22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Әзиз Несин

1915 жылы дүниеге келген түріктің атақты жазушысы, публицист. 1995 жылы 79 жасында дүние салған.


Ассало-о-оумалейкүм!






Оқырмандарымнан күніне отыз-қырық хат алатын, телефон соққандармен сөйлесем деп газет оқып үлгірмейтін кезім келмеске кетті. Менің пәтерімде кешкілікте орындық, қасық, шанышқы жетпей жататын күндер де келмеске кетті.

Рас, кейде кеткеннің қайтып оралатын сәті де болады...

Мен мынадай бір заңдылықты байқап жүрмін: редакция әлемімен байланысым бәсеңдей бастаса, газет-журналдарда шығармаларым көрінбеуге айналса,— үйіме келушілердің саны күрт азаяды; телефон мен есік қоңырауларының безілдегені басылады; жайшылықта ақша сұрап, ақыл сұрап айналақтап маңымнан шықпайтын жолдас-жораларым көшеде маған ұшыраспауға тырысады, жолыға қалсақ байқамағансып, жылыстап кетуге асығады, сірә, бұл ақша сұрар, жұмысқа орналастыр деп есімізді шығарар деп жүрексінеді-ау деймін...

Ал, егер оны-мұным жариялана бастаса, бәрі де керісінше бола қалады: ақылгөйлер — ақыл сұрап, тиынын кеміргендер — ақша сұрап жетіп келеді...

Дүниенің бүйтіп аумалы-төкпелі болып тұрғанын әсте теріс көрмеуші едім, бірақ табаны тайғанақ таныстарым бүгінде несие беретін өсімқорларға айналып мысымды құртып жүр.

Түрмеден соңғы жолы шыққаннан кейін менің тағдырым жобамен мынадай болды... «Айтасың-ақ,— дейсіздер маған,— бірінші жолың да, бесінші жолың да емес, үйренетін болдың ғой...» — «Жоқ,— деймін мен,— оған тіпті мыңыншы рет болса да үйрене алмайсың! Сеніңіздер маған!..»

Бабаәлі көшесімен өрге қарай ентігіп әрең келе жаттым. Бұл өрге зымырап жүгіріп шығатын кезім қайда?.. Көшенің бірер аттам осы тұсы алынбас қамалға айналып бара ма деп қалғандаймын... Қиылысқа жеттім де, ентігімді басу үшін тоқтадым. Сол әредікте қарсы өтіп келе жатқан жұрттың арасынан ескі көз танысымды көрдім. Ол маған құрметпен қарайтын, қашап да бол сын қошеметтеп жүретін. Мені көре қалған жерде құрақ ұша ұмтылып: «Ассало-о-оумағалей-күм! Хал-ахуалыңыз қалай?..» дегендей бірдеңелерді шұбыртып, даурыға дауыстап амандасатын. Құшағын айқара ашып кеп құшақтап, иығымнан аянбай қаққылап, бетімнен сүйетін, сонсоң қолымды алып сілкілеп тұрып сампылдап кеп сөйлей беретін, сөйлей беретін, сөйлей беретін. Өз басым өйтіп достық-сыйластық көрсеткенді ұнатпайтынмын, бірақ сыйға — сый, сыраға — бал: еріксіз бассалып құшақтап, иығынан қаққылап, қолын сілкілеп, даурыға жауаптасып тұратынмын.

Қазір де енді сол әдетімізді шып-шырғасын шығармай қайталайтынымызды сездім... Бұрынырақ қамтығым келді. Арамызда он шақты қадамдай ғана қалғанда құшағымды айқара ашып, даурыға сәлем бердім: «Ассало-о-оумағалейкүм! Көрмегелі...» Танысым көз қиығымен ғана қарап, бұлт етіп бұрылып, айналып өтіп кете барды. Оның да мені әу баста көргенін анық байқаған едім, енді таңданып тұрып қалдым. Ілгері өткендер тобы мені ілестіріп көшенің ортасына жеткізіп кетсе керек, алдымда қызыл шам жағулы екенін, жан-жағым зулаған машина екенін бір-ақ көрдім... Өзімнің әлдене деп айғайлап, екі қолымды бірдей сермеп, бір орында секеңдеп тұрғанымды аңғардым... Ақылымнан адасқандаймын, бірақ өз қылығымның келеңсіздігін, масқаралығын анық сезіндім. «Құдай-ау, мынау қаланың дәл ортасы ғой! Толып жатқан таныстарымның қайсысы көрсе де, мені жынданып кеткен екен дейді-ау» деп ойладым...

Өзіме өзім ие бола алар емеспін. Жүз таныстарымның біреуін кездестіре гөр, бас салып құшақтап, мұңымды шағып, мауқымды басайын, деп іштей құдайға жалбарынып тұрмын. Шынында жындануға шақ қалғандаймын...

Қызыл шам сөнді, полицей ала таяғын төмен түсірді, жұрт маған қарсы тағы ағылды. Мен әрқайсысының бетіне үңіліп қараймын. Олар мені орағытып өтеді. Бәрінің де соңдарына бұрылып қарап, маған бағзы бір «сәлемдерін» жолдап бара жатқандарын топшылаймын...

О, тәубә! Қарсы алдымда егде жастағы бір әйел келе жатыр. Жүзі таныс! Қателескен жоқпын! Танимын! Тосып тұрмадым, тұра ұмтылдым! Даурыға дауыстап: Ассало-о-оумағалейкүм! Көріспегелі неше жыл! Хал-ахуалыңыз қалай?» дедім. Оны барар жағына емес, келген жағына қарай сүйрелеп, арқасынан қаққылап, бірдеңелерді айтып келем, айтып келем... Бейшараның шошығандықтан тілі байланып қалды-ау деймін.

Тротуарға жете бергенімізде машиналар сигналдарын баж-баж еткізіп тағы зулады. Мен кемпірді құшақтап сөйлеп тұрмын, сөйлеп тұрмын. Өтіп бара жатқан жүк машинасының терезесінен шофер жігіт бізге ұмсынып қарап таңдай қақты. Қайтадан шам жанды...

Полицейдің: «Тез өтіңіз!» —деген ашулы дауысы естілді. Сірә, маған айтса керек және бірінші рет айтқаны болмаса керек...

Кемпірді құшағымнан босатпаған күйі тағы да үш минуттай сүйреледім. Ақырында: «Сау бол! Жолыққанша!» деп тұра жөнелдім. Бейшараны домалатып кете жаздадым.

Бір үйдің қақпасының қалқасында жарты сағаттай жасырынып тұрдым. Жаңағы әйелді қайдан көргенімді есіме түсірдім: ол осыдан бес жыл бұрын бір редактордың қызметшісі болатын.

Сол қылығыма күні бүгінге дейін қиналып есім шығып жүр.

Орысшадан аударған Ғаббас Қабышев