22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Әлкей Марғұлан

Әлкей Хақанұлы Марғұлан (1904 – 1985) – әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы.

«Қарабек батыр» жыры






Бұл жырда айтылатын Қадір хан, Қараман, Қаныкей, Тыныкейлер «Едіге», «Қобыланды» жырларында да айтылады. «Қарабек» жырының мазмұн құрылысы мен қатынасатын адамдарының аттарына қарағанда, бұл жыр «Едіге» мен «Қобыланды» жырының арғы кезін ала шыққан жыр екені байқалады.

«Қарабек» жырында айтылатын Қадірхан Алтын Орданы билеген белгілі Тоқтамыстың Қадірберді дейтін баласы болу керек. 1419 жылы Едіге өлгеннен кейін Қадірберді 1425 жылға дейін Алтын Орданың ұлы ханы болған. Ер Көкше, Ер Қосай, Қобыланды, Нұрадын — бәрі осы Қадірбердімен туыстас адамдар. Сондықтан Қобыландымен жорықтас болған Қараман батырдың бұл жырда айтылуы орынсыз емес.

Жырдың бас батыры болған Қарабек — осы айткан Қадірханның баласы.

«Қарабек» жырындағы бас батырдың бірі — Қараман. Жырда Қараман қалмақ батыры делінеді. Бірақ, бұл тек жырдың оқиғасын күшейтпек үшін айтылатын сияқты. Өйткені халық ақындары жырдың талас-тартысын күшейту үшін кейде тарихта болған батырлардың шын қалпын өзгертіп, «қалмақ батыры» деп айтуды салт қылған. Әйтпесе, жырда айтылып тұрған оқиғасына қарағанда, Қараманның қалмақ болуына ешбір қисын жоқ. Ол Қобыландымен жорықта болып, Едіге, Тоқтамыс дәуірінде қызмет атқарған қыпшақ жұртының атақты батыры.

«Қарабек» жырының негізгі оқиғасы Тоқтамыс ұрпақтарының төңірегінде айтылады. Мұндағы Қадірхан, Қарабек, Ханбибі — бәрі де Тоқтамыстың ұрпақтары. Жыр Ханбибіні «Қадірханның қызы» деп дәріптейді. Бірақ, дұрысы Қадірханның қызы емес, оның қарындасы, Тоқтамыстың қызы болуға тиісті. Ханбибі, Жанбибі дейтін Тоқтамыстың екі қызы болғаны кейбір тарихи мағлұматтардан да бай қалады. Бұл Ханбибі мен Жанбибінің аты қыпшақ дәуірінде шыққан халық жырларының көбінде айтылатын дағдылы есім болып, бара-бара Қаныкей, Жаныкей (Тыныкей) деп айтылып кеткенге ұқсайды.

«Қарабек» жырының желісі осы Ханбибі төңірегіндегі әңгімеге құрылады. Ханбибі сияқты Тоқтамыс қыздарының ноғайлы-қазақ (қыпшақ) жырларына сарын болуы, оның әкесі Тоқтамыстың Алтын Ордадан қуылып, күйзеліске ұшырауымен байланысады. Тарихи мағлұматтарға қарағанда, Тоқтамыс Алтын Ордадан қуылғанда, қыздары әрбір батыр, билердің қарамағында қалып, олар қыпшақ ерлерінің арасынан ала көздік шығаруға себеп болады. «Қарабек» жырында айтылған Қарабек пен Қараманның Ханбибі үшін жауласқаны — осындай шындықтан туған, оның бір ұшқыны.

Қараман Қадірханның Ордасына ат қойып, оның Ханбибі сияқты қызын тартып алады. Қарабек бұған қатты намыстанып, апасын қайырып алмаққа әрекеттенеді, не болмаса, құда түсіп, қолдан беруді лайық көреді. Бірақ, бұл оқиға үлкен тартыс туғызып, шиеленіспейді. Екі хан бірімен бірі жарысып, жырдың аяғы татулықпен бітіреді. Сөйтіп, «Қарабек» жырының оқиғасы XV ғасырдың бас кезіндегі ноғайлы-қазақ (қыпшақ) жұртының өмір шындығынан туған ескі жыр екені байқалады. «Қарабек» жыры бірінші рет 1882 жылы Қазанда басылып шықты.