Әдебиет
Әбіш Кекілбаев
Әбіш Кекілбайұлы (1939 жыл ) - Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері.
Әбіш Кекілбайұлы (1939 жыл ) - Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері.
Шеткері үй
Жылдан жылға шуы ұлғайып келе жатқан қаланың тау жақ шетіндегі қаңылтыр шатырын әлдеқашан тот басып күңгірттеніп кеткен осы бір қарағай үйді, соның тап іргесінен ағып жатқан кішкене өзеннің жарлауыт қабағына дейін емінте созылған ағаш дуалын, оймыш терезелерін, абажадай емен қақпасын, қақпаның қыр көзіне қойылған биік сәкіні тау баурайындағы қалың жыныстан басқа ешкім көріп жарымайды. Жауын өтіп, дымқыл сіңіп, қи майына бояғандай қарауытып көрінетін бөрене үй өткен-кеткенге сыр алдырғысы келмегендей дүрдие қарап тұрады.
Ал, егер әлгі көлденең көз тәуекелі жетіп, бұл төңіректен кетпей қарап тұрар болса, бұдан әлденеше жылдар бұрын кешқұрым, қас қарая, көшенің екі бетінде күңгірт қарауытқан қалың теректің тасасынан тротуарды тықытып басып келе жатқан аяқ дыбысын естіп, артынша-ақ қапталдағы бояуы оңып, енді, міне, ала көбең іңірде не қарауытпай, не бозартпай, күлдібадамданып тұрған ағаш дуалға еміс-еміс түскен ерең-серең көлеңкені көзі шалар еді.
Қалың ағаштың арасын сирек қондырылған сықсима шамдардың сұйқылт жарығында тәлтіректеп келе жатқан мас кісідей қисалаңдаған рабайсыз көлеңке әлгі абажа қақпаның алдына келгенде бойын тіктеп ала қоярды. Сылдыр еткен кілт дыбысы мен қаңқ еткен қақпа сықыры кешкі тымық ауада құлағыңды бір тырнап өтер еді. Көшенің екінші жақ бетінде тұрған бақылаушы әлгі бейуақ көлеңкенің еркек екенін, әйел екенін ажыратып үлгергенше, алпауыз қақпа оны бірақ қақшып, қайтадан бедірейіп тұра қалар-ды.
Жұмбақ көлеңке сүңгіп кеткен абажа қақпаның ар-жағынан тас сатыны тық-тық басып, баспалдақпен жоғары көтерілген дік-дік аяқ дыбысы, кешкі ауаны дір еткізген кілт сыңғыры, есік сықыры қайта естіледі де, сәлден соң тағы да жым-жырт тыныштық орнайды. Біраздан кейін күні бойы тарс бекітулі тұратын терезе қақпақтарының арасынан пышақтың жүзіндей жіңішке жарық жылтырайды. Егер әлгі түнделеткен неме сол саңылаудан сығалап қарар болса, ақ дастарқан жайылған столдың төр жағында жұмсақ сәкіде тілі салақтап тынығып тұрған қасқыр итті көріп, ауызғы бөлмеден тық-тық аяқ дыбысын ғана естір еді. Сонда мынау құбыжық үйден қалай шегіншектеп бара жатқанын өзі де сезбей қалар еді. Тас тротуарға шырт еткізіп бір түкіріп, алысырақтағы автобус аялдамасына қарай жүгіре жөнелер-ді.
Сол қара сұр үйден елу қадам ұзап шықтыңыз-ақ ақ бас шыңдардың қойнауынан төмен қарай сорғалай созылып жатқан көше жолығады. Көше бойы ығы-жығы. Ерсілі-қарсылы жөңкіліп жатқан машина. Автобусқа бас сұқсаңыз — бір-біріне қадалып, жабыса-жармаса қалған бір жұрт. Соларға ілесіп төмен зулай берсеңіз, көк желектің тасасына шашыратып шаша салған ақ шаңқан, көк шаңқан көп үйлердің арасынан бір-ақ шығасыз. Одан әрі... Маңқиып-маңқиып тұрған маңғаз үйлерде таңертеңнен кешке дейін миы ашып маңызды мәселелер шешіп жатқан жұмыс басты адамдарға барып жолығасыз ба, жоқ па, ну бақша, қызыл-жасыл гүлзарлар арасында салқын қауыздарға шомылып мәз-мейрам болып жүрген балалардың күлкісін тыңдайсыз ба, әлде жол бойындағы алабажақ шалқайма орындықтардың біріне шалжия кетіп, әрлі-берлі сапырылысып жатқан әдемі балтырларды қызықтайсыз ба...
Ендеше бар ғой, отырдыңыз екен, түске дейін, тіпті түс ауғанша, ол да емес-ау, қашан жұмыс уақыты біткенше тапжылмаңыз. Сонда жаз болса ыстық басыла, қыс болса ымырт үйіріле жұмыс уақыты бітеді. Күні бойы топырлатып торға қамап қойған ақ сазандардай кеңсе-кеңседе жіпсіз байланып отырған көп балтыр көшеге атып-атып шығады. Соның бірі сіз отырған гүлзардың маңайындағы көп еңселі үйлердің біреуінен шығар да, дәл сіз отырған орындықтың қасынан қиғаштап өтіп жатқан сая жолға түсер. Тұсыңыздан аса бергенде орныңыздан көтеріліңіз. Соңынан қалмай ілесіңіз де отырыңыз. Тек көз жазып қала көрмеңіз. Ол әуелі газет киоскасына тоқтар. Модалар журналын сұрар. Сатып алар, алмас, бірақ бірінші беттен ең соңына дейін түк қалдырмай қарап шығар. Оған дейін ішіңіз пысып бара жатса, анадай жердегі телефон будкасына кіріп, таныстарыңыздың бірімен хабарласыңыз, не су сататын автоматтан сусын қандырыңыз. Сол екі ортада әлгі ақ балтыр жалт етіп тағы да жолға түсер. Дедектеп соңына ілесіңіз. Ол анадай жердегі аялдамадан жөнеле берген автобусқа сүңгіп кетер. Айқайды салып, артқы есікке сіз де жармасыңыз. Аузы-мұрнынан шыққан автобустың іші тауға жақындаған сайын сейіле түсер. Орындық тиіп жайғасып алғандар болмаса, түрегеліп тұрғандардың жіліншігінің жыланқарағы үзіле жаздағанда, өрге қарай ышқына ыңыранып келе жатқан көксау автобус көшенің тау жақ шетіне шығып та үлгерер. Сонда манадан бері алдыңғы есіктің босағасында көзіңіздің жауын алып тұрған қос ақ балтыр кенет сыртқа бірақ секіріп түсер. Жалмажан сіз де сыртқа атылыңыз. Тық-тық басқан қос балтыр бойшаң теректер түнере самсап тұрған қалтарыс көшеге жалт бұрылар. Соңынан сіз де салыңыз. Тас көшені тық-тық шертіп бара жатқан қос өкшенің дыбысына елтіп келе жатып алдыңыздағы ақ балтырлардың көзіңізден қалай бір-бір ұшқанын байқамай да қаларсыз. Аңырып біраз тұрарсыз да, ақ балтырды ақырғы рет көзім шалды-ау деген тұсқа жетіп келсеңіз, кеудеңізден итеріп абажадай емен қақпа кес-кестеп тұра қалар. Көзіңізді қанша сатсаңыз да былқ етпес. Бедірейіп тұра берер. Міз бақпай тұра беруге ол шыдағанмен сіз, әрине, шыдай алмассыз. Амалыңыз құрып кейін қайтарсыз. Қашан автобус аялдамасына жеткенше жалтақтап артыңызға қараумен боларсыз. Желмен шайқалып самсап тұрған көп теректің көлеңкесі жыныңызды келтіріп, «вуги-вуги» билеп мазақ қылар. Сайқымазақ көлеңкелерді даусыңызды шығарып балағаттауға мәдениеттілігіңіз шаужайыңызға оратылып, ішіңізден зіп-зілдей қып бір сыбап ап, тау жақтан кешқұрым сирек қатынайтын автобусты күтіп, екі көзіңіз төрт болып сарғайып тұрарсыз да қоярсыз.
Егер оны осыдан жиырма-жиырма бес жыл бұрын сыртынан көре қалсаңыз жөне өзіңіз ол кезде шау тарта қоймаған жас болсаңыз, дәл осылай болары даусыз-тұғын.
Соның бәрі күні кеше ғана емес пе еді.
— Зулап өтіп жатқан... уақыт-ай! — дейтін ол кейін сол дәурен есіне түскенде, «өмір-ай!» деуге бір түрлі аузы бармай.
Шынында да, ол күндер болса ғой... Мынау төр жақ қабырғадағы шынылы рамадағы әдемі келіншек дәл мына суреттегісіндей шырадай жалтыраған шара көзін төңкеріп тастап, ақ жұмыр иекті ақ борықтай білекке асып тастап, бетінен бейнең көрінетін жылмағай столдың басында жылмиып қана отырмас па еді. Көлдей терезеден көл-көсір төгілген мол шуақ толқын-толқын бұйра шашының арасында аунап-қунап, омырауына екі жерден бұлқынтып көгершін тығып қойғандай ауаны тепкілеп тұрған қос төмпектің дәл ортасындағы бармақтай лағылды түрткілеп ойнап, бұның төңірегінен шырқ үйіріліп шыға алмай жүрмес пе еді. Бастықтың қабылдауына келгендердің жүректілеу жағы қалжың айтып, жігерсіздеу жағы үн-түнсіз көзін сатып бағар еді ғой. Талай неме мұның бет-аузын зерттеймін деп отырғанда, кезегі келгенін білмей, бастықты күткізіп қойып, сөз естіп жатар еді ғой. Ондайлар орнынан атып тұрып, төргі есікке қарай апыл-құпыл жүгіргенде, бұл онсыз да желі оңынан тұрмай бара жатқан бейшараны одан сайын иттей қып мазақтап, сылқылдап тұрып күлмес пе еді. Әлгі сабаз көңілі орнына түсіп шықса, бұған жылмиып тағы бір қарамас па еді. Сонда бұл түк көрмегенсіп, түнере қалмас па еді. Сонда әлгі пақыр көкірегі әлем-жәлем боп кете бармас па еді.
Енді оны мына төр жақ қабырғадағы шынылы рамаға жайғасқан күлімкөз келіншек пен сыртын қоңыр барқытпен тыстаған ескі альбомға кезек телміріп, сүтке түсіп кеткен ақ тышқандай өз-өзінен үрпие қалған қаусаған кәрі кемпірден басқа кім біледі!
— Қайран күндер-ай десеңші...
Ол алдындағы тырсиған қалың альбомды сарт жауып, астындағы көнетоз креслоның арқалығына шалқалай құлап, ұзын-сонар ойға шомады.
Ақар-шақар шыңдардың етегіндегі кішкене қаланың орысы мен қазағы, үйғыры мен татары, дүнгені мен қырғызы бірдей іш тартатын Қара Махмұттың шүңірек көз пісте мұрын, шанаш бет кішкене кемпірі: «Қара шалым мен үш қызым аман тұрса, талай жақсының төрінде талтаңдармын-ау»— депті деп ел айтушы еді. Марқұм көріпкел екен. Айтқаны келді де қойды. Үлкен қызы Зүбаржат шешесінің төркіні татарларға бұйырды, одан кіші Зұлхия әкесінің нағашысы үйғырларға келін болды, ал Қара Махмұт отырған қара шаңырақтың түп иесіміз деп кеу-кеулейтін қайқы төс қазақтардың салымы осы Зуһраға түсіпті. Қара Махмұттың сүйек бітіміне кішкене кемпірдің ақтығы қосылып үш қыз бірінен бірі өткен сұлу боп өсті.
Сауда-саттық көшесіндегі ірі дүкен иесінің оң қолы Қара Махмұттың үйі түгілі қорасынан қонақ арылмайтын. Көше жақ қақпасынан солқылдақ фаэтон мінген ұлықтар түсіп жатса, қора жақ қақпадан түйелерін бақыртып, есектерін ақыртып қыр қазақтары мен қыстақ үйғырлары кіріп келе жатар-ды.
Қос қабат қарағай үйде атакемдер мен енекемдер, әнилер мен әтилер, ағайлар мен әбзилер, қалпақты, қалбағайлы, тақиялы, тымақты көп қонақ судай сапырылысарды. Бір бөлмеде гүрс-гүрс шампан атылып, сыңғыр-сыңғыр бокал түйісіп жатса, екінші бір бөлмеде алдарына жайнамаз жайып, таспиық санап тақуалар отырарды.
Жалпы ол үйдің дастарқанына қарап үйғырдың үйі, дастарқан басындағы әңгіме сыңайына қарап татардың үйі деп қалатынсыз. Анда-санда айлапат кең қораның түп жағында үйіліп жататын түйенің құмалағы мен Қара Махмұттың тамаққа тойып алған соң, терезені ашып қойып, үсті-үстіне кекіретіні ғана бұл үйдің қазақтарға да аз-мұз қатысы жоқ еместігін байқататын.
Қара Махмұттың қазақ екеніне тағы бір куә — оның тек дүкенінде ғана емес, үйінде де жұрттың ығы-жығы толып отырғанын жақсы көретіні. Құдай оның басқа тілегін берді ме, бермеді ме белгісіз, әйтеуір бұл тілегін артығымен орындағанына еш күмән жоқ. Махмұттың қолындағы қызылды-жасыл дүниені жағалап келетін қаймана жұртқа үш бірдей матур қыздың қабақтарын аңдитын жігіттер қосылғанда, оның үйінің қысы-жазы, күні-түні неге сеңдей сапырылысып жататынын айтпаса да түсінікті емес пе!
Әсіресе, сәскеде солқылдақ фаэтонға мініп, көше аралауға шығатын делдиме қалпақ сұлу қыздың соңынан көзін сататындар-ақ жол бермейді. Үйіне жігіттердің келгіштеп кеткенін көргенде кішкене кемпірдің жаны кіріп қуанып қалушы еді. «И, и, сұлу қыз деген солай болар. Соңынан еркектер шұбырып жүрмеген әйел, әйел, ме!»— деп, шанаш бетіне қан жүгіріп, шүңірек көзіне жылт оралып жымың-жымың күліп қоярды.
Кешқұрым қызды бөлмесіне шақырып ап ақыл айтатын.
— Бұл еркектердің көркіне қызықпай, бөркіне қызық. Көрік әйелдерге керек. Ал бөрік еркектің абыройы мен дәулетін көрсетеді. И, и сендер қайдан білейін деп едіңдер. Бұл еркек дегендердің көзге көрінбейтін екі, көзге көрінетін үш қасиеті болады. Көзге көрінбейтін бір қасиеті ақылы, екіншісін әлі бастарың жас, айтуға болмайды. Ал көзге көрінетін үш қасиеті: бетіндегі айбаты, қолындағы қайраты, қалтасындағы дәулеті. Көзге көрінбейтін қасиеттерін қателессеңдер оқасы жоқ, бірақ көрініп тұратын қасиеттерінен қате жібермеңдер. Әйел пақырдың бағы жанбайын десе сүйтіп қара басады. Құдайым сендерді тек сондай-ақ масқарадан аман қылғай.
Шүйкедей ғана қара кемпір өз-өзінен қорыққандай жағасын ұстай алар еді.
Зуһра анасының айтқан жерінен шықты ма, шықпады ма, оны өзі де білмейді, ал әкесінің көңілін тап басқан сияқты.
Қара Махмұт қол ағаштай дөң мұрнының астына мұрт емес, шалғы орақ қыстырып қойғандай, едірейген өткір кісі еді. Алушының сұрағанына жығылмай, оны өзінің айтқанына көндіріп үйреткен өктем мінез саудагер күні-түні дүкенінен шықпаса да, айтқаны орындалып жататын. Сауда-саттық көшесінің талай қалтаманы Сібірге «қозы құйрық теруге» кеткенде де, ол тырп етпеді. Қайта қаладағы азын-аулақ дүкендердің үстінен қарайтын азын-аулақ бастықтардың бірі болып алды. Оның сырын басқа түгілі қыздары да білмейді. Әйтеуір ас үй, қора-қопсыны жайлайтын қызметшілерден естімістері: баяғыда оқып жүргенде әкелері қол ұшын берген бір қара таяқ бүгінде үлкен қызметте деседі.
Кейде үй-іші боп оңаша қалғанда, Қара Махмұт қызына:
— Сенің орныңа бір бала бергенде ғой, аузы дуалы орындардың біреуінің делбесі өз қолымда болмас па еді,— дейтін өз-өзінен тұнжырап.
Беу, Махмұт-ай, соны да білмейсің бе? Күйеудің жақсысы балаңнан артық. Балаң бетіңнен алуы мүмкін, күйеу өйтпейді ғой,— дейтін ақ кемпір әлденеге тызалақтап.
Махмұт ондайда сөзден тосылғандай, кемпірі жаққа ежірейіп бір қарайтын да, үндемейтін.
Ол бір күні:
— Осы күні комсомол деген күшейіп барады ғой. Күнде-күнде жиындатып жатқаны. Сондай-сондайына барып тұрмайсың ба?— дегені көзінің қиығын қызына тастап.
Шынында да, ол кезде бұрынғы зиялы жастар бас қосатын азғантай жердің бәрін комсомол иеленіп алған-ды. Бұрынғыдай күнде би, күнде сауық жоқ, оның орнына қайдағы бір қызыл кеңірдек жиналыс көбейді. Олардан бұл ештеңе түсінбейді. Әкелері айтқан соң амал жоқ, түсінбесе де барады.
Шіркін, ол заманның жиналысынан моншаға түскендей боп бусанып шығатынсың. Кім сөйлесе де, желпініп сөйлейді, кім сөйлесе де, өлтіріп сынайды. Зуһра сол бір өжектеген дауыстардан үйдің төбесі дір-дір шайқалып тұрғандай көрінетін. Ол қапелімде, кімнің не айтып жатқанын да ажырата алмайтын-ды. Біраздан соң залдағыларды жағалай шолып, әркімнің бетіне үңіледі. Қай-қайсысының жүзінде де мұның жүрегін дір-дір шіміріктірер өжет сұс бар. Біреу-міреуі «тесіліп не іздеп отырсың» деп бетін қайтарып тастай ма деп, дереу еденге қарап тұқшиып кетеді. Ың-жың дыбыстан басы айналғасын тағы да зал ішіне көз жүгіртеді.
Бір жолы оның қырағы жанары ылғи құлағы қалқиып, иегін қолына тіреп, шешендердің сөзін қалт жібермей тыңдап отыратын селеу шаш сары жігітке түскені. Ол анда-санда монтаны көкшіл көзін бұлар жаққа салып қояды. Көзінің мүкісі бардай сығырая қарайды. Көздері ұшырасып қалғанда екі беті ду қызарып, әрі бұрылады. Мынау залдың ішіндегі шетінен өжектеген өндірдей жігіттердің арасында жүзі жылы адам жалғыз сол көрінеді бұған. Оның ешқашан мінбеге шыққанын көрген емес. Бүгін де, ертең де құлағы қып-қызыл боп өзгелерді тыңдайды да отырады. Кей-кейде аузы қышып сөйлеп тұрған шешенге сөз қыстырып, күңк ете қалатыны бар. Ондайда мінбедегі қызыл көз шешен айтып тұрған әңгімесін тастай беріп, оған шүйліге кетеді. Селеу шаш сары жерге кіріп кетердей боп үн-түнсіз отырып қалады. Сол-ақ екен, қасындағы бұйра шашы дудыраған қыр мұрын томаға көз жігіт орнынан атып тұрып, мінбеге аяңдайды. Шыға сала алдында ғана селеу шаш сарыға шүйліккен шешеннің соңына түсіп бір келіп кетеді дейсің. Қолды сермеп-сермеп, өткір көзін оңды-солды ойнақтатып, сайрап бергенде тыңдаушыларда ес қалмайды.
Зуһраның жұрттың не айтып жатқанында шаруасы шамалы, екі көзі досының сөзіне жұрт дуылдата қол соққан сайын жұрттың тасасына бұға түскен момын сарыда.
Ол Жәнібекпен де соның арқасында танысыпты. Бірде мінбеден алабұртып түсіп келе жатқан томаға көз қараша жігіт жолдасына жер түбінен көз тастап отырған әдемі қызды көре қойғаны. Сосын-ақ бұрын мінбеден айтылып жатқан әр сөзді қағыс жібермей аңдып отыратын қараша жігіт аяқ астынан мойын омыртқасы қисайып кеткендей, ылғи шет жаққа кеп жайғасатын бұдан көз айырмай қадалсын-ай кеп. Зуһра енді жапалақ-жапалақ қарап қоятын момын сарының жүзін бір көруге мұң болды. Қараша жігіттің өңменіңнен өтіп бара жатқан томаға көзіне беттей алмайды.
Ол кезде түнделеткен қарақшыдай төбеңнен түнере төніп тұратын теректер самсаған қараңғы көшеде жүрудің өзі қияметтұғын. Жиналыстан соң әлгі екеуі үйге әкеліп тастайтынды шығарды. Қасында шашы дудырап қарыштай адымдап қараша жігіт келе жататын-ды. Анадай жерде томпалаңдап селеу шаш сары еріп келетін-ді. Оның бір аяғынан сылтып басатынын сонда аңғарған-ды.
О да бір дәурен екен ғой. Өтіп бара жатқан... «Өмір-ай!» деуге аузы бармай, «Уақыт-ай!» дейтін кейін сол есіне түскенде.
Кісіге көңілі біте бермейтін Қара Махмұт күйеу баласы жайында әңгіме бола қалса, тісін шұқылап, мұртын талдап рақаттанып қалады. Күн сайын таңертеңгі шай үстінде газет қарағанда, ішінен соның атын іздейді. Ол кезде күніне бір жиналыс болмауы, онда Жәнібектің сөйлемеуі еш мүмкін емес еді. Жәнібек қайда? Жиналыста. Жәнібек қайда? Москваға жиналысқа кетті. Жәнібек қайда? Пәлен облыста жиналыс өткізіп жүр.
Соның бәрін естіген сайын Қара Махмұттың төбесі көкке бір жетіп қалатын-ды. Содан да ма, қызы дегенде ішкен асын жерге қояды.
Жәнібекке қаланың шет жағынан бөренеден қиып салынған, өз алдына қора-қопсысы бар оңаша үй тиді. Жұрт сапырылысып келеді де жатады, сапырылысып шығады да жатады. Қыр қазақтары. Үлкен қалалардан келген сыйлы қонақтар. Осы қаладағы көз таныстар. Дос тар. Жолдастар. Оқудағылар. Ішінде дөңкиіп Қара Махмұт жүреді. Баяғы селеу шаш момын сары көрінбейді. Жәнібектен бір сұрағанында «облыста» деген сияқты еді. Келе-келе о да есінен шығыпты.
Соғыс басталғанда Жәнібек Қазақстанда құрылған әскери құрамамен майданға аттанды. Оған Қара Махмұт қатты қиналды. Соғыс тұсында да оның шаруасының шайқалғаны шамалы еді. Соның арқасында Зуһра да мұқтаждық көрген емес. Жәнібек кеткенде жүгіріп жүрген Әлібек атасы мен әжесінің қастарында. Өзінің сол баяғы сылаң киімі. Сол баяғы сылаң өңі. Оған Жәнібек қауіп-қатерден аулақ алыс бір жаққа командировкаға кеткендей. Ұрысқа шыққалы жатқан солдаттардың алдында сөз сөйлеп тұрғандай. Соғыс біткен соң да баяғысынша лепіре күліп үйге кіріп келе жататындай. Көшеге шыққанда жосып жүрген өңдері қуарыңқы, иіндері салыңқы көңілсіз жұртты көргенде қайда кетерін білмейді. Үйіне жеткенше асығады. Үйі де сол баяғысы. Жып-жылы. Тап-таза. Айнадай жалтырайды да жатады. Оған жұрттың аузынан түспейтін «майдан» деген сөз Жәнібекті жылы төсегінен ажыратып әкететін бөтен қаладағы көп жиналыстың бірі сияқтанады да тұрады.
Бірақ бұл жолғы «жиналыс» тым ұзаққа созылды. Жәнібек теп-тез орала қоймады. Соны ойлағанда ара-тұра ұйқысы қашады. Көпке дейін төңбекшиді де жатады. Есіне қайдағы-жайдағы түседі. Күйеуге шыққан кездегі қызықтары көз алдына елестейді. Қашан көкірегіне ұмар-жұмар жиылып қалған қалың көрпенің зіп-зілдей салмағы сезілгенде барып зорға көзі ілінді.
Неғұрлым құлағын кесіп алса да білместей боп қаннен қаперсіз ұйықтаса, соғыс соғұрлым тез аяқталатындай көрінеді. Түсінде де Жәнібек бір жақтан командировкадан оралып жүреді. Ылдырмақ-шылдырмақ базарлықтар өкеліп жүреді. Қасына жақындай беріп, бетіне еңкейіп, әуелі құлағының түбінен иіскеп жүреді.
Сол жолы да бір кезерген көнтік ерін шықшыт тұсына кенеше қадала кеткені. Жып-жылы демі өртеп барады. Бұл мынау ойда жоқ рақатқа елтігендей балқи түсті. Кірпігін де көтермеді. Оң жақ қапталын өрттей күйдіріп жатқан таныс ыстық енді кеудесіне өрмеледі. Көкірегін жаншыған зіп-зілдей салмақ тұла бойын түгел балқытып барады. Қалың мамық көрпенің күндегі салмағынан ауырырақ сияқты. Баяғыда Жәнібек те... Иә ол да өстіп тамағының астына басын тығып алушы еді. Оның да шашы тап осындай иегін тырналайтын тып-тығыз қатты-тұғын. Ол да осылай мұның көрпесінде ала алмай жүрген өші бардай, әлдеқайда жітіріп жіберуші еді. Ол да осылай өзеурей қимылдаушы еді.
Кенет омырауын опырып жіберетіндей көрінген әлгі зіп-зілдей ыстық әлдеқайда ғайып болды. Тұла бойы күрт тоңазып бара жатты. Қарманып жамылғысын іздеп еді, таба алмады. Ұйқылы-ояу қолын созып, едендегі көрпені енді ұстай бергенде әлдене шырт ете түсті. Бөлмеде күңірсіген махорка иісі аңқып кетті. Ауызғы үйдің бір қапталындағы бөлмеден әлдекім жөткірінді. Іш көйлегінің әнтек түріліп, омырауына жиылып, ұйпалақтанып қалғанын, одан төмен денесінің мұз қарығандай түршігіп бара жатқанын сонда барып аңғарды.
Қаладағы госпитальде орын жетпейтіндіктен жазылып шыққандарды майданға аттанып кеткенінше аз күн маңайдағы үйлерге баспаналата тұратын-ды. Мана таңертең жұмысқа кетерінде соғыс комиссариатының адамы сондай бір офицерді ертіп әкеп, қапталдағы бөлмеге орналастырған-ды.
Содан бұл жұмыстан шыға сала үйге қайтпай, төркініне барған. Түн ортасы ауғанша сонда отырған. Кетерін де, қонып қаларын да білмей көп қипақтаған. Өзінен-өзі жүрегі лобып, ол үйде де тыныш жата алмасын білген. Киініп сыртқа шыққан. Автобус күтіп, аялдамада ұзақ тұрып қалған. Өне бойын қармай алған түнгі аяз көңілдегі үйіме барсам ба екен, бармасам ба екен деген екі ұдай дүдамалды да, көз алдында күні бойы қаздиып тұрып алған манағы дүрдік ерін, түрпі шаш ысқаяқ қара бейтаныс офицерді де жым-жылас қуып шығып, үйге жетуге зар қылған-ды. Әбден тоңып, дірдек қаға бастағанда өліп-талып, тау жаққа сирек қатынайтын түнгі автобус та көрінген-ді. Соған отырғанын біледі. Үйреншікті аялдамаға кеп түскенін біледі. Қалтасындағы кілтпен есікті ашқанын біледі. Ауызғы бөлменің шамын жақпай, етігін шешкенін біледі. Аяғының ұшынан басып өз бөлмесіне өткенін біледі. Төсегіне кеп құлап еді, күнде жамылып жүрген мамық көрпенің еш қамсауы жоқтай көрінді. Дірдектеп орнынан тұрып, тағы бір көрпе жамылды. Сонда барып иіні салмақ сезгендей, өне бойына инедей қадалған мұз тікенектер жығылғандай болды. Маужырап ұйықтап кетіпті.
Енді, міне, әлгі бір елестің өңі екенін, түсі екенін біле алмай дал. Көрпесі жерге өзі түсіп кетті ме, жоқ қапияда қол салған озбыр шеңгел лақтырып жіберді ме — хабары жоқ. Тіпті мана жатарда өз есігінің сырғытпа тиегін салған-салмағанын да білмейді. Орнынан тұрып, тексеріп қайтуға табанын қарып алатын мұздай еденнен қаймығып, қымтана түсті. Бірақ, құлағын көрші бөлмеге тігіп қояды. Болат серіппелі темір кереуеттің сықырлағанын естігенде тұла бойы дір ете қалады. Жүрегі лүпілдеп қоя береді. Елеңдеп біраз жатады, Меңіреу тыныштыққа бойы енді үйрене бергенде келте сықыр тағы шығады. Бейтаныс еркек естіп қала ма дегендей тұншыға күрсініп, теріс аунап түседі. Тағы да сол жым-жырт тыныштық. Тағы да сол келте сықыр. Таң атқанша көз іліндіре алсайшы!
Ала көбеңде тұра сала есікке беттеді. Сөйтсе — сырғытпа тиек тарс бекітулі. Зуһра салғырт жымиып қойды. Шала-шарпы бір шыны аяқ шай ішті. Стол үстіндегі құманды суып қалмасын деп сүлгімен қымтап бүркеді. «Қонақ оянса, ішер»— деп ойлады. Шығып бара жатып, көрші бөлменің шынылы есігінен темір кереуетте теріс қарап ұйықтап жатқан бейтаныс еркекті көрді. Ысқаяқ қара. Ұзақ қараса, оянып кететіндей, көзін тез аударып әкетті.
Жұмыста отырып, түндегі оқиға есіне түскенде бір күрсініп алады да, артынша-ақ ду қызарып кетеді. Қызметтен қайтарда кешегідей төркініне соқпады. Бірден үйіне тартты. Жүрегі лүпілдеп зорға жетті. Тұтқадан ұстап тұрып қалды. Қазір қарсы алдынан шыға келетін дүрдік ерін ысқаяқ қараның не айтатынын, оның алдында өзінің не істеп, не қоятынын анық білмейді. Бірақ не де болса көргісі, бір ауыз тіл қатқысы келді. Ту сыртынан биік шарбақтың саңылауынан біреу қарап тұрғандай. Есікті жұлқып ашып үйге кірді. Стол үстінде қағаз жатыр. «Кешіріңіз. Көп-көп рақмет!» Төбеден түскендей екі ауыз сөз. Бар болғаны сол-ақ.
Көзінің алды жыбырлап қоя берді. Екі жіліншігі жеміріліп, орындыққа сылқ отыра кетті. Тор көз оқушы дәптерінің арасынан жыртып алынған жылтыр парақтың бір шеті тысыр-тысыр ете қалды. Түйдектей тамған төрт-бес тамшы жас мөлт-мөлт етеді. Кенет біреу иығының үстінен үңіле қараған сияқтанды. Кешегі бейтаныс жігіт емес пе! Бұны қайтер екен деп сынағаннан сау ма? Стол үстіндегі қағазды асығыс қармап, орнынан атып тұрды. Жалт бұрылып қарап еді, көзі ілулі тұрған Жәнібектің портретіне түсті. Тұла бойы оқыс дір ете қалды. Томаға көз қара жігіт жәудірей қарайды. Алақанындағы мыж-мыжы шыққан бір парақ қағазды лақтырып тастамай әлі ұстап тұр.
Зуһра соғыс деген нәрсенің не екеніне алғаш рет сонда түсінді.
Одан бері не болып, не қоймады! «Зымырап өтіп бара жатқан... (өмір-ай деуге аузы бармай)... уақыт-ай»,— дейтін кейін сол есіне түскенде.
Сол-ақ екен, аяғын аттаса болды, ту сыртынан бір сұқты көз аңдиды да тұрады. Ас үйге бас сұқса, төргі үйдің есігінің тасасына кеп тығылады. Төргі бөлмеге қайтып оралса, сып беріп ауызғы бөлмеге жылысады. Ол осынау төрт бөлме үйдің ішінен өзін қоярға жер таппайды. Төсекке жатқанда да әлдекім бұқпантайлап қасына кеп, бетіне үңілетіндей. Зуһра көрпесін тарс бүркеніп алады.
Төр жақтағы Жәнібектің суреті де бұрынғыдай жаймашуақ күлімдемей, бұның кірген-шыққанын аңдып, мысқылдай жымияды да тұрады. Ол енді үйге келді-ақ, басын жерден көтермейді. Көзін көтерсе, әлдеқайдан біреу-міреу шыға кеп, өнеукүнгі түннің оқиғасын айтып, сардитып бетіне басатындай.
Аулаға шықты, манадан бері қақпаның сыртынан тың тыңдап тұрған біреулер үн-түнсіз қаша жөнелгендей көрінеді. Көшеде әрлі-берлі өтіп жатқандар, неге екені белгісіз, бұған жалтақ-жалтақ қарап қояды. Автобуста бұрын-соңды көрмеген біреулер бұның бетінен май шығып келе жатқандай тінткілеп бағады. Әсіресе, еркектер жағы бір-бірімен уәделесіп қойғандай, көздері желімше жабысып қадалады да қалады. Бәрінің де көңілдерінде бір күстана тұрғандай. Бәрі де анадағы сұрқия түннің масқарасын естіп, біліп алғандай. «Ел құлағы елу» деген рас болмаса етті. Әрбір ыңғайсыз қимылдап қалған жеріңде, әрбір орынсыз күліп қойған жерінде, әрбір ретсіз сөйлеп қалған жеріңде көзіңе көрінбегенмен, басқа жұртқа не болып, не қойғанын тапжылтпай жеткізіп отыратын бір-бір құлақ селтиіп-селтиіп тұрмаса етті. Сондай бір сімсік көз, сімсік құлақ, сімсік ауыз анадағы оқиғаны да бүкіл қалаға жаймаса етті. Мына жұрт сондай бірдеңені естіген соң осынша сұқтанып қарайтын болмаса етті. Ендеше ондай сұрқия хабар тек бір қаламен ғана шектелді дейсің бе! Сумаңдап майданға да жеткен шығар. Әйтпесе, күйеуінің хаты неге пышақ кескендей тыйыла қалды. Жәнібек, Жәнібек болсын. Бұрын бір апта хаты кешіксе, тызалақтап жер-көкке тұра алмайтын өзі не қып мүнша сабырлы? Тіпті, хатының сол кешіге түскенін қаламай ма осы... Дәл қазір хаты жетіп келсе не істер еді? Батылы барып қолына ұстай алар ма еді, ұстай алмас па еді? Одан қайта осы бір екі ұдай халде жүре тұрғанының өзі дұрыс шығар. Сонда хатынан осынша тайсалғанда, ертең өзі келгенде қайтпекші? Жәнібекке не бетімен көрінбек... Әлде өзінің де хаты секілді кешіге түскенін қалайды ма... Ол турасында тіпті ойланғысы да келмейді. Не болары белгісіз бұлыңғыр болашаққа бола басын ауыртып қайтеді... Қазіргі уайымы — үйіне кіріп-шығудың уайымы. Қазіргі уайымы — көшеде бетіне қадала қалатын көлденең көздерден қалай жалтарудың уайымы. Қазіргі уайымы — әке-шешесінің қолындағы Әлібегіне қалай көрінудің уайымы.
Бұрын ұлын оқтын-оқтын өз үйіне алып келуші еді. Енді одан бетінен басады. Абажадай төрт бөлмеде анадағы бейуақ қылмысты кішкене сәбидің бейкүнә жанарынан жасыра алатындай қалтарыс табылмастай. Одан да өз азабымен өзі оңаша болғаны жөн тәрізді.
Бұнда бір өзгеріс барын шешесі де сезетін секілді. «Өңің неге қуқылданып кеткен. Бірдеңені уайымдап жүрсің ғой?»— деген анада барғанында. Түк сезбейтін тек ұлы. Қара шұнақ бала анадайдан атанақтай жүгіріп алдынан шығады да, мойнын тас қып құшақтап алады. Ол құшырлана қысқан сайын бұл бұрынғыдай ери түспей, сарсаң кесектей мұздап сала береді. Іші-бауырын бір алапат ызғар қарып бара жатады. Сонау кез келген бөгде көзбен, жұртпен, ата-анасымен, майдандағы жарымен, күллі дүниемен, тіпті мынау ет бауырын жарып шыққан өз перзентімен екі араға көлденең тұрып ап, қалған әлемді бір жаққа, бұның жалғыз өзін бір жаққа ажыратып, енді қайтып жуыспас құрдымға алыстата, аластата түскендей. Енді ол тіпті Жәнібек жайын ойлауға да қорқатындай. Бұл өмірде енді бұған сол бейдәрмен қорқыныштан басқа ештеңе қалмағандай. Қалқиып жұмысына барады. Қалқиып жұмысынан келеді. Тіпті не киіп, не қойғанын да білмейді. Тек кеңсеге кіре берістегі көлдей айнаға көзі түскенде ғана жүрегі орнына түседі. Маңдайы сол баяғысынша жап-жазық. Қасы сол баяғысынша керік. Кірпігі сол баяғысынша қайқақ. Тостағандай-тостағандай екі жанары сол баяғысынша жылт пен нұрға толып тұр. Албыраған ерні де сол баяғысынша... төңірегінен тосын бір шырын бал дәметкендей томпия-томпия қалыпты. Үсті-басы да мұнтаздай таза. Киімі де ине жіптен жаңа шыққандай. Ау, әлгінде ғана іші-бауырын бір озбыр қол суырып ап итке лақтырған құр қаңқадай құлазып келе жатқаны қайда? Ендеше мынау айна не айтып тұр. Анау түк болмағандай құлпырып тұрған сұлу келіншек қалайша өзі. Іштен тоңдырғандай үсті-үстіне тітіреткен тымырсық уайымы не жүзінен, не көзінен қалайша сезілмейді. Сірә, бұл басына қанша қарлы қара тау іс түссе де үсті-басын сылап-сипауды ұмыта алмайтын болғаны ғой! Сірә, бұл басына қанша қарлы қара тау іс түссе де, тұла бойында көлденең қыртыс, көлденең бір сабақ жіп жүргізе алмайтын сияқты ғой. Шамасы, бұның басына қанша қарлы қара тау іс түскенмен сұлу болмай тұра алмайтын сыңайы бар-ау, сірә. Бұл басына қанша қарлы қара тау іс түссе де, құсадан қан жұтып қайғыра алмайтын... Жоқ, жоқ, ондайдың беті аулақ... Мынау оспадарсыз ойдан тұла бойы тітіреп кетеді.
Бірақ... ол... қарлы қара тау іс ақыры басына түсіп тынды. Жұмыстан соң үйінде әкесі мен шешесі еңселері жерге кетіп еңіреп отырғандарын көргенде бәрін түсінді. Босағада аңтарылып тұрып қалды. Бұндайда не істеп, не қою керек екендігін біле алмай қапелімде сасқалақтап қалды. Біраздан соң бойын жиып, әкесінің мойнынан құшақтай алды. Қара Махмұт еңкілдеп қоя берді. Бұл да жылады. Қыршын кеткен Жәнібекті ме, жесір қалған өзін бе, жетім қалған Әлібекті ме, бауырынан шыққан баланың бақталайсыздығын көріп, тірілей пұшайман болған кәрі әкесін бе — кімді аяйтынын өзі де білмейді, әйтеуір Қара Махмұттың бүгінде үн сепкендей аппақ басын бауырына басып ағыл-тегіл жылай берді, жылай берді.
Жәнібектің қазасынан соң Қара Махмұт көп жүрмеді. Бір күні базаға барып, қоймашымен салғыласып тұрған жерінде тай-тай матаның үстіне талып құлаған жерінен беті бері қарамапты.
Біріне бірі ілесе келген қос қасірет баяғы бейбақ түннің күнәсін құлан таза жуып кеткендей. Енді жұрт оған күстаналап емес, мүсіркей қарайтын сияқты. Кеңседе, көшеде, автобуста жаутаңдасқан қай-қай жанарда да жанашырлық пен мейірім тұнып тұратындай.
Оны алғаш рет баяғы... иә, сол... селеу шаш момын сарының қабылдауына барғанда түсінді. «Күзембаев, Күзембаев» дегенді бұрын талай жерде естіп жүр еді. Осы қаладағы азғантай бастықтардың бірі екенін де білетін. Бірақ, оны баяғы жалтақ-жалтақ қарайтын жапалақ көз момын сары ғой деп кім ойлапты!
Оған бар деген шешесі. Шанаш бет кемпір күйеуі өлгесін еңкейіп, екі бүктеліп кеткен. Сөйте тұра бұған көкшіл көзін біздей қадап безере сөйледі.
— Өлім оңай емес. Қара шал кеткесін тірілей жер тістеп менің де отырысым мынау. Бірақ, біздікі кәрілік. Ал, саған не жорық. Жәнібек бейшара ел басына келген қанды қырғында жоқ болды. Оның артын күтпедің деп ешкім саған кінә тақпайды. «Әйел қырық шырақты» деген. Бағың жанайын десе, әлі де кеш емес. Бірақ, түл қатынға тулақ құшақтаған да сауап деп кім-көрінгенге қор болма. Бағы озық еркектің етегіне жармас. Қатын-баласының бар-жоғына қарама. Қашанда сұлу әйелдің ажары бағы тасқан азаматтың, ал бағы жүрген еркектің дәулеті ажары асқан өйелдің салымы. Сендей әйелге қарайламайтын еркек кіндік кем де кем. Тек жасықтық жасап, ырыс-несібеңнен қаралай қағылып жүрме. Мен де әкеңді қазақтың екі-үш майбалағы мен татардың төрт-бес тоташының аузынан жырып әкеткем. Оралыңның барында ойқастап қалмасаң ешкім сені аямайды. Мен болсам қартайдым. Жесір қатын баққан жетім ұлдан не пәтуа шығады? Одан да Әлібегіңді қаза тапқан офицерлердің баласын өкімет оқытып тәрбиелейтін жерге бер. Әйтпесе, екеуің біріңнің аяғыңа бірің оратылып, бақтарыңды байлайсыңдар. Әлгі Күзембаев деген бастық Жәнібектің жолдасы екен деп біздің шал көп айтушы еді. Соған барып сөйлессең, өзі-ақ реттемей ме?! Айтқан ақылды тыңда. Әйтпесе, ертең-ақ саныңды бір-ақ ұрасың. Жаман ұрғашылардай етегің толып еңіреп жүргеніңді білсем, бұл дүние түгілі о дүниеде де: «Басыңда ми жоқ малғұн қаншық»,— деп қарғап жатам...
Сосын «Ұқтың ба өзің?»— дегендей мұның жүзіне шаншыла бір қарап қойды. Әбден көңілін қалдырып, түңілдіріп айтқысы келсе керек. Сыртта ойнап жүрген қараша баланы шақырып ап, қолынан жетектетіп жіберді.
Иә, тап баяғысы. Есіктен бұл кіріп келгенде сасқалақтап орнынан көтерілді. Селеу шашын бір сипап, көкшіл көздерін жаутаңдатып қарсы жүрді. Қолын алды. Қолтығынан демеп бір қапталдағы абажадай сафиян диванға апарып отырғызды. Сосын өзі төрдегі орнына барды. Бұған жапақ-жапақ қарап қояды. Тамағы құрғап қап, даусы шықпай қиналып отырғандай қылғына қарайды.
Сөзін де батылсыз бастады. Жәнібекке, әкесіне көңіл айтты. Енді тағы не айтарын білмегендей аңтарылып қалды. Біраздан соң барып бұның қызметін, жағдайын сұрады.
Өзіне салса осы бойда қайта шығып кетуге дайын отыр. Мына тап баяғысынан тырнақтай да өзгермеген бүгежектеген момын сары жарылқайды дегенге сене қоймады.
Соны сезгендей Күзембаев:
— Ия, Зуһра, келген шаруаңызды айтыңыз,— деді. Бұл көзін жерден көтеріп алды. Абажадай жалтырақ стол, оңаша қондырғыға мығым қонжиған әлденеше телефон, зілдей-зілдей сафиян креслолар момын сарының өзінде айбат жоқ болғанымен мына отырған жерінде айбат, билік, пәрмен бар екендігін сездіргендей. Көзіне сонау көп телефонның ар жағында бұл қайтер екен, келген шаруасын айтар ма екен, айтпас па екен деп шанаш бет сары кемпір мысқылдай қарап тұрғандай көрініп кетті. Зуһраның көңіліне бір қорқыныш кірді. Асығып-үсігіп айта бастады. Күзембаев зер салып тыңдап отыр. Кішкене көкшіл көздері барған сайын тым кішірейіп мөлдірей түсті. Тамағы бүлк-бүлк етеді. Қолындағы көп қарындашты шашып алатындай мытып қысып апты. Селеу шаштарының түбі күп-күрең боп қызарып кеткен. Маған бірдеңеден ызаланып отырғаннан сау ма?»— деп ойлады Зуһра. Бірақ көп те