22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Жаңабек Шағатай

Шағатай Жаңабек Баққондыұлы – жазушы Жазушылар Одағының, Журналистер Одағының мүшесі.

Айдос, Ақтөс және ақсүйек






«Түу, мына сақа алшы тұрмайды екен өзі». Айдос қолындағы қызыл құлжаға ренжи қарады. Сол сәт жетінші сыныпта оқитын Жандос кесесін дастарқан шетіне төңкере салып, күмілжіңкірей:

— Көке, — деді. — Көке, бүгін ай топ-толық, дөңгеленіп туатын күн екен ғой. Ауылдың балдары сазда ақсүйек ойнаймыз дейді. Мен де барайыншы, мақұл ма?!

Бір қолына кітап ұстап, сарғыш гүлді кеседегі шәйді ерін ұшымен үрлеп ішіп, төрде жантайып жатқан әкесі көзілдірігін қалың қасының үстіне көтеріп қойды да, шай құйып отырған әйеліне қарап әдемі жымиды.

— Шешеңе айтсаңшы, балам, — деді сәл ойланып. Ұмыт болған әлдене есіне түскен тәрізді. — Бұрын... баяғыда ақсүйек десе, ішкен асын жерге қоятын еді. Солай емес пе, Мәдина?

— Қойсаңшы-и-и... — Мамасы қысыла күліп жіберді. — Қайдағыны айтпасайшы.

— Жоқ, таңқалғаным да, — деді көкесі кітаптың бетін жаба салып. — Арман-ай, қазақ баласы жүрген жерде ақсүйек ұмытылмайды екен-ау! Әйтпесе, осыларға соны кім үйретіпті? Есіңде ме, біз де ойнаушы едік қой түнімен?

— Әй, Жандос, ойыныңа барып келші, — деді мамасы терезеге күлімсіреп қарап. — Мына әкең қазір қойқапты қозғайтын сұры бар. Бірақ, көп қаңғымай, ақсүйек аяқталғанда үйге тез орал.

— Жарайды, мама!

Сақасына әлі де «тәртіл-тәртіл» деп өзінше ойнап отырған Айдос:

— Ойынға ылғи Жандосты жібересіңдер. Мен бармаймын ба? — деп айқайлап, қиғылық сала бастады табан асты. — Өкпелеймін сендерге.

Ауызғы есікті аша беріп, Жандос кілт бұрылды да:

— Тиыш отырсайшы-ей, үлкендердің ойыны сенің неңді алған? — деп ашулана қабағын түйді.

— Барайыншы, көке, мен де барайыншы ақсүйекке, — деді Айдос қиықша көздері жасқа шыланып. Жыламсырап, ерні дір-дір етеді.

— Кішкентайым-ау, қараңғы түнде қорқарсың, тіпті адасып кетерсің. Ақсүйек іздеген ересектер таптап кетсе, қайтесің?

— Қорықпаймын, көкетай, — деді Айдос асыға, шашылған асықтарын жаныға жинастырып. — Ақтөсімді ертіп алам ғой, сосын екеуміз адаспаймыз.

Ашық қалған есік көзінде, табалдырықтан бойы сәл-пәл асатын қоңыр, бір құлағы тікірейе бастаған төсі аппақ кішкентай күшік — Ақтөс сығалап тұр. Сүйкімді-ақ. Моншақтай қара көздері мөп-мөлдір шықтай болып мөлтеңдейді. Шолақ құйрығын бұлғақтатып, аузын кере ашты да, аппақ өткір тістері көрініп, титімдей қызыл тілімен тұмсығын жалап-жалап алды.

— Ал, бара қойыңдаршы, — деді көкесі титтей күшікке қарап үнсіз күліп. — Адасып кетсең — іздемейміз, жылап келсең — жұбатпаймыз.

— Алақай, кеттік, Ақтөс, ақсүйекке, — деп қуана дауыстап жіберді кішкене балақай. Айдос ауыр дарбазаны әрең ашқаны сол-ақ, Ақтөс те көшеге атылып шығып, «чәвк-чәвк» деп үрді. Алдыңғы екі аяғымен май топырақты кезек-кезек бұрқырата қазып, әлденеге қуана шәуілдеді.

— Ақтөсім менің, — деді Айдос күшігінің жүндес мойнынан ақырын сипалап. — Өз ауылымызда адаспаймыз. Қорықпаймыз. Саз деген анау тиіп тұр.

Дөп-дөңгелек, аппақ айдың табағы нұрланып, сәулелері ауыл шетіндегі саз бетіне төгіліп тұр. Сол тұстан әлсін-әлсін ысқырық естіледі. Әсілі, Жандостың достары шығар бір-бірін ойынға шақырып жүрген. Кішкентай күшігін ерткен Айдос та жазыққа қарай жүгіре басып келеді. Ауылдағылар «саз» деп атайтын майсаң алаңға ауылдың балалары тегіс жиналыпты. Араларында тоғыз-оныншы сыныптың сойталдай қыз-жігіттері де жүр. Бәрі дабырласып, тоқтамай шуылдасады.

Айдостардың көршісі — тоғызыншы сыныпта оқитын Қамшыбек:

— Балалар, мен мынау ақсүйекті жазыққа лақтырамын. Іздеп тапқан адамға сыйлық бар: ұтылғандар оның бар айтқанын орындайды. Ал қазір бәрің теріс айналып, анау Айдос пен Ақтөске қарап тұрыңдар. Ақсүйектің қай жерге түскенін көруге болмайды.

Жиналғанның бәрі де аппақ айдың сәулесіне шомылып тұрған бұл екеуіне қарай бұрылды. Орталарындағы Жандос жұдырығын түйіп қалған сияқтанды.

— Ал лақтырдым, — деді Қамшыбек бұларға қарай бұырылып:

— Ақсүйек, ақсүйек,

Әуеле де айға бар.

Жұлдыздарға жеткейсің.

Тапқан адам ұтқаны,

Таппағаның іздейсің, — деп әндете қолындағы аппақ жілікті құлаштай алысқа лақтырды.

Тізіліп тұрған балалар күндіз шалғыны көкпеңбек боп жататын алаң төсімен жүгіріп ала жөнелді. Жан-жаққа бытырап кетті. Көбісі жерге үңіліп, жаңағы жілікті іздейді, бір-бірімен соқтығысып, сүрініп кетіп құлай жаздайды. Бірақ еш ренжімей, бар дауыстарымен күледі кеп. Ал анау аспаннан аппақ айдың жіп-жіңішке сәулелері аямай нұрын сеуіп тұр. Уыстап ұстап алуға болатын күміс сым сияқты. Көп-көп күміс сымдар!

Ақтөс тағы «чәвк-чәвк» етіп үрді. Шолақ құйрығын бұлғаңдатып тұрып шәуілдеді. Сөйтті де, күміс сәулелі алаңқайға қарай құлдыраңдап жүгіре жөнелді. Әуелде аппақ төсі бұлдырланып байқалған, бірте-бірте көрінбей қалды.

— Ақтөс, кәк-кә!? Күшігім-ау, бері кел, — деп барынша айқайлады Айдос жіңішке дауыспен. Алыстан, ақсүйек іздегендердің арасынан күшігінің «чәвк-чәвк» деп үрген үні естіледі.

Айлы түнде өзін жалғыз тастап кеткен Ақтөсіне өкпелегісі келді. Аузы бұртиып, үйіне қарай бұрыла бергені сол, кенет... сүйкімді күшігі жіңішке балтырына еркелей келіп сүйкенді. Аузына аппақ жілік — ақсүйекті көлденең тістеп алған, шолақ құйрығы бұлғаң қағады.

Айдос тізерлей отырып, күшігінің мойнынан құшақтады да:

— Ақтөсім менің, жарайсың! Кеттік үйге, — деп ақырын сыбырлады. — Көкеме ақсүйекті апарып берейік!

Ай сәулесінің астында алты жасар ұл мен төсі аппақ күшік зымырап келеді. Сүттей сәулені қақ жарып жүгіреді. Ауызғы есікті сарт еткізіп ашып, бөлмеге ентігіп кірген Айдос:

— Көке-е, көке десе, — деді алқынып. — Барлығы үлкен болып, ақсүйекті түк те таба алмайды екен ғой. Ақтөс екеуміз бірден таптық. Көке, ақсүйекті үйге тығып қояйыншы, кейін біз де ойнаймыз ғой.

Көкесі кітабымен бетін жауып, иығы дірілдеп үнсіз күлді. Ақсүйекті көлденең тістеген Ақтөске, ышқыры түсіп кеткен сүйкімді ұл — Айдосқа қарап күле берді.

— Қызық, — деп тосылды тәмпіш танау ұл таңданған күйі. — Көкем де, мамам да неменеге күле береді? Әлде... ай аппақ болып туғанда үлкен кісілерді күлкі қыса бере ме екен осы?!