Әдебиет
Иван Бунин
Иван Алексеевич Бунин (1870 - 1953) - орыс жазушысы, ақын және аудармашы, 1933 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері.
Иван Алексеевич Бунин (1870 - 1953) - орыс жазушысы, ақын және аудармашы, 1933 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері.
Митяның махаббаты
I
Тоғызыншы наурыз Митяның Мәскеудегі ең соңғы бақытты күні болды. Әйтеуір өзі осылай деп жорыған.
Катя екеуі күндізгі сағат он екіде Тверь бульварымен өрлеп келе жатқан. Қыс аяқ астынан көктемге жол берді де күн көзі ысып кетті. Расында бозторғай мекеніне қайтып, жылу мен қуанышты өзімен бірге ала келгендей. Қар еріп, дүние елжіреп қоя берді, төбеден су сорғалап, көше сыпырушылар жаяу жолдың мұзын оя бастады, шатырлардың жылбыраған қарын түсірді, қайда қарасаң да қаптаған адам, жұрт көңілді. Биіктегі шарбы бұлттар түтіндеп барып сейіліп, көк аспанға сіңіп кетті. Алыста, бәрінің төбесінен қарап, ойланып Пушкин тұр, Страстный монастырі жарқырайды. Митяға қатты ұнағаны, сол күні Катя ерекше көрікті еді, қаяусыз ақ көңілмен жақындығын танытып, балалық сеніммен оның қолтығынан алып, еңкейіп оның бақытты да сол тәкаппар жүзіне қарай берген, адымын алшаңдай басқан Митяның қатарына әрең ілесті. Пушкиннің қасына жеткенде күтпеген жерден:
— Сен балаша аңғалдықпен күлген кезде аузыңды арандай ашып, ерніңді қайыстай созатының не? — деп салғаны. — Тек ренжи көрме, мен сені сол күлкің үшін жақсы көремін. Оның үстіне византиялыққа ұқсайтын көзің қандай ғажап!
Митя күлмеуге тырысты, іштегі мақтанышы мен болар-болмас ренішін жасырып, төбесінен төніп тұрған Пушкинге қарап:
— Балалық аңқаулыққа келсек екеуміз бір-бірімізден онша алшақтықка кеткеніміз жоқ, -деп жылы жауап берді. — Ал менің византиялыққа ұқсастығым сенің қытай патшайымына ұқсастығыңдай-ақ. Сендер қымс етсе Византия, Возрождение деп шыға келесіңдер... Сенің анаңды түсінсем бұйырмасын!
— Онда тұрған не бар, оның орнында сен болсаң мені үңгірге қамап ұстар ма едің?
— Қамамаспын, бірақ әлгі жалған әртіс данышпандарыңды, студия мен консерваторияның, театр мектебінің болашақ атақтыларын босағадан аттатпас едім! — деп Митя дос көңілмен сыпайы жауап берді. — Өзің айтып едің ғой, Буковецкий кешкі асқа Стрельнаға шақырды, Егоров жалаңаш күйіңде теңіздің майда толқынына ұқсатып мүсініңді салмақ болды деп, әрине, мұндай құрметтен соң ес-ақылдан айырылып қалдың.
— Бәрібір, мен тіпті сен үшін де өнерді талақ қылмаймын, — деді Катя. — Мүмкін мен сен айтқандай сұрқия жан шығармын, — деді, бірақ мұндай сөзді Митя айтқан емес. — Мүмкін мен бүлінген пенде шығармын, бірақ сен мені дәл осы қалпымда сүй, осы қалпымда қабылда. Жоқтан өзгеге ренжіспелік, тым құрыса мынау тамаша күнде қызғанбашы мені! Қалай десең де сен маған жұрттың бәрінен қымбат жалғыз жан екеніңді неге түсінбейсің? — Катя сыбырлап қана қадалып сұрады да жампозданып оның көзіне қарап бір шумак өлең оқыды:
Арамызда бір құпия жүріпті,
Кигізіпті сол құпия жүзікті...
Осы соңғы өлең Митяның жүрегіне инедей қадалды. Жалпы көп нәрсе сол күні дс оның жанына жаққан жоқ. Балалық аңғалдық дегені де тым ерсі көрінді:мұндай әзілді Катядан бірінші естіп тұрған жоқ, және мұнысы кездейсоқ та емес, Катя қай жағынан болмасын бұдан гөрі ересек екенін танытып, Митя содан жағымсыз тісқақты қылығын сезгендей болатын. `Қалай десең де` дейтін сұрқия сөзі құлағына түрпідей тиіп, қоңыр дауыспен әдейі мәнерлеп оқыған өлеңі де жанына қатты батты. Дегенмен сол өлеңнен, соны оқығандағы мәнерден Катяны өзінен алыстатып, қызғаныш пен өшпенділігін қоздыратын ортаны сезсе де пәлендей мән бере қоймады, көңіліне алмауға тырысқан, кейіннен есіне алып отырып, тоғызыншы наурыз Мәскеудегі ең соңғы бақытты күні екен.
Сол күні кайтып келе жатып Катя Циммерманнан Скрябиннің бірнеше шығармасын сатып алды да әншейін сөз арасы қылып, күле жүріп Митяның анасын тілге тиек етті: - Сен білемісің, мен ол кісіден күні бұрын қорқып жүрмін.
Екеуі алғаш танысқаннан бергі уақытта болашақ жайлы, бұл махаббаттың немен бітері туралы сөз қозғамаған болатын. Енді міне, Катя аяқ астынан Митяның анасын ауызға алып, ертең өзінің енесі боларына нық сенгендей әңгіме бастады.
II
Бұдан кейінгі күндер баяғысындай көрініп еді. Митя Катяны Көркем театрдың студиясына шығарып салып, концерттерге, әдеби кештерге апарып тұрды, кейде оның Кисловкадағы үйінде түнгі сағат екіге дейін отырып алатын, бір таңғалатыны - шешесі оны еш нәрседен тыйған емес, қашанда темекісі аузынан түспейтін, боянып-сылануды ұнататын қызыл-күрең шашты, сүйкімді де қайырымы мол әйел (екінші әйел алып кеткен күйеуінен көптен бері бөлек тұратын). Ара-тұра Катя да Митяның Молчановкадағы студенттік бөлмесіне келіп-кетіп жүретін, екеуінің кездесуі ылғи да сүйісудің мастығымен өтіп жатты. Бірақ ойда жоқта күтпеген бір сұмдық болған сияқты, тірлік жоқ жерден божып, Катя Митяға өзгеріп кеткендей көрінді.
Алғаш кездесіп, дұрыстап таныспай жатып-ақ тек екеуі ғана оңаша әңгімелескенді жақсы көретін тәтті шақтар көрген түстей зу етіп өте шықты, сол кезде Митя сонау балалық, бозбала шағында аңсаған махаббат ертегісіне сүңгіп кеткендей болып еді-ау! Ол уақыт желтоқсан айы еді - қыраулы қыс, көкжиектен озбай жатып алатын күннің қып-қызыл шар табағы Мәскеуді түрлендіріп, ажарын құлпыртып тұратын. Қаңтар мен ақпанда Митяның ғашықтық сезімі құйындай қырық ширатылып, бақытыма жеттім бе деген, әне-міне жетем бе деген үмітпен өткен. Бірақ сол сәтте де бір нәрсе көңілді бұзып, бақытын лайлағандай болған. Сол кезде де оған бір емес, екі Катя бар сияқты көрінген: бірі - танысқан сәттен Митяны ынтық қылған, құмар қылған қыз, екіншісі - кәдімгі пенде, біріншісіне мүлдем ұқсамайтын ұрғашы. Дегенмен дәл бүгінгідей одан көңілі қалмаған.
Бәрін де түсінуге болатын еді. Әйелдердің көктемгі күйбеңі басталды, көйлек-көншек сатып алу, киімге тапсырыс беру, өңін айналдырып бір нәрсені қайта тігу, Катяның көп уақыты шешесімен тігіншіге барумен кетті. Осының бәрі оның назарын бөліп, әр немеге немқұрайлы қарауы заңды болатын. Митя да солай шығар деп жорамалдаған. Бірақ бұл да әншейін өзін-өзі жұбату екен, секемшіл жүрек бәрінің де ыстығын басып, барған сайын көңілін суыта берді, оған себеп Катяның бұған деген немкетті қылығы, соған орай мұның да күдігі мен қызғанышы үдей түсті. Театр мектебінің директоры мақтаумен Катяның басын айландырып жіберді, мақтаныш кімнің төзімін тауыспаған, соның бәрін ол Митяға айтып келетін. Бірде директор: `Сен менің мектебімнің мақтанышысың` - депті, қыздардың бәрімен `сен` деп сөйлесетін әдеті екен, жалпы сабаққа қоса Катямен жеке дайындық жүргізіп, емтиханда атын дәстердей қылуға барын салса керек. Оның қыздарды арам жолға итермелейтінін жұрт білетін, жаз бойы таңдағанын Кавказға, Финляндияға, шетелге алып кететін көрінеді. Сонан соң да Митяның басына әр түрлі жаман ойлар келді: директор Катямен әмпей-жәмпей шығар, оған кінәлі Катя болмаса да екеуінің арасындағы былапыт, қылмыстық қатыстан жаны түршікті. Бұл күдігін растағандай Катя бұдан мүлдем суынып, көзіне ілгенді қойған сияқтанды.
Жалпы, бір жағдай оны Митядан біржола бөліп тастағандай. Директорды ойласа тыныш отыра алмайды. Тәйірі, директор деген сөз бе екен! Катяның оған деген махаббатында басқа бір мақсат бар ма деп қалды. Кімге? Неге? Оны Митя білмейді, әйтеуір Катяны жұрттың бәрінен қызғанады, ең бастысы, өзінің ойына алған, күдіктен туған басқа бір жасырын тірлігінен қызғанады. Әлдебір түсініксіз күш оны Митядан алыстатып бара жатқандай, қайда, қандай сезім, қандай күш, мұны ойласа артында қорқынышты үрей тұрады.
Бірде Катя шешесінің көзінше бұған айтып қалғаны бар:
— Митя, сіз әйелді тек үй шаруасымен ғана бағалайсыз. Сізден нағыз Отелло шығады. Сізді ешқашан сүймеген де, сізге ешқашан тимеген де болар едім!
— Мен қызғанышсыз махаббатты мойындамаймын, - деп шешесі бұған қарсы дау айтты. — Қызғанбаған адамда сүйіспеншілік те жоқ.
— Жоқ, мама, қызғаныш сүйгеніңді сыйламау деген сөз, - деп Катя біреудің әнін жаттап үйренген әдетіне басты. — Егер маған сенбесе, мені сүймегені, - деді әдейі Митяға назар салмастан.
— Меніше, қызғаныш дегеніміз махаббат, - деп шешесі тағы да қарсы шықты. — Мен мұны бір жерден оқыдым да. Соны тамаша дәлелдеп те берген, ұмытпасам библиядан мысал келтіріп, құдайдың өзі де қызғаншақ, кекшіл болған деп еді.
Ал Митяның махаббатына келсек, ол тек қызғаныштан ғана туған. Қызғанышын жұрттан ала-бөтен, ерекше деп ойлайтын. Катя екеуі әлі жанасудың шекарасынан өткен жоқ, оңаша қалған соттерде оған талай-талай мүмкіндіктер болған еді. Ондай сәттерде Катяның құмарлық сезімі әдеттегіден де асып түсетін. Митяға бұл да күдікті көрініп, көңіл күйі бұлқынып шыға келеді. Оның қызғанышын қоздыратын бүкіл сезімі жаман ойдан туған, солардың ішіндегі ең бір масқарасын өзі де анықтай алған жоқ, түйсінген де жоқ. Дүниедегі ең бір тәтті де ғажайып сезімнің үстінде Катяның қасынан басқа бір еркекті елестетеді де қазіргі қылықтары соншалықты жеркенішті, адам табиғатына сыймайтын ерсі болып көрініп кетеді. Сол сәтте Катяға деген қайнаған өшпенділік пайда болады. Ал өзі көзбе-көз не істеп, не қойса да жұмақтың рахаты мен даналығына балайды. Енді өзінің орнында басқа біреуді елестеткен кезде табан астында бәрі құбылып шыға келеді -масқара ұятсыздық деп қабылдап, Катяны өлтіре салсам деп те ойлайды, әлгі мұнымен талас әлдебіреуді емес, тек Катяны тұншықтыра салсам дейді.
III
Катяның көптен күткен емтиханы басталған күні (оразаның алтыншы күні) Митяны қинаған күдік ақыры расқа шыққан сияқты.
Катя бұл күні Митяны көрген де жок, көзіне ілгісі де келмеді, мүлде бөтен, тек көптің қызығына айналды. Жұртты өзіне табындырып, мейманасы тасыды. Ұзатылатын қалыңдықтай шымқай ақ киіп, құлпырып көздің жауын алды. Жапырыла қол соғылды, директор - жанарында жылт жоқ, өшіп қалған су көзді траш актер бірінші қатарда отырып алып, әдейі жұрт естісін дегендей бүкіл залға даусын көтере ара-тұра ескерту жасаған болды, мұны да өзінің абыройына бола жорта жасағаны жеркенішті шықты.
— Сөзді азайт! - деп дігірледі, құдды Катя оның меншігіндей үні зілді. — Құр ойнама, ойға сал! - деп сөзін бөліп-бөліп жіктеп отырды.
Бұған жан шыдай ма! Жұрт жапырыла қол соққанмен мәнерлі көркем сөз оқудың өзі де құлаққа түрпідей қадалды. Катяның беті нарттай болып дуылдап, қысылғаннан даусы қарлығып, демі тұншыға берді, сырт көзге бұл да әсем көрінген. Бірақ әр сөзін әндете созғанымен даусында жеркенішті жалғандық, өтірік мәнер, көкейге қонбайтын жасанды қылымсу бар еді, әрине мұның бәрін Митя ит етінен жек көретін, алайда өнердің ең биік көрінісі деп саналатын Катяның жан-тәнімен берілген ортасының әсері екені белгілі: Катя адамша сөйлеудің орнына бірде әлденеге ынтызарлықпен дөрекі лепіріп, бірде себепсізден-себепсіз жалбарынып жалған мұң шақырған сәтте Митя Катя үшін ұялғанынан кірерге тесік таппады. Бәрінен де масқарасы, Катяның қазіргі тұла бойынан, бет-жүзінен аңқып тұрған періште тазалығы мен былапыт болмысының қатар өрілуі, үстіндегі ақ көйлегі де соның куәсіндей эстрадаға шыққанда тылтиып қып-қысқа болып қалды да залда отырғандар оның етегіне, ақ туфлиіне, ақ жібек шұлықты кере киген балтыры мен санына үңілісті. `Қыз шіркеу хорында әнші еді` — деп әлдебір періштедей пәк қыз туралы өзі сенбеген өтірікті Катя өтірік оқып тұрды. Митя көптің ішінен сүйгенін көргендей өзеуреп өзінің оған деген жақындығын да, жаулығын да сезінді, қалай болғанда да ол менікі деген мақтаныш, сонымен қатар - жоқ, менікі емес деген бір ой жүрегін қарс айырды.
Еитихан өткен соң тағы да бақытты күндер басталды. Бірақ Митя оған бұрынғыдай жеңілтектікпен сене салмайтын болды. Катя емтиханды еске алып бірде:
— Сен неткен топассың! — дегені. — Мен тек сен үшін ғана жақсы оқуға тырысып едім ғой, соны да сезген жоқсың ба?
Емтиханда не сезгенін Митя жақсы біледі, бірақ сол сезімнен әлі күнге құтыла алмай жүргенін айтқан жоқ. Айтпаса да оның құпия сырын Катя да сезіп қойды, кезекті бір реніш үстінде:
— Түсінсем арам қатайын, егер менің тұла бойым тұнып тұрған тұрпайылық болса несіне сүйдім деп жүрсін? — деп турасына көшті. — Сонда сен менен не талап етпексің?
Не үшін ынтық болғанын Митяның өзі де білмейді, бірақ суынудың орнына ынтызарының үдеп бара жатқанын сезіп жүр, әлдекімге деген өштігі, әлденеге деген қарсылығы, іштей қасарысқан күресі де сол сүйіспеншіліктен туған.
— Сен менің жанымды емес, тәнімді ғана сүйесің! — деп Катя ақыры бір күні айтып салды.
Тағы да бұл бөтеннің сөзі, театр сөзі еді, бірақ құлақ сарсытқан жаттанды болғанымен санаңды мүжитін шешілмеген көп нәрсеге қатысы бар-ды. Ол неге сүйгенін, одан не талап ететінін қанықтап айта алмайды... Жалпы сүю дегеннің өзі не? Бұған жауап беру мүмкін де емес, өйткені естігенінен де, оқығанынан да сүйіспеншілік туралы Митя ешқандай мағыналы балама сөз таппаған. Кітапта да, өмірде де ол жайында әйтеуір сезім, құштарлық, ләззатсыз кайф деген бопсаға бәрі де келісіп қойған секілді. Ал Митяның сүйіспеншілігі екінің бірі де емес. Катяға оны ынтық қылған не күш? Әлгі сүйіспеншілік дегені ме, әлде құмарлық па? Катяның өңірін ағытып, омырауынан сүйген кезде ол есінен танып қала жаздайтын, жұмақтай ғажап, уыздай тәтті көкірегін сәбидей пәктігімен қымсынбай еркін ашып тастағанда жантәсілім етіп бара жатқандай дел-сал маужырап, рахат күй кешетін.
IV
Катя барған сайын өзгере берді.
Емтиханда көзге түскені көп әсер етті. Бірақ бұдан басқа да себептер болмай қалған жоқ.
Көктем келе кешегі қыз құрметті ортаның салиқалы бибісі болып шыға келді, қашанда көрсең үлде мен бүлдеге оранып бір жаққа асығып бара жатқаны. Ол келген сайын Митя өзінің күңгірт дәлізінен ұялатын болды, бұрынғыдай жаяу емес, көлікпен келіп жүрді, үстіндегі жібегі сусылдап, бетінде тор, күңгірт дәлізден зу етіп өте шығады. Қашан да оны еркелеткісі келіп, қашан да уақыт тар деп асығып отырады, анасы екеуі тағы да тігіншіге баратынын сылтауратады.
— Түсінемісің, енді өзімді өзім күтпесем болатын емес, — дейтін, сол кезде көзін бақырайтып, жанарын ойнақшытқан болады, Митяның сенбейтінін біле тұра айта салғаны, өйткені айтатұғын ар жағында сөз де қалған жоқ.
Қазір шляпасын мүлдем шешпейтін болған, шатыры қолынан түспейді, Митяның кереуетінің шетіне аяғын айқастырып отырып алып, жібек шұлықты керген кылтасымен оның есін кетіретін. Ал кетерінің алдында бүгін кешкілік үйде болмайтынын, анасы екеуі тағы да бір жаққа баратынын айтып, қайта-қайта есікке қарап асыққан болады, сан қайталайтын бұл қылығы да Митяны ақымақ қылудың айласы, өзінің сөзімен айтқанда оның `есуастығына` жасаған ілтипаты, сөйте отырып кереуеттен сырғып түсіп, тоқ мықынымен оның аяғын сипай кетеді де асығыс сыбырлап:
— Қане, сүйсеңші мені! — дейтінін қайтерсің.
V
Сәуірдің аяғында Митя деревняға барып біраз демалмақ болды. Ол өзін де, Катяны да әбден қинады, азаптың ақылға сыймайтыны соншалық, оған тіпті себеп те жоқ еді, алып-жұлып бара жатқан да ештеңе жоқ, сонда Катяның кінәсі не? Бірде шыдамы шегіне жеткен қыз турасын айтты:
— Бар, бара ғой, менің төзімім таусылды! Арамызды анықтағанша бір-бірімізден қаша тұралықшы. Сен әбден жүдеп кеттің. Мамам сені көксауға ұшырады деп отыр. Бұдан артыққа мен шыдай алмаймын.
Сонымен Митя кететін болды. Қайғыдан қажып жүрсе де, бір ғажабы ол қуанышты аттанған. Кетемін деуі мұң екен, бәрі де өзінің әуелгі арнасына түсті. Дегенмен күндіз де, түнде де маза бермеген бір сұмдыктың барына жан-тәнімен сенгісі келмеген еді. Катяның мінезінен сәл-пәл өзгерісті аңғарса болды, оның көз алдында мүлдем басқаша көрінетін. Ол тағы да ерке, өте биязы қылық көрсетті, әдеттегідей жасанды қымсынуы да жоқ, қызғаныштың күйігіне отығып алған қайран бас мұны бірден сезді де, ол тағы да түнгі сағат екіге дейін отырып, тағы да таусылмайтын әңгімесін бастады, аттанар күн жақындаған сайын `түсінісу үшін` ажыраса тұрудың түкке қажеті жоқ, әрі ерсі сияқты көрінді. Бірде тіпті Катя жылап та алды, бұрын ол жылауды білмейтін, сол көз жасы оны туғанындай жақындатып, әлдебір кінәсі бардай Митяның жанашырлық сезімін оятып жіберген.
Маусым айының басында Катяның шешесі Қырымға аттанып, жазды сонда өткізіп, қызын да ала кетпек-ті. Мисхорда кездеспек болып келісті. Митя да Мисхорға келмек еді.
Ол жиылып-теріліп жолға әзірленді, бір түрлі масан кейіпте Мәскеуді шарлады, аяғы нық, есі дұрыс, бірақ ауыр науқасы бар адам секілді. Ол өзін әрі мас, әрі дімкәс адамдай бақытсыз сезінді, сонымен бірге ессіз бақыттымын деп те сезінді, Катяның жан тартып қамқор бола бастағанына көңілі шексіз разы, құдды қалыңдығы, болмаса әйелі секілді дүкен аралап жол қажетін сатып алысты — осының бәрі алғашқы табысқан тәтті шақтарын еске салған. Ол маңайындағы бар көріністі де осы көңілмен қабылдады — үйлер, көшелер, соны кезген адамдар, көктемгі бұлыңғырды еске салатын ауа райы, шаң мен жаңбырдың, қорған сыртындағы түлей бастаған теректердің иісі: осының бәрі де ажырасудың мұңы мен жазғы үміттің тәттілігін айтып тұрғандай, Қырымға жетсе болды, арманның бәрі орындалатындай (бірақ орындалатын не арман екенін өзі де білмейді).
Жолға шығарда қоштасуға Протасов келді. Жоғарғы класстың гимназистерінің ішінде, студенттердің ортасында өздерін сайқымазақ-қылжақпас ұстайтын, жұрттан өзін ересек те тәжірибелі санайтын жастар жиі кездеседі. Соның бірі Протасов, Митяның ең жақын сырласы, қаншама жасырса да Митя махаббатының құпиясын бүге-шігесіне дейін білетін нағыз досы. Митяның чемодан байлап жатқанын да көрді, қолының қалтырағанын да көрді, содан соң мұңды бір даналықпен жымиды да:
— Құдай кешірсін, сендер құдды бала секілдісіңдер! - деді. — Соған қарамастан, сүйкімді менің тамбовтық Вертерім, Катяның табиғатында танылмайтын нағыз әйел сиқырының жатқанын түсінетін уақытың болды, оған енді полицеймейтердің өзі де ештеңе істей алмайды. Сенің бүкіл болмысың еркек, басыңды жарға соғып, оған ең жоғарғы міндет -ұрпақ жалғастыру керектігін талап етесің, әрине, бұл да заңды, бір ойдан қасиетті парыз. Сенің тәнің сананың жоғарғы сатысы деп герр Ницше тегін айтпаған. Бірақ сол қасиетті жолда мойныңды үзіп алсаң ол да заңды. Ең алғашқы, ең соңғы ләззат үшін өзін құрбандыққа шалатындар хайуандар дүниесінде де бар емес пе. Дегенмен бұл мақсат саған міндетті емес шығар, сондықтан екі қарап бір шоқы, өзіңді сақтағайсың. Жалпы асықпа. `Юнкер Шмит, құдайға қанық, жаз әлі қайтып келеді!`. Жарық дүние жамаулы емес, дүниені Катя тіреп тұрған жоқ. Чемоданыңды умаждағаныңа қарағанда сөзімді ұнатпағаныңды сеземін, саған бәрінен де сол дүниенің тірегі сүйкімді сияқты. Жә, арзан ақылыма кешірім өтінем. Сені бір құдайға тапсырдым!
Протасов оның қолын қысып кеткен соң жастығы мен көрпесін буып жатқан Митя аулаға шығатын ашық терезеден әндеткен дауыс естіді. Әнші боламын деп таңнан қара кешке дейін дарылдап даусын сынайтын қарсыдағы студент `Азруды` айтып тұр екен. Митя қалай болса солай белдікті байлай салды да, картузын киіп Кисловкаға тартты - Катяның шешесімен қоштасуы керек еді. Студент салған әннің әуені мен сөзі құлағынан кетсеші, соны сан рет қайталап, көшені де көрмей, кезіккен жұртты да байқамай басы айналып сандалып қалды. Айтқандай-ақ дүниенің тірегі сол секілді, юнкер Шмит пистолетін оқталып өзін-өзі атқалы тұр. Мейлі, тіресе тірей берсін деп ойлады да тағы да әнге қайта оралды: өз көркіне өзі тоймай бақта сайрандап жүрген сұлтанның қызы фонтанный қасында тұрған көмірден бетер қара құлды көріп, оның кім, қайдан екенін сұраған екен, сонда құл мұңдана үн қатыпты:
Менің атым Магомет...
Тегім менің Азру,
Сүйеміз де өлеміз!..
Митяны вокзалға шығарып салмақ болып киініп жатқан Катя өз бөлмесінен айқай салды, әне келеді, міне келеді деп оны талай тосқан сағынышты таныс бөлмесі. Қызыл-күрең шашты, жылы жүзді сүйкімді әйел шылым шегіп жалғыз отыр екен, Митяға мұңды көзбен қарады - тегі бәрін де баяғыдан білетін, түсінген тәрізді. Ол қызара бөртіп, іші қалтырап, баласындай басын иіп онын тозып кеткен жұп-жұмсақ қолынан сүйді, ол да аналық сезіммен Митяның самайынан иіскеп шоқындырды.
— Еһ, сүйкімдім, тек күлкімен өмір сүріңдер! — деп Грибоедовтің сөзімен жымиып күлген болды. — Христос жар болсын, барыңыз, жолыңыз болсын!
VI
Бөлмедегі барын жиып-теріп, дәліз кезекшісінің көмегімен жүгін арбакештің қосаяқ трашпеңкесіне тиеді де, соның қасына отырып қозғала бергенде аттанардағы алғашқы ойына түскені — бәрі де бітті (біржола), өмірдің бір үзігі өтті де кетті деді, сонымен бірге бойы жеңілдеп, алдағы күннен жаңа бір үміт күткендей болды. Көңілі орнына түсіп, маңайына жіті көзбен жаңаша қарады. Қош, Мәскеу, қош бол сенде кешкен күндерім! Жаңбыр себезгілеп, көшелер бос жатыр, жолға төселген малта тастар шағылысқан темір секілді жалтырайды, аспан түнеріп, кірлеп кеткен үйлер бүрісе қалыпты. Арбакеш атын айдамай ілбітіп, зеріге бастаған Митя жан-жағына жалтақтай берді. Кремльден, Покровкадан өтті, одан тағы да қарғалары жаңбыр шақырып шуласқан шолақ көшелерге бұрылды, дегенмен әйтеуір жазғасалым ғой, ауада келер көктемнің иісі бар. Ақыры жетті-ау, Митя бірден жүкшілерге жүгірді, одан вокзалдағы қалың жұртты қақ жарып перронға, үшінші жолда тұрған Курекінің шұбалаң пойызына шықты. Пойызды күткен ала-құла қалың тобыр, арбаларын салдырлатып ары-бері жүгірген жүкшілер, солардың ішінде `көркемдігімен көз ұялтып` елден ерекше, тек мынау тобырдан ғана емес, мүмкін жалғанда жалғыз өзі ғана ерекше туған періштесін сонадайдан көріп қалды. Бірінші қоңырау да соғылды, бұл жолы кешіккен Катя емес, Митя еді. Катя одан бұрын келіп шыдамсыздана, сарғайып күткен, көре салып тұра жүгірді де кәдімгі қалыңдығындай, тіпті құдай қосқан жарындай жанашырлықпен:
— Айналдым, тезірек барып орын ал! — деп бәйек болды. — Қазір екінші қоңырау!
Екінші қоңыраудан соң бұрынғыдан да өбектеп, платформадан, тер мүңкіген халыққа лықа үшінші класс вагонының есігінде тұрған Митяға бар ықыласымен сүзіле қарады. Тұла бойында гиномдай мін жоқ - сүйкімді бет-жүзі, шағын ғана тұлғасы, үріп ауызға салғандай балаңдығы кетпеген бойжеткеннің нұрлы кейпі, жалтылдаған жанары, ептеп сәнқойлыққа еліктеген қарапайым шляпасы, тіпті қара сұр костюмінің жібек астарына дейін Митя ойша көріп тұр. Бүл болса тыртиған арық, оның үстіне жолға деп ұзын қонышты долбар етік, түймелері қажалып қалған ескі күртесін киген. Сонда да Катя оған жантарта қимастықпен сүйсіне қараған. Үшінші қоңырау Митяның жүрегіне инедей қадалды да вагонның баспалдағынан жын қаққандай секіре жөнелді, Катя да осы кезде алды-артына қарамастан оған қарсы жүгіргені. Митя оның қолғабына жармасып өліп-өшіп сүйді де қайтадан вагонның баспалдағына қарғып шықты, көз жасына не бола алмай басындағы картузын шешіп, айқайлап кеп бұлғасын, Катя юбкасының етегін көтеріп, одан көзін алмастан платформамен бірге кейін қарай қалқып барады. Жел терезеден қарап тұрған Митяның шашын жұлмалап, паровоз жол беріңдер дегендей өкіріп-бақырып заулай жөнелді, енді бір сәтте Катя да, платформа да жер жұтқандай жоқ болды...
VII
Жазға салымның жаңбырлы бұлтынан жалаңаш даланың ымырты ертерек түсті, көктем әлі келе қоймаған, ауыр вагон тарсылдап-күрсілдеп мұздай ауаны жарып келеді, кондуктор билет тексеріп, фонарьларға шырақ қойып жүр, ернінен Катя қолғабының иісі кетпеген Митя дырылдаған терезенің алдында әлі тұр, айырылысардың ақырғы сәтінде өзегіне түскен өкініш мұң болып қайта-қайта лықсиды. Бірде қуаныш, бірде уайымға бөлеп, бүкіл өмірін теріс айналдырып жіберген Мәскеудің созылмалы дерттей ұзақ қысы қазір қайта жаңғырып, көз алдынан жаңа бір көрінісімен өтіп жатыр. Түрленіп, түлеп көз алдында Катя тұр... Иә, Катя! Бұл кім өзі? Ал, махаббат, құштарлық, жан, тән? Бұл не өзі? Мұның бәрі де жоқ - бәрі де басқа нәрсе, мүлдем басқа! Мынау қолғаптың иісі — бұл да Катя емес пе, махаббат, жан, тән деген де осы емес пе? Мынау мұжықтар, жұмысшылар, жылауық сүйкімсіз баласын дәретханаға жетелеп бара жатқан әйел, теңселген фонарьдағы өлеусіреген жарық, жазға салымның жалаңаш даласын бүркеп келе жатқан ымырт — бәрі де махаббат, бәрі де жан, бәрі де мұң, бәрі де белгісіз бір қуаныш!
Ертеңгісін Орел, түкпірдегі алыс платформада тұрған провинция пойызы, енді соған мінуі керек. Митя ғажап қалды: неткен қарапайым, тып-тыныш, жайдары таныс дүние, Мәскеуді мұнымен салыстыруға да тұрмайды, ол қазір көңілден де көшкен, онда тек Катя ғана қалған, сүйгені, сүйіскені, жалғызсырап, жетімсіреп жүрген шығар-ау. Жаңбырдың жұлым-жұлым сұрғылт бұлтын бүркенген боз аспан да, тіпті жел де бұл жерде сабырлы, момақан... Поезд Орелдан асықпай қозғалды, Митя иен вагонда асықпай отырып тәтті прәндік жеді. Біраздан соң вагонның баяу ырғағымен тербеліп ұйықтап кеткен.
Тек Верховьеде ғана оянды. Пойыз тоқтап тұр екен, адам көп, абың-күбің, бірақ мұнда да сабырлы тыныштық. Бекет асханасының таныс түтіні шалқиды. Митя тамсанып отырып бір тәрелке жапырақ сорпасын, бір бөтелке сыра ішті де тағы да қалғып кетті, тұла бойын шаршау мен ұйқының зілі басқан секілді. Көзін тағы бір ашқанда пойыз соңғы бекеттің алдындағы өзіне таныс қайыңды алқаппен заулап келеді екен. Тағы да жазғасалымның бұлыңғыр аспаны, ашық терезеден саңырауқұлақтың иісі секілді көктемнің лебі келеді. Орман әлі жалаңаш, бірақ пойыз күрсілі жаңғырық болып қайтып тұр, алыстан бекеттің уайымшыл шамдары жылтырайды. Мінеки, биік семафордың жасыл оты қайыңды орманның алакеуімінде әсіресе әсем көрінеді, пойыз сатыр-сұтыр басқа жолға ауысты... Япырай, мұны платформада сарғая күтіп тұрған дсревняның бір байқұсына обал-ақ.
Бекеттен жазғасалымның батпағына белуарынан мелдектеп отырған үлкен селоға жеткенше қас қарайып та кетті. Дүние жұп-жұмсақ ымыртқа шөгіп жатыр, төңірек тым-тырс, қараңғы түн жаңбырлы бұлттың қарақұрығымен ұласып кеткен, Митя тағы да іштей қуанып келеді: япырау мынау қиқы-жиқы үнсіз деревня, әлдеқашан ұйқыға батқан тауықтың саңғырығы мүңкіген үйлер неткен ғажап та қарапайым — Благовещеньеден бастап құдайға қараған жұрт от жақпайды - тас қараңғыда қалғыған дала түні қандай тамаша! Тарантас ұра-жыраға қайта-қайта сүңгіп, ми батпақты сапырып келеді, бай мұжықтың ауласындағы жалаңаш емендер әр бұтақтың қолтығына ұзақтың ұяларын қыстырып алып көкке телміріп сидиып тұр. Үй алдында қараңғы түнге көз тігіп әлдебір мұжық о дүниеден келгендей сұқтана телміреді: жалаңаяқ, жыртық шапан, солаңдаған ұзын шаштың төбесінде пұшпақ тері бөрік...Иісі аңқыған жылы жаңбыр себелеп берді. Митя әр үйде жылы көрпенің астында ұйықтап жатқан қыз-келіншектерді ойлады, қыс бойы Катя екеуінің бастан кешкен күндері көз алдына елестеді де бәрі де бір елес болып шыға келді. — Катя, қыздар, келіншектер, түн, көктем, жаңбыр иісі, көктеуге жақын сүдігер иісі, тершең жылқының иісі, жібек қолқаптың иісі...
VIII
Деревнядағы өмір жаймашуақ күндермен жайдары басталды.
Түнде, бекеттен шыққан жол бойында Катя бейнесі көмескі тартып, айналаның ажарына араласып кеткен сияқты еді. Жоқ, бұл әншейін бірнеше күннің әсері екен, Митяның ұйқысы қанып, есін жиғанша, атамекеннің бала кезінен өзіне таныс тіршілігіндегі жаңалықтарға көзі үйреніп, деревняға, деревня көктеміне, жуырда гүлденіп шыға келетін жалаңаш та иен даланың суретіне қаныққанша кейінге ысырыла тұрыпты.
Усадьба онша үлкен емес, үй де ермегі аз ескі, шаруасы көп жұрттың қолын қажет етпейтін жинақы, — сонымен Митяның тыныш тірлігі басталды. Қарындасы Аня гимназияның екінші класында, інісі бозбала - кадет Орелда оқуда, маусымның басында бірақ келетін шығар. Анасы Ольга Петровнаның қолы шаруадан босамайды, күн батса болды ұйқыға кетеді, оған болысатын жалғыз піркәшік-староста көбіне дала жұмысында жүреді.
Митя келген күннің ертесінде он екі сағат ұйқыдан соң жуынып, таза киініп бөлмесінен шықты да (терезесі баққа қарайтын жарық бөлме еді) үйдің ішін түгел аралап, туған шаңырақтың жаныңды да, тәніңді де рахатқа бөлейтін қарапайым жылылығын бірден сезінді. Бәрі де бұдан көп жыл бұрынғы орнында тұр, баяғы сол таныс иісі, мұның келерін біліп бәрін де тап-тұйнақтай жинап, жуып, тазартып қойған. Тек кіреберіс пен жалшылар үйіне іргелес зал ғана бітпей қалған екен. Жалда жүрген деревняның секпіл бет бойжеткені терезелерді сықырлатып сүртіп жатыр, жоғарғы шыныға қолын созғанда төменгі әйнектен белге дейінгі бүкіл мүсіні алыстағы бір көгілдір елес секілді жарқ-жұрқ ете қалады. Үй қызметшісі Параша, жалаңаяқ, ақ балтырын ойната шелектегі ыстық судан шоқпытты суырып алып едендегі көлшікті шалпылдата кешіп бара жатып маңдайының терін шынтағына дейін түрілген жеңімен сипай салады да біреу қуып келе жатқандай асығыс дыбдырықтап:
— Барып шай ішіңіз, — деді өзімсінген еркін қылықпен. — Сіз мүмкін естімеген шығарсыз, анаңыз күн шықпай тұрып старостамен бекетке кетіп қалған.
Сол сәтте ол Катяны есіне алды: шынтағына дейін түрілген әйелдің тоқ білегі, терезе алдындағы жанарын суырған бойжеткеннің юбка ішіндегі тырсиған қып-қызыл саны. Катяның құпия билігі бұл жерде де өзін қуып жеткеніне қуанып, мен сенің меншігің екенмін ғой дегенге бар көңілімен шүкіршілік етті.
Әрбір таң атқан сайын, Митя есін жиып, деревняға отыққан сайын Катяның бейнесі де тіріліп жақындай түсті де сонау Мәскеудегі қиялындағы Катяға ұқсамайтын кәдімгі Катяны ұмыта бастағанда жаны жадырап, көңілі жай тапты.
IX
Ол алғаш рет өзінін үйінде есейіп қалғанын білді, соны сезген анасы да бұрынғыдай емес басқаша сөйлесетін болды, ең бастысы, нағыз махаббаттың сағынышымен, балалық шағында, бозбала кезінен аңсаған арманымен күн кешті.
Тіпті сонау сәбиінде тіл жетпейтін ғажайып та құпия бір сезім көкейіне құрт болып түскен. Бір кезде, бір жерде, көктем болса керек, бақ ішіндегі бір топ сиреннің түбінде — иісі есінде қалыпты — тіпті сәби шағында бір әйелдің қасында тұрған — мүмкін өзінің күтушісі шығар - кенет көк аспанның жарқын жүзіндей бір нәрсе жарқ ете қалды - әлде бет ажары ма, әлде көкірегін керген сарафаны ма, — ыстық жалындай әлде не шарпып өтіп, құрсақта тулаған нәрестедей тұла бойын дір еткізген... ол бір көрген түстей еді. Бұдан соңғы көргендері де лып еткен түстей болды - бала кезінде, бозбала шағында, гимназияда оқыған жылдары. Бала кезіндегі мұның той-томалағына шешелеріне еріп келіп-кетіп жүретін қыздардың бәріне ерекше бір құмарлықпен қызыға қарайтын, солардың әрбір қимылын аңдып, ешкімге, ешнәрсеге ұқсамайтын, башпақ киіп, басына жібек лента байлаған көйлек ішіндегі кіп-кішкентай тірі жандардан көз айырмай тәтті бір сезіммен жұртқа білдірмей қадалып кеп отыратын. Одан соң (кейінірек, губерниялық қалада) естияр шағында бүкіл күз бойы гимназист қызға есі кете қызыққаны бар, ол шіркін күн сайын көршінің бағын аралайтын еді: ширақ жүрісі, қоңыр көйлегі, шашындағы имек тарағы, кір басқан қолы, күлкісі, сыбызғыдай нәзік даусы — бәрі-бәрі Митяны есінен тандырғаны соншалық, ертеңнен кешке дейін соны ойлап мұңданып, кейде содан бір нәрсе дәметкендей жылайтын да кездері болды, кейін бұл да ұмытылып, көңілден көшті, бұдан соң да баянсыз таныстықтарды бастан кешті, бірақ обалы қане, таңданудан, табынудан танған жоқ, лып етпе қуаныш, қылт етпе кейістіктер де жетіп жатты, гимназияда өткен билерде аяқ астынан ғашық та болып қалды... тәні әлде неден балқып, жүрегі әлде нені күткендей, соны тосумен лүпіл қақты...
Ол деревняда туып, деревняда өсті, бірақ гимназияда оқып жүрген кезінде көктемді амалсыздан қалада өткізді, тек бір жылы ғана, алдыңғы жылы болса керек, масленницада деревняға келіп ауырып қалды да, жазылғанша наурыз бен сәуірдің ширегінде осында жатып алды. Бұл да бір естен кетпес күндер еді. Екі жұма бойы тырп еткен жоқ, дүниенің тоңы жібуіне қарай өзгерген аспанның айнасын, қарды, бақ пен оның ағаштарын тек терезеден көрді. Сондағы көргені: таңғы шапақ, жылы бөлме күн көзінен жарқырап тұр, тіріле бастаған шыбындар әйнек шынысында жорғалап жүр... Келесі күнгі түстен кейінгі шақ: күн көзі үй сыртына ауып кеткен, терезеде жазға салымның бозғылт көбік қары, аспандағы түйдек-түйдек ақ бұлттар ағаш басына ілініп қалғандай... тағы да бір күн өткенде аспандағы қалың бұлт жыртылып тұр екен, ағаштардың қабығын тер басқан, шатырдан аққан тамшының тырсылын тыңдап жатып өзіңнен өзің қуанасың, көңілің қуанышқа тоймайды... Бұдан соң жылы тұман бүркеп тұрып алды, бірнеше тәулік қарлы жаңбыр дүниенің жүйкесін жібітіп, өзеннің мұзы түсті, бақ пен ауланың қары кетіп, қара жер бусанып қуаныш әкелді... Тұңғыш рет атқа мініп, наурыз айының аяғында дала кезгені күні бүгінге дейін Митяның есінен кетпейді. Аспан әлі сұрғылт, бірақ бақтың жалаңаш өңсіз ағаштарында сәулесі сағым болып шағылысып тұр. Далада жел шыңылтыр, егіндік алқап сап-сары әрі тың, сұлы себетін аңызды жырта бастапты, майлы топырақ қап-қара барқыт секілді. Митя аңыз бен сүдігерді қақ жарып таза ауада алыстан қарайған орманға тартты - ол да жалаңаш, шағын ғана, ол шеті мен бұл шеті көрініп жатыр, арман қарай орманды сайға түсті, өткен жылдың ескі жапырақтары ат аяғына оралып сылдырымен маңайды оятты, кей жері құрғақ, кей жері шіріген қоңырқай түсті, әлі қар суы сарқылмаған жырадан өткенде бұта түбінен, тура ат аяғының астынан пар етіп қызғылт құйрық бұлдырық ұша жөнелді... Бетін салқын самалға өптіріп, балшықты аңыз, жыртылған атыздан өткенде аттың өкпесін солқылдатып, қолқасын қорсылдатқан сол бір көктем, сол бір күн Митяға не жұбаныш берді? Ойлап отырса тек сол көктем оның алғашқы да шын махаббаты болған екен, әр күнін тек ғашықтықпен өткеріп, біреуге, бір нәрсеге ғашық болып, бүкіл гимназия қыздарына, дүниедегі бүкіл қыздарға ғашық болған екен. Бүгінде сол күндер тым алыстап кетті-ау! Ол кезде таңдайының сүті кеппеген, пәк те ақжүрек, өз уайымы, өз қуанышымен күн кешкен қиялшыл бала екен ғой! Түсіне