Әдебиет
Әбіш Кекілбаев
Әбіш Кекілбайұлы (1939 жыл ) - Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері.

Ханша-Дария хикаясы
Бұл өзі әлде шындық, әлде өтірік,
Ақиқатын білетін адамдарды
Жіберген уақыт өзі көрге тығып.
Еркін Ібітанов.
... Шығыс Азиядағы бір өзенді қытайлар Хуанхэ — Сары өзен, тибеттіктер Мачу — Қызыл өзен, маңғұлдар Хара-Мұрэн — Қара өзен деп атайды. Ал енді оны Хатын-Гол — Ханша-дария десеңіз бәрі де түсіне қояды.
Неге олай?
I
Күз таңының сұйқылт суық нұры шатырдың ішіне енді-енді жайыла бастағанда ол ұйқыдан оянды. Бүгінде таңертең төсектен тұрғанда таңдайынан дәмі кетпей тамсанып отыратын баяғы балқаймақ ұйқы жоғалған. Жан-жағындағы сатыр-сұтыр ат дүсірін де естімей, ердің басына қамшыңды тіреп, маңдайыңды соған қойып, сәл мызғысаң, қыз қойнынан өргендей көңілің бүрлеп сала беретін қунақылық та ұмыт болыпты.
Күнде жатарда жеті кісіге қаратып, жеті әйелге қайта салдыратын құс мамық төсекке алғаш жатқанда, әлгі ауыздарының суы құрып, айта беретін пейіштерінің де тап осыдан артықтығы шамалы шығар деп ойлайтын. Қазір суық тиеді. Сол қомағай жібектің мұз боп қарығанынан құдды бір суық жердің қойнына кіріп жатқандай тұла бойы түршігіп, біразға дейін көз іліндіре алмайды. Онсыз да ерғашты көңілі бетімен лағып, әр нәрсені бір ойлап, зорға ұйықтайды.
Кәрі жүрек көп қуана бермейді. Бірақ әр күн сайын таңертең төсегінен тағы да тірі өргенін көргенде қалай да көңілденеді. Қызметшілерін шақырмай тұрып, ешкім жоқта тамыр-тамырының бәрі аңдап-аңдап тұрған тарамыс қолын бүгін көріп отырғандай тесіле қарап шығады; асыл жүзік салынған он саусағын түнде ұйықтап жатқанда біреу қырқып әкеткен жоқ па деген кісіше, әрқайсысын жеке-жеке салалап көреді.
Бұл асыл жүзіктің әрбіреуінің өз тарихы бар. Мынау ақ маралдың қарға тамған қанындай қарт лағыл Бұқараны шапқанда түсті. Ол кезде қазіргісінен әлдеқайда жас еді. Сардиған сар даланың төсінде көң қотырдай қоңырайып көрінетін қара құрым шаһарлар көзіне шалынса болды, қалың түмендер суға шапқан киіктей жөңкіліп, лап қоятын.
Аппақ шаң аспанды лайлап, жерді ойып жіберетіндей қалың дүсір құлағына шалынғанда, делебесі қозып, тыпыршып, ауыздығымен алысып кететін шағыр атының дікектеген басын еркіне жібере жаздап, зорға шыдап отыратын. Бір жағы - Жейхунның жойқын лайы, бір жағы - білем-білем құм шағылдың ортасында алапес тигендей оқшау көзге ұрып тұрған әлеміш шаһардың қамалын бұзып, ішіне кірген соң, көк күмбез мешіттің табалдырығына қарғып шығып, соңындағы қолына айқай салған-ды.
— Шалғынды шауып алдық, енді аттарды еркіне жіберіңдер!
Сол-ақ екен манадан бері жау жағаласпен жүрген көк найзалар үй-үйдің сығырайған шайтан көз әйнектерін түртіп, гүрзілер есік бұзды; қайқы қылыштар бала-шағаның, қатын-қалаштың, кәрі-құртаңның желкесіне төнді. Қынаптан суырғанында оқ жыландай ысқырынатын жылмаң қылыштың зәрлі ысылын сыбызғының сазынан бетер құныға тыңдайтын сарқаптал, қанды балақ, құзғын көз, қырғи жүрек сарбазға жаутаңдаған жанарлар мен кемсеңдеген иектерді, дірілдеген қолдар мен дірдектеген сирақтарды көргеннен артық ләззат болушы ма еді? Қан жұқпаған қанжардан не пәтуа, қан жұтпаған еркектен не пәтуа, қаймықтырмаған қаһардан не пәтуа!
Әлгі, әншейін, жердің бетін көл-жоса қып көміп кеткен қара қан - жеңістің айғағы емес; жеңістің айғағы - жылты қашқан көздер мен сұрқы қашқан сөздер. Дұшпанның һарам қанына белшеден жүзсең де ол мүсәпір болған жауыңның жаутаңдаған көзінен ытқып шыққан бір тамшы ыстық жасты өз көзіңмен көргеніңдей болмайды.
Бұның қай соғыстың соңынан да, қолға түскен тұтқындарды өзі жүріп, тінтіп шығатыны да сондықтан. Қашан жоса-жоса боп аққан көз жасын көргенше, екі қолы артына байланған тұтқындарды әкелдіре береді, әкелдіре береді. Көз жасын көргенде барып, мынау үнсіз тергеуін оқыс тыяды. Алда-жалда ешкімнің көзінен жас көрмесе, шаһардан да сау тамдық жұрнақ қалмайды. Шабылған елге шабынған ер емес, мөлтеңдеген көз жасы ғана араша болмақ.
Бұқараны шапқан күні кешке қарай, қол басылар бұның шатырына талауға түскен шаһардың талай қызын саудагердің керуеніндей көзінен тізіп алып келді. Шаһар әкімінің қатыны бұл отырған сары ала шатырдың босағасынан басын имей аттады. Екі босағада тұрған екі жасауыл тәкаппар қатынның аспандай қараған асқақ басына қылыш апара бергенде, бұл ымдады. Екі жасауыл әйелді қақ алдына әкеліп, жер тізерлетті. Зиялы қауымның ортасында жарық жұлдыздай жарқырап қалған асқақ әйел бұны қорашсынды ма, әлде ерінің намысы мен елінің аруағын сыйлағаны ма, - әйтеуір басын имей мелшиіп отырып алды. Екі жасауылдың күштеп жер тізерлеткенін, бұл оның бас игені емес екенін көрсеткісі келген болу керек, көкке қарап, қолын жайып, ернін жыбырлатып дұға оқиды; сонда әлгі тізе бүккені аллаға ақырғы мінажат қылғаны болып шықты. Қайсар әйелдің амалсыз жерде айла тауып кеткеніне бұл іштей сүйсініп отыр, әйел аппақ қолын жүзіне апара бергенде, сүйріктей саусағынан қызыл шоқтай лағыл жүзік жарқ етті; ол біраз уақыт көзін жұмып, ернін күбірлетіп, екі қолын бетінен енді ала бергенде, жасауылдарға ишара қылды.
Көк желкеден төнген қайқы қылыш сүйріктей-сүйріктей он саусақты қу жүзгеннің шырпысындай қыршып түсті. Тәкаппар әйелдің қайқы еріндері оқыс жымқырылып, мәрмәрдай аппақ жүзі ду ете қалды. Тостағандай-тостағандай екі көзінен секіріп шыққан екі тамшы етегіне домалады. Әйел қайтадан қу шүберектей боп өңі қуарып, сазарып алды.
Жарты әлемді қау шөптей жапырған бұның алдында да айылын жимаған қайсар қатынның лағыл жүзігі содан бері бұның қолында. Жеңіс бермеген әйел өрлігінің ескерткішіндей ескі көз.
Ал енді мына біреу — Отырарды алғанда, ойда жоқ жерде көк желкесінен тап беріп, басын балтамен шауып түсіре жаздаған кәрі ұстаның өңін от алып күңгірт тартқан сіркелі күміс сақинасы. Анау - Самарқанның аспанмен арбасқан сайқал мешітін шапқанда, михрабта мінажат қылған қалпын бұзбай отыра берген діндар мұсылманның меруерт сақинасы. Сұқ қолындағы Қап тауында бұның көзі түскенін байқап қап, сұр мойнақ арғымақ атының кеңірдегін бір-ақ орған ерегіспе ер жігіттің шынашағынан алынған ұр тас. Бұл өз алдына келгенде қаймықпаған адамның қай-қайсысының да жүзік-сақинасын кесіп алып тағып жүр. Адамдар неткен көзсіз, неткен өжет. Тап бұдан айбынбайтын адам шанда-шанда бір жолығар деп ойлап еді, ондайлардың тек сақина-жүзіктерінің өзі бірнеше керуенге жүк болды. Бұл өрлік пен ерлік түгілі мешкейлікті де, дүние қоңыздықты да жеңе алмады. Термездің базарында бір саудагердің бұны көргенде жалма-жан саусағынан жүзігін шешіп алып, жұтып жібергені бар. Бұл қасындағы сарбазға тап сол бойда мұнша дүниеқоңыз саудагердің ішін жарғызып, жүзікті таптыртып алды. Мына біреу күлгін жақұт сол.
Бұның әскері өткен жерде неше мың адамның саусағы қырқылды! Сол бір топар қолдардың ұзын-ырғасы қанша болғанын жүзік артқан түйелердің санына қарап санайды. Осынша жаны қас топар қолдардың дәл қазір бұған жеңгізбегені рас. Бірақ бұл артынан әскеріне қолы топар кісі көрсеңдер, әйел болса - қарынын жарып, жатырын алып тастаңдар, еркек болса - ұстап алып, ақта қылып жіберіңдер деп жарлық шашты. Бас имеген топар қолдардың тұқымы өздерімен құриды.
Бұл салған ойран-бүліктердің тұсында тек басын баққандардың ғана қол-аяғы сау қалады. Басын баққандар тек басын бағатындарды туады. Сөйтіп, бұдан былай дүниеде тек басын бағатындар ғана өмір сүреді. Басын бағатындардың мойын-омыртқа сүйегі осал болады. Сосын бұл, бұның анау Шағатай, Үгедей, Жошылары, олардың жер бетінің түкпір-түкпірінде өсіп-өрбитін шашыранды тұқымдары өңшең құрттаған шыбыштың құйрығындай шыбындаған бастарды ғана көреді. Шыбындаған бастар маңайында не болып, не қойып жатқанын жөнді көре алмайды. Олар сөйтіп тек бастан ғана емес, көзден де айрылады. Бұның тұқымына бас пен көздің қажеті шамалы, жабырлайтын аяқ пен қимылдайтын қол табылса болғаны.
Ол он саусағындағы сақиналардың аман-есен орындарында тұрғанын көрген сайын көңілденіп сала береді.
Бүгін бір түс көрді. Түсінде енеден туғандай тыр жалаңаш, қардай аппақ еті бар, ай десе аузы, күн десе көзі бар бір сұлу мойнына оратылып, құшып жүр. Түсінде көңілденгендіктен бе ұйқыдан да жадырап оянды. Мынау шаршы дүниенің төрт бұрышының сұлулары түгел бас қосқан гаремінің есігіне бас сұқпағанына да біраз болып барады. Қартаяйын дегені ме, солардың көбінің аты-жөнін ұмытып та қалыпты. Соңғы кезде алыс жорықтан жүріс өтіп кетіп, сыр алдырып алмайын деп, ешқайсысын қасына шақыртпаған-ды; түсінде жалаңаш сұлу көріп жүргеніне қарағанда, шамасы, әлі де бір түндік қауқары болғаны ғой.
Ол Касар мергенді шақыртып түсін жорытып алайын деп бір оңтайланды да, сосын өмір шіркіннің өзі де көрген түстей емес пе, қай түсіңе нанарсың деп тағы ойлады. Баяғыда қуғын көріп, ел асып, жер асып жүргенде бір қуыста ұйықтап жатып, түсінде айдалада қурап қалған өз қаңқасына құзғын қонып отырғанын көріп, шошып оянғаны бар. Бірақ арада ай өтпей жатып, ақ киізге көтеріп, хан сайланды.
Қоңырауын шылдыратып, есік алдындағы жасауылды шақырды. Оның әкелген киімі мұп-мұздай екен.
— Бұнысы қалай? — деп сұрады.
— Бүгін түнде қар жауды, — деді жасауыл.
Ойына жыл сайын қан сонарда қасына Касар мергенді ертіп, аңға шығатын әдеті түсті.
II
Аңға шыққанда қашан да Касар мергенді бір елі жырақ жібермей, қасында ұстайды. Мергендердің жақын жүргенінен алыс жүргені қауіпті, мерген еместердің алыс жүргенінен жақын жүргені қауіпті.
Жатаған болса да, жауырыны қалақтай шағыр атының осы көл дария көшелілігін ұнатады, Көшелі аттың үсті өз үйіңнің төріндей; тұрқы келте ат мінсең, құрдым құздың ернегінде тұрғандайсың.
Бүгін күн тіпті тамаша екен. Алыс қырандар ала балақтау, ойға қар тегіс түсіпті. Көзіңді көлегейлегенімен дүниенің бәрін жұмсартып, балбыратып жіберетін іркілдек сүт тұман төңіректі түгел перделеп, кілкіп тұр. Қос ат сол енді ұйып келе жатқан сүт кілегейді кеуделеп жыртып, жымысқы жықпылы көп жермешел таудың қойнауына енді. Қасындағы нөкерін аңды үркітпеске, тынышын бұзбасқа, тек алыстан бас-көз боп жүруге, кейінірекке тастап кеткен.
Касар мерген бұның ел-жұрттан безіп, тау мен тасты паналап жүргенде қасына ерткен жолдасы еді. Онда мерген бұдан қаймықпайтын. Елсіз тауда екеуінен басқа жан жоқ болған соң, бір-бірімен емін-еркін сөйлесе беретін. Әккі аңшы ұлы билеушіге талай-талай атып алған киігін тасытып, тезегін қалатып, тамағын пісірткен-ді. Артынан өзі хан болып сайланған соң, ол алыс тауда жападан-жалғыз жүретін аңшы досын қасына алдырды.
Касар мерген сары ала шатырдың ішіне кіріп келгенде, қақ төрде шалжиып отырған бұны көріп, екі қолын бірдей созып, ентелей ұмтылды; кірген беттен сампылдап сөйлеп, саңқылдап күлді. Шатыр ішіндегілер: «Апырау, мына неменің есі дұрыс па?» - дегендей, көздерінің аласымен қарап, айран-асыр болды.
Арада екі-үш күн өтпей жатып, аңшы досы шатырға тағы келді.
— Сый-сыяпатыңа тәңірі разы болсын, тауыма қайтам, — деді.
— Тауыңда нең қалып еді? — деп сұрады бұл.
— Әй, билеушім-ай, сен нені білейін деп едің. Жақпар тастың арасынан шалқи соққан желде қу тезектің түтінін иіскеп отырып, терлеп-тепшіп ішетін арқардың күйік дәм сорпасын сағындым, жамбасымды қыз-қыз қайнатып, қыдықтап жататын аю терісі бөстегімді сағындым, екі аяқты отқа қалап, емін-еркін қақырынып-түкірініп отыратын қара лашығымды сағындым, — деді.
Сонда бұл қарқылдап күлген-ді. Касар мерген бұртиып, ләм-мим деместен сырт айналып шығып кетті. Бұл сары ала шатырдың есігін жұлқып ашып шығып бара жатқан досының артынан көзінен жас аққанша, ішін басып күле берді, күле берді. Сонда шатырында отырған өңшең игі жақсылардың бұлардың қайсысының есі ауысқан дегендей, екеуіне алма-кезек жалтаң-жалтаң қарасқаны әлі есінде.
Бір күндері сусылдаған сары жібек шатырдың ішінде қараптан-қарап отырып өзі пұшайман болды. Қаншама үлде мен бүлдеге оранса да, омырауына төскейдің қоңыр салқыны тимеген соң, үсті-басы ду-ду қышитынды шығарды. Ондайда жалма-жан саусақтарын көкірегіне көсіп-көсіп жібергелі қолын көтеріп алған бойы, көздері бір өзіне қадалған шонжарлар есіне түсіп, көсе иегіне үрке біткен екі-үш жирен түкті қышыр-қышыр үйкелеп, қолын кері тартып әкететін-ді. Күні бойы бұл шатыр толы шонжарларды аңдиды, олар бәрі жабылып бұны аңдиды. Тақтың тауқыметін сонда аңғарды. Касар мергеннің тауға неге қайтқысы келгенін де сонда түсінді. Қасындағы мызылып-сызылғандар әбден мезі қып бітті. Қажет десе қалжыңдасып ішек-сілесі қатқанша күле де алмайды. Бұл әншейін езу жиырса, олар шетінен күлімдеп қоя береді, ал енді жазатайым қарқылдап күле қалса, көздері тас төбелеріне шығып кетеді. О жазғандар езулері желімделіп қалғандай тек жымиғанды ғана біледі.
Ондай ерігіп кеткен сәттерінде бұл атын алдырып, түмендерді аралауға шығады. Әскерін аралап жүргенде, түмен басыларының шатырына түспей, шолғыншылар қосы тұратын қарауыл төбенің басына барып ұйықтайды.
Қарауыл төбені шырқ айнала түнгі аспанның жұлдыздарындай әскер қостарының оттары құжынайды; төбеде - жер қайысқан қалың қолдың ығы-жығы қостарының отындай жұлдыздар самсайды; біреулері әлі маздап тұрса, енді біреулері жер ошақта қалған қозадай солғын бозарады. Баурайда аттар пысқырады. Қостардың басындағы сан қилы сөздер, сан түрлі дауыстар араласқан алашабыр жабыр-жұбыр әңгімені қырдың түнгі самалы біресе қағып әкеліп құлағыңның түбінен самбырлатса, біресе талықсытып, түу-түу алысқа, шалғайға алып қашады. Ара-тұра жел жақта жайылып жүрген жылқылардың мұрын жарар күлімсі иісі мүңк ете қалады. Ащы тер, қажымас қайрат, алыс жорықтардағы сан қилы жолдардың шаңы, сан қилы шөптің нәрі ию-қию араласқан сол бір иіс - мынау маужыраған бейқам түнді серпілтіп кететіндей сергектіктің, сақтықтың, бұл маңай қанша жайлы, қанша рақат болса да, ертең тағы жорық барын, алда талай азапты кешу, арпалыс тұрғанын сездіріп, бір түрлі айбындырып тастайтын қатыгез рухтың қаһарлы сесіндей.
Аспан мен жердің ара-шегі жойылып, төңіректегі тұтасқан қалың мұнар мен жымыңдасқан оттарды көргенде ол жер басып тұрғанын ұмытып, сонау көз ұшында еміс-еміс жымыңдасқан жұлдыздардың ортасындағы хақ тәңірдің өзіне айналып кеткендей сезінеді. Сонау төбесіндегі, мынау іргесіндегі жыбыр-жыбыр көп от бұған тауап етіп жатқан көп ғаріптің жалбарыныш шырағындай; оларды осылай моншақтай тізіп маздататын да, бір үпіріп өшіріп тастайтын да құдірет тек өзі сияқты.
Осылай аспан мен жердің арасына сыймай, кеудесін кернеп, алып-ұшып бара жатқан желкілдек көңілін су сепкендей баса қоятын да әлгі бір келте самалға ілесіп мүңк ете қалатын күлімсі сілті иіс. Ол иіс бұның танауына мынау көкірегіңді, кеудеңді шайып жатқан саумал ауадан бетер жағады. Ат қосшыларын шақырып, төбенің басына ақ шаңқан киіз жайғызып, төсек салдырады, жел жағына өзінің ер-тұрманын қойғызады. Төсегін шыр айналдыра жылқының қылынан жаңа есілген қыл арқан тастайды. Жылқының тер иісі мен қылтанақ қылынан қашпайтын мақұлық жоқ көрінеді. Қараңғы түнде үрей тудыратын ібіліс-пәлекеттер де айғыр жылқының ащы тер иісіне алмайды деседі. Бұл осындай қара түнде қапысын тауып кете ме деп қауіптенетін оқыс пәлекеттерінен жылқының күлімсі иісімен қорғанады да, жұмыр бастылар тарапынан келетін қатерден шыр айнала қоршап алып, таң атқанша кірпіктерін бір ілмейтін қырық жасауылы қорғайды, ал алда-жалда олардан келер пәле болса, оны әрі құралайды көзінен ататын мерген, әрі қараңғы түнде құмырсқаның жорғалағанына дейін сезе қоятын саққұлақ аңшы Касар досы бір өзі көріп алады.
Бұл қанша қаннен-қаперсіз ұйықтап жатса да, таң сібірлесе болды, біреу түртіп оятқандай төсегінен атып тұрады. Қалың қос тегіс оянып болғанда, ол ат үстінде жүреді. Қапелімде оның қайда түнеп шыққанын да өз нөкерінен басқа ешкім білмей қалады.
Әскерді аралай берсе, тіпті де шаршамайтын түрі бар. Бірақ қайта-қайта қостарына соғып, қайта-қайта табақтас бола берсем, қауқылдасқан қалың қолды бойыма үйретіп алам ба деп қорқады. Тіпті түмен басылардың да шатырына отырып жарымайды; қона қасы әзірлеп қалбаңдасып қалған талай қосқа тоқтамады да. Әскер басыларын өз шатырына аз жинайды. Көбіне біріндеп шақырып, жеке мәслихаттасады. Түмен басыларын айда-жылда болмаса, көбіне-көп бір-бірімен кезіктіре бермейді.
Өз шатырында болатын ұлықтарға да барынша іш алдыртпауға тырысады. Бұның мінез-құлқына бой үйретіп, сыралғы болып алғанын байқаса, дереу шатырдан аластаудың қамын ойлайды. Шатырдан аласталғандар содан қайтып бұның көзіне түспейді. Сондықтан да шығар, бұның шатырында қызмет атқаруға жұрттың тап онша құлқыны құри қоймайтын тәрізді.
Дүниеде билеуші атаулы бет-ажары келіскенмен, денесінде тыртығы бар сұлу әйелмен бірдей ғой. Әлгіндей әйел сыртынан алдына келген еркектің құлқынын құртып, құмартқызып отырғанмен, ішінен әлем-жәлем боп, қорынумен болады. Сұлулығыма табынған еркек денемдегі мінімді біліп қоймаса екен деп қуыстанады. Өйткені, әлгі міні әйгілі болған күні сұлу аты да құриды. Билеушілер де сыртымен ықтырып отырғанмен, ішінен сескенеді, бағыныштысын бойына дарытқысы келмейді. Ал сарай маңының сабылмаларының да нәпсіқор еркектердей қашан барлық гәпті біліп болғанша өліп-өшетін ежелгі әдеті бар. Сондықтан да бұл бағыныштысының қасы мен қабағын алдымен өзі аңдиды; егер ол алда-жалда мұның бір сырына түсініп қалса, дереу көзін құртады. Әйтпесе, өзіне қауіп. Өйткені билеушінің тағдыры да сұлу әйелдің тағдырындай. Қай күні жұрт оның ісі мен қылығына таңданудан қалса, сол күні оның да дәуренінің өткені.
Ол талайларды тамсантумен келеді. Әуелі өзімен қырғи қабақ болған ағайындарын алдап таңырқатты; олардың ауыздарын алып алған соң, дереу бастарын жалмап таңырқатты. Сосын біреуді орынсыз мадақтап, біреуді жазықсыз жазалап таңырқатты. Ол үшін істегенін жұрттың мақұлдаған-мақұлдамағаны бәрібір, әйтеуір таңырқаса, таңданса болды. Қайта оған сол жұрттың құптағанынан гөрі ұқпағаны керегірек. Ол шатырына ойындағысын айтпай танып отыратын сұңғылаларды жуытпайды, не істесе де таң-тамаша қалып отыратын жұмыр түйсік, маубастау адамдарға көбірек үйір. Қасынан Касар мергенді тастамайтынының да бір себебі сол. Касар мерген құм үстінде құмырсқа жорғалап келе жатқанын сыбысынан біле қоятын аңшыл, бірақ жұрттың не ойлап, не қоятынында атымен жұмысы жоқ. Оның үстіне хан отырған сары ала шатырдан гөрі қасқыр мен сілеусін қаптаған құз-қия шатқалдарға құмар. Ол өзгелерді сәл нәрсе үшін жер қаптырып жататын қатыгез ханның өзіне елден ала бөтен неге қаны қата қалғанына қашан да қайран. Касар мергеннің осы күнге дейін жыланды тірілей жұтып, шоқ шайнайтын тибет көз баушысы Эрен мен өз әміршісінің осы мінезіне түсіне алмай таңырқаумен өмірі өтіп барады. Әлгі бір ұлы әміршінің басқан ізін жырға қосып, дастан қылып отыратын ақындардың өлеңдері оған әуелі әншейін жел буаз сөз сияқты көрінетін еді, қазір оларға да ынт-шынтымен ұйитын болды.
Мінекей, Касар мерген қасында, төңірегіне құлақ түріп, тың тыңдап келеді. Түнде қар жауған соң, бұйығып қалған аңдар әзір бой сергіте қоймаған. Андау-андау араны көп қара шатқалға енді жетті. Жақпар тасқа өрмелей өскен қарағай мен самырсынды қар кеміп алыпты. Сәл лып еткен лептен сүмелек қар сусып төгіледі. Қан сонардың мамық мұнары да сейілмепті. Күн жылы. Екі ат шатқалдың шатқаяқ жолынан аяқтарын санап басады. Барған сайын бұлтарыс көбейіп, жол қиындай түсті.
Қапталдан тау өзені жолықты. Сайдың сонау тұңғиық табанында ұлпа қарды жидіте тіліп ағып жатқан қап-қара судан бу бұрқырайды. Сай бойындағы әлдебір тасқын желкелеп айдап әкеліп тастаған шомбал-шомбал қой тастар келте тонынан бөксесі көрінген алыптардай үсті ағарып, асты қарауытып, дөңкиіп-дөңкиіп жатыр. Анандай лепіре, лекілдеп аққан тентек ағынның қасында, жол бойында мертіккен аттай теңкиіп жатқан неткен ерсі. Өмір де осы бір ескі арнаның алдамшы ағынындай. Сонау қырық үйіріліп, бұрқырап-сарқырап жатқан ақ түтек су осыдан қай жерлерге дейін барады. Жауды жапырып, жөңкіген қолдай өңмеңдеп аға береді. Қай құздан бас алып, қанша жартасқа айбат шегіп, қанша қой тастың басынан қарғып өткенімен жұмысы жоқ. Осы бетімен лағып барып, шалқып жатқан шалқар айдынның құшағына еніп, із-түзсіз жоғала ма, жоқ жол-жөнекей құмға сіңіп құри ма - оны да ойламайды. Сыңайы, осы бәр-бәрімізді өңмендетіп қойған өмір шіркіннің өзі де, түптеп келгенде, тап осы ағын судай баянсыздық, сылдыр-сұйық патуасыздық шығар.
Ағын суға, әйтеуір, аққан мұрат болса, өмір шіркінге де, әйтеуір, өткен мұрат. Адам пақыр да ағын суда жан жағынан ықтырмалап, тықсыра қуған толқынның жойқын пәрменінен жаны кіріп, делебесі қозып, делбеңдей беретін қу жаңқа тәрізді ғой: о да басын тасқа ұрып, суға ұрып жөңки беретін көп нөпірдің ішіне бір түскен соң, алды-артына қарап жарымайды. Ол пақыр да мынау желкелеп қуған нөпір тірліктің баянсыздығын, өз қарекетінің пәтуасыздығын анау жағаға шығып қалған қой тастай сазға отырған күні бір-ақ біледі. Бірақ енді кері ағатын су, қайта бастайтын дәурен жоқ. Сол жеткен жерінде зорыққан нардай мәңгі-бақи шөккенің; сол арада су шаяды, жел қағады, тозасың, тозаңға айналасың. Бағзыда асқар таудың бір шыңынан үзіліп түскен жұмыр тас күйіңе қайта орала алмайсын: жолағанды кесіп кетер өткір пышақтай қырың болса, су шайып, жел жалап тегістейді, зіл батпан салмағың болса, бір күні күзді күнгі қаңбақтай қаңғалақтап қалғаныңды өзің де байқамайсың.
Пенде біткеннің бәрі де әлгіндей пенде екенін қашан бетінен әр, бойынан әл кеткенше біле бермейді. Баяғыда өзін ақ киізге көтеріп хан сайлаған пенделер талай әміршіден ауыздары күйсе де, мұның ертең не істейтінімен шаруасы болды ма? Жоқ. Тек бір-екі ру басы, олар да әншейін пенделікке басып, бұдан сырт айналып безіп кетті. Бұл сонда: «Пенде екенің рас болса, еміңнің не екенін мен де білемін», - деп қалған. Артынан басқа пенделерді аузына қаратқан күні, оларды соңынан қуып барып, ауылдарын шауып талапайға салып, қара қан жұтқызып қайтты.
Содан бері мынау аспан астының біраз жерін көзімен көрді. Талай әміршінің ақ ордасына атын сарытты. Соның бәрі бұның қаһарын асыра түсті. Бүгінде оның атын естігенде әзірейілдің атын естігендей шошынбайтын пенде кем де кем. Сұлу өзінің ажарын, батыр өзінің қайратын, шешен өзінің тілі мен жағын қандай қызықтаса, бұл да айбарын, қолындағы өктем билікті сондай қызықтайды. Сұлу өзінің ұнағанынан, батыр өзінің жеңгенінен, шешен өзінің сөзінен қандай ләззат алса, бұл да ел біткенді бағындырып, жұрт біткенді қалтырататын қаһарынан сондай ләззат алады.
Ол осылай өзінің айбынын қызықтап, аспан астын түгел жаулап алам деп, ел асып-жер асып жүре берер де еді; сонау үнді мемлекетінің терістігінде бір шаһарды шапқан күні түс көрді. Көк күмбезді көп шаһарды шаңын қағып, шағып бітірген соң, қыран жапқандай той қылды. Тойдан кейін шатырында жатып, бастығырылды.
Айналасына алақ-жұлақ қарайды, тұла бойы қорғасынмен қаптап қойғандай, қозғалтпайды. Шатырдың алдындағы жасауылдарды шақырайын десе, даусы шықпайды. Төсегіне, ту сыртынан желім құйып тастағандай тырп ете алмады. Бір уақытта сары ала атлас шатырдың ауызғы шымылдығы ақырын сусып көтерілді де, астынан әлдекім сып етіп ішке кірді. Тұла бойы түп-түгел қара. Бетін де қара пердемен көлегейлеп алыпты. Мысық табандап бұның төсегіне қарай жақындап келеді. Міне, екі-ақ адым жер қалды. Бейуақтағы бейсаубат қонақтың оң иығы қимылдағандай болды. Аяғының басына дейін малынып түсіп тұрған қап-қара киімінің өңірінен алмас қанжар жарқ етті. Бұның сол баяғы қыбырсыз қалпы. Бейсаубат адам қайта қозғалды; міне тұп-тура мұның қасына кеп тоқтады. Үңіліп бетіне қарады. Қолындағы алмас қанжарын баппен созып, көкірек тұсына тақай берді. Қағып жіберейін десе, қолы қимылдамайды. Ақ алмас жалаң-жалаң етеді. Манадан бері не болса да артын күтейін, әмірші басыма ар болатындай асығыс қылық жасамайын деп сабыр жиып жатқан санасы оқыс шайқалып, жан даусын шығарып, айқайлайын десе, үн оралмай, тек иегі ғана кемсең-кемсең етті. Дәл кеңірдегіне тіреліп тұрған суық қанжар мұп-мұздай боп омырауына сылқ құлады. Бейсаубат адам енді мысық табандап есікке беттеді. Атлас шымылдықтың бір шетінен ұстап тұрды да, артына бұрылды. Бетіндегі пердені түрді. Өңі таныс тәрізді.
Осы бір өндіршегі сорайған, сығыр көз, сіңір сарыны қашан көрді, қайда көрді? Анау жез қияқ мұрты мен шошақ сақалын да күнде көріп жүрген жоқ па еді? Қой көзі садақ атып, нысана көздеп тұрғандай індете қарайды. Құдды бір жолбарыспен арбасқандай, жанарын жартылай жасырып, сығырайып тұр. Дүниедегі ең айбарлы қарас осы. Алдыңа келген адамға осылай қарасаң зәре-құты ұшып қорықпағанмен, өзінен-өзі қуыстанып, қаралай діңкесі құриды. Осылай қарасаң, ешкім саған бой үйрете алмайды. Алдыңа келгенде амандық-саулық сұраспай, әуелі тап осылай бір тінтіп шықсаң, небір жүрегінде жүні бар деп жүрген ерлердің өзі арбалған торғайдай абдырап сала береді. Сосын абдыраған кісіге шынын айтқызу, әміріңді орындату бәрінен оңай. Сөзден бұрын көзбен тергеп алу мұның қашаннан бергі әдеті.
Бейсаубат адам енді, міне, бұның өзін тінтіп, тергеп-тексеріп тұр. Арғы-бергіңді түгел көріп қойған-дай. Әне көкірек тұсы тағы қимылдады. Мұның жон арқасы қайта мұздап қоя берді. Тағы да қанжар шығарады екен деп қорқып еді, ол иығындағы малынған қара киімін шешіп тастап, шымылдыққа беттеді. Үстінде аю терісінен жасалған кеудешесі бар. Тани кетті. Мынау, апырау, өзі ғой. Баяғыда соңына шырақ алып түскен дұшпандарынан жасырынып, тау ішінде Касар мергенге еріп қашып-пысып жүргенде тап осындай еді ғой.
Кеудешесі бар адам атлас шымылдықтың шетін еппен түрді де, сып беріп шығып кетті. Шымылдықтың алдында ұйықтап жатқан қара аюдай дөңкиіп киімі қалды.
Бұл не - өңі ме, түсі ме? Төсінде мұп-мұздай болып әлгі бір суық қанжар әлі жатыр. Сипалап көріп еді, қанжардың өзі жым-жылас жоқ, орны мұп-мұздай. Шошып оянды.
Ұйықтап жатып ағыл-тегіл жылапты. Мұп-мұздай көз жасы селдір шоқша сақалын түгел жуып, омырауын малшып тастапты. Басын көтеріп, есік жаққа қарады. Жібек перденің ар жағынан еміс-еміс түскен шырағданның сұйқылт нұрынан басқа ештеңе жоқ. Енді қайтып көзін жұма алмады. Таң атқанша бақырайып жатты да қойды. Таң атқасын түсін жорытқысы келді. Бірақ артынан бұны жұрт естісе, әміршінің көңіліне осалдық кіріп жүр екен деп сөз қыла ма деп, тірі жанға тісінен шығармасқа бекіді.
Сары ала таңнан тұрып, шабдар атына мініп, анадай жердегі шолғыншы төбеге шықты. Етекте тапалған төсектей мыж-мыж боп қираған қала жатыр. Көшелерінде қыбыр еткен ешкім жоқ. Ойрандалған қаланы қоршай қонған ауыр қол енді-енді ояна бастады. Әр жер-әр жерде керней тартылды. Жаздың таңы жарқырап атты. Тек бұның ғана бойы дел-сал.
Содан бастап түн ұйқысы бұзылды. Арқыраған аттар үні де, қалың қолдың ыза-қиқы қиқуы да бойын сергітпейді. Шатырына кіріп-шыққан сайын абдырап сала береді. Шымылдықтың алдында әлдене аяғынан тартып қалатындай тезірек өтіп кетуге асығады.
Көзден ұйқы қашса, көңілге ой үйір. Қыбыр-қыбыр тіршіліктің бәрі сілтідей тұнып, тыныс алған мынау жым-жырт түнде тек қатер мен қауіп қана ояу сияқты; шатырдың бұрыш-бұрышына тығылып алып, кірпігі қашан ілінер екен деп, көз жазбай бұны аңдып тұрғандай. Мынау селк етер дыбысы жоқ, аңылжыған дүние төбеңнен ерсілі-қарсылы оқ зуылдаған ұрыс даласынан әлдеқайда қорқынышты екен. Айқас даласында ауыр қолдың айқайы, кісінеген ат үні, қалың дүсір, ысқырған жебелер, ышқынған дауыстар мен ағыл-тегіл қан аруағыңды шақырып, делебеңді қоздырса, мынандай жым-жырт түнде аяқ астынан, шөп арасынан, арбаңдап шыға келетін сары шаяндай ойда жоқта сап ете қалатын жымысқы ойлар төбе құйқаңды шымырлатып, еңсеңді езе түседі.
Елден шыққалы біраз болыпты. Одан бері айтқаны болып, атқаны тиіп, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ сайран салып келе жатқанымен, бұның өзін мысқалдап болдырта түсетін өлшеулі ғұмырдың алдамшы жылдарының бірталайын ада еткені есіне енді оралды. Жыл деген шіркін де аяр ажалдың мойнына салып қойып, шошытып алмайын деп, қатты жұлқымай, бір шетінен шым-шымдап өзіне тартып жататын әзәзіл жібек тұзағы ғой. Оны да тап осы күнге дейін ойлап көрмепті. Жарты әлемді тікесінен тік тұрғызған әмірші басымен ұйықтап жатып жылағанына қарағанда, мұның да иманы сескенетін болғаны. Пенде шіркіннің небір ессізі мен есерін де үрейлендіретін өлім мен кәрілік бұны да түршіктіргені. Әуел баста көршілес сартаулы елін шабамын деп шығып ап, қалың қолдың қиқуына ілесіп, жеті шыған жер түбіне асып кетіпті. Қолдың алды бүгінде Әбескүннен әрі асып, арғы дүниенің шаңын қағып жатыр. Бұл болса сол мол қиқудың артынан тепеңдеп аса беріпті, аса беріпті. Сары ала шатыры төбесінде болғанмен, елі, жері артта қалды. Қыл тұзақпен буындырып зорға уыстап отырған жат ел, жат жерде қауіп пен қатердің қайдан келедісі бар ма! Бұдан арғы еңку-еңку жер шалып жөңкілген қолдың соңынан желкілдеп шаба бергенді жасы да көтермейді. Шаптым, алдым деп сыртынан көңіл тоғайтып жүрген кең байтақ қонысы артта қалды. Бұлар жөңкіліп мұнда жүргенде, онда не болып жатқанын кім біліпті... Ендігі жорықты ұлдары мен баһадұрларына тастап, осы иемденген елі мен жерінің қызығын көруге шыққан жөн шығар. Бұлай шапқылай берсе, үңгірінен адасып қалған кәрі аюдай жат жерде неге тап болатынын қайдан біледі. Жас қартайып, әл тайып келе жатыр, мынандай сүргін жорықта бір күн болмаса бір күні соңындағы қолына сырын алдырып қоюы да мүмкін. Онан да тасы өрге домалап тұрғанда, сонау желкеден жау төніп тұрмайтын бостан өз еліне жетіп, ауыр қолды да, баһадұрларды да, ұлыс-ұлысқа ұлық қып тастап кететін ұлдарын да алыстан айбарымен ықтырып, сары ала шатырдың төрінде шалжиып неге жатпайды!
Сол тартқаннан мол тартып, туған жердің топырағына аяқ басқанына да біраз болыпты. Алыс жорықтарда әбден ат соқты боп шаршағанын осында келген соң байқады. Енді бұрынғыдай емес, ат үстінен гөрі мамық төсекке бойы үйреніп барады. Сөйте тұра кей-кейде бұндай бейбіт дәуренінен де тіксініп қалады. Кеше жорықта жүргенде тілдессе тек қолбасшылармен тілдесіп, қайдағы бір қарлы қара тау шаруалар жайын кеңесуші еді, ондайда мәжілістестеріне басының озықтығын күнбе-күн көрсетіп, қалың әскерді соғыс сайын бір таңырқатып отыратын-ды. Енді, міне, ара-тұра алыс елдерден келетін елші-жаушы болмаса, салиқалы мәжіліс те жоқ, ақыл жарыстырар, айбар таластырар мәжілістесі де жоқ. Кіріп-шығатындар - тек қызметшілер, айтылатын әңгіме - берілетін тағам мен салынатын төсектің жайы. Кешегі қатыгез әмірші бүгінде мамық төсекте масайраған шолжаң бала сияқты. Төңірегіндегілердің бәрі асты-үстіне түсіп, айтқанын жасап жүр. Қол астындағы халық сені басына бір шығарып алған соң қорқытпасаң таңданбайды. Әр істе тамсантып, таңырқатып отырмасаң, айбыныңнан айрыласың. Қорқытқанның жөні осы екен деп кіріп-шығып жүрген қызметшілерге оңды-солды бақырып-шақыра берсең, қазір қасың мен қабағыңды бағып, сілтідей тұнып отырған тыныш халқыңды күндердің күнінде сыртыңа шығарып алуың мүмкін. Туған жерге қайта оралып келуін келсе де, міне, қайдағы-жайдағы қырық қия қиялға түсіп, пұшайман боп жүр. Одан мынау аң қарай шыққан ермегі де сейілте алмады.
Түнде түсіне әйел кіргені несі екен? Не бар мақсатын тауысып, әйелден басқа ойлайтыны қалмаған кісінің, не бүкіл өмірін жын-ойнақтың соңында өткізген жел бас еркектің түсіне әйел кірсе керек еді. Сонда бұның бар арман, бар мақсаты таусылғаны ма?..
Соңынан қиқу шықты. Таң атқалы мүлгіп тұрған тыныш шатқал дүр етті. Манадан бері абайламапты, екі ат құзды өрнектеген қия жолдан шығып, шатқал түбіндегі шоқ-шоқ қарағай арасындағы шағын алаңқайға енген екен. Мұның ту сырты дүсір етті де, қар көмген шыршаның түбінен ақ түбіт ту қоян атып шығып безе жөнелді. Артындағы нөкері бұл қапы қала ма деп қиқулап жатыр. Қорамсақтан бір оқ алды. Зәресі зәр түбіне кетіп, мәнсіз-мағынасыз шыбын жанын қайтсем аман алып қалам деп, безіп бара жатқан қол басындай қораш мақұлқат ақырғы рет бір қарғыды да, таңы қып-қызыл боп, анадай жерге ұшып түсті.
Касар мерген екеуі желе-жортып қасына жетіп барды. Түнде жауған мамық қар бетіне қан тамғанда қандай әдемі. Есіне түндегі түсі оралды.
— Осы дүниеде, сірә, денесі тап осы қан сонардың қарындай аппақ әйел баласы бар ма екен? — деді.
Касар мерген:
— Таңғұттардың Шидүрге деген бір бекзадасының Гүрбелжін деген әйелі қараңғы үйге кіріп барғанда, самаладай жарқырап кетеді дейді. Болса тек соның жүзі ғана осындай шығар, — деді шала-жансар қоянды тамағынан орып жатып.
— Таңғұттардың дейсің бе...
Шыңғыс хан ойланып қалды.
III
Одан бері де он жеті жылдың жүзі ауыпты. Сеңсең бөрік секілді сеңгір-сеңгір таулардың қап-қара тәнінен шымырлап шыққан қара өзеннің тіп-тіке терістікке бет түзеп, жолында тағы да тауға жолығып, шығысқа қарай күрт аунаған қойнауында мұның қалың қолы жатты. Тапал атты көп әскер күні-түні оңды-солды ойқастап, тапыр-тұпыр шаба берген соң, қатқыл жер келінің түбіне түскендей күл-паршасы шықты. Екі жақтан орағыта қоршап, мұнартып тұратын қара таулар да, шалқи аққан тұнық сулы қара өзен де ақ шаңнан көрінбей қалды. Қоңыр күз келді. Шөп басына қырау түнеп, ызғар күшейді. Елден жаз ортасында шыққан сарбаздар дірдектеп тоңа бастады. Екі таудың аршасы аяусыз өртелді. Бірақ таңғұт астанасы маңына дарытпай қойды. Қала ішінен анда-санда бір көрініп кететін жансыздар басы Ан-Цюан әміршінің өзі болып, қала жұрты тегістей қамал басында жүр дейді. Қыш қорғанның маңына жоласаң болды, төбеңнен тас жауып, ыстық су мен қара май шашырап қоя береді. Үстінде қой терісінен басқа лыпасы жоқ маңғұл әскері қанша құмырсқадай қаптағанмен, шайтан шаһардың әлгіндей айла-шарғысына амалы таусылып, тайқып шыға келеді.
Қыс ызғары ширыққан соң Шыңғыс хан