22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Әнуар Әлімжанов

Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов (1930 жылы ) — қазақ жазушысы.

Қарасұңқар көпірі






(повесть)

Ол екінші бүйіріне қарай аударылып жатты, — сол иығы ұйып қалған екен. Ұйқысы шайдай ашылса да тұрғысы келмеді. Әлі тым ерте болатын, таңғы бозғыл жарық киіз үйге енді-енді ғапа сығалай бастаған, май айының аяғы болса да таулы өлкенің сызды салқыны тұла бойын тоңазытып, иығын сырқыратып жіберді. Жейдесі тым жұқа еді. Ол көрпесінің шетін сипалап тауып, иығын қымтай түсті. Көзін жұмып тағы да біраз мызғып алғысы келген.

Тыныштық. Таңғы алакеуім шақтың тұңғиық тыныштығын тырс етіп бұзар ештеңе жоқ тәрізді. Көгілдір шыңдары көкті тіреген асқар таулар да, онан былайғы көсіле түсіп бір шеті сонау шексіз көкжиекпен ұласып жатқан шалқар дала да әлі мүлгіген ұйқы құшағында. Басы әлгі мұзды шындардан сансыз бұлақ боп басталып кеп бір арнаға тоғысқан тау өзені сол шалқар даланы қуалап кетеді. Ол бұлақтардың тоғысар тұсы осы үйдің шығысында он бес шақырымдай жерде, Сол тұста төңірегін жақпар тастар қоршаған терең құзар аңғар бар. Шыңжаң мен Қазақстан жерін екіге бөліп тұрады. Әлгі тау өзені сол арадан басталып әуелі батысқа қарай заңғар шыңдарды жағалай ағады да, кенет бетін терістікке қарай кілт бұрып, әлгі, жазда қаталаған ыстық, қыста үскірік жайлаған шалқар даланы бойлайды.

Жол-жөнекей екі жағы бірдей шілік тал мен арша, үйеңкі сыйысқан биік жарқабақ. Тар қыспаққа көнгісі келмей бұлқынған тау өзені екі жақ жарқабақты кезек тепкілеп, ағаштарды түп-тамырымен қопарып тулап ағады. Кейде жел мүжіген зіл жартастарды да қағып әкетіп, домалатып, илектеп жібереді. Өзеннің сағасынан бастап сонау жазыққа шығып жуасып, момақан ағатын ұзына бойына өткел беретін бір ғана тұсы бар. Ол Қарасұңқар көпірінін тұсы.

Жазықтан келген барлық сүрлеу, соқпақ атаулы осы көпірге жетіп түйіншектеледі де, онан әрі еткен соң, қайтадан, тарқатылған өрімдей тарам-тарам болып тауға, жайлауға қарай кетеді.

Сүрлеу жолдар жылына үш ай ғана жанданады. Қазір құлазып бос жатыр, Ертең, яки бір аптадан соң қырықтықтан шығып тоғытудан өткен, дәрі сасыған отарлар осы арадан қаптай жайылып көшеді.

Ал әзірге төңірек тегіс мүлгіген тым-тырыс күйінде, егер тулап аққан тау өзеннің сарыны болмаса, шөптің қалай өсіп, жуындық қалай гүл ашқанына дейін естуге болар еді.

Қызыл гүл бүрлерінің біртіндеп орауы жазылып, қалай гүл ашатынын қарт ойша долбарлаған. Сонысына өзі сәл күле түсіп, өзеннің бірқалыпты сарылына құлақ тосты.

«Түнге қарай етекке түсетін сыз тұман жусанды даланы шыққа бөктіріп, енді жылжып тауға өрмелеп бара жатыр-ау, қазір», — деген ой келді қартқа.

Ол көзін ашып жатқан. Таң рауаны аппақ болып, түңдіктен бүкіл киіз үйдің ішін жап-жарық етіп тұр.

Тұрып от жақса да болар еді. Тек кәріліктің мен дейін дегені ме, әлде жалқаулық па кежегесінен тартқам, әйтеуір қимылдағысы келмейді. Соңғы кезде осындай бір жаман әдет иектеп жүр. Осы күні қылаң берген таңмен қатар жарыса тұрып, шындардың тасасынан жарқырай көтерілген күн сәулесімен жұлдыздардың біртіндеп қалай сөнетінін керуді де қойған. Әдеттегідей оянуын ерте оянатын да жылы төсектен тұрғысы келмей, өткен-кеткенді есіне түсіріп, өмір жайлы өзімен-өзі сөйлесіп жатқанды ұнататын. Кей күні ертеңгісін оған өзін-өзі күнәдан ақталдым, жастықтың салдарынан аңғырттықпен жіберген бір кездегі қатемді түзеттім деген ой оралатын...

Бір оқиғадан екінші оқиға туындап, жора-жолдастарының бірін есіне алса оған ілесе басқалары да есіне түсіп, осылайша өткен өмірі бірінен кейін бірі көз алдынан тізбектеліп өте береді, сондайда андаусыз ыстық жас әжімді бетінен жол сызып жастығына тамып жатады. Көзінің жасын жеңімен сүртіп, бас жақ тұсында ілулі тұрған орамалға қинала қол созатын. Кейде күлкілі бір жайлар есіне түскенде қарт үнсіз ғана күлімсіреп қоятын.

Осы таңертеңгі тәтті қиялға шомған шағын ылғи да сырттағы аты бұзады. Киіз үйдің іргесіне кеп пысқырынып, жер тартып тұрып алады. Қарт оған күнде бір уыс сұлы алып шығып төгеді. Бүгім қашықтау жайылып кету керек, атының да дүбірі естілмейді.

Қарт бүгін түңдіктен күннің өткір сәулесі түсіп, көпірдің күзетшісі деп колхоз берген ескі қосауыз мылтығына сол күннің сәулесі шағылысқанға дейін қозғалған жоқ.

Ақыры ол жайлап тұрып, асықпай киінді де, ортадағы ошаққа кеше кештен дайындап қойған қу бұталар тұтатты. Түтін түңдіктен шығып тіке көтерілді, бүгінгі күннің желсіз, ашық болатынының белгісі еді.

Мосыға кешкісін су толы, ыс басқан қара шәугімді ілді. Әдетінше отқа алақанын қақтап жылытпақ болсам да, онысын қойып, киіз үйдің ішіне ойлана көз жіберді, асықпай радиоқабылдағышқа келді. Бұл Айгүлдің сыйлаған сыйы еді. Ал мұны жөндеп, батареяларын өзгертіп берген ауылдағы почтаның бастығы. Өзі кеп те сөйлеген жоқ бу қабылдағыш. Тез бұзылып қалған.

Өзеннің жағасында жайылып жүрген аты басын жердей көтеріп алды да иесін көріп, тез қарсы жүрді. Қарт уысындағы сұлыны тақтайдай тегіс тастың үстіне әкеп төкті. Сұлыға қарай желіп келген атының жалынан сипап қойды. Онан соң шапанын тастап, жеңдерін қайырып, жейдесінің жағасын алшита ашып, тау өзенінің мұздай суына жуынуға бет алды.

Күн сәулесі өзен ағып жатқан аңғарға әлі түсе қоймаған. Киіз үйден бері аса қойған жоқ, белең - белең боп жатқан кей тұстарында ұйысқан алма ағаштар өскен, көктемнің ең жомарт гүлі қызыл-күрең жуындық тұтасқан бөктерден күн сәулесі әлі де алыс еді. Шыққа шылқыған тау шалғыны қарттың етігін жуып берді, бетіне салқын леп келіп, көкірегі тұнық ауаға толды, табиғаттың, сұлулығын, өмірдің әсемдігін паш етер сезімге бөледі.

Қарт шық басқам шөп үстінде теңбіл із қалдырып келе жатты. Асықпай, етігінің тұмсығымен бірлі-жарым кездесіп қалған қызыл бүлдіргеннің жапырақтарын абайлап ашып қойып келеді. Міне, бірнеше бүлдірген тауып, мүйізденген алақанына салды. Уылжыған бүлдіргендер сап-салқын еді. Соларға қарай тұрып қарт әлде баялыштың, әлде қарағанның аңқыған иісін сезгендей болды. Бірақ бұл өңірде баялыш та, қараған да өспейтін. «Жақпар тастарды жарып ескен аршаның шырын иісі болар» деп түйді қарт, тау арасындағы аңғарға көз тіге тұрып.

Өзеннің арғы бетіне таяу аңғардың басталар тұсында қау басқан ескі қорғандар тұр. Үстіңгі жақтарында тот басқан тәжге ұсап мазарлары көрінеді. Киіз үйден әлгі мазарларға қарай көпір арқылы жалғыз аяқ сүрлеу барады.

Қарт көпірге таяп кеп тік жардан қашан жасалған баспалдақпен суға түсті. Аяғына орала берген төбетті итеріп тастап, уысындағы бүлдіргенді тау жапырақтың бетіне төкті де алақанымен судан іліп алды. Мұздай су ұйқы атаулының із-түзін де қалдырған жоқ. Беті-қолын жуынды. Кең шалбарының қалтасынан көлдей бет орамалын алып асықпай сүртінді... Жайнамазын шық басқан шөптің үстіне жайып жіберді де, бетін Меке жаққа беріп азанғы намазын оқыды. Тек осыдан кейін ғана:

Біссіміллә!.. — деп бүлдіргеннен аузына салды. Маңдайына сап, дәмін алып сора тұрып, көпірдің тіреулеріне ұзақ қарады. Темір тіреулер мызғымастай мықты еді, ағынды су пышақпен тілінгендей қақ айрыла көбік шашады. Көпірдің үсті де мықты. Күні кеше ғана қарт ескі сырғауылдарын алып тастап орнына жаңалап көкіректен қиып салған, үстіне тал жауып, топырақ тастап, түймештеп қойған. Жазатайым сел жүріп, тасқын әкетпесе ұзақ -ақ тұратын сықылды. Бұл көпірден отар - отар қой, көш артқан түйелер етеді. Әрине, мәшине етпейді. Өйткені мұнан әрі бәрібір үлкен жол жоқ, тарам-тарам боп тауға өрмелеп кететін соқпақтар ғана.

«Тек тасқын болмаса екен... Шопандарға көрім болар еді де. Көпірден өтісімен малдарын көк жайлауға өргізіп жіберер еді. Әй, бірақ осы күні жайлау да бұрынғыдай емес-ау. Қиын...» — деген ой оралды қартқа, ауыр күрсініп, киіз үйге қарай аяңдады.

Киіз үйге ол кірген кезде бұрқылдай қайнаған шәугімнің қақпағы шылдырлап, лаулаған отқа асып төгілуде екен. От шыжылдап, түтіндеп, қоқырсып жатыр.

Қарт шәугімін мосыдан алып қойды. Кебежеден үнді шәйі толы темір қалбырды алды, керегеде ілулі тұрған таба нан, құрт, қант салынған қоржынды түсірді...

Ертеңгі шайын асықпай отырып баппен ішті. Қайырулы есіктің көзінде мөлие қарап төбеті жатты.

— Әй, иттің баласының деген емес пе... Адамнан қайырым күтумен - ақ өтерсің. Бірақ сол адамнан қайырым бола қояр ма екен? —деп күңкілдеді қарт. Өзі иттің алдына бір құрт пен бір жапырақ нан лақтырып тастады. Маған неменесін мөлиесің! Қайырымды деп ойлайсың - ау мені? Әй, қайдам. Өмір бойы жұртқа жақсылық істеймін деп тыраштанғанымды қайтейін, сөйтсем сонымның бәрі залал ғана боп отырыпты ғой, — деді ол дастарқанын жинастырып. — Енді міне, мен ақымақ соның бәрін қартайғанда ғана ұқтым емес пе, жұрттың бәрі өз ақылдарымен емес, менің ғана ақылыммен өмір сүрсін деп ит әуре болдым - ау. Жерұйық іздеп әулекіленгендерге қосылып, мынау көгілдір таудан асып, арғы бетке кеттім... Сөйтіп алжастым ғой.

Ит тойған жеріне, ер туған жеріне деген нақыл санама келсе, сонда. Жарықтық, бабаларымыз жат елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол деп, бекерге айтпаған - ау. Сен екеуміз не көріп, не кешпеді. Арғы бетте де тұрып көрдік, енді бергі бетте де тұрыл жатырмыз. Ондағы да бағы заманнан бері наймандарға қоныс болған өз ауылымыз еді, бұл жақта да... Қой, туралық енді. — Қарт үй іргесіне сүйеулі кетпенді алып, жүзін байқап көрді де, көпірге қарай кетті.

Төбет иесін біраз жер шығарып салды да, онан кейін үйге қайта оралып, босаға алдына кеп, тұмсығын алдыңғы екі аяғына сүйеп жатып қалды.

Қарт иттің кейін қап қойғанын аңдаған жоқ, көпір үстінде сәл аялдап, жақтау ағаштарын ырғап көрді де, онан әрі қорғандарға қарай бет алды, төбелерінде қисық қылыштар мен айшықтары шошайған атамзаманғы ескі ру таңбалары мен белгісіз ою-өрнектер салынған, арабша жазуларға таяп келеді.

Қорғандар саны жетеу еді, жазық жонның басталар тұсы тау өзенінің биік қабағында ешбір тасқын - селге алдырмайтын қыранда тұр. Шеткі қорғанның үстінде ең үлкен ғимараттың қалдықтары жатыр.

Қарт қырқаның төбесіне көтерілді. Құлпы тастардың арасымен ұзақ жүрді. Бірі бір жағына қарай жантая қисайып қау басса, кейбірі кезінде таудан әкеп, батырдың басына мәңгілік ескерткіш етіп тік орнатқан күйінде мызғымастан тұр. Қарт жазуларға үңіле қарай жүріп, мазарлардан уақыт салмағымен шетінеп түскен төрт бұрышты түзу кесектерді бір жерге жинастырын қойды.

— Бісміллә... —деп кетпенмен ептеп қана түбіне бір топ кесек үйіліп қалған қора сораны шауып тастады...

Уақыт жылжып етіп жатты: бір сағат өтті, екі сағат өтті. Арқасын күн күйдіріп шаршағандай болған соң ол бел жазып, ішіне қарай құлап терең апанға айналған, ішін шіріген шөп басқан қабірдің іргесіндегі, арасына қалың қалақай өскен, үйінді тастың үстіне отыра кетті. Шірік астынан қалақай қаулап өсіпті. Қарт теріп сүрте отырып көзімен тебетін іздей бастады.

— Әбден қартайған. Көпірден бері өтуге де ерінеді. Киіз үйдің іргесіне жете бере тағы да ұйқыға бас қойған шығар, — деп күбірледі.

Өзеннің арғы бетіне көз салған. Аты суға түсіп барып шұлғып шыбындап тұр екен. Төбеті киіз үйге сүйкей бастады.

Қартайған соң жылдан жылға бозаң тартып барды, — деді қарт тағы да, онан соң өз әрекетіне қайтадан кірісті.

Күн сәскеге көтерілген. Жылы шуақ шықтарды ұшырып, енді шөп бағанағыдай етікті жууын қойған. Күн ыси бастады деді. Зияраттың бір қуысына салған ұясын қорғап аралар ызыңдайды. Күнсіген қызғалдақтың үстінде жалп-жұлп еткен көбелектер жүр, әлде қайдан шырқау биіктен бозторғай шырылдайды.

Шөптің арасын ашып, жантайып жатқан құлпытасқа үңіле берген қарттың қолын қалақай шағып алған.

— Опырай, аштысын қарай көр. Сенің жөніңді онда қалай табайын, — деп қарт кетпенін алып, қалақайды шауып тастады.

Ашық қалған жерден қап-қара боп шіріген ағаштың түбірі көрінді.

— Астапыралла! — деді қарт кетпенін тастай беріп.

— - Бәсе, зияраттың басына ағаш отырғызбағанда қалай екен деп ем - ау... О, алла, осында ескен ағашты да шапқандары ма, сонда? Өлі аруаққа ағаштың саясы көптік қылады деді ме екен?.. Әй, адамнан жамандық артылмас...

Қарт көпірге, одан арғы жағаға көз тастады. Осында мұны жіберерінде колхоз бастығы көпірді жылда су алып кетеді деп еді. Су қатты тасиды. Бергі бетте ағаш жоқ. Ал жабайы алма мен көктерек өсетін арғы жағаға көпірсіз өту қиын.

Иә, осының бәрі мына судың кесірінен де. Атып бекерге Тентек деп қоймаған ғой. Мына көпірді де алып кетпей тұрғанда, шопандар кеші жетсе көрім болар еді.

Ол мал келетін жол жаққа тесіле ұзақ қарады. Көкжиекте шалқар даланың аспанмен астасар шегінде мұнартқан тау сілемі көрінеді. Ал одан беріде құлазыған елсіз жазық. Гүл көрпесін қымтана жамылып, бір қалыпты баяу тыныстап, тәтті ұйқыда манаурап жатқан тәрізді. Кей тұсы көгілдір мақпалға оранса, кей тұстар көз тұндырған қызғалдақтардан алаулап жатқандай болады. Сол сияқты мақпалдың да, алаулаған алқызыл да ара -арасынан күміс айдын күндіз қалған сәулесі боп даланың боз жусаны көрінеді.

Биыл ой мен қырдың бәрінде де жусан бітік өскен. Қазір май айының аяғында боз кілемше түрленіп, айырықша құлпырып жатыр. Кермек иісі тынысты қытықтап бұрқырап, ет -жүректі езердей күйге түсіріп тұр...

Кетпенін иығына салып, еңіске түскен қарт екі түп жусанды жұлып алды, —жер жұмсақ екен. Сабағынан қыса ұстап бүрлерін бетіне басқан, жұп-жұмсақ боп бетін қытықтады, сүйкімді бір дымқылдық сезіледі, қарт бойды сергітер кермек иісті кеудесін кере құшырлана жұтты.

Қарт мазарларға қайта көтерілді. Бір уыс жусанды қысып ұстаған күйде тыпыр етпей ұзақ отырды. Мынау ою-өрнекті құлпытастар мен құлаған мазарлардың ортасында өзі де солармен біріге бітісіп орын тепкен сияқты күйде еді...

Оның бірқалыпты самарқау ойын бұл өңірге бейтаныс бір гуіл бөліп жіберді. Қарт таңырқай жан-жағына көз тастаған, бірақ ештеңе көре алмады. Гуіл күшейе түсіп, мотордың дүріліне ұқсай бастады. Қарасұңқар басын көтерген, енді ғана байқады, аспанда вертолет қалықтап келеді екен.

Үлкен темір инелік күшті дауыл ұшырғандай тау жағалап қалықтап келеді. Әне, киіз үйдің төбесіне де жетті. Төбет үйді айнала аспанға қарғып, арпылдап үріп дызалақтап жүр. Мотор үні төмен түседі. Шыбындап тұрған ат та басын арғымақ кейкитіп, пысқырынып, өзенді жағалай үркіп барады.

Вертолет болса дәл киіз үйдің төбесіне кеп сазды жердің инеліктей бір орнында қалықтап тұрып алды. Есігін де ашқан, қартқа біреу басын шығарғандай боп көрінді. Әлгінің қолынан бірдеде жарқ еткендей болды. Машина күрт төмендей бастады. Қарттың қолындағы кетпен түсіп кеткен. Вертолет бір сәтке жүрісін баяулатты да онан соң қайтадан аспандап кетті.

Қарт киіз үйге қарай асыққан. Вертолет жоғары көтеріліп, енді бері қарай ұшты. Қорғандардың үстіне кеп айнала бастады. Енді Қарасұңқар кабинадан біреудің басын қылтитқанын, қолындағы затының жарқ-жұрқ еткенін анық көрді. Вертолеттің биіктігі қорғандағы әрбір құлпытасты анық көретіндей деңгейде еді. Үстіндегі адам бұған қол бұлғағандай болды да мұнан әрі вертолет қайта аспандап ұзап кете барды.

Шекарашылар болды ма екен? — деп ойлады қарт. Бірақ олар бүйтіп бір орында айналсоқтап ұшпаушы еді. Және көбіне атпен жүретін. Өздеріне баяғыдан белгілі ескі мазарды қарап несі бар олардың. Әлгі басын қылтитып көрінген адам да шекарашы сияқты емес-ау...»

Осылайша ой ұшына жете алмай дал болған күйде ол киіз үйге беттеді. Шәугімдегі қайнаған суға біраз күрт езіп ішті де сусынын қандырып, күннің аптабы қайтқанша, бір мезгіл мызғып алу үшін жастыққа жантайды. Бірақ ұйықтай алмады.

Әлгіндегі вертолеттің сонша шүйлігіп кеп, осы өңірден шұқшия ұшып өтуі, қөңілін ойран-асыр ғып қайдағы - жайдағыны есіне түсіріп кеткен сияқты. Анау жылдары, бұл арғы бетте Мұқанның сарбаздарының қатарында сары аяқтармен соғысып жүргенде, бірде күтпеген жерден бұлардың таудағы бекіністерінің үстімен өстіп айналсоқтап қалықтап ұшып өткен болатын, соның артынша бұлардың лагеріне сары аяқтар ұрымтал шабуыл жасап, түгелдей қыра жаздап еді. Аттары боп әзер жан сауғалап құтылған. Сонда әлгі самолет аспаннан бұларды шүйліге қуып, пулеметтен ақ боратқан болатын. Шынын айтқанда мұндай «құстан» жақсылық күтер жайы жоқ еді мұның.

* * *

Кабинада екеу отырған. Ұшқыш пен қолында фотоаппараты бар жолаушы. Жолаушы жігіт есіктің көзіндегі ілмекке белбеумен байланып, оң қолымен орындықтан мықтап ұстаған күйде, сол қолындағы аппаратпен төменде жатқан жондарды суретке түсіріп келеді.

— Батыров жолдас, анаң қараңыз, бір адам көрінеді. Сірә, киіз үйдің иесі болар, —деді ұшқыш жігіт.

Алайда жолаушы жігіт жауап қатқан жоқ. Оның екі көзі төмендегі бір-біріне іргелес орын теуіп жарты шеңбер жасап жатқан қорғандарда еді. Ең үлкен, жетінші қорған дәл ортада деннің төбесіне салыныпты. Сол бүйірдегі үш төбешік пен оң бүйірдегі үш төбешік кен жазыққа қарай алқа қотан жалғасқанда, әлгі ортадағы қорған тау жаққа қарай сүйірлене орналасқан. Табиғат өз тарапынан төбешіктерді бүйтіп қолмен қойғандай етіп орналастыруы тіптен мүмкін емес еді. Және ол төбешіктердің молалар мен мазарлар үшін әдейілеп қолдан жасалмағаны анық. Молалардан әлдеқайда бұрын пайда болған.

Төбешіктердің ортасы теп-тегіс жазық алаң. Қалың қолды осы алаңға орналастырып, той-думан жасауға болатындай кең еді.

— Ғажап! Осынша қорғанды қолдан тұрғызу үшін қаншама адам керек болды екен десеңші? Және ол үшін тұрғызды екен? — деген ұшқыш жігіт. — Ал, Батыров жолдас, енді қайтуым керек. Сізді мына киіз үйде қалдырайын ба?

— Жоқ, — деді Батыров. — Сірә, мен тым асығыс шыққан болуым керек... экспедиция бұл төңіректе көрінбейді. Әлі ауылдан шыға қоймаған болар, олар.

Вертолет шайқалақтап кеткенде, Батыров есіктен ұшып түсе жаздады.

— Абайла! — деп дауыстап жіберді ұшқыш. Онан сом машинасын қалыпты түзу күйге түсіріп. — Жетер, енді есікті жабыңыз! — деді қайтадан «сізге» көшіп.

— Мені Қарлығаштың маңайына, тас жолға түсіріп кет. Ал Анашқа сәлем айтарсың. Көмектескені үшін рахмет. Жомарт ауылда қалды дерсің.

— Сіздің атыңыз Жомарт па? Мен сіз туралы естігем, Анаш Ақанович айтқан болатын. Ол кісі аудандық партия комитетінде екі жылдам бері секретарь боп істейді емес пе. Өткем қыста талай рет қысқы мал жайылымындағы шопандарға бірге бардым. Қыс деген керемет қатты болды ғой, әсіресе шопандарға ауыр тиді - ау. Үш адам апат болды.

Тура бір апта бойы түтеген қарлы боран соқты ғой, сонда ұшып өлді үшеуі де. Бір қарт шопан малын тас құзар ықтасынға әкеп иіріп, қырылудан аман алып қалыпты, бірақ өзі әбден титықтап әлсіресе керек, жатқан жерінде жан тапсырған. Аштық пен суық жеңген. Қалтасында ең болмағанда сіріңкесі де жоқ екен... Иә, Анаш Ақанович екеуміз де сол жолы оңбадық - ау...

Вертолет бірде жазық дала үстімен, енді бірде бала кезден жақсы таныс тау жоталарын асып қалықтап келеді. Жомарт ұшқыш жігіттің әңгімесіне онша құлақ салған жоқ. Төменге қарай тұрып, бір кезде балалық шағында үлкен өмірге жол болған — Ленинскіге қарай асудан асып түсер сүрлеуді көрді.

Бұл өңірде Жомарт көптен бері болмаған еді, сондықтан да қазір көзіне оттай басылып ыстық тартып көрінеді. Әне, анау жайпақ тұғылда бұрын қазіргідей тоғай болмайтын, пішен шабылатын. Әлі күнге анық есінде: соғыс аяқталған соң бір жылдан кейін Ақшолақ соқыр ауылдағы шалдарға бас боп жиып әкеп, өзі сипаланып жүріп беткейдің қалың шалғынын бірінші боп орын жол салған еді.

Кейіннен пішеншілер ойға түсіп, ауылдың маңайындағы жоңышқа мен шабындықтарды да қолмен шапқан. Шабылған пішенді жинайтын адам жоқ еді. Ауылдағы бала-шаға, қатын-қалаш тегіс егін мен картопты суғару жұмысында болатын. Осы екі арада арпа пісті. Еңбек деген балаға дейін ертеңді-кеш далада. Бірақ адам қолы сонда да жетпейтін. Жомарт пен Асқар ол кезде таудағы жүмысшыларға су және сүт таситын.

Бірде әбден титықтаған шал-кемпір, балалар мен әйелдер түскі тамаққа қос басына кеп, атала көжені отырғанда, күтпеген жерден тауға тағы да Ақшолақ келген еді. Ол қолын алға созған күйде шабындықты жағалап жалғыз аяқ жолмен жеткен еді. Шебі шабылған жерге жетіп біраз жүре түскен. Қураған шөп аттаған сайын табанының астында күтірлеп үгіліп жатты. Сонда Ақшолақ соқыр екі қолын көкке көтеріп:

— Оу, жараңдар - ау! Бұ не болған! Шөп мүлде құрам боп қурап кетіпті ғой! 0, жаратқан тәңірім! Ер-азаматымыздан айырардай неден жазып ек саған?! Қалған азын-аулақ малдан да айырыламыз ба, енді! Әй, ағайын! Әй, қариялар, тұрыңдар, тұрыңдар! Енді шөптен айырылсақ алланың өзі қарғыс айтады бізге.

Ол қолын көкке созған күйде дауысы күңірене шығып еңіске қарай жүрген. Аттай түсіп, сүрініп кетті де етпеттей құлады. Ылди еңіске қарай жылтыр бетегенің үстімен домалап жөнелді.

Жұрт шу ете түсіп, өре түрегеліп, тұғылдың қарсы бетінен домалаған Ақшолаққа қарай жүгірді.

Ақшолақты қалың тікенекті бөргездің арасынан тапқан. Ақ шел басқан көзі бажырайған күйде шалқасынан жатыр екен. Тікен жыртқан бет-аузы қан-қан.

— Жә, қозғамаңдар мені, — деді ақырын ғана. — Омыртқам зақым болған сияқты...

Ақшолақ соқыр сол жылы жазда өлді. Оның сондағы тау күңіренткен дауысының жаңғырығы ауылдастарының есінде мәңгі қалған еді.

Міне, қазір де тау үстінен өтіп бара жатып, туған ауылына жақындаған сайын Жомарт сол бір көптен ұмыт болған үрейлі дауысты қайта естігендей болды...

Сонан бері қаншама жылдар өтті, Жомарт талай елді аралап, жерді көрді, алайда балалық шақтың өшпес суреттері оны ылғи да естіп бірде үрейлі, бірде егілтіп елжіретер суреттерімен қатты қусырып алатын.

Шынын айтса, осы жолы оның осынау балалық шағы өткен өлкеге келуіне де осындай бір жәй себеп болған еді. Әнеу күні келе сап бір аптадан кейін Алматыға қайта қайтам деуі тіптен орынсыз екен. Со бір аптаның ішінде есте қаларлықтай не көрдім деп қайтар еді. Үйден үйге қонақ болудан қолы тиді ме. Шарап ішуден қолы тимеді ғой.

Анашқа рахмет. Мұны қайтпақ болған жолынан тоқтатып, жазғы демалыс кезінде оқушы балаларымен жұмбақ қорғандарды қазбақ болған Асқарға көмектес дегенді айтқан: Бәлкім, биыл жазда туған ауылына кеп, жазсам деп жүрген кітабының басталуына осы қазбалар себеп болар.

Жомарт өз ойына өзі мырс етіп күлді. Осы бір кітап жазу деген ой оны тағы да иектей жөнелген. Алматыда жүргенде әбден қажаған ой, бұл жерде де мазасын кетіріп, өкшелеп қояр емес.

«Неден бастау керек?» — деген сұрақ талай түнгі ұйқысын бұзған еді. Бұрын ол жазу дегеннің осынша қиын, азап екенін мүлде білмепті. Әрине, егер уақытың болмай, ертеден кешке дейін шаруадан қолың тимей жүрсе, жазуға еш құлқыңның болмайтыны анық. Ал қазір ғой, — уақыт дегенің ұшан теңіз, жазуға деген құштарлық та бар, алайда бастай алмай дал боп жүрген жәйі бар.

Хикаяны бастап беретін алғашқы жол, алғашқы сөйлем болмай тұр. Ең бастысы ол — неден бастап, не жайлы жазарын білмей қиналуда. Әлде Арави теңізіндегі Элофонт аралының жер асты храмдары туралы, әлде Цейлондағы Адам ата шыңы мен Арыстанды тау туралы очерк, немесе бір кездері жеңіс қаласы атанған Фатехпурды, Агра мен Лахордағы ғажайып сарайларды салдырған Акбар падишахтың баласы Жиһангер ғашық болған құлдықтағы әйел — Анархали туралы жазса ма екен?..

Ол Фатехпурды Ахабардың салғызғаны туралы жазған болатын. Бәлкім, сол еңбегі басылып жарыққа шыққанын көргеннен кейінгі жерде, осы уақытқа дейінгі көрген -білгендері жайлы тағы да жазсам деген құштарлық оянды.

Үнді жеріне бір рет барып қайтқан соң, қайыра тағы да екі дүркін барды. Пакистанға, Цейлонға, Кореяға, Африка мен Европаның бірталай елдеріне, Жерорта теңізі мен Таяу Шығыс елдеріне сапар шекті.

Жол жүру деген де ауруға айналады екен. Тоқтаусыз жүре берсем, көре берсем дейді екен адам. Жомарт өзінің Отырарды қазу жұмысын баяғыда тастаған, Қазақстанның көне қалаларының тарихы жайлы монография жазбақ ойын да ұмытқан. Сапар шегіп жол жүруге деген құштарлық әдетке айналып, оның әу бастағы жоспарын ғана өзгертіп қоймай, оның мамандығын да өзгерткен. Қысқасы, ол институттағы достарының тілімен айтқанда «көшпелі» лектор атанды.

Шет елдерге ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының мәдени мұралары туралы лекциялар оқитын тарихшы, археолог ретінде шығатын. Ал шындығында ол тарих пен археологияны баяғыда-ақ тастап кеткен. Ендігі жерде ол тарих пен археологияның жана жетістіктері жайлы кітаптарды тек лекцияларын қызғылықты, әсерлі етіп құру үшін ғана оқитын.

Енді, міне лекцияларды да қойды. Тек көргендерін жазсам деген құштарлық қана билеп алған. Алайда жазу столына отырып, алдына ақ қағазды және жазуға толы қойын дәптерін ашып тастап, өзі сапар шеккен елдердің карталарын ақтарыстырып, өзінің әр түрлі кездескен, сөйлескен кездерін, Цейлонның ну жыныстарын кезген шағын, Африканың, Аравияның жолдарын есіне ала бастаған сәтте, ең негізгі нәрсе жетпей тұрғандай көңіліне бір дық сезім қоса оралады, — сірә, іштей ширығу, серпін, айқындылық жетпей жатқандай боп көрінеді. Ол негізгі нәрсе жәйлі жазбаса да болар еді, тек сол сезім шабытты жұмыс үстінде іштей ширықтырып отырар болса, бірақ амал қанша, ондай ширығудың жетпейтіні анық.

Әрине, ол шабытқа қанат бітірер іштей ширығу, серпін, айқындылық дегеннің бәріне бір түкіріп, өзінің і`ір кездегі тұңғыш әңгімелері мен очерктерін сыдыртып жазатын әдетінше: міне, сонымен біз самолетке немесе пароходқа отырып, пәлендей жаққа бет түзеп ұшып келеміз, яки жүзіп келеміз, жол бойы ананы көрдік, мынаны көрдік деп тізбектей жөнелсе ғой, бірақ амал қанша, бұл өйтіп, бұрынғыша жаза алатын емес.

Ол өзінің туған өлкесіне, шағын ауылына бір соғып қайтпай, ешбір жазуға, басқа өлке жайлы сапарнамаға отыра алмайтынын анық ұқты. Туған жердің тұңғиық көк аспанына, балалық шағы өткен көгілдір тауларға бір рет көз тастау, түнгі от басында сөзге сараң аңшымен яки шопанмен бір рет сұхбаттасу, шет елдерді аралаған бүкіл саяхаттарынан да мол әсер беретін тәрізді еді. Маздаған оттың түтін иісі, таудың қоңыр салқын самалы, ауылдың көне қарттарының тіршілік - тұрмыс жайындағы баяу созған әңгімесі көңілге нық сенім ұялатып, жұмысқа құлшындырар шабытқа кенелтердей көрінген-ді. Және де туған ауылы Қарлығаш пен Ақтұманы, балалық шағының құпия сырларын сақтаған туған жерін тағы да бір көрсем деген ой Жомартты көптен мазалаған.

Алайда ойға алғанды іске асыру оңай емес екен. Дәрігердің ырқы болды. Аттай бір ай бос жүрді, онан соң бірінен кейін бірі: біресе барып қайтқан сапарлары бойынша есеп жазуға, біресе конференцияларда сөйлеуге, енді бірде біреулердің диссертацияларын рецензиялауға тура келді. Ақыры шыдамы таусылған ол үш айға творчестволық тегін демалыс сұрап институтқа арыз берді.

Жомарттың Қарлығашта болмағанына он үш жыл болыпты, балалық шақтағы достары — Асқар, Зәуреш, Анаштармен де ете сирек кездесетін боп кетті. Ал хат жазуға бұлардың бәрі де құнтсыз еді. Жомарттың білетіні, Асқар сол бұрынғысынша мектепте істейді, Анаш аудандық партия комитетінің секретарь болған, ал Зәуреш болса — колхозаралық ауруханада дәрігер.

— Осы жолы ауылға . барам, — деген Жомарт әйеліне.

Сөйтіп Қарлығашқа келген беті еді. Асқар шын сағынған ыстық қуанышпен қарсы алды оны. Зәурешпен кездесу оны қатты толқытты. Оның байқағаны уақыт деген қатыгез сыншы Зәурештің тұр-тұлғасын ғана емес, мінез-құлқын да өзгертіпті. Сәл толысып, әйелге тән саябыр салқындық пайда бопты. Іскер, шаруаға мығым ұстамдылық бар бойында. Екі баласы — ұлы мен қызы тап-тұйнақтай таза, жып-жинақы екен. Асқардың да самай шашын ақ қырау шалған, өзі шаруақор, көп сөйлемейді.

Ауылдың бүкіл кәрі-жасы ертелі-кеш шаруадан тыным таппайды. Әркімнің өз міндеті бар, ең аяғы ұсақ балаларға дейін ертеңгісін малды айдап апарып табынға қосса, кешкісін өрістен қайтар кездерінде алдарынан шығып, қарсы алады, ал күндіз қозы-лақ, бұзауды қарайды. Тек Жомарттың ғана ештеңемен ісі жоқ, бос.

Жазғы қауырт шақ, ел үйлерін, қора-қопсыларын жөндеп, шөп шауып, астық суғарып, комбайнды жөндеуден өткізіп, бала оқытып, бау-бақшаларын шөптеп қым-қуыт тіршіліктің әрекетінде, ал бұл болса көзге шыққан сүйелдей сенделумен жүр. Тек кешкілікте ғана ор үй құрметті қонақ етіп күтіп, қасына ауыл мұғалімдері мен жастар жиналады.

Бір аптадан кейін іші пысқан Жомарт аудан орталығына жүріп кетті де, мұнда Анашқа жолықты.

— Қайтуға бекіндім. Аса қолайсыз кезде келсем керек. Жұрттың бәрі жұмыста.

— Сонша неге асықтың? Әлде тығыз шаруаң бар ма еді? —деп сұраған Анаш.

— Не қылған шаруа болушы еді. Іш құса боп жүрмін де.

— Ең болмаса Асқарға да көмектеспегенің бе? —деген Анаш, Жомарт оған таңырқай қарады. — Тарих пәнінен ұйымдастырған үйірмесі бар. Кіл бір талапты балаларды жинап алған. Үш жылдан бері қорған қазуға жиналып жүрген жайлары бар еді. Шынын айтқанда белгілі тарихшы, археолог деп сенің келуіңді күтіп жүретін. Асқар да өзіне қолқа сап айтқан болар.

— Айтуын айтты ғой, —деді Жомарт жүзі дуылдай қызарып.

Асқар оған экспедиция туралы бірнеше рет айтқан болатын, бірақ бұл оған пәлендей еш мән бермей сол сәтінде - ақ ұмыта беріп еді. Енді қазір өз қылығының оғаштығын сезген ол, аяқ асты бұлтара сөйледі.

— Саған келген шаруам да соған байланысты еді, — деді мүдірместен. —Әлгі қазба жұмысын бастайтын жерді көрсем деп едім.

— Бұл сөзіңнің жөні басқа онда. Жүр, үйге баралық. Ал ертең өзіңе вертолет берем, тез ұшып барып көріп қайтасың ол жеріді...

— Бәлкім, тіке ауылдың өзіне қонармыз? — деген ұшқыш, мотор шуылын баса айқайлап.

Жомарт селт етіп, ойы бөлініп кетті.

— Жоқ, жоқ! Мені, анау араға, жол шетіне түсіріп кетіңіз. Онан әрі ауылға дейін бір-ақ шақырым ғой.

— Кеше біз Анаш Ақанович екеуміз застава бастығында болғанбыз. Ол сіздің қазба жүргізуіңізге рұқсат берді. Өйткені ол жер шекараның үсті ғой. Киіз үйден небәрі үш-төрт шақырымда жайлау бар, жайлаудың ені он шақты шақырымдай болар, онан әрі дозорлар орналасқан, — деді ұшқыш қоштасар сәтте. — Ал мен кеттім, — деп шылымын сөндіріп, шетке тастады да өзі вертолетіне қарай жүрді.

Пиджагін иығына желбегей жамылып, фотоаппаратын асынған Жомарт ауылға қарай жаяу кетті.

Моторынан ескен жел шөптерді жапыра құлатып, жоғары қарай баяу көтерілген вертолет, аудан орталығын бетке алып қалықтай жөнелді.

Жомарт жол бойы, пішеннен қайтып келе жатқан екі баламен кездесті.

— Асқар аға сізді күтіп - күтіп, ақырында бүгін түстен кейін әлгі біз қазба жүргізетін қорғандарды керіп келуге кетті, — деді балалардың бірі. — Ең әуелі ол кісі Ленинскіге соғады, ал қорғандар тұрған Қарасұңқар көпіріне ертең барамын деген...

Қарасұңқар өзі жасаған көпірдің мықтылығын тағы да байқастап өтті де, онан соң мазарларды жөндеуге кірісті, өзен жағасынан кетпенмен шілік талдан қиып әкеп, қорғанның қабырғаларымен жымдастырып шетендеп тоқи бастады.

Түскі шайдан кейін азық-түлігінің қорын: сүрленген ет, үн, тұз - құртын мөлшерлеп қарап қойды да, атын суға шомылдырды. Күн ұзынға жұмыстан тек бір-ақ рет бас көтеріп, алыстан бұлдыраған сағым даладан көрінген шаңға қарады. Тауды бөктерлеп оңтүстік-шығысқа қарай кететін ескі жолдың үстінен көрінген еді ол шаң. «Мәшине шығар», — деп ойлады қарт. Қарасұңқар жаққа бұрылған жоқ, орағытып өтіп кетті.

Шаң сейілген, жым-жырт тыныштық орнады.

Тас - қиыршық төселген, тақтайдай түзу үлкен жолмен бұл күнде адам өте аз жүреді. Бұл жол бағзы бір заманда салынған екен. Кезінде жолаушылар тынымсыз ағылған деседі. Бұл жол жайлы әңгімені Қарасұңқар бала кезінен білетін, бабалары әңгімелеп отырушы еді. Бір заманда бұл жолды жібек жолы деп атаған екен, өйткені жібек пен алтын артқан, іріктеп жиған сәйгүліктер мен семіз мал айдаған саудагерлер осы жолмен жүріпті. Осы ескі жолмен он екі жасар кезінде Қарасұңқар алғаш рет Жетісуға —наймандар мен үйсіндердің, жалайыр мен дулаттардың көне қоныстарына келген болатын.

Жетісуға ол шешесінің соңынан ілесін келген еді. Ол кезде әкесі Боқо батырдың сарбаздарының қатарында жүріп, жортуыл жорықтың бірінде мерт болған-ды. Өлерінің алдында әкесі: «Балам, ержеткеніңде менің кегімді аларсың», — деген. Және қылышын баласына табыс етіп кеткен.

Бұлар Қарасұңқардың шешесінің бауыры —Дөненбайды іздеп келген еді. Лепсі, Шынжылы, Ақсу және Тентектің салаларындағы ауылдарды тегіс шарлап шыққан. Ұзақ сапар шекті. Жетісуда он жетінші жылдың аласапыраны болатын. Ақыры Дөненбайды Зайсан жақтан тапты булар. Дөненбай жүз қара жылқысы мен бір отар қойын қалай да аман сақтап қалудың жолында жан ұшырып жүр екен. Мына қонақтар оған пәлендей қуаныш әкелмеді. Бұларды салқын қарсы алды. Бір жарым жылдан кейін бұларға он шақты қой, мініске бір ат, және бір бие, киіз үй бөліп қалдырды да, өзі бар байлығымен Зайсанды тастап көшті. Аягөзден де, Көкшетаудан да әрі етіп көшпек еді. Қарындасына енді қайтып іздеме де, соңыма ерме де дегенді айтқан.

Қарасұңқар анасымен екеуі ғана қалды. Қысқа қарай ауылдың орта тұсынан жертөле сатып алған. Шаңырақтың ендігі несі де, мал табар азаматы да Қарасұңқар еді. Адам түсініп болмайтын алас-қапас қилы заман туды.

Он сегізінші жылдың жазында Зайсан жаққа да: патша тағынан құлапты деген хабар жеткен. Ауылда еш өзгеріс болған жоқ. Тек бұрындар бір-бірімен өзара қырқысып келген ауқатты, бай ақсақалдар енді ым - жымдары бірігіп, тізе қоса бастады.

Ол кезде Қарасұңқар әлі де жас болатын, сондықтан дүниеде не боп жатқаны жайлы, Дөненбай кеткелі бұлардың үйлеріне жиі келгіштей беретін молданың әңгімелерінен байқайтын.

— Дөнекең әбден дұрыс істеді. Әй, ақылды, көреген жан - ау, өзі! Бұл жердей аулақ кеткені жөн болды. Бәлшебектерден қашты ғой. О, алла десеңші, ақыр заманның да таянғаны ғой. Дәстүр салтымызды масқаралап, құранды аяқтарымен таптаған кәпірлер көп ұзамай осында да келетін көрінеді... — деген молд