Әдебиет
Өмірге құштар өр тұлға
...Баубек, шын мағынасында әлі толысып та үлгермеген балауса Баубек. Құрбылары оны «қыз жігіт» деп әзілдейтін-ді. Бірақ та Баубек бойында қыз нәзіктігі де, сылбыр ұяңдық та емес, мәдениетті жасқа лайық табиғи биязылық, табиғи әдептілік болатын. Бет пішінінде де үлпілдек сұлулық емес, жігерлі жігіт сүйкімділігі барды. Рас, ол табиғи әдептіліктен аспай, әрқашан күліп қана тұратын. Дарақы жандардай ерсі қарқылдамай, биязы ғана күлімдейтін. Күлген сәтте, жаңылмасам, оң бетінде оймақтай шұқыр пайда болатын. Бәріміз де қызыға қарайтынбыз. Баубек қыз балаша қызарып, бетіндегі шұқырды алақанымен жаба қоятын. Еттілеу еріндері арасынан кіршіксіз ірі тістерін түгел көрсетіп, дауыстап күлетін сәттерін өте сирек кездестіретінбіз.
Бет бояуы қоңырқай болғандықтан ба, оның маржан тісінде наурыздың ақша қарындай ерекше бір шаңқандық бар еді. Күлкі әуені де күміс сыбдырына ұқсасты.
1939 жылдың жаз айлары болса керек. Сындарлы келген жас жігіт кабинетке кірді де, есік алдында бөгеліп қалды. «Иә, інішек, бері кел. Қандай шаруа?». Жігіт биязы ғана жымиып, қолындағы қағазын ұсынды... «Баубек Бұлқыш ұлынан... Мені іс басқарушылық кызметіне алсаңыз екен...» Арызын орысша, өте сауатты жазыпты. Жолдары да түп-түзу, әріптері де маржандай тізілген, әдемі - ақ. Бұл жұмысты басқаратын адамды өткен аптада орнынан босатқанбыз. Қызметкер керек екені де рас. Дегенмен де ойланып қалдым. Қазақтың сауатты жастары бұл жұмысқа үйір болмайтын. Олар редакторлық, не корректорлықты қалайтын. Ал мынау іс басқарамын дейді. Әлде қазақша оқымады ма екен? «Қарағым, қазақша сауаттымысың?» Жігіт тағы да жымиды... «Шүкір, оқып жазарлығым бар..» Арызын кері ысырдым. «Мүмкін, кіші редакторлық не корректорлыққа деп кайта жазарсың? Мынау бір берекесіздеу жұмыс...» Жігіт басын шайқады. «Жоқ, аға, маған әзірге осы да жетеді. Аналар қолымнан келмес, үлкен тәжірибе керек шығар». Қарсылық етпедім.
Апталар, айлар өте берді. Балғын жігіт өзінің ұқыптылығын аңғартты. Оның бойында жас шамасына тәк жеңілдік жоқ тәрізді. Үнемі бір үлкен ой, үлкен толғаныс үстінде жүретіндей. Томаға кездерінің мойыл қарашықтарын бір нүктеге қадаған күйі үнсіз ойға шомған сәттерін де жиі байқаймын. Мазасыз жұмыстан қолы босаса болғаны журнал, кітап беттеріне үңіледі. Көз алмай, көп оқиды. Біздің кітапханамыз бай болатын. Сондағы ең жақсы кітаптарды әрқашан іс жүргізушінің алдынан көремін...
Оқулықтарды тез шығару шараларына байланысты әр күн ертеңгі сағат сегізден баспаханаларды аралап, баспаға он екі - бірлер шамасында оралатынбыз. Баубекті тағы да сол өз орнында кездестірдім. Стол шетінде бір стакан қаймақ, алдына әлденеңдей қалың том. Бұл оның байырғы әдеті. Өзгелер бірі тамақтанып, бірі бильярдтың шарларын ерсілі -қарсылы қуалап, шуылдаған сәтте Баубек стакан толы қаймағын алдына қойып, томдармен ғана сырласатын-ды. Бүгін де сол. Алдында қалың кітап. Бір сәт кітапқа үңіледі де, енді бірде алдындағы қағазға әлденені жазады да, қайтадан сызады. Содан кейін зейінді қарашықтарын ұзын кірпіктерімен жаба түсіп, жоғары қарайды. Тағы да кітапқа үңіледі, тағы да жазады, тағы да сызады. Тағы да бұрышқа қарайды. Әйтеуір бір қинала ойланған, қинала ізденген адамның құбылысы. Кабинет кілтін Баубекке беріп кететінмін. Ойын бұзбау үшін біраз бөгеліп қалдым да, жақын келіп кітап бетіне кез қиығын жібердім. Шиллердің «Қарақшыларынан» Амалия жырын аударып отырған тәрізді: «Балғын, әсем періштедей мейірбан», — деп жазыпты да, талай сөздерін үстінен өзгертіпті.
Жұрт дуылдасып, түскі тыныстан орала бастаған. Демек, Баубекке енді маза жоқ. Сондықтан да ойын бөлуге тура келді. «Қарағым, немене, аударып отырмысың?» Баубек, бейне бір қылмыс жасап алған адамдай селк етіп, қағаздарын жинастырып, орнынан көтеріле берді. «Жоқ, аға, маған ұлы неміс бой бере ме?»
Кабинетке ілестіре кірдім. «Кәне, отыр. Оқышы, мен тыңдайын. Анау бір күні Гетеден бір нәрсе аударып отырған тәрізді едің, бүгін Шиллермен сырласыпсың...» Баубек маған қойын дәптерін ұсынды. «Рас, аға, аударма емес, көшірме... Мен ұлы адамдардың ғажап пікірлерін, кейіпкерлерінің өзіме эсер еткен диалогтарын көшіре жүремін. Олардан көркемдік ойлау жүйелерін, сезім өлшемдерін, романтикалық пафостарды, психологиялық құбылыстарды үйренуге тырысамын...» Дәптерді ашып кердім. Ұлы адамдардың әрқайсысынан да мағыналы ойлар, көркем сурет үлгілері көшіріліпті. Бірі орысша, бірі қазақша жазылған. Кейде қысқа - қысқа афоризмдер де кездеседі. Біраз қарастырғаннан кейін дәптерін өзіне қайтардым. «Жігітсің, інім, мынауың бір өзгелерге де үлгі екен. Бірақ, қазақ әдебиетін оқымайсың - ау деймін, ә?» Жігіт ренжіп қалды. «Неге, аға, туған әдебиетімізді оқымасақ қазақтығымыз қанша?.. Олардан алған үлгілер езге дәптерде... Рас, біздің әдебиетіміз әлі кенже ғой. Санаулы адамдардың, ғана шығармаларынан болмаса, ой сұлулығы, сезім мөлдірлігі, романтикалық биік пафостар көп кездесе де бермейді. Бірқатары тым қарапайым. Тіпті ауызекі әңгімелер дәрежесінде ғана...»
Біз жалпы әдебиет, әсіресе қазақ әдебиеті төңірегінде ұзақ сөйлестік. Менің алдымда қазір қарапайым іс жүргізуші ғана емес, тіпті әдебиеттің қатардағы оқырманы ғана емес, әдебиетіміздің бүгінгісі мен келешегі төңірегінде қатты толғанатын, мазасыз ойланатын үлкен парасат иесі отырғандай. Баубек өзінің қоңыр даусымен іркілмей, еркін сөйлейді. Барды жоққа шығарып, солақайлық та аңғартпайды. Әр сөзінен көп оқығандығы байқалады. Оның ойлау жүйелерінде ерекше бір сұлулық, сезімінде мөлдірлік, армандарында биіктік бар. Бір сәт әдебиетіміздің сол тұстағы ірі қаламгерлерінің туындылары төңірегінде сөз қозғалса, енді бір сәт қазақ әдебиетіне өзінің көктем самалындай жаңа тынысымен келген Саттар марқұмның тым ерте қазаланғандығына қатты қайғыратындығын айтады. Баубек асықпай баппен сөйлейді. Мен ұйып тыңдаймын, қызығып тыңдаймын.
Әлден кейін Баубек сағатына қарады да, орнынан көтерілуге ыңғайланды. «Түу, сіздің көп уақытыңызды алдым – ау...» Иығына қолымды қойып, қайтадан отырғыздым. «Асықпа... Ал өзің не жазып жүрсін?» Баубек әлденеге ыңғайсыздана бастады «Жоқ, аға, мен әдебиеттің оқырманымын ғана....» Әрине, сенгенім жоқ. Арада бірер ай өтпей машина бюросында көлемді қолжазбаны кездестірдім. Сыртына авторы қойылмаған. Он бір буынмен жазылған үлкен дастан. Жаңылмасам «Қаратау ұлы» деп аталған. Түп нұсқада Баубектің өз қолы, маржандай тізілген өз әріптері. Көтеріп әкеліп алдына қойдым. «Әй, інім, мені алдаған екенсің ғой. Жазбайтының қайда?» Баубек қысылып қалды. «Аға, кешіріңіз бұл әзірге үйрену ғана. Шәкірттік әуесқойлық қана». Ең болмаса бірер бөлімін оқыр деп үміттенген едім, жоқ, Баубек қолжазбаны стол тартпасына тықты. «Аға, ұялтпаңызшы мені... Өтінемін... Уақыт өткізуіңізге тұрмайды...» Қинамадым. Тағы бірде машина бюросындағылар шатастырып, Баубектің бір қысқа әңгімесін менің қолжазбама қосып әкелген екен. Шақырып алып қолына бердім. «Енді әңгіме жазатын болған екенсің. Құттықтаймын, інім... Оқышы, тыңдайық...» Баубек тағы да күреңіте түсіп, басын шайқады «Жоқ, ағасы... Алдымен өзім оқып көрейін... Ұятым рұқсат етсе ғана мазалармын». Бүл күні уақытым да жоқ еді, қиылып қыстамадым... Сөйтіп, Баубектің жазып жүретіндігіне көзім жетті. Мен енді оған кеңсенің техникалық қызметкері емес басқаша қарадым. Әдебиет аспанынан жар к етер жұлдыздардың бірі санадым. Бірақ балғын жазушы өзі шалағай тапқан шәкірттік еңбектерін ешкімге көрсеткен жоқ. Сол жылдың күзінде Баубек іс жүргізушілік жұмысынан босату туралы арыз берді. Қарсылық етпедім. Шынында да, бұл болашақ жазушыға қолайлы орын емес еді.
...Соғыс кезінін қатаң тағдыры бізді енді кайтып дидарластырмады. Тек хат арқылы ғана хабарласамыз. «Комсомольская правдадан» көркем публицистикалары мен әңгімелерін оқыған сайын төбеміз көкке жетеді, мақтаныш етеміз. «Әбеке - ау, мынау бала ғажап қой, керемет қой... Буған дейін қалай елеусіз келген... Соғыс кезі ойын қанаттандырып, қаламын өткірлеп жіберіпті ғой...» — дейді Ысқақ Дүйсенбаев. Редакторымның пікірін құптай тұрып, Баубектің әуелден де алғыр жеткіншек екендігін айтамын. Білетін жайларымды баяндаймын. «Айналайын-ай, болайын деп тұрған жан екен. Әдебиет аспанында тағы да бір жұлдыз туады деңіз, Әбеке!» Құптаймын да күрсінемін. «Сәке, сол жұлдызды мезгілсіз өшіріп аламыз ба деп қорқамын. Ол қазір саперлер ротасының командирі. Ал сапер дегендер үнемі оқ астында. Шабуылға жол ашатын да солар. Оқ астында жүріп кәпір салатын да солар...» Ысқақ қынжыла ойланып қалады. «Иә, қайтпек керек, қандай амал бар?» - Мен ұсыныс енгіземін. «Амал бар, Сәке, газетке алдыралық. Қазір біздің майданда...» Редактордың жүзіне қуаныш күлкісі оралған. «Түу, Әбеке, сіз қызықсыз, оны маған неге айтпағансыз? Баяғыдан бері шақыртатын...» Баубектің хатын көрсетемін. «Қазір ғана алдым... Біздің. майданға таяуда келіпті. Газет жұмысына шықсам деген ойы бар көрінеді...» Ысқақ құлақшынын төбесіне лақтыра тастап, тұра жүгіреді. «Онда болды. Қазір бас редактормен сөйлесем де телеграмма жібергіземін. Шегінуге қақым жоқ». Бүл Ысқақтың дәуірлеп тұрған кезі. Бас редактордың мақтаулы орынбасарларының бірі. Оның үстіне партия комитетінің секретары. Мен үлкен сеніммен хат жазуға кірісемін. Баубек хатын қайтадан оқимын: «Елден кеткелі қазақ газеті, қазақ журналы дегенді керген емен. Тіпті қазақтарды да өте сирек кездестіремін. Ана тілін ұмытып та барамын... Әдебиетімізде қандай жаңалық болды? Кімдер не жазды? Өзіңіз не жаздыңыз? Мен білетін жазушылар қайда?» Осы сұрақтардың бәріне жауап қарастырамын. Хатым ұзап барады. Ұзамағанда ше? Үш жарым жылдың есебін беріп отырсын. Оның үстіне редакцияға шақырту туралы қуанышың қосылса! Тек қуаныш қана емес-ау, қасіретің аз ба бөлісер?! Иә, шексіз ғой тіпті қасірет. Бұл жылдары біз отты ақындарымыз Абдолла Жұмағалиевті, Әли Есмамбетовті, Ихлас Адамбековті, тәжірибелі журналистеріміз Омарбек Пұсырмановты, Сабыржан Үкеновті, Бахтияр Меңдіғазинді жоғалттық. Қандай тамаша жігіттер еді. Баубек бұлардың бәрін де білетін, бәрін де қадыр тұтатын. Бәрімізді де сағынғандығын айтыпты. Сұрақтарының бәріне түгел жауап беруім керек. Жазып отырмын. Жазып отырмын...
Бөлме есігі сықырлай ашылды. Ысқақ кіріп келеді екен. Ұрты салбырап кеткен. Жанарында манағы үміт жарқылы жоқ. Түнерген күйі үнсіз отырып қалды да, тек біраздан кейін ғана тіл қатты. «Болмады, Әбеке. Түсінбейді, түсінгісі келмейді!» Екеуміз де түнеріп ұзақ отырдық. Біз әлі де үмітті едік. Тағы да іздестірмек болдық. Алдымен редакцияға шақырталық деген тоқтамға келгенбіз. Мен хатымды да осылай аяқтағанмын. Көп ұзамай Баубектің жауабын алдым. Шақыртқанымызды мақұл көріпті. «Тездете көріңдер, ең болмаса дидарласып қайтайын. Қатты сағындым... «Менің «Ком. правданың» 12 декабрьдегі номерінде басылған «Көнетоз карта үстіндегі ойлар» деген мақаламды кездестірмедіңіз бе, «Жауыздық және махаббат» деген еңбегімнен үзінді еді. «Өмір мен өлім туралы», «Өмір сүргім келеді» деген мақалаларым да өзімде сақталмапты. Тігінділерден кездестірсеңіз жібере көріңіз... Сағынған інің Баубек. 10. I.44 ж. »
Бұл менің Баубектен алған ең ақырғы хатым. Ысқақ екеуміздің арманымыз да орындалмады. Баубектен де хабар үзілді. Осы жолы іздеп бармақшы едім. Бірақ тағдыр қоспады...
1966 ж.