Әдебиет
Дауыс
Төрт көріністі қойылым
Қатысушылар:
Көжек
Бөлтірік
Борсық
Ана қоян
Бірінші көрініс
Күз. Нағыз алтын күз. Айнала сап-сары... Көңілді музыка. Шағын ауланың ішінде кішкентай Көжек асыр салып ойнап жүр. Қолында доп. Сахнаға әндете секіріп, Бөлтірік шығады. Иығында асынып алған аша таяқ рогаткасы бар.
Бөлтірік (әндете созып). Там-там-тарам-м! Там-м... (Көжекті көріп қалт тұра қалады.) Әй, сен кімсің?!
Көжек (көздері жыпылықтап). К-көжекпін... А-а, с-сіз ш-ше?
Бөлтірік (қатуланып).Сен не мені танымайсың ба?! Мен Бөлтірікпін ғой! Мені бұл ормандағылардың бәрі біледі!
Көжек. А-а, солай ма... Кешіріңіз, мен әлі кішкентаймын ғой... Шынымды айтсам, сізді бүгін бірінші рет көріп тұрмын...
Бөлтірік (маңғаздана). Ендеше біліп қой, бұдан былай мені көргенде басыңды иіп, сәлеміңді дұрыстап беретін бол! Түсіндің бе, балақай?! Әйтпесем... (Көжекке жақынырақ барып, иығымен қағып жібереді.)
Көжек (құлауға сәл-ақ қалып). Ой-й! Ой-ой-й!..
Бөлтірік (шек-сілесі қата күліп). Ха-ха-ха-а! Міне, енді бұдан былай сен де Бөлтіріктің кім екенін білетін боласың!
Көжек (томсырайып). Иә-ә... Енді б-білдім ғой...
Бөлтірік (кетуге ыңғайланып). Там-там-тарам-м! Там-м... (Әнін кілт үзіп). Әй, айтпақшы, сен мұнда не істеп жүрсің?!
Көжек (сасқалақтап). М-мен... өзіміздің аулада...
Бөлтірік (Көжектің сөзін бөле мырс-мырс күліп). Пай-пай, қандай тәртіпті балақай! Өзінің ауласында... ешқайда шықпай... моп-момақан боп... доп ойнап жүр екен ғой!
Көжек (мұрнын тартып қойып). Иә, тап солай...
Бөлтірік (аяқ астынан жаны ашыған кейіппен). Ай-ай, обал-ай! Ешқайда аттап баспай... тек өзінің ауласында...
Көжек. Иә-ә...
Бөлтірік (кенет еліктіре). Ал бірақ сенің қыдырғың келеді ғой, ә?!
Көжек (екіұштылау). Иә-ә... Бірақ-қ...
Бөлтірік. Ой, ынжық неме! Сен «бірақ» дегеніңді қой, қазір екеуміз қыдырамыз!
Көжек (сасқалақтап). Қайда-а?! Біз қайда барамыз?!
Бөлтірік (қолын алысқа сермеп). Қалаға-а! Мен сені қазір қалаға ертіп апарамын! О-о-о, шіркі-і-н, біле-білсең, бар қызық қалада ғой!
Көжек (аяқ астынан елеңдеп). Япырай, а, қала қызық дейсіз бе?!
Бөлтірік (одан сайынеліктіріп). Әрине, қызық! Көп ұзамай оған өзіңнің де көзің жетеді! Онда бәрі тамаша! Бәрі кереме-е-т!
Көжек (қалбалақтап). Туһ, тіпті қызықтырып жібердіңіз ғой!..
Бөлтірік (Көжектің қолынан шап беріп ұстай алып). Ендеше не тұрыс, кеттік қалаға!
Көжек (тартыншақтап). Тек бірақ-қ... анам ше... Мен анамнан сұранған жоқпын ғой...
Бөлтірік. А-а, анаң үйде ме еді?!
Көжек. Жоқ, әлгінде базарға кеткен.
Бөлтірік (қолын шапалақтап). Бәрекелді, онда тіпті жақсы, қазір екеуміз еш алаңсыз қалаға тартып кетеміз!
Көжек (қипақтап). Анамнан рұқсат сұрамай-ақ па?!
Бөлтірік (өктем дауыспен). Әй, кеще, жоқ анаңнан қалай рұқсат сұрамақшысың?! Одан да уақытты текке өткізбей тез кете берейік! Ал кейін қаладан қайтып келгесін шешеңе бәрін түсіндіріп айтасың! Шешең бұған қуанбаса, өкіне қоймас! Өйткені сенің есейіп, өз бетіңмен қыдырып жүргеніңді көру оның арманы шығар-ау!
Көжек.Мүмкін-н... Тек әйтеуір артынан ұрсып жүрмесе болды ғой...
Бөлтірік (асықтырып). Жоқ, тіпті де ұрыспайды! Қане, бол, кеттік!
Бөлтірік пен Көжек сыртқа беттейді. Бөлтірік: «Там-там-тарам-м!» – деп әндете жөнеледі. Музыка. Кенет Көжек қалт тоқтай қалады. Радиодан оның жаңғырыққан өз дауысы естіледі: «Тоқта, Көжек, қайда барасың? Сен анаңнан рұқсат сұраған жоқсың ғой!»
Көжек (құлағын түре). Әне, дауыс-с! (Бөлтірікке бұрылып) Сіз естідіңіз бе?!
Бөлтірік (таңырқап). Нені-і?! Сен нені айтып тұрсың?!
Көжек. Дауы-ы-с! Бір дауыс естілді ғой!..
Бөлтірік. Өй, сен де айтады екенсің-ау! Ешқандай да дауыс естілген жоқ!
Көжек (жеңістік бермей). Жоқ, естілді! Мен ап-анық естідім!
Бөлтірік (қолын бір-ақ сілтеп). Әй, қойшы, ол «қорыққанға – қос көрінеді» дегеннің кері ғой! Бұрын үйден шықпағандықтан қатты қорқып тұрған шығарсың?! Ал сен қорықпа! Қасыңда мен бармын ғой, несіне қорқасың!
Көжек. Жарайды-ы... Солай-ақ болсын-шы...
Көжек пен Бөлтірік қол ұстасып тұра жүгіреді. Музыка.
Екінші көрініс
Үлкен қала. Арлы-берлі ағылған машиналар. Жарқ-жұрқ жарнамалар. Көшенің бойымен алшаңдай басып Бөлтірік келеді. Өзі көңілді. «Там-там-тарам-м!» – деп әндетіп қояды. Қасындағы Көжектің екі көзі жан-жағында. Оған бәрі таңсық, бәрі қызық.
Көжек (маңдайшасында «Балмұздақ» деген жазуы бар дүң-гіршекті қолымен нұсқап). Бөлтірік аға, анау не нәрсе?
Бөлтірік (немқұрайды кейіппен). Әй, ол балмұздақ сататын дүңгіршек қой...
Көжек. А-а, балмұздақ деген не?
Бөлтірік. Ой, ол дегенің жаман нәрсе! Өзі мұп-мұздай, жесең тамағыңды ауыртады!
Көжек. Е-е, онда оны жемей-ақ қояйық!
Бөлтірік. Дұрыс, оның орнына мен саған қазір басқа бір нәрсе сатып әперемін!
Көжек (елеңдеп). А-а, ол не нәрсе?!
Бөлтірік. Сен асықпа, оны қазір өзің де көресің!
Бөлтірік анадай жерде тұрған маңдайшасында «Темекі» деген жазуы бар дүңгіршекке жүгіріп барып, бір қорап темекі сатып әкеледі. Жылтыр қорапты мұрнына тақап, құшырлана ұзақ иіскейді...
Бөлтірік (тұмсығын көкке көтере шүйіріп).Пай-пай, рақатын-ай! Міне, рақат деп осыны айт!
Көжек (ентелеп). Бөлтірік аға, бұл не нәрсе?!
Бөлтірік (қадірін арттыра). Бұл темекі ғой! Біле білсең, темекіге ешнәрсе жетпейді! Нағыз жанның рақаты! (Жылтырақ қорапты ашып, ішінен бір тал темекіні шығарады да, оны тұтатып, түтінін аузынан бұрқ-бұрқ шығара бастайды.)
Көжек (таңырқай тамашалап). Ой, қандай қызық! Әсіресе түтінін қараңызшы, будақ-будақ! (Пауза.) Ал мұны кішкентай-ларға тартуға бола ма?!
Бөлтірік. Болғанда қандай! (Аузындағы темекісін жалма-жан Көжекке ұстата қояды).
Көжек темекіні аузына жақындата бергенде радиодан оның жаңғырыққан өз дауысы естіледі. «Тоқта, Көжек, кішкентайларға темекі тартуға болмайды, бұл жаман әдет, денсаулығыңды құртасың!»
Көжек (құлағын түре). Әне, тағы да естілді! (Пауза.) Бөлтірік аға, сіз естідіңіз бе?!
Бөлтірік (жақтырмай). Тағы да дауыс па?! (Қалтасынан бір шөкім мақта шығарады да екіге бөліп, Көжекке ұсынады.) Мә, мынаны құлағыңа тығып қой, сонда ешқандай дауыс саған бөгет жасамайтын болады!
Көжек мақтаны шиыршықтап-шиыршықтап екі құлағына тығып алады. Сосын арлы-берлі жүріп, айнала тың тыңдап көреді.
Бөлтірік. Қалай, енді әлгі дауыс естілмейді ме?
Көжек (басын шұлғып). Иә, енді естілмейді!
Бөлтірік. Ендеше темекіңді бұрқыратып тарта бер!
Көжек темекіні аузына салып, қомағайлана сорып қалады. Сол-ақ екен, түтінге қақалып-шашалып, әбігерге түседі. Көзінен жас парлап, ішін басқан күйі лоқсып-лоқсып жерге аунай кетеді... Бұған Бөлтіріктің айызы қана мәз болады. Шек-сілесі қата қарқылдай күліп, Көжекті қылжаққа айналдырады...
Үшінші көрініс
Қаланың сол әлгіндегі у-шу көшесі. Даңғаза музыка. Әбден шаршап-шалдыққан Бөлтірік пен Көжек маңдайшасында «Сыра» деген жазуы бар дүңгіршектің қасына тоқтайды.
Көжек (қалжыраған дауыспен). Ту-у, қатты шөлдеп кеттім ғой!
Бөлтірік. Ендеше сусын ішейік!
Көжек. Бірақ оны қайдан аламыз?
Бөлтірік(жан-жағына мойнын созып). Оны ма... оны... Оны мына жерден аламыз! (Ай-шайға қарамастан жүгіріп барып «Сыра» дүңгіршегінен екі бөтелке алып келеді де, біреуін Көжек-тің қолына ұстатып, екіншісін өз аузына тосып, қылқ-қылқ жұта бастайды.) Пай-пай, рақатын-ай! Міне, сусын деп осыны айт! (Басын құшырлана шайқап-шайқап қояды.)
Көжек. Не ащы ма екен?
Бөлтірік. Жоқ, тек шамалы күйік дәмі болмаса...
Көжек (жұтына тамсанып). А-а, мұны кішкентайларға ішуге бола ма?
Бөлтірік. Болғанда қандай! (Артынша есіне әлдене түсіп кеткендей сөзін кілт тоқтатып, қалтасынан бір шөкім мақта шығарып, Көжекке ұсынады.) Тек айтпақшы, манағыдай дауыс-тар естімеу үшін ең алдымен құлағыңды тығындап ал!
Көжек (құлағын мақтамен бекітіп жатып). О-о, бұныңыз табылған ақыл болды!
Құлағын тас қылып тығындып алған Көжек жан-жағына мойнын созып, айнала тың тыңдап көреді. Төңірек тым-тырыс. Тіпті көшенің у-шуы да сап тыйылғандай...
Көжек (мырс-мырс күліп). О-о, енді еш алаңсыз ішуге болатын сияқты!.. (Бөтелкені аузына апарып, жұтып-жұтып алады).
Бөлтірік (қуақылана). Қалай, манағы дауыс естілмейді ме?!
Көжек (батылдана басын шайқап). Жо-о-қ, мүлдем естілмейді! Әсте, біз одан айламызды асырып кеттік-ау деймін!
Бөлтірік (Көжектің басынан сипап). Жарайсың, Көжегім! Сен нағыз жаңашыл, ержүрек екенсің!
Көжек (тағы да бір-екі жұтып алып). Ой, мына сусын қандай қызық! Бір нәрсе ішімді «сызып» бара жатқан сияқты!
Бөлтірік. Иә-иә, сыра дегеннің сондай «құдіреті» болады! Қазір сәлден соң тіпті көңіліңді тасытып, делебеңді қоздырады!
Көжек (аяқ астынан батылдана жұлқынып). Рас, Бөлтірік аға, тура қазір бар ғой... тура қазір мен бір ерлік жасағым келіп тұр! (Жан-жағына алақ-жұлақ қарап алып, Бөлтіріктің мойнындағы рогаткаға жармаса кетеді). Аға, мына рогаткаңды маған бере тұршы! («Сізден» «сенге» көшкенін өзі де байқамай қалады.)
Бөлтірік (шегіншектеп). Еһе-е, бұны не істемекшісің?!
Көжек (одыраңдап). Қазір... қазір бір «таңғажайып» нәрсе көрсетемін!..
Бөлтірік.Әй, алдымен айтсаңшы, не істемекшісің?!
Көжек. Жоқ, айтқасын қызық болмай қалады! (Бөлтіріктің мойнындағы рогатканы бас салады.)
Музыка. Екеуі алыса кетеді. Ақыры Бөлтіріктің рогаткасын тартып алған Көжек анадай жерге жүгіріп барып аша таяқтың резеңкесін шірене тартып тұрып, көшеде өтіп бара жатқан бір машинаның терезесін атып жібереді. Күл талқаны шыққан шынының, тежегіштерін кілт басып, оқыс тоқтаған машиналардың дауыстары құлақ тұндырады... Айнала у-шу... Зәрелері ұшқан Көжек пен Бөлтірік жалт бұрылып, зыта жөнеледі...
Төртінші көрініс
Тағы да сол ығы-жығы қала. Сахнаға ақсаңдай басып Көжек шығады. Мұңлы музыка. Әбден титықтаған Көжек терең күрсініп, жерге отыра кетеді. Жан-жағына алақ-жұлақ қарағыштаған Бөлтірік оның қасына жақындайды.
Бөлтірік (маңдайындағы терін сүртіп). Уһ-һ, әйтеуір қашып құтылдық-ау!
Көжек (налыған кейіппен). Құтылғанымызды қайтейін, мен оңбай құлап, аяғымды ауыртып алдым ғой!
Бөлтірік. Жә, соған бола өкінбей-ақ қой! Қайта, қолға түсіп қалмағанымызды айтсаңшы! Егер қолға түскенде, бұдан да жаман болатын еді ғой!
Көжек. Иә, оныңыз рас, әлгі қуғыншылардың ашуы қатты екен! Әсіресе, мен машинасының терезесін сындырған Көк төбет ештеңеден тайынар емес! Қуып жетсе, тура талап жеп қоюға бар-ау!
Бөлтірік. Абырой болғанда, әйтеуір жалтарып үлгердік қой! Тек бір өкініштісі, менің жап-жаңа рогаткамды тастай қашқаның болмаса...
Көжек. Енді ше... рогаткаға қарауға шамам болмай қалды емес пе...
Бөлтірік (қарқ-қарқ күліп).Ха-ха-ха-а, батырға да жан керек екен-ау!
Көжек (қосыла күліп). Хи-хи-хи-и, әлбетте, батырға жан да керек... батырға тамақ та керек!.. (Ішін басып, тамақ ішкісі келгенін білдіреді.) Бөлтірік аға, қарным ашты, ішегім шұрқырап барады, тезірек тамақ жейікші!
Бөлтірік (жан-жағына мойнын созып). О-о, іздегенге – сұраған! Әне, тамақ! (Анадай жерде ет сатып тұрған Борсықты көрсетеді.) Қазір екеуміз етке бір тоямыз! (Алақандарын құшырлана ысып-ысып қояды.)
Көжек (жақтырмай). Фу-у, мен ет жемеймін! (Пауза.) Шіркін-ай, маған қып-қызыл, қытыр-қытыр сәбіз болса ғой!
Бөлтірік. Өй, сен де көкітеді екенсің?! Жұп-жұмсақ, шылқ-шылқ майлы ет тұрғанда тастай қатты сәбізде нең бар?! Одан да қазір анау еттен аламыз да, мен саған ет жеуді үйретемін!
Көжек (ат-тонын ала қаша).Жо-жоқ, атай көрмеңіз, мен ешқашан ет жеген емеспін!
Бөлтірік. Әй, балақай-ай, сен еттің тіл үйірген дәмін білмей жүр екенсің, егер оны бір татып көрсең, бұдан былай ертелі-кеш тек ет қана жеген болар едің!Сондықтан сен бос сөзді доғар! Қазір анау еттен молырақ алып аламыз да, сосын екеуміз нағыз рақатқа батамыз!
Көжек (тамсана көзін жұмып). Рас айтасыз ба, мен ет жеуді үйренемін бе?!
Бөлтірік. Әлбетте, үйренесің! Үйренгенде қандай, тіпті кейін менен де озып кетесің!
Көжек. Тек, естуімше, еттің бағасы өте қымбат қой, оған сіздің ақшаңыз жете ме?!
Бөлтірік (кекесінмен). Ақша дейсің бе?! Ақша не үшін қажет?!
Көжек. Әрине,етті сатып алу үшін...
Бөлтірік (қарқ-қарқ күліп). Ха-ха-ха-а, мен ешуақытта етті сатып алған емеспін, сатып алмаймын да!
Көжек. Ал сонда анау Борсықтан етті қалай алмақшымыз?!
Бөлтірік (екі көзі жайнап). О-о, бұл істің өз құпиясы бар! Бұған асқан ептілік қажет!
Борсық Көжектің құлағына сыбырлай жөнеледі. Музыка. Екеуінің дауыстары естілмейді. Бірақ қимыл-қозғалыстарынан етті ұрлап алу жөнінде келісіп жатқандықтары аңғарылады...
Бөлтірік. Тек ең алдымен сен құлағыңды тығындап алғайсың! (Бір шөкім мақта ұсынады.)
Көжек (иығын қиқаң еткізіп). А-а, оны не үшін істеймін?!
Бөлтірік (аң-таң күйде). Сен не «дауыс» туралы ұмытып қалғансың ба?! Әлде...
Көжек (оның сөзін бөліп). Ой, манағы рогаткадан кейін менің құлағым тіпті тынышталып қалды! Қазір ешқандай «дауыс» дегенді естімейтін болдым! Сондықтан ендігі жерде маған мақтаның да керегі жоқ! (Бөлтіріктің қолындағы мақтаны жұлып алып, алысқа лақтырып жібереді.)
Бөлтірік. О-о, мұның тіпті тамаша, енді еш алаңдамай жаңағы келісім бойынша тарта бер! (Сұқ саусағын жоғары көтеріп, «келісімді» және пысықтай түседі.) Сенің бар міндетің, Борсықты сөзге айналдырып тұрсаң болғаны, қалғанын өзім тындырамын!
Көжек (басын қайта-қайта шұлғып). Жарайды-ы! Бәрін түсіндім-м!..
Көжек бұрынғысынан да қаттырақ ақсаңдап, ет сатып тұрған Борсықтың қасына барады. Музыка. Екеуінің сөздері естілмейді. Бірақ Көжектің сондай бір «қызық» әңгіме айтып тұрғаны аңғарылады. Ым-ишарат, қимылдары өте белсенді. Арагідік тоңқалаң асып, аунап-аунап қояды... Борсықтың екі көзі Көжекте. Өзі мәз-мейрам.
Сылқ-сылқ күлкі... Осы сәтте Борсықтың артқы жағынан байқатпай келген Бөлтірік қойдың бір сан етін ала қашады. Айқай-шу бұрқ ете түседі. Бөлтірік пен Көжек алды-артына қарамай зытып барады. Алайда көп ұзамай ақсаңдаған Көжектің жүгірісі біртіндеп бәсеңдей береді. Сөйтіп ақырында олардың арттарынан қалмай қуып келе жатқан Борсық оны ұстап алады.
Борсық (ентігіп). Ах-х, оңбаған алаяқ, ақыры қолыма түстің бе?! Енді сазайыңды тартасың!
Көжек (жыламсырап). Тәте-е, мен... мен Бөлтіріктің айтқан-дарына иланып...
Борсық (одан сайын қатуланып). «Бөлтіріктің айтқандарына иланып...» деуін қарашы, сонда сенің өз басың қайда?! Бөлтірік саған. «Жардан секір!» десе, секіре бересің бе?!
Көжек. Жо-о-қ...
Борсық. Міне, ұрлық жасау да тап сондай!
Алыстан баласын іздеп шыққан Ана қоянның дауысы естіледі. «Көже-е-к, Көжетай-й, қайдасың?! Аппақ мамығым-ау, сен адасып қалдың ба, қайдасың?!»
Көжек (елең етіп). Апа-а! Апатай, мен мұндамын!
Ана қоян Көжектің дауысын естіп, қасына жетіп келеді. Баласын бас салып құшақтап, айналып-толғана бастайды. Анасына шағынғандай Көжек жылап жібереді...
Ана қоян (емірене). Балам-ау, мен сені әбден іздедім ғой! Сенен мүлдем айырылып қалған шығармын деп зәрем ұшып кетті!
Көжек (мұрнын қорс-қорс тартып). Апа, біз Б-б-бөлтірік екеу-міз... (Сөзін жалғастыра алмай еңіреп жібереді.)
Ана қоян (шошына). Бөлтірі-і-к ?! Ойбай-ау, Бөлтірігі несі?!
Борсық (сөзге араласып). Иә, бұлар Бөлтірік екеуі менің сатып тұрған етімді ұрлап кетті!
Ана қоян (одан сайын шошына). Астапыралла, ұрлық дейсің бе?!
Борсық. Иә, балаң ұрлық жасады! Сенбесең, мына балалардан сұрашы! (Залдағы балаларды көрсетеді.)
Ана қоян (сенер-сенбесін білмей, залға бұрылып). Балалар-ау, мына Борсық шын айтып тұр ма?!
Залдан балалардың: «Иә-иә, шын айтады!» – деген дауыстары естіледі.
Ана қоян (әлі де сеніңкіремей). Сонда менің Көжегімнің ұрлық істегені рас па?!
Залдан: «Рас-с! Рас-с!» – деген балалардың дауыстары естіледі.
Ана қоян (аһ ұра теңселіп). Масқара-а! Масқара-а! Елге масқара болдық-ау! (Тағы да залға бұрылып). Мүмкін-н... Мүмкін ол және бір нәрсені бүлдірген шығар?! Сендер көрдіңдер ғой, айтыңдаршы, ол тағы қандай жаман іс істеді?!
Залдағы балалар: «Ол темекі тартты! Ол сыра ішті!» – деп шулап қоя береді.
Ана қоян (өкіріп жылап жібереді). Сұмдық-ай! Сұмды-ы-қ! Керең болғыр құлағым не естіп тұр менің?! (Көжекке жақындап) Балам-ау, мен сені осындайға үйретіп, осындай жаман жолға тәрбиелеп пе едім?! Мен сені жақсылыққа, тек жақсы істерге баулыған жоқ па едім! Жаман істерден әрдайым аулақ жүр деп үйреткенім қайда! Ал ненің жақсы, ненің жаман екенін ішкі дауысың үнемі айтып отырады деп түсіндіріп едім-ау... Ішкі дауыс – біздің ар-ұятымыз! Сол ар-ұят біздің әрбір ісімізге әділ төреші. Жақсысын – жақсы, жаманын – жаман дейді. Онда алдау, өтірік сөйлеу деген атымен жоқ! (Көжектің қос иығынан қыса ұстап, көзіне көзін тақап, енді қатулана сөйлейді.) Әлде сен ішкі дауысың туралы ұмыттың ба?!
Көжек (діріл қағып). Жоқ, апатай, ұмытқан жоқпын... Тек мен дауыстың айтқанын тыңдамай... Бөлтіріктің сөзіне еріп...
Ана қоян (санын соғып). Ах-х, солай де!.. Яғни, сен дауыстың айтқанын тыңдамай қойғасын, ол сені тастап кеткен екен ғой!
Көжек (өкіне жыламсырап). Сонда-а... енді ол маған мүлдем қайтып оралмай ма?!
Ана қоян. Бұл жағы, әрине, сенің өзіңе байланысты... Егер жасаған жаман істеріңе өкініп, оларды қайталамайтын болсаң, дауыс қайта оралуы мүмкін...
Көжек (қуанып). Алақай, дауыс маған қайта оралады екен! (Залдағы балаларға қарап) Балалар, мен манағы жаман істеріме қатты өкініп тұрмын! Бұдан былай ондай жаман істерді ешқа-шан істемеймін! Рас айтамын, ешқашан істемеймін! (Борсыққа жақындап) Борсық тәте, сіз де мені кешіріңізші! Мен бұдан былай Бөлтірік сияқты бұзықтарға ілеспеймін, жаман істерге жуымаймын!
Борсық (залға қарап). Балалар, Көжектің сөзіне сенейін бе?!
Залдан балалардың: «Сеніңіз! Сеніңіз-з!» – деген дауыстары естіледі.
Борсық. Онда Көжекті кешірейін, ә?!
Залдан: «Кешіріңіз! Кешіріңіз-з!» – деген балалардың дауыстары естіледі.
Борсық (Көжектің басынан сипап). Жарайды, мен сені кешірдім!
Көжек (қолын шапалақтап). Алақай, енді дауыс та қайтып оралатын болды!
Радиодан Көжектің жаңғырыққан өз дауысы естіледі: «Жарайсың, Көжек, сен қатеңді түсініп, қайтадан жақсы жолға түстің! Мен саған ризамын-н! Бұдан былай сенімен үнемі бірге боламын!». Көжек анасын құшақтай алады.
Көжек (көздері ұшқындап). Рақмет, дауыс, бұдан былай мен сені ренжітпеймін! Мен сені үнемі тыңдайтын боламын!
Қоян ана (Көжегін аймалай құшақтап тұрып, залға). Балалар, сендер де өздеріңнің ішкі дауыстарыңа – ар-ұяттарыңа үнемі құлақ салыңдар! Сонда сендер де ешуақытта шалыс баспайтын боласыңдар!
Көңілді музыка. Қоян ана мен Борсық Көжекті орталарына алып билей жөнеледі. Алыстан Бөлтіріктің ұлыған мұңлы дауысы естіледі... Билеп жүргендер оған еш мән бермейді... Біраздан соң «гүрс» етіп мылтық атылады да, артынша Бөлтіріктің үні өшеді...
Соңы