05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Иван Бунин
Иван Алексеевич Бунин (1870 - 1953) - орыс жазушысы, ақын және аудармашы, 1933 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері.

Қанішер






Замоскворечье. Шатырында күркесі бар ағаш үй. Көгілдір бояумен әдемі сырланған, терезелері жарқырап тұр. Алдында үймелеген тобыр, қазынаның үлкен машинасы. Ашық есіктен жоғарыға шығар баспалдаққа төселген сұр кілем көрінеді, ортасында жіңішке қызыл алаша. Жиналған тобырдың назары сонда, сызылған сыпайы дауыс естіледі:

— Солай, қарағым, өлтіріп қойыпты! Жесір қатын жас еді, бай көпестің тұқымы... Оны өлердей қатты сүйеді деуші еді. Ал ол неме соның тек байлығына ғана қызығыпты да кім көрінгенмен жүрсе керек. Әйел оны ақтық қоштасуға шақырыпты да дәмін беріп, шарабын ішкізіп отырып, `көне жүзіңді бір көріп қалайыншы` дей беріпті. Содан масайған кезде пышақты салып алыпты ғой.

Күркенің терезесі ашылды да ақ қолғап киген әлдебір қол машинаға белгі берген. Автомобиль гүжілдеп ілгері жылжығанда жұрт қақ жарылды. Бір кезде әйел де шықты-ау — алдымен түп-түзу аяғы, одан соң бұлғын ішіктің өңірі көрінді, ақыры бүкіл көркі жарқ етті — құдды шіркеуге, некеге бара жатқандай баспалдақтан бұралып, жайқақтап түсті. Сазандай аппақ, көзі, қас-кірпігі қап-қара, жалаңбас, шашын жылмита қайырып тараған, құлағында ұзын сырға жалтылдайды. Беті бүлк етпейді, жарқын, жұртқа езуін жымырып қана күлкі тастады... Машинаға келіп отырды, оның артынан кірген жеңіл шекпенді жиылған тобырды жақтырмай қатқыл қабақпен сүзіп өтті; есік сарт етті де машина жұла жөнелді...

Соңында қалған жұрт лепіріп:

— Ойпырай, құйғытуын қарашы! — десіп таңдай қағысты.

1930.