22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Әзиз Несин

1915 жылы дүниеге келген түріктің атақты жазушысы, публицист. 1995 жылы 79 жасында дүние салған.


Біз — кәдімгі есекпіз!






Біз деген — есекпіз ғой, есекпіз! Кәдімгі есекпіз!.. Жарандар-ау, күні кеше ғана біздің бабаларымыз сендерше өз тілдерінде емін-еркін сөйлеспеуші ме еді? Тілдері қандай еді, шіркін! Күмісше сыңғырлап, құлақ құрышыңды қандыратын. Сөз емес, әсем ырғақты ән болатын! Қанша тыңдасақ та жалықпайтынбыз. Ол кезде біз бақыруды білмейтінбіз. Қазір ғой, бақырып жүргеніміз. Өзіміздің бүкіл тілегімізді, ойымызды, сезімімізді, тіпті қайғы-мұңымызды да бақырып білдіруге тырысамыз. Бірақ, «И-а! И-а!» деген екі сөзбен қай халымызды айтып бермекшіміз? Бір кездегі тамаша бай тілімізден бар-жоқ қалғаны осы болған соң, қайтейік!..



Біздің есек тіліміздің қалай құрып кеткенін, мүмкін, сіздердің білгілеріңіз келетін де шығар? Мен оны айтып-ақ берейін. Бізге өз тілімізді ұмыттырған ол оқиға жан түршігерлік нағыз сұмдық еді.

Біздің бабаларымыздың бірі — әбден қартайған есекең — айдалада жайылып жүрсе керек. Шамасы жеткен шөбін жұлып жеп, көңілі көктем боп әндетіп жүріпті. Бір кезде әлдеқандай бір жаман иісті сезіпті. Қасқырдың иісі ғой баяғы.

Қолаңсы иіс күшейе береді, қасқыр жақындай береді, ажал төне түседі.

Ал есек өзін-өзі жұбатып:

— Бұл қасқыр емес! Мұның қасқыр болуы мүмкін емес!— дейді.

Қорқыныштан жүрегі қысылып бара жатса да, ол ештеңені сезбеген болып:

— Иншалла, бұл қасқыр емес. Бұл жерден қасқыр не алады?— деп күңкілдейді.

Бір уақта ырылдаған дауыс естіледі. Оған онша ұнай қоймайтын қорқынышты ырыл — қасқырдың ырылы. Есек құлағын сақтана қайшылайды да:

— Бұл қасқыр емес! Бұл қасқырдың ырылы емес!— дейді.

Ырыл күшейе түседі. Шошыған есек жалт қараса, қасындағы төбе басында, қалың тұманның арасынан, қасқырдың қарасы көрінеді.

— Ол қасқыр емес. Қарайған бұта ғой,— деп есекең өзін-өзі жұбатқан болып, шөбін шайнаңдай береді.

Сол екі ортада қасқыр дөңкиіп шыға келеді.

Есек қорыққанынан қалтырап қоя берсе де, қасқырды қасқыр деуге көңілі дауаламайды:

— Тәйір-ай, қасқыр бұл жақтан не іздейді? Сірә, менің көзім нашарлай бастаса керек. Бұтаны қасқыр екен деп қалдым-ау!— дейді.

Қасқыр жақындап қалады. Есек қалш-қалш етеді:

— О, тәңірім! Мынау шынымен қасқыр ма? Жо-жоқ, қасқыр емес,— деп міңгірлейді.— Мынау түйе ғой. Әлде піл ме? Мүмкін басқа бірдеңе болар. Қасқыр сияқты боп көрінетіні несі?

Қасқыр екі-үш-ақ қадам қалды, тісін ырситып, тарпа бассалғалы тұр.

Есек: «Бұл қасқыр емес. Мұның қасқыр емесін сезіп тұрмын. Әйтседе бас сауғалағаным жөн болар» деп ой түйді де, томпаңдай жөнелді.

Қасқырдың сілекейі шұбырып, соңынан ұмтылды.

Есек аяғын жебей басып, төңірекке кірісті. Қасқыр қалар емес.

«Бұл тіпті де қасқыр емес. Бұл — жабайы мысық» деп ойлады есек, артына ақырын қарап қойып. Қасқырдың көзі шоқша жайнап, аузынан атылған ыстық демі есекеңнің құйрығын жалынша шала бастайды. Есек соңындағы пәленің қасқыр екеніне сонда да сене алмайды. Ақырында, не керек, есек әбден титықтайды да, не болса о болсыншы деп ойлап, көзін тас жұмып, қалт тоқтай қалады. Тыныш та тұрмай:

— Жоқ, бұл қасқыр емес. Иншалла, қасқыр емес,— деп күңкілдеп сөйлеп тұрады.

Қасқыр оны бассалып, тыраң еткізіп жыға салады.

— Мен сені білем, сен қасқыр емессің. Тәңір тілеуіңді берсін, жарқыным, қытықтамашы, мен қытықтағанды жек көрем!—деп күңкілдейді есек.

Қасқыр оның қоңына тұмсықты тығып жібереді де, бүкіл қоң етін қолқ еткізіп жұлып алады. Халінің мүшкіл болғанын есек сонда бір-ақ біледі. Жаны шырқырап, тілі байланып қалады. Бірдеңе дейін десе, аузына сөз түспейді. Ал қасқыр азуды салады кеп, салады кеп. Қанын суша шашады. Бір сәтте ғана есек тілге келіп:

— Бұл қасқыр екен... Инш... а... Ин... а... И... а...— деп бақырады.

Қасқырдың көзі тұнып, қомағайлана жұлқылайды. Ал есек байғұс:

— И... а... И — а... И...— деп, «иншаллаға» тілі келместен жан тапсырады.

Бабамыздың бақырған ақтық дауысын естіген әулетіміздің кәрі-жасы тілден түгел айрылып қалыпты. Сол күннен бері біз барлық ойымызды, мұңымызды бақырып білдіретін болыппыз. Егер сол бейшара бабамыз өзін-өзі жұбатпайтын жерде жұбатып, өзін-өзі алдап жүріп алмағанда, жанына төнген қатерден қашып құтылып кеткенде, біз бүгін де өз тілімізде сөйлеп қарық болып жүретін едік қой!

Амал не, есекпіз ғой біз, есекпіз!.. Кәдімгі есекпіз!.. И-а, и-а, и-а!..

Орысшадан аударған Ғаббас Қабышев