05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Иван Бунин
Иван Алексеевич Бунин (1870 - 1953) - орыс жазушысы, ақын және аудармашы, 1933 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері.

Масыл






Кешкі астан кейін шай іштік те поштадан жаңа ғана әкелген газеттерді асығыс қарап шықтық. Түк те жоқ, баяғы сол бос мылжың. Ақыры бір-бірлеп бәрі де ұйықтауға кетті. Жалғыз қалдым, оқып отырмын, адамның жынын келтіреді-ау! Кенет терезеге көзім түсіп кеткені: айқыш-ұйқыш ескі раманың ар жағынан ыздиған самырсын мен шыршаның ұшар биігі, бір-бірімен айқасқан бұтақтардың, қылқан жапырақтардың ғажайып суреті көрінеді, оның ар жағында сәуірдегі айлы түннің аспаны.Тез тұрып жалшылар лашығына бардым да картузым мен таяғымды ала салып баспалдаққа атып шықтым.

Түн қандай ғажап! Япырау, мынау неткен түн!

Баспалдақ пен үйдің бұл жақ беті айдың көгілдір көлеңкесіне малынып тұр, қарсыда жарқыраған кең аула, әкпен сылаған лашық пен қор-қопсының сүлдері жалтырайды. Баспалдақтан секіріп түстім де желпініп баққа бұрылдым: түн кіршіксіз, әрі құрғақ, толған ай шырқау биікте, аспан шайдай ашық. Аллеяға кірдім — ағаштар әлі жалаңаш, кеберсіген жерде тарбайып жатқан қысқа көлеңкені таптап жүрген де рақат. Жалаңаш бақтың ол шеті мен бұл шеті аңырап тұр.

Аллеядан сирень мен ырғай арасындағы иір соқпаққа түстім: айлы түн бақ ішіне әдемі ажар төккендей, алаңқайдағы гүлдей бастаған аласа алма ағаштары да жайнап қалыпты. Төбеңнен төнген ай тура бетіңе қадалады. Бақтың сонау түкпірінде күтімсіздіктен шіруге жақын ескі флигельден жылтыраған от көрінді де солай қарай жүрдім.

Баспалдақпен көтеріліп, сеңкеің есігін аштым да, түкке түсінбей аңтарылып тұрып қалдым. Құдды тозақ па дерсің! Кіреберіс көк түтін, көк түтіннің арасынан үстел үстіндегі шамның жарығы өлеусіреп әрең көрінеді, ал пеш көмейінен шалқыған қып-қызыл жалын жалақтап тұр. Шал еденде тізерлеп отырып алып от жағып жатыр. Арбайған тарамыс қолымен қурайды бытыр-бытыр сындырып пеш көмейіне нығарлап тыққан болады, бірақ түтін аралас лап еткен жалын кейін қарай тебеді.

Мен есікті сарт жауып пеш қасына жетіп келдім, шал естімей ме, әлде естігісі келмей ме, былқ етпеді. Тіпті айналып қарамайды да, қурайды бұрап тығып, от көрсе адамның қадалып қалатын әдеті ғой, бежірейіп пештен көз алмайды. Үстінде заманнан бері тулақ боп қалған сатал-сатал шолақ тон, басында менен қалған ескі шляпа. Екі көзі жара шыққандай түтіннен қып-қызыл, сорасынан жас аққан, соны да қаперіне алмастан отқа тесілуін қояр емес. Қытайдан аумайтын қыртыс-қыртыс шалбар бет, иекте шошайған бес тал ақ қылшық.

— Аманбысың, Ефрем. Ұйықтамай жалғыз нағып отырсың?

Ол ұйқыдан оянғандай одырайып бетіме қарады. Одан соң жұлып алғандай:

— Жалғызы несі? — деді.

— Жалғыз болмағанда ше, жұрттың бәрі ұйықтап жатыр, ал сен әлі отырсың.

— Жалғыз емеспін.

— Қасыңда кім бар?

— Құдай бар.

— Пешті неге жақтың?

— Жақпағанда қайтейін! Жатып едім, тоңдым. Қатып қала жаздадым. Жылы сарайда жатқан саған рақат қой!

— Мұржаны да дұрыстап ашпағансың-ау, көрдің бе, түтіннің жармысы үйде.

— Дұрыстап ашуға бойым да жетпейді. Әйтеуір ашқан болып бықсытып отырмын да... Түнді таңға, таңды түнге айналдырған деген осы. Солай. Замандастар өлді, ал жер жарықтық мені ұмытты. Амал жоқ! Қаласаң да, қаламасаң да сүйретіліп жүре бер!

— Оның да рас. Айтпақшы, сенде туған-туысқан да жоқ қой?

— Оны маған кім беріпті!

— Бала да жоқ шығар?

— Болған, болған да жоғалған. Ал қатын менің не теңім?

— Екеуге ептеп өмір сүру жеңіл ғой.

— Ол да ащы. Көрге екі адамды қатар көмбейді.

— Сонымен хал нашар деші?

— Жаттың пеші де жанбайды.

— Ал өзіңдікін неге жақпайсың? Бұған кім кінәлі? Жұрттың айтуынша, сенде баспана да бар дейді ғой?

— Өзім кінәлімін. Үйде жүз есе жұлының үзіледі. Әрі уайым, әрі масыл. Әрі уайым, әрі мұң, сордан басқа дым жоқ... Ал мұнда мен құс секілдімін. Тұрасың да кетесің, басқа уайым жоқ. — Ол сол ойланып қалды.

— Үй деймін-ау, ол да қаңыраған төрт қабырға. Жері де жоқ.

— Елдің айтуынша енді жақсы болатын шығар. Революция деседі. Естіген боларсың?

— Революция дегені тағы не пәле?

— Жұрттың бәріне жақсылық әкеледі.

— Ондай жақсылық еш уақытта болмайды.

— Болмағаны несі? Мысалы, саған жер береді.

Кенет ол қурай сындыруын тоқтата қойды да жүресінен отырып, маған қарап ашулана сөйледі.

— Білемін. Білем ғой, естігенмін. Патшаны тақтан тайдырыпты деседі.

— Иә, тайдырды. Онда тұрған не бар, жаман ба?

— Оны мен білмеймін. Білгім де келмейді. Тек бүлдіру.

— Нені бүлдіріпті?

— Бәрін де. Албасты басқыр ақымақтар! Тып-тыныш жүр едік, уайым-қайғысыз. Енді келіп бәріне өзің бас ауыртасың ба?

— Жер береді емес пе.

— Уәде беріпті! Уәде береді ғой! Мүмкін оның маған қажеті жоқ шығар. Менен соны сұрап па?

Ол теріс бұрылып тағы да маздап жатқан отқа үңілді, тағы да қурайды бытырлатып отырып сөзін жалғастырды, арыны басылса да ашудың ызы білініп тұр:

— Мен еш жақсылық күтпейтін жанмын. Құдайға шүкір, маған енді ешнәрсенің қажеті де жоқ. Ал мырзаларды қайрансыз қалдыруға болмайды. Оларды да ескеру керек. Олар шаруа істеп көрмеген адамдар. Істер еді-ау, бірақ қолдарынан келмейді. Ақымақтықпен оларды сырып тастауға болмайды. Айтуынша, олар енді жерді өздері жыртатын болыпты деседі. Шетінен егінжайға айдап шығады екенбіз! Ақымақ бас нені ойлап таппас дейсің! Бұл неткен бассыздық? Сонда не, құс судан шықпай, балық аспанда ұшуы керек пе? Демек, бұл мүйіздеу деген емес пе? Жоқ, мұнда жақсылықтың иісі де жоқ! Ол албастылар мазақ қылып отыр. (Дауысын көтеріп) Маған онысын зорлықпен неге таңады? Маған олардың жері соқыр тиынға керегі жоқ, ол әншейін құр масыл ғой. Менің жерім (саусағымен жерді нұқып), менің жерім мұнда емес пе! Маған енді бір-ақ жол қалды. Бостандықта жүріп күнәмді жуып-шайып, тазаруым керек. Бастан не кештім дейсіз? Әуелі жас болдым дедім, одан жас ұлғайды дедім, ертеңменен езіліп жүргенде шама да кетті, қазір шіркеуге де жете алмай отырған түрім мынау. Бүл ертең сол оңбағандардың да басына келеді!

— Кімдердің?

— Әркімнің.

Шал қабағын түйіп үнсіз қалды. Артынан тағы да маған бұрылып, даусы өзгеріп сала берді де әжімді бетін жиырып, жымиып күлген болды:

— Өле салар едім-ау, попқа төлейтін үш сомның өзі уайым, — деп селкілдеп күлді. — Онда барған соң да сұрамай ма, мас бол май ләззатсыз өлгенің қалай деп?

— Сонда о дүниеге де мас болып барсын деген нұсқау бар ма?

— Енді қалай? Міндетті түрде! Ептеп жасарып, көңілденіп, ашық-жарқын ырбаңдап дегендей... — Кенет ол тағы да қитығып, шақарланып шыға келді. — Ал әлгі шаруа жөнінде мен дым білмеймін! Білмеймін, білгім де келмейді!

Мен оған ұзақ қарадым. Ол да отқа қарап отырып алды.

— Жә, көріскенше, — дедім ақыры. — Енді жат та ұйықта, қайырлы түн болсын.

— Үлгеремін, қара жерге кірген соң да жамбас шіритін шығар, — деді ол мойнын бұрмастан селсоқ қана. — Бар, бара ғой, қош бол..

Мен тысқа шықтым да тағы да бақ арқылы қырманнан өтіп далаға беттедім.

Ырсиған сирек бақ қарауытып артта қалды.

Қыр басындағы жалбыраған кәрі қайыңның желкесінен әлдебір жарық жұлдыз жымың қағып сығалап тұр екен.

Теңіз жағалауындағы Альпа. 1925.