04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Әбу Сәрсенбаев

Әбу Сәрсенбаев (1905 — 1995) — ақын. ҚР-ның халық жазушысы (1996).

Толқында туғандар






ПРОЛОГ. ДАУЫЛ АЛА ТУЫППЫН

Күзгі қара-сұр бұлттар күн көзін көк жиекке жеткізбей биіктен тосып, өз қоршауына қонақтатқан еді, ашуын артына сақтаған екен. Келер таң қарлы жаңбыр аралас дауылмен басталды. Араларына терең құздар тастап, биік таудай жоталана көтерілген бітеу толқындар кенет салдыр-гүлдір шалқалай құлап, теңіз бетіне су борасынан шашып жатты. Ашулы толқын әлгі бір суретті әлсін-әлі қайталаумен болды. Теңіз тентегінің тепкісіне кездескен кемелер қолды-аяққа тұрмай төңбекшіп, ауыр жүк тиелген «Теңіз аралы», да теңселе қалды.

Көлемі тым үлкен болғандықтан көбіне, «Теңіз аралы деп аталатын шаландадағы жұмысшылар сол дауылды таңмен араласа көтеріліп, балық өңдеу жұмысына кірісті. Шаланда қабырғасында тіркеулі тұрған қайық-кемелерде бір топ жігіт үлкен сүзгілерін толтыра носилкаға балық құйып жатыр. Екі-екіден қатар тұрған жігіттер балыққа толы носилкаларды көтеріп әкеліп, шаландадағы терең шандарға төгіп жүр. Шан басындағылар түскен балықты тегістеп жібереді де, жандарындағы шелектен ағаш қалақтарын тұзға толтырып алып, шандағы балықтың бетін жаба салады. Носилка көтерген жігіттер балықтарын төккен бойда қайтадан кемеге жүгіреді. Асау толқын кемелерді кейде терең теңіз түбіне тартып, кейде биік шаландадан да жоғары көтере теуіп-теуіп тастайды. Баста таудай боп бітеу көтеріліп барып, артынша салдыр-гүлдір жарылған көк жойқын кеме үстіндегілерді жұлып кетпек болғандай ұмар-жұмар баса түседі де, сылық-сылық күліп кейін серпіледі. Шаланда мен кеме бір-біріне соғылып, шатыр-шұтыр ете қалады.

— Ойбай, қиратты!

— Ойбай, батырды!

— Тоқтатыңдар, жұмысты!

— Босатыңдар, чалканы.

Үрейлі, әмірлі дауыстардан кейін кемелер кері жіберіліп, жігіттер шаландаға оралды. Бірақ, шаландадағы жұмыстар тоқталар емес. Сүзгілі жігіттердің бір тобы енді өзге шандардағы, бұдан бірер жұма бұрын тұздалған балықтарды шығаруға кірісті. Екінші тобы оларды тары шелектердің жанына апарып төгіп жатыр. Бес-алты әйел әлгі балықтарды шелекке қатарлай салып жүр...

Шаланда плотына қатар-қатар орнатылған скамейкаларға екі-екіден отырған әйелдер көңілсіздеу ғана қимылдап, балық жарып жатыр. Аяқтарында ботинка, үстерінде сырмалы қалың кеуделік, бет-ауыздарын орамалмен тұмшалап алыпты, тек көздері ғана жылтырайды. Кең есіктен шапшып кірген су бораны кейде балық жарушылардың үстін жауып өтеді. Мойындарына құйылған салқын судан жиіркеніп баж ете қалған әйелдер, орындарынан түгел көтеріліп, үстерін бірер сілкіп тастайды да, жұмыстарына қайтадан кіріседі.

Шаланданың тұмсық жағындағы скамейкада отырған екі келіншектің бірі әлсін-әлі ішін басып, ауыр күрсінеді. Кейде маңдайын сол қолындағы шолақ багор сабына сүйеп, үнсіз отырып қалады. Кейде кенет төмен еңкейіп, лоқсып-лоқсып алады.

— Барып жатшы өзің, ауырып отырсың ғой, — дейді жолдасын мүсіркеген екінші келіншек.

— Мыналар сені тыныш жатқызар, — ауру келіншек жұмысшыларды аралап келе жатқан төртеуге қарайды, — мен бүгін жұмысқа шықпайын-ақ деп едім, қойды ма дікеңдеп.

Келіншек осыны айтып үлгерді де қайтадан лоқсыды Бұл кезде сонау төртеу осы тұсқа келіп қалған еді. Қарны шәрмеңдеген, цилиндр қалпақтының жанындағы қаба сақалды қара зекіп қоя берді.

— Құдайдан безген албасты, құспа бұл жерге. Бар далаға кет!

Ауру келіншек сол лоқсыған бойы аузын қолымен басып, орнынан көтеріле берді.

— Мария! — балыққа кемерінен төрт елідей асырыла толтырылған тары шелектің үстіндегі еңгезердей қара жігіт, шелек қақпағын оң қолындағы екі пұттық гирьмен бір ұрып, қиындастыра жапты да, гирьді лақтырып тастап, еденге дереу секіріп түсті, — Мария, тоқта, құлап кетерсің, мен сүйеп шығарайын.

— Әй, қара тау, сен қайда барасың? — Қаба сақал, қожасының алдында өз қаталдығын бір көрсетіп қалайын дегендей жігіттің жолын бөгей берді, — қайт орныңа!

Манадан бері балық исінен жиреніп, мұрнын ақ орамалмен жауып келе жатқан цилиндр қалпақты семіз неме аузы толы алтын тістерін түгел көрсете бір қарқ ете қалып еді, сықақшыл күлкісін әйелдердің үрейлі үндері тұншықтырып жіберді де, жирен сақалын оң қолымен ұстап, кілт тоқтады. Бұл кезде шаланда кемеріне барып қалған манағы келіншек аяғы тайып кетіп, шалқалай бастаған-ды. Әлгіде ғана айқай-шумен кері лықсыған көк долы, сәл шегіншектей беріп, алдымен бел ортасын күдістендіре, содан кейін басын жоғары көтерген үлкен бір қара-сұр алыптай дірілдеп аз тұрды да, ысқыра бір қарғып, ауру келіншекті ұмар-жұмар құлатып, тұңғиық теңіз шыңырауының түбіне тарта жөнелді. Мейірімсіз табиғат өзінің осы бір мылқау күшіне масайрағандай, өмір әлемінен жұлып кеткен әлгі бір олжасын тойлағандай, толқын төбесінде құйынды борасын ойнатып, үйіріле билеп, кейде ішегін тарта сықылықтай күліп, кейде аузынан ақ көбігін шаша ақырып, жындана түсті...

— Жантас, қайдасың? Құлады, құтқар!..

— Қаш жолымнан, қайырымсыз!

Алып тұлғалы жігіттің шеке тамырлары білеуленіп, қиықтау қара көзінен от ұшқыны жарқ ете қалған еді, салмақты жұдырықтарын да түйіп алған екен. Алдын бөгеген қаба сақалдыны тұмсықтан бір ұрып, балығы алынып біткен тұздықты шанға құлатты да, тұра жүгірді. Ол үстіндегі киімдерін бір-бірлеп лақтыра барып, ақырында екі етігін екі сілкіп, қалың шалбарын сыпырып тастады да, келіншектің батқан тұсына бір-ақ қарғыды. Асау толқындар алып денелі жігітті енді қайтып көрсетпейін дегендей ұмар-жұмар баса түсті. Бірақ, жасынан теңізде өскен сушыл жігіт аздан кейін-ақ кезекті толқын тауының төбесіне қайтадан көтерілді. Бұл кезде Марияның сырмалы күртесі осы маңнан бір қылт ете қалған еді.

— Сүңгі, сүңгі, — шаланда бортындағылар 8 жігітке бағыт көрсетіп, қолдарын нұсқады, — бері таман!

Жантас су борасыны арасында басын сілкіп біраз тұрды да, теңіз түбіне қайтадан сүңгіді.

— Әй, құтқара алмас?!

— Құтқару қайда, өзі аман шықса да жарар еді, әлгіде бекер жібердік.

— Құр уайымды қойып, көмектің қамын ойлаңдар, тастаңдар мынау қалқығыш шеңберлеріңді — деді алтын шашының самайын қырау шала бастаған, жұқа өңді, егде әйел.

— Бұның не көмегі бар?

— Шеңберге ұзын арқан байлаңдар, тартып алайық.

Алғашқы бірер минутта абыржып қалған жұрт ұзын арқан байлаған оншақты шеңберді қатарынан лақтырып үлгергенде, алтын зердей толқыған сала құлаш сары өрімді келіншекті оң қолтығына қысып, Жантас та кезекті толқынның төбесіне көтерілді.

Енді ол долы желдің өтіне қарсы жүзбек болады. Аз ілгерілеген жігітті асау толқын кеудеден кері тебеді. Қалқымалы шеңбердің маңына жуытар емес. Кейде ұмар-жұмар үстінен басып, шыңырау түбіне тартады. Абыржыған жұрт әбден үміт үзген кезде асау толқын жаңадан шыңына көтереді. Дауылға қарсы жүзіп, ілгерілей алмайтынын сезген Жантас енді бір бүйірлеп, шаланданың ығына қарай ойыстап барады. Жиналған топ сол бағытқа жаңадан ұзын арқанды шеңберлер, үлкен-үлкен тақтайлар тастап жатыр. Шаланданың артына тіркелген кемелердің де чалкалары ұзартылып, кейін ығыстырылуда. Теңіз аралының ығына түсіп, толқын тепкісінен құтылған жігіт біраз тыныс алған тәрізді. Баяу қимылдаса да ілгері жүзеді. Осылай жылжи-жылжи келіп, енді бірер ұмтылғанда қалқымалы шеңбердің екеуіне білегін өткізіп те үлгерді.

— Я, сәт! — жұрт үміт тұтқасын ұстағандай шу ете қалды, — ал, тартыңдар!..

...Шаландадағылардың ол күнгі бар назары мылқау табиғаттың мейірімсіз тырнағынан аман құтылған екі жаста болып еді, жоғарғы қатардағы казармаға апарып орналастырғаннан кейін де жұрт аяғы басылмады. Бірі кіріп, бірі шығып, абыр-сабыр болды да қалды. Түйіліп, тұтас жұмылса толқындай батыратын халық қаһарынан жасқанған цилиндр қалпақты қожайын да ылажсыз «мейірлене» қалды. Тек тұздықты шанға сүңгіп шыққан қаба сақалды қара ғана, жұрт көзіне қайтып көріне алмай, ол күні өз салонында бой тасалаумен болды.

— Дем ала ма? Қол-аяғын созып, тез шайқаңдар, үстін мынау спиртпен сүртіңдерші, аузына бірер тамызып қойсаңдар да зиян емес, құстыру керек. Тезірек пеш жағып жіберіңдер, — деді цилиндр қалпақты дәйек таппай.

— Балаға зақым болмаса жарар еді?

— Баласы бар болсын. Өзі аман қалса жарар еді, — үлкен тері тонға жалаңаш күйінде оранып, иегі иегіне тимей, қалшылдап тұрған Жантас, келіншектің жүзіне үңілді, — қап, әттең, әлгі қараның өзін толқынға бір тұншықтырсам. Сибирьге кетсем де ақырын көрер едім.

— Сенің атың кім, Жантас па? Жігітсің, — жирен тақалды қожайын Жантасты жауырынға қағып, жалған мейірімсіді, — ашуланба, әйелің аман қалады. Өзіңе тартқан баранчук болады. Той етеміз. Мені шақырасың ғой?

— Айтқаныңыз келсін, — Жантас қуаныш пен кекесін аралас күліп жіберді, — несі бар, несиеге берсеңіз той да жасаймын, сізді де шақырам. Бірақ, анау қараны менің қолыма беріңіз. Сіздің тойға әкелетін шашуыңыз сол болсын, мырза.

— Ол тілегіңді де орындаймын.

— Жазалау керек ол жауызды, — жұрт шу ете қалды, — кісі өлтіруге бар, ол сұрқия.

Тақтай сатының үстінде етпетінен жатқан ақсұр келіншек қол-аяғын қозғап, біраз шайқағаннан кейін запыран аралас ащы суды үсті-үстіне ақтара құсты да, ауыр бір күрсініп қойды. Бара-бара ұзын кірпіктерін жиі-жиі қағып, кезерген еріндерін жалап, қабағын қайтадан түйіп алды.

— Бишара, аман қалды-ау әйтеуір!

— Су төгіліп бітті ғой, енді жауырынынан жатқызыңдаршы.

— Толғақ болып жүрмесін?

— Жантас, шүйіншіңді дайындай бер, — манадан бері түнеріп тұрған жұрт енді ептеп әзілге көшейін деді, — сенен екі шүйінші алу керек. Біріншісі, Марияның аман қалғандығы үшін, екіншісі нәресте үшін.

— Алыңдар, — Жантас бұл жолы сенімді үмітпен күлді, — екеуі аман қалса, төрт шүйінші берем.

— Ал, еркектер, енді үйді босатыңдар, кіндік шеше өзім боламын, — алтын шашының самайын қырау шалған егде ана жұртты асықтыра сөйлеп, есікке қарай иек қақты да, Марияның жүзіне үңілді, — барыңдар, тез барыңдар.

— Кеттік, Анна Ивановна, кеттік.

Жұрт босағадан аттап та үлгірмеді, жас нәрестенің шыр ете қалған ащы даусы ағаш казарманы басына көтерді.

— Асау толқында туған мынау неменің дауысы қандай ащы еді, — есіктен еңкейе шығып бара жатқан Жантас масаттана күліп, артына қарады, — алып болып жүрмесін өзі!

Үш-төрт сағат бойы әлсін-әлі талықсып, ұзақ уақыт сұлық жатқан жас ана есін енді ғана жыйып, көзін ашқан еді, Анна Ивановна ақ шүберекке оралған қызылшақа нәрестені ана қойнына сала берді. Марияның қуқыл жүзіне қызыл күрең қан жүгіріп, мейірлене күлді. Жанынан жарып шыққан жас нәрестеге анарын ұсынды. Шулы дүниеге жаңа келген балбөбек іңгәсін қойып, ана анарынан уыз сора бастады.

— Анна Ивановна, — деді далада ұзақ тұруға дәті төзбей, үйге жүгіре кірген Жантас, асыға сөйлеп, — неге үнсіз қалдыңдар, Мария аман ба?

— Аман, аман, міне, көрмейсің бе?!

Бүкіл аналар бақытын дәл осы бір секундта өз бойына жинағандай әбден әдемілене түскен келіншек көкірегіндегі жас нәрестені қолына көтерді де, Жантас екеуіне кезек-кезек қарап наздана күлді.

— Көрдің бе, аузыңнан түскендей.

— Алдымен өзің аман қалсаң болғаны.

— Мә, толқыннан алып шыққан тентегіңді ұстап көрші қолыңа!

— Бір жерін ауыртып алармын.

— Әрине, бұл саған екі пұттық гирь емес, ептеп ұста. Мә, алшы, мен екеуіңе біраз қарап жатайын.

Әкенің қомақты, ауыр нәрсеге ғана үйренген ебдейсіз қолы жас сәбиге жағдайлы болмаса керек, шырылдап жылай бастады. Алайда тұңғыш ұлдың бұл ащы даусы мейірімді анаға жан тербетер әсем әннен де сүйкімді естілетін тәрізді. Ол балғын бөбек пен палуан әкеден көз аудармай, күннен көркем күледі.

— Қол-аяғының тырбаңдауына қарашы. Табанына дейін саған тартыпты...

Бірақ, долы толқынның мейірімсіз құшағынан аман құтылып, дүниеге ұл әкелген ардақты ананың назды, тәтті күлкісі ұзаққа бармады. Оның манағы бір гүл-гүл жайнаған әдемі жүзі кенет қуқыл тартып, қабағын тас түйіп алды. Жаны қиналған жас ана қайтып тілге келместен, мәңгі көзін жұмды.

— Мария, Мария, — Жантас жандай сүйген жас жолдасының салқын тартқан маңдайын ыстық ернімен шөп-шөп сүйіп, еңіреп қоя берді, — қош, жан досым, асау толқыннан алып шықсам да, ажалдан арашалай алмаған екенмін ғой!..

Сол нәресте мен екенмін. Дауыл ала туды деп атымды Дауыл қойыпты.

1 ТАРАУ. ТАБЫРАШЫ БАЛА

Мен ес білгенде әкем «Атрау» деп аталатын шалқар айдын бойындағы батағада істеуші еді. Бір кезде бұл дәл теңіз жиегіндегі үлкен өндіріс болса керек. Қазір семуге бет алған түрі бар тәрізді. Кәрі Каспий жыл сайын жылжи-жылжи барып, «енді осыған разы бол», дегендей өз орнына аумақты айдынын ғана тастап, біржола лықсып кетіпті. Теңіз жиегінен пайда болған жас аралдарға жада батағалар салыныпты. Олар арна аузын қақпадай жауып алып «Атрауға» жалғыз-жарым ғана болмаса, балықшылар көпшілігін өткізбей қояды. Қолтықта қалған көне батаға қазір балықты күндік жер шалғай жатқан Каспийден өз приемкаларымен ғана тасытады. Айдыны аумақты болғанмен арнасы тайыз «Атрауға» жел теңізден соғып, су тасыған күндері ғана болмаса ауыр жүкті үлкен кемелер еркін кіре де бермейді.

— Көке, бұл батағаны сатқан дей ме? — деп сұрадым, бір күні әкемнен.

— Я, сатыпты ғой балам.

— Кімге сатқан?

— Атанияз Таласов, Кабановский деген ұпайластарына сатыпты ғой.

— Гордеевтің өзі ше, батаға ұстай алмайтын кедей болып қалды ма?

— Әй, балам, — әкем басын шайқап күлді, — кедей етіп аларсың оны.

— Ендеше, ол қазір қайда жүр?

— Қазір ол Забурын, Гурьев жақтарынан жаңа батаға салдырып, мынаны тастап кетті. Теңізден қашық арнасы тайыз. Келтіретін пайдасы аз. Сондықтан тастап кетті, — әкем өкінішті бір уақиғаны есіне түсіргендей ауыр күрсінді, — оның шаландаларының өзі қанша. Сен сол Гордеев мырзаның шаландасында туған болатынсың...

Кейін білдім. Баяғы менің шешем шаландадан тайып құлаған күні алтын тістерін ақсита күлген цилиндр қалпақты жирен сақал сол Гордеев екен ғой. «Атрауға» балық батағасы салынумен бірге бұл аймақ қайнаған өмір орталығына айналыпты. Ел басы құралған жерге шағын да болса мектеп те салыныпты. Азғана аумен қазандық балық аулап, қалғанын жаз кептіріп, қыс қатырып, сонау Гурьев базарына жаяу шанамен сүйретіп апаратын өзен жағалаған кедейдің бар керегі енді өз үйінің іргесінен табылыпты.

Балығыңды берсең батаға дайын. Базарың басында Гордеев лавкасы күндіз-түні бірдей ашық. Жаныңа не керек, тілегеніңше ала бер. Ау тұрғызатын пряж бен арқан ба, көңгей жіп пе, қайық жасайтын тақтай мен шеге ме, қарамай мен жоса ма, қант пен шай ма, ұн мен май ма, былғары мен мата ма — бәрі толы. Қайсысын қалайсың. Ақша іздеп абыржудың да керегі жоқ. Гордеев сатушылары қалың қара книжкаға аты-жөніңді жазып ап керегіңді қолыңа ұстата салады. Бар, масайрай бер!

Бірақ, қара книжканың қабатына бір түсіп кетсең болғаны, қатпарынан қайтып шыға алмай қоясың. Алайда, қарызға берсе пароходты алуға батылдығы жететін ол кездегі аңқау балықшы ала береді. Алған сайын борышқа белшесінен бата береді. Арада бірер жыл өткеннен кейін Гордеевтің «құр-құрынсыз»-ақ қанау қамытын өзі киіп алғанын жұрт бір-ақ сезеді. Бір кездегі мырза сатушылардың енді ниеті тарылып, қолы тартыла бастайды.

— Борышыңыз тым көбейіп кетті. Енді қожайынның өзіне барып тілдесіңіз, — дейді олар.

Борышқа белшеден батып, оны төлеу үшін балық аулайтын құралы тозған кедей балықшы мұңайып Гордеевке барады.

— Апырым-ай, қиын болған екен, бұнша борышты қалай төлейсің, ә? — дейді Гордеев сені мүсіркегенсіп.

— Бір кеңшілік етіңіз, мырза.

— Жарайды, бұл тілегіңді де берейін. Қатын-балаңды жылатып не қылам. Борышыңды өтей жатарсың. Жаңадан құрал алам деп борыш үстіне борыш жамауың қалай болар екен? Одан да мынау дайын батаға мен распор аудың бірінен орын берейін, соған кір. Еңбегің жүріп тұрады, — дейді Гордеев, салмақты саған тастап, мүсіркей сөйлеп.

— Жарайды, осы екеуінің біріне кірейін, — дейді балықшы, — үлкен рахмет.

Сөйтіп, Гордеевтің арзанқол жұмысшылары жыл санап өсе береді. Бұдан бірер жыл бұрын Гордеевке балықшы ретінде қарыздар болғандар, енді жалдама жұмысшы ретінде қарыздар болып шыға келеді.

Гордеев батағасының салынуымен бірге әйел, еркек демей үлкен-кішінің бәріне «ермек» табылып-ақ қалған екен. Қыздар тобынан батаға жұмысына алғаш кірген біздің Жанқия апай болса, балалар жағын бастаушы менің әкем болыпты. Олардың бірін айна мен тарақ, екіншісін кішкене ғана ауыз сырнай жетелеп апарып, Гордеев лавкасындағы қара книжканың қатпарына бір түсіріп жіберген екен, екеуінің тұсындағы жыбырмақ цифрлар өсе-өсе барып, келер жылы балық батағасының плотынан бір-ақ шығарыпты...

Сол Гордеев лавкасындағы қара книжкаға бір күндері менің де атым жазылып қалып еді, көп кешікпей әкемнің жолын құшып, балық батағасының плотынан бір-ақ шықтым. Балық батағасына кіріп барып, ақырын жан-жағыма қарағанда алдымен көзіме түскені өзіме көптен таныс табырашы сары бала болды. Бұл баланы мен осыдан екі жыл бұрын, тұнғыш рет шіркеу жанында көріп едім. Орыс, қазағы аралас кішкене қалашықты тебірендірерлік елеулі уақиғаларға ол кездерде шіркеу қоңырауы бір күңіренбей, ара-тұра болса да мешіт азаншысы бір айқайламай қалмайтын.

Бір күні ала таңнан шіркеу күңгірлеп қоя берді. Үйден жүгіре-жүгіре шықтық. Шіркеу маңы қалың адам екен. Бірінің қолтық астынан, бірінің аяқ арасынан өте отырып, бала біткен алға шығып кеттік. Ентелей басып тағы да ілгерілемек едім, өзімнен екі-үш жас қана үлкен, бұйра шашты сары бала білегімнен шап беріп ұстай алды. Жұлқынып көрдім, жіберер емес. Сары бала жұдырығын түйді, мен тілімді шығардым. Енді болмағанда шекісіп те қалатын едік, шіркеудің есігі ашылды да назарымызды аударып жіберді. Есік ашылған бойда қоңырсыған иіс аңқып кетіп еді, үстіне аламыш зерлі шапан киген, ұзын шашты, ұзын сақалды поп шығып келеді екен. Қолындағы ұзын күміс баулы шырағданды оңды-солды сілтеп қояды. Патшаның құдайдың суреттерін ұстаған өз нөкерлерін ілестіре келіп, поп мінбеге көтерілді. Ол әуелгі сөзін «ұлы мәртебелі патша...»деп бастады да, маған түсініксіз ұзақ әңгімеге кірісіп кетті. Біреулер егіле жылап, біреулер қыза-қыза сөйлеп жатыр.

— Немене, патша өлген бе? — деп сұрадым мен сары баладан.

— Жоқ, соғыс болады, біздің әкелерімізді солдатқа алады, — деді сары бала...

— Әкем солдатқа кетсе, мен кіммен қаламын?

— Атың кім? — деп сұрады сары бала...

— Дауыл, өз атың ше?

— Менің атым Сережа, — сары бала әлденеге таңданғандай менің жүзіме үңіле қарады, — сенің әкең орыс па?

— Жоқ, қазақ.

— Ендеше сенің әкеңді солдатқа алмайды.

— Я, неге алмайды?

Сары бала қайдан білейін дегендей иығын секең еткізді де жауап бермеді...

Ертеңіне мен Сережаны пристань басында кездестірдім. Ала жалау көтерген үш-төрт үлкен пароход пристаньға қатарласа жаққан екен. «Атраудың» ұлты орыс атаулы бүкіл ер азаматы ағылып келіп, мініп жатыр. Сарнаған гармонь, мұңды ән, жылаған жан адамның сай-сүйегін сырқыратады. Сережа да көзін сығып, осы топтың ортасында тұр екен. Мен жанына келдім.

— Сенің әкең қайсы? — деп сұрадым шынтағыммен ақырын ғана қағып.

— Анау, — деді бала қолына газет ұстап тұрған бұйра шашты, батыр тұлғалы аққұба адамды көрсетіп.

Баланың жанында тұрған биік маңдай ақ-сұр әйел маған бірдеме демек боп жалт қарап еді, бірақ, айтып үлгере алмады. Пароходтардың тұрбасындағы жұдырықтай жезден будақ-будақ ақ бу атылып, айқайлап қоя берді, бұл айқайға төбедегі шіркеудің қоңырауы қоса күңіренді де, пристань басы азан-қазан бола қалды.

«Қош, қош!» деген дауыстар да жиі естіліп, жағадағылардың көбінің-ақ ұштары біріккен үш саусақтары маңдайларына барып-ақ қалған еді, пароходтар пристаньнан жылжи бастаған екен. Тумаларымен қоштасқан солдаттар жаға жақ бортқа жиналыпты да, пароходтар да бір бүйірге қисайып жатып қалыпты, аударылып бара жатқан тәрізді.

— Қош, папочка!..

Сережаның тұнық аспан түстес көгілдір көздерінің кемеріндегі жас моншақтары сорғалап қоя берді. Мен де жылап жібердім...

Екі айдан кейін мен Сережаны үшінші рет кездестірдім. Лавкадан жаңа алған гармонымды сыңғырлатып балық батағасына кіргенімде, мыңдаған адамдар қызу жұмыс үстінде екен. Мен өзімнен өзгені елең етпегендей батағаның айдын жағындағы плотынан бір-ақ шықтым бірақ, мені де ешкім елей қойған жоқ. Плотты кемерлей оншақты қайық-кеме тұр. Түн бойы соққан арқа желі таң алдында ғана басылған еді, су өте көп қайтып айдын тартылып қалғандықтан кемелер төмен түсіп кеткен екен. Батаға плоты кемелердің төбесінен қарап, биікте тұр. Екі-үш құлаштай ұзын сапты сүзгімен құралданған жігіттер кеме ішінен сүзіп алып, екі кісі бойы биікте тұрған плотқа балық құйып жатыр. Сүзгілерін жоғары көтерген бойда балықтың қанды тұздығы төбелерінен сау ете қалады. Жігіттер бастарын бірер сілкіп тастайды да, жұмыстарына қайтадан кіріседі. Балыққа толы тачкаларды айдаушылар мені қағып өтеді. Тачкалардың майланбаған темір доңғалақтары да «жолымнан қаш!» дегендей ойбайлап қоя береді. Бұл жерде ешкімнің назарын аудара алмаған соң мен қайтадан батаға ішіне кірдім. Есіктен бері қарай қатар-қатар ұзын скамейкалар қойылған екен. Бір қолына ағаш сапты қармақ, бір қолына жалпақ пышақ ұстаған әйелдер екі-екіден орналасыпты. Еденде үюлі жатқан балықты сол қолдарындағы қармақпен іліп алған күйі скамейка үстінде басып тұрады да, оң қолдағы пышақпен жон ортасынан жарады. Содан кейін балықты еденге, ішек-қарнын шелекке тастайды. Балық жара отырып жырлайды. Жырларында бір зар жатыр.

Одан әрі бірнеше әйел тұздан шыққан балықтарды қатарлап, құрсаулы үлкен шелекке салып жатыр. Екі-үш жігіт балыққа толы шелектерді қырындата домалатып, екі басында қос жұдырықтай домалақ темірі бар бұрандалы станокке апарады. Станокте тұрған жігіт шелек бетіне қалың қақпақты жаба салады да, екі басында қос жұдырықтай домалағы бар ұзын темір сапты айналдыра бастайды. Осы кезде станок бұрандасы бірге айналып манағы қақпақты басады. Бұранда салмағымен балық сығылып, шелек орта түседі. Ортайған шелекке әйелдер жаңадан балық әкеліп салады...

Аңырып аз тұрғаннан кейін, батыс жақ іргеге қарағанымда, балыққа толы тары шелектердің арасында жүрген жалбыр шашты баланы көрдім. Бала маған тілін шығара қойды. Бет-аузы қожалақ-қожалақ күйе болғандықтан баста тосырқап қалған едім. Бақсам баяғы өзіме таныс Сережа екен. Жүгіріп бардым да, дәл құлағының түбінен гармонымды үсті-үстіне сыңғырлатып жібердім. Сережа бояулы қолымен мұрнымнан қыса қойды. Мен жеңіммен сүрте бастадым.

— Жәбірленбе, нағыз қою бояу болмаса сенің бетің анау-мынауға қожалақтанбайды, — деді Сережа достық пішінмен күліп.

— Неге?

— Лактап қойғандай қап-қарасың. Гармоныңды бере тұршы.

Мен көңілін қайтармадым. Сережа ернін жеңімен бірер жанып алды да, гармоньды сыңғырлатып ойнай бастады. Оның аузындағы гармоньның дауысы белгілі бір ырғаққа бағынып, әдемі естіліп еді, тары шелекке балық салып жатқан қыз-келіншектердің бір тобы біздің маңымызға шоғырланып қалды да, бірін-бірі қолтықтап үйіріле билей жөнелді. Бірақ, думан ұзаққа бармады. «Бұл не салтанат!» деген ызғарлы дауыстың естілуі-ақ мұң екен, жұрт дереу тарай бастады.

— Мә, зыт тезірек, әйтпесе айрыласың, — деп гармоньды қолыма берді де, Сережа да жұмысына кірісті.

Бірақ мен зыта қоймадым, тары шелектердің тасасына тығыла қалдым. Екі көзім Сережада. Ол тесік-тесік қаңылтырларды тары шелектердің бетіне төсей салып, майлы қара шүберекпен сүртеді де, қаңылтырын қайтадан көтеріп алады. Көтерген сайын әлденендей қара бедерлер пайда болады.

— Бұл не ою? — деп сұрадым сыбырлап.

— Ою емес, табыра.

— Табыра деген не?

— Жазу.

— Сен жазу білесің бе?

— Білемін.

— Не деп жаздың?

— Көксерке балығы. Гордеевтің Атраудағы батағасы, — деп жаздым.

— Маған үйретесің бе?

— Үйретемін.

Мен қуанғаннан күліп жібердім. Дәл осы бір секундта маған Сережаның өнерінен артық ешбір өнер жоқ тәрізді көрінді. Сол тамаша өнерді тезірек үйреніп алайыншы деген ниетпен көтеріле беріп едім, біреу шап беріп құлағымды бұрай қойды. Жалт қарасам, мыстай қызыл, семіз біреу екен. Гармонымды қолымнан жұлып алды. Мен күшімнің жетер-жетпесімен санаспай, жәбірлеушіге тап бердім.

— Кабановский мырза, беріңіз сырнайын! — деді өзіме таныс жуан дауыс.

Бұл менің әкем екен. Екі жеңін шынтағына дейін сыбанып алған, екі пұттық гирін де қолынан тастамай ала келіпті. Ашу қысып, әбден түтеп тұр.

— Бермеймін, — мыс түстес әлгі жуан неме құлағымды қоя берді де, сырнайды қалтасына салуға ыңғайланды, — жұмысқа неге бөгет жасайды.

— Мырза, мен сізге айтам, — әкем манағыдан да гөрі түтеп, төне түсті, қалың қабағы тым терең қатпарланып, әрі қою, әрі ұзын біткен қасының құйрығы ұшқалы тұрған қыранның қанатындай шекесіне қарай көтеріліп кетіпті, қомақты мұрнының шеңберлі желбезегі жиі-жиі қағылып, қиықтау қара көзінен жан-нөсерінің жалыны да жарқ ете қалыпты.

— Беріңіз гармонын, ол бала жұмысқа бөгет жасаған жоқ, — деп плоттағылар түгелімен ду ете қалды.

Ашулы әкенің ауыр гирінен де, жұмысшылардың заңды наразылығынан да үрейленген семіз жирен сырнайымды есікке қарай лақтырып тастады да, бұрылып жүре берді.

— Бар, кет үйіңе, қарсақ күшігі.

— Мырза, не дедіңіз? Қазақтарды батағаға кіргізбейтін болсаң, қуып жібер мынау қазақтарды, — деп әкем артына бұрылып еді, плоттағы орыс жұмысшылары бұл жолы да әкемді қостады.

— Арам жеп семірген доңыз, фамилиясын да өзіне лайықтап алған екен. Ауыздан шыққан сөзінің де шірігін қарашы. Ұлт намысын жоқтаушы бола қалыпты.

Орыстың бүкіл еркегін қырғынға жібердіңдер. Енді қалған қазақ жігіттері, бұларды жұмыстан қуыңдар да, жабыңдар батағаларыңды, — деді тары шелектегі балықтарды қатарлап тұрған ақшашты әйел. Бұл баяғы маған кіндік шеше болатын Анна Ивановна еді. Өткен жылы ол өзінің бір ұлын соғысқа жөнелткен болатын.

— Әй кемпір, сен біздің қазақтарды құтыртып ділмәрсіме, — плоттың өзен жақ жиегінен жүгіріп келген безеу бетті, таңқы мұрынды дәу қара киліге кетті, — жабыңдар, батағаларыңды! Әмірін қара, ә?..

— Жаппағанда, — шағын ғана денелі, жібектей желбіреген сары шашты әдемі қыз безеу бетті дәу қараны мысқылдап күлді, — Ағанияз мырза, жұмыс істеуші адам болмаса не істейсің ол батағаны, өртейсің бе?

— Қара, қара, тілінің ащысын қарашы, сары шайтанның? — Істеуші болмаса... өртейсің бе?... Сендер істемесеңдер барыңдар, мынау менің қазағым істейді. Мүмкін сен өртейтін шығарсың?

— Мүмкін, бірақ... қазақтың «қамқоршысы!» Ойларсың? «Қазағым!»

— Әрине қазағым, қанымыз да, дініміз де бір...

— Әй Ағанияз, көкіме, қазаққа енші бөліп беретін адам сияқты, — деді Жанқия апай.

Әңгіменің насырға шауып бара жатқанын сезген Кабановский енді үлкен мұрнының үстін бүлкілдете, мүләйімси күліп, қолын көтерді.

— Кешіріңдер, тумалар, — ауыздан абайсызда шыққан сөз екен. Қайтып алдым... Әй, Ағанияз, кетші өзің...

Ағанияз салбырай біткен түйе ерніне сойдақы сары тістерін батыра тістеді де, кері бұрылды. Жанқия апай қолына ілінген бір қаракөзді ала лақтырып еді, Ағанияздың майы сыртына шыққан шайырлы, қаракүрең желкесіне былш ете қалды. Жұрт ду күліп жіберді. Безеу бетті дәу қара артына айналып, бажырайып бір қарады да, желкесіндегі шырышты да сүртпестен конторға кіріп жоқ болды. Кабановский де солай бұрылды.

— Қара қағынды келгір! — деп қойды Жанқия апай.

— Қарғыс атқанның ұлығаны неге керек! Кетпе, тұра бер, жұмысшы халыққа орыс, қазағы бәрібір, — Анна Ивановна менің маңдайымнан сипады, — қай ұлттан болсақ та, киеріміз бір қамыт.

Мен көзімді жұдырығыммен сүрте тастап, сырнайымды алып Сережаның жанына келдім. Ол маған өз өнерін үйрете бастады.

Жеңіспен аяқталған осы бір уақиғадан кейін мен әр күні Сережаның жанында болатынды шығардым. Көп кешікпей өнерін де үйреніп алдым. Тек жазуын оқи алмайтындығым болмаса өзінен кем шығармаймын. Рас, кейде табыра қаңылтырлардың орнын ауыстырып ала беремін. Ондай кезде тары шелектің қақпағын әбден тазалап, табыраны қайтадан басуға тура келеді.

Міне, бүгін сол Сережаның заңды көмекшісі болып жұмысқа кірдім. Көптен бері үйреніп алған жұмыстың қиыншылығы да сезілген жоқ. Табыра қаңылтырларды төсей тастап, майлы қара шүберекпен сүрте бастадым.

— Ой, өзің қандай шапшаңсың, — дейді Сережа, маған әрі таңдана, әрі сүйсіне қарап.

— Шапшаңдығымнан не пайда, жазып жатқан табырамның әрпін танымаған соң.

— Мен үйретейін, мақұл ма?

— Мақұл, үйретші, — дедім Сережаға қуана қарап.

— Жұмыстан кейін әр күн біздің казармаға кел. Мен әліппеден бастап үйретейін.

— Мақұл, бірақ шешең ұрыспай ма?

— Жоқ, ұрыспайды. Менің шешем мейірімді адам. Жарайды, болмаса осында, жұмыстан кейін үйретейін.

Біз осыған келістік. Бірер айдың ішінде мен біраз әріптерді үйреніп те қалдым. Бірақ, сөздегі әріп төртеуден көбейіп кетсе басын қосып оқи алмаймын. Одан әрі үйретуге Сережаның да ұстаздық шеберлігі жетер емес...

II ТАРАУ. МЕН ЖЕТІМ ЕМЕСПІН

Сережа екеумізге аз уақыт ажырасуға тура келді.

Қыс түсіп, мұз бекіген соң Кабановский мырза итбалық аулауға қос жөнелткен болатын. Менің әкем де сол қоспен кеткен-ді. Айға жуық болса да әлі ешбір хабар жоқ. Әбден сағынып та болдым. Екі көзім төрт болып, күн сайып аңсап күтемін. Түні бойы түс көрем. Есіктен әкем кіріп келе жатады. Құшағымды жаза ұмтылам. Көзімді ашсам жалғызбын. Төсекте ұзақ төңбекшіп, толғанам да жатамын. Кейде «іздеп кетсем қайтер еді?» деп те ойланам. Оның үстіне бүгін орынсыз штраф салғандығы үшін Ағанияздың терезесін қиратып кеттім. Әзірге білген жоқ. Қашуым керек тезірек.

Осындай күндердің бірінде қожайынымыз ахонь ауымен ақбалық аулауға екінші қос аттандырмақ болды. «Осыларға ілесіп кетейін, мүмкін, әкемдер жүрген жерге барар. Болмаса, теңізге бір шыққан соң, өзім іздеп табармын» деп ойладым. Бұл туралы ең алғаш ақылдасқаным, Атрауға өткен жылы келген, мені өте іштартып жүретін, Арман ағай болып еді.

— «Тауда туған құлынның екі көзі таста». — Арман ақмақ адамдарша, дөрекі қарқылдамай, зейінді үлкен көздерінің көбіне күлімдеп тұратын қарашықтарын жалт еткізіп, сәл езу тартты да, мені сынаған адамдай, жүресінен отырып, жүзіме үңілді-толқын құшағында туған тентегім, теңізді ақсайсың ғой, ә?

— Я, аға, теңізге шыққым келеді, — мен Арман ағайға әрі өтініш, әрі үмітпен қарадым. «Әкемді іздемек едім» деп айтпақ болдым да, «әй, осы, бүлдіріп алармын» деген оймен тартынып қалдым, — аға, ала кетіңізші.

— Қой, қарағым, әлі тым жассың ғой. Теңіз үсті қатерлі болады. Мұз сынып, ығысқа ұшырауымыз мүмкін. Ойладың ба осыны?

— Ойладым, — «ығыс» деген сөзді түсінген де жоқ едім, сұрап та жатпадым. Айладан да құр болмасам керек. «Көңілін босатайын» деген оймен көзімді бір сығып алдым, — не болса да өзіңізбен бірге көремін ғой. Ала кетіңізші, ағатай.

— Қой-әй, тентек, жылама, — жігіт мені мүсіркеп, құшағына қысты, — несі бар, түбінде киетін қамытың ғой. Қарның да ашып жүрген шығар. Мұнда тамақ та нашарлап кетті. Ахоньдағылардың тамағы да тоқ болады.

Маған салса қазаншы бала етіп ала кетер едім. Анау «Буырыл» көнеді деймісің.

«Буырыл» деп отырғаны осы қостың атаманы . Ол кісінің шын аты Қарабас болса керек. Жас жетіп, сақалшашқа ақ кіре бастағаннан бері жұрт оны «Буырыл» деп атаулы.

— Аға, өзім барып өтінсем қайтеді?

— Барсаң бар, — Арман ағай маған енді біржола үміт ұшығын білдіріп қалды. — Өтін. Жылап, отырып ал. Көнсе көнді, көнбесе өз шанама жасырып әкетемін. Бірақ, қазір «Буырыл» өз лашығынан безіп, жат босағаны аттады. Оны өз қолына кіргізіп алған өгей топтың озбыр келіншегі сені ұната қояр ма екен, ә?.. Мейлі, ұнатпаса, өртенсін. Еңсесі биік ордаға еріксіз кір де, жасқанбай сөйлес...

Арман ағайдың астарлап айтқан сөзін аңғара да алмадым. Бірақ, бар түсінгенім — іркілмей, еркін сөйлесуге тиістімін. «Буырылдың» қақпасы қайдасың деп жүгіре жөнелдім. Атраудың шығысында оқшау тұрған осы бір бөлегіне ең алғаш барғаным да сол күні еді. Енді ойласам бұл төңірек қала мен ауылдың аралас қонып, әзірге ажыраса алмай жатқан тәртіпсіз бір шекарасы тәрізді екен. Үйлерінен қаланың қорасынан ауылдың бейнесін көргендейсің. Қалың малдың алды айдындағы суат басында шоғырланып жүрсе, соны құж-құж қайнап, қорадан жаңа ғана шығып барады. Аңырып аз тұрдым да, қала жақ шеттегі көк шатырлы үйдің қақпасына кірдім. Үлкен ауланың ішінде бірі тезек күреп, бірі шөп тырмалап жүрген адамдар маған көңіл де қойған жоқ. Қораның екінші бір бөлігіндегі биік маяның үстінде екі жігіт тұр. Олар айырларын маяға бойлата қадап, екі-үш бауды бірден лақтырады. Мамық пішен жерге томп етіп түскен сайын жазғы жасыл шөптің жұпар иісі бұрқ ете қалады. Жағының шықшыт сүйегі тым шығыңқылау, мұрны етектілеу келген, еңкіштеу зор қара жігіт жерге түскен пішенді қора ішіне шашып жүр.

— Ағай, «Буырылдың» үйі қайсы? — деп сұрадым мен.

Жігіт құшағындағы шөпті шашып жіберді де, бетіме бажырайып бір қарады.

— Немене, құда түсейін деп пе едің?

— Жоқ, асығыс жұмысым бар еді.

— Құда түссе несі бар, қызының барын білмеген шығар.

Қорадағылар ду күліп жіберді. Мен құлағыма бірінші рет шалынған «құда түсу» дегенді де түсіне алғаным жоқ, жұрттың неге күлгенін де білмедім. Мүмкін, киімімнің жұпынылығына күлген шығар деп едім, олардың өз үстері де ұқсап тұрған жоқ екен.

— Құда түссең үйі осы. Абайла, бала, өгей енең азулы адам, — еңкіш жігіт селдір кірпігін қабақ терісі жауып кеткен кішкене көздерін сығырайта, иегін бір көтеріп тастады, — ана есіктен кір, есіктен есік өтесің. Адасып жүрме.

Жұрт тағы да бір күліп алды. Ашуым қанша келсе де, айналар шамам болған жоқ. Еңкіш жігіт айтқандай, есіктен есік өтіп, ішке кірдім. Бұл үйдің сырты ғана емес, ішінде де қала мен ауыл мүлкі тартыста тұрған тәр