22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Жүсіпбек Аймауытов

Жүсіпбек Аймауытов (1889—1931) — қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Қараторғай






Көктем күнінiң жылы, жарық сәулесi жерге түсiп, қар ерiп жатыр. Күнгей жақ алатегенек бола бастады. Қарға, ұзақ қарқылдап жүр. Қамбар отағасы бiрдеңе iстеп жатыр. Қасында қаумалап балалар жүр.

— Ата, не iстеп жатырсыз?

— Қонағыма үй iстеп жатырмын.

— Қонағыңыз қандай?

— Қонағым қол басындай, мiнезi қорғасындай… — деп, қарт жымияды.

Қарттың сөзiне түсiне алмай, балалар тұрып-тұрып тарасты.

Қар кеттi. Көк шықты. Күн майдай. Мiнеки, уыстаған тас. Тай шоғырмақталып, бiр топ қараторғай ұшып келе жатыр. Ауылдың үстiне келiп жарқ бердi, бұрылады, олай-бұлай айналды да су еттi.

Биiк сырғауылдың басында Қамбар атаның iстеген кiшкене үйшiгi қалқиып тұр. Қараторғайлар ұшып ауылға келдi. Бiреуi барып үйшiктiң аузына қонды. Жан-жағына жалтақтап қарады да, үйшiктiң дөңгелек тесiгiнен iшiне кiрiп кеттi.

Өзге торғайлар да ағаш-ағаштың басынан орын алып, ұшып-қонып жүр.

Бауда, көк шөптiң арасында жыбырлап қоңыздар жүр едi. Қараторғайлар ағаштан түсе-түсе қалып, қоңыздарды терiп жей бастады. Қаужанып алып, шалшықтан су iшiп, дем алуға ағаш басына барып қонысты. Тынығып алғансын, ән салысты.

Манағы үйшiкке кiрген торғай сонда мекендеп алды. Күзге шейiн кетпедi. Қамбар атай шөп шапса, қараторғайы шегiртке қырады.

Құрт, қоңыз, шегiртке, инелiк, маса-шыбын — бәрi де егiннiң жауы ғой. Сол жаулардың бәрiн қараторғай құртады. Қараторғайдың пайдасы санап бiтiргiсiз.

Қамбар атайдың «қонағым қол басындай, мiнезi қорғасындай» дегенi сол қараторғай екен.