Әдебиет
Иван Бунин
Иван Алексеевич Бунин (1870 - 1953) - орыс жазушысы, ақын және аудармашы, 1933 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері.
Иван Алексеевич Бунин (1870 - 1953) - орыс жазушысы, ақын және аудармашы, 1933 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері.
Бақ аясында
Усадьбаның бағын жалға алған Липецкінің мещаны Иван Васильевич Чеботарев кештетіп келді.
Бұл өзі тұйғындай ғана кәртамыш шал, басында жылы көк картуз, үстінде әлдеқашан тозып кеткен жағасыз көкшіл тайтері (`иығымнан түспегеніне жиырма жеті жыл болды` дейді). Өзінің мінезіне сай қашанда бүкірейіп жүретін әдеті. Қанша жасқа келгенін айыру қиын. `Мен оны бағы заманнан білемін` дейді.
Липецкінің жарандары, қажымайтын тынышсыз жан, шал болып көріну үшін өтірік бүкірейе қалады, сөйте тұра денсаулық пен кәрілікке деген өкпесі қара қазандай. Көзіне түскенді қалт жібермейді, өмірлік тәжірибесі бір басынан асып төгіледі. Көкшулан бұйра сақал, бұйра қас, танауынан едірейген бұйра қылшық та көкшулан. Қашанда жерден бас алмай, дүниеге қабағының астынан қарайды. Жылтылдаған қара көзі мен жымқырылған ерінде ылғи да кекесін күлкі.
Бекеттен байдың үйіне алып келген арбакеш көлігін салдыр-күлдір ауланың ортасынан бірақ тоқтатты. Ақымақ арбакештің дарақылығына басын шайқаған Иван Ваильевич арбадан созылып түсті де тәйтерісінің етегін түріп, бүкірейіп теріс бұрылып шалбарының қалтасынан тозығы жеткен жалпақ әмиянды суырып алды. Мұжық оның желкесінен жалбыраған көкшулан шашына қадалып әлі тұр. Шал ерінбей-жалықпай сегіз сомды бақырмен санап берді де шайлық деп тағы да екі тиын қосты:
— Ұста, құдайдың құлы. Қызметің үшін тағы қостым.
Содан соң қымтанып алып, аяғын сүйрете басып аллеяға түсті де күркеге беттеді, онда мамыр айының аяғында Липецкіден өзі жіберген қарауылшылар жатыр еді.
— Амансыңдар ма, бауырларым. Жақтырсаңдар да, жақтырмасаңдар да қожайынды қарсы алыңдар.
Қарауылшылар ырсия күліп, жампозданып бастарын ие тағзым етісті.
— Аман-есенсіз бе, Иван Васильевич, жоғарлатыңыз. Тұп-тура шайдың үстіне келдіңіз.
Самауыр бүкіл бақты түтінге толтырып бұрқылдап тұр еді. Иван Васильевич күркенің іргесіндегі тақтай орындықтың бетін үрлеп жіберіп отыра кетті де картузын шешіп қасына қойды, көкшулан бұйра шашын бір сипап маңайын шолды:
— Қалай? Бәрі орнында ма?
— Әзірге еш жамандық жоқ, Иван Васильевич. Күзетіп жүрміз, көзден таса қылмай...
Шайды оған көк жиекті қалың кесемен берді ( абайлап, сыпайы ғана), майшабақтан босаған қалбырға салып қант ұсынды. Ол екі кесе ішті де жерге қарап жымиып отырып темекі орай бастады.
— Әзірге бәрі де жақсы болса, құдайға шүкір, — деді шылымын сораптап, таңдаулы махорканың түтініне алдымен өзі рақаттанғандай. — Иә, жаратқанға мың да бір рахмет... Ал, мен, бауырларым, екі күнге әзер жырылып шықтым. Келгеніме көңілім жай тапқан секілді. Мұнда жұмақ қой. Ал бізде... құдай сақтасын. Үйді жөндетіп жатыр едім, сылақшылармен бітіспес айқасқа түстім де кеттім... мына бүгінгі жұртпен отаспай-ақ қойдым. Ұят та жоқ, ар да жоқ, бетіне түкірсең де жаратқанның шығындай, жеркенсе нағыл дерсің! Алдаудан басқа ойларында арман жоқ. Ал біз бүкіл отбасымызбен сығандар секілді бір дүңгіршекке тығылып отырмыз, мен мұны көтере алмайтын жанмын ғой. Үстелдің үсті күн ұзаққа орыс мүңкиді: самауыр жиналмайды, самауыр қасында қайнатқан қыша. Оны кемпір кешке дейін түрпі қасықпен езіп кеп жатқаны, содан сора-сора болған көз жасын тыя алмай тұрып, `оһ, керемет күшті` деп қоятынын қайтерсің. Оның күштілігі маған неме қажет, ішімдіктен уыт басатын мен емес. Ал аяқтың астындағы немерелердің ойыншығына шалынып жығылғандайсың. Қатын болса балапан басқан тауықтай күркілдеп жатқаны, не дерті барын бір албасты біледі, зерігіп қыз отыр, жарық дүниені жатырқап бітті, неге екенін өзі де білмейді, тегі Грибоедовтың ақылдың азабымен ауырса керек. Ал мен бұған шыдамаймын, мен жаным нәзік адаммын, қиналғаннан құлағым шулайды.
— Иә, бұдан өткен сұмдық жоқ! — деп қарауылшылар қостай келді. — Құлақ шуласа адамды бит басады дейтұғын.
Иван Васильевич біраз үнсіз отырды да, орнынан тұрып күркені айналып кетті.
— Бит пе, ит пе, әйтеуір жақсылық емес, — деді ол қайтып келіп ауын түймеледі де саусағының басына түкіріп тағы отырды. — Күндіз де, түнде де қу жанға тыныштық жоқ. Түні бойы қайдағы жайдағы бір бытықы-шытықы түс көресің, кемпірдің жоруынша бәрі де жамандықтың жаршысы. Сонда жақсылыққа не қалды деп сұрашы? Мен түс жоритын кітаптан оқығанмын деп шыға келеді: түсіңде автомат көрсең — жамандық. Кешіріңіз, қария, қайдағы автомат? Автомат та баяғы. Автомат дегенді көрсем көзім шықсын, мына біздің Липецкіге автомат қайдан келіпті. Мейлі, бәрібір деп, содан кетеді дейсің: түсіңде шырша көрсең — жамандыққа, көзілдірік кисең — жамандыққа, шатыр астында отырсаң — қайғы, жылы су ішсең — уайым, ағаш майын ішсең — өлім, құймақ жесең — ажал, қарға етін жесең — өрт, талқан жесең — ажырасу, сақалыңды қырсаң — шығын, ән салсаң — тісің ауырады, еврейді көрсең — оңбағанмен танысқаның... Бір сөзбен миғұла болатын түрім бар. — Ол қолды бір сілкіп тастады. — Оның айтуынша, жалғыз-ақ жақсылық бар: түсіңде шөп қайнатқан қоймалжың ішсең — ісіңнің алға басқаны. Ал күң деген жоқ болғырың тағы бір азап. Бір қызды жалға алып едік, ол неме ас пісірмек түгіл шошқаға топан шылап бере алмайды, оның үстіне төбесіне тебен батпас бітеу. Танауы емшегінен үлкен, бегемот оның қасында жіптіктей десе де болады. Бұл аз болғандай көршіміз жынданып кетті, ләпкеші Шуриновты білетін шығарсыңдар?
— Білгенде қандай! — деп қарауылшылар шу ете қалысты. — Оған не болды екен? Байлықтан шіріп жатқанның бірі сол, не таршылық көріпті?
— Оны өзінен сұраңдар, — деді Иван Васильевич. — Қашан кірсең де желеткесін киіп алып, жағын таянып оқып кеп жатқаны. Қабырғасы толған сурет: сыңсыған қалың орман, сабалақ самырсындар, солардың түбінде лашық, іргесіндегі сәкіде әулие отыр, қасында аю, қолын жалап тұр. Ой, Николай Иванович, оқу өтіп кеткеннен саумысың, бүйте берсең қалтаң қағылатын шығар, артың аспанға қарап қалмасын деймін. Көзінен жасы боздап сондағы берген жауабы: Еһ, Иван Васильевич, қалтаны сөз қылып қайтесің, енді бізге ойлану керек дейді. Нені ойланбақпыз? Ойланатын кез келді, бүгін достарыңмен біргесің, ертең қастарың қасыңнан шықпайды, қазір ханға сәлем бермейсің, ертең көрде жатып шірисің: өміріміз өлең шөптей қурап барады. Мысалы қанға құмар вампир дегеніміз не? Бұл да өлім емес пе? Мұнда не жазылғанын білесің бе, қане оқышы: `Адамзат, сенің қасіретің сол, жастығыңды ақымақтықпен өткіздің, жасампаз шағыңды жалқаулықпен тауыстың. Енді міне көрге лақтырар қаңқаң ғана қалды. Кезінде мен де сендей болғанмын, ажал келіп темір құрсауына алғанша мен де байлықты жинап көргенмін. Пендеге де, батырға да, адамның бүкіл ұрпағына ортақ мылқау өліктердің мәңгілік мекені бар екенін есіңе ал!`.
— Түсіндіңдер ме, — деп Иван Васильевич басын көтерді. — Кез келген өлмелі шалдың орнын басқандай, ал түріне қарасаң зәрең ұшады, тағы буйвол секілді, адам емес, Миклухо-Маклай!.. Е-е, бауырларым, тіршіліктен тыныштық кетті ғой, — деп күрсініп басын шайқады. — Семіздікті көтере алмайтын жынды халықпыз ғой. Енді оны қамқорлыққа алып, Тамбовтағы сары үйге апарып қамамақ деседі. Одан басқа не шара қалды? Қалғаны сол — амигдал мен онагрь, велбуд пен сілбі, скимен, сосын тағы не еді... Ол неме неден тарлық көріпті, не жетпеді десеңші? Иә, бәріміз де содан аумаймыз: қымс етсе ойымыздағыны тап, мынау ұнамайды, анау жетпей жатыр деп шыға келеміз. Амигдал! Жуырда бекеттен шығып селоға келе жатыр едім, алдымнан алпамсадай бір делқұлы кездесе кеткені: белді шырт буынған, дударбас, сырнайды құлаштай созып, бүкіл өңірді аңыратып бақырып келеді: `Оһ, қараорманды қақыратып, қара тастың астында өзім жатам!` деп айқайлайды. Мұны да қалжың дейміз, қалжыңның да реті бар ғой, біздің түбімізге қалжың жетеді!
— Қалада қандай өсек бар екен? — деп сұрады қарауылшының бірі. — Мынау соғыс қашан бітеді? Француздың патшасы біздің жағымызға шығыпты дегені рас па?
— Ондай әңгімені естігенім жоқ, — деді Иван Васильевич. — Өтірік айта алмаймын. Ондайды естігенім жоқ. Жұрт сөзіне сенсек, оларда патша да жоқ деседі. Сол француздардың өзі біздің одақтасымыз көрінеді ғой. Шындығында бізден гөрі ақылдырақ болса керек, немістің қылышына алдымен біздің ақымақ басымызды айдап салып, бүгін сен ол, ертең біз дей ме, әйтеуір одақтас деген аты бар ғой.
— Іші бізге бұра ма, бұрмай ма, бәрібір, — деді Иван Васильевичей ыңғайына жығылғысы келген қарауылшынын бірі бейпіл сөйлеп. — Бұра ма, бұрмай ма, бәрібір, патшалардың күні қараң. Бізге қарсы, біздің державаға қарсы тұрар шамалары қайсы! Кеше бекеттен бір сүмелек келіпті, сіздер арқылы бір шаруамен Ростовқа өтіп бара жатыр едім дейді... Артынан жатып кеп миымды ашытқаны: біздің патшайым қатты науқас дей ме-ау, себебі Вильгелмге жаны ашитын көрінеді, оған қоса қайдағы бір мұжық пайда болыпты, ол неме барып тұрған зинақор екен дейді... Е, мейлі, болса болсын, дені саудың бәрі пенде дедім. Сол үшін де халық қобалжып отырған жоқ па деп ол да қоймайды. Тағы да өтірікті ысқырттың, қобалжыса бай-патшалар қобалжысын, ал маған не жетпейді? Бізге бәрібір дедім де анасынан шыққан жеріне бірақ жіберіп, қайтып онымен сөйлескем жоқ. Расында біздің жеңбеуіміз мүмкін емес қой!
— Білмедім, білмеймін, — деді Иван Васильевич тұқырайып отырып. — Білмеймін, сенгім де келмейді. Тек итке сен, битке сен, адамға емес албастыға сен демей ме. Әй, жеңуіміз неғайбыл-ау, бауырларым, күмәнді-ау. Кімнің жүйкесі мықты болса, сол жеңетін шығар. Ал біздің ағайын ше? Әуелде тырқырата жөнелеміз де қойшы осыны, жалықтырды деп артынан бұтаға тығыламыз. Әлгі жаман балшықтан жасалған базардың арзан құмырасы секілді, қас қағымда қызып, қас қағымда қатып қалады. Жоқ, олардың солдаттары шыныққан, бастары жұмыс істейді. Қоржынында карта, сан түрлі жоспар, қандай прейскурант керек, бәрі дайын, торсығында ром, жер жағдайын тайға таңба басқандай жаттап алған. Ең бастысы, не нәрсені болса да ақылға салады, отан туралы да түйсігі жетіп жатыр, ал біздердікінің басында не бар? Бұлардың миын шыбын талап тастаған, кез келген бүлікке айдап салсаң шаба жөнеледі. Жоқ, біз жеңе алмаспыз, — деп Иван Васильевич турасын айтты. — Бізде бірлік жоқ, бірлік баяғы заманда да болмаған. Дәл осы жолы вокзалға келіп түссем, құдай сақтасын, тура қырғын. Бекет бастығы да айқайлайды, жолаушылар да айқайлайды. `Айқайлайтын сонша сіз кімсіз, айтшы қане?` деп бекет бастығы едіреңдейді. `Мен жүк жөнелтушімін, ал сіз кімсіз айқайлайтын?` деп жолаушы тақымдайды. Барып тұрған ақымақ екен деп ойладым. Сен өзің кімсің деп дікіңдейтіндей жүк жөнелтуші де үлкен мәнсап болыпты-ау! Бұл да өзінше жуансиды. Не үшін деп өзінен сұрашы, білсе соны құдай ұрсын. Жоқ, — деп Иван Васильевич орнынан тұрды. — Түбі, албасты басты деген осы болады!
— Оған дау жоқ қой, — десіп қарауылшылар жамырай жауап қатысты. — Сонда күлің көкке ұшты дей бер!
— Жә, енді ептеп қисаялық, — деді Иван Васильевич. — Қожайынның қырманына жүгіріп барып бір құшақ сабан ұрлап келіңдер де күркеге жұмсақ қылып төсеңдер, менің кәрілігімді сыйласаңдар қор болмайсыңдар...
Теңіз жағалауындағы Альпа. 1926.