Әдебиет
Әбіш Кекілбаев
Әбіш Кекілбайұлы (1939 жыл ) - Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері.
Әбіш Кекілбайұлы (1939 жыл ) - Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері.
Шыңырау
I
Еңсеп ол күні бұл зымыранға енді қайтып түспейтінін білген жоқ. Шай ішіп шықты да ыстық қайта, құдықтың басына келді. Серіктері шайланып болғанша айналада шашырап жатқан шеген тастарды көрді. Ернек шың бұл арадан үш қонып төртінші түнемелікке әзер жететін жерде. Одан беріде тас баласы табылмайды. Жылмиған қара сұр жазық.Байсал бай жайлауға көшкенде қиялама ат жолдан шығады. Ернек асқан соң, екі түнемелікте суат бар да, үшінші түнемелік, құламаның құла түзі, малды да, көшті де әбден болдыртып тастайды. Нағыз қоңыр бұйра кең өріс суат жоқтықтан қысырап жатыр. Өткен жазда қырқым өте Байсал бай Еңсепке құдық қазып бер деп қолқа салған-ды.
Ол шыңырауды дәл осы арадан, ала қырдың үстінде оқшау қылауытқан тастақ жүлгенің терістігінен қазатын болды. Бір-екі ақсақал тастақ жыраның құбыла бет құйрығын қалай көріп еді, оған Еңсеп өзі ыңғай берген жоқ. Сонша қыңыр тартуында бір мән бар. Бірақ оны әзір жан баласына тісінен шығармақшы емес. Шет жағасын ертең Байсал байға шыңырау біткен той үстінде айтпақ.
Шеген тастардың бірсыпырасы түсіпті. Әрқайсысы алып тоқаш сияқты; қалыңдығы қарыс жарым да, биіктігі кез жарым. Бұндай тасты сонау үш күндік жердегі құлама ернектен тасып әкелудің өзі күш. Ол үшін белді-белді нарды кәтептеп, ауыттап қомдайды да, екі жағына бір-бір шеген тас сыйып кететін екі үлкен кебеже теңдейді. Оған нардың нары ғана шыдайды, анада зауза айында, жабағы жүнді ернектің астында қырыққан Байсал бай Жем бойына көшіп өткен-ді. Жол жөнекей бұның қосының қасына бір күн қонды. Сонда Еңсеп Байсал байдың келе-келе түйелерін аралап жүріп, тас тасытуға осы шыдайды-ау деген он бес нарды өзі таңдап алып қалып еді. Қазір соны жеті-жетіден кезек аттандырып тұр.
Жылмиған үстірт айнала ақ шың ернекке тіреліп таусылады. Сол ернектің бір ұшпа аңғарында інісі Теңсел тас кесіп жатыр. Таудан арамен кесіліп алынған сандық тастар ернектің үстіне шығарылады. Кескенге жұмсақ болғанымен, жел мен суға берік сар кемік тастың ортасын ойып, шыр айнала қырнап, тоқаштан аударып алғысыз тығырық кейіпке келтіреді. Ернектен алыстаған сайын жердің топырағы қалыңдап, астындағы көл-көсір таудың көк тас қабаты тереңдей түседі. Осы жолы бұл көк тасқа он кісі бойы жер қазып зорға жетті. Мұнша жерді шегендеу үшін қыруар тас керек. Сегіз нарды енді бір мәртебе жіберіп алса, жетіп қалар түрі бар.
Еңсеп тастарды көріп шыққан соң, құдықтың түбінен алынған көк қиыршықтың үстіне құйрығын басып жүрелеп отырды. Мойнына күміс шынжырлап тағып қойған ақ мүйіз шақшасын алып, бас бармағының басына насыбай үйді. Сосын екі танауына кезек-кезек тосып еді, ащы көк бұйра кеңсірігін дуылдатып, таңқ-таңқ түшкіріп жіберді. Күшті насыбайдан көзіне ыршып шыққан жасты жалаңаш білегімен сүйкеп тастады да, астындағы көк қиыршақтың бір уысын көсіп алып, алақанына жазып қарады. Құдық түбінен бұдан бір шай ішім бұрын шыққан, көк қиыршақ тас мынандай шыжып тұрған талма түсте түгел кеуіп үлгермепті, әлі дымқыл. Су я бүгін, я ертең түске дейін шығып қалар түрі бар. Жалаңаш иығын күн шағып барады. Құдықтан екі аттам жердегі киіз үйден гу-гу дыбыс шығады. Жігіттердің шамалыда шайланып шыға қоятын түрлері көрінбейді. «Ау, болсаңдаршы», - деп айқайлап қойды.
Шай ішіп бусанып шыққан жігіттер қасына кеп насыбай атысты. Соңыра салқын түсе, ел қыстауға қайтып келе жатқанда, Байсал бай құдық байғазы тойын қай жерде өткізетінін айтып таласты. Атақты байдың тойында жүлдеге түсетін жүйріктер мен палуандарды санасты. Байсал байдың бәйгеге не тігетініне сырттай тон пішті. Үстірттің үстіндегі ең терең, ең өрісі мол шыңырау осы болмақ. Шығыр тартқанда қара атан қазірдің өзінде екі жүз қадамнан асып қайтып жүр. Кешеден бері құдықтан шыққан топырақтың қиыршығы азайып, жентек-жентек саз ұшыраса бастады. Суының тұщы болуы да ғажап емес. Енді Еңсеп сол туырлық сазды түгел ойып біткенде, ар жағынан балдай тәтті тұщы су тесіп шықса, Байсал бай ханға сәлем берер ме. Аман болса, бүкіл ала қырдың үстіндегі жалпақ ел бұл шыңырауға көзін сүзіп өтеді. Байсал бай дәулетін осы жолы төкпегенде қайда төгеді. Айдыны асқан жерде аямай сілтеп қалатын шығар!
Еңсеп жігіттердің кеу-кеу әңгімесіне араласқан жоқ. Балағын түріп, тізесінің үстіне шығыршықтап түйіп алды. Сосын құдықшыларға тігілген екі үйге қарады. Қырдағы кәсіпқордың қанша мал тапса да, үзігі бозармайтын құрым шатпасы. Азын-аулақ тұяқ пен бала-шаға ауыз судың басында. Оларды көрмегеніне де біраз болып барады. Бір жылдан бері осы бір қызыл төмпектің маңынан шықпады. Тек сонау суық көктемде, мал төлдеп жатқанда, азғантай шаруасының күйін өз көзімен бір көріп шыққалы қатын-баласына барып қайтқан.
Мынау екі үйде өңшең еркек. Ас пісіріп беретін, үйге ие болатын екі бала жігіт бұлар құдық қазып жатқанда ауыз суға кетеді. Қазір күн ауа екі атанды қомдап, метейлерді теңдеп, таңдайларына қойдың көкше құртын басып, күн өтіп кетпесін деп, бастарына шекпен бүркеніп жолға шығады да, ертең күн ыси қайтып оралады. Осындай көші-қонды күйкі тірлікте жүретін құдықшы ауылда не сән, не салтанат болсын.
Ала қырдан су іздеп, құдық қазуды ата кәсіп қылып алатын Қараш әулеті бесіктен белі шықпай жатып еститіні мазақ: «Қараш, тіккені күрке, асқаны бақыраш, иті үрегеш, қызы күлегеш, ақ боз үйге кіре алмас, шоңқайма етік кие алмас, шөккен түйеге міне алмас!..»
Қараш пақырға әйтеуір тамақ іше алмас демегендеріне де шүкірлік. Бірақ Байсал байдың ернекте жайлайтын ерке інісі. Өтеске: «Күн ысып кетті, сауынға бір-екі түйе берсін», — деп кісі жіберсе: «Қараштың қарнына қара көжеден басқа ас тұрушы ма еді», - деп келеке қып қайтарыпты.
Әдетте, етікші мен ұстаның байқатпай шаптан тістейтін шақпа тілі болады. Құдықшыда о да жоқ. Болғанда да жеті қат жердің астындағы оның сөзін кім естиді?
Еңсеп шырт түкіріп қойды. Оның әлденеге томсырайып отырғанын көрген жігіттер кеу-кеу әңгімеден тыйылып, тоқырасып қалыпты. Ол орнынан тұрды. Сосын анадай жерде шөгерулі жатқан шығыр тартып жүрген қара атанды меңзеді.
— Ана бейшара да шөп үзсін, тұсап жібере тұрыңдаршы!
Жігіттердің біреуі қара атанның шығыр арқанын шешіп, тұрғызып, тұсап қоя берді. Еңсеп беліне қыл арқан байлап құдыққа беттеді. Төрт-бес жігіт қатарласып, қыл арқаннан ұстады.
Құдықтың ішіне үңілсең, басың айналады - саңылауы жоқ қара түнек. Еңсеп ыссыдан өңін жоғалтып алған күлгін аспанға қарады; сосын құдықтың ішіне аяғын салбыратып сыз қабырғадан тесіп жасаған теппеге башпайын тіреді. Манадан бері күн қыздырып тастаған бақайы мұздап қоя берді. Кеңірдегін созып қарап еді, құдықтан шыққан сұрғылт төмпешіктердің ар жағында екі құрым күрке қарауытты. Арқаннан ұстап, құдыққа төніп-төніп тұрған жігіттердің әбден күнге шыжғырылған қап-қара сирақтарын көрді.
Жаңа ғана айнала сағым шалып жатқан көл-көсір көкжиек енді қара сирақтардың ара-арасынан қылт-қылт жылтырайды. Қыл арқаннан шірене тартып тағы бір теппе төмен түсті. Жігіттердің қайыс қара жүзінде моншақтап тер шығыпты. Бәрі де түу сонау зымыранға түсіп бара жатқан бұған телміре қарайды. Шалқар дария кең аспан шара табақтай боп құдықтың аузына төңкеріле қалды. Сыз құдықтың салқын лебі енді шындап сезілді. Тершіп тұрған жауырыны оқыс мұздап, тұла бойы түршігіп кеткендей болды. Тағы да төмендей берді. Құдықтың ішіне кесе-көлденең түскен күн сәулесі түу сонау төбеде. Маңайының бәрі бозғыл, бұлыңғыр тартты. Жарықтың бәрі жоғарыға серпіліп, дәл құдықтың аузына мұнардай ұйысып тұрып алыпты.
Сыз лебі манағыдай емес, күшейе түсті. Төмендеген сайын бақайы қарылып, қатырып барады. Әдетте, жоғары шыққанда бір теппе биіктеген сайын көңілің өсіп сала береді.
Көзін құдықта ашса да, жер астына әр түскен сайын бір жас қартайғандай болады. Аяғының астында, сонау көзге түртсе көрінбес қара түнекте, ол өмірі көрмеген бір дүлей аранын ашып, тісін сақ-сақ қайрап тұрғандай ту сыртына мұздай тер шығады. Қашан аяғы жерге тірелгенше төменге бір қарамайды, көзі көкте болып, жаңа ғана артында қалған жарық әлемнің сонау бір алақандай жұрнағына телмірумен болады. О да барған сайын кішірейе түседі. Құдықтың аузындағы жігіттер шыңыраудың түбіне бір тал шаштай боп, сымша тартылып созыла түскен жіп-жіңішке қыл арқанның ұшына жармасып тырбаң-тырбаң етеді.
Топырақ таусылып көк тасқа жетті. Төңірегіндегі жаңағы бір қара көлеңке бұлыңғыр жарық та сарқылды. Қара да емес, қоңыр да емес, жым-жылас тас түнек. Бұл сырттан түскендіктен, әлі көз үйренбегендіктен. Әйтпесе қазір-ақ айналасын айқын көре алмағанмен түксиген тас қабырғаларды еміс-еміс ажыратуға болады. Құдықтың ауыз жағы қылдырықтанып жіңішкере түсті. Ауыздағы адамдардың жобасы жоғалып, әлдеқандай қара ноқаттар қылауытады. Екі жүз қадам жердің асты...
Күнде-күнде шығып-түсіп, теппелер әбден жатталып қалған. Осы түс-ау деп аяғын тіреген жері теппе боп шығады. Ишекке-ай... Табанынан өткен суық шекесін тесіп барады. Қыс болса, сыртта қара өкпек соғып, қар суырып тұрғанда мына шұңқырдың ішінде буы бұрқырап, денесі жайылып отырар еді.
Қазір сыртта шыжыған шілде тамыз. Мынау көрдің іші үскіріп тұрған ақ боран.
Шиыршық атқан қыл арқан емшек тұсына, екі бұғанасына қыз-қыз батып күйдіріп барады.
...Міне, жетті-ау ақыры!
Еңсеп көзін тарс жұмып ұзақ тұрып қалды. Біраздан соң қайта ашты. Жан-жағынан түксиген қара сұр қабырғалар қарауытады. Жалма-жан беліндегі арқанды шешті. Сосын арқанды қағып жоғарыдағыларға белгі берді. Қыл арқан қайтадан көкке көтерілді. Шелтеңдеген ұшы көкірек тұсынан сипап өтіп еді, тікендей тиді. Әлгінде ғана екі жүз құлаштан астам түксиген сұр қара тас, мелшиген меңіреу қара жердің астындағы оны еріктерімен, жер үстіндегі жарқыраған тірлікпен, мұп-мұздай сұп-сұр қабырғаларды шыжыған шаңқай түстегі күннің оттай ыстық нұрымен байланыстырып тұрған қыл арқан енді жеті қабат жердің астына жаңғыз тастап, өзі сонау иненің жасуындай сығырайма тесікке, жарық дүниеге қарай жаныға өрмелеп барады.
Кенет көз ұшында сығырая жылтыраған жаңғыз саңылау да бітеліп қалды. Алыстан болса да атой беріп, емексітіп тұрған жарық дүние жым-жылас ғайып болды.
Еңсеп жан-жағынан анталап тұрған сыз қабырғаларды бәрібір көріп отыр. Қатпар-қатпарға тығылған үрейлі көлеңкелер қазір тұтаса ұйысып, меңіреу қараңғыға айналыпты. Табанын қарыған суық шекесінен өтіп барады. Башпайларының да быртиып-быртиып ісіп кеткен түрі бар.
Көп ұзамай ту жоғарыдағы үйлыққан тұтас қою түнек қайта жыртылды. Қол басындай қап-қара бірдеңе төмен зулап келеді. Жарқ ете қалған жабағы нұр шашырай сынып, зулап келе жатқан жұдырықтай қараның жан-жағынан жапа-тармағай шарпып жатыр. Бұл -құдықтың ауыз жағындағы жарық. Ол мына тұңғиыққа жете алмай орта жолда өлеусіреп жоғалады.
Еңсеп құдықтың аузын қара көлеңке көмген сайын қорқып қалады: ол қазынды топырақты сыртқа шығаратын емен күбішелек пе, әлде сырттан домалап кеткен кесек пе, жоқ жер астында зарығып жалғыз отырған құдықшының онсыз да ойнақшумен болатын үркек жүрегін тас төбесіне шығаратын тағы бір көлденең кесепат па, қашан қасына жетіп, қолымен ұстағанша сенбей, көктен көзін алмайды.
Сөйтсе, әлгі қараңдап түсіп келе жатқан сыртқа топырақ шығаратын, қос құлақты емен күбі болып шықты. Ішіне мұның жылы көкірекшесін, құлынның жарғағынан қонышы қара санына жеткізіп тігілген саптама етігін салыпты. Құдықтың ішіне түсерде қиын болады деп, киімін бөлек жібереді.
Дірдектеп тұрған денесіне жылы киім майдай жақты. Жан-жағынан аш қасқырдай анталаған үрей де кейін серпілгендей болды. Қолына шапқысын ұстап, түксиген сыз қабырғаны сипады. Шып-шып тершіп, су шығып тұрған ештеңесі жоқ. Бірақ қиыршақ тастар тіптен былбырап кетіпті. Жентек саз таусылыпты. Ащы ма екен, тұщы ма екен? Сыз қабыршақты ерніне тигізе-тигізе дәмін ажыратудан да қалып барады.
Оның қолы қырық қайтара істеп әбден дағдыланып қалған үйреншікті жұмысқа кірісуі мұң екен, көңіліне қырық қайтара ойлап, қырық қайтара есіне алған, бірақ ойлаған сайын тереңдей түсетін тұңғиық ойлар қайта оралады.
Құдықшының қыран-топан қызыққа белшеден батқан берекелі өмірі жоқ. Түксиген сыз қабырғалар мен су қиыршық топырақтан басқа, екі иінінен аждаһадай айқара басқан көр-қараңғыдан басқа көргені де шамалы. Бірақ оның осы қара көр қуыс пен бір шөкім сұрқай өмірінен бөгде ойлайтын да ештеңесі жоқ еді.
Тыным тауып отыра алмайтын күс-күс қолы сыз қабыршақтарды үңгіп, жер астының қатпар-қатпарынан су іздеуге кіріскенде, мынау мимырт жұмыстан зерігіп кеткен көңілі өз өмірінің азын-аулақ қалқа-қалтарыстарын тінткілей жөнеледі.
II
Тағы да сонау жер бетіндегі жарық дүниеде алшаң басып жүрген күндері, мынандай қара көр жер астынан атымен бейхабар кездегі аз ғана қызықты дәурені еске түседі. Неге екенін білмейді, жасы ұлғайған сайын сол бір қас-қағым келте дәурен есіне тым жиі оралып, көз алдына дәл осы қазір көріп отырғандай бәрі сайрап, ап-айқын елестейтін болып жүр. Әсіресе әлденеге алаң боп, жүрегі ойнақшыған сәттерде өткен-кеткен жадына оралғанда, шиыршық атып шамырыққан жүйкесі бір түрлі өз-өзінен жұмсарып сала беретіндей көрінеді.
Ал бүгін кеп көксеп отырған сол аз ғана қызық дәуренінде, тап осы күндерім ертең арман болар деп тіпті де ойлаған емес-ті.
Табаны жарық-жарық қара бала әуелі ортасына үңгіп қорғасын құйған құлжаның сақасы қолыма түссе деп армандады. Құлжа қолына түскенмен о да өткінші өмірдің өзге қызықтарындай көп тұрақтамады. Ол хан талапай ойнап, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ боп жүргенде осы бүгін ұтсаң, ертең ұтылатын ит жығыс ойын тек асықпен тынбай, бүкіл ғұмырына кететінін білген жоқ-ты. Ышқырын толтырып асық ұтып әкелген күндері көңілі жер-көкке сыймай күпсіп жүретін-ді. Нелер тәтті қиялдар мен армандар да тап сондай күндері есіне түсетін.
Ол ең әуелі осы өңірдегі ең өктем адам Бигелді болыстай болғысы келді. Астында көк жона тоқым, күміс бас ер, көк мойнақ арғымақ; қолында — өзегіне күміс құйған, сабына алтын әшекей жүгірткен шашақты төрт өрме қамшы; артында - әр ауылдың пысықайлары. Байға қонып, мырзаға түстеніп, ел аралайды. Ел үсті жүрістен жалыққанда қасына қарулы екі-үш жігіт ертіп, аң аулайды. Айдалада сайранды сала-сала құмарынан шыққанда, серіктерін ауылға қайтарады да, жол-жөнекей шаруа көріп қайтатын боп, теліген қайныларына бармай, болыстың панасынан дәметіп, жалғыз тұратын жесір келіншек, керме қас Жаңылдың үйіне түседі; сұлу әйел шынашағын шошайтып құйған қан күрең шайды ішіп, құс төсекте қарнын сипап, рақаттанып жатады. Еңсеп ол кезде өзі ер жеткенше керме қас Жаңылдың қартайып кететінін білмейтін еді.
Еңсеп келе-келе Бигелдінің де соңына сөз еріп, түсіп қалғанын көрді. Оны болыстықтан құлатқан көзі тұздай, жирен сақал Шоңмұрын би еді. Ақ көйлегінің жайдақ жағасын ашып салып, ылғи быршып терлейді де жүреді. Шүңірек көк көзінің шалғайына саулаған ащы терді шынашағымен қағып жіберіп, қайқақ төсіне төгіле құлаған жирен сақалды бір сипап қойып, есіліп сөйлеп отырады. Оның соңында да - айғыр топ қошаметші. Оның да еститіні - тек қолпаш. Қара бала қайта осы Шоңмұрындай болсам тіптен қатып кетер ме еді деп те ойлайды.
Әйтеуір ол әркімдер әлім жеттік жасай беретін тілік табан, жалақ бет қара бала күйінде қалып қойғысы келмейді. Ал енді ауылдың шетіне оқшау қонып ап, артқы үзігін ескі жабумен жамап, алдыңғы үзігіне алаша сырыған қырық құрау құрым үйдің оң жағына көрік құрып, шыжыған шілдеде сексеуілдің шоғына шыжғырылып отыратын әкесі Құлжандай болудан ат-тонын ала қашады. Құлжанды қазанының түбі тесілген, шәйнегінің шүмегі ұшқан көрші әйелдер «қайнағалағанмен» қалған жұрт сыртынан ылғи кекеп, мошқап жүреді. «Қырсық Құлжан» атанған әкесінің ел көзіне неге сонша сүйелдей қадалатынына қара бала еш түсінбейді. Әкесінің өзінен сұрауға батылы бармайды.
Мойны ішіне кірген ала көз әкесі лып-лып жанған сексеуілдің шоғына темір ұстап, бір қолымен көрікті басып, күні бойы ұсталық құрады. Үй ішінде ешкімге жақ ашпайды. Анасына айтатыны да: «Шайың қайнады ма?», «Ананы алып берші!» сияқты келте сауалдар мен келте бұйрықтар. Еңсеп әкесінің біреумен кер-мәр сөйлесіп жатқанын әлі көрген емес, бірақ пәленшекеңді, түгеншекең сөзден жығып кетіпті дегенді талай естіген. «Қырсық Құлжан» аталуы да сол жөн сөйлемей, қасақана бұра тартып отыратын қырыс мінезінен болса керек. Қалған Қараштың бәрі құдық қазып жүргенде жалғыз өзі темір соғып ұста боп кетуі де сол қырсықтығы шығар.
Ешкімге жылы шырай, оң қабағы жоқ Құлжаннан балалары қатты айбынады. Ол ләм-мим тіл де қатпайды, ақыл да айтпайды, ешқайда, ештеңеге жұмсамайды да, тек көзінің астымен сынап-мінеп қарап отырады. Содан ба, балалары анасының айтқанын қалт етпей, лыпып тұрады.
Еңсеп он беске енді іліккенде әкесі қыл тамақ болып, бір жыл бойы қақ төрде қара ала алашаның үстінде жатты да қойды. Ем-дом жасамақшы болып келген бақсы-балгерді: «Жәрмеңкеге барып, сатып алған жаным жоқ, мырзасып берген құдай сараңдығы ұстаса қайтып-ақ алсын» деп қасарысып, маңына жуытпайды.
Бір күні пәлен айдан бері нәр татпаған әкесі үй ішінің де тамағынан ас жүргізбей, аңқа-саңқа сүйегін сылдыратып, жата беруден әбден жалығып, ызаға мінді. Анасына төрде ілулі тұрған бес өрме қамшыны алып бер деді; сосын оң жақта жүктің астындағы қобдидан пышағын таптырып алды. Өзегіне қорғасын құйып өрген қамшының күлте шашағын типылдап қырқып тастады. Жылмаңдатып майлады. Үй іші оның не істейін деп отырғанын біле алмай аң-таң, ешбірінде үн жоқ. Әкесі қамшыны майлаған соң қымыз сұрады. Сары тостағанға құйылған ащы қымызға қамшыны малып біраз уақыт отырды. Ерні жыбырлап, әлденені күбірледі. Селдір шоқша сақалын көкке көтеріп, әнтек шалқайды. «Біссіміллә»... Қапелімде қалтырап кеткен қолын күшпен басып, қымыздың ішіндегі қамшыны суырып ап көмейіне тықты. Өне бойы май-май, талай аттың ащы тері сіңген қара қамшы оқ жыландай жылжып көмейіне кіріп барады. Есінен айрылып, сылдырап қалған арық қол тастай қатып жабысып алыпты, қалш-қалш етіп, итере түседі. Қамшы бірте-бірте қысқара түсті. Арық қол сонда да итере берді. Терісі қалталанып, шілмиген арық мойыннан безіне шыққан жұдырықтай өндіршек бүлк-бүлк етеді.
Қамшының сағағындағы темір сақина тіске тиіп сарт ете қалды. Әкесінің әбден әрінен айрылған қу шөлмектей аппақ бетіне жаны қарқараға кеп қысылғанда да қан жүгірмеді, бір түрлі күлгін көгіс тартты. Бір қолымен қамшының сабынан ұстап тұрды да, екінші қолымен көкірегін басты. Аузындағы қамшыны қыршып жіберердей, тістеніп алды. Көгіс маңдайынан бұршақ-бұршақ аппақ тер көрінді. Сосын қамшыны кері суырды, омырауын қан жуып кетті. Манадан бері дымдары ішінде боп, әкесінен көз алмай тұрған балалар тап осы арада шыдай алмай, өкіріп-өкіріп есіктен ата жөнелді. Анасы даусын шығаруға зекіп тастай ма деп сескеніп, көзінен ыршып кеткен жасты жаулығының ұшымен жасқап, қанға батып жатқан күйеуіне шылапшын тосты.
Әкесі содан қайтып оңалмады. Аттың ащы теріне әбден піскен қамшымен жарса да, тамағынан ас өтпеді. Ми қайнатқан ыстық басталды. Дені сау адамның өзі жанын қоярға жер таппады. Әкесін шөл шыдатпады, шыжыған шілденің қақ ортасында көз жұмды.
Өлерінде әйелін, балаларын қасына шақырды. Әлсіреген солғын дауыс еміс-еміс естіледі.
— Ал, балаларым, кетіп барам. Артында дәулет қалдырмады деп, әкелеріңе өкпелемессіңдер. Қара жер орнында тұрса, тышқан мен Қараш аштан өлмес, тіпті болмаса жер шұқырсыңдар.
Дүниеде құдықшы дейтін кәсіп барын Еңсеп сонда білді. Әр ауылда жаңғыз-жаңғыз үй кірме болып отыратын Қараштың азын-аулақ азаматы жиылып, әкесін көмді. Қабырдан қайтқан соң садақаға жиылған төрт-бес шал Құлжан балаларының бас көтерері Еңсепті оңаша шақырып алды.
— Шырағым, әкеден айрылдың. Құлжан пақыр қасарыспа болғанмен ер жігіт еді. Есіл қайраты далаға кетті. Сүйегін орарға қара ала алаша зорға табылды. Шалқар дәулетке кенелтпесе де бала-шағаның қарнын ашыртпаған ата кәсіптен қол үзгеннен опа тапқан ол жоқ. Сен де әкеңшілеп, ата-баба ырзығын аяққа баспа. Қаршадай бауырларың мен анаң қалды. Дәржан ағаң үйлеріңді көшіріп әкетпек. Соған еріп, жолын ұста, -деп ақыл айтып, қолдарын жайып, бата қылды.
Дәржан ағасындай емес, денелі, бұлшық еті ойнақтап, ылғи жалаңаш жүреді.
Қаба қара сақалды қалай болса солай қағусыз бетімен жіберген. Үлкен басына тым құрдым көрінетін шұнақ құлағы уда-дуда самай жүнінен атымен көрінбей қалады. Таңқақ танаудан шыққан дем шиыршық атқан бұйра мұртқа малтығып жатқандай. Әр талы сояудай қатты сақал жұдырықтай-жұдырықтай екі емшектің ортасын тырнай құлаған. Осынша қалың қара жыныстың үстінде қақ төбесіне дейін ай қасқа дөң маңдай жылтырайды. Қос иығы қанталаған алақан көз айналасына алақ-жұлақ қарағанмен, ештеңеге тоқтамайды; ылғи айдалаға лағып жүреді.
Сөз дегенді атымен білмейді. Үйінің ішінде де, сырт жұртқа да не тәтті, не қатты тілі жоқ. Қатарларынан біреу-міреу көңілінен шықпаса: «Көріңді ұрайын!» деп бір дүңк еткізеді де, сосын қайтып жақ ашпайды.
Жұрт: «Қырсық Құлжан мен қорбаң Дәржан бір енеден туған деуге адам нанғысыз», — деп аңыз қылады.
Құдықтың ішінен тұла бойы балшық-балшық, жүн-жүн Дәржан шығып келе жатқанда, көрмеген-білмеген кісі, қапелімде, жер астынан жік шықты деген осы екен деп қалардай.
Әйелі Ханым қол-аяғы балғадай, бойлы-сойлы, өңді кісі. Дөңгелек отты көзінің нұры жұмсақ. Ағайын-жекжатқа да араласымы мол. Дәржан қанша бауыр тартса да, көшпелі ауылға ұста боп кеткен қырсық Құлжан, қанаты сынған қарғадай, әр бұтаның түбінде бүгежекпен қала беретін құдықшы ауыл тірлігін місе тұтпай, өзі илікпей қойған-ды.
Иесі өлген жетім үйді Ханым жылы шыраймен қарсы алды. Абысынын қой сойып, қол қусырып қонақ етті; бетін сүйектеп, сыңғырама құлып салған әшекейлі сандықтан мата алып көйлек тікті, басына жарқыратып жаулық тартты.
Құлжанның үйі көшіп келген соң, пәлен күн бойы Ханымның қолынан оймақ түскен жоқ. Үсті-басы ебіл-себіл балалардың иіні жаңарды. Құлжанның өмір бойы бозармай кеткен қара құрым үзігі өлген соң ағарды.
Ханым етегі қанамаған кісі. Онсыз да өңді әйел қасына қайнағасының үйі қонып, есігінен бала-шаға кіріп-шығып жатқан соң тіпті құлпырып кетті. Кішкене Теңселге сүт пісірсе қаймақ жалатып, нан илесе шетінен тоқаш ұстатып, әбден асты-үстіне түсіп жүр.
Дәржан үйіне шаршап келсе де, балаларды көргенде екі езуін жия алмай, ырсыңдап күліп, мәз-мейрам боп қалады. Құлжанның суық қабағынан ықтап өскен балалар әуелі Дәржанға да дәттері бармай, жуымай қойды. Бірақ көп ұзамай өне бойы уда-дуда еңгезердей үндемес кісінің бет алдының жұмсақтығын іштері сезсе керек, шай ішуге келгенде Еңсептен басқалары бірі тізесіне мініп, бірі мойнына асылып тапалайды да жатады. Қыңқ дейтін Дәржан жоқ, қолындағы шайын үстіне төгіп-шашып, ыржиып отыра береді.
Еңсеп сонау жетім көкірек бала кезіндегі жүрегіне қона қалған осы бір ыстық ықылас пен жылы мейірімді ойлағанда әлі күнге ет бауыры елжіреп, жидіп кеткендей болады. Қанша шаршап-шалдығып, қанша кісіден көңілі қалып, беті қайтса да сол бір жылы қабақ, жұмсақ алақанды ұмыта алмайды. Нелер тағаты таусылып, сабыры сарқылған, у ішкендей боп, көкірегі өт татып, жарық жалғаннан түгел түңіліп, сырттап кете жаздап тұрған кездерде сол бір шұғылалы шуақ есіне сап ете қалады. Асылы, адам көңілі өмірдің көп өткіншісі шұбырып жататын айдау қара жолының үстіндегі қайыршының кетік тостағаны сияқты; өткіншілердің біреуі у тамызады, біреуі бал тамызады; өңшең у болса, әлдеқашан жер қабар едің, аз болса да, анда-санда бір тамса да, жер үсті тіршіліктің тәттілігін сездіріп, таңдайыңды татытып кететін балы бар ғой тағы да. Адамның есінен қанша танғанымен, есірік дәмеден қол үзбей, ылғи әлденеге тырмысып, арам тер болып жүретіні де сондықтан шығар.
Дәржан қапелімде Еңсепті, «кел, көр, үйреніп ал» деп құдыққа сүйреген жоқ. Маңдайына бала бітіп көрмеген кісі жер шұқып, топырақ қазғанды өзі сияқты қу сіңірлер де зорға шыдайтын тауқымет санап, бала жігіттің етін жыртып, көңілін сындыруға әлі ерте көріп, аяп, құдық маңына жуытпады. Еңсеп ағасының үйінің қасына келген соң тағы екі жыл балалық дәурен құрды. Ашаң қара торы жүзі жылтылдап, көзінің оты оянып, ер жетіп келе жатқан қайнысын ақылды Ханым атқа өзі мінгізді. Дәржан, шүкір, ол кезде табысты еді. Бірақ қонағы келсе пышағы әзір, көңілдесі келсе аты әзір Дәржанның іргесінің көңі қалыңдамады. Дегенмен ағасы мен өз үйін ішер ас, киер киімге кенде қылмайтындай, қазанының түбі қаңсымас күйі бар-ды. Дәржанға біткен жылқының ішінен маңдайында бармақтай ақ жұлдыз меңі бар құндыз торы дөненді жеңгесі Еңсепке мінгізді, ер-тұрманын да өзі түзеді. Сосын бір жылы жазғытұрым Дәржан екеуі төркініне көрісе барғанда қастарына оны да ертіп кетті.
Ханымның төркіні тек мал жиғанына мәз сасық байлар емес-ті. Дәулетке сай сәулет те түзеп, көшін де, дастарқанын да, төсек орнын да салтанатпен ұстайтын сәнқой ауыл-ды. Алпыс үй ақ төс Арын атанған ауылдың жігіттері ылғи сән түзеп, ауыл қыдырып, ат үстінде жүрер еді. Шетінен Орынбордың қара мандаласынан тіктіріп, қынама бешпет киетін-ді; омырауларын ашық тастап, ақ шәйі көйлектері анадайдан жарқырап келе жатар-ды. Олар не торы, не қара, өңшең сүлік сұлу ат мініп, төстері жарқырап жал басына шыға келгенде, қапелімде қай-қай ауыл да сасып қалар-ды. Қыз-келіншек дереу үй-ішін жөндеп, самауыр қойып, сар қарын әйелдер мен кемпірлер жалма-жан ыдыс-аяқ тазалай бастайды. Арын аулының жігіттері аттарынан да сәнмен түседі, тізелерін бүкпейді, тізгіндерін ұстап, қолтықтарынан демейтін - ауыл иелері. Қашан аттанып кеткенше көліктің жайын сұрамайды. Мамық төсектің астында сынық арпа жатса, бірден біле қояды. Шетінен сайқымазақ; жұрт ел ішіне жайып кетеді деп, көбіне-көп Арын жігіттерінің қуақы тілінен қорқады. Еңсепті Ханым жеңгесі сол еркебұлан жігіттердің тобына қосты.
Бай ауылдың ерке-шораларына Еңсеп тез сіңісті. Сері жігіттер бұны кірме көрген жоқ. Ашаң, қара торының әдемісі, аттың құлағында ойнайды; шырқау биік болмағанмен майда қоңыр даусы бар, әнді нәшіне келтіріп, тыңдаушысының құлағын кесіп алардай қып, қылқылдатып, ерекше бір назбен салады. Дала жасының бір басына бұл аз өнер емес. Әр жалдың басында жан-жаққа шашырай жайылған қой мен жылқыны торып, іштері пысып отырған ауылдың делебесін бір қоздырып, мәз-мейрам ғып кетуге, жігіттердің құлақ құрышын қандырып, бір серпілтіп, ал ата-анасының не жеңгесінің қасында көзін төмен салып, бетке қан ойнап, ұялып отыратын уыз бойжеткендер мен шай құйғанда шыны аяғыңды беріп жатып, ақ сүйрік саусақтарымен абайсыз жанасып, ұшқынды көздерінен ықылас шашып бағатын жас келіншектердің көңілін қобалжытуға, әйтеуір, түскен үйінің берген шайы мен сойған малын қысылмай ішіп-жеуге молынан жетіп жатыр.
Еңсеп жиын-тойда ортаға шығып, қолына домбыра ап ән шырқағанда, не хиссалардан терме соққанда, тас маңдайларын талай қыстың ызғары жалап, көкіректің өздері өткізген көп жылдың бұлар әлі біле қоймаған көп тікендері тырнап тастаған кәрі жағы көздеріне жас алады. Тумай жатып өздерін желдің өтінде санайтын ер жүрек жігіттер көздеріне мұнар, көңілдеріне мұң жүгіріп, томсара қалады. Қақ ортада қара домбыраны сабалап, сілтеп отырған қаршығадай қара жігітке көздерінің астынан ұрлана қарап, беттері балбұл жанып, сонау ақ шайы көйлектің астындағы көгершін төске не бір сұғанақ көздер болмаса, қапелімде қалған жұрт байқай бермейтін болар-болмас діріл жүгіріп, көңілдеріне әлі өздеріне де анық емес, әйтеуір бет дуылдатып, қан толқытып, жүрек қобалжытып, көмей құрғататын тым жұмбақ, тым нәзік, тым діңке құртып елітіп бара жатқан елжіреп ынтық, ыстық ықылас оянып, қуана, сүйсіне тыңдайтын тек әлі беттеріне шаң, еттеріне дақ тимеген уыз көңіл бойжеткендер ғана. Думаншы топтың ішінде әнші балаға оқтын-оқтын шүйіліп-шүйіліп өтетін қырғи көз сақа келіншектер де аз емес. Қаршығадай қара бала қай-қайдағыны айтып көсілткенмен, айтып отырғанына өзі мән беріп жатпайды; сынапша сусылдатып, лекітіп төге беретін тақ-тақ әуенге басып, көбіне-көп көмейінен шығып жатқан сөздерден гөрі төңірегіндегі көздерге баса зер салады; жанарының қиығына ақша жүздер іліксе, айдындана, арқалана түседі. Осындай от-жалын өжеттік тек ән салып отырғанда ғана бой көрсетіп, ән біткесін жым-жылас жоғалып кетеді. Жан-жағынан жапа-тармағай қараған көп жанар мен жамырай айтылған көп қошаметтен бір түрлі қысылып, екі беті дуылдап ала жөнеледі. Ондайда қаралай өліп-өшіп, шығарға жаны басқа болып отырған ынтық қыздар іштей шыбын-шіркей боп аяса, қырғи келіншектер осынша нәресте бозбалаға бұрынғыдан бетер сұқтана түседі. Әйтеуір солар отырған жақ беті өртеніп бара жатады.
Бірақ не керек, дала жасының дәурені қырдың бір сәскелік келте көктеміндей тым шолақ. Қыз байғұсты бетінің қызылы енді-енді көрініп келе жатқанда ұзатып жібереді, жігіттің иегі түбіттенбей жатып басына ноқта түседі. Еңсептің де жастық дәурені алыс жолда ай батқанша жүріп-жүріп кеп, тек таң алдында ғана бел шешпей сұлай кетіп, көз шырымын алған суыт жүргіншінің таң ұйқысындай тым тәтті, тым қысқа болды.
Сол күндері еске түскенде Еңсептің егде тартқан жүрегін әлі күнге бір жұмсақ мұң шарпиды; жер қазып, тас қашап ширатылып қалған бұлшық еті бір түрлі балғын тартқандай, балбырап сала береді. Бұл үйлі-баранды егде адамның көңілін қайдағы жоқ иектеп енді қолға көп түсе бермейтін жігіттікті көксегені емес-ті; сонау келмеске кеткен жас дәурені еске түскенде кісі өмір бақи армандап, өлерінде де көріп өлдім бе, көрмей өлдім бе деп күмәнмен кететін жаңғыз аңсары бақыттың шын дидарын көрсе тек жас шағында ғана көре алатынын, бірақ бақытты жастық бақыттылығы сонша, тіпті басындағы бақыттың өзін тұсында байқай алмай қалатынын ойлағаны еді. Адам асылы, өмір бойы көңіл деген көтерем тұғырды бас-көзге төпеп бақыт қуған сайын, одан солғұрлым алшақтай түсетін сияқты; бақыт қуған адамның тапқан бақытынан жоғалтқан бақыты көп болса керек. Бақыт... Адам байғұстың қиялы жеткен жердегі жақсы мен тәттіні бір бойына сыйғызған осы бір сөз қашан кісінің көңіліне шемен боп байланған сәтінен бастап, бастапқы мән-мағынасының бәрінен түгел айрылып, онсыз да кем қанағат, онсыз да өлермен пендені онан сайын жан алқымға түсіретін қайыс қамшыға айналатын көрінеді. Ондай қайыс қамшының саныңнан қан саулатып сабылтып жеткізетін жері — бақ шығар, дәулет шығар, даңқ шығар, әйтеуір, бақыт емес.
... Алдындағы емен күбіге салған топырағы сырғанап тұрмады. Әлдеқашан толып кетті. Арқанды қағып, жоғарыдағыларға белгі берді. Шүпілдеп толған емен күбі сусып жоғары көтерілді. Еңсеп қап-қара үңгірдің ішінде тағы да сонау жарық дүниемен байланысы үзіліп жалғыз қалды. Тас төбесіне найзадай төнген қара үңгірде тек арқанның дір-дір дыбысынан басқа үн жоқ.
Емен күбіні жоғары тартып әкеткенде, Еңсептің ойы қашанда үзіледі. Дағдарып отырып қалды. Сосын тағы да сыз қабырғаларды үңгуге кірісті. Бірақ жаңа-жаңа бойы сергіп келе жатқан кісіге маңдайы енді жіпси бастағанда қайтадан тер қатқандай, ал-сал тартып қоя берді. Бірдеңесін ұмытқандай ойы он-сан бөлініп, жаңа ғана жайылма судай жан-жағынан ентелеп келе жатқан ескі елестер мен тап осы қазір табан астында туып отырған ойлардың бәрі бір жаққа безіп кеткен. Шықшыты бүлкілдеп, әлдебір ашу көтерілгендей... Кеңсірігі қаңсып, басы мең-зең тартты. Еңсеп омырауындағы шақшаны қолына алды. Көкбұйра насыбай танауын жыбырлатып, түшкіріп жіберді. Бір емес, әлденеше рет үсті-үстіне түшкірді. Көкірегін қышап тұрған зіл түгел сыртқа атып кеткендей, дені жайылып сала берді. Дағдарып қалған көңілінде қайтадан ой оянды.
III
Еңсеп құдалардың аулында дырду-думанның соңында қанша жыл жүрем десе де «қой, бала, жетер енді дейтін Дәржанның түрі көрінбейді. Қайта анасы байғұс шыжбалақтап, өз-өзінен қысылып, мұның бос селтең жүрісін қойып, ағасына қолғабыс жасайтын уақыты әлдеқашан жеткенін құлақ қағыс қылды. Еңсеп те анасының көмейін түсініп, өзінің шыннан да шаруаға қырсызданып бара жатқанын байқады. Жұлдыз меңді торы атын жылқыға қосты. Бұған енді ағасының ауыл арасына мінетін буырыл тұғыры ерттелді. Ол кезде Дәржанға Төкен бай құдық қаздыртып жатқан-ды. Ағасы Еңсепті әлі де аяп, «әуелі көрсін, үйренсін» деп қиынға сала қойған жоқ. Құдықшыларға шай қайнатып, тамақ пісіреді.
Көктем шығып, көк көріне бастаған кез. Баурай-баурындағы індігеш екеш індігештерге дейін шиқ-шиқ үнге бөгіп, табиғаттың қағанағы қарқ шағы. Мұндайда қазақ іргесі күбір сасып, отыра алмай, қыстаудан біржола көтеріледі; жал-жалдың басына самсап, ақ жұмыртқа ауылдар қонады.
Еңсеп те күн бата бере буырыл тұғырды ерттеп ап, құдықшылар қосынан безіп отырады. Ауылдардың біріне түсіп, шалдардың шаруа жайы мен жыл сыңайын айтқан кеу-кеу әңгімесіне құлақ тосады, қой сауып, қозы айырғандардың ызы-қиқы, у-дуын құныға тыңдайды. Заржақ қатындардың қозысын алмаған саулықты иітпек боп: «Түбай-түбайлаған» көйгөйі құлағына күйдей жағады.
Еңсеп әкесінің елмен бірге көшіп, бірге қонып жүретін ұсталыққа құмар боп, құдықшылықтан неге қашқақтап өткеніне енді түсінді.
Буырыл ат қой маңырап, ит үріп ызы-қызы болып жатқан ауыл жаққа қарай ентелей басады да, ертесіне қосқа қайтқанда мойны салбырап, митың-митың мандымай қояды.
Жан-жануар түгілі қара жердің де дені жайылғандай. Самиян дала кеудесіндегі ол қызық пен ұлан-асыр сән көрікті, енді өрбіп өркендей бастаған балауса тірлікті үркітіп, шошытып алмайын дегендей шуаққа омырауын тосып, маужырай, керіліп жатыр.
Кең дүние түп-түгел серпіліп, сергіп шыға келіпті. Тек Еңсептің ғана назары сынық. Мынау қарсы алдына шығып ап, бет-аузын аймалап келе жатқан майда самал да, өн бойы шырынға толып, жұпар аңқи бастаған