05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Зейнел-Ғаби Иманбаев

Зейнел-Ғаби Иманбаев(1924-1987) - 2 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы, Сергеев ауданына қарасты Ортақкөл ауылында туған.

Қажекеннің арманы






Қажыкен өзімен бірге ойнаған балаларды ешқашан ренжітіп көрген емес. Ешкіммен байланыспайды да. Ол мейлінше қиялшыл бала.

— Білесің бе, Төкен, дүниеде теңізші болудан артық бақыт жоқ. Алыс мұхиттарға саяхат жасайсың. Алыс елдерді көресің. Теңіз түбінің кейбір байлығын тексересің, жақсы емес пе? Теңізде шырматылып өсетін жібектей жұмсақ өсімдік болады екен. Өзіміз күнде жеп жүрген кәмпиттердің сыртындағы әсем қағаздар содан жасалатын көрінеді.

— Солай ма, расында тамаша ғой, — деп, Төкен қатты таңданды.

— Солай, мен енді қалайда теңізші болам. Төкеннің ағасынша үлкен кемелермен жүзем.

— Ой, мақтаншақ, мұрныңды сүртіп алсайшы. Сені теңізшілікке алып қайтсін, — деді Жандос күліп. Қажыкеннің қалқан құлағы қып-қызыл болып кетті.

— Алады, несі бар, — деп күмілжіді ол. Шолақ мұрны пысылдап төмен қарады. Көзі жасаурап, үйіне қарай шапшаң кетіп қалды.

— Бекер ұялтасың, ол шынында теңізші болады. Сөзсіз болады. Кім не болса еркі емес пе? — деп Төкен Жандосқа ұрыса бастап еді, анау:

— Мақтаншақты жаным сүймейді. «Пәлен болам, түген болам». Сонда өзге жұрт бола алмай ма? Мысалы, мен космонавт болам. Гагаринше қас қаққандай уақытта әлемді бір айналып түсем. Космонавтың жанында теңізшілік те жұмыс па? Мен тағы кім болам, тұра тұр, ойланайын…

Төкен қарқылдап тұрып күліп жіберді.

— Ой, нағыз мақтаншақ өзіңсің. Қажыкенге теңізшілікті қимайсың. Ал өзің бірден космонавт болмақсың.

Жандос жұдырығын түйіп алып, жирен шашы тікірейіп, соқтыққалы тұр.

— Кәне, кім космонавт бола алмайды, айта ғой! — деді кеудесін көтеріп.

— Сен бола алмайсың, — деді Төкен долданып. — Космонавт түгіл шопыр да бола алмайсың, нағыз мақтаншақсың!

Жандос жұдырығын ала ұмтылды. Төкен қолын қағып жіберіп, алыса түсті. Қапылыста Төкенді іштен түйіп жіберді. Екі бала ұмар-жұмар болып жерге құлады.

Ызалы Төкен Жандосты астына басып, шапалақтап жіберді. Жандос қашып бара жатты. Төкен үстін қағып тұрып:

— Мақтаншақ, қорқақ! — деп айғайлады.

Осыдан соң балалар көп уақыт кездеспеді. Әсіресе Қажыкен тұнжырап жүрді. Бір күні Төкеннің теңізші ағасы демалысқа келе қалды. Қажыкен қатты қуанды. Ол теңізшіге ыржия қарап, көз алмай тұрды. Қолапайсыз кең шалбардың балағын ұстап көргісі келді. Алтын жазулы жібек лентаны қатты қызықтады.

Төкеннің ағасы ауылда көп болған жоқ. Қызметіне жүріп кетті. Ол Төкенге күнқағарсыз картуздың алтын жазулы лентасы мен матрос белбеуінің жезден құйған ауыр айылбасын қалдырған еді. Бетінде кеме якорының суреті бар сом айылбас болатын. Төкен Қажыкендікіне барды.

— Жүр, Қажыкен, ойнайық. Менде мыналар бар, жүр! — деді ол лента мен айылбасты көрсетіп. Қажыкен көңілсіз ерді.

— Мә, айылбасты ала ғой. Сен теңізші боламын деп жүрсің ғой, ала ғой!

Қажыкен үнсіз бас шайқады.

— Ендеше лентаны да қоса берейін.

Бала тағы да бас шайқады. Екі дос көлге қарай үнсіз аяңдап келе жатты. Қажыкен толқын жүріп жатқан көл ортасына қарап күрсінді де:

— Мен бәрібір теңізші болам, көр де тұр! — деді.