22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Әзиз Несин

1915 жылы дүниеге келген түріктің атақты жазушысы, публицист. 1995 жылы 79 жасында дүние салған.


Жер аударылғанда






Не үшін жер аударылғанымды айтып-айтпай не керек, әйтеуір, бір заманда біз, яғни: мен және екі жандары үшеуіміз, полиция участогіне итшілеп жеттік-ау. Жеткенімізді қайтейік:

— Бастық қазір жоқ, сондықтан бұларыңды мен қабылдап ала алмаймын, — деді участок кезекшісі.

Мен иығыма асылған дорбаны қисая сырғытып жерге түсірдім де, жеңіммен маңдайымның терін сүрттім. Бойым жеңілдеп қалды. Егер қолымдағы кісенді алып тастаса, өзімді әжептәуір бақытты адам деп санар едім, қайтейін. Жандармдарға жапақтап қарадым да:

— Қолым ұйып барады, кісенді аздап кеңітсеңіздер қайтер еді? — дедім.

Менің өтінішімді естіген жандармдар кісенді одан әрмен тарылтыңқырап бұрап қойды...

Бір уақта участок бастығы келе қалды. «Бастық мырза келді» дегенге селқостау қарап, сиқына көз тастасам... мәссаға-а-ан! Өңім бе, түсім бе?! Құдайым-ау, баяғыда өзіммен бірге оқыған Хох Бехшеттің дәл өзі! Ал керек болса!.. Қуанып кеттім. Көз алдыма мектепте оқып жүргенімізде Бехшеттің басынан кешкен хикаялар тізіле қалғаны...

Әлі есімде, бір күні географиядан сабақ беретін мұғалім Бехшетті карта алдына шақырып:

— Кәне, Францияның қайда екенін, қай елдермен шектесетінін көрсетіп бер, — деді.

— Оң жағында Германия, сол жағында теңіз, үстінде Англия, астында тағы да теңіз бар, — деп Бехшет айды аспанға бір-ақ шығарды.

— Ал күн қайдан шығып, қайда батады?

Бехшет терезе жаққа бағдарлай қарады да:

— Күн Хайдарпаша жақтан шығып, Саматия жаққа батады, — дей салды...

Тағы бір күні химик мұғалім Бехшетті тақтаға шақырды. Бехшет химиядан мүлде махрұм болатын.

— Су қалай жазылады? — деді мұғалім.

Бехшет борды алды да, тақтаға «Су» деп жазды. Ойланып әуре болмады.

— Саған судың химиялық формуласын жаз деп отырмын ғой! — деді мұғалім зекіп.

Бехшет мұғалімге мөлие қарап тұрып қалды. Өзінде тым болмаса аздап ойланып көрейінші деген кейіп жоқ, салы суға кетіп, сүлкиіп тұр.

Мұғалімнің Бехшетке жаны ашып кетті-ау деймін, тұрып барып, тақтаға: Н2О формуласын өзі жазды да:

— Судың алыну реакциясын жазшы! — деді.

Бехшет мұғалімнің не айтқанын мүлде түсінбеген кісіше мелшиіп тұра берді. Мұғалім өз сұрағына жауапты тағы да өзі: НОН /аш-о-аш/ деп жазып, оның қалай оқылатынын сұрады.

Бехшет бір күрсініп алды да:

— Хох! — деді...

Содан бастап біз оны Хох Бехшет деп атап кеттік...

...Енді мен полиция офицері болған сол Хох Бехшетке күле қарап, кісенімді сыңғырлатып жақындай бердім.

Хох Бехшет теріс айналып кетті де, жандармдарға қарап:

— Мыналарың кім? — деп сұрады.

— Жер аударуға кесілген. Стамбулдан алып келдік, — деді жандарм.

— Хохх!.. Бөлменің ыстығын-ай! — дедім мен, Бехшеттен көз аудармаған күйімде.

Ол жандармдар ұсынған қағазды алып қол қойды да, маған қарамаған қалпында әмір беріп:

— Андағыларыңды қауіпсіздік басқармасына апарып тапсырыңдар! — дей салды.

...Сөйтіп, жандармдар мені айтқан жерге апарды да тапсырды. Қауіпсіздік басқармасындағы күнім бір рақат болды: кісеннен құтылдым, емін-еркін жүретін болдым. Күнде таңертең және кешке полиция участогіне барамын да, Бурсадан ешқайда кетпегенімді растап қол қойып шығамын.

***

Мейманхананың дәлізінде отыратын кезекші қызметкер таңертең мені көре сала:

— Газетте сіз туралы мақала шығыпты, оқыдыңыз ба? — деді.

Деді де, маған алдындағы газетті алып ұсынды. Бөлмеме кірген соң ашып қарасам, — менің Бурсаға жер аударылғаным тура бірінші бетке жазылыпты. Оны хабарлап қана қойса, бірсәрі ғой... Автор мені аянбай-ақ даттапты... Бұ жарық дүниеде нендей жаманшылық болса, соның бәрін бір ғана менің басыма үйіп-төгіпті де, басқа бұзықтарға дәнеңе қалдырмапты. Мақаланың бір тұсында мен еріксізден-еріксіз қарқылдап кеп күлдім. Журналист автор менің шетелдік құпия қорлардан алған ақшамның есебіне сан жетпейді деп күйзеліпті.

Күле-күле сілем қатып шаршап, көзімнен аққан жасты сүрте бергенімде есік қағылды. Тәп-тәуір киінген бір жігіт кірді.

— Бурсаға аман-есен келдіңіз бе? — деп сәлемдесіп, қолымды қысты.

Ол мені сырттай жақсы білетінін, жақсы көретінін, өзінің Бурсадағы апталық газет иесі екенін айтты. Мен аңтарылып сәл-пәл отырдым да, столда жатқан газетті нұсқап:

— Мына газеттің иесі сіз бе? — дедім.

Ол қып-қызыл боп кетті:

— Сіз ренжи көрмеңіз... саяси жағдайдың жай-жапсарын сіз жақсы түсінесіз ғой... — деп күмілжіді.

Оның қысылып, күмілжіп отырғанына жаным ашып кетті де:

— Оқасы жоқ, өмірде не болмаушы еді, — деп жұбаттым.

Ол бөлмемнен шыға бере кідіріп, қалтасынан әмиянын алып бұрылып:

— Айыпқа бұйырмаңызшы... — деді жалынышты үнмен, умаждалған қағаз ақшаны төсек үстіне қойып тұрып.

— Керегі жоқ, мен бәрібір алмаймын! — дедім зілденіп.

Ол шыға жөнелді.

Егер мен естелік жазбай, кәдімгі роман жазған болсам, кейіпкеріме ақшаны түтелеп тұрып жыртқызар едім. Амал не, оны істете алмадым. Төсекке жетіп барып қарасам, — он лир екен. Дереу пеш жағуға кірістім.

...Айдауда үш-төрт ай жүру сіздерге, әрине, айтуға да тұрмайтын жәйт боп көрінуі мүмкін. Әрине, қалтаң қалың болса, Бурсада жайбарақат тұра беруге әбден болады. Қалтаң қалың болса дегенде мен күніне екі мезгіл тамақ ішуге жететін ақшаны айтып отырмын. Менде сол да болмай, көбінде аш жүремін. Қалтаңда аздап тиын-сиының барда «Мен ашпын!» деудің оншама ерсілігі жоқ. Ал соқыр тиының жоқта тіпті аузыңды ашуға дәтің бармайды, жұртта қалған күшіктей күй кешесің.

Бүгін менің қалтамда оншақты ғана куруш пен жарты қорап сигарет бар.

Ескендірдің шашлықханасынан келіп тұрған ғажап иіс сілекейімді шұбыртып, есімді шығарып барады. Қайтейін!.. Барып бір тоқаш сатып алдым да, бұрышты айналып кофеханаға кірдім. Қалтамдағы тоқашымнан қиқымдап үзіп алып аузыма саламын да, шайымнан бір ұрттаймын. Тамаққа жарымай отырғанда тәбетіңнің ерегескендей ашылып кететіні бар емес пе!

Сол әредікте көрші стол басына бірнеше кісі жинала қалды да, қайсысы тамақты көп іше алатындарын айтып бәстесе бастады.

— Мен бір жегенде сүзбе қосып бес қатырманы, жиырма жұмыртқаны және бір кило халваны бір-ақ жеймін. Келіңдер, елу лирге бәстесейік! — деді біреуі даурығып.

— Егер жей алмасаң, жүз лир айып төлейсің!

— Төлеймін!

— Тамақтың құнын қоса төлейсің!

— Жарайды!

Аштан ақыл сұрама деген. Олардың етектей үлкен бес қатырмасы, жиырма жұмыртқасы, бір кило халвасы менің жұмырыма жұғын да болмайтын сияқтанды. «Әй! Егер мен андағыларыңнан екі есе көп жеп қойсам, қайтесіңдер?» деп айғай салғым келді.

Ұтылсам... қатты болса бір сабар. Оларға беретін жүз лир менде бәрібір жоқ.

Жетіп бардым да, бәстеріне кірісіп кеттім. Олар маған таңданып қарай қалысты. Ал мен есіп жөнелдім:

— Таңертең тамаққа тойып алмағанымда, мен сендерге жегеннің көкесін көрсетер едім! Үш қойдың басын мүжіп, екі астау сорпа ішкен соң тәбетім қазір онша ашылмай тұр, әйтпесе... — деп бір тоқтадым.

Жанымдағылардың көздері тас төбелеріне шықты: мына «меспен» бәстесіп сорлап жүрер ме екенбіз деген сиықтары бар. Мен де өзімнің не шатып кеткенімді енді біліп, жүрегім солқ ете түсті. Болары болған соң, бояуын сіңдіре түскім келіп:

— Егер жей алмасам, бес жүз лир төлеймін! Ал егер жаңағыны түп-түгел жеп қойсам, сендерден дәнеңе алмаймын. Бұған қоса тағы бір шартым бар...

— Ол не?

— Маған қырық стакан лимонад әкеп қойыңдар, артынан ішем.

— Астапыралла! — деп біреуі жағасын ұстады. — Жұдырықтай ғана боп соның бәрін ішіп-жемекші ме?! Жарылып өледі ғой!.. Жарайды, қырық стакан лимонадты мен-ақ алдырайын!

Үлкен-үлкен бес қатырма мен сүзбе алып келді. Мен кірісіп кеп кеттім. Едел-жедел екеуін қылғытып жібердім...

— Тым майлы екен! — деп қойдым. Үшіншісін үзе бастадым.

Одан соң бір стакан лимонад ішіп, келесісіне қол создым.

Жалпы... мен тамақ саулаумын. Ондай қатырманың жайшылықта талайын бірінен соң бірін соғып алып кете беретінмін. Бұл жолы оным болмай барады, сірә, ұзақ уақыт ашығып жүргенде кісінің іші қуырылып қалатын болса керек... Қатырма таусылар емес, үсті-үстіне көбейіп барады, тамағыма тасша тіреліп өтпейді.

— Ағатайлар, мұны тегі іш майға пісірген болар... — деймін.

«Ағатайларым» айғырша арқырап күледі.

Ебін тауып тұра безсем қайтеді?..

— Бес жүз лиріңді түсір!.. — десті.

Қалталарымды қарай бастадым.

— Мәссаған! Әмияным жоқ қой?! Қай жерде ғана қағып кетті екен?! — деп далырған болдым.

Олар мені итше тепкілеп, есімнен тандырып кете барды.

Жо-жоқ... Мұндай ештеңе болған жоқ. Мен ойдан шығарып айтып отырмын ғой! Көрші столдағылар кімнің қанша тамақ жей алатынын айтып бәстесе бастағанда менің көзім қарауытып кетті. Бәстескендердің алдына тамақты үйіп-төгіп әкеліп қойды. Бәсі асқан біреуі қолды салып, үсті-үстіне тықпалап күйсеуге кірісті. Ол күйсеген сайын менің сілекейім шұбыра берді, тіпті сілекейіме шашалып, булығып дем ала алмай да қалдым. Есімді жиып алдым да, кофеханадан шыға жөнелдім. Мешкейлердің қайсысы жеңгенін бір құдайдың өзі білсін.

Орысшадан аударған Ғаббас Қабышев