Әдебиет
Енші бөлу
Баяғы өткен заманда Баттал деген бір байдың Мұратхан, Асылхан, Сабырхан, Есілхан атты төрт ұлы болыпты. Ұлдары ержетіп, әрқайсысы өз алдына шаңырақ көтеріп, енші бөлісер шаққа жеткенде бай ойға қалады: «Әлбетте, перзенттерім үшін дүние-мүлікті аямаспын-ау! Бірақ олар соның қадірін білер ме екен?! Күні ертең «әке малы балаға мал болмайды» дегенге сайып, қолына тигеннің бәрін ту-талақай шашса ше?! Онда есіл еңбегінің еш болғаны да! Осы уақытқа дейін маңдай терін төгіп, тірнектеп жинаған байлықтың бей-берекет айдалаға ақтарылғаны-ау!.. Артынан бармақ тістеп, шаң қауып қалу деп осыны айт!..
Осылай текке шашылудан сақтанған Баттал алдын ала балаларын сынамақ болады. Ол бір күні ұлдарын жинап алып: «Қарақтарым, мен ұзақ сапарға шығып барамын. Күнделікті тіршілік қамын өз беттеріңше жасай берерсіңдер», — деп әрқайсысының қолына бір-бір күміс теңгеден ұстатады.
Содан сыртта үш ай жүріп еліне оралған Баттал балаларын және қасына шақырып:
— Иә, қарақтарым, жағдайларың қалай, кім не шаруа тындырды? — деп сұрайды.
— Әке, жағдайым жақсы, — дейді үлкен ұлы күлім қағып. — Мінеки, берген бір күміс теңгеңіздің қарымтасы...
Мұратхан ұсынған күміс ақшаларды қолына алып, сыңғырлата санап шыққан Баттал:
— Он-н... — дейді көңілдене дауыстап. — Ал мұның мәнісін қалай түсіндіресің?
— Өзіңіз берген теңгені бірден айналымға жібердім. Қазір ірі шаһарларға қатынайтын керуенге ілесіп, сауда-саттықпен айналысып жүрген жайым бар, — дейді Мұратхан мән-жайды баяндап.
Үлкен ұлының ісіне сүйсінген бай:
— Сенің хал-ахуалың ше? — деп екінші ұлына бұрылады.
— Жаман емес, әке, мінеки, берген бір теңгеңіздің қарымтасы... —
деп Асылхан бес күміс ақшаны Батталдың алақанына салады.
— Дұрыс-ақ, балам, енді мәнісін айта ғой, — дейді бай риза пішінмен.
— Өзіңіз берген теңгеге кішігірім ұстахана ашып, қазір тұрмысқа қажетті бұйымдар шығарып жатқан жайым бар, — дейді Асылхан пайда көзін түсіндіріп.
— Бәрекелде-е, мұның бір жақсы бастама екен! — деп қуана қостаған бай үшінші ұлына кезек береді.
— Мен берген ақшаңызды жер өңдеп, бақша салуға жұмсадым. Тапқан пайдам әзірге, мінеки... — деп Сабырхан әкесінің қолына үш күміс теңгені ұстатады.
— Жарайсың, балам, өте бір қажет шаруаны қолға алыпсың! — деп көңілі марқайған Баттал төртінші ұлына сөз береді.
— Ә-әке, менің сізге ұсынатын ештеңем жоқ... — дейді Есілхан күмілжи сөйлеп. — А-ақшаңызды б-былай... неті-і-п... жаратып қойдым-м...
Ұлдарының істеріне мерейі өсіп, әлгінде ғана жайдары отырған Батталдың аяқ астынан қабағы түсіп кетеді.
— Ей, міңгірлемей жөндеп түсіндірсеңші?! — дейді ол қатуланып.
— Түсіндіргенде-е... Той-томалаққа барып... Қалаға базарлап дегендей...
— Жетер, әрмен қарай жалғастырмай-ақ қой! — дейді Баттал кенже ұлының сөзін кілт бөліп.
Бір сәт үнсіз қалған бай іле толғана сөйлеп кетеді.
— Айналайын Мұратхан, Асылхан, Сабырхан, сендердің жүрек қалауларыңмен бастаған істерің менің көңілімнен шығып отыр. Әрмен қарай өз жолдарыңды табатындықтарыңа сенімдімін. Енді бабалар дәстүрі бойынша еншілеріңді бөлсем деймін. Асылхан саған — он үйір жылқы, он күре түйе, Мұратхан саған — бес табын сиыр, бес отар қой, Сабырхан саған — Қызылбастау, Көкбастау, Ақбастау — үш бастауды жер-суымен, қора-қопсысымен сыйладым. Игіліктеріңе ұстап, өсіп-өніңдер, еңбектерің жансын! — деп Баттал ақ батасын береді.
Сосын ешқандай үлес тимей, жігері жасып қалған кенже ұлына бұрылып:
— Есілхан шырағым, кез келген ата-ана барлық баласын бірдей көреді, әрі ешқайсысына жамандық тілемейді. Саған ештеңе бөлінбесе, жек көргендігім емес, енші иемденуге сенің дайын еместігің. Сондықтан әлі де ойлан, өмірді зерделе!.. — дейді терең ой тастап.