Әдебиет
Әзиз Несин
1915 жылы дүниеге келген түріктің атақты жазушысы, публицист. 1995 жылы 79 жасында дүние салған.
Мысық неге сорлады?
Кез келген жәйттің бір «негесі» болар.
Жоқ, дұрыс басталмады. Әңгімені бұдан әлдеқайда терең оймен бастау керек. Айталық: «Жер мен көктің арасын өрт алса да, адам бір уақ сергуі керек» деп бастаса...
Шынына келсек, бұл да тауып айтылған жоқ. Ұлағатты сөздер ұлы адамдардың ғана аузынан шығады. Осыны ойланғанда өзіме өзімнің жаным ашиды. Мен әрбір әңгімемді мәңгі ұмытылмас сөздермен-ақ бастаймын, бірақ не оған, ие маған назар аударар бір адам, бір тірі жан болсайшы! Сонда, немене, ұлы адам атаулының бәрі елден ерек бірдеңе айтады деп ойлайсыздар ма? Бір ұлы адам: «Жазда күн ыстық болады» депті. Соған жұрттың бәрі таңданып: «шіркін-ай, неткен асыл сөз, шіркін-ай, неткен ғұлама ой!» — десіпті. Сіздер сездіңіздер ме: адамзат жүздеген жылдар бойы білмеген ақиқатты ол төрт-ақ сөзбен айтып беріпті. Тағы бір ұлы адам жан тәсілім жасар сәтінде: «Есікті ашыңдаршы!» — депті. Естіген жұрт естерінен танып қала жаздапты. Ойпырай, бұл сөздерде қаншама ғажап мән-мағына бар десеңші! «Есікті ашыңдаршы!» деген екі сөзбен ол данышпан бүкіл ұрпағына жол нұсқап кетті емес пе. «Есікті ашыңдаршы!» Бұл не деген сөз?
Өздеріңіз ойлап көріңіздерші! Қисапсыз көп кітап етіп жазсақ та, бұл екі сөздің мағынасын толық ұғындырып беру қиын-ақ. Ол мұнымен... иә, ол мұнымен не айтты?.. «Ей, жарандар! Көртышқанша көмілмей бері шығыңдар! Есіктеріңді ашыңдар, көкіректеріңе білім нұры құйылсын!» — деді ме?
Әлде: «Есіктеріңді ашыңдар! Жарық дүниеге көз салыңдар. Тұмшалап тұрған рухани надандық тұтқынынан құтылыңдар!» — деді ме?
Жо-жоқ. Бейбақ боп жүрген біз тәрізді сол ұлы адам жан тәсілім алдында жанталасып, тынысы тарылып әлек боп жатты да:
«Есікті ашыңдаршы», деп жалынды.
Бар айтқаны осы.
Өз басым о дүниеге бара қалған күні ең алдымен Гетені іздеп тауып алып:
— Сіз өмірмен қоштасарда: «Терезенің пердесін түріңдерші, аздап жарық түссінші» депсіз. Сол астарлы сөзіңіздің мағынасы не еді? — деп сұрармын-ау.
Меніңше, сонда Гете күледі де:
— Мен: «аздап жарық түссінші» деппін бе? Шын ба? Сірә, көз алдым қарауытып кеткен шығар да, мен қасымда кімдер отырғанын көруге тырысқан шығармын,— дейді.
...Мен аяңдап келе жаттым. Алдымдағы бір үйден бажылдап бір мысың атып шықты да, алды-артына қарамай безіп жоқ болды. Сол мысықтың сол халы мені қатты ойландырды. Байғұс сонша неге бажылдады екен? Әу баста айтқанымдай, кез келген жәйттің бір «негесі» болады. Яғни, мысық неге өйтті?
Оны қазір айтып беремін. Басынан бастап айтамын. Тек қай ыңғаймен айтуды білмей отырмын. Демократиялық ыңғаймен: төменнен жоғары қарай ма, әлде езіміздің шығыс дәстүрімен: жоғарыдан темен қарай ма? Яғни мысықтан министрге көтерілейін бе, әлде министрден мысыққа түсейін бе? Қой, өзіміздің дәстүрден айнымайын.
Күндердің бір күнінде барлың газеттеріміз, құдды келісіп алғандай-ақ, министрлердің біреуін бас салып сынады да тастады. Министрдің есі шықты, кімге не дерін білмей қыстықты. Не істеп, не қоярын білмей қаны қайнағанда ол ылғи кеңесшісін шақырып алатын. Министр кеңесшісіне бір сұрақ қойды. Кеңесшісі жауап берді. Тағы бір сұрақ қойды. Онысына да толық жауап алды. Таз ашуын тырнадан алуға бір ілгешек табылар емес. «Жер мен көктің арасын өрт алса да, адам бір уақ сергуі керек» емес пе. Министр үшінші сұрақты қойды. Оның ол тапсырмасы қалай орындалғанын көмекшісі тәптіштеп айтып берді. Сол-ақ екен, дүние асты-үстіне шықты дейсің: өйтпеу керек еді! Олай істемеу керек еді! Өйтуге болмайды!. Болады! Болмайды! Жоқ, болады! Мүлде болмайды! Ілгешек тапқанына министр іштей қатты қуанды. Көмекшісінің кезіне көк шыбын үймелетіп қоя берді. Сөйтіп, жаны жай тапты.
«Жер мен көктің арасын ерт алса да, адам бір уақ сергуі керек». Олай болса, кеңесші не істеуге тиіс? Отставкаға шығуы керек пе? Жоқ. Ол ненің ақысы? Кеңесші бас басқарушыға бір сұрақ қойды. Бас басқарушы жауап берді. Сонсоң ол бас басқарушыға екінші сұрақ қойды. Бас басқарушы онысына да жауап берді. Үшінші сұрақ қойды. Онысына да жауап берді. Жауап беруін бергенмен, бір әттеңі болып қалды. Бітті! Кеңесші хатшысын шақырып алды.
— Жаз! — деп бұйырды хатшысына.
Кеңесші көп сөйлеп, көп жазғызды, сөйтіп, бірте-бірте сабасына түсті. Өйтпегенде, құдай өзі сақтасын, ол ашу-ызадан жарылып өліп, бүкіл үрім-бұтағы ұлып қалатын еді.
Қош, енді бас басқарушыға қайтпек керек? Кеңесшіден көрген көресісі көкірегін қазандай қара тас боп басып қала бермек пе? Ол қоңырауын шалдыр еткізді.
— Инспектор Әли-бейді шақырыңыз!
— Әли-бейдің инспекциялық сапарға аттанғанына он күн болды.
— Уәли-бейді шақырыңыз.
— Құп.
Инспектор Уәли-бей келді.
— Әміріңізге құлдың, тақсыр!
— Менің тапсырмамды орындадыңыз ба?
— Орындадым, тақсыр!
— Екіншісін ше?
— Ол да орындалды.
— Кәне, айтып беріңіз.
Уәли-бей айтып берді.
— Оны олай орындамау керек еді! Олай емес болатын! Ондай нұсқауды сізге кім берді ?! Мұныңыз барып тұрған жүгенсіздік! О, алла, алла!
Бас басқарушы барқырап жөнелді. Өйтпесе булығып, қалшылдап құлап қалатын еді.
Енді инспектор не істеуі керек? Үндемей шыдап жүре берсін бе? Жоқ, шыдамнан пайда шамалы.
— Басқарушы мырза!
— Құлағым сізде.
— Мен бүгін таңертең сізге не дедім?
— Бүгін таңертең бе? Ештеңе деген жоқсыз.
— Солай де. Ойланып байқа!
— Бүгін таңертең мен сізді көрген де жоқпын...
— Ендеше, кеше таңертең!
— Кеше сіз сырқаттанып қалғансыз...
— Ендеше, алдыңғы күні таңертең!
— Иә, ол күні...
— Сол күні айтқанмын! Не деп едім? Неге орындамадыңыз?! Іске өйтіп қарауға болмайды, ұқтыңыз ба? Болмайды! Мен ондайға... мүлде тыйым саламын!
Басқарушының өңі күреңітіп кетті. «Жер мен көктің арасын өрт алса да, адам бір уақ сергуі керек».
— Орынбасарды шақырыңыз!
— Құп.
Басқарушының орынбасары келді. Басқарушы оған:
— «Д» тізімі толтырылды ма?— деді.
— Толтырылды, тақсыр.
— Түгелдей ме?
— Түгелдей.
— Беттері бекітілді ме?
— Бекітілді.
Неткен ұқыптылық десеңізші!
— Жөнелтілді ме?
— Жөнелтілді.
Неткен тәртіп десеңізші!
— Қашан?
— Кеше.
— Не-ме-не?! Кеше?! Бұ неткен салақтық? Бәрі бетімен кеткен! Істің ыңғайын білу деген қайда?! Жұмысты дұрыстап істеу керек, дұрыстап! Күндегісін — күнде! Мен осыны талап етемін! Айтқанды ұқтыңыз ба?
Ашуың тарқағанда-ақ моншаға түскендей боп қалатының-ай, шіркін!
Басқарушының орынбасары бөлім бастығының кабинетіне барып кірді. Булығып тұр:
— Андағың немене?
— Бухгалтерияға жіберетін документтер ғой.
— Солай де?! Түсінікті. Айлап, жылдап шашылып жатады да, содан соң...
Басқарушының орынбасары кабинеттен шығып кетісімен бөлім бастығы столды жұдырықпен қойып-қойып қалды.
— Хасан-бей қайда?
— Қай Хасан-бей? Екінші басқармадағы Хасан-бей ме? Әлде есепші Хасан-бей ме? Тіркеу кеңсесінде де Хасен-бей бар. Әлде секретариаттағы Хасан-бей ме?
— Бәрібір. Қолыңа түскенін жетектеп алып кел!.. Секретариаттағы Хасан-бейді шақырыңдар маған!
— Түскі үзіліс кезі ғой, әпенді, ол тамақ ішуге кетті,
— Онда... сенің атың кім?
— Құсайын.
— Құсайынсың ба, Мұсайынсың ба — бәрібір! Мен адамша айтып тұрсам, сендер шеттеріңнен!..
Бөлім бастығы он минут бойы ақпандатты. Сонсоң ғана бәсеңдеп, бөлмеден салмақтанып шығып кетті. Кеме де портқа кірмей тыншымайды емес пе?
Ал Құсайын-бей қол астындағы қызметшісіне тап берді. Терезелер неге кірлеп кеткен? Төбеге неге өрмек толып кеткен? Столдарды шаң басқан! Еден жуылмаған! Мен бұған енді төзе алмаймын! Төзе алмаймын! Ұқтың ба?!. Ұқсаң — сол!
Қызметші қақпашының асты-үстін жездей қақтап алуды ойлап еді, ол неме үйіне кете қалыпты. Енді не істеу керек? «Жер мен көктің арасын өрт алса да, адам: бір уақ сергуі керек».
Қызметші трамвайға отырды.
— Аяғымды басып кеттің ғой,— деді ол жанында тұрған жолаушыға ажырая қарап.— Серейген сүйектеріңе ие бола алмай жүрсің бе?!.
Жолаушы үндемеді.
Кондуктор келді.
— Билет алыңыз!
— Сен, немене, ине шаншар жер жоғын көрмей тұрсың ба? Бір қолым жаншылып, бір қолым қайырылып әрең тұрмын... Әмияннан ақша алмақ тұрғай, қыбыр етер мұршам жоқ! Шығарда төлеймін.
— Оныңыз болмайды!
— Е, неге?
— Болмайды! Контролер келе қалса ше? Онда қайтесің?
Айқай-ұйқай басталды. Қызметшінің көктен тілегені жерден табылды...
Жұмысы аяқталып, кондуктор үйіне қайтты. Әйелі оны күлімсіреп қарсы алды.
— Сойған қасқырша тісің ақсиып не болды?— деп атылды кондуктор.— Кім көрінген келіп сенің күйеуіңе тіл тигізеді, ал сен...
Ол әйелін төпештеп-төпештеп алды да, стол басына барып рақаттанып отырып, кешкі тамағын ішті.
Кондуктордың әйелі көз жасын көл қылды. Мысығы келіп, бырылдап, оның аяғына сүйкенді. Әйел оны қыр арқаға қысқашпен көсіп-көсіп қалды. Мысық бажылдап безе жөнелді.
Кондуктордың әйелі күйеуінің жанына барып отырып, басын иығына сүйеді. Көз жасымен жуылған сайын махаббаттың мерейі арта түспек. Екеуі бір-біріне мейірлене қарады.
Кез келген жәйттің бір «негесі» болады. Егер газеттер министрдің бас терісін аузына қаптамаса, байғұс мысық сорламас еді.
Адамдар ақыр аяғында ашуын басып сабасына түсудің жолын әйтеуір табады. Ал мысықтар... Жанымнан құдды аққан жұлдызша өте шықты, — ол байғұстың одан ары не күйге ұшырағанынан күні бүгінге дейін хабарым жоқ.
Орысшадан аударған Ғаббас Қабышев