22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Жұмекен Нәжімеденов

1935 жылдың 28 қарашасында Гурьев (Атырау) облысы, Теңіз (қазір Құрманғазы) ауданындағы Қошалақ деген жерде дүниеге келген.

Бақсы






— Бақсы келді.

Мен ғой өлем, деп ойлады Аңсаған үй-ішіне сүзіле, кірпік арасынан қарап, сосын не болар екен? Әжем, белгілі, дауыс етіп жоқтайды, себебі жақсы көреді. Жаңа зарлап қоя берді. Жасаған-ай, жалғызымды алып кетпесе игі еді, әй-әй, Құдай-ай! Көкесі жіби қоймас. Мана: «Сырқатының беті қайтпай, бақсы шақыру жөн емес», — деді-ау. Сонда алып кеткенін күткені ме? Алып кететін кім, қайда алып кетеді? Әрине, өлім, сол әкетеді. Ашаққа. Кәдімгі үгітіліп жатқан ескі, балшық молаларға. Бір қабырғасы опырылып түскен төрт құлақты ең үлкен бейіттің ішіне бұрнағыгүні ешкі кіріп, сонда көрген: екі көзі үңірейген бас сүйек, иә, кісінің басы. Әжесінің айтуынша, о дүниенің мақұлықтары мұрынды, ауызды, бетті, көзді ойып, бәрін жеп қойған. Өзінің, әжесінің сар тентегі Аңсағанның басы...— осы арада баланың тұла бойы түршігіп кетті. Зорлана ыңырсып, жанға жайлы, көңілді бірдеңелерді ойлауға тырысқан — түк шықпады. Ақылы баяғы бейіттің ішінде бөлініп қап зыр-зыр жүгірген егіз лақты қара ешкіге қайыра соқты. Көз алдына тағы да шашылған қу сүйек, үңірейген екі көз елестеді,— жо-оқ, Аңсағанның көзі ондай болмайды, өйткені тым кішкентай. Балалар ылғи көзің сығыр деп кемітеді. Бір сәт мұғалім апайдың «бес» салғанда айтатын байырғы сөзін есіне ап, жымиып қойды: малладес! О кісі солай сөйлейді, малладес, бес! Айтпақшы, апай о дүние жоқ дейді. Жоқ болғаны-ақ дұрыс. Әйтпесе, әжесі айтатын Әңкүр-Нәңкүр күрзісін көтеріп жетіп келсе... тас қараңғы көр, Алланың әмірімен мұны тірілтеді, бірақ үйге жібермейді, зіркіп тұрып жауап алады: анада, ханжаппай ойнағанда Салықпайға неге қаралық еттің? Бұзау еміп қойғанда әжеңе неге өтірік айттың? Шәй-сандықтағы азғантай тәттінің шетінен жымқырып тауысқан да, мұндар, сенсің, онда көкең ауырып жатқан-ды, аузының дәмін алар дәнеңе таппады. — Әңкүр-Нәңкүрдің өлгенде өзіне қояр барлық кінәсінен осы соңғысы — шәй-сандықтан қант ұрлағаны ауыр көрінді. Екі самайы, тамағы астының жіпсіп кеткенін сезінді. Тағы да өлем ғой, өлем, өлем деп ойлады. Өлсе, бақсының қажеті қанша?! Бұл 45-жылғы сәуірдің аяғы еді.

Есік алды опыр-топыр бола қалды. Әлдекім сөйлей, амандаса кіріп келе жатты. «Ойбай, тезірек жабыңдар, жел тиеді». Әжесінің дауысы. Көктемнің жылы күнінде от жаққан шеген зілмәңкенің іші онсыз да тұнып, күйіп тұрған-ды. Секөнтке ғана баланың жүзін салқын, рақат леп өпкен, артынша қайта тұншықты. Екі шекесі шым-шым етіп, жіпсіп кетті. Көзін шала жұмған күйі, қабағын жиырып, ыңырсып тіл қатты: Алдай, ашыңдар дағы! Босаға жақтағы аяқ дыбысы, күбір-сыбыр жым басылды, сол тыныштықта құлағына әжесінің күйзеле айтқан мына сөздері шалынды: «тағы сандырақтай бастады-ау, Жасаған Ием-ай!» Ауадан, лебінен аңғарды: біреу тез-тез басып жанына келді. Отырды. Өзі қатты жүріп, тіпті жүгіріп жетсе керек, демін жиі-жиі алады. Әдетте, үлкендер анда-санда бір тыныстайды ғой, ал мынау қозы қуып келген Салықпай сияқты, алқынады. Қандай адам болды екен, көрер ме еді? Неге екені мәлімсіз, өз ойынша, бақсы бет-жағын түгел түк басқан, маңдай, мойыны қатпар-қатпар, ауызын ашса көмейі үңірейген, үсті-басы ылым-сылым кәрі біреу болуға тиіс. Көзін ашпақ-ты, қабағы зілдей, кірпік көтертпеді, әрі шекесіндегі бұрын белгісіз бір тамыр зырқылдай жөнелді. Соның арасынша, маңдайына жап-жалпақ алақан төніп қалды. Қол сарғыш, бұл соққы күткендей, жасқанып шытына берген, алақан қонып үлгерді. Салқын, жұп-жұмсақ. Бақсының алақаны бұж-бұж, қаптаған сүйел болмай ма? Таңданғанынан көзін ашып алды; бақсы үңіліп отыр екен, күліп жіберді. Жүзі жып-жылы. Сақал-мұртын қанша қауқитқанымен жастығы білініп тұр. Үлкен қоңыр көздерінен мейірім шуағы төгіледі. Баланың маңдайынан сипай кеп, мұрынын қысып-қысып қойды. Мұның онсыз да ат шаптырым ауызы жайылып келе жатты да, ауруын есіне ап, кіржие салды. Бақсы: «Хал қалай, балақан»,— деп сұрады. Аңсаған «жақсы» деп қалғанын аңғарған жоқ. «Мына жерің ауыра ма?» «Аздап». «Мына жерің ше?» «Ауырмайды». Қорықпа, қазір-ақ жазыласың». Ана жақтан әжесінің дауысы шықты: «Қарт-ау, отқа қай күректі салайын?» Бақсы баланың құлағына еңкейіп сыбыр етті: «Қазір мен зікір салам, саспа». Аңсаған бұ сөзге түсінбеді, бірақ бақсының түріне қарап, зікірі жақсы нәрсе шығар деп түйді.

Түрегелгенде білді: жігіттің тұлғасы шағын, бойы да балаға жақын. Аңсағанның одан сайын іші жылыды. Тіпті, талайдан етене, туыс адамындай ыстық сезінді. Бір мезет өзінің кішкене кезінде әскер әкеткен әкесін ойлады. О да осындай жып-жылы, жап-жас кісі ме екен? Бала қанша қиналса да, әке бейнесін елестете алмады, себебі көз алдында бақсы ғана тұрды. «Мен қазір зікір саламын». Осылай деп тағы бір қайталады. Бұл жолғысы зор уақиға, қорқынышты бір нәрсе болатынын алдын-ала хабарлау, содан сақтандыру секілді естілді.

Қазық басынан домбыра ап қайта бұрылған қарттың жүзі, расында, үрей тудырардай еді: көзі шапыраш, аласынан ағы көп, екі қасы қосылып кеткен; бір езуі әнтек созылып, жоғары шығып барады. Көкірегі гу-гу. Әжесі ана жақтан самбыр-самбыр етті: «Алла сәтін салғай дағы». Сол-ақ екен, бақсы қақпағы жарық қара домбыраны сабалай жөнелді. Аузы-басы қисаң қағады. Әлсін-әлсін домбыраны басынан асыра, бұлғап-бұлғап тастайды. Кемпір-шал аң-таң боп бір сәт сілейісіп қалысқан, артынша қарт сасқалақтап: «Әлгі күрек қайда, күрек, күрек»,— деп күбінді. Бақсы ыдырына тепсініп, әрлі-берлі жүре бастады. Домбыраның құлақ күйі келмепті, әрі бірде-бір перне дұрыс басылмайды. Естіліп жүрген ән-күйден бөтен былдық-быдық бірдеңе. Әлде аруақтың күйі басқа ма?

Аңсаған бұл елдің әнші, күйшілерінің талайын көрген, өзі де ептеп күй қайыратын. Мынаның ішек қағысына қарап күлкісі келді. Өстіп те кісі домбыра тарта ма! Соның арасынша әжесі бір аяқ су әкелді. Бессмелләһи деп, баланың көпшігін көтеріп, басын биіктетті. Енді бұл есік, төрді түгел көре алады.

Анау күңіреніп, біраз теңселіп, толқып ап, кенет шырқап жіберді. Үні күшті, ажарлы екен. Кәдімгі көкжиегіне шейін көз сүрінтер далдасы жоқ даланың дауысы; мынау бейтаныс адамның аруақ буғандағы бебеу-сарнауы емес, ат үстінің айқай әншісінің шымыр үні екенін бала да болса көріп, сезіп үйренген сергек көңілмен бірден таныды. Анау салғаннан аһоу деп екілене бір қайырып тастап, әлдене сөздерді термелеп кетті:

Адыраспанның түбінде
адырайған әулие,
сүттігеннің түбінде
сүмірейген әулие!
Аруақтармен таласпа,
жын-шайтанды аласта!
Сүфит-сүфит, аласта!—

деп құтырынды. Әлгі аяқтағы судан ұртын томпайта ұрттап, бүркіп-бүркіп жіберді. Тамшылар ірі, мұның жамылғы көрпесіне бұршақ құсап тасыр-тұсыр аунап түсті.

Әжесі ана жақтан мәстемірмен қысып әкелген күрек қып-қызыл, бетінен титтей-титтей ұшқындар ыршиды, тек ұңғы жағында екі-үш елідей жер сұрқай, күл реңдес. «Иәһ, Алла, сәтін сала гөр!»— деді кемпір. Қарт: «Астына леген тос!»— деп бұйырды. Анау суды тағы бүрікті. Бірер суық тамшы мұның бетіне шашырап, жиырың қақтырды. Бірақ көңілі бұ кезде сауығып үлгерген-ді. Бақсының әр қимылын таңдана, тіпті, құмарта қадағалап жатыр. Ара-тұра кемпір-шал қорықпа деп үбектейді. Несіне қорқады? Қайта қызық емес пе? Әуезі, сөздері қандай тамаша! Бір түрлі тосын, күлкілі.

Қара қаңбақ басынан
қалғып ұшқан әулие!
Қара жыңғыл қасынан
қарғып ұшқан әулие!
Жын-періден аруағы
асып туған әулие!
Қабырғасын диюдың
Қасық қылған әулие!
Бәрің шайтан болмасаң
быдықтаған әулие,
Аңсағанның бүйірін
қытықтыған әулие!—

деп алақтағанда бала ауруын ұмытып, сық-сық күлді. Қарт кемпіріне қарата: «Мынаның зікірі қалай, осындай да, сөз бола ма, Құдай-ау»,— деп күңкілдеген, әжесі естіген жоқ, «иаһ, Алла, сәтін сала гөр, Жасаған Ием» деп жалбарынды.

Ұшық-ұшық-ұшық бет,
жатқан ауру күшіктеп,
Осы бумен ұшып кет, сүфит-сүфит.

Бақсы өстіп бір жұлқынып, қызған күрекке ауызындағы суды құя салды, күрек баж етті.

Шынында да сұрқай, қою бу жеп-жеңіл көтеріліп бара жатты...

Осы мезгілде есік қақырай ашылып, бір топ адам кіріп келді. Алдыңғы қызыл жағалы екеу қабаттаса, ақырып кеп қалды:

— Көтер қолыңды, дзертер!

Жігіт домбыраны алдына көлденең ұстаған күйі қалшиып тұр. Келесі сәтте кіргендер таласа ұмтылып, әлгінің қолын қайырып артына байлады. Есіктен шығарда «бақсы» иығына бұрылып, бұған қарап жымиып, басын изеді. Аңсаған: «Тимеңдер оған, ол жақсы кісі деп»,— айқайламақ-ты, тамағына бірдеңе тығылып, демі шықпады. Ызаланғаннан жылап қорқытпақ-ты, жанарына жас та іркілмей қойды. Кенет шекесі солқып кеп берді. Құлағына тас молада жалғыз адасқан егіз лақты ешкінің үні қайыра шалынды. Көз алдында неше түрлі бас-сүйектер — көздері үңіреңдеп жүзіп жүр. Содан кейін жаңағы адамның қисаңдаған езуі, мақамы, сөзі, әр шөптің түбінде, көлеңкесінде тұрған түрлі түсті әулие, наган, мылтық кезенген әлдекім — бәр-бәрі аралас, ығы-жығы көрініс келді. Осының әммәсінің артында әлгі сақалдының шын бейнесі — аумақты қоңыр көздерінен мейірім төге қарайды. Сонсоң тағы да қу сүйек, қызыл күрек, сұрғылт бу елестеді.

Мен ғой өлем деп ойлады бала, сосын не болар екен?