22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Әлібек Файзуллаев
Әлібек Файзоллаұлы – журналист, жазушы. Қазіргі ҚазҰТУ-ды бітірген (1977).

Үй таңдаған лақ






Төрт көріністі қойылым

Қатысушылар:

Лақ
Қозы
Түлкі
Бірінші түлкішек
Екінші түлкішек
Қасқыр
Аю

Бірінші көрініс

Тау етегіндегі ауыл. Сахнаның бір шетінде лақтың, екінші шетінде қозының үйі. Екеуінің де тозығы жеткен ескі баспана екені көрініп тұр. Күз. Алай-түлей жел соғып, артынша нөсерлетіп жауын жауады. Шарт-шұрт найзағай жарқылдап, гүрілдеп күн күркірейді. Үйінен сыртқа атып шыққан лақ көршісінің үйіне қарай дедектей жүгіреді.

Лақ (шошына маңырап, терезені дүрсілдетеді). М-мө-мө-ә! Ойбай, қозы, тезірек аш!

Қозы есіктің ілгегін ағытып, далаға шығады.

Қозы(жайбарақат). Ма-а-а! Е-е, лақ, не боп қалды соншама дүрлігіп?

Лақ(үрейлене). Білесің бе, менің үйімнің төбесі тесіліп... жауын сорғалап тұр!.. Енді не істеймін?!

Қозы. Ту-у, соған бола абыржып! Шатырыңның қамысы тозған ғой... Әне, менің үйімнің төбесінен де су тамшылап тұр...

Лақ. Ах-х, солай ма, енді сен не істемексің?!

Қозы. Не істегенде-е... Қазір шатырға шығып байқап көремін, егер икемге келсе жөндеймін.

Лақ. А-а, икемге келмесе ше?

Қозы. Онда расында қамыстың мүлде жарамсыз боп қалғаны... Яғни, түгел ауыстыруға тура келеді.

Лақ. Қ-қалайша?!

Қозы. Иә, мұндайда басқа амал жоқ. Жауын тоқтаған соң ескі қамыстарды алып тастап, жаңаларын саламын.

Лақ. А-а, жаңа қамыстарды қайдан алмақсың?!

Қозы. Тоғайдан, әрине.

Қозы. А-а, сонда не істемексің?!

Лақ. Мен... мен өзіме басқа бір дұрыстау үй тауып аламын!..

Қозы. Пәлі-і! Бес бересі, алты аласы жоқ саған кім дұрыстау үйін дайындап отыр екен?!

Лақ. Ә-ә, қызғанайын дедің бе?! Мені жақсы бір үй тауып алып, өзіңнен зып кетеді деп іштарлық жасап тұрсың ғой, ә!

Қозы. Тіпті де олай емес! Мен қайта сені беталды қаңғып жүріп, бір жамандыққа ұрынып қала ма деп уайымдап тұрсам...

Лақ. Өйдө-ө-йт дегенің, жанашырлығыңа мың да бір рахме-е-т! Бірақ ең дұрысы, тап қазір жолыма бөгет болмағаның жақсы болар еді.

Қозы. Еркің білсін... Дегенмен, жоқтан бар жасаймын деп сергелдеңге түскеннен гөрі, қолдағы барды жамап-жасқап, ұқсатып, игілігін көргенге не жетсін! «Бейнет түбі – зейнет» деген, бейнетсіз рахат өмір сүруге болады дегенге өз басым сенбеймін.

Лақ. Ой, білгішім-ай, осы ақылыңды өзіңе қалдырып, төбесі шұрқ тесік жаман лашығыңның «рахатын» өзің-ақ көре бергейсің! Ал мен кеттім!.. Тек күндердің күнінде мәуелі баққа оранған ғажайып үйден мені көріп, өкініштен тұяғыңды шайнап жүр-мегейсің!..

Лақ кері бұрылып, кетуге ыңғайланады.

Қозы. Ла-а-қ! Лақ, тоқташы, сәл ойланшы!.. Қара шаңырағың-ды тастап, қайда лағып барасың?! Егер үйіңді жөндеп алуды қиынсынсаң, мен көмектесейін! Мен қол ұшын беруге әзірмін.

Лақ. Жо-жоқ, қозы, менің жолымды бөгеймін деп әуре болмай-ақ қой! Мен бәрібір қыңырайған ескі үйде тұра алмаймын! (Дөңгелене секеңдеп) Сен өзің дұрыстап қарашы. Мен қандай сұлумын, мен қан-да-а-ай жап-жаспын! Мен... мен дегенің алтынмен апталған, күміспен қапталған зәулім сарайда тұруым керек емес пе?! Иә-ия, менің өмірім таңғажайып сарайда үлде мен бүлдеге оранып өтуі керек!

Көңілді музыка. Елеске елтіген лақ көзін жұма шыр айнала билей жөнеледі.

Қозы. Ла-а-қ! Лақ, шамалы сабыр етші, ақылға кел-ші-і!

Лақ. Жә, қозы, жетеді енді, сөзді доғар! Онсыз да екеуміз кішкентайымыздан бірге өскен дос болғандықтан осы уақытқа дейін сөзіңді тыңдап, ескі лашықта қор болып келгенім де жетеді. Енді мен есейдім, ерік өзімде! Қалай жүріп-тұрамын десем де өзім білемін! Мен бәрін білемін!.. Білемі-і-і-н! Білемі-і-і-н!

Лақ билей басып ұзай береді.

Екінші көрініс

Түн. Жауын жауып тұр. Қолшатырын көтерген лақ көңілдене әндетіп келеді.

Лақ (сүйсіне дауыстап). Мә-ә! О, мен қандай көріктімін! О-о, мен қандай сымбаттымын.

Талдың тасасынан түлкі шығады.

Түлкі (қылмыңдап). О, жас бикеш, сөзіңізге құлдық! Дәл сіздей көрікті, дәл сіздей сымбатты тіршілік иесін бұрын көрсем көзім шықсын! Не деген сұлулық! Не деген әсемдік!.. Тұла бойыңызда тіпті бір мін жоқ-ау, бір мін жоқ!

Лақ. Аһ, бұл шын сөзіңіз бе, апай?!

Түлкі. Әрине, шын сөзім!

Лақ. Өзім де солай ойлап едім-ау!.. Мен неткен бақыттымы-ы-н!

Түлкі. Әлбетте, оған дау бар ма, сіздей сұлу бикеш бақытты болмағанда кім бақытты болсын! Сіз бақыттысыз, сөз жоқ бақыт-тысыз!

Лақ масаттанып, кербездене түседі. Көңілді музыка. Лақ секеңдеп билеп жүр.

Түлкі. Ал, сұлу бикеш, енді жөн сұрассақ, жауындатып қайда барасыз?

Лақ. Білесіз бе, апай, мен бар ғой... мен дұрыстау бір үй іздеп шыққан едім...

Түлкі. Бәрекелді-і, мұныңыз жөн екен, сіз сияқты ажарлы бикештердің үйі, әрине, жұтынып тұру керек қой! Егер қаласаңыз, қазір біздің үйге жүріңіз, көріңіз... Ұнап жатса, тіпті бірге тұруымызға да болады.

Лақ. Рас айтасыз ба?

Түлкі. Әрине, рас айтамын. Сіз секілді сұлу бикеш қайта біздің үйдің сәні емес пе!

Лақ. Рақмет, апай, сіз өте мейірімді екенсіз!.. Мен сіздің үйіңізге барамын.

Түлкі. Ендеше не тұрыс, кеттік!

Музыка. Түлкі мен лақ қол ұстасып жүгіре жөнеледі. Түлкінің әшекейлі үйі. Жан-жағын қызыға тамашалаған лақ.

Лақ (тамсана). Ғажа-а-п! Қандай кереме-е-т үй!..

Түлкі. Бұл біздің атамыздың атасынан қалған үй ғой. Бабамыз кезінде орман патшасы арыстанның бас уәзірі болған көрінеді.

Лақ. Бәсе-е, мынау дегеніңіз нағыз хан сарайындай керемет үй ғой!

Түлкі (іші-бауырына кіре). Ал олай болса осында тұруға қалай қарайсыз?

Лақ (елп етіп). Рұқсат етсеңіз, әрине, қуана-қуана тұрар едім-ау!

Түлкі(елжіреп). Әлбетте, рұқсат, өз үйіңіздей көріп, қа-лауыңызша жүріп-тұра беріңіз!

Лақ. Рақмет, апай, үлкен рақмет сізге! Бұл жақсылығыңызды ешуақытта ұмытпаспын!

Түлкі. Ендеше не тұрыс, мен сіздің жатын бөлмеңізді көр-сетейін. Жолдан келдіңіз ғой, жуынып-шайынып алғасын жатып тынығыңыз, қалған әңгімені ертең жалғастырарсыз.

Лақ түлкі ұсынған сүлгіні мойнына іліп, жуынуға беттей бергенде ішкі бөлмеден екі түлкішек жүгіріп шығады. Ұйқыларынан оянып кеткен екеуі көздерін уқалап, шешелерінің алды-артын орағытып, жарыса сөйлей жөнеледі.

Бірінші түлкішек. Мама, бұл кім?

Түлкі. Бұл сендердің лақ деген әпкелерің болады.

Екінші түлкішек. Біздің ондай әпкеміз жоқ еді ғой!..

Түлкі.Болмаса, енді бұдан былай болады.

Бұл сөзді естіген лақ ыршып түседі.

Түлкі (сасқалақтап). Ақымақ, не оттап тұрсың, аузыңды жап! (Лаққа бұрылып) Айналайын, кешіріңіз, бұлар әлі кішкентай бала ғой, кімнің кім екенін жете біле бермейді!..

Лақты өзімсіне құшақтамақ болады. Бірақ лақ ұстатпай екінші шетке секіріп кетеді. Түлкі әлгі сөзді айтқан түлкішекті ұстап алып, құйрығына ұрып-ұрып жібереді.

Түлкі(ашулы). Әй, жүгірмектер, мен сендерге ойланып сөйлеп, ойланып тірлік істеңдер деп қашанғы үйретемін осы! Қонақтан ұят болды-ау!

Екінші түлкішек. К-кешіріңіз, әпке...

Түлкі(бірінші түлкішекке). Сен де кешірім сұра!

Бірінші түлкішек(таңырқай). Мен не үшін кешірім сұраймын?! Жаман сөз айтқан анау ғой... (Екінші түлкішекті меңзейді.)

Түлкі. Сен де бір нәрсені бүлдіруің мүмкін ғой... Бүлдіріп алып кешірім сұрағаннан гөрі, бүлдірмей тұрып алдын ала кешірім сұрағаның жақсы!

Бірінші түлкішек(құлықсыз). Кешіріңіз, ә-әп-ке...

Состиып тұрған лақ еріксіз күліп жібереді.

Лақ. Ой, апай, сіздің тәрбиеңіз қандай қызық еді!

Түлкі. Бұларға сол керек, әйтпесе торсиған бір қарындарынан басқа дүниенің бәрін ұмытып кетеді!

Лақ. Дұрыс айтасыз, апай, ертелі-кеш тек жалғыз қарынның тоятын ойлай бермей, бір сәт көзді ашыңқырап, өмірді басқа қырынан да көре білу керек ой! М-мәселен... Сұлулық!.. Шіркін, сұлулықты жан-тәнімен сезініп, содан ләззат ала білгенге не жетсін!..

Түлкі. Бәрекелді! Сөзің неткен балдай еді, сіңлім! Сұлулықты бағалай білетіндердің сұлулықты қастерлей білетіндердің аузынан осындай ұлағатты сөз шықса керек-ті! «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген осындайда айтылған-ау, әсте!

Түлкі лақты еркелете құшақтайды.

Түлкі. Айналайын ақылдым, тек мына жүгермектердің әл-гіндегі аңдамай сөйлеген сөздерін ұмытып кетуге тырысыңыз!.. (Түлкішектеріне сес көрсетіп, жұдырығын түйеді.) Олардың сазайын өзім-ақ тарттырамын әлі...

Лақ. Жарайды, онда, сіз үшін ұмытсам ұмытайын!

Түлкі. Әп-бәрекелді-і! Ендеше тездетіп жуынып алыңыз, мен сіздің жатын орныңызды әзірлеп жіберейін.

Лақ сыртқа шығып кетеді. Түлкі балаларына дүрсе қоя береді.

Түлкі. Әй, кещелер, қай кезде қалай сөйлеуді әлі білмейсіңдер, ә! Ауызға өзі түсіп тұрған асқа сонша дегбірсізденіп не көрінді сендерге?! Түн ішінде әлек-шәлек болмай-ақ, ертең таң атқасын да жейтін едік қой!

Бірінші түлкішек. Мама, біз байқамай...

Екінші түлкішек. Мама, біз әдеттегідей бірден бас салып жейміз бе деп...

Түлкі. Әй, балаларым-ай, сендерге аңқаулық мүлдем жарас-пайды ғой! Өйткені аңқаулық о бастан біздің қанымызда жоқ! Сондықтан қашанда ата-бабаларымызға тән қулықты ғана бой-ларыңа сіңіріп үйреніңдер!..

Бірінші түлкішек. Жарайды, мама, мен түсіндім!..

Екінші түлкішек. Мен де түсіндім...

Жуынып-шайынып кері оралған лақ, ашық тұрған есіктің қалқасында іштегілердің сөзіне құлағын түріп тұра қалады.

Түлкі. Түсінсеңдер, енді ештеңе білмегендей монтиып-монтиып төсектеріңе жата-жата қалыңдар. Ал желік қуып желдеп келген лақ ешқайда қашпас, бұйырса ертең түскі аста буы бұрқыраған жас лақтың етіне бір тоярмыз!..

Үрейлі музыка. Лақ селк ете қалады. Қолындағы орамалы жерге түсіп кетеді. Жанын қоярға жер таппай көзі алақтап, далаға қарай ата жөнеледі.

Үшінші көрініс

Нөсерлете құйған жауын. Жан-жағына алақ-жұлақ қараған лақ зытып келеді. Алдынан еңселі зәулім үй көрінеді. Үлкен үйден жүрегі шайлығып қалған лақ бұрыларын, я тоқтамай өтіп кетерін білмей аңырып тұрғанда, іштен темекісін будақтата тартып, қасқыр шығады.

Қасқыр(ұлып). У-уу-у!.. О, айналайын шұнақжан, жол болсын?!

Лақ(дірдектеп). А-ағай, мен бар ғой... мен өзіме бір дұрыстау үй іздеп шыққан едім...

Қасқыр. Дұрыста-а-у?!

Лақ. И-ия, дұрыстау...

Қасқыр. Сонда-а... дұрыстау деген қандай үй?!

Лақ. М... м... мәселенки... Өзі биік, зәулі-і-м болса!..

Қасқыр. Апырай, а?!

Лақ(екпіндей). Бөлмелері кең, жары-ы-қ болса!..

Қасқыр. Туһ-һ?!

Лақ (одан сайын еліріп). Айналасы жап-жасыл баққа оранып, іргесінен сылдырап мөп-мөлдір бұлақ ағып жатса!..

Қасқыр. Пәлі-і! Сосы-ы-н?!

Лақ. Сосын-н... Сосын ешуақытта сол үйдің төбесінен су ақпаса екен...

Қасқыр. Қ-қалайша?! Су аққаны қалай?! Сондай ғажайып үйдің төбесінен тамшы ағады ма екен?!

Лақ. Б-білмеймін... мен білмеймін ғой... Мен әйтеуір өзімнің үйімнің төбесінен су аққасын кетіп қалдым емес пе!..

Қасқыр. Е-е, ол сенің үйің де! Мәселенки, менің үйімнің төбе-сінен су түгілі, бір тамшы да тамбайды!

Лақ. Рас па, ағай?!

Қасқыр (маңғаздана). Әрине, рас, сенбесең үйге кіріп көр! Оның үстіне дәл менің үйімдей зәулім, кең үйді бұл өңірден шам алып іздесең де таба алмассың. Ал жасыл баққа оранған сыртқы көрінісін айтсаңшы, қарасаң көзің тоймастай емес пе!

Лақ (арлы-берлі мойнын созып). Рас, ағай, сырттай өте әдемі көрінеді екен.

Қасқыр. Ендеше, енді ішін көр.

Қасқыр мен лақ ішке кіреді. Лақ бөлмелерді аралай бастайды.

Қасқыр. Қалай екен, шұнақжан?

Лақ. Жақсы-ы... іші де жақсы екен!..

Қасқыр. Демек, саған ұнады ғой?!

Лақ. Аһа-а!..

Қасқыр. Ендеше не тұрыс, қалаған бөлмеңді иелен де қалауыңша тұра бер!

Лақ қуанғаннан секіріп-секіріп алып, тез-тез жайғаса бастайды. Қасқыр көңілді. Ac үйге өтіп, ыдыс-аяқтарды салдырлатуға кіріседі. Арагідік ыңылдап, кейде ысқырып, әлдебір әннің әуенін салады.

Қасқыр (өз-өзіне). Ех-х, жаңа ғана бір тайыншаны бір өзім соғып алмағанда ғой, қазір жұп-жүмсақ, жап-жас лақ етінің рахатын көрер едім, ә!..

Бұл сөзді құлағы шалып қалған лақтың зәресі ұшады. Екі аттап есікке жеткен ол, далаға зыта жөнеледі.

Төртінші көрініс

Алды-артына қарамай безіп берген лақ ұзамай және бір еңселі, биік үйге кезігеді. Бірден есікке жетіп баруға қаймыққан ол үйді айналып өтіп терезеге барады. Мойнын созып, ішке үңілсе, үлкен бір аю дөңкиіп ұйықтап жатыр екен. Лақ үркектей-үркектей есік қағады.

Аю (терең есінеп). Кіре бер, есік ашық!

Лақ ішке кіреді.

Аю(таңырқай гүжілдеп). Өй, сен мұнда қайдан жүрсің?!

Лақ (жыламсырап). М... М-мен д-дұрыстау бір үй іздеп шыққан едім-м... Жолда-а...

Үрейлі музыка. Лақ болған оқиғаларды тізбектей жөнеледі (даусы естілмейді).

Аю. Е-е, үй таңдаған бейбақпын десеңші!.. Тағы да болса көретін жарығың бар екен, талай ажалдан аман қалыпсың.

Лақ. А-а... с-сіз ше... сіз маған тиіспейсіз бе?!

Аю. Е, жоға-а, бір жапырақ саған аузымды былғай қоймаспын, әсте!

Лақ. Ой, қандай қорқынышты!..

Аю. Жоқ, сен ағынан жарылып, әділін айтқандардан ешуақытта қорықпасаң да болады. Қайта ойы бұзық, тірлігі жылмақай жымысқы түлкі, қорқау қасқыр сияқтылардан сақ болғайсың.

Лақ. Рақмет, ата, бұл ақылыңызды бұдан былай ешуақытта ұмытпаспын.

Аю. Ал енді осы үйде қалу-қалмау еркі өзіңде. Егер ұнаса, осында тұра бересің.

Лақ. Әрине, ұнайды, сіздің үйіңіз де өте жақсы екен!

Аю. Ендеше, сен жолдан келдің ғой, жатып тынығып ал. Ал мен таңертең ертелеп тауға бүлдірген теруге кетемін. Сосын келешекте жидек теруге екеуміз бірге шығатын боламыз.

Лақ. Алақай, мен тауда серуендегенді қатты ұнатамын! Жақын маңда тау бар ма еді?!

Аю. Бар болғанда қандай, дәл үйдің іргесінде төбесі бұлтқа тиген биік тау бар!

Лақ. Охо-о, қандай тамаша-а! Мен дегенің нағыз керемет жерді тауыппын ғой!..

Аю шығып кетеді. Лақ тынығуға жатады. Жайлы музыка. Бірақ көп ұзамай даладан желдің даусы естіледі. Жел біртіндеп алай-түлей дауылға айналады. Айнала аламан-тасыр... Таудан гүрс-гүрс тастар домалайды... Зәресі ұшқан лақ бүрісіп бұрышқа тығыла түседі.

Лақ (дірдектеп). Апырау, мына дауыл қайтеді! Таудан тастар құлап жатыр ғой, үйді тас басып қалмас па екен?! Тезірек атай келсе екен!..

Бір кезде «дүрс» етіп құлаған тас есікті басып қалады. Артынша және бір құлаған түйедей тас терезені бекітіп тастайды.

Лақ. Ойбай, есік, терезені тас басып қалды ғой, енді қайттім?! (Есік пен терезені сілкілеп тұрып, еңіреп жылап жібереді.) «Таң-дап жүріп, тазға тап болыпты» деген осы шығар... Дұрыстау үй табамын деп жүргенде, аузы-мұрны жоқ отауға душар болғанымды қарашы-ы!.. Енді бұл қапастан құтылу, әсте, мүмкін емес-ау?!

Қайғылы музыка. Лақ арлы-берлі теңселіп, үйдің ішін кезіп жүр. Жылай-жылай ебіл-дебілі шыққан.

Лақ. Бүгін бесінші күн... Үйдегі азын-аулақ азық таусылғалы қаша-а-н... Енді бірер күнде ешкім құтқарып алмаса, осы тас қоршаудың ішінде көз жұматын шығармын...

Азапты музыка. Ішегі шұрқырап, қарны қабысқан лақ тәлтіректеп барып құрттай ұшады. Көздері кілдіреп, кірпіктері әрең қозғалады.

Лақ. Таңдап жүріп, маңдайымды тасқа соққан ақымақ басым-ай!.. Қош, жарық дүние-е!..

Кенет жоғары жақтан гүрілдеген аюдың даусы естіледі.

Аю. Ау-у-у! Әй, лақ, тірісің бе, сәл шыда-а!.. Мен төбені бұзып жатырмын... Есік пен терезені басып қалған тастарды орнынан қозғалта алмадым... Сосын, амал жоқ, үйдің төбесін бұзуға тура келді...

Жігерлі музыка. Үйдің төбесін дүр сілкіндірген іс-қимылдар. Бір кезде төбеден аю түседі. Орнынан сүйретіле тұрған лақ, кібіртіктеп барып аюдың құшағына кіріп кетеді.

Аю. Жә, лақжан, сен қорқынышыңды баса ғой. Тауда мұндай-мұндай оқиғалардың болып тұратыны бар.

Лақ. Ж-жоқ, мен әлі де қ-қорқамын...

Аю. Неге олай дейсің, сен әлі-ақ бәрін ұмытып кететін боласың!

Лақ. Ж-жоқ, мен мұны ешуақытта ұмыта алмаймын! М-мен қ-қорқамы-ы-!.. Мен үйге қайтқым келеді, өзімнің үйіме оралғым келеді-і!

Аю. Жарайды, егер өз үйіңе қайтқың келсе, әрине, мен сенің жолыңа бөгет бола алмаймын. Бірақ сен қазір қатты әлсіреп тұрсың, сондықтан осында жатып, біраз тынығып ал. Сосын үйіңе қайтуыңа болады.

Лақ. Жо-жоқ, мен мүлдем бөгеле алмаймын! Мен тезірек үйге жетуім керек. Онда қыруар жұмыс күтіп тұр. Үйдің төбесін бүтіндеуім керек, шатырдың қамысын ауыстырамын.

Аю. Ойбай-ау, бұл дегенің ерен қиын жұмыс қой, сенің қолыңнан келер ме кен?!

Лақ. Неге келмесін, келеді! Келмесе көршім қозы көмектеседі!..

Аю. О-о, көмекшінің бары қандай жақсы еді!

Лақ. Иә-иә, көмекшім бар, қозы досым маған көмектесем деген! Ол өте қайырымды! Ол өте ақылды! Мен бұдан былай жөн ақылды тыңдайтын боламын! Ал мен кеттім өз үйіме!..

Аю. Бәрекелді-і, жолың болсын ендеше!

Лақ кетеді. Аю қолын бұлғап қала береді.

Шымылдық