Әдебиет
Әбіш Кекілбаев
Әбіш Кекілбайұлы (1939 жыл ) - Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері.

Бір шоқ жиде
Не все ли равно, про кого говорить? Заслуживает этого каждый из живших на земле
И. А. Бунин.
I
Жиде сайғақ шаншылған қызыл төмпектің құбыла бетіне ши барқыт бешпент-шалбары бар имек мұрын тарамыс шал жер тізерлей жүгініпті. Түсініксіз арабы сөздерді сағыздай созып күңірене әндетеді. Басындағы күн жеп тастаған мауыты қалпақтың оң самайынан жылтырап көрініп тұрған ақ атлас астарынан «Люкс» деген ирек жазу сығалайды.
Кеңірдектен шыққан қоңыр мақам кенет баяулап, тісі түскен кәрі кісінің ысылы көп шүлжің әңгімесіне ұласты. Қос тізеге жарыса құлаған салалы саусақтар көкке көтерілді. Сосын бір шөкім ғана сопақша бет-ауызды салғырт сипап өтті. Имек мұрын қара шал жылан көздене жылтырайтын қағанақ көзілдіріктің ар жағында манадан бері етпеттей сұлап жатқан селдір кірпіктерін кілт тікірейтіп жұрт жүзіне үңілді.
— Халайық, Сұрапалдыұғлы Тілеу қандай адам еді?
Қызыл төмпектің аяқ жағында мырс-мырс жылап отырған күлте сақал кісі:
— Жақсы адам!— деп тұншыға кемсеңдеді.
Аядай зираттың бір пұшпағындағы кішкене шоғыр жарыса тіл қатты.
— Жақсы адам! Жақсы адам!
— Сұрапалдыұғлы Тілеуде қайсысыңның алмағың бар еді?
— Жоқ, жоқ!
Үркердей топ орындарынан дүркірей көтерілді. Күлте сақал шал ғана созалаңдап тұрып болмады. Әлгінде ғана өздері жан-жақтан жапа-тармағай топырақ атып үйіп салған қызыл төмпекті қия алмай тұрғандай.
Имек мұрын молда ық жаққа қатар түзеп тоқтаған қорабын шала сүрген тақтаймен биіктеткен екі жүк машинасының біреуінің кабинасына жайғасып үлгеріпті. «Ау болсаңдаршы енді!»— дегендей күлте сақалға түксие қарайды. Күлте сақал қызыл төмпекке тағы бір уыс топырақ қосып, алақанын жүре қағып, жұртқа ілесті. Екі машина дәл бір уақытта от алды. Кішкене зираттың төрт-бес құлпытасы селтиіп-селтиіп соңдарынан қарап қапты. Ешкім артына бұрылған жоқ. Күлте сақал құлағын түріп қояды. Марқұм көрінен атып тұрып, соңдарынан: «Ау, ағайындар, қайда тастап барасыңдар?»— деп, қолын бұлғап жүгіретіндей. Бірақ бүк түсіп жатып алған сұрқай кеңістікте құмақ жолды ауырлап ыңыранған қос машинаның бір сарынды гуілінен басқа үн естілмеді.
Он үш — бір мүшел, жиырма бес — екі мүшел, отыз жеті — үш мүшел, қырық тоғыз — төрт мүшел, алпыс бір — бес мүшел, жетпіс үш — алты мүшел, доңыз — бір, тышқан — екі, сиыр — үш, барыс — төрт, қоян — бес...
Жарықтық Тілекең биыл жетпістің сегізіне қарап түр екен. Күні кешеге дейін қозының торсығындай кішкене көрігін басып, сексеуілдің шоғына маңдайы шып-шып терлеп, тық-тық темір соғып отырушы еді. Үйі де мұнтаздай. Атам заманғы теру алашалар жаңа ғана тоқылып жайылғандай жалтырайды да жатады. Маңайынан бір тал шөп, не бір сабақ жіп көрсе, Тілекең құдды бір шаян ұстағандай, құмырсқа бел шымшуырымен қысып ап, көріктің астында жайнап жатқан қызыл шоққа лып еткізіп салып жіберуші еді. Қашан көрсең де — үстінде астарына елтірі сырыған ықшам кеудеше, жалпақ жаға ақ көйлек, басында — кенересіне қатырма сап көтерген қара тақия. Қысыңқы қой көзін шоққа ұсталған шойын бақыраштағы көз жасындай мөлт-мөлт сұйықтан аудармайды. Сәлден кейін тұзағына торғай іліккен баладай, қолындағы ұзын сап бақырашты лып еткізіп тартып алып, оң жағындағы қопсытулы су топыраққа тығып қойған кішкене қалыпшалардың біреуіне шор еткізіп құя салады. Бақыраштың түбіндегі қабыршық-қабыршық қара қоқыстың үстіне бір шеңгел мұздай топырақты шашып жібереді. Сосын қобдиын ақтарып, бұдыр-бұдыр бедер тастың біреуін тауып алады. Әлі қатып үлгірмеген былқылдақ құйма күмістің бетіне басып, ағаш балғамен тықытып ұра бастайды.
Тілекең есігінен аттаған адамның сәлемін алады да, шұбалтып амандық-саулық сұрасып жатпайды. Келген кісі де зергердің назарын бағып, тіл қатуға қаймығып қипақтап қалады. Ол үйге сөйлей кіріп, сөйлей шығатын тек Күдері. Екеуінің арасы бір жас. Бірақ бірін-бірі құрдас тұтады.
Кең маңдай, қоңқақ мұрын, алақандай көзінің аласы мол күлте сақал. Күдері иығына малынтып шапан жамылып, басына сәлде де емес, емес те емес қып, тығырықтап шүберек орап жүреді. Есікті серпіп ашып кіріп келеді де, сәлем де жоқ, сауқат та жоқ, состиып:
— Тықытпай, тастасай әрі. Басың қайтып ауырмайды,— дейді.
Аршындай басып төрге шығады. Кебісін сосын барып шешеді. Тілекең қолындағы шымшуырмен құрдасының аяқ киімін бір-бірлеп қысып ап, босағаға жітіреді. Қонақ төрге отырар-отырмаста қалтасынан шақша суырады. Алақанына бір уыс қып насыбай төгеді. Өндіршегін әнтек созып қолындағы қара барқын ұнтақты аузына лақ еткізіп құя салады. Тілекең балғасына қарап басын шайқап, бір мырс етеді. Қасындағы тайпақ жез шылапшынды құрдасының алдына қарай сырғытады. Күдерінің шылапшында шаруасы шамалы, астындағы алашаның бір жақ бұрышын көтеріп, шырт-шырт түкіріп жантая кетеді. Аузындағы насыбайы сорыққанша үндемейді. Біраздан соң барып, шырыны кеткен көк жентекті табалдырыққа жеткізе бір-ақ ытқытып, шалқалай құлайды. Иығындағы шапанымен бетін тарс бүркеніп алады да,сәлден кейін шаңқ ете қалады.
— Ау, меңіреу-ау, ең болмаса, ауыл-үйдің амандығын сұрамайсың ба? Зергер тағы бір мырс етеді.
— Ішің жарылып келгенде, бұл құлағыңды ұрайын, ең болмаса, ерінін қимылдатпайды-ау. Ау, меңіреу, шешең саған талғағанда құдай біледі, сақау біреудің сарқытын жеген.
Күміске тиген ағаш балғаның көмескі тықылынан басқа үн жоқ. Күдері шыдай алмай құрдасы жақ жамбасына аударылады.
– Әй, сен біздің қатынды білесің ғой!?
Зергердің қияқ мұрты жыбыр ете қалды.
— Оның оң жаққа түскен соң төрт жыл жүріп барып көтерген баласы Төрткілбайды да білетін шығарсың?
Күдері құрдасына алақандай қызыл көзінің бар сұғын түгел тіктейді. Анау «сұрағың бар болсын» дегендей басын шайқайды.
— Оның ең болмаса бала қорқытатын ызғары бартұғын. Ортаншым Алшынбекті білетін бе едің?
Зергер өзін сынай қарап жатқан құрдасына қырын бұрылып отырады.
— Әне, өзіме тартқан айналайын, сол еді ғой. Үй түгілі ел ұстайтын алтын азаматым еді ғой. Балалар айтып келетін, мына Тасқараның Төкені есеп шығарғанда содан көшіріп алады деп. Сөйткен майқұлақ Төкен бүгінде совхоз директоры. Жер үстіндегі жиналыстың ешқайсысы онсыз өтпейді. Алматың түгілі Мәскеу аузына қарайтын көрінеді. Біздің ауылдың қатын-қалашының да естімейтіні жоқ. Сол үйдегі келін әлгі артист қыздар көйлек қылып киетін жылтырақ матадан балағын салаңдатып іш киім тігіп апты дейді. Төкен екеш Төкенге дейін совхоз билегенде Алшынбек жаным дүркіретіп ауданды билеп отырмас па еді. Бірақ, жақсы құдайға да керек. Оны маңдайымызға сиғызды ма? Ал енді мына қолымдағы шіркін жасы қырықтан асқанша сол шикі өкпе қалпы. Одан қатын-бала түгілі оң жақтағы қызыл тазы сескенбейді. Есікке қуса, төрге қашады.
Зергер тағы бір мырс етеді. Күдері шапанының астынан басын сопаң еткізіп көтеріп алады да, құрдасына ала көзімен ата қарап, теріс аунап түседі. Тілеудің не өзін мысқылдап, не баласын мысқылдап мырс еткенін біле алмай, көпке дейін тым-тырыс жатады.
Тық-тық балға даусы. Күдері бір сарынды тықыл жүйкесіне тигендей орнынан атып тұрады. Зергердің қасында жатқан шымшуырды ап, босағадағы екі кебісті өзіне қарай тартады. Мәсінің сыртынан сұға сап, қалтасынан тағы да шақшасын алады. Тағы да аузына насыбай салады. Тағы да зергер жаққа көз тастайды. Сосын зірк еткізіп бір түкіреді. Орнынан шиыршық ата ұшып тұрып, киіз үйдің шымырулы ши есігін тарс ұрып шығып кетеді. Тілеу сонда барып басын көтереді. Төрге қарайды. Құрдасының орнында қалған шөп-шөңге, жіптің сабағы болса, шымшуырмен іліп ап, отқа ытқытады.
Тілеудің сол отырысы отырысты. Көптен солай-ды. Тіптен туғалы солай-ды. Бірақ бармағынан бал таматын шебердің жүк аяқтың астындағы ағаш қобдиды әрірек ысырып тастап, қара көрікті көрмей кеткен тұсы да бар еді.
Соғыс басылды. Аман қалған ер-азамат елге қайтты. Кебежелердің түбіне тығулы қалған-құтқан күміс жарыққа шықты. Қара көрік пен қара шалдан мігір кетті. Есіктен қолқашы кіргенде көкірегі шым ете қалады. Дін ашып үндемейді. Ұзатылатын қызға көйлек пішкен сайын кемпірі Зейнептің де өңі қуқылданып сала береді. О да сыр алдырмайды. Кеш болса сығырайма керосин шамның күңгірт жарығында тігін машинасына үңіліп сығыраңдап отырғаны. Жалғыз балалары Тілепалдының еш хабары шықпай қойды. Әркім әр саққа жүгіртеді. Күлте сақал Күдеріге айтқызсам: «Алшынбекжан екеуі оқуға келгенде судай ағады. Сүйегі асыл кісіні орыс танымаушы ма еді. Командир қып «айт», «два» деп айқайлатып қойған шығар. Еті пысық, көзі ашық жігіттерді әскерге алып қалыңдар, ауылға қолынан шыбыртқы ұстағаннан басқа ештеңе келмейтін можан-топайларды ғана қайтарыңдар деп мұртты шалдың өзі айтыпты ғой. Әй, ол құрдасымыздың да білмейтіні жер астында шығар-ау».
Тілеу көрігін күс-күс басып отырып ойға шомады. «Солай болса солай-ақ болсын. Бірақ осыншама ақылымен төрт жыл қан кешіп аман қалған боздақтарды екі көзі төрт боп отырған ата-аналарына ең болмаса бір көрсетіп алу керек екенін неғып білмейді...»
Күлте сақал Күдерінің естімейтіні жоқ. Жоғалған түйесін қарап ауылдан бір қадам шықса болды, жер-жаһанның бір қап хабарын алдына өңгеріп қайтады. Бірде көзінің алды көк жалқынданып иіні түсіп оралды. Зерең толы шұбатты орталай бере кеңкілдеп жылап жіберді. Зейнеп айран-асыр.
— Мына су аяққа не көрінді-ей!
Тілеудің мұрты әдеттегідей жыбыр ете қалған жоқ. Күдері зереңнен басын көтеріп алды.
— Тап баяғы соғыс басталған жылғыдай. Күллі қала сенделіп кеткен. Әлгі әмірқан есерсоқтар дүниені қараң суға алдыратын бомбы таптық, енді қызылдардың көзін құртатын болдық деп, тақияларын аспанға атып жатыр дейді. Содан жер үстінің барлық қауға бас ғалымдары жұмыр басты пенденің бәріне түп-түгел хат жазып: «Жан керектерің соғысты болдырмаймыз деп осы қағазға қол қойыңдар»,— деп дұғай сәлем жолдапты. Почтаның көлеңкесінде бір бала мені де ұстап ап, бармағымды бастырып алды. «Е, әліпті таяқ деп білмейтін сенің бас бармағыңның баттиған табын көрген соң, қанша есерсоқ болғанмен Әмірқандар да аяқтарын тарта жүретін шығар...». Тілеудің мұрты жыбырлай жөнеліп еді, құрдасының көзіндегі жасты көріп кідіріп қалды.
— Біздің балалардың әлі оралмай жатқаны тегін болмады. Имек мұрын салық агент айтады. Биылғы күз қауіп дейді.
Тілеудің көкірегіне әлдекім мұздай су шашып жібергендей. Зейнеп теріс айналып кетті. Күдері де сөзден тыйылды. Үш қария состиып-состиып отырып қалады.
Ол жылы күзем алған бойда ағыл-тегіл жаңбыр жауып арық-тұрықты қырып кеткені болмаса тыныш өтті. Шар тарапқа түгел елеңдеп жүретін Күдерінің көңілі тізеден аса қалың қар жауғанда барып орнына түсті. Оған жау жер аяғы кеңігенде жанданатындай, қыстың көзі қырауда қай антұрған да басын бағып жатып алатындай көрінетін. Қансонарда тазы ертіп түлкі аулай шығып еді, жолдағы қалың жықпылдардың ешқайсысына бұрылмай, салып ұрып құрдасының үйіне келді.
— Ау, үндемес, не естіп, не білдің?
Бажырая қарап біраз отырды. Есіктен қауқылдай кірген құрдасынан Зейнеп бір жақсылық хабар күткендей телміре қапты.
— Әлгі күшіктердің неге үндемей жатқанын енді білдім. Имек мұрын агенттің жоғалып кетті деп жүрген інісі табылыпты. Ту Сібір асып кеткен екен. Бұрынғы күйеуінен кішкентай қызы бар бір маржаның етегінен ұстапты. Құр тақым қақсып жүргенде құлынды биеге қолы бір-ақ жетіп әбден қарқ боп қапты. Жіберген суретінде екі езуі екі құлағында, мәз-мейрам боп тұрған көрінеді. Біздің балалар да қашанғы қу тізелерін құшақтап жүрсін. Қыз айттырып әперетін екі қара шал қастарында жоқ. Олардың да бастарын бір-бір Маруся айналдырып алған ғой шамасы. Оны айтып жазуға, ел-жұрттан ұялып тым-тырыс жатыр. Көрерсің де білерсің дәл солай. Ошақтағы оттың табына алақанын төсеп үнсіз қалады. Біраздан соң қараптан-қарап отырып осқырынады.
— Жасық неме... Көп болса, немерелерімнің көзі көк болар. Көп болса, келінім дәрет суымды жылытып бермес. Одан несіне қаймығады екен! Нағашысы жаман жетесіз неме...
Құрдасының мына сөзі Тілеуді де күйзелтіп кетті. Қайта-қайта қолы жаңылып, ісі өнбей қойды. Көз алды мұнарта берген соң құралдарын жинап, төр алдында қолын тарақтап жатып алды. Құлағына жастайынан естіп келе жатқан үйреншікті дауыстар келеді. «Бағың жансын», «Есесі алладан қайтсын», «Дегеніңе жет», «Үбірлі-шүбірлі бол»... Сонау қара құманға әлі жетіп, үлкендердің қолына су құйғалы естіп келе жатқаны осы. Ер жетіп іске шұқынғалы да алдына келген қолқашының назарын жығып көрмепті. Содан ба жұрт сәл нәрсеге бола жер-көктің алғысын түгел жаудыра жөнеледі. Тілекең еткен еңбектің адамнан қайтуы, алладан қайтуы дегеннің қандай болатынына тіпті түсінбейді де. Ал соңғы алғыс құлағына майдай жағып бара жататын сияқты. Үбірлі-шүбірлі болғанның түсінбейтіндей несі бар. Жан-жағында біреуі етегіңе, біреуі жеңіңе жармасып, тұмсықтарын қорс-қорс тартып өңшең қара домалақ толып жүрсе, тапқан-таянғанын солардың несібесіне бұйырса, жаман айтпай жақсы жоқ, ертең о дүниелік боп кеткенде де, бабамыз еді-ау деп басына топырлап, бір-бір уыс топырақ салса, бағыңның жанғаны емей немене. Түсі екеш түсінде де қаптаған қара домалақ қамап алады. Олар кейде біреуі егеуін, біреуі шапқысын, біреуі қайрағын ұстап, қобдиын ақтарып отырады. Кейде кекілдері жалбырап қақпан қарап қайтқан мұның алдынан жарыса жүгіріп шығып жүреді. Кейде астарына бір-бір ат мініп көсіліп жатқан кең даланың тұс-тұсына құйғыта шауып бара жатады. Түсінде — төрі опыр-топыр шат-шадыман. Ал көзін ашып алса болды — сол бір мұнтаздай тап-таза төр, тып-тыныш үй. Ай даладағы жалғыз үйдің белдеуінде өзінің шабдар тұғырынан басқа ат та көрінбейді.
Ондайда Тілеудің көңілі құлазып қоя береді. Тәйірі, пенде пақыр мынау қотыр тайдың құйрығындай шоп-шолақ дәуренінде ерні тұшып перзент сүйгеннен басқа баянды не көреді. Басқасының бәрі мұның қыз-қырқынға соғып берген әлекей-күлекейіндей алдамыш бірдеңе емес пе. Тіріңде көзіңді қуантып, өліңде аруағыңды ырзалайтын перзентке не жетсін. Ең болмаса, ит жығыс түсейін деп өнер сатып, бедел сатып, абырой сатып қанша тайталасқанмен бәрібір жеңілмей қоймайтын өзекті жанның уақыт алдындағы жалғыз ұтысы ұрпақ қана. Оның мынау қара жердің бетіндегі тыртаң-тыртаң қимыл-қыбырының ең мәндісі — сол артыңда қалар ұрпақтың аузына аз күн ырзық болсын деп еткен еңбегі ғана. Төккен терің, еткен қайратың одан да асып түсіп жатса, о да бәрібір сол ұрпақтың мерейін үстейді. Ал олай асып төгілмей-ақ ошағыңның басындағы қызыл қарындарды ырзалауға ғана жарап жатса да, мынау ұлан дүниеге келіп-кеткеніңнің бекер болмағаны. Өзінің соңында Тілепалдыдан басқа қара ермеді. Ол да, міне, қасында жоқ. Ендігі тілегі сол өзіне бітпеген көп ұрпақ Тілепалдыға біткей. Бұл алған көп батамен сол көгергей...
Адам да қызық қой. Бойдақ кезінде қыздың ең сұлуы өзіңе бұйыратындай, баланың ең жақсысы өз беліңнен өрбитіндей көресің де тұрасың. Енді өзіңнен қайран кеткенде сол үріп ауызға салғандай бүлдіршіндерді баламнан сүйем деп дәметесің. Кісіге қимайтыныңды балаңа қиясың. Өзіме бұйырмаған балама бұйырады деп тәубе етесің. Құдай тек қу басыңды сопитып ұрпақсыз қалғаннан сақтасын. Онда тәубе екеш тәубеден де мақұрым қалғаның ғой.
Көлденең көзге жағы ашылмайтын Тілеу жалғыз да болса Тілепалдысы барына шүкірлік етеді. Тілепалдысы аман болса әлі де көбейетіндей, көсегесі көгеретіндей көреді. Ауыл үйден сүйкімді нәресте көрсе, ішінен: «Шіркін-ай, менің немерем де осындай болғай еді»,— деп тілейді. Енді мынау қайдағыны көйітіп жүретін сусылдақ неменің әлгі бір әңгімесі көз алдында көптен мөлдіреп тұнып тұрған сол бір әдемі суретті желді күнгі көл бетіндей астан-кестен шайқап өткендей. Қапелімде не істеп, не қоярын білмеді. Баяғыдан бергі митың-митың тірлігі аяқ астынан тәрк боп шыға келгендей. Мұндайда ой екеш ойдың өзі әншейін далбаса көрінеді екен. Кеңірейіп отырады да қояды. Тон торыс жатады да қояды. Түннің бір уағында барып кірпігі айқасады. Түсі де бір бедерсіз бұлыңғыр бірдеме. Солай бір-екі күн өз қиялынан өзі адасып мәңгіріп оянады. Келе-келе түсінің ұлы жобасын айыратын болды. Бір селеу шаш балалар төрінің алдында мұның қашанғы қара қобдиын астын-үстіне шығарып ақтарып отырады. Кейде қатар шалдары немерелерің ертең қараңа шошқа сойып, жаназаңды шығарған молдаға торайдың басын тартатын шығар деп мазақтап жүреді. Содан кейде омырауы шылқып оянады. Ал күндіз қара төс пен қара балғаның бір қалыпты тықылын тыңдап отырып: «Несі бар? Түсі сары, көзі көк қазақтар аз ба? Соларды түбің шикі деп кім елден қуалап жатыр? Ертең дүние ауып кеткенде артында тігерге тұяқ жалғызының көзі қара не көк болсын «көкелеп» етегіне жабысатын төлі қалса болмай ма!»— деп ойлайды. Ондайда Күдерінің оданылау сөзін естігенде жыбырлап қоя беретін мұртына бір жұмсақ діріл жүгіріп, бұлшық еттерінің бәрі-бәрі босаң тартып қоя береді.
Қыс та кетті. Көктем де шықты. Тілеу жапырайған жер қазбаны тастап, тепсеңге киіз үй тікті. Бір күні төңіректен томарша жиып қайтқан Зейнеп жал басынан үш-төрт қарайған көрінеді деп келді. Томаршаларды қазандық жаққа дүркіретіп төге сап, қайта шығып кетті.
— Шал-ау, әлгі қарайғандар көрінбей қалды.
Сәлден кейін тағы үн қатты.
— Ауылдың желкесіндегі ойдан кеу-кеу дауыс шығады. Солар болар.
Тілеу бір сәт ойланып қалды. Ұлы құмның бұл тұсында қыста ел болмайды. Мал сонау түлейі көп қалыңға қыстайды. Шілде түсе пішеншілер келеді. Оған дейін бұл маңайда жайдақ үстіртке жалғасар пұшпақтағы қорықшы Күдері екеуінен басқа қара жоқ. Күдерінің ауылы бұл арадан бір күндік. Бейуақ жүрген бұл не қылған төрт-бес атты. Тегін болмас. Тілепалдыжан емес пе екен... Шалдың қолы дірілдеп кетті. Қасындағы шымшуырды ұстай ап, көрік астындағы шоқты қозғады. Зейнептің де үні өшкен. Ат дүсірі жақыннан шықты. Дүңкілдетпей іргеге кеп тоқтады. Зейнеп есікті көтерді. Күдері бастаған төрт-бес шал сәлемдесіп төрге озды. Тілеу ернін ғана қимылдатты. Шоқтағы шымшуырды суырып алды. Уысын сығымдай түсті. Ортадағы имек мұрын қарасұр кісі сөйлеп отыр. Ұзақ сөйледі. Күдерінің көзі күндегіден де қып-қызыл. Күлте сақалы су-су. Күйген шүберектің иісі қайдан шығады... Омырау тұсы оқыс жылып барады. Тілеу сонда байқады — қып-қызыл шымшуырдың ұшы көкірегіне жабысып қапты. Ақ көйлегі шұрқ тесіліп жанып жатыр. Қолындағы темірді лақтырып жіберді.
Содан көкірегі тызылдады да жүрді. Біреу омырауын тызылдатып шоққа қарып жатқандай. Бірде көйлек жаңартып отырып төсінің басына жарыса түскен екі ай тыртықты көрді. Түсіне енді қобдиын шашып ойнап отыратын селеу шаш балалар да кірмейтін болды. Бұрын көзін жұмса-ақ, бұған қарай саусағын шошаңдатып, ауыздарына келгенді оттай жөнелетін кемиек шалдардың да көмейлеріне құм құйылыпты. Енді тіпті түс те көрмейді. Өңінде де ешкімді де, ештеңені де байқап жатқан жоқ. Төңірегінде көз тоқтататындай не бар... Адыра қалған айдала... Тұлдыр кеңістік... Қобдиының да көкке ұшып кеткенін, не жерге сіңіп кеткенін білмейді. Әйтеуір есіктен қымсына кіріп, қымсына шығып жатқан қыз-келіншектерді көзі шалады. Оларға кемпірінің бұны иегімен меңзеп бірдеңе деп жатқанын байқайды.
Онсыз да үндемес кісінің енді тілі біржола қырқылғандай. Жан дүниесін жапырып жайпай келген жаманат тұсында шықпай қалған ащы жас көзінің алдына шемен боп байланғандай, тіршіліктің шын кескін-келбетін көлкештеп көрсетпей тұр. Ошақ бағып омалып отырған көтерем шалдың көкірегіне бір көк жұлын дүлей кіріп кеткендей. Бүйтіп тырп етпей отыра берсе, көтеріп көкке ұшырып әкетердей. Күн санап кеулеп барады. Бұл тістеніп бағады. Дем шығармауға, уһілемеуге тырысады. Жер табандап қос шеңгелін қыса түседі. Сол дүлей бір жолата жарып жіберсе, осы үндемеген қалпы, осы тырп етпеген қалпы, осы отырған жерінде табан серіппей қата қалуға пейіл. Бірақ қаскүнем дүлей бұны жармады да, қоймады да. Өңінде тістеніп сыздап отыратын Тілеу ұйықтап жатып өкситінді шығарды. Көзі дымдана бастағанда шошып оянады. Сосын таң атқанша кірпігі айқаспай бақыраяды да жатады. Іштегі тұншыққан дүлей бүйте берсе қол-аяғын байлап домалатып тастардай. Тұла бойы сіресіп қалады.
Баяғыда Өтеу атасы да жеті ұлынан айырылып, құм арасында жалғыз үй қалғанда пәлен ай бойы ерін жастанып, ай балтасын құшақтап, іргеге қарап жатыпты да қойыпты. Күні-түні шашын жайып дауыс етіп отырған әйеліне қосылмапты да, «қой» демепті де. Ащы зарға құлағының үйренгені сонша, тіпті, әйелі ұйықтап жатқанда да, құлағынан көкіректі қарс айырардай өксік ызың кетпейтін бопты. Бет-аузы жыбырлап, өне бойы сүлік сорып жатқандай солқылдайтынды шығарыпты. Пәлен уақыттан бері жүректің басында тұрып ап, шықпай қойған ащы жас босанатын жол таба алмаған соң шыдамды батырдың жүйке-жүйкесін шымырлатып шамырықтыра бастапты. Зарын айтайын десе, қанша дегенмен аты ақ жаулық, әйелінен ұят. Төзіп бағайын десе, булыққан нала буын-буынын алып тобан аяқ қып тастар түрі бар. Өтеу амалсыз ай балтасын беліне қыстырып үйден шығады. Жиде өскен тепсеңді бетке ұстап жүріп кетеді. Кешқұрым қу томар сүйретіп қайтады. Тентек шалының не істегелі жүргеніне түсіне алмай кемпірі дал. Өтеу сүйреп келген томарын қауынның қабығындай жұп-жұқа қып тіледі. Сосын су бүркеді. Бойындағы нәрінен түгел айырылып дыңылдап қатып қалған қу ағаш қапелімде илікпейді. Кәрі батыр оған қарамайды. Екі ұртына су толтырып ап, ертелі-кеш бүркеді де отырады. Қу шабақ бірте-бірте қоңыраяды. Енді оларды ортан белдерінен ауыр бірдеңемен бастырып, дымқыл топырақпен көмеді. Әлденеше күннен соң шеңбірек атып иілген көк шабақты қайта суырып алады. Қалған жерін тезге сап түзеп, иінін келтіріп, қырнап-жонып, бір-біріне жымдастыра бастайды. Кәрі батыр қылп-қылп еткен алмас қанжарын ағашқа салады. Күндердің күнінде дөңгеленіп домбыраның шанағы шығады. Оның бетіне жұп-жұқа қып қақпақ салады. Өтеудің ең соңғы баласының қазасына жыл толарда ұзын сап, даңғыра бас, қоңыр домбыра іргеге сүйеулі тұрады. Кемпіріне садақа шалатын ор марқаның ішегін айнадай қып тазалатады. Одан иіртеді. Одан ыздыртады. Пәлен күннен бері керегенің басында қаңсып тұрған домбыраға перне байлап, ішек тағады. Сосын ор марқаның етін түгел астырып, бесін ауа табақ көтеріп, кемпірі екеуі ауылдың алдындағы бұлтың төбеге беттейді. Қаз-қатар тізілген жеті төмпектің бірінен соң біріне жер тізерлеп құран оқиды. Жабулы табақтың бетін ашып, бір-бір шұқып ауыз тиеді. Артынан қолдарын жайып табаққа бата қылады. Маңайда дәм татыратын ешкім жоқ. Иіс қып әкелген бір табақ етті моланың басына тастап, шұқыр ойда жападан-жалғыз жапырайып тұрған үйлеріне қайтады. Шал алда, кемпір артта. Намаздыгердің ербиген екі көлеңкесі бір-біріне еріп келе жатады. Өтеу келген бойда төрде тұрған домбыраға қол созады. Қылыш пен найзадан басқа ұстап көрмеген ебедейсіз саусақтардың сәл тиіп кетуі-ақ мұң екен, қу шанақ, бебеулеп қоя береді. Пәлен айдан бері көмейін бітеп тұрып алған өксік зар көкірегінен ағаш шанаққа ақтарылғандай. Мең-зең денесі жеңілейіп барады. Көз алдында көлкештеп тұрып алған соқыр тұман ашылайын дегендей. Тартулы жақтай сіресіп тұрған кәрі жүйкесі жұмсарып барады. Еңірей төгілген зарлы саз сай сүйегін сал-сал кеміріп ала жөнелгені. Кенет құлағына кеңк-кеңк дыбыс келді. Шошып кетті. Домбыра шанағындағы қолын жұлып ап, көзіне апарып еді, құрғақ екен. Дағдарып отырып-отырып, кемпіріне қарады. Ол екі бүйірін таянып ап, теңселіп жылап отыр. Өтеу қолындағы домбыраны тізесіне сап морт сындырды. Еркек көзінің жасын басқаға көрсетпейтіні сияқты көңілінің зарын да ешкімге естіртпеуі керек еді.
Дініне берік кәрі батыр ішіндегі алапат наланы айдалада қасында қалған жалғыз серігі кемпірінен де жасырды. Бірақ жүрегінің басында бүк түсіп жатып алған зіл батпан еңсесін бәрібір көтертер емес. Дәл өңменінен қадалған шаншу көкірегін тесіп шықпай тынар түрі жоқ. Кемпірі отын алып, мал қайырып сыртқа шықты-ақ ол үй сыртында жинаулы тұрған түл отаудың біреуінен сағанақ қақыратып алады да, ішін үңгіп сырнай жасайды. Анадайдағы жал басынан кемпірі қылт етті-ақ, қолындағы сырнайды қат-қат қып жинап қойған ыс туырлықтардың арасына сүңгітіп жібереді. Қаралы үйдің сағанағынан жасалған сырнай шыққыр болады деуші еді. Рас екен. Ерніңе апарсаң болды, сарнай жөнеледі. Шалының құпиясын кемпірі де біліп алды. Енді тезек терген боп, шағыл асып кетіп, аңыраған сырнайға қосылып жылап-жылап, шерін тарқатып қайтады. Келсе — Өтеу түк болмағандай төр алдында көлбеп жатады. Кемпірі ертеңіне үй алдында жал-жал тезек үюлі тұрса да, сәске болар-болмаста қолына қап ұстап, ауыл сыртындағы айғыр жалға қарай бүкшеңдей жөнеледі. Батыр көп ұзамай кемпірінің айласын сезіп қойды. Енді ол сырнайын қойнына тығып, жиделі тепсеңге кететінді шығарды. Оңаша бұлақ басында жападан-жалғыз құмарынан шыққанша сырнай шалады. Күн еңкейе сырнайын бір шоқ жиде тоғайының қасындағы көне әулиеге жасырып, үйіне қайтады. Бір күні сырнайының орнын сипап қалды. Ол маңға ұшан дала мен хан базардың арасына айда-жылда бір қатынап тұратын қалашылардан басқа ешкім соқпаушы еді. Өтеудің сырнайы соларға бұйырса керек.
Керуенді бастап келе жатқан күйек сақал кісі балаға зекіп тастады.
— Елді шошытарсың. Жітір найсапты. Жалақ-жалақ көнтік ерін түйекеш бала қолындағы сырнайды жалма-жан қойнына тықты. Ертесіне ауыл сыртында, жал астында өңеші үзілгенше үрлесін-ай кеп. Аңнан қайтып келе жатқан Ақпан қалт тоқтай қалды.
— Қолыңдағыны қайдан алдың?
Бала жөнін айтты. Екі аяғы жер сүзіп келе жатқан еңгезердей еркек атының жалын құшып жылап бара жатты.
Құдайға өкпелеп айдалада жалғыз қалған қайсар ағасына Ақпан бір баласын апарып берді. Ол — Сақтап аталары. Сақтап он алтыға шыққанша кәрі батыр сыр бермейді. Төрінен уіл шыққан соң, еңкейген белі жазылып, бойын тіктейді. Үй мен малға қарайды. Баласы ат жалынан тартып мінгенше құйрығы жер иіскемейді. Сақтаптың өз қолы өз аузына жеткенін көрген соң кескен теректей бір-ақ құлайды. Сақтап бір күні қақпан аралап қайтып келе жатып күңіренген тосын сазды құлағы шалады. Аңшы жігіт аңырып тұрып қалады. Күй біткенше тырп етпейді. Бір уақытта қара жердің көкірегін қарс айырып шығып жатқандай өксік үн талықсып барып басылады. Есіктен енді аттай берген Сақтап іргеге сүйеулі домбыраны, биік төсек ағаштың басынан мойыны салбырап кеткен боп-боз Өтеуді көреді. Әлгі күйді мұның көзінше домбыра ұстап көрмеген әкесі тартқанын сонда біледі. Сақтаптың өсе келе ділмар аты тарайды. Абайламай ел ақтап жүрген бір бақсыға тілі тиіп қарғысқа ұшырайды, баласы тұрмайды. Алпысында көрген ең соңғы нәрестесін қырық қазанның астынан өткізіп, қырық әйелдің емшегін емізіп, жаңа күшіктеген қызыл қаншықтың бауырына тастап, атын Сырттан қояды. Бұрын найза ілінетін төрге алғаш рет көрік ілген де сол Сырттан. Ол өскен тұқым ғой деп он екі ата байұлының бес руынан бес қыз алады. Бесеуінен не ұл, не қыз сүймейді. Шаңырағы құлауға айналған соң көрші ауылдан бір оң жақта жүкті боп қалған қыздың сәбиін ап бауырына салады. Ол — Сұрапалды аталары. Тегі жұмбақ Сұрапалдыға Өтеудің күйі мен Сырттанның зергерлігі бірдей қонады. Қыздан туған қыдырма атанып, күй шалып жүзік соғып, көксауыр жона тігіп, өнерін асырған Сұрапалды перзенттен күдерін үзгесін қайын жұртынан ұл алып бауырына басады. Ол осы отырған Тілеу. Не де болса мынау қара шаңырақтың астына ойдан-қырдан қияласып қосылған құрамыс әулет әзірге Өтеу ауылының атағын жоғалтқан жоқ. Өтеу ауылы әлі күнге осы жайдақ тепсеңде. Иек артпа ілгеріде шешектен қырылған жеті баланың моласы. Күн батыс қапталда — кейінгі әулеттің қорымы. Өтеу тұқымының мынау ұлан-асыр дүниеден иемденгені осы бір екі зират пен бір жұрт. Өтеудің өлі ауылдарының қарасы мол болғанымен тірі аулының қарасы ешқашан төрт-бес үйден асып көрген емес. Онда да тоқалдардың отауларымен көбейетін Өтеу ауылы бабаларындай жеті мүшесіне жеті әйел алуға мүмкіндігі жоқ. Тілеудің тұсында жапырайған жалғыз күрке боп қалды. Отау бөліп қарамды көбейтем деп жүрген Тілепалдысы соғыстан қайтпады...
Тілеу, міне, төр алдында бүк түсіп жатып алды. Сыртқа құлақ түреді — дүние жайбарақат, тек мұның көкірегі ғана әлем-жәлем, төңірек тып-тыныш, мұның көкірегі ғана жұртта қалған ақсақ төбеттей ұлып жатыр. Шынында да мұның құлазыған көңіліне зар қосқандай сыртта бірдеңе сарнап қоя берді. Құлағын түріп тыңдайды-ақ. Домбыраның да, қобыздың да, сырнай-сыбызғының да үніне келіңкіремейді. Бірақ, зейін қойып тыңдай түссең — соның бәріне де келетін сияқты. Тіпті бебеулеген бақсыға ұқсай ма қалай... Жоқ... Дауыс еткен қатыннан айнымайды.
Тілеу қазан-аяқ жаққа көз тастап еді — оймақ ұстамаса отыра алмайтын Зейнеп бүкшеңдеп бірдеңе тігіп әлек. Іргеге қарап тоң-торыс жатқан Тілеу әуелі басын көтерді. Сосын есік жаққа қарап, аударылып жатып көрді. Сәлден соң түрегеліп отырды. Ақырында орнынан тұрып есікке беттеді.
Күн желкем екен. Шалғыны жығылған сары жұрт. Алыс-алыста білем-білем шағылдар қылаңытады. Заманында сырлы зерендей тік кенере шұқыр ой тепсең жан-жақтан сусып құлаған құмаққа көміле-көміле тайпақ тегістікке айнала бастапты. Басын жерден көтермей жайылатын төрт аяқтыға қандай ығының барын бір Алла білсін, ал бойын тіктеген екі аяқтыға қалқа болудан қалып та барады екен. Желеңдеу шыққаннан ба, тұла бойы бір түрлі шімірігейін деді. Аспандағы күн көзіне шүйліге бір қарап қойды. Сол арада әлгі бір ызың құлағына қайта келді. Ол көк желкесінен қасқыр ұлығандай дыз түршігіп кетті. Төңірегін шолды. Жылмиған жайдақ тепсен сол баяғы қалпы. Анадайдағы итсигектің басында жалпыл қағып жатқан сарғайып кеткен көне газеттен басқа ештеңе көзге түспеді. Машинамен бір тегіс қырқылып өткен тікенек отақ ызғырық желге дір-дір етеді.
Аңтарылып тұра беруге арланғандай беталды жүріп келеді. Әлгі итсигек жақын қалды. Жөргектен асар-аспас көлеміне қарап, сірә, аудандық газет боларсың деп ойлады. Қарауытып үш сурет көрінді. Үлкені — көсемдікі. Одан гөрі кішілеу екеуі — біреуі — жердегі әскерді, біреуі — судағы әскерді басқаратын екі сардарыныкі. «Жарықтықтардың суретін бұлай аяқасты тастап жүрген қайсысы екен. Әлгі кемпір-ау. Көзіне қарасай найсап. Бір қызылкөз көрсе ғой...»
— Біссіміллә,— деп көтере беріп еді, астында белуардан құмға батып жатқан керосин құйылған бөтелкені көрді. Әлгі сарнаған дауыс содан шыққан екен. Түксиіп тұрып қалды. Сосын анадай жердегі күйелеш-күйелеш жер ошақтың тасына бір-ақ ұрды. Сай-сүйегіңді сырқыратып сарнаған үн жым болды. Тілеу үйіне кеп, жылы төсегіне қайта жайғасқан соң сыртқа құлақ түрді. Жым-жырт. Жатып-жатып тағы да тыңдайды — сол баяғы сартап тыныштық. Енді әлгі бір құлағын сарсытып сарнаған үнге де зар болды. Тылсым тыныштық бүрге боп жабылғандай тұла бойы дүр түршігіп кетті. Түнде де басын жастықтан көтеріп тыңдайды. Манағы ызың естілмейді. Әлде бір уақытта есіктің алдындағы күлдің басынан байғыз шықылықтайды. Қуанып шықылықтады ма, жылап шықылықтады ма — назар аударған жоқ. Қуанып шақыратындай — мұның қай келіні ұл тапсын. Жылап шақыратындай — ай даладағы екі қу бастың өрем қапқанында тұрған қайғырып қараң су алатындай не бар. Түн баққан, түтін баққан далаңбай құстың далбаса қиқылы да...
Көзі ілініп кетіпті. Жұмыртқаның ақ уызындай бір түссіз қоймалжыңда малтығып жүр. Төңірегіндегі ештеңенің бет-бедері айқын аңғарылмайды. Тіпті өзі де мынау түссіз қоймалжыңға айналып кеткендей. Әлгі кеудеңнен шыбын жаның ұшып кеткенде шегетін халің осы ма екен. Бірақ бұл неғып теп-тез жантәсілім бола қалды. Әлгі жаныңды қарқараға келтіретін сират көпірі қайда? Асай-мұсайын асынып келетін Мүңкір-Нәңкірі қайда? Бірақ бұған Мүңкір-Нәңкір не айта алар дейсің. Кешегі ел басына күн туған жоқ-жітік заманда жетім-жесірдің тозғанын бүтіндеп, жыртылғанын жамап алғыс алмаса, қарғыс алған жері жоқ. Жұрты құрғыр: «Дегеніңе жет!», «Үбірлі-шүбірлі бол!» деп қақсамаушы ма еді. Бұның тілегі де, дегені де сол соңына қара ергені емес пе еді, Тілепалдының аман келгені емес пе еді... Жұрттан алған ағыл-тегіл батасы мен алғысы ең болмағанда жалғыз түйір перзентін көзіне бір көрсетуге жарамағаны ма... Бәлкім, әлгі шәйіт кеткендер тап болатын пейіші осы шығар. Жұрттан алған алғысы дарып, бұл да пейіштен бір-ақ шыққан шығар. Баяғыда баласын естірте келген имек мұрын молда: «Бір көре алмадым-ау деме. Оның күпірлік. Шаһит кеткен періште перзентіңмен, бәлкім ертең таң маһшарда жолығып қаларсың» демеп пе еді. Қазір мүмкін жалғызымен ұшырасар... Төңірегі сол баяғы қоймалжың. Әлгіндегідей мөлдір емес, лайыта бастапты. Жанарының бар нұрын сарқып қарайды-ақ ештеңе көрінбейді. Бұған пейіш керек емес. Жалғызын көзіне бір көрсетсін де, тамұғына-ақ лақтырсын... Төңірегіндегі қоймалжың сарқылған сарсудай қойыла түсті. Бірте-бірте батпақтанып балшыққа айнала бастады. Қара жер мұны біржола обып бара жатқандай. Көкірек тұсы ылжырап, жидіп жүре бергендей. Қорқыныш дейін деуге, өзі осы өлім дегеніңе әлдеқашан пейіл болған адам сияқты еді. Ендеше неге тамағы құрғайды, ендеше неге көмейіне әлдене кептеліп тұрып алады, ендеше неге иегі кемсеңдейді... Е, жалғызымды бір көре алмай қара топыраққа айналғаным ба деп таусылады екен ғой. Кенет. Астапыралла... Сарнаған әуен тағы да естілді. Төңірегіне құлағын түріп тыңдайды екен дейді. Қаптай қоршап келе жатқан қара балшық сыз топырақтан ызың шығушы ма еді. Әлгі әуен өз көкірегінен тұншыға шығып жатқандай. Күңіренген көйгөй... Өте бір таныс саз. Тек қазір ғана емес, баяғыдан бері келе жатқан секілді. Жан-жағын қоршай ұстаса бастаған сыз қара көкірегінен тұншыға шығып жатқандай... жер енді бет-аузын көміп барады. Бұл қара суға түсіп, жан-дәрмен бұлқынды.
Қараңғы түн. Түндіктің жыртығынан жұлдыздар жылтырайды. Сырттағы баяу жел басылған. Бұл дәл көзіне дейін кептей бүркенген қалың көрпені кейін серпід