22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Әлібек Файзуллаев
Әлібек Файзоллаұлы – журналист, жазушы. Қазіргі ҚазҰТУ-ды бітірген (1977).

Әже өсиеті






Былтыр да дәл осы уақытта қиғылық салған. Оқу жылының аяқталуына тура бір тоқсан қалғанда «Мен бұл мектепте оқымаймын!» деп күтпеген жерден ата-анасын әуре-сараңға салып қойған-ды. Әке-шешесінің «Қарағым-ау, тым болмаса осы оқу жылын аяқта, сосын әрмен қарайғысын ойластырып көрелік!» деп басу айтып, ақылға шақырған әрекеттерінен түк те шықпады. Ақыры басқа мектепке ауысып тынды.

Содан кейін бәрі жақсы болып кетер деп ойлаған. Бірақ, өкінішке қарай, міне, тура бір жыл өткенде былтырғы жайт және қайталанып отыр.

Әдеттегі уақытынан тым ерте оралған Шәмшия үйге кіре бере, қолындағы сөмкесін еденге лақтырып жіберді. Сыртқы есікті ашып, қызын жылы шыраймен күтіп алған анасы селк ете түсті.

— Құлыным-ау, тыныштық па?! — деді ол қызының бетіне үрейлене қарап.

— М-мен... Мен бұл мектепте оқымаймын! — деді Шәмшия бөлмені басына көтере бақырып.

— Ойбай-ау, оқымағаны қалай?! Тағы не болып қалды?! — деді анасы сасқалақтап.

— Сыныптағылардың бәрі мені жек көреді! Ылғи мазақтайды, келемеждейді!.. — деді Шәмшия екі көзі жасқа тола мөлт-мөлт етіп.

— Бәлкім, сен өзің...

— Мен өзім не істеппін?! — деді Шәмшия анасының сөзін бөліп жіберіп. — Тіпті менімен ешкім сөйлескісі де келмейді... Соңғы партада сопиып жалғыз өзім отырамын...

— Апырау, енді осының бәрін сынып жетекшісіне айтпадың ба?! — деді анасы шыр-пыры шығып. — Мұғалімің көмектесер еді ғой...

— Айтқанмын... Бірақ апайды тыңдап жатқан кім бар?.. Сынып жетекшісінің көзінше бәрі моп-момақан бола қалады да, оның көзі тая бере қайтадан есіріп шыға келеді. Керек десеңіз, апай зорлағандай мәжбүрлеп қасыма отырғызып қойған қыз сынып жетекшісі жүргізетін сабақтан басқа уақыттарда өзге партаға ауысып кетеді...

— С-сұмдық-ай, бұлары тіпті сұмдық қой! — деді анасы шошына жағасын ұстап.

Шешесінің өзін жақтап, жаны ашып тұрғанын байқаған Шәмшия:

Иә, мама, олар шетінен қатыгез, мейірімсіз жандар! Мен бұндай бұзық балалардың арасында оқи алмаймын!.. Тезірек бұл мектептен кетейінші!.. — деді одан сайын зарлана түсіп.

— Жарайды, құлыным, саған қаншалық ауыр екенін мен түсінемін, — деді анасы қызының басынан мейірлене сипап. — Әкең келгесін осының бәрін айтып ақылдасайық, бәлкім бір амалын табармыз.

Бірақ әкесі бұлардың әңгімесін тым салқын тындады. Шешесі сияқты күйініп, күңіренген де жоқ. Ол бар-жоғы:

— Қызым, былтыр сенің сөзіңе иланып, бірінші сыныптан бауыр басып қалған ортаңнан ала қашқанымыз да жетер, сондықтан басқа мектепке ауысу туралы әңгіме енді қайтып қозғалмауы тиіс! — деп қысқа тұжырым жасады.

Әкесінен мұндай шешім күтпеген Шәмшия:

— Со-сонда сіздің маған ешқандай жаныңыз ашымағаны ғой?! — деді булыға қыстығып.

— Жоқ, қателесесің, қызым, түсіне білсең, саған жаным ашығандықтан да оқу жылының аяқталуына небәрі екі-үш ай қалғанда басқа мектепке ауысу туралы мәселеге бас қатыруыңа рұқсат бермей отырғаным, — деді әкесі сабырлы қалпын сақтап. — Сосын, ылғи сен жақсысың да, неге сен барған сыныптың балалары шетінен жаман?! Бұл да ойланатын жайт... Міне, сондықтан да төртінші тоқсанды аяқтап, жазғы каникулға шыққан кезде сені ауылға жібергелі отырмын. Онда сенің әбден ойлануыңа ешкім де бөгет болмайды. Бәлкім, күзге қарай мектепке барарда ауысу туралы бүгінгі ойыңнан өзің-ақ айнып қаларсың...

Әкесінің «...бүгінгі ойыңнан өзің-ақ айнып қаларсың» деген сөзі сенімсіздеу көрінгенмен, оның өзін ауылға жіберетіні қатты ұнады. Соңғы екі-үш жылда ол жаққа қыдырудың сәті түспей, әжесін ерекше сағынып жүрген Шәмшия аяқ астынан тіпті қуанып кетті. Көңілі жадырап, әлгіндегі ашу-ызасы тарқай бастағандай.

Сол күннен бастап Шәмшия жазғы каникулды асыға күтті. Бар ойы ауылға ауған. Мектептегі ұсақ-түйек кикілжіңге мән беруді қойған. Балалардың бұзықтығына да бұрынғыдай назар аударып жатпайды. Көрсе де, көрмегенсіп, білсе де, білмегенсіп жүре береді. Біреуге ашуланса, сабақтан кетіп қалуды да тоқтатқан.

Ақыры төзімін талдырып барып, асыға күткен жазғы демалыс та келді. Әкесі уәдесінде тұрып, сабақтан босаған күннің ертеңіне-ақ Шәмшияны ауылға әкеліп тастады. Сағынысып табысқан немере мен әженің қуанышында шек жоқ еді.

Ырысалды әже ауылдағы ең сыйлы жан болатын. Сөзімен де, ісімен де елге қадір арттырған оны жұрттың бәрі жақсы керетін. Әсіресе жастар жағы қатты құрметтейтін. Жас отау иелері ақыл-кеңес алып тұруды тіпті дәстүрге айналдырып жіберген.Қарияның өсиетін тыңдап, батасын алу олар үшін үлкен мәртебе көрінетін.

Ауылдағы кішкентай балдырғандар да Ырысалды әжеге үйірсек. Ертелі-кеш балға үймелеген арадай қарияны айналшықтап, қасынан шықпайды. Олар бәрінен де әженің ертегі-аңыздарын тыңдауға құмар.

Ауылдағы үлкенді-кішілі қуанышқа көптің басын қосатын жиындар да Ырысалды әжесіз өткен емес. Ондайда бірінші сөз айту құрметі міндетті түрде Ырысалды қарияға ұсынылады. Сосын артынан әженің аузынан естіген өсиетті сездерін бір-біріне айтып, өнеге тұтып жүргендері.

Өмірден көкейіне түйгендері көп дана қарияның сүйікті немересіне айтар өсиеті де әзір екен. Шәмшияның басындағы жағдайды естіген ол бір сәт көзін жұма ойланып отырып, әңгімесін бастап та кетті.

— Қалқам, осында алдыма жөн сұрап келетіндерден мен ылғи да «Адамзат бойындағы ең басты қасиет не?» деп сұраймын, сонда олардың көпшілігі «Сүйіспеншілік!» деп жауап береді. Дұрыс-ақ, сүйіспеншілік екеніне дауым жоқ. Бірақ сүйіспеншіліктің де түр-түрі болады ғой. Мысалы, қыз бен жігіттің арасындағы сүйіспеншілік, достардың арасындағы сүйіспеншілік, отбасы мүшелері арасындағы сүйіспеншілік... Яғни, мұндай сүйіспеншіліктер екі жақтың өзара шынайы қарым-қатынасы негізінде туындайды. Былайша айтқанда, өзіңді жақсы көретін адамды сен де жақсы көресің. Әрине, бұл пәлендей қиындық тудырмайтын болса керек-ті. Ал, енді осыған мүлдем керісінше, өзіңді жек көретін адамды жақсы көру мүмкін бе?

Әжесінің күтпеген сұрағынан тосылып қалған Шәмшия:

— А-а... мені жек көретін адам, яғни мен үшін жаман адам болғаны ғой... — деді сасқалақтап.

— Тек сен үшін ғана емес, тіпті шын мәнінде жаман адам болуы да әбден мүмкін... — деді әжесі немересіне сынай қарап.

— Жо-о... Мен жаман адамды жақсы көре алмаймын! — деді Шәмшия бұл жолы кідіріссіз жауап қайтарып.

— Ал құдіреті күшті Құдай жаман адамдарды да жақсы көреді.

Бұрын мұндай тақырыпта ешқандай әңгіме естіп өрмеген Шәмшия:

— Қ-қалайша?! — деді таңданысын жасыра алмай.

— Оны түсіну үшін ең алдымен «Күнсіз өмір сүруге бола ма?» деген сұраққа жауап беруге тиіссің.

— Әрине, күнсіз өмір жоқ.

— А-а, жауынсыз ше?

— Жауынсыз да өмір сүру мүмкін емес...

Шәмшия «Дүниетану» оқулығынан оқып білгендерін судырата жөнелді. Жауынның жаратылыстағы, ауыл шаруашылығындағы маңызы жөнінде көп білетіндігі көрініп-ақ тұр.

— Ал, енді сол өзің айтқандай адамзатқа аса қажетті күн сәулесі мен жауынды Құдай жаман адамдарға, жаман адамдардың егініне, бау-бақшасына бермей қойса, не болар еді? — Бір сәт немересіне барлай көз тастаған Ырысалды әже іле-шала әңгімесін жалғастырып әкетті. — Әрине, жаман адамдардың бәрі қырылып қалар еді. Бірақ Жаратушы Иеміз ешуақытта олай істемейді. Ол нұрлы сәулесі мен нәрлі жауынын барлық адамдарға бірдей береді. Онда адамдарды алалау жоқ. Ол жақсы адамдарды да, жаман адамдарды да бірдей жақсы көреді.

— Сонда қалай, жақсы адамдар мен жаман адамдар бірдей болғаны ма?! — Шәмшия таңданысын жасыра алмады.

— Жоқ, тіпті де олай емес! Бұл жерде Жаратушы жаман адамдарды жақсы көру арқылы олардың жақсы адамдардың қатарына қосылуына жол ашып отыр деп түсінуіміз керек. Міне, бұл сүйіспеншіліктің ең биік шыңы десе де болғандай!

— Ә-ә, солай ма еді, мен енді түсіндім. — Шәмшия әжесін құптай басын изеді.

— Түсінсең, сүйіспеншілікпен қатар адамға аса қажетті және бір қасиет бар, енді сол туралы айтып берейін, — деді немересінің басынан мейірлене иіскеген қария өсиет әңгімесін әрмен қарай жалғастырып. — Ол — кешірімділік! Егер бейнелі түрде адамды арбаға теңесек, оны жеңіл әрі қиналмай алға қарай тарту үшін, әрине, қос ат жеккен дұрыс болар еді ғой. Міне, сол екі аттың бірін сүйіспеншілік, екіншісін кешірімділік десек, қателеспейтін сияқтымыз. Өйткені, сүйіспеншіліктің ешбір теңдесі жоқ үлгісін айдай әлемге әйгілеп отырған Жаратушы Иеміз кешірімділіктің де мәңгі ұмытылмас мысалын көрсетіп берді емес пе? Адам ата мен Хауа ана Ібіліс шайтанның азғыруына ілесіп, өздерін дүниеге әкелген Құдайға қарсы шыққан кезде екі бұзақыны сол жер-де-ақ жойып жіберуге құдіреті жете тұра, қанағатсыз арамза пенделеріне кешірім жасайды. Сөйтіп, екеуін өлім жазасынан құтқарып, еркіндікке жібереді. Яғни, Жаратушы Адам ата мен Хауа ананы кешіру арқылы, олардың артынан күнәсын мойындап, қайта түзелуіне мүмкіндік берген еді... Міне, сондықтан да біз, адамдар құдіреті күшті Қүдайдың өзі ерен үлгісін көрсетіп отырған сүйіспеншілік пен кешірімділікті бойымызға сіңіре жүріп, өзгелердің де осы асыл қасиеттерді меңгеруіне жол ашып, мүмкіндік жасауымыз керек.

— Сонда жаман адамдар да жақсы болып кете ме?! — деді Шәмшия үлкен бір жаңалық ашқандай қуанып.

— Әрине, біз жаман адамдарға өзіміздің сүйіспеншілігімізді көрсете отырып, кешірімді болу арқылы олардың түзелуіне көмектесеміз.

— Ой, қандай кереме-е-т! А-а, дәл осылай бұзық балаларды да түзеуге бола ма?!

— Әлбетте, адамдардың бойындағы сансыз қасиеттердің алтын тәжі саналатын сүйіспеншілік пен кешірімділік алдында үлкендер де, кішілер де басын иеді. Ендеше сен айтқан бұзық балалардың қатыгез жүректерінің емі де осынау қасиеттер болмақ, — деді Ырысалды әже аппақ самайын сипай отырып.

— Расында, ғажа-а-п екен! — деді Шәмшия көздері ұшқындап. — Мен күзде мектепке барған кезде сіздің осы әңгімеңізді міндетті түрде балалардың бәріне айтып беремін.

— Тек жай ғана айтып қоймай, осыларды өмірде қолдану керек. Сонда, бәлкім, басқа мектепке ауысудың қажеті де жоқ болар.

— Дұрыс айтасыз, әже, мен енді басқа мектепке ауыспаймын! — деді Шәмшия сенімді түрде нық-нық сөйлеп.

— Ақылды-ы-м менің, ақылыңнан айналдым! — Ырысалды әже немересін құшырлана бауырына басты.

Сол күннен бастап Шәмшия тезірек күз болуын, тезірек жаңа оқу жылының басталуын асыға күтетінді шығарды...