Әдебиет
Әзиз Несин
1915 жылы дүниеге келген түріктің атақты жазушысы, публицист. 1995 жылы 79 жасында дүние салған.
Оркестр-кісі
Кейбір кісілердің он саусағынан өнер тамып тұрады. Ал менің саусақтарым ешқандай икемге келмейді. «Ешқандай» дегенмен аздап шынымды айтсам: мен бір ғана нәрсеге — жиын жерде әйелдерді ептеп шымшып алуға икемдімін. Бірақ оның ақыры әзірше тек шапалақ жеуіммен тынып жүр.
Ал тал бойымда бір ғана өнер бар. Оны көрсететін құралым — мұрным мен тіл-таңдайым.
Мұрнымды кәдімгі сырнайша сызылтам: таңдайымды тақылдатып, аяғымды тапырлатып барабандатып жөнелгенімде тірі жан маған тең келе алмайды.
Алайда сырнай мұрын мен барабан-ауыздың арқасында жан сақтау оңай емес. Жұрттың музыканы түсіне білудегі талап-талғамы әлі жетіле қоймағаны өкінтеді. Солардың кесірінен бүгінге дейін артист боп таныла алмай, күн ара ашығып азап тартып жүрмін.
Жұмыс іздеп бармаған жерім жоқ шығар!
— Қолыңнан не келеді!?— деп сұрайды.
Басқалар сияқты: «Не тапсырсаң, сол келеді!» дей алмаймын.
Тірі пенде тірлік етуге тиіс. Еткенде өз басым шамаң жеткенге жармас дегенді жақтаймын. Айталық, менің шамам мұрнымды сырнайша сызылтуға жетеді екен, енді одан артыққа тырбанудың тіпті де қажеті жоқ.
Бірақ: «Мырзалар, мен мұрнымды сырнайша сызылта аламын», десем-ақ болды, жұрт жын қаққандай күледі, мазақтап миымды ашытады.
— Әуелі тыңдап көріңіздерші, сонсоң айтарсыздар!— деп жік-жапар боламын.
— Кәне, баста!— деседі.
Мен өнерімді өзімнің әуендерімді ойнаудан бастаймын. Қажет тұстарда «барабанымды» да дабылдатып қоямын. Тыңдаушыларым таң-тамаша қалады. Сізге — өтірік, маған — шын, мырза, әуелде байсалданып бей-жай отырған біліктілердің талайы біраздан соң есі шыға еліріп кетеді. Киімдерін сыпырып лақтырып тастап, ырғалаңдап, бұралаңдап, әлгі қарын биін билеп жөнеледі.
Ал мен сырнайлатып болған соң жұрттың не дейтінін білесіздер ме? Олар:
— Шіркін-ай, осынша өнерімен Европада, немесе Америкада тұрса ғой,ендігі миллионер боп кететін еді!— деседі.
Біздің жақта аштан бұралып жүргендерді, әлбетте, осылай жұбатады.
Сонда біз өз елімізде емес, Европада немесе Америкада жүруге тиіс екенбіз. Яғни, тәңірім кісілерді екі сорт етіп жаратыпты. Бірі — африкалықтар мен азиялықтар, енді бірі — европалықтар мен американдықтар. А л біз сияқты жалаң аяқтарды о бастан «екінші» сортқа жатқызып қойғандықтан, бізге кең дүние тар болады да тұрады. Жер-көктегі өнерді түгел біліп тусаң та, екі қолға бір жұмыс таба алмай итшілейміз.
Әлбетте, мықтылар менің өнерімді тамашалап, өзімді әбден мақтап, алақаныма бес-он куруш салады да, маңдарынан қуып жібереді.
Өнер үшін қандай қияметке шыдап баққанымды енді түсінген шығарсыздар.
Өнер дегенде ішіп отырған асын жерге қоятын бір мың болғыр жолықпағанда, мен бұл өмірден мұрнынан басқа мүлкі жоқ бейшара музыкант күйімде тіленшілеп өтетін едім.
Мен онымен уақытша театрда оркестр міндетін атқарып жүргенімде таныстым. Оркестр болғаныма сенбей отырсыз ба?
Рас айтамын, сырнайлатып, дабылдатып дегендей, мен бүкіл оркестрдің міндетін жалғыз атқардым. Онымен ғана тынған жоқпын: сахнаға шығып ән салдым, әйелше киініп алып би де биледім. Оған қоса кассада билет саттым, сахнаны безендіруші, театрдың көші-қонын реттеуші және жүгін тиеп-түсіруші болдым. Артистердің біреуі ауыра қалса, оның рөлін де маған тапсыратын.
Бір күні Шекспирдің «Гамлетін» қоятын болдық. Гамлеттің рөлін маған берді. Ал «Гамлетті» қоятынымызды маған ол күні ешкім ескерткен жоқ. Ескертсе де есімнен шығып кетті ме, кім білсін... Содан бір күн бұрын ғана әлгі «Хорхордың қуырылған бұршақ сатушысы» деген шағын пьесаны қойған едік, тағы да соны қоятын шығармыз деп соған дайындалып барғанмын. Сахнаға шығар кезегім келе қалғанда сол Хорхордың бұршақ сатушысы боп киініп жүрген күйімде шықтым да, әдетінше мұрнымды сырнайлатып, таңдайымды қағып, барабандата бастадым. Сахна суреттеріне, артистерге көз тастасам: біз Данияда, король сарайындамыз, демек, мен — дат патшазадасымын. Сол сәтте не істерімді білмей қатты састым: Хорхордың қуырылған бұршақ сатушысы боп ойнап, мұрныммен сырнайлата берсем бе екен, әлде Гамлет болсам ба екен? Екі оттың ортасында қалдым. Қой, басталар ойын басталып кетіпті, Гамлет болмасқа амал жоқ, қарсы алдымда Офелия тұр, скрипкашы Христостың былшиған әйелі Елена тұр,— ол қызы Мароның нейлон ішкөйлегін киіп алған. Былшиған бейбақтың кеудесіне тіпті екі кісінің құшағы да жетер емес, нейлон ішкөйлегі кептелген қызғылт түсті көкірек қабы бізде қыздың жасауына қосып беретін жез шөңкенің екеуін қатар төңкеріп қойғанға ұқсайды.
Мен Гамлет боп сөйлей жөнелдім.
— Мен ардан жұрдай болған мынау королеваның, менің шешемнің әкесі үшін кек алам. Мен патшазада Гамлетпін! Әкемнің жұмбақ өлімі «ашылмаған қылмыстар» есебінде қалып қоймайтын болады. Мен сот сарапшыларына өтініш жазамын да, әкемнің мүрдесін моладан алдырып тексертіп, құлақ естімеген сұрқиялықтың сырын ашамын! Сөйтіп, жауыз ағамды полицияға ұстап беремін!
Айтарымды айттым да:
— Офелия! Офе-е-лия! Офе-е-лия! — деп зарлай бастадым.
Суфлер:
— Полиция төресі: бұл мезгілде сатушылардың айқайлап сөйлеуіне болмайды дейді,— деп сыбырлап отыр.
Ал мен былшиған Еленаның құшағына кіріп те кеттім.
Мен жұртқа Гамлет боп ұнай қоймадым.
— Сырнайлатшы! Кәне, сырнайлатшы!— деген дауыстар естілді.
Көрермендердің талабы қожайынымызды жындандырып жібере жаздады. Ол шымылдықты жабуға әмір етті де, маған:
— Әй, жігіт сымақ, бұл жер — сахна! Көшедегі көп тобырыңның ортасында тұрғандай-ақ аузыңа не келсе соны көкігенің не?!— деп тепсінді.
Қожайын мені қуып шықты. Тамақ асырау үшін ғана жүрген кісіні қуып шығуға ол онша қинала қойған жоқ.
Жұмыс істеп жүргеніңде жолдас-жораларыңнан қарызға ақша алып тұру оп-оңай. Ал жұмыссыз жүргеніңде кім саған қарыз береді? Әскери қысқы киімдерімнің арасынан әлгі Гамлет боп сахнаға шыққан сайын киетін шалбарымды, меншікті футбол гольфімді, ұстарам мен кеудешемді қолтығыма қысып алдым да театрмен хош айтыстым. Бұл тірлігімнен бейхабарлар маған қарап сыбырласып:
— Ананы білесің бе? Ол — артист. Оның мұрны мұрын емес, тұп-тура сырнай! — десіп қалады.
Біреуі жаныма келіп:
— Мырза, сізбен сөйлессем деп едім,— деді.
— Уақытым жоқ. Менімен сөйлескісі келетіндер көп, барып кезекке тұрыңыз,— дедім.
— Сізде өте тығыз шаруам бар еді,— деп соңымнан қалмай қойды.
— Олай болса сигарет бере қойыңыз: бірер сорып, ес жиып алайын.
Исі аңқыған сигаретті ұстата қойды. Сонсоң мені машинасына отырғызып, бір үлкен фабрикаға алып барды. Іші жұмақ дерліктей кабинетке кірдік. Таң қалғаным соншама:
— «Гамлетті» осында ойнар ма еді! — деп даурықтым.
— Іске кіріселік. Мен осы фабриканың иесімін,— деді бейтанысым.
— Мұныңызды маған ескертіп қойсаңыз ғой,— дедім, аз-маз абыржып қалып,— онда мен бұндай мінез көрсетпеген болар едім.
— Оқасы жоқ, мен демократияшыл адаммын, ондайға мән бермеймін,— деді бейтанысым.— Сен дұрыстап тыңдап ал,— деп ол кенет «сенге» кешті.— Мен фабрикантпын, бірақ ешкімнің правосына қол сұғып жүргем жоқ.
— Па, шіркін! Шала құрсақпын деңізші?
Ол шамданып қалды:
— Әулекіленбеңіз! Сенбесеңіз, кез келген жұмысшымнан сұраңыз.
Біз цехқа бардық. Мен бір жұмысшыны тоқтатып алып:
— Әй, мына қожайыныңның не дегенін естісең ғой!—дедім.
— Біздің қожайын қашанда тек шындықты ғана айтады,— деді ол.— Біздің жалақымыз басқа фабрикалардағыдан екі есе көп. Жылына бір ай ақылы демалысымыз бар. Жұмысты артық істеген сайын қосымша ақы аламыз. Жаңа жыл алдында, басқа да барлың мейрам қарсаңында бізге сыйлық беріп тұрады.
— Жұмақта жүрміз деші! — дедім, таңдана қағытып.
Кабинетке қайтып келісімен:
— Сіз өзі аурусыз ба, ақымақсыз ба?— деп сұрадым.
— Ешқайсысы да емеспін,— деді қожайын.— Мен не істейтінімді білемін.
— Маған дұрыстап түсіндіріп беріңізші,— деп өтіндім.
— Ендеше тыңда. О баста менің фабрикамда үш жүз кісі істеді. Олар, әрине, ақшаны аз алатын. «Егер мен жалақыларыңды он процент арттырсам, сендер қанша табыс табар едіңдер?— деп сұрадым. «Екі есе көп табар едік»,— десті. Сонсоң мен жұмысшылардың санын екі жүзге түсірдім. Фабрикада еңбек өнімділігі екі есе өсті. Біраздан кейін:
— Егер мен тағы он процент қоссам, сендер қанша жалақы алар едіңдер?— деп сұрадым. «Екі есе көп»,— десті. Сонсоң жұмыстан елу кісіні тағы шығардым. Еңбек өнімділігі төрт есе өсті. Сөйте-сөйте фабрикада жиырма бес жұмысшы қалды. Олар жалақыны басқа фабрикалардағыдан әлдеқайда көп табады, бір ай демалыс алады, менің табысым да он есе артты.
— Ал маған не істе дейсіз?
— Қазір түсіндірем... Енді жұмысшыларды қысқартуға мүмкіндік жоқ, сондықтан мен еңбек өнімділігін өсірудің басқа жолдарын іздеп жүрмін. Фабриканың іші-сырты мұнтаздай тап-таза; цехтарда жұмыс қайнап жатыр. Терезелер үнемі ашық. Жарық неғұрлым көп болса, жұмыс та соғұрлым өнімді. Ал әр түстің адамға әртүрлі әсер ететінін өзің де білесің. Көгілдір түс пен ақ түс адамды алдарқатады, жадыратады, әлгі ауруханаларда тек көгілдір бояу мен аң бояудың қолданылатыны сондықтан. Қара бояу еңсеңді көтертпейді. Қызғылт түс пен сары түс көңілді бей-жай етеді. Қызыл бояу мен жасыл бояу адамның қанын қыздырып, жігерін тасытады. Ұйықтайтын бөлмелерді қызыл түске бояуда да сондай сыр бар. Мен фабрика цехтарын қызылмен боятып қойып едім, жұмыс қарқыны екі есе артып жүре берді.
— Дегенмен, сіз маған не істе дейсіз?
— Мен қанаушылыққа қарсымын. Алайда, еңбек өнімділігін еселеп өсіре беруім керек. Бұл үшін жұмысшыларымның музыка тұрғысындағы талап-тілектерін орындауға тиіспін. Адам музыка тыңдап тұрып жұмысты қалай өндіріп тастағанын өзі де аңдамай қалады. Менде бір оркестр болды, бірақ ол мені жұтатып кетті.
— Табақ ойнатқыш сатып алып, репродукторларды фабриканың іші-сыртына самсатып іліп тастап, куштут сұңқылдатып қоймайсыз ба?
— Темірдің аты темір емес пе. Оның дауысы кісінің жүйкесін тоздырады, жұмыс істетпейді. Маған адамның табиғи өз дауысы керек.
— Өте дұрыс! Мен келістім.
— Қоятын жалғыз-ақ шартым бар: ұлттық музыкада шаруаң болмасын. Ал батыстың оны-мұныларын күндіз-түні ойнасаң да еркің, айтпақшы, солардан бірдеңе ойнай аласың ба?
— Ойнағанда қандай!
— Кәне, венгер рапсодияларының бірін ойнап жіберші!
Мен мұрнымды шулатып, таңдайымды тақылдатып жүріп бердім. Қожайын таңданғанынан талып қала жаздады.
— Тамаша,— деді ол.— Тек сырнайың мен барабаның аздық етеді. Сенің қолдарың да жұмыс істейтін болсын, сонда саған жалақыны да екі есе көп төлеймін.
— Жарайды,— дедім.— Әлгі дәу барабанды ұрғылағандай етіп оң қолыммен қарнымды тоңқылдатайын.
— Дұрыс-ақ! Ал аяқтарың бос қала ма?
— Тарелке соғыстырғандай етіп бәтіңкемнің нәлілерін сартылдатып отырайын.
— Бәрекелді! Сонсоң!?
— Сонсоң ба? Сонсоң... Тоқтай қал!.. Таптым! Менің сол қолым бос қой, ендеше, әуеннің әсерін күшейту үшін сол қолыммен бөксемді ұрғылаймын.
— Сонсоң?!
— Өзіме де бірдеңе қалсын да.
— Жарайды. Сонымен, сен алты музыканты бар оркестрдің қызметін жалғыз өзің атқаратын болдың. Мұның жақсы. Осынша кісісі бар оркестрді жалдаған күнде мен оларға күніне ең кемі екі жүз лир төлеуге тиіс болар едім. Ал сен елу лирге келісесің бе?
— Тәңір жарылқасын сізді! Мен осы жасыма дейін бір аптада әлі мұншама табыс тауып көргем жоқ!
— Ендеше — келістік! Жұмысшыларыма жалақыны басқалардан екі-үш есе артық төлейтініме өзіңнің де көзің жетті, міне. Мәселе ақшада тұрған жоқ. Мен жұмысшыларымның еңбек өнімділігін арттырудан жанымды да аямаймын. Кәне, сенің қандай талап-тілегің бар? Бөлмеңді жасылмен боятайын ба? Әлде қызылмен бе? Жаңа киім тіктіріп берейін бе? Шарап әкелдірейін бе?
Мен жомарт қожайынның бетіне тура қарадым да:
— Маған сіздің ештеңеңіз керек емес. Бір ғана өтінерім: егер маған шынында қажыр-қайрат бергіңіз келсе, менің бір тілегімді орындаңыз да, түбегейлі келістік деп біліңіз,— дедім.
— Ол не тілек?
— Мен сіздің бет-аузыңызды көрмей-ақ қойсам деймін. Менің бар-жоқ тілегім сол!
Қожайын қуанып кетті:
— Әкел қолыңды! — деді ол даурығып.— Кәне, сыбызғыңды сызылтшы бір!