05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Иван Бунин
Иван Алексеевич Бунин (1870 - 1953) - орыс жазушысы, ақын және аудармашы, 1933 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері.

Федосевна






I

Деревнядан жарты шақырым жырақтағы үлкен жолдың үстіндегі кешкі ымыртты жамылып бір кемпір отырды. Қарашаның мезгілі еді, жер лайсаң, жел ызғырық, апақ-сапақта айдалада мезгілсіз жүрген егде әйел ары өткен, бері өткенге күдікті жандай көрінген.

Іргедегі станцияға кірелеп Баскаковтардың сұлысын төгіп кайтқан Гриша Матюхин де сескеніп қалды. Арбасынан түспестен орнынан көтеріліңкіреп барып, басындағы картузын желкесіне таман сырды да үңірейіп қарап алды, сосын кемпір отырған шақырым анықтағыш бағананың тұсына жете бергенде қаптарын жұмарлап құйрығына басып, қолына сойылын ұстады.

— Федосевна апай!

Федосевна селк етіп, Гришаға қорғаншақтай қарады.

— Япыр-ау, сен бе едің ? — деп Гриша қуанғанынан ыржалақтап күлді.

— Мен ғой, шырағым, мен, — деп асыға жауап берді Федосевна.

— Иә, неғып жүрсің, бөдене аулап отырғаннан саумысың?

— Жоқ-ә, әншейін... Шаршаған соң аяқ суытайын деп...

Федосевна жинала бастады. Қапшығының аузын буып, жерге түсіп қалған нанның күйігін ептеп қана көтеріп алды да шетінен бір тістеп, қайтадан қойнына тықты; таяғын көтерді, сосын шақырым бағандарын қуалай деревняға тартты.

`Бейбастақ неме! — деді ішінен. — Қалжыңдайтын адамды тапқанын!.. Бөдене аулап дейді... Мен оның бір құрдасындай!`

... Көз байланып барады, өкпе тұстан салқын ызғар есті. Аспанда сұрғылт бұлт бар еді, содан ба, егінін жинап әкеткен жалпақ аңыздың бетінде жыбырлап алакеуім көлеңке көшіп барады. Қайта алмай қалған ұзақ па, ағаш басынан үрке қашқан қарға ма, әйтеуір бір құс аңыз үстінен жер бауырлай ұшып өтті... Кенет аспан бұлыңдап, сырғақ қардың түйіршіктері ұйтқып жауа бастады. Аңыз да, алаңқай бытқыл да ақ ірімшік шашқандай ала-шұбар тартты. Тек қарауытқан орман ғана бірте-бірте қашықтап, мынау ессіз далада, ақ жамылған меңіреу дүниеде аяқ астынан жетімсіреп қалғандай...

`Қылышын сүйретіп қыс та келді-ау`, — деді Федосевна.

Ағараң тартқан аңыз, ұйтқи соққан алғашқы қардың ызғары оның көңіліне әлдебір қорқыныш үрейін қоса ала келді. Япыр-ау, Осип үйіне кіргізбей қойса қайтпек? Қайда барып паналайды?..

`Бұл жұрт тәубесін ұмытып барады`, — деді Гришканың әлгі бір орынсыз қылжағын, өзіне талай рет ит қосқан көргенсіз балаларды, Осиптің қатыгездігін тағы да есіне алып... Федосевнаның кірпігіне жас іркілді.

Жылайтын жөні де бар еді. Бүл фәниде ол көрмеген не қалды дейсің.

Федосевнаның жесір қалғанына біраз жыл болып еді. Шамасы алты жыл өткен шығар, жазға салымның ылайсаң бір күнінде күйеуі Лукьян мырзаның бағындағы боз талды тоғайдан шабата тоқитын көк шыбық кесіп әкеле қояйын деп тысқа шыққан; шолақ тонының қалтасына нан кесетін лөкет пышақты сала кетіп еді. Көзге түртіп қалса түк көрмейтін тас қараңғы болатын, наурыз айында қар үйықтай ма, сай-сала көлкіп, суға толып кеткен шақ. Лукьян тоғайға зорға жетіп, бір бума көк шыбық кесіп алды да отырып темекі тартты. Аздап дем алған соң кері қайтқан, кенет қожайынның өңкей бір қасқырдай тазы иттері жан-жақтан абалап, шулап қоя бергені. Әлдекім шалшықты шалпылдата кешіп, иттерді үсті-үстіне айтақтап келеді. Лукьян тоғайдан жүгіріп шығып, балшықты жырадан қарғи беремін дегенде аяғы тайып-ақ кеткені... Лөкет пышақ шолақ тонды бөксеріп, сол жақ бүйіріне ұңғысына дейін кіріп кетіпті.

Лукьян дүние салған соң `қауым` Федосевнаның үлесті жерінен оған қалғаны — жапырайған баспана мен алақандай бақша ғана. Үйдің бір бұрышында Федосевнаның өзі және бойжеткен екі қызы Аксюта мен Парашка. Бақшаны көршісі Демочкаға жалға берген, әйел сұпытты мұжық еді; өз кірін өзі жуып, өз жыртығын өзі жамап, үнемі: `кешқұрымда қырға шықтым кыдырып`, — деп шіңкілдеп өлең айтып жүретін. Осы қылығына бола жұрттың оған тақпаған атағы қалмаған.

Федосевна тек осы табыстарымен және күндіктеп жалданып жұмыс істеп қана күн көрді. Оның үстіне Парашка Каменкаға тұрмысқа шығып кетті де, дүние онан сайын тарыла түсті, бірақ ел аралап, қайыр тілесе де ептеп-септеп күн кешуге болатын еді. Аяқ-астынан ашаршылық келіп килікті де алдымен Федосевнаның есігін қақты. `Қыр мұрынды` қу сүйек Аксюта қатықсыз қара суға шыдай алмай ауырып қалды, аштықтан өлді ме, құдайдың ажалы ма, кім білсін, екі ай төсек тартып жатып, ақыры оразаның бесінші аптасында көз жұмды... Аз күннің ішінде Федосевна басқа түскен қайғыдан адам танымастай өзгеріп кетті.

Тіске талшық қылар нәр жоқ. Етікші ауылға кетіп қалған, ал Демочка таршылық уақытта бақша жалдап қайтсін. Жылау-сықтаумен көзден айырылған өлмелі кемпірді үйіне кіргізіп алса Парашканың күйеуінің ештемесі қурамайтын да еді, бірақ пайдасы жоқ артық ауызды босқа асырайтын бүл да дарақы адам емес. Қайыр сұрауға тура келді. Жаман там жайына қалды да Федосевна содан бері ел кезумен жүр.

Жаздың аты жазира ғой: кеңшілік, шаршасаң дем ал, жанарың талса, ұйықта; аяқтағы шәркей әлі жаңа, омырауындағы кресте түйіншекке тыққан сегіз сом ақшасы да бар еді. Бұдан артық Федосевна жинай алған жоқ, бір күні өле қалсам жұрт сияқты көрге кебініммен түсейін деген бүл да бір арманы болатын. Бірақ оны да бір үзім нан, бір бума пияз үшін тиынын тиындай жаратып тауысты.

Күз келді де күн көріс қиындады; өкпеден суық, табаннан ызғар өтеді, шәркей тозған, ақша болса жоқ, жұрт та сараң боп барады. Енді мынау көкжөтелі құрғыр: кейде алқымнан сыққанда шыбын жан шырқырап кеткендей болады.

Бойжеткен беймаза шағы да, бай қызығына, бала қызығына алданған бірде тәтті, бірде қатты ұзақ ғұмыры да бірте-бірте жылыстап артта, алыста қалған... Бүгінде Федосевна өле алмай жүрген көлеңке.

Ендігі беті Каменка. Каменкада Парашка бар.

`Қуалай қоймас`, — деп ойлады Федосевна. — Тым болмаса бір жұма аунап-қунармын. Балалар да өсіп қалған шығар... Айналып кетейін тентектерім!.. `

Балалардың маңдайынан иіскеп, жылы үйге кіріп, тезірек ыстық асқа жетсем деген бір тәтті қиял Федосевнаны дедектетіп ала жөнелгендей болып еді... Қарсы алдынан Каменканың қарасы көрінген сәтте Федосевнаның жүрегі атша тулап, арқасындағы мөшегіне ие бола алмай, толарсақтаған батпаққа аяғы қайта-қайта сүріне берді... Мінеки, мынау тоған, анау тұста терең жар бар, ал дөң үстіндегі қарауытқан Парашканың үйі ғой... Есік алдында қораға кірмей жалғыз қой безектеп қашып жүр екен, соңына түскен бір әйел күргейлеп қоймады:

— Арам қатқыр, қайтеді әй мынау!.. Федька, оң жағынан шықшы!

— Тоқтай тұр, мен қайырысып жіберейін! — деп Федосевна қорғана тіл қатты да өзін-өзі зорлап езу жиғандай болды.

II

...Шамды өшіріп үй іші баяғыда жатып қалған. Жып-жылы қараңғы бөлме танау пысылымен тыныстап тұрған тәрізді. Ұйықтамаған тек кемпір ғана.

Көкжөтел тағы да қысып, басы лықылдап, кеудесі сырылдап демігіп жатыр. Тынысы тарылып, денесі қызды, аяғы да тастай. Кей сот әбден жан қиналғанда Федосевна талықсып кетеді де есін жиғанда өзінің қайда жатқанын білмей, жан-жағына үрейлене көз тастайды. Еңсені басқан қараңғы бөлме көрдей боп көрінеді...

Дегенмен кемпірдің көңіл түкпірінде бір медет бар. Парашка жылы қарсы алды, Осип те кетәрмен емес, кәдімгідей сәлемдескен болды, тамақ ішіп, бойы жылынған кемпір көрген-білген онықы-мұнықы әңгімесін айтқанда жымиып күліп те отырды... Біраз қонақтап жатып дем алуға болады екен. Тек балалар жатырқап қапты. Қорқып жоламай қойды.

`Әлі ес білмейді-дағы`, — деп ойлады Федосевна, сосын балаларды, өзінің жалғыз тұяғы Парашканы есіне алып, кеудесіне бір жылы сезім ұялады да көзіне жас алды. Бірақ жөтелі құрғыр тағы да қысып, әрі-беріден соң жарық дүниені де ұмытты.

Кемпірдің күрс-күрс жөтелі Осипке де ұйқы берген жоқ. Әрі қатыгез, әрі нойыстау мұжық еді, ояна келіп:

— Япыр-ай, мына кемпірдің жарапазаны қашан таусылады! — деді.

Федосевна тым-тырыс бола қалды да, тұншықса да жөтелмеуге тырысып бақты. Бірақ, қас қылғанда бола ма, Осиптің көзі енді іліне бергенде күркілдеп жөтелді-ай дейсін, ақыры Парашканы да оятып тынды. Бір жамбасына аунап түсіп, қолтығын тыр-тыр қасып алды да:

— Құдай-ай, ұйқы бермеді-ау, құрғыр! — деп ол да күңк етті.

Ұйқысы қашқан Осип калиянын сораптап отырған. Жылтылдаған отты көргенде Федосевна онан сайын қысылып, тағы да суық сөз естігісі келмей тістене түскен.

— Құдай берді ғой бір кемпірді! Түнгі қарақшыдай қақшиып отыруын! Ұйқысы қайда мұның?! — деп гүж-гүж етті Осип.

— Жә, қойшы, дігірлемей! — деп Парашка да күңкілдеген боп жатыр еріне.

— Жанын ашып жатыр ма?! — деді де, Осип былш еткізіп еденге түкіріп тастады.

Парашканың үні шықпай қалды.

— Бүл да бір масыл болды той, — деп Осип әлі сөйлеп отыр. — Қысып ішіп, шыңғырып дәрет алып отырған шақта... Оның үстіне құрт ауруы бар деседі ғой өзінің, құдай сақтасын!..

— Неменеге қадала қалдың сол байғұсқа! — деді Парашка күйеуіне зекіген болып.

— Неменеге дейді ғой, өліп қалса қайтесің!.. Көрдің бе кірпігі зорға қимылдайды!

— Өлсе көмерміз.

— Көмерсің!.. Оңай-ау саған бәрі де!..

— Сонда не істе демексіз?

Осип танауы пысылдап, калиянын сораптай берді. Әрі-беріден соң ғана:

— Маған не қыл дейсің?.. Бар айтарым, бүл кемпірді жолынан қалдырма! — деді.

— Кемпір? Сен түбі кісі жерсің! — Парашка зілдене тіл қатты, `кісі жерсің` деген соз тісінің арасынан ысқырып шыққандай болды.

Осип теріс қарап үндемей жатып қалды.

Тағы да тым-тырыс, шығарға жаны жоқ Федосевнаның құр сүлдері отыр... Тек не заматта сүйретіліп пеш үстінен зорға түсті де шелектегі тоғанның борсып кеткен сасық суын қылқылдатып ұзақ жұтты... Пеш үстіне қайта шыққан соң көз жасын тыя алмай булығып көп жылаған.

...Таң сыза көзі ілініп еді, Парашка түртіп оятты. Пеш алдында күйбендеп жүр екен, маймөңкелеп жылы-жылы сөйледі.

— Мамушка! Тұра ғой! Мен сіздің жолыңызға таба нан пісіріп қойдым!

— Жолға дейді? — Федосевна не дерін білмей қалды. — Қызым- ау, мен...

— Квасқа қосып тыңқиып тойып алсаң, құр атша желесің...

Федосевна қолы қалтырап қапшығының аузын әзер байлады да, пештен асығыс түсіп есікке беттеді.

— Қайда кеттің? Тым құрыса нанды алсай! — деп Парашка соңынан айғай салған еді. Бірақ, Федосевна оны естіген де жоқ, абалаған иттерді қапшығымен жасқай, бет-аузын жас жуып, бет алды дедектеп бара жатқан.

Үш күн бе, әлде торт күн өткен соң болар, аң аулай шыққан помещик Чибисов өліктің үстінен түсті. Кемпір жол жиегіндегі картоп қозасының арасында жатыр екен. Үстіндегі шоқпыты мен бос қапшығын жұрт көзінен көлегейлейін дегендей, қарашаның жауын аралас қара желі картоптың қозасымен көміп тастапты.