22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Әлібек Файзуллаев
Әлібек Файзоллаұлы – журналист, жазушы. Қазіргі ҚазҰТУ-ды бітірген (1977).

Ақ көбелек






Қаладан қыдырып келген Мейрамбекті қасына ерткен Бақыт түс ауа ауылдың сыртындағы өзенге қарай бет алды. Биыл бірінші сыныпты бітірген оның иығында балық аулайтын ұзын қармақ, ал қонақ баланың қолында шағын шелек.

— Мен саған қазір балықтың небір түрін көрсетемін! Сазан, шортан, лақа дегендерің біздің Қарасуда өріп жүреді! — деп Бақыт алдын ала мақтанып қойды.

Ауылдан ұзап шыға бере жайқала өсіп тұрған көк, қызыл, сары гүлдерге ұшып-қонып жүрген алуан түрлі көбелектерді көрген Мейрамбек:

— Ой, қандай көп көбелек?! — деп тұра ұмтылды.

— Мейрамбек, тоқта! Сен не істемексің?!

— Мен қазір оларды ұстап аламын! — Мейрамбек көбелектерді қуа жөнелді.

Жерде жатқан үлкен ағаш таяқты қолына алып алған ол әдемі ақ көбелектің соңына түсіп берді. Таяғын оңды-солды сілтеп, жазықсыз көбелектің апшысын қуырып барады. Жоғары-төмен қалбалақтай қашқан бейшараға ауыр соққы дәл тисе, жерге жалп еткізбек.

— Мейрамбек, тоқта, тиіспеші! — деді Бақыт оның жолын кес-кестей бөгеп.

— Сен не, көбелекті қызғанып тұрсың ба?! — Мейрамбек оған ожырая қарады.

— Жоқ, кіп-кішкентай жәндікке жаным ашып тұр! — деді Бақыт шыр-пыры шығып. — Егер жазатайым таяғың тисе, өліп қалады ғой...

— Өлсе ше... Маған қайта оның өлгені керек, үйге апарып гербарий жасаймын!..

Таяғын оңтайлап, тағы да ұмтыла берген Мейрамбектің қолынан Бақыт ұстай алды.

— Жоқ, мен сені ондайға жібермеймін!

Екі бала текетіресе кетті. Бірін-бірі итеріп, жүлқыласып әлек. Екеуінің де оп-оңай таяқтан айырылғысы жоқ. Кенет Мерамбектің аяғы шалынысып барып тізерлей құлап түсті. Қара таяқ Бақыттың қолында қалып қойды.

— Ой, аяғым-ай!.. Аяғы-ы-м!.. — Мейрамбек қатты айқайлап жіберді. Бақыт таяқты лақтырып жіберіп, оның қасына жетіп барды. Мейрамбектің тізесінен қып-қызыл қан сорғалап тұр екен. Ол үстіндегі көйлегін тез шешті де, етегін жыртып алып, жарасын таңуға кірісті.

— Сәл шыда, қазір қанағаны тоқтайды... — деп арагідік Мейрамбекті жұбатып қояды.

— Бақыт, ананы қарашы! — Жарасын ауырсына ыңырсып отырған Мейрамбек күліп жіберді.

— Ол не-е? — Бақыт басын көтермеген күйі жұмысын жалғастыра берді.

— Сен алдымен қарасаңшы!.. — Мейрамбек және күлді.

Еріксіз басын көтеріп, Мейрамбек қолын шошайтқан жаққа мойнын бұрған Бақыт өзінің иығында қонып отырған ақ көбелекке көзі түсті.

— Әлгінде мен қуалаған көбелек қой!.. — деді Мейрамбек ұяла қызарақтап.

— Жә, енді қуаламайтын шығарсың?!

— Әрине, қуаламаймын!

«Әне, естідің ғой» дегендей Бақыт ақ көбелекке мейірлене қарап еді, ол ұшып барып Мейрамбектің иығына қонды.

Бұған екеуі де мәз. Мейрамбек тіпті аяғының ауыратынын ұмытып, орнынан атып тұрды.

— Ой, қандай әдемі көбелек?! — деді ол иығына қонақтаған ақ көбелекті сүйсіне қызықтап.

Біраздан соң екі бала өзенге қарай бет түзеді. Ал ақ көбелек олардан қалыспай, қатарласа ұшып бара жатты.