстар екенін күні бүгінге дейін сеземін. `Әлдебір патшалықта, әлдебір елде, сонау жер түбінде... Сеңгір-сеңгір таулардың, шексіз жазираның, көк теңіздің арғы бетінде... Патша-Ханшайым Василиса Премудрая...`
Сабан шатырлы жабық қырман кендігімен, үңірейген бос қуыс, қараңғы қапастығымен қорқытатын, қақпа астынан еңбектеп кіре қалсаң, сыпсыңдаған жел сабан қоқымын қуалап құйындатады да тұрады; шаң басқан бұрышта сиқырлы тақтайша ілулі тұрушы еді, түн баласында соған сайтан келіп қонақтап, таң атқанша жынойнақ толастамайды дейтұғын. Құлаған жар қырман мен астық кептіретін ескі шатырдың ар жағында, сұлы егісінің іргесінде болатын. Жар онша терең де емес, түбінде қурай басып кеткен үңгірі ғана үрей шақыратын қорқынышты. Менің зәремді алатын да осы жер. Тірі адам аяқ баспайтын меңіреу қуыс. Біреуді аяп, әлдекімді сүйсең ғұмырың біткенше осында келіп отырып алсаң ғой! Жар жағасында сабағы қоңыр, гүлі қан қызыл әдемі өсімдік киіздей шалғын арасында желкілдеп тұратын. Шалғын арасынан естілетін шымшықтың мұңды шіңкілі әлі де құлағымда. Тю-тю-тю-тю-ю...
VIII
Балалық дәурен барған сайын өзгере бастады. Қара орманның тіршілігі де енді маған таңсық емес, жиі-жиі Выселка мен Рождествоға, Новоселкаға жүгіріп, Батуринодағы әжеме де қатынап тұратын болдым...
Ертеңгісін күн шықпастан торғай шырылымен әкем тұрады. Жұрттың бәрі соған еруге міндетті секілді, қатты қақырынып: `Самауыр!` деп айқай салады. Біз де аяғымыздан тік тұрамыз, басқаларды қайдам, өзім күн нұрына еліріп, бауға жүгіремін де күн кептіріп, торғай шұқып тастаған тәтті шиені жұлғым келеді. Мал қорасының қақпасы сықырлап, ар жағынан бірі мөңіреп, бірі қорсылдап, маңырап сиырлар, шошқалар, майдан домаланып қалған бұп-бұйра қойлар шығып жатады, бишік сартылдап, жылқыларды суатқа айдайды, тұяқ дүбірінен жер дүңкілдейді, ал үйдің ас бөлмесінде от маздап, пеш маңында аспазшылар таңғы тамақтың қамына кіріседі де иіске бола ашық терезе мен баспалдаққа жүгірген иттер әлдекімнің таяғынан қыңсылап қашып жатады...Шайдан соң әкем кейде мені ертіп егін даласына барады, мезгіліне қарай не жыртып жатады, не егіп жатады, болмаса орып жатады: жер қыртысын қипалақтатып аударған шиқылдауық ауыр соқаның соңынан шайқалақтап ерген жалаңбас, жалаңаяқ мұжықты, соқаны созыла тартқан аттарды көресің, немесе тарының, әлде картоптың арам шөбін отаған ала-құла киімді қыздардың уайымсыз дарақы күлкісі мен сызылта салған әндері қандай тамаша; мойнында белбеу, ыстықта қара терге малшынған көйлектің өңірін ағытып тастап, шалғымен жарыса ырғақтап сырылдатып егін шапқан орақшылар, солардың соңында еңкейіп-тоңқайып, мойынға қадалған масақтың қылтанағымен арпалысып, сабанды тізесімен нығарлап бау байлаған қатындар... Шалғының жүзінде жалақтаған қайрақтың сырылы мен темірдің сыңғырын айтып жеткізе алармысың! Бөспейтін мұжық жоқ: бірі бөдененің ұясын шауып тастадым, екіншісі бөдененің өзін ұстап ала жаздадым, енді бірі жыланды қақ бөліп кеттім десіп жатады. Ал қатындардың жайы белгілі ғой, ыстық күнде дән төгіліп қалады деп кейде айлы түнде де бау байлайтындары бар, түнгі жұмыстың өлеңге бергісіз әуені өз алдына емес пе...
Осындай қызықты күндердің есімде қалғаны көп пе? Аз, өте аз, ертеңгі таңды қазір есіме алып отырсам, көз алдымда әр түрлі үзік-үзік көріністер ғана. Талма түс: қайнаған күн, ас бөлменің танау жарған тамаша иісі, жұмыстан қайтқан жұрттың ас алдындағы еміне тамсанған кейіптері — алдымен әкем, одан соң жорғасын малтып жеткен күнқақты жирен бұйра сақалды староста, гүл аралас арбаға төселген шөп үстінде шалқайып орақшылар аулаға кіргенде арт жаққа тастай салған шалғылар күнге шағылысып жалт-жұлт етеді, сәлден соң суға шомылған жып-жылтыр аттарды құйрығынан су сорғалатып қуалап келеді... Осындай талма түстің шағында бір күні Николай ағамды көрдім, ол да шөп төсеген арба үстінде, қасында Сашка деген Новоселовканың қызы. Екеуі туралы маған түсініксіз үй ішінің бір әңгімесін естіп едім, түсініксіз болса да жүрегімде жылы бір әсер қалдырыпты. Енді екеуінің арба үстінде қатар отырғанын көріп, балауса жастықтың көркі мен қуанышын титтей сезінгендей болдым. Қыз ұзын бойлы, арықша келген уыз жас, бет әлпеті жұп-жұқа, қолында құмыра, ағама ту сыртын бере жалаңаш аяғын арбадан салбыратып жіберіп кірпігін көтерместен тұқырайып отырған; ағамның басында ақ картуз, үстінде қисық жағалы бәтес көйлек, жағасын ағытып тастаған, тотыққан жүзі тап-таза, жап-жас, қолы божыда, күлімдеген көзі қызда, оған бір нәрсені қуана, аса бір ынтықпен айтқан боп жатты.
IX
Ғибадат қылып Рождествоға барғанымыз да есімде.
Бұл күн ерекше салтанатты, мерекелі: арбакеш сары жібек көйлек, жеңсіз мақпал бешпент киіп үш ат жеккен тарантастың көлденең тақтайында отыр; әкем қалаша киініп, жылтырата қырынып алған, басында қызыл жиекті дворян картузы, оның астынан әлі кебе қоймаған, самайдан қасына дейін ескі әдеп бойынша әдемілеп жіберген қара шашы көрінеді, шешемнің үстінде қос етекті жеңіл де сәнді көйлек, мен сыланып-сипанып жібек көйлектің ішінде бар ықыласыммен мерекені күтумен келемін...
Дала тымырсық, әрі ыстық, егін арасындағы жол тым тар, оның үстіне шаңдақ, жорта жуансып, бар жоғын үстіне жапсырып тойға бара жатқан мұжықтар мен қатындарды арбакеш басып озды. Селоға кіреберістегі тастақты дөңнен ағызып түскенде жүрегің аузыңа тығылып, әлем-жәлем көшеге кіргенде көңілің жай табады: мұжықтардың баспанасы мейлінше үлкен, дәулетті екені сыртынан-ақ көрініп тұр, қора-қопсылары кәрі емендердің қоршауында, айналасы омарта, отағасы жайдары, әрі жалпақтауы да жоқ, шетінен ұзын бойлы зор адамдар, тау етегіндегі қалың талдың көлеңкесін бойлай ирелеңдеген қарасу ағып жатыр, сол жақтан шулаған ұзақ пен қарғаның қарқылы, өзен бойындағы тал, теректердің ылғалды лебі келеді. Мөлдір бұлаққа шөгіп кеткен тас көпірден қарсы бетке өтсең шіркеу алдындағы алаңда қаптаған жұрт: қыз-қырқын, қатындар, етегі солаңдаған шекпен, бастарына телпек жапсырған бүкірейген өлмелі шалдар. Шіркеудің іші сығылысқан халық, жалпылдаған шырақтың иісі мен күмбезден түскен күн көзінен қапырық ауа кеңсірік ашытады, сонда да іштей бір тәкаппарлық бар: біз көптің алдында едік, ақсүйек екенімізді танытып, салтанатпен жаратқанға жалбарынып болған соң священник иіліп сәлемдесіп, мыс аңқыған кресті сүюге ишарат білдірді... Ғибадаттан соң Данила шалдың ауласында шай ішіп, ағаш табақ тола бал жаққан шелпекті алдымызға ала отырып дем алдық. Данила мәймеңке, мойны қақтың бетіндей шырыш-шырыш боп күйіп кеткен бурыл самай, орманның перісі секілді кәрі шөңге саусақтары иілмейтін қап-қара қолымен сап-сары балды балауызымен қоса аузыма тығып жіберіп қатты қорлағаны өмір бақи есімнен кетпейді...
Біз тақыр кедей болып қалғанбыз, әкем Қырым науқанына бар-жоғын шашып, Тамбовта жүргенде талай дүниесін картаға ұттырып жібергенін де білемін, елде жоқ парықсыз адам енді бүгін тігерге тұтқыш қалдырмай бәрін сатамыз деп өзін-өзі қорқытқан болады; Дон сыртындағы ежелгі мекеннің құрығанын да білемін, одан енді бізге қайыр жоқ; дегенмен сол күндердің тоқтығы мен рақатын біраз көрген сияқтымын. Есімде қалғаны, түскі ас кезіндегі көңілді сағаттар, майы кілкіген мол тағамдар, көкөніс, терезеден түскен сағым, бақтың қоңыр салқын көлеңкесі, қайшыласқан қызметкерлер, ашық есіктен үйге телмірген құмай тазылар, қаптаған шыбын, әдемі көбелектер... Түстіктен соң бырдай боп тәтті ұйқыға басқан осы үйдің жан біткені... Мені ертіп алып кешкі серуенге шыққан ағаларымның қызықты әңгімелері... Бәрі есімде: ғажайып бір айлы түн, ай астындағы ақ ұлпадай қалқыған алакеуім түстік көкжиек, айға шағылысқан тұңғиық көктегі сирек жұлдыздар, ағаларым — бұл бізге беймағлұм бөтен әлем, бақыт та, тамаша өмір де мүмкін сонда шығар, мүмкін күндердің күнінде біз де сонда болатын шығармыз деуші еді... Әкем мұндай түндері үйде жатпай, аулада, терезе түбіндегі арбада ұйықтайтын: арбаға шөп толтырып, оның үстіне төсеніш тастайтын. Терезе көзінен күмістей жалтырап қайтатын ай сағымының астындағы ұйқы ерекше тәтті шығар деп ойлаушы едім, тәтті ұйқыға жетер рақат бар ма, түні бойы ай сағымын, сағым буған дүниені тәніңмен сезініп, ғажайып қыр түнін, туған жер, қара орманыңды түсіңде көргеннен артық не бар!
Тек бір ғана күтпеген қайғылы оқиға менің бал дәуреніме кірбең түсірді. Бір күні кешқұрым жылқы қайырған бақыршы бала аулаға шапқылап кіріп, Сенька ат-матымен Орға құлап кетті деп айқай салды, қурай басқан ор түбі ұйық деуші еді. Әкем, ағаларым, жұмысшылар бірі қалмай Сеньканы құтқарамыз деп Орға жүгірісті. Үрейден жым-жырт болдық та қалдық. Құтқара ма, жоқ па? Күн де батты, ымырт түсті, бірақ ол жақтан еш хабар болмады, жұрт қайтып оралғанда бұрынғыдан бетер үрей басты — екеуі де өліпті, Сенька да, ат та... Тездетіп становойға хабарлап, мәйітті күзетуге кісі жіберу керек деген қорқынышты сөз есімде қалыпты. Бұл сөз неге құлаққа жат естілді? Демек, мұны бұрын да естіген болдым ғой?
X
Өлім дегенді жұрттың бәрі сезіне бермейді. Сәби күнінен өлімнің барын қатты сезініп, өмір бақи өлімді күтумен өтетіндер де бар ( өмірге келген соң өлімді сезіну де хақ шығар). Протопоп Аввакум балалық шағын еске ала отырып: `көршінің малы өлгенін көрсем де сол түні құдай суретінің алдында жаным күйзеліп жылап тұрып, өлім барын, мен де бір күні өлемін-ау` деп ойлаушы едім` дейді. Мен де сондай адамдардың тобына жатамын.
Мен сәби кезімде-ақ зұлым пері, жын-шайтан, соларға ерген киелі `аруақ` туралы көп естіп едім. Марқұм боп кеткен ағаларымыз, аталарымыз туралы, аруақтардың рухы бақида жүреді екен деген әңгімені үлкендер айтып отыратын. Соларды тыңдаймын деп қараңғы бөлмеден, шатыр ішінен, тас қараңғы түннен қорқатын әдет таптым, шайтан, елес десе, қысқасы, түн баласында тіріліп кеп қыдырып жүретін `аруақтардан` зәре-құтым қалмайтын.
Құдайға деген сенім, ол туралы түсінік пен сезім менде қалай, қашан пайда болды? Меніңше, өлім туралы ұғыммен тетелес қомған сияқты. (Шешемнің түнемелінде тұратын шырақ құтысы мен алтын жалатқан қара икон соның куәсі болса керек). Мәңгілік деген ұғым да осыған байланысты. Құдай көкте, қол жетпейтін биікте, жерден тым шалғай, төбемізден төніп тұратын теңдессіз күш: бұл менің алғашқы жер басқан күннен бастап жан тәніме сіңген, алдымызда ажал бар десек те әркімнің кеудесінде қонақтаған жан бар, сол жан өлмейтін мәңгілік деген сенімге пара-пар ұғым. Бірақ өлімнің аты өлім, оны мен де білемін, кейде жер бетіндегі тіршіліктің бәрі өлуге тиіс екені есіме түскенде зәрем кетеді, бәрі бір күнде жоғалмаса да кез келген уақытта, әсіресе Ұлы оразаның кезінде. Сол күні біздің үйде кешқұрым жұрттың бәрі керемет сыпайы болғансып, иіліп сәлемдесіп, бір-бірінен кешірім сұраса қалатыны бар; бәрі бір-бірін жоғалтып алатындай, бұл түн жарық дүниедегі ең соңғы күндеріндей арыздасып жатқаны. Мен де осыны ойлап басым жастыққа тиісімен жазымыш бұйрығымен Қияметтің сотына түсем бе деп, `бақидан қайтқандардың` қаһарына, одан да сұмдығы `марқұмдардың көтерілісіне` тап боламын ба деп жүрегім сыздап түнімен қиналамын. Бұдан соң Ұлы ораза басталады, алты жұма бойы өмірден түңіліп, оның бар қуанышын тәрік қылмаққа керек. Мұнан кейін Қасірет жұмасы, бұл күндері Христостың өзі де өлген.
Бұл жұмада мерекелік әбігерге қарамастан жұрттың бәрі жабырқ