Әдебиет
Жанат Елшібеков
Елшібеков Жанат Орынбайұлы (1947 жыл 10 мамыр Алматы облысы Қаратал ауданы Қызылбалық ауылы) — жазушы, журналист
Түйе мінген адам
Бағана бізге түрпідей көрінген әпенді атайды қоршап алдық. Ол да мәз. Екі езуі — екі құлағында. Шай ішкендей бора-бора терлеп кетіпті. Бет-аузын көлдей орамалымен әлсін-әлсін сүртіп қойып, қасында тұрған Тілеудің мойнына «былылық-сылылық» деп қолын апаруы мұң екен, тура танауының астынан пыр етіп жалғыз торғай ұша жөнелді. Қапелімде не дерімізді білмей, аузымызды аңырайтып ашып қалыппыз. Сөйткенше болмады, ол «былылық-сылылық» деп сонадайда есінеп, маужыраған Шағайдың иегі астынан екінші торғайды ұшырған.
— Ой-бай, шын торғай... Міне, тура мына жерімнен ұшты ғой, — деді Шағай мойнын көрсетіп. — Матақ атай нағыз сиқыршы екен.
— Иә! — дедік бәріміз де бірауыздан.
Бізді қармағына оп-оңай түсірген «сиқыршы» жымыңдаған қалпы:
— Түгел еріңдер менің соңымнан... Енді мен түйеме тірі балық жегіземін.
— Түйе балық жеуші ме еді?...
— Сіз де қызықсыз.
— Торғайға сендік, ал балыққа сенбейміз.
Күдікті ойымызды бүкпедік. Бірақ біздің пікірімізді құлағына қыстырмаған Матақ атай құрт-ірімшікке толы қоржынының екінші басынан шәугімге ұқсас темір ыдысты шығарды да, ымдап шақырды. Бірімізді біріміз итере-митере оны тағы да алқа-қотан қоршап алдық. Қол басындай ғана екі шабақ. «Өлген балық па?» Жоқ, тірі екен. Темір ыдыс түбіндегі аз суды құйрығымен шолпылдатып жатыр. Қос саусағына қыстырып біреуін сыртқа шығарып, біздің әрқайсымызға шетімізден жеке-жеке көрсетті де, «былылық-сылылық» деп түйенің көбік аузына салды. Лезде шайнап-шайнап жұта салды. Іле-шала алақандай шабақ жұмырына жұқ болмаған сары атанның аузына екіншісін сүңгітті.
— Сендерді таңғалдыру үшін жасаған «өнерім» ғой. Басыма молдаларға еліктеп сәлде орап, үлкендерден шатып-бұтып үйреніп алған жарапазанды Ораза айт кезінде ауыл-ауылды аралап жүріп айтатынмын. Өйткені, кеңес дәуірі дүрілдеп-ақ тұрды. Көбінің жүрегі дауаламайды. Коммунист, комсомол шетінен. Ал менің білімім жоқ. Бірақ, көңілім сайрап тұрған тәрізді. Әрі кейінгілердің құлағында жаңғырып жүрсін... Сол секілді екі торғайды алдын ала ұстап алып, көйлегімнің екі жеңіне жасырып қойған едім. Ал түйемді тірі балық жеуге Қаңбақты көлінен балық аулап жүргенде үйреткенмін. О кезде шыңылтыр аязда жарты құлаш қалың мұзды ойып, сүзекіні көл табанына түсіріп тарту оңай емес. Арнаулы шығыршыққа түйе жегеміз. Зілдей ауды боздап, бақырып шыр көбелек айналып тартады-ай. Күн ұзаққа аш түйенің аузына ойықтан шыққан тірі балықты қыстыра қоямыз. Алғашқыда балықты кірш-кірш шайнап, түкіріп тастайтын. Бірақ... Келе-келе кейін үйреніп алды емес пе? Тіпті құшырланып, рахаттанып жейтін болды. Түйемнің бұ қылығы кез келген кісіні таңқалдыратын. Реті келгенде соны сендерге көрсетіп мақтанғаны да ағаңның.
Матақ атамның тұлғасы да, ісі де кесек. Сонысына орай «Қара нар» аталып кеткені. Соғыстан соңғы жылдары төңіректегі ауылдардың кеңселері мен мектептерін Матақ атам шауып, әзірлеген арба-арба қара шеңгелімен жылытыпты. Ақы да сұрамаған. Оның шетін біз де көрдік. Шомбал денесіне қылаудай сызат түсірмей, жалаңаштанып алып найзасы сүңгідей шеңгел тоғайын құдды бір тікенжайпағыш трактордай отағанын сан мәрте тамашалап, қайран қалғанбыз. Шіркін, қазіргідей бизнестің заманы емес. Әйтпесе шеңгел сатып байыр еді.
О кісінің өзгелерге ұқсамайтын тағы бір бөлек қасиеті — ыстық сорпаны, ыстық көжені, ең ақыры ыстық шайдың өзін құдықтан жаңа ғана әкелген мұп-мұздай суға араластырып ішетіні. Өмірінің соңғы күндерін қаладағы інісінің баласы Катиманның қолында өткізді. Тағдыр тауқыметі шығар. Ғұмырында қала көрмеген жарықтықтың топырағы да ауылдан бұйырмады-ау. Талдықорғанның іргесіндегі Қарабұлақ тауының биігінде дамылдап жатыр...
Екі мыңыншы жылдың желтоқсан айы... Кешкілік теледидардан «Хабарды» тыңдап отырғанмын. Кенет балық жеп тұрған түйені жылт еткізіп көрсеткен. Тележурналист репортажын Арал маңындағы Қамыстыбас ауылының балықшылары өмірінен түсіргенін баяндады. Су ырзығын сүзіп жүрген айдын ерлерінің ерен еңбегін тілге тиек етіп, олардың экологиялық аймақты сауықтырудағы үлгілі істерін әңгімелеген. Сөз арасында «Тіпті бұл жердің түйелері де тірі балықты тамсана жейді екен...» деп қызықты дерек айтты. Артынша оператор тірі балықты сүйсіне жеп тұрған түйенің бейнесін бүкіл экранға үлкейтіп, қайта-қайта көрсеткен...
...Қырық жылдан кейін қайталанған сурет. Сол мезет менің есіме Матақ атам түсті. Жаның жәннатта болғай! Көз алдыма оның балықжегіш түйесі елестеген-ді. Кеше мен бүгінді әдемі астастырған жылдар жаңғырығы осылайша тіл қатар еді...