22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Жұмекен Нәжімеденов

1935 жылдың 28 қарашасында Гурьев (Атырау) облысы, Теңіз (қазір Құрманғазы) ауданындағы Қошалақ деген жерде дүниеге келген.

Шындық немесе кесілген бұрым






— Уа, ассалау-мағалай-күм, хан ием! Аңыз болған аймаққа ақбоз атыңды ұры алды! — Аттылы алқынып тоқтап қалды. Өз үні өзін иландыра алмады, тым оқыс әрі жасанды шықты. Қарсы алдындағы қайың сойылдың басына кигізілген көне тымақ міз бақпайды. Ол да әлгі сөздердің шындығына сенбей тұрған сияқты мейірімсіз, сынай, соттай қарайды.

Жігіт атын бауырлап-бауырлап жіберіп, өкше ізіне қайта салды. Көз ұшындағы қара жыңғылға шейін сылт шабыспен барды. Жыңғылды бір айналып, тізгін іріккен: Күн астындағы қарақшы қылтиып қана көрінді. Соншалық жұпыны, әлсіз. Бір сәт сол болымсыз, бейшара тұлғаға менсінбей, кісімси назар тастады. Содан тайсалған жүрек — жүрек емес, бір жұлым ет шығар, жұлып ал да, итке лақтыр. Қалқан өстіп, өзін өзі қайрап, қатайып ап, қарақшыға қайыра ат қойды.

Қалқанды хан еркін ұстайды. Жасқамай, қақпай сөйлеседі. Өтініш-тілегін қиналмай орындатады. Ел арасының ұсақ-ылаң дау-шарларын соған шештіреді — билік кестіреді. Топ алдында беделі үстем билерінің бетін де соған қайтартқызады. Қара халықтан хан ордасына қаймықпай кіретін де жалғыз сол — Қалқан.

Қалқан! Сонша кім ол?! Ешкім де емес, Алдиярдың көп жылқышысының бірі.

— Иә, жылқышы.

— Бәлкім, би тұқымынан болар?

— Осыдан он жыл бұрын шоқпыт тонын отқа жаққанбыз.

— Ханға қалай ұнап жүр?

— Жылқы бақты.

— Ақылды ма?

— Басы біреу.

— Шешен бе?

— Тілі ауызында.

— Тағы не қасиеті бар?

— Өтірік айтпайды.

— Ендеше, айтқызу керек.

Бұл ханның қақсал биі Сабатай мен кексе жылқышы Қара-дойырдың арасында болған әңгіме еді. Содан бері Қалқанның кісілігі үш мәрте саудаға түскен. Үшеуіңде де Ар жеңді. Сөйтіп, хан сүйіктісінің сүйегіне таңба салмақ боп сабылған жұрт оның буынын қатайтты, қаралаймыз деп жүріп ақтап алысты. Бұл жағдай әміршінің жүзіне қонған шыбын аяғын жалап ұшыруды дәреже санаған жағымпаздарды одан сайын өшіктірген-ді.

Салт атты қарақшыға екінші мәрте таянды. Қайқы бас күміс үзеңгіні көксауыр етігінің нақ сүрінер тұмсығымен тірей:

— Уа, алдияр, айыптымын алдыңда. Ақбозыңның алқымы атаңа нәлет аралының ауызында қырқылды, — деп аңқылдады. Ауа желсіз-тін, түлкі тымақтың қос құлақтығы құлықсыз салбырайды, тамақ бауының бір сыңары ғана екі-үш мәрте желбіреп басылғанға ұсады. Қалқан таңдайын тық еткізді — бұ да емес, — деп күбірледі түнеріп, — жылқы баласы қасқырға тамақтатпайды, қате, тоқты-торым ба екен ол, әсіресе, ақбоз ат, әй, жануар-ай! — Жігіт атын әлгі қара жыңғылға қарай қайта айдады.

Он жыл бұрын Кербез он төртте-тін. Қалқан деген есімді ілкі естігенде есі кеткенше күлді. Сондай да ат болғаны-ау, шамасы? Қалқан. Ненің қалқаны? Қарудың ба, құлақтың ба? Алдиярдың алдындағы жалғыз қарасыны — ерке-тотай қыз топай, ақсүйек, алтыбақан қызығынан ерте безіп, ақыл-парасаты, тіл өткірлігінің арқасында, өстіп, сөзбен, сөздің астарын айналдырып ойнауға көшкен шағы еді. Дереу ханның жаңа жылқышысына ат ойластырды. Қалқан, Қалқан... қандай сөзбен алмастыруға болады? Жас, ойнақы қиял көп қиналған жоқ, тілге алғаш үйірілген сөздерді шұбырта салды: қақпа, жаппа, ықтасын, далда. Бірақ... содан төрт жыл өткенде бұла бойжеткен осы төрт сөз, төрт есімге баланған бір-ақ адам — бетінде теңбіл-теңбіл безеу ізі бар қара жігітке ғашық болды. Басында өзі ойнап таққан төрт есім, төрт сөз қыз жанын білдірмей азаптайтын төрт аяқты қасіретке айналды. Қай аяғымен басса да жаншылатын көкірек біреу, көңіл жалғыз. Тәжірибесіз сұлу сыла-басымен сыршыл Тәңіріге ғана аян сезімін жасырарлық сенім таппайды, әлпештеп, күтіп ұстар күш көрмейді. Тіпті, ішкі сарайын, жүрегін қаусырып, сыртқы болмыстан тасалап тұрған қаңқа-қабырғасына да сенімі азайып алды. Көз біткен бір соның көкірегін оқып, демін аңдып отырғандай, секемшіл, үркек. Ақжарқын, сенгіш, әзілкеш қыз жел өтіндегі жалғыз қараша үйдей өзі өзінен қымтанып, бастырынып бітті, жер жарық болса, кіріп паналауды аңсай-тындай мүсәпір халге енді. Енді қалай? Алдиярдың Айға ұсаған жалғызы би мен бек, бекзада заманында есіктегі күңнің күнін кешсе... Жарлы, жалқы басты жылқышыға күсті қол жалшы, не әрі жаугершілікте, барымтада кеткен қаралы жесірлер ғана қайырылмаушы ма еді?! Әйткенмен махаббаттың өз мінезі өзінде, ол көрінген отқа үйіріліп түсер көбелек; астам бұйрық, ақкөз тағдыр. Тағдыр кімді, нені талғаған!

Сапырылысып жүрген қазаншы қатындар бірін бірі жұмсап жатады:

— Жел көтеріліп келеді, қазандықтың жел жағына ши-далда жасашы. — Кербездің жүзі ду ете түседі. Далда.

— Жас бұзауды жаппаға кіргіз, тоңып қалар. — Кербез құп-қу, шүберектей өңіп кетеді. Жаппа.

— Әй, таз бала, қойды ықтасынға иір. — Кербез жерге қарайды. Ықтасын. Бұл сөздерді аналар әдейі, қыздың сырын, құпиясын аштырып ап, айнала беріп күңк-күңк күлу үшін айтатын тәрізденеді.

— Жүрші, сарайдың қақпасын жабайық. — Кербездің жүрек-қолқасы қолқ етіп, қара бақайына түседі. Қақпа, жаппа, ықтасын, далда!
Қыз отауы Ордадан аулақ, екі-үш қабақ асып, атпен қаты-найтын жерде. Әдетте отаудың екі қанатына және екі үй тігіледі: қызметші, күтуші, сауыншы.

Ордаға кім келмейді! Бейіл, берекесін бармағының астына бүккен елші-делдал, қоржын-қоржын күміс сапырған саудагер, найзасы шошайған әскер басы, беттің арын белбеуге түйген түрлі түсті жағымпаз, қошаметші; сәт сайын жүріс, мінез өзгертуге үйренген әйелдер, ақын-жырау, шапаны жаңа қыдырма, қылқиған қайыршы, кезбе, күйші, қу, өсекші, бақсы-құшынаш. Күллісінің аңдығаны ханның қас-қабағы, ауызындағы дуа, алдындағы ас. Қыз отауын осындай қалың тобыр, сумаң тіл, сұқ көзден қағыс ұстауға қосқан әміршінің өз ләмі еді. Кербез де әке ұйғарымына дән риза-тын. Өзін тұтқын сезінгені — соңғы әзірде. Бас жылқышыға көңілі ауғалы ғана.

Бас жылқышы сайгүлігін сабылтып қарақшыға үшінші керен оралды. Ер кезегі үшке дейін, осы жолы табуға, айтуға тиісті еді, тағы сәтсіз шықты, тағы өз көңілі иланбады.

— Уа, алдияр, Қалқанның үкімін кес, жазала, ғайыптан туған ақбоз ат жер жұтты ма — білмеймін, су тартты ма — ұқпаймын, жоққа шықты бір түнде, — деп, тұтығып, іле тілін тістей қойды. Себебі аймаққа әйгі Ақбоздың, соңғы жылдары алдына қара салмаған жүйріктің енесі, былтыр қартайып өлген жалпақ боз бие хан табынына түнде қосылған, келген жері күмәнді жануар деген қауесет бар-ды. Қалқанның мына сөзі ханға сол бір «жабулы қазанның» қақпағын көтерумен бара-бар. «Ғайыптан туған ақбоз ат». Әміршіде, әрине, мұны кешер кеңшілік жоқ-ты. «Болмайды бұ да емес!» деп қасарды жігіт. Көкбестінің түсі қара сұр, қара теңбілге айналған. Қара жыңғылға қайыра бет қойған салт аттының артында сойылға ілінген көне тымақ — түйсіксіз қарақшы, сонымен, төртінші мәрте қалып бара жатты.

Қалқан жылқышы қостарын шолады. Жайылым таңдайды, қысы-жазы ыс иісі кетпейтін кепеш-қостарды кезеді; құдық-тарының суына шейін татып қарап, тамсап таниды. Хан алдында сөз ұстар жалғыз өзі. Жылқышыларға сойысты өзі үлестіреді, тебінді де өзі ауыстырады. Бірақ тұрмыс-тірлігі көппен бірдей: қара қос, қара шәугім, қақ сойыл, қайың құрық. Қалған жұрттан артық-шылығы ханның сенімі; иә, хан оған қалтқысыз сенеді. Қалқанның қадірлейтіні де сол — сенім. Хан сенген кісіге қара халық сенбей көрсін!

— Қалқан, — деген Қарадойыр бір күні Бас жылқышыны оңашалап ап, — қазір жылқының іңір жусауы, көңілімде инедей қаралық болса — атар таңның арайына тапсыр!

— Ей, Қарадойыр, қарғанған қатын ісі деуші еді, сенбеймін сөзіңе, көмекейіңді көріп тұрмын!

— Қалқан, ер жігітсің ғой, басыңа келіп қалған бақты теппе, кепиеті соғар, мен қызметіңе әзірмін.

— Жөніңе бақ, Қарадойыр! Айтқаныңды қылайын...

— Уай, мың жаса азаматым, бәсе, өзім де сүйтер дегем. Ақкербездің ажары ашылатын болды енді.

— Тәйт әрі, жалаңдатпа тіліңді, айтып ем ғой мен саған!

— Тағы тулап шықтың ба, бас асауың қалмады-ау, әйтеуір, есіл пейіл, есіл сұлу.

— Теңі емеспін мен оның, қорламасын атағын.

— Атақты да жүрек билейді, Қалқан.

— Қарадойыр, бұл тілегің осымен бітсін, ендігәрі ауызыңа алма, қараңғы көкірек нәпсісін қара түнге көмейік.

— Апырай, Қалқан-ай, сөз беріп қойып ем, қоқырайған бөркіммен қатын хақы — жеңгелікке де жарамағаным ба?!

— Суын ішкен құдыққа түкіре алмаймын, Қарадойыр.

— Сен ешкімнің суын ішіп жүрген жоқсың.

— Жөніңе бақ, ақ сөйле, Қарадойыр!

— Жақсы, батыр, бақтым жөніме.

... Сол біреу қарау түнде атын тебініп қап, желе жөнелген серігінің соңынан Қалқан ұзақ қараған. Тұяқ дүбірі мен шөп сылдыры бірте-бірте алыстап барып өшіп біткенше тапжылмай тұрды. Аңқаулығынан ақкөздігі басым жігіттің жік-жапар боп айтқан сөзі мен өз пиғылын іштей салыстырып, салмақтай келгенде кеудесі қысылып кетті; қосқа ызаланып қайтқан. Ол әңгіменің ақыры жанын мұнша қинарын ойламаған-ды.
Содан Қарадойырды көргені кеше: қосына боза ішуге шақырды. Аржағы не болғанын білмейді, есін бүгін жиды. Дәл солай, төсекте. Төсек сияғы да шамалы: құлын терісі — тулақ, жігітті қорлау мақсатымен әлдеқайдан әдейі сүйреп әкелінген секілді. Үлкен ала шәйі жастық, сол түстес жамылғы... жам-басындағы тері тулаққа жараспайтын-ақ мүлік... киімшең күйі, мең-зең боп біраз отырды. Қапелімде қалай кеп, қайда тұрғанын түсіне алмай айналасына алақтай берді. Ұйқылы көзі хан қызының қазыналы отауының түкпір-төрін шошына шолды. Мұнда қалай тап болды? Оң жақтағы түрулі шымылдықтың астына көзі түскенде тесірейіп қатты да қалды: Кербез ақ төсектен қара жамылып, сүйретіліп әрең түсті, бұған қиғаш бұрылып, бір мырс етті де, сыртқа беттеді. Бұл тұра далаға ұмтылған, босағадан ұстап шыға бере басы айналып кетті. Кеуде, мойын еттерінің әр тұсынан оймақ басындай жерлердің, отқа күйген сынды қатты ашып ауырғанын сонда аңғарды.

Күн жаңа көтеріліп келе жатқан. Қоңсы-жалшылардың аулақта мал қайырғаны, тұсаулы, шідерлі аттардың пысқырып қойып, бырт-бырт шөп жұлғанынан бөтен сыбыс жоқ. Жап-жас екі келіншек, сірә, қыз отауының күтушілері шығар, ас үйдің есігінен бұған қарап тістерін ақситысты.
Оқыс бір іс болып өткенге ұсады. Алдиярдың көз қуанышы — атақты Ақбоз аттың терісіне бармақтай-бармақтай көк шыбындар үймелеп жатты. Бұдан арғысын жігіттің жүйрік көкірегі жазбай ұғынды. Сәл толғанғаннан кейін адамзаттың мына сатқындығына да тістеніп төзуге бел байлап, атына қонған. Енді хан алдында жауап ұстауға тиіс.

Қалқан қарақшыға төртінші мәрте таяп келді. Жерге ұзақ сүйретілген сойыл басының бір аршындай жері анадайдан-ақ жарты бет, жарты шеке боп шалынады. Ауық-ауық желмен қозғалған жайпақ, жеңіл тымақ астында, көлеңке жақтан қарағанға ма, сүйекше қуқылданады... Батыл жігіт жансыз, иінсіз қарақшының осы бір бейшара түрінің өзінен сәл тітіркенді, ауызына манадан бері жасаған жаттығу сөздерінің қапелімде бірі ілікпей, әнтек тосылып қалды да, дәп содан жігер, қайрат шақырғандай қос тізгінді шалқая тартып, үзеңгіні шірей көтерілді. Сол-ақ екен, сана-түйсігінен тыс, артық, ажарсыз сөздер түйдек-түйдегімен тіліне орала кетті:

— Ией, хан ием, азамат-ердің белгісі:
түгендемес, топшылар.
Айшықты сөздің белгісі
айта білген еп шығар.
Бас кеспегің болса да,
тіл кеспегің жоқ шығар.
Сен — желкесі болғанда,
мен жүзі едім балтаның.
Қараңғы түн, бал-боза,
не салсаң да тартамын.
Бір асыл тас бар екен,
Күбір еттім, малтадым.
Мақпалыңды бөз еттім,
бөстек еттім хан тағын.
Ақбоз сынды атыңды
пышақтады Қалқаның.
Ақкербездей тектіңді
Құшақтады Қалқаның.
Осы айтқаным бәрі рас,
Кессең, тақсыр, міне, бас! —

деп бір тоқтап еді, сөзі ашық, күшті, әрі сенімді естілді. Міне, міне, хан алдында айтылар сөз осылай, қысылмай, аңқып шығуға керек. Ақты — ақ, қараны — қара дер болар! Жігіт өстіп ойлап, өзіне өзі көңілі тола, жеңілейе тыныстап, қарақшыға қадала қараған, кенет... уа, жапырақ көлеңкесіндей құбылмалы дүние, әлгі тымақ-қарақшы аяқ астынан Алдиярдың өзіне айналды. Иә, бірте-бірте: әуелі ханның қып-қызыл боп тырсиған оң жақ шекесі, сонсоң қанталай шатынаған сол көзі, сақалды иегінің оң жартысы, сосын сол иық, оң иық, мойын, мұрын, сол қол, оң аяқ, сол аяқ... өстіп, шалысып, шапыраштана кеп, ақыры атақты әміршінің дүйім тұлғасы түгелденіп шықты. О, жансызға жан бітірген шындық, жаңағы ескі тымақ киген қу қарақшының орынында енді екі бетіне зәрі тепкен ханның өзі тұрды. Ол Бас жылқышының қылыш тілеп қалшылдаған қылша мойынына көз тастап, қарқ етіп бір күлді, іле шадыр жанарына жылы шуақ, тіпті, мейірім, кешірімге ұсаған кілегей бір нәрсе жүгіртіп жіберді де, бүкіл талыс көкірегімен сөгіле, сөйлей жөнелді:

— Ха, Қалқан, сен құлақкесті құлымсың, ана ауыздан қайыр дуа дарыған шындық күтсем — сұмдық айтпас деп едім; қызыл тілің сұмдыққа да дөп екен, құл алдында ашу шақырмайтын ата салтым қашанғы, аттамаспын салтымды — кештім жүйріктің құнын! Ханның сөзі екі емес, қидым саған Кербезді! Сиса жарар бұл бақыт: маңдайың тарлау ма, қалай?!

— Дат, тақсыр, дат!

— Датың қандай! Құлдық деген сөзің бе?

— Дат, тақсыр! Тура сөйлеуге үйреткен өз әмірің еді ғой?

— Айт, датыңды!

— Қараны ханға теңгеру, аруағы асқан Алдияр, сенің де келмес қолыңнан. Ханның қызы қатын болып жарытпас, мен Кербезге тең емен, көп күңіңнің ішінен бір шүйкебас табармын, шұ-лғауымды жиіркенбей жуатын. Азаттық бер басыма, тілегім сол, Алдияр! — Алдиярдың бет-жүзі бауыздау қандай быршып, бірер ірк етті де, дереу қарақошқылданып қата қойды.

— Уай, тексіз құл, — деді, сонсоң шапанының оң жақ шалғайын жұлқып тастады, — сен тексіздігіңді көрсеттің, қалыбыңа тарттың. Бір түнеп, ертеңіне талақ қылғың келді ме? Кімге, кіммін деп сөйлеп тұрсың! Құлдың басы қалай азат болатынын білмесең, міне, көр! — Ашық аспанда найзағай ойнаған сықылды, әлденендей бір сәуле жанар шағып, оқыс, ащы жалт берді...

Ертесінде хан тағында отырған, қызы кіріп аяғына жығылды:

— Перзентің ем ғой, Алдияр ата, құлақ салшы сөзіме. Не істеп қойдың, ойлашы! Ақылды деп, әділ деп мынау жалпақ алашқа атың шыққан әміршім. Халқың не дер бұл іске. Жазықсыздан жазықсыз қанын шаштың біреудің. Ел бетіне енді қалай қарайсың?! Менің күнім не болар. Қас қарая қасқаны ессіз-түссіз кіргізгем, опиум қатып ішкізген бесті боза уыты ұзақ таңға қайтпады. Оянған жоқ ақыры. Жалаға сеніп, неткенің, әке! Алдияр! Өтірікке иланып бас кескенің...

— Адаспа, қызым, оның басын жұтқан өтірік емес, шындық!.. Шындық! — деп ақырды әмірші.

Сонсоң етпетінен түскен жалғыз қызының басынан асып, аунап кеткен шолпылы қос бұрымын қайқы қылышпен бір-ақ орып, есікке қарай лақтырып жіберді.

— Шаш орынына бас, бас орынына шаш алатын күн туар деген осы, жамағат! — Сөйдегенде ханның екі иығы селкілдеп жүре берді. Бірақ оның жылап, не күліп отырғанын аңғарған жан болмады..