22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Әзиз Несин

1915 жылы дүниеге келген түріктің атақты жазушысы, публицист. 1995 жылы 79 жасында дүние салған.


Қылжақбастар






Өмір ауыр, мырзалар. Өмір — ой-шұңқырлы бұралаң жол. Өмір... Менде өмір туралы ойларымды тұжырып жазған үш дәптер бар. Оларда он алты мыңға жуық нақыл сөз бар.



Өмір — бастан-аяқ азап. Өмір — тіп-тік өр. Өмір — тасыған өзен. Өмір — театр сахнасы.

Соңғы дәптерімнің соңғы бетіне:` «Өмір дегеніміз не?» деп жазып та қойдым.

Әмір ауыр, мырзалар, өте ауыр. Менің мына бір әңгімемді мұқият тыңдаңыздар да, бұл пікіріме өздеріңіз төреші болыңыздар.

Бұта басын сындырмай бос жүрген кезім еді. Әкемнен қалған қисапсыз малды шашып шатылып жүрген жоқпын, жұмыс таба алмай сандалып жүрмін. Таза ауа мен тұнық суды шалаптап өзек жалғап жүргеніме екі күн болған.

Паркке барып бір орындыққа жайғастым да, өмірдің мәні мен сәні жайында ойлана бастадым. Жанымда бір ер адам газет оқып отырған. Газетін оқып болып қалтасына салған кезде:

— Бере тұрыңызшы, көріп шығайын,— дедім.

Көршім газетін ұсынды. Қысқа-қысқа хабарландыруларына көз тастадым. Бір хабарландырудан маған үміт оты жылт еткендей болды. Кез келген жастағы ерлер мен әйелдерді жұмысқа қабылдаймыз депті. Газетті көршіме қайтарып бердім де, хабарландыруда көрсетілген адресті іздеп құстай ұшып жөнелдім. Қаланың бір қайнаған тұсында тұрған бес этажды нән үй екен. Лифтіні тосып тұрсам басқалар менен бұрын барып қояр дедім де, баспалдақтардан ырғып аттап бесінші этажға ұмтылдым. Айтылған 18-ші есікке де жеттім-ау! Біреулер кіріп, біреулер шығып жатыр. Бәрі де үміт жетелеп күлімсіреп кіреді де, өрт сөндіргендей түтігіп, тұлан тұтып шығады.

Ентігімді бастым да, есікті мен де аштым:

— Газеттегі хабарландыруды оқып...

Босағада тұрған швейцар кіре бер дегенді аңғартып қолын сілтей салды.

Орындық пен креслодан аяқ алып жүргісіз бір бөлмеге кірдім. Алты әйел, сегіз ер адам отыр. Түрегеп тұрған төртеуге бесінші боп мен де қосылдым.

Өзіме ұқсас бір бейбақ көршіме күбір етіп:

— Немене жұмыс екен?— дедім.

— Білмеймін,— деді ол,— әйтеуір кезекпен бір-бірлеп шақырып кіргізеді. Кірген адам он минуттан кейін, немесе жарты сағаттан соң атқып шығады да, жер-дүниені күңірентіп кете барады.

Төргі есік теуіп қалғандай шарқ етіп ашылды да, помидордай қып-қызыл боп біреу ытқып шықты.

— Өңшең жауыз! Сұмырай! Жексұрын! — деп барқырап барады.

— Қайсың кіруші едің?— деді швейцар.

— Мен,— деп әлем-жәлем боянған бір келіншек кіріп кетті.

— Онда не істейді екен?— деп сұрадым, кезектегілердің бірінен.

— Емтихан алатын сияқты.

Мектепте оқыған-тоқығандарымды есіме түсіруге тырысып, іштей әлектене бастадым. Бұл жер, сірә, сауда мекемесі болуы керек, сондықтан математикадан емтихан алатын шығар. Көбейту кестесін іштей қайталап тұрмын. Одан соң алу-қосу, процентті есептеу тәсілдерін есіме түсіруге кірістім.

Есік тағы да айқара ашылып, жаңағы әлем-жәлем келіншек айғыз-ұйғыз боп шыға келді.

— Көргенсіздер, бейбастақ кеткендер! — деп айқайлап жөнелді. Іштен еркектердің ерсі күлкілері естілді.

— Әлгі әйелге шынымен тіл тигізгендері ме?— дедім мен, секем алып.

— Өйтпеген шығар,— деді көршім.— Бір қырсық сұрақ қойған болар. Ал әйел оған жауап бере алмаған ғой.

— Қайсыңның кезегің?— деді швейцар тағы да. Әйелдің «жауап бере алмағанын» біліп отырған жігіттің кезегі екен, сол кірді. Күрделі проценттің не екенін енді ойлай бергенімше болған жоқ, жігітім тепкен доптай ытқып шықты.

— Жұмыстарың құрысын!— деп бақырды ол.

— Мына жігіт жаңағы әйел ғұрлы білмеген ғой,— деді көршім мырс етіп.

Менен кейін кезек алғандар да көбейіп қалыпты. Ішке енгізіп есік көзінде тұрған швейцардың жанына барып:

— Кіргендерге не істейді?— дедім ақырын ғана.

— Сыннан өткізеді,— деді ол мысқыл үнмен. Ішке кіргендер бақырып-шақырып шығып кеткен сайын мен қуана түсем, өйткені маған жұмыс бұйыруы үшін олардың азая бергендері керек. Дегенмен, секем алып та тұрмын. Бұлар жұрттың бәрін бүйі шаңқандай етіп, қандай сыннан өткізіп жатыр? Қарным қабырғама жабысып жүрмегенімде бұлардың жұмыстарына қолымды бір-ақ сілтеп, бағана кетіп қалатын едім... Кезегім келді. Менің алдымда өңі боп-боз шал тұрған-ды. Сол шалдың қалжырап шыққаны соншалық, тіпті бақырып-шақыруға шамасы болмады.

— Ақсақал, олар не істейді?— дедім, біліп алғым келіп.

— Сұрап қайтесің, қазір көресің,— деді ол. Швейцар кезек кімдікі екенін сұрап дүңк етті. Мен үндемедім.

Менен кейін тұрған кісі:

— Сіздің кезегіңіз ғой,— деді маған.

— Сіз кіре беріңіз, мен асығып тұрған жоқпын.

— Мен кезексіз кірмеймін,— деді ол қасарысып. Өй, хайуан! Трамвайда немесе автобуста болса ғой, бүйтіп кезек күтіп сызылғанды қойып, менің үстімнен жүріп кетер едің!

— Кіре берсеңізші!

— Жоқ, әуелі өзіңіз кіріңіз!

Швейцар мені арқамнан итеріп қалды. Соңымнан сарт етіп есік жабылды.

«Е, тәңірім,— деп іштей жалбарындым мен,— өзің жар бола гөр маған. Емтиханы ма, сыны ма, несі болса да аман өтіп шығып, әйтеуір бір жұмыс тауып алуыма өзің жәрдем жасағайсың!..»

Әлде қорыққандықтан ба, әлде аштықтан ба, әйтеуір, көзім қарауытып кетті.

Кірген бөлмеме жағалай қарасам,— кеңсеге ұқсайтын тәрізді. Іште отырғандардың бәрі ішек-сілелері қатып күліп қалған. Бәрі де қарындары қабақтай, бұғақтары табақтай кілең местер екен, олар күлмегенде, кім күлсін.

Үстіне шыны төселулі үлкен жазу столында қонжиып отырған біреуінің алдына бардым, себебі комиссияның бастығы сол секілденді.

— Сен қалжыңды жақсы көресің бе?— деді ол.

Отырғандардың бәріне байыптап қарап алдым.

Ұзын саны он шақты екен. Араларында мендей жүдеп-жадаған ешкім көрінбейді. Яғни қалжыңнан басқа кәсіп іздемейтіндері беп-белгілі.

— Қалжыңды, иә, иә, жақсы көремін. Бұ жарық дүниеде қалжыңды жек көретін пенде бар ма екен?! — деп асыға жауап беріп, ыржиып күлген болдым.

— Демек, қалжыңды ө-ө-өте жақсы көресіз, ә! — деді ол дауысын соза сөйлеп.— Кәне, мына креслоға отыра қалыңыз.

Дізем үзілердей боп әрең тұрсам да отырмадым, әдеп сақтадым.

— Мырза, мен осылай тұра берейін де.

— Жоқ, болмайды. Сен қалжыңды жақсы көресің ғой. Отыр.

Бас тарта беру ыңғайсыз болды да, рақметімді айтып барып отырдым.

— Бұл креслоға емес, анаған отыр.

Нұсқағанына барып отырдым.

— Осында отырғандардың бәрі кілең қалжыңбастар,— деді председатель.

— Өте жақсы, мырза, қалжың дегенде мен де ішкен асымды жерге қоямын.

Олар менімен әңгімелесуге кірісті. Қойған сұрақтарына әдеппен қысқа ғана жауап беруге тырыстым. Бір уақта отырған орнымның ыси бастағанын сездім. Тіпті күйдіріп бара жатыр. Жанып тұрған моншаға киімшең кіргізіп жібергендей болдым. Иә, алла, сақтай гөр... Осы мен ауырып отырғаннан саумын ба? Ауырғанда, әдетте, басқа жағым емес, басым ысушы еді. Мен жан-жағыма жапақтап қарап, қипақтай бастадым, ал айналамдағылар қарқ-қарқ күледі. Қалжыңбастарға керегі— менің сиқым кетіп, берекем ұшқаны ғой. Өнебойым өртеніп бара жатса да жайбарақат күлімсіреуге тырысып отырмын.

— Сізге не болды, сырқатсыз ба?—десті олар.

Егер иә, сырқатпын десем, жұмысқа алмай қояды.

Сондықтан:

— Сырқат емеспін, оның бетін ары қылсын,— дедім.

— Ендеше неге қипақтап отырсыз?..

Олар менен көз алмастан қарқылдап кеп күледі.

— Ғафу етіңіздер, аздап қажалған еді,— деп жалтара жауап бердім,— рұқсат етсеңіздер, мен түрегеп тұрайын.

Орнымнан тұрып, маңдайымның терін сүрттім. «Неменеге қарғаша қарқылдайсыңдар?!»—деп ақырып қалғым келді, бірақ ақырып нем бар,— олар қалжыңбастар ғой, жұмысқа алмай жүрер...

Стол басындағысы қоңыраулатып швейцарды шақырып алып:

— Мырзаға шай әкел!— деп бұйырды.

Мен қуанып кеттім. Сірә, ұнадым-ау деймін. Ал аштықтан ішім ұлып тұр. Талғажау бірдеңе берсеші, шіркін!.. Швейцар бір стакан шай алып келді. Стаканды алып, оған екі кесек қант салдым. Сол-ақ екен, шай көбік боп бұрқ етіп, қолыма ақтарылды да қалды. Қарқылдаған күлкі құлағымды тұндырды. Аузым аппақ болған ақымақ сиқыма неге күлмесін олар.

Комиссия мүшелерінің бірі күлкісін тыйып:

— Анау есікті ашып, сонда столда жатқан таяқты алып келіңіз,— деді.

Айтқан жерінде ешқандай таяқ көрінбеді.

— Мұнда таяқ жоқ,— дедім абыржып.

— Ә, мұнда екен,— деп дауыстады.

Комиссия мүшелерінің келесі біреуі маған сұрақ қоюға кірісті, ал мен мұрныма шыбын кіріп кеткендей-ақ түшкіре бастадым.«Қырсыққанда қымыран іриді» деген рас.

— Сіздің атыңыз кім?

— Менің ат... әт... әп-чхи!.. Ме... Мен... әп-әп... әп- чхи!.. Менің атым Ахмет... әп-чхи!

«Маған не болды!?» деп ойлаймын. Қырық жыл тентіреп жүріп-жүріп ақырында жұмыс табылды-ау деп қуанып келгенімде, біреу қас қылғандай, отырған креслом күйді, шайым төгілді, енді түшкірік табылды.

— Қы... қы... қы... әп-чхи!.. Қырық бірде...

Қарқ-қарқ күлкі. Бір кезде комиссия мүшелерінің бірі:

— Әне, қолжуғыш тұр, барып бет-аузыңызды жуып келіңіз,— деді.

Түшкіріп жүріп әрең дегенде бетімді жудым, түшкірігім тыйылды, бірақ оның есесіне енді көзімнен жас парлап жөнелді. Неге екенін білмеймін, егіліп жылай бастадым. Әлде аштықтан ба... Жүйке-жүйкем босап, салдырадым да қалдым. Біресе ауыз жаппай түшкіріп, біресе аңырап жылап әлек болатын адамды енді кім жұмысқа алар дейсің.

— Неге жылайсыз?

— Кім, мен бе? Білмеймін... Марқұм шешем...

Қарқ-қарқ күлкі үйді қақ жарардай. Ал мен көз жасымды тия алмай отырмын. Комиссия мүшелерінің бірі шкафтан бір құты иісті су алып ұсынды.

— Мынадан иіскеңіз, жақсы болады.

Иісті судан алақаныма тамызып алып иіскедім. Шынында жақсы болды, бойым жеңілдеп сала берді. Бірақ кенеттен ықылық тиді. Бұ қырсыққа не дауа!? Жолым болмайын деген екен, енді қазір қуып шығады...

— Бұрын не істеп едіңіз?

— Бұрын...— қиқылдап кеп жөнелдім,— ииқ... бұ... ииқ... бәтің... ииқ... таз... ииқ...

— Құдай үшін қойыңызшы!.. Мынау шкафты аша аласыз ба?

Ықылықтап барып шкафтың есігін тартып қалып едім, зеңбірек атылғандай күрс етті. Ұшып түстім. «Құрыдым-ау,— деп ойладым,— маған, сірә, жұмыс табудан гөрі жұмаққа кіру оңай болар! Мыналардың да обалына қалатын шығармын, күлкіден ішектері түйіліп өлетін болды!»

Былшиғандардың біреуі столдың үстінің шаңын маған қарай үрлеп қалды.

Іле-шала өнебойым дуылдап кеп кетті.

— Неге қасынасың?

— Қайдан білейін, кеше ғана шомылып едім...

Әлде үстімде бүрге бар ма? Қой, бүрге болса шаққан жері ғана қышиды ғой, ал менің төбемнен табаныма дейін түгел дуылдап барады.

— Білімің қандай?— деді комиссия мүшелерінің ең қарты.

— Мен университеттің әдебиет факультетін бітіргенмін.

Ол құлағын әкеп аузыма тосты.

— Қаттырақ айт, мен нашар естимін.

Шынында құлағына есту аппаратын тығып алыпты.

Тыр-тыр қасынып тұрып айғай салдым.

— Университеттің...

— Немене?

Аттандағандай айғайлап: «Университеттің» дей беріп едім,— есту аппараты сұп-суық су бүркіп кеп қалды. Шошығаным сонша — шалқамнан түстім. «О, алла, мені мұнда қай сор айдап келді? Мынау кеңсе емес, тамұқ болып жүрмесін!»

Комиссия мүшелері де жерге құлап түскен, іштерін басып бүктетіліп күліп жатыр. Жын ұрып кеткендей бәрі. Әлден уақытта ғана кісі қалыптарына келіп, орындарына барып отырды.

— Жарайсың! — деді біреуі мені қолпаштап.— Сен сыннан сүрінбей өттің. Саған дейін кірген қырық кісінің бір де бірі ақырына дейін шыдай алмады. Кейбіреуі тіпті ә дегенде-ақ шыбын-шіркей безді.

— Мырза, мен ештеңе түсініп тұрған жоқпын. Қандай сынды айтып отырсыз?

— Америкада бір ерекше аспаптар шығаратын фабрика бар. Ол аспаптар кісіні күлдіруге арналғандықтан «Қалжыңбас» деп аталады. Сол фабрика бізбен байланыс жасап, аспаптарының кейбір жаңа түрлерін жіберген болатын...

— Жіберсе ше?

— Ол аспаптардың қайсыбір қалжыңы төбелеске бергісіз, соны әуелі сынап көріп алайық дегеніміз ғой.

Олар енді өзара әңгімеге кірісті.

— Америкада бұндай аспаптарды сататын он мың магазин бар көрінеді.

— Иә, иә... Олар экспорттың өзіне ғана жиырма миллион доллардан астам сомаға осындай аспап шығарады.

— Фабрика бізге елу түрін ұсынып отыр.

— Заказ беру керек. Бұдан қыруар пайда түсіруге болады. Біздің халық — қалжың үшін туған халық, ол американдықтарға ұпайын жібере қоймайды!

Комиссияның ең қарт мүшесі хатшыға иек қақты:

— Жаз. Астынан қыздыратын орындықтың екі мыңы керек. Қышыма ұнтағы — екі жүз мың қорап, ықылық тигізетін иісті су—бес жүз жәшік. Су ататын есту аппараты — бес мың дожна. Көзден жас ағызатын су — жиырма мың бөтелке. Жынды күлкі шақыратын қант — бес тонна. Жарылатын капсюль — отыз мың қорап... Міне, осыларды бізге тез жеткізіп беріңдер деп жаз.

Мен жұмысқа алынғанымды сездім, бірақ, нендей міндет атқаратынымды түсіне алмай тұрмын. Олар өзара әңгіменің қызығына түсіп, мені ұмытып та кетті.

— Мырза, мен жұмысқа алындым ба? — деп сұрадым комиссия бастығынан.

— Иә,— деді ол.— Біз сыннан өткізгендердің ішінде сенен төзімдісі болмады... Бухгалтерге айтшы,— деді ол хатшыға,— мынаған екі жарым лир берсін...— Енді ол маған қарады: — Біздің компания американ фирмаларынан қалжыңбас аспаптардың ай сайын жаңа түрлерін алып тұратын болады. Әр айдың үші күні сіз осында келесіз. Жаңа аспаптарды сіздің қатысуыңызбен мына бүгінгіше сынап отырамыз. Сол үшін сен екі жарым лир алатын боласың. Ұмытып қалма, әр айдың үші күні...

Кенеттен мені күлкі қысып кетті:

— Ха-ха-ха! Ха-ха-ха!..— деп ішімді басып тұрып ал күлейін...

— Әй, сен де бір қалжыңбас қу екенсің. Қалжыңды мен де өте жақсы көремін,— деді комиссия бастығы.

Аштықтан ішім ұлып әрең тұрсам да, бойымдағы бар-жоқ күшімді жиып алдым да, бастықты дәл тұмсыққа жұдырықпен пердім де жібердім. Қисайып барып-барып қылжия кетті.

— Менің қалжыңым осы,— дедім.

— Мынауың нақұрыстың қалжыңы ғой,— десті комиссия мүшелері.

— Енді қайтем? Біз кедей халықпыз, екі жарым лирге сендердің қалжыңбас аспаптарыңды сатып ала алмаймыз. Шама-шарқымызға қарап қалжыңдаймыз.

Есікті сарт еткізіп кете бардым...

Үшінші дәптерімнің ең ақырына, өмірдің бүкіл философиясы түйінделген тұсқа: «Өмір дегеніміз — қасіретті қалжың» деп жазып қойдым.