22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Әбділдабек Салықбай
Әбділдабек САЛЫҚБАЙ - 1962 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Қызылбұлақ ауылында дүниеге келген.

Азатты азат еткен Арман бала






Ерте, ерте, ертеде, ешкi жүнi бөртеде, ұшы-қиырсыз са-йын далада өмiрi бiр етек-жеңi жиылмайтын, үстiнен атан түйе жүрiп өтсе де мыңқ етпейтiн марғау да маңғаз, бейғам да бейуайым бiр ел болыпты. Бұл елдiң ныспысы азат екен, көргенi мазақ екен, тартқаны азап екен. Өйткенi оның басқа бiрде-бiр елге ұқсамайтын қораш қылығы көп екен. Өзгесi өзге, құнтсыздығының өзiн санасаң сан жетпептi. Қауымдасып бастаған бiрде-бiр iсiн өмiрi соңына дейiн жеткiзбептi. Тiптi соғыс екеш соғысты да жаудың бетiн қайтарған iрi жеңiстен соң бiттiге санап, әрқайсысы өз жөнiне бет-бетiмен тарап кете барыпты. Мұны бiлетiн жырынды жаулары жеңiлiп бара жатса, қаша соғысып, кейiн ес жиып алған соң қапысын тауып, қайта шауып ала берiптi.

Әйтсе де азат елi жау қайдалаған батырларға, елiм деп еңiреген ерлерге кенде емес екен. Тек, сол жалаңтөс, жаужүрек ұлдарының басы бiр қосылмай, қапияда қан құсып, аңғалдықтан у жұтып, шетiнен шерменде халде өле берiптi. Батыры бiр оқтық, малы бiр жұттық болып, жиi-жиi ел iргесi сөгiле берген соң халық үнемi жаңа қоныс iздеп, сайын даланың сахара шөлiне қарай ығысып, бiрте-бiрте салт-дәстүрiнен де, ұлттық болмысынан да ажырап, азып-тоза бастапты.

Күңiренiске толы күндер, жылаулы жылдар жылыстап өте берiптi. Ел қамын ойлаған ақсақал, қарасақал, қабасақалдар жиылып, құдайдың құтты күнi кеңес құрса да бiр шешiмге келе алмапты. «Күлтөбенiң басында күнде жиын» деген сөз солардан қалған деседi.

Күндердiң бiр күнiнде ел еңсесi езiлiп, әбден үмiт жiбi үзiлер шақта Азат бабаның жетпiс жетiншi ұрпағы дүниеге келiптi дейдi. Осының өзi жүректердегi сөнуге айналған қоламтаны қоздатып, ұлан-асыр той жасалып, елiнiң арман-мүддесiн арқалаған ер болсын деп сәбидiң есiмiн Арман қойыпты. Мұқым ел-жұрт тiлеуiн тiлеп отырған соң Арман бала айлап емес апталап, сағаттап емес сәт сайын өсiптi. Бесiктен белi шықпай жатып-ақ елiнiң өткенi мен бүгiнiн, бүгiнi мен ертеңiн салиқалы жандарша саралайтын әдет тауып, алды-артына қараған сайын халқының қайғылы халi намысын қамшылап, жiгерiн жани түсiптi. Қаршадайынан-ақ қайтсем халқымды бақытқа кенелтiп, iргелi елдердiң қатарына қосамын деген ой баланың жатса да, тұрса да есiнен шықпайтын болыпты. Басын тауға да ұрып, тасқа да ұрып көкейiн қоздатқан сауалға жауап iздеп жүргенде Арман баланың буыны бекiп, бұғанасы қатып, ел тiзгiнi қолына тиiптi.

Сонда Арман халқын жиып, көңiлiн күптi қылған сауалын ортаға салыпты. Жиналған ел нәтижелi сөз айтпай, әркiм әр саққа жүгiртiп, бесенеден белгiлi жәйттердi тiзбелептi.

Бiр қария тұрып сонда:

— Адамдық болмысын жоғалтқан, өзiнiң кiм екенiн, не iстеп жүргенiн бiле бермейтiн маңайыңдағы аз ғана тобырдан не үмiт, не қайыр? Ол үшiн қиырларда жатқан ауыл-ауылды түгел хабардар етiп, жалпақ жұртты жидыру керек, — дептi.

— Оған қанша уақыт қажет,— деп сұрапты Арман әмiр.

— Берiсi — бес ай, арысы — алты ай.

— Жоқ, бiр күн де бейқарекет бос қарап отыра алмаймын. Оның үстiне жалпақ жұртты менен бұрынғы әмiрлер де жидырып, еш нәтиже шығара алмаған, — деп, Арман әмiр көкейiн қоздатқан сауалдың жауабын iздеу үшiн жолға шығатынын мәлiмдептi.

— Онда Қараспан тауын мекендейтiн Ақылман Әулие бар. Ат аяғы жетер жерде жол көрсетiп, жөн сiлтейтiн екi адам болса, соның бiрi, бiреу болса, нақ өзi сол Әулие. Соған жолық,— дептi әлгi қария.

Сөйтiп, Арман әмiр ел тiзгiнiн сенiмдi адамдарына тапсырып, қасына екi-үш жаужүрек жiгiт ертiп, Қараспан тауына бет алыпты. Тауға жетуiн жеткенiмен, Ақылман Әулиенi табу оңайға түспептi. Бiр күн iздейдi, тiрi пенденi кезiктiрмейдi. Екi күн iздейдi, тағы да тым-тырыс. Үшiншi күнi қасындағы серiктерiнен жырылып, әдейi бөлек кетiптi. Күнi бойы табанынан таусылып, шаршап-шалдығып ұйықтап кетсе, таң қылаң бере бiреу атын атап шақырғандай болыпты. Ояна келсе, үстiне ақ шапан киiп, басына ақ сәлде ораған күмiс сақалды қария тұр екен.

— Есiңде болсын, қарағым! Бұл сапарға сенен бұрын да талай-талай жүрек жұтқан батырлар мен «елiм» деп еңiреген ерлер аттанған-ды. Көкiрегiн кернеген арманы адыра қалып, жол ортада мерт болмаса, әлдеқашан келмес пе едi?! Мұндай азапты да қатерлi жолда солардың жолын құшсаң, өкiнбеймiсiң? — деп сұрапты қария.

— «Жазмыштан озмыш жоқ» демеп пе едi бабаларымыз. Арманымнан адасып, көздеген мақсатыма жете алмасам, солардан жаным артық па? Бағыт нұсқап, жолға сал, Ақылман Әулие, — дептi Арман әмiр.

— Ендеше құлағыңды сал, балам! Мынау түйенiң өркешiндей айыр шоқының ортасынан өтсең, алдыңнан дәл осындай тоқсан тоғыз тау және қырық қырқа кезiгедi. Iздегенiңдi солардың арғы жағынан табасың. Жол-жөнекей небiр адам сыпаттас сұрқия-сұмдар, әзәзiл-азғырушылар кезiгуi ықтимал. Олардың бiрiнен де жөн сұрама, айтқан тiлiн алма! Жүрегiңнiң әмiрiне, көңiлiңнiң қалауына салып, жолсыздан жол тап! — деп Ақылман Әулие Арман әмiрге жөн сiлтеп, бата берiптi.

Оған алғысын жаудырып, Арман әмiр сапарға шығыпты. Ақылман Әулиенiң айтқанындай жол-жөнекей кезiгiп, бағытынан адастырмақ болған сұм-сұрқиялардың сөздерiн елең қылмай ұзақ-ұзақ жол жүрiптi. Күндердiң бiр күнiнде тiк беткейдi қиялап келе жатса, әудем жерде асудың аузындағы бұлақ басында ақ сөңке болып шашылып жатқан сүйектi көзi шалыпты. Жақындап келiп үңiлсе, әлгiсi адамның сүйегi болып шығыпты.

Арман әмiр дереу еңкейiп, сүйектiң үстiне бiр уыс топырақ салыпты. Әруағына бағыштап құран оқып, ендi аттана берейiн десе, ақ сөңке сүйектiң жанында өсiп тұрған Тiкенекке тiл бiтiптi:

— Ықыласыңа разымын, мейiрбан жан! Мен де өзiңдей iзгi ниет-пен жолға шыққан пенде едiм. Мақсатым әруақтарға тәу ету емес деп, жол бойы шашылған сүйектердi елең қылмай, аттап өтiп жүре бердiм. Ақыры әруақ атып, бiр басқан iзiмдi мың басып, шиырлап бағытымнан адастым. «Өлi разы болмай, тiрi байымайды» деген сөздiң мәнiсiн ажал аузында жатқанымда ғана ұқтым. Ендiгi тұрысым мынау ербиiп. Осы қателiгiмдi ендi сен қайталай көрме, жас батыр! — дептi Тiкенек.

— Өзегiңдi өртеген өкiнiш уытын сезгендеймiн. Жалқы жаным аман болса, айтқаныңды жадымнан шығармаспын, — деп, Арман әмiр тағы да жолға шығыпты.

Ол құлан жортпас құла түзбен айшылық алыс жол жүрiптi. Қаншама шаршап-шалдықса да аяқ суытып, көз шырымын алғаны болмаса, сапарын тоқтатпапты. Күндердiң бiр күнiнде манағы Ақылман Әулие айтқан қырқыншы қырқаны асып түссе, етекке ала алақандай ғана төбешiктiң басында бiлiнер-бiлiнбес құлпытас тұр екен. Жанына келiп, құлпытас бетiндегi «Бiз де сiздей болғанбыз, сiз де бiздей боларсыз» деген жазуды оқып, тiзе бүгiп, құран бағыштайды. Бетiн сипап, орнынан тұра бергенде:

— Ықыласыңа рақмет, қандасым! — деп күңiренген дауыс шығады мола басына орнатылған құлпытас астынан. — Мен дағы өзiңдей ел басқарған әмiр едiм. Бiрақ «бұйырған кетпейдi, қуған жетпейдi» деп, қам-қарекетсiз күн кешiп, азат халқын ашаршылыққа ұрындырып алдым. Бұрынғылардың бұл сөзiнiң күнi өткендiгiн к-е-еш, тым-тым кеш түсiндiм.

— О, қандас бабам! Қанағат, ынсапсыз да күн көру қиын ғой, — деп таңданыпты сонда Арман әмiр. — Бұл нақылдың күнi өткендiгiн қайдан бiлдiң?

— Көзiм жетпесе айтам ба? — деп қабiрден шыққан дауыс азы-рақ бөгелiп барып, мынадай шежiре-сыр шертiптi.

— ...Баяғыда, түу-түу баяғыда Құдай-Әке өзiнiң жаратқан пен-делерiне еншi үлестiрiп жатқанда бiздiң Азат бабамыз Табиғат-Ананың омырауынан ажырамаған сәби екен. Алғашында Құдай-Әке жомарттық қылып үлкен ұлдарына қолындағының бәрiн үлестiрiп қойыпты да, емшектегi Азат бабамызға еншi бұйырмай қалыпты. Сонда Табиғат-Ана сүт кенжесi Азатты жұбатып: «Қамықпа, балам! Сенiң, сенен тараған ұрпақтардың ғұмыр бойғы азығы менiң мойнымда болсын», —дептi. Содан Азат бабамыз «бұйырған кетпейдi, қуған жетпейдi» деп, еншiге таласпай-ақ өмiр сүре берiптi. Азаттан тараған ұрпақтың барлығы да ата-бабадан қалған осы сөздi дәтке қуат етiп, Табиғат-Анаға арқа сүйеп, ғұмыр кешiптi...

Одан берi сан-сан ғасыр өтiп, төрткүл дүние төрт рет жаңғырды. Азат бабаның ағаларының ашкөз ұрпақтары Құдай-Әкеден алған еншiлерiн қанағат қылмай, ауызды Табиғат-Анаға салды. Оны тонап болып, бермесiн тартып алмақ ниетпен ендi Құдай-Әкемен арпалысуда. Өзiң ойлашы, қандас бауырым! Басқа жұрт өзiнiкiн былай қойып, өзгеге тиесiлi еншiге таласып, Құдай-Әкемен жағаласып жатқанда, бiздiң ырыс-несiбемiзге қол сұқпас деймiсiң?! Ендеше, «бұйырған кетпейдi...» деп қам-қарекетсiз қарап отыруға бола ма?..

Арман әмiр бұл әңгiменi де жадына тұтып алып, жол жүрiп кетiптi. Ол кезектi бiр тауды асып түсiп, етектегi қойтастарды аралап келе жатса, әудем жерден адамның бас сүйегiн көрiптi. Қасына келiп, мұсылмандық мiндетiн атқарып, орнынан тұра бергенде қу бастың iшiнен бiр Шыбын ұшып шығып, айтақыр маңдайға қонып, былай деп тiл қатыпты:

— Пейiлiңе рақмет, жолаушым! Мен дағы өзiңдей ел қамын жеген ер едiм. Ниетiм түзу-дi, амал не. Халқымды тығырықтан шығару үшiн iргелi елге телiп, арқа сүйесем деп соның құлақкестi құлына айналдырып алдым. Содан ел iшi бүлiнiп, аяр елге қарсы күрес ашып, халқым қанды қырғынға тап болды. «Ел шайқалса, төреге қатер...» емес пе, өзiм ел iшiнен аласталып, мiнекей, қу басым күнге қаңсып, далада қалдым.

Менiң басты қасiретiм — «аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деген ақиқат қағиданың жалқы жандарға ғана емес, бүтiн бiр ұлтқа, ұлысқа да қаратылып айтылғанын аңғара алмауымда. Ендi осы қасiретке сен ұшырама, жолаушым, — деп Шыбын жан қу бастың iшiне қайта кiрiп кетiптi.

Тумысынан зерек Арман әмiр мұны да көңiлге тоқып алып, сапарын әрмен қарай жалғастырыпты. Қилы-қилы кезеңдердi артқа салып, күндердiң бiр күнiнде әуелгi Ақылман Әулие айтқан тоқсан тоғызыншы таудың етегiне келiптi. Ол таудың етегiнде, дәл асудың аузында бетiн шөп-шалам басқан бiр кiшкене бұлақ жылтырайды. Арман әмiр дереу бастаудың көзiн ашып, тұндырып жiберiп, мұздай судан қанып iшiптi. Аз ғана аялдап, әлденiп алып тұра бергенде манағыдай емес қуаныштан сылқылдай күлiп, сылдырап аға бастаған Қайнар бұлаққа тiл бiтiптi:

— Атақ-даңқыңа әуелден-ақ қанық едiм, Арман әмiр, — дептi ол. — Ендi қайырымыңды көрiп, тәнтi болдым, рақмет! Алла-Әке алдыңнан жарылқап, жолыңды оңғарсын.

— Уа, тiлегiңе рақмет! Өзiң кiмсің? — деп сұрапты аң-таң болған Арман әмiр.

— Мен де өзiңдей ел қамын ойлап, жамиғаттың арманын арқалаған жанкештiмiн. Дәл өзiңдей тауқымет тартып, барлық қиын-дықты артқа салып, тоқсан сегiзiншi асуды асқанымда пайғамбар жасына жеткен едiм. Сонда жиған-терген бiлiмiм, көкiрекке түйгенiм ендiгi ғұмырыма азық болсын, бұдан былай дүниенiң қызығын ғана көрейiн, «болдым-толдым» деп күпiндiм. «бiлге-нiң — бiр тоғыз, бiлмегенiң — тоқсан тоғыз» деген қағиданы ұстану былай тұрсын, құлағыма да ілмей күпiрлiк қылыппын. Ақыры, мiне, «Оқыс болса, быламыққа тiс сынады» дегендей, қарға адым жер қалғанда болмашыдан мертiгiп, қара жердiң қойнына түстiм. Мына бұлақ — менiң өзегiмдi өртеген өкiнiштен ағып жатқан көз жасым, — дептi әлгi дауыс.

— Алланың әмiрiне көнбеске шара бар ма? Атымыз әмiр болғанмен бiз де оның құлымыз, — деп, Арман әмiр iлгерi жүрiп кетiптi.

Жарым дүниенi көктей етiп Арман әмiр әуелдегi Ақылман Әулие айтқан тоқсан тоғызыншы тауды асып түссе, алдынан күмбезi көк тiреген зәулiм де сәулеттi Ақ орда көрiнiптi. Ақ орданы айнала кең шеңбер сызылып, шеңберден көрiнер-көрiнбес сызық шығып, сонау шығыстағы көкжиекке қарай сымша тартылып жатыр екен. Аяңдап қасына тақау келсе, әлгiндегi шеңбер дегенi — лақтырсаң тасың жетпес биiк қамал, көкжиекке сымша тартылған сызық дегенi — үйiр-үйiр жылқы, қотан-қотан қой айдасаң да сыйып кете беретiн далиған даңғыл жол болып шығады. Сол даңғылмен қамалға қарай ағылған адамдарды көрiп, бiрiнен жөн сұраса, Ақ ордада әлемдi аузына қаратқан ғұлама бар екен дейдi. Оған күн сайын дүниенiң төрт бұрышынан мың-мың әмiр, сан-сан қолбасшы келiп, ел басқару жайынан жөн-жосық сұрап, ақыл-кеңес алады екен. Арман әмiр де еш iркiлместен нөпiрге ерiп, iшке енiптi. Қамал iшiнiң өзi қарасаң көзiң тоймайтын, сәулетiне дәулетi сай кең шаhар екен. Ақшаңқан әппақ үйлер, әр бұрышта қаққан қазықтай қаздиып, қару-жарақ асынған әскер күзетi. Ғұлама Арман әмiрден жол-жөнекей көрген-бiлгендерiн, көкейге түйгендерiн шып-шырғасын шығармай айтып беруiн өтiнiптi. Арман әмiр оның айтқанын орындап, жадына тұтқанын еш iрiкпестен түгел баян қылыпты.

— Солай де, сон-а-ау қиырдағы, қол жетпес шалғайдағы Азат елiнен келдiм де, балам! Орда бұзар отызға жетпесең де көңiлге то-қығаның мол екен, шырағым, — дептi Ғұлама разылығын жасыра алмай. — Менiң бiлуiмше, әлi сәби түсiнiктен арыла алмай жүрген аңғал халқыңның үш бiрдей кемшiлiгi бар. Бiрiншiсi — халқың көкiрегiне нұр құятын жанды өз iшiнен iздемей, өзгеге көзiн сатады екен. Екiншiсi — өздерi қулық-сұмдық, айла-шарғыға епсiз болған соң, өзара iстейтiн айла-амалды бес саусағындай бiлген соң, бөтен жұрт ала жiптi аттамастай көрiп, дау-дамайға төрелiктi өзгеден күтедi екен. Үшiншiден — ең елеусiзi әрi ең қауiптiсi — өздерiн жат жұртқа табиғи жолмен мойындатудың орнына алдымен басқаға түсiнiктi болсыншы деп, өз таразысындағыны өзгенiң безбенiне салып, берекесiн кетiредi екен. Тағы бiр байқауымша, халқың көнтерiлi екен, көнбiс екен. Өйткенi оған күштi қозғау салып, бұзылған сеңдей жүйткiтiп әкететiн көсем тектi серке азамат көптен берi болмапты. Бодандықта болған соң көшбасшылыққа жарайтынның бәрiнiң басы алынып келiптi. Себебi жүрегi шай-лыққан, жалтақ халқың көп ретте олардың соңынан ермей қалып, не сын сәтте жалт берiп тайқып кетiп, арандатып отырыпты. Соны бiлгендiктен сенен бұрынғы әмiрлер маңындағы көршi елдерге қарсы келмейтiн, көпiрме сөзi болмаса, көк тиын пайдасы жоқ, бойындағы ұлттық болмысы жылмағайланып, мәймөңкеленiп бiткен пысықайларды ғана қасына жинапты. Елiңдi «бейбiт-шiл» қылам деп оның рухын, елдiк бет-бейнесiн жерлеп келiптi. Халқыңның намысын жерлеп, еңсесiн езiп бiтетiн ондай қан-сөлсiз құр сүлдерлерден құтылмай, ел болмайсың. Мiнекей, көзбен көрмесем де көңiл таразысында салмақтап, арғы бiр аңғарыммен ұққандарым.

Ал өз көкiрегiңдегi тәуекелге тас байлаған сенімнің кемшіндігі едi. Оны сен жолай көңiл сүзгiсiнен өткен дүниелер арқылы көкейiңе мықтап қондырыпсың. Ендiгi қалғаны — әрекет. Тек қана әрекет, — деп, данышпан Ғұлама Арман әмiрдi жолға салыпты. Мұны естiгенде көкiрегiне күн қондырғандай болып, жол азабын бiр-ақ демде ұмытқан Арман әмiр дереу елiне жетiп, билiктi қайта қолына алып, көрген-бiлгендерiн, көңiлге түйгендерiн кәдеге жарата бастапты. Өмiрi асып-таспапты, бiрақ халқына көз алартқан жаудың жанжалынан қашпапты. Ал азат жұрты Арман әмiр билеген күннен бастап, шын мәнiндегi азат елге айналып, ен дәулетке кенелiп, арман-мұратына жетiптi.