Әдебиет
Әбдіжәміл Нұрпейісов
Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов (1924) – Қазақстанның халық жазушысы, XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам
Қан мен тер қалай жазылды
I
Шығарма жазылып бітті.... Кітап боп басылып шыққалы да әлдеқашан. Енді, міне, қайта-қайта басылып та жатыр. Шамасы, сірә ұзақ жылдар көз майыңды тауысқан осы кітапты алғаш рет жазсам деген ойдың басыңа қашан, қалай келгені хақында және қалай жазылғаны хақында ой толғайтын уақыт та жеткен сияқты. Шынын айтқанда, осы сауалдың бұдан бұрын да бір рет алдымды тосқаны бар. Бұнан бұрын да дәл осы сауалға жауап бергем. Ол, ұмытпасам, 1970 жылдың көктем айы еді. Алматыға белгілі сыншы Леонид Теракопян келді. Совет романдарының сериясында шыққалы әзірленіп жатқан «Қан мен тер» трилогиясының алғашқы екі кітабы — «Ымырт» пен «Сергелдеңге» алғы сөз жазбақ боп, арнайы келген сапары еді.
Қонақтың қалауы бойынша біз көбіне сыртқа шығып, кісі-қара аз, тыныш көшелермен көктем шуағын бетке ұстай жүріп әңгіме шерттік. Байқауымша, мына жігіт бұрын біздің жақта болмаған. Жолға шығарда қыс ызғары әлі де қайта қоймаған Москва маңының ауа райына қарап киінгені байқалады. Ал, біздің жаққа биыл көктем ерте кірген-ді. Қыс ызғары қала түгіл көшеге шықсаң-ақ көз алдыңа көлбеп тұрып алатын сонау тұла бойы түп-түгел қардан арылып, кіреуке мұнар арасында көкшіл жотасы көк тіреп жататын заңғар таудың өзінен де сезіле қоймайды. Оның үстіне биыл қыс ызғары бір лезде сынып, қардан арылған қаражон дала қала іргесінде бусанып, ертелі-кеш көңіл ашар қоңыр жел тау қойнауынан есті де тұрды. Әлден бүр жара бастаған терек бұтақтарында үйме-жүйме боп отырған торғайлар да ерекше сайрауық. Қонақ үстіндегі қыс пальтосын ауырлап, қос өңірін бағана біз кездескенде-ақ серпіп ашып тастаған-ды. Дала түгіл қала көшелерінен де кәдімгідей анық сезіле бастаған ерте көктем тынысына сергек әсерленіп келе жатты да, кенет ол менен кітап жайында сұрады. Бірден-бір білгісі келгені осы кітапты жазсам деген ойдың басыма қалай келгені хақында. Бұның жауабы көкірегімде сайрап тұрса да, мен салған жерден шешіле қоймай, өткен күнге ой жүгіртіп іркіле түстім. Сонда менің ойыма сонау 1947 жылдың сарша тамызы орала кетіп еді. Күн аптабы кісі тынысын буып тұратын өзіміздің өрттей ыстық Арал өңірі мен жиырма үш жасар бала жігіт қапелімде көз алдыма кеп тұра қалды. Кешегі сұрапыл соғыста бала жігіттің әкесі өзіне тетелес екі бірдей інісімен қаза тапқан. Өзінің де әскерден босанып келгеніне көп бола қойған жоқ. Төрт жылдан кейін қайтып оралған жігіт ошағы сөнген үйін көрді. Соғыс біткелі екі жыл өтсе де бәрінің бірдей ер-азаматы орала қоймай, еңсесі түскен елді көрді. Қай үйге бас сұқса да кешегі соғыста тірлігі титықтап, жүдеп-жадаған жесір қатын, жетім бала алдынан шықты. Балықшы колхоздарының да әлі еңсесін көтере қоймаған шағы. Қайда барса да көргені - жүдеу жүз, жабырқау көңіл, жұпыны өмір. Тірлік үшін күн-түн қатып тырбанып жатқан жас бала, жесір қатын, кемпірлер, шалдар. Ара-тұра соғыстан жараланып қайтқан жарымжан мүгедектер ұшырасады. Бір жолы ол қалаға кетіп бара жатқан ат арбаға ілесіп кете барды. Арбакеш кәрия жол бойы жұмған аузын ашқан жоқ. Түсін бермей тұнжырап алған осы кәрия тым тұйық. Жол қысқартқысы кеп жалтақ-жалтақ қараған сайын бұған сыртын беріп отырған сұсынан қаймығып тоқтап қалады. Оның қалғып отырғаны, не әлде ғұмыр бойы қусаң да жеткізбей жүйкеңді құртып болатын алдамшы үміт тәрізденіп, ауылдан шыққалы қыбыр-қыбыр қозғалған ат тұмсығының алдында ирелеңдеп, бір белден соң тап сондай тағы бір белден ақсиып асып түсіп жатқан осынау дала жолына телміріп қарап қалғаны белгісіз. Доңғалағы майланбаған ескі арба ғана жол бойы жағы бір сембей шиқылдап, зарлап келеді. Жол ұзақ. Күн ыстық. Ауылдан шыққалы талай уақыт өтсе де, бұл екеуі бір-біріне әлі тіл қатқан жоқ. Кедір-бұдыр жерлерге келгенде селкілдей жөнелетін арба үстінде бұ да қосыла секектеп, жұлыны үзіле жаздап бара жатқасын әбден мазасы кеткен бір кезде жерге қарғып түсті. Ботинкасын шешіп қолына алды. Ат соңында ақырын айналған арба доңғалағының ізін басып ілбіп келеді. Ыстық қоламтадай топырақ табанын күйдіріп бара жатқасын ара тұра жол жиегіне шығып кетеді. Шөл қинаған кезде, бағана ауылдан шыға бере аузына салған құртты тілімен арылы-берілі үйіріп, екі ұртын кезек бұлтылдатып, тамағын дымдап алады. Оқтын-оқтын көзі талғанша көкжиекке қарайды. Қай жағына қараса да таспа боз кер жусан күн көзінде қуарып, қуқыл реңге ауысқан жұпыны дала жолаушы көңілін жүдетіп, құсаландыpa түседі. Дүние дүние боп жаралғалы өз сырын өзінен ұрлап жым-жырт боп жатқан осынау меңіреу далада тірлік нышаны тіпті сезілмейді-ау... «Апыр-ай, — деді бала жігіт ішінен. — Қандай құдіретінің барын кім білсін, бір жанға ықыласын бермей, айы тартылып кеткен тас емшек желіндеп, безеріп жататын да қоятын осы мына елсіз-сусыз құба дала, қу медиен қашан көрсең де көзіңе оттай ыстық басылып, ет жүрегің елжіреп тұратыны несі? Адам мекен еткен айдай әлемде күші асқан қиянаткердің зорлығы мен зәбірінен қан қақсаған бұнан да басқа жер бар ма екен? Бұл басынан кешкен ғасырлардың қазасыз күні мен азасыз айы болып па? Жүзі суық жау бірде жеріне шығыстан тисе, бірде батыстан тиіп, ылғи қапылыста қан қақсатып кететін, талай-талай ұйқыңды бұзып, ұйтқыңды шайқап ұйпа-тұйпаңды шығарып кеткенде, оты сөнген ошақтан өмір жалғасындай әлсіз бір тірлік әрқашан қылтиып қайта көрінгенше өзегің талатын. Иә, мына тусыраған тұл даланың үстінен ту-ту бағзы заманнан бермен қарай сансыз ұрпақ көшіп өтті. Осы дала бізден бұрын да талай ұл мен қызға атамекен бопты. Өзіміз сияқты олар да осы дүниеге әр қилы асқақ арманмен құлшынып келіп, бірақ бірде-бірі дегеніне жете алмай, опасыз сұм жалғаннан күңіреніп өтіпті. Және ізсіз өтіпті. Біз сияқты олардың да тағдыры талқыға түсіп, тірлік үшін тайталасқан жағаласта бірде жау қолында шалғайы кетіп, дар-дар жағасы жыртылып жатса да ел намысы үшін арпалысқан ерлері арын бермепті, күші басым жаудың бірде астына түссе, бірде үстіне өзі шығып алыс-жұлыспен өмір кешкен азғантай халық осы далада бағзы заманнан бермен қарай мал бағып, егін егіп, балық аулап күн кешіпті. Олар да өзіміз сияқты түндік астында түтін түтетіп, осы даланың бір аруына ғашық болған. Жар құшқан. Перзент сүйген. Осы мына өмір бойы өрттей ыстық күн астында қаназасы кеуіп жатқан қу медиен бізге мекен болғалы қаншама қасіретті ананың, қаралы жесірдің, қорғансыз жетімнің көз жасы көлдей ақты?! Осы даланың келешегі үшін қиғылық ұрған қаншама асыл боздақтарымыз қанын, терін төкті... Иә, қаны мен терін төкті... Қан мен тер... қан мен тер... Жас жігіт «қан мен тер» деп әлдеқалай аузына түскен дұғадай ішінен күбірлей берді. Осы бір ауыз сөз бір дегеннен жүрегін шоқтай шарпып өтсе де, балаң жігіт бірақ оның түп астарындағы анық мәні мен мағынасын әлі ұға қойған жоқ-ты. Сол күні кешке қарай Арал қаласында тұратын жақын ағасы — Байқабылдың үйіне кеп жетті. Сол бойда столға отырып, қолына іліккен бір жапырақ қағазға «Қан мен тер» деп тұңғыш рет түсіріп еді. Өзіңнің, аз ғана халқыңның болашақ бақыты үшін қаны мен терін төккен ата-бабалары жайында күндердің күнінде сәті түсіп шығарма жаза қалса, оның атын дәл осылай атармын-ау деген ой бала жігіттің басына сол арада алғаш рет келіп еді.
Әлі бір жолы да жазылмаған, бірақ түбі тірі болсам жазармын деген дәмені көңіліне қатты медеу қылған ол сол түні ұйықтай алмай шықты... кітаптың әлгіндей аты келешекте жазылатын шығарманың соңырағы күні көтеретін азаматтың ауыр жүгі мен онда сөз етілміш дәуірдің әлеуметтік сипатын салған жерден-ақ анықтап берген сияқты. Оны айтасыз ба, соңырағы күні үш кітаптың тұла бойында көп-көп жағдайда оқушы жүрегін сыздатып тастап отыратын аянышты ауыр халдер бұл шығармада басымдап көрсетіліп, осы дүниеден өмір жолын іздеген кейіпкерлердің де арпалыс, алыс үстінде қолымен істеген әрбір ісін үнемі ішінде тәптіштеп, тебіреніске түсіп кететін баяндау сипаты да кітап атынан белгілі боп қап еді.
Әрине, ол кезде бұның бәрі бастағы ой еді. Басыңа келген ойды соңырағы күні хатқа түсіріп, халыққа ұсынудың жөні әлдеқайда қиын. Шығармаға отырар алдында тәуекелге бел байлаған әрбір кісіге таланттан басқа тағы екі нәрсе керек: бірі — білім, екіншісі — тәжірибе. Ал, шынын айтқанда, сол кезде менде осы екі нәрсенің екеуі де жоқ еді. Құдай оңдап, мен әйтеуір бір дегеннен бар болмысымды баурап әкеткен әлгіндей салауатты ойдың салмағын қатты сезсем керек. Бұған жастық алаңғасарлықпен ыссылай ұрынуға болмайтын еді. Жөні түзу жазушы болу үшін кісі алдымен білімдар болу керек дедім ғой. Ал, менің не бәрі бітіргенім — он жылдық мектеп. Және орта мектеп бізге өндіріп білім бере алған жоқ. Ол кезде бізге сабақ берген оқытушылардың ішінде жоғары дәрежелі білімі бар кісі ілуде біреу. Мәселен, Ақтөбе педучилищесінің бірінші курсын ғана бітірген кісі біздің мектепте жоғары кластарға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Әдеби сауатым мен ой-өрісімнің түйтелігін сезгесін мына шығарманы жазуға тіпті асыққан жоқпын. Арал өңіріндегі өзіміздің атамекенде балықшылардың арасында тұра бердім. Кешегі соғыста өз басымнан кешкен, көзіммен көріп куәгер болған оқиғалар хақындағы шығармамды асықпай ақырын жаза бердім. Қолым қалт еткенде келешек жазатын кітабыма да тірнектеп тарихи деректерді қарастырып қоям. Сол кездің өзінде-ақ мен соңыра жазылатын үш кітапта қамтылатын көл-көсір оқиғаның аумағы мен әлеуметтік салмағын, тап пен таптың, ру мен рудың және қыруар қаһармандар арасындағы қым-қиғаш қақтығыстардың сипатын шамалап сезіп едім десем артық айтқан болмас едім.
Ілгеріде осы кітапты жазам деген ойдың алғаш рет басыма қалай келгендігі хақында айттым ғой. Қазір сол кітаптар жазылып бітті. Кейінгі бірер жыл ішінде қазақ тілі мен орыс тілінде, тағы талай тілдерде жарық көріп жатыр. Енді қазір бір кез кейінгі жаққа көз тастап, артында жосылып жатқан азабы мен мехнаты мол ауыр жолдың ен бойын шолып өтуге болатын шама бар. Алайда, өз басым осы ойды тудыруға шын себеп болған сол кездегі құдірет күштің сыр-сипатынан әлі күнге бейхабармын. Айтса айтқандай, бұл өзі не? Кісі жанының аяқ астынан рухтанып, қанаттануы ма немесе әлдеқандай оқыс от алған ұшқыр сезім бе? Мүмкін, бұл кешегі ұзақ төрт жылға созылған сұрапыл соғыста қырылған қыршын жандар мен солар төккен қасиетті қанды, қайғы-қасіретті көріп, жас жүрегі сыздап қайтқан бала жігіттің бойында сыртқа шығуын тосып булығып жүрген кекті ыза ма? Сол ызаның дүмпуі ме? Сол ыза енді қазір шілде айының осынау ми қайнатқан өрттей ыстық күні астында, өздерінен басқа тірі бір жан жоқ шексіз сары далада жалғызсырап, көңілі құлазып келе жатып іштей тебіреніп ойлаудан, толғанудан кейін басына келген ой ма? Қалай болғанда да өзінен өзі оқыс басына келген ой бар болмысыңды баурап алады. Сен енді көкірегіңді кернеп, арылмас арманыңа айналған творчестволық ойың қашан осыдан қағаз бетіне түсіп, көркем шығармаға айналып, үш кітап боп стол үстінде томпайып жатқанша тыным таппайсың. Сенің бұнан былайғы жердегі бар ойың мен арманың қанша құс қанаттанып көтеріліп ұшып, аспан астын шарлап кезіп кетпек болса да, соның бәрінде де қайта-қайта оралып кеп соға беретін жері — осы ойдың төңірегі. Ендігі жерге сен бұрынғыша таң атырып, күн батырып қаннен-қаперсіз өмір сүре алмайсың. Сен ендігі жерде темір қазыққа мықтап байлап қойған ат тәріздісің. Неғұрлым босанып шыққың кеп бұлқынған сайын солғұрлым әлгі оқыс киліккен оқшау ойға бар сезіміңмен шырмалып орала бересің, орала бересің. Алда алты жыл оқуың бар. Оның үстіне жақында ғана үстіне шаңырақ көтерген жас семьяның бірі жетсе, бірі жетпей етек басты күйбең-күйбең тірлігі қолыңды байлап, көзіңді ашып-жұмғанша он бір жылдың қалай өте шыққанын сезбей қаласың.
Бұл жылдары кітапқа білек сыбанып кірісіп кете қоймасам да, творчество адамында ықтияр, еркінен тыс болып жататын іштей даярлық үздіксіз жүріп жатқаны даусыз. Оның үстіне осы он бір жыл ішінде кітап арқауына қолма-қол кіретін тарихи дәуірдің арғы-бергі жағын әжептәуір қазбалап, екі салада материал іздедім. Бірі — сол дәуір сипатын танытатын тарихи деректер. Бұл ретте, әрине, тарихи тақырыпқа қалам толғаған кісіге Ключевскийдің сөзімен айтқанда: «Көне дүниенің рухани бейнесін» білу - әбден қажет еді. Ал, әрбір дәуірдің бейнесі мен болмысын, сыры мен сипатын сол дәуірде тірлік кешкен ірі-ірі тұлғалардың ісі мен әрекетінен, әсіресе анығырақ көресің. Араға ұзақ жылдар түсіп, көз бен көңілден қашықтап кеткен кешегі ата-бабаларымыздың бастан кешкен сан-сапалақ өмірін қазіргі оқушыларға сол қалпында бұлжытпай қайта тірілтіп әкелу, әрине, оңай шаруа емес-ті. Институт қабырғасында өткізген бес жылда ара-тұра библиотекалар мен архивтерді қарап, буда-буда қағаз арасында біздің көзімізден қағыс қап жатқан көне заман сырына жіңішкелеп жол тапқандай болдым. Азамат соғысының оқиғаларына қолма-қол қатысқан белгілі кісілердің біздің елде ертеректе басылған мемуарлары мен күнделік қойын дәптерлерін таптым. Мәселен, Колчак жөнінде бізден бұрын да, біздің дәуірімізде де көп жазылғаны белгілі. Азамат соғысының тарихында әлемге аты шулы болған осы сол дәуірдің сойқан тұлғасы менің де болашақ шығармамнан қағыс қалмайтыны анық еді; азамат соғысының тарихынан хабардар кісілерге аян — Сібірдегі Омбы үкіметінің басына ол кездерде құдіретті ағылшын империясының қолымен апарып қоя салған адмирал Колчак «піссіміласынан» бастап, ақырғы күніне дейін ағылшындардың дегенінен шықпаған кісі. Ағылшынның Омбы үкіметіндегі өкілі Нокстың бар дегенін бұлжытпай орындап отырды. Сол Нокстың әмірі бойынша Колчактың әйгілі Түстік Армиясы қазақ даласына күнбатыс жақтан қарақұрттай қаптап кіргенсін-ақ басқа бір жаққа мойын бұрмастан Ақтөбеден бастап, Аралға дейін тұп-тура темір жол бойымен ұрыс сап ілгері жылжыды да отырды.
Демек, Қазақстанның батыс өлкесіндегі азамат соғысын суреттегенде Колчакты ауызға алмай үнсіз өтіп кету мүмкін емес-ті. Ал, Колчак жөнінде көп жазылды. Соларды болмашы бір оқиғалармен жаңғыртып қайталағаннан гөрі, әрине, қолдан келсе Колчак образын жасағанда басқа жұрт білмейтін психологиялық жаңа штрихтар енгізіп, оқушы ұғымында бұрыннан қалыптасқан таныс бейнені тың бояумен толықтыра түсу керек еді. Колчак жөнінде өз тұстастары жазған көптеген мемуар ішінен баяғы патша заманында генерал-лейтенант болған барон Алексей Будбергтің күнделігі көңіл аудартады. Барон Будберг Омбы әскери үкіметі құрылған күннен бастап, ақырғы күйреген күніне дейін Колчакпен тақым жазбай қызмет істеп, Жоғарғы Ставкада бас интендант болған кісі. Соның жазғанына қарағанда Колчак қолағаштай ірі мұрынды кісі болған. Және ол ұзын бойлы арық кісі боп еді деп жазады. Кезінде аралас-құралас тірлік өмір кешкен кісінің дәл мынандай ақиқат кәміл білетін штрихін қалай кәдеге асыру керек? Колчак образының бізге белгілі бұрынғы болмысына кішкентай да болса соны бір жаңалық қосып, ол туралы осы күнге дейінгі түсінігіміз бен ұғымымызды кеңейте ала ма, соған септігі тие ме?
Үшінші кітапты жазу үстінде, көлденең біреудің көзімен адмирал Колчак былай суреттеледі: «Генерал Чернов мырс етіп күліп қойды. Колчак кең кабинетті кезіп жүр. Алдынан ерсілі-қарсылы өткен сайын адмиралдың қара хром етік киген тертедей ұзын аяғы ерең-серең етіп қайта-қайта көзіне түсе берді. «Тырна аяқ екен ғой» деп ойлап, сонан анау қашан өз орнына барып отырғанша кеудесіне түскен басын көтермей, өз-өзінен ыңғайсызданып, қысылып бітті». Немесе сол кітаптың екінші бір жерінде Колчак өзі көңілдес боп жүрген Омбының атақты актрисасының қолын сүймек болғанда ернінен бұрын адмиралдың қолағаштай үлкен мұрны тиіп кетеді де, келіншек тыжырынып, қолын тез тартып ала қояды. Әрбір тарихи тұлғаның образын толықтырып, жандандыра түсетін әлгіндей ақиқат анықтама деректер кейінірек жазушы қаламына іліккенде оқушы көкірегіне қона кететін әдеби штрихқа, аса қажет детальға айналуға тиіс. Тағы бір мысал: «Қан мен терге» материал іздеп жүрген кез-ді. Өзіміздің елге жылда жазғы каникулға келіп-кетіп жүрген бір сапарымда Аралдың әр нәрсеге назар аударып ізденіп жүретін Сағи Жабасов деген бір зерделі интеллигентінен Азамат соғысының белгілі әскери қайраткерінің бірі - Фролов хақында жақсы дерек таптым. Ал, Фролов — Кронштадт морягі. Азамат соғысының алғашқы жылдарында төтенше мандатпен Қазақстанға келген кісі. Сол кезде Қостанайда атты әскер полкін ұйымдастырушылардың бірі. Сонан бір кезде Колчактың Түстік Армиясына Красноводск маңын иемденіп жайлап алған ағылшынның экспедициялық әскері қосылмақшы болды ғой. Қазақ жеріне Орскі жақтан баса-көктеп кірген қарақұрттай қалың қол бұл өлкенің ел-жұрты сирек кездесетін, суы тапшы шөл даласында өздерінің көңіл түбіндегі көз тіккен нысанасына жеткенше енді тек Орынбор — Ташкент темір жолының бойымен ғана ілгері жылжып отырып, Арал теңізіне де жетеді. Бұл кезде қызылдар да қол қусырып қарап отырмай, жан-жақтан асығыс жинаған әскер құрамаларын Арал қаласының күнбатыс жағына топтап, ақтарға осы арада тойтарыс бермек болады. Осы бір қиын-қыстау кезде жаңағы Кронштад морягі Фролов та Түркістан майданының төтенше мандатымен Аралға кеп жатқан еді.
Бұл арада тағы бір айта кететін нәрсе мынау: XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласының алыс түкпірінде жатқан Арал теңізінің жағалауында алғаш рет промысел ашқан орыс купецтері — Марков пен Мокеев, Кисин — берегірек кеп қалталары қалыңдап, қоң жинап алған соң, бір ыңғай балықтан түскен табысты місе тұтпады. Арал теңізінің арғы бетінде жатқан Хиуа хандығының тай-тай мақтасы мен матасына бергі жақтан қол созады. Сол сол-ақ екен, Арал теңізінің айдынында ірі-ірі кемелер мен кебеже құрсақ баржалар пайда бола бастады. Түркістан майданы төтенше мандатпен жіберетін Фролов Аралға келген бетте әлгі көк теңіздің көкжалдары — Марков, Мокеев, Кисиндердің кемелерін күшпен дереу жинап алады да, олардың палубасына пулемет, пушка орнатып, соғыс флотилиясын қолма-қол құрып жібереді. Өзі сол флотилияға комиссар болады.
Байқаған шығарсыздар — комиссар образын жасайтын кісіге мына кронштадтың моряк құйып қойғандай дап-дайын әдеби прототип. Оның бойында комиссарға лайық, қажет қасиеттің бәрі бар. Көзі тірісінде көре алмасам да, оның сол дәуірде түскен фотокарточкасындағы кескін-келбетіне қарағанда, сырт бейнесі, түрі мен тұлғасы тап бір комиссарға лайық — жазық кең маңдайлы, өткір көзді. Бүткіл сырт келбетінде ақылды, парасатты әрі мейлінше ұстамды кісінің пішіні байқалатын. Азамат соғысының қаһарлы күндерінде аяқ үсті жүріп әлдеқалай көз іліндіріп алатын, бар өмірі арпалыс пен алыста өткен кісінің қатулы қабақ астынан қарайтын үлкен көк көзінде де сабырлы салмақ бар-тын. Іздегенге сұраған дегендей, біз іздеген бар жақсылықтың бәрі бір өзінің бойынан табылып тұрғанына қарамастан мен бірақ, бұл кісіден, комиссар Дьяковтың бойынан иненің жасуындай ештеңе алғам жоқ. Оны трилогияның үшінші кітабын оқыған кісі байқауы кәміл, «Күйреудегі» комиссар Дьяков мына Фроловқа өмірбаяны жағынан ғана жақындастыра түсетін кейбір ортақ ұқсастықтары табылып қалса да, сырт түрі мен психологиялық жәйттері бір-біріне кереғар, алшақ. Сонан болар, әйтеуір, сырт қараған кісіге бұл екеуі табиғаты екі бөлек жандар.
Автор өзінің комиссарын қайткен күнде де мына Фроловқа ұқсатпай, қайдағы бір қарама-қайшы образ жасаудың қамын көздеген сияқты. Шынында да, ондай ой менде болған жоқ. Мен, әрине, Азамат соғысы туралы тербеген әрбір суреткердің комиссар бейнесіне қайткен күнде де соқпай кетуі мүмкін емес екенін білдім. Сол бір отты жылдарда қызыл комиссарлар партиялық көрегендік пен қырағылықтың, саясатта да, соғыста да шым-шытырық арасынан сүріндірмей жол тауып алып шығатын кемеңгер ақылдылық пен ұйымдастырушылық қабілеттерімен қоса жаңа заман әкелген зор адамгершіліктің жарқын үлгісі бола білген жандар еді ғой. Орыс жазушылары жаңа әлеуметтік шындықтың рухани дидарын ашуда Қызыл Армия комиссарларының сан алуан сұңғыла бейнелерін жасады. Олар бұл ретте орыс әдебиетінің өз дәуірінің алдыңғы қатарлы озық ойлы өкілдерінің бейнесін жасаудағы көп ғасырлық жемісті дәстүрлерін шебер пайдалана білді. Орыс прозасы тудырған комиссарлар бейнесіне, дос былай тұрсын, жаудың өзі табынбауы еш мүмкін емес-ті. Совет оқушыларының әлденеше ұрпағының санасында парасат пен ер жүректіліктің, жігер мен қайраттың, кемеңгер, көсемділіктің қиыннан қиысқан кемел жарасымы ретінде қалыптасқан кесек бейнесін жасауда әлгіндей айтулы дәстүрдің өміршең қағидаларын ескермей кетуге де, сол сияқты үйреншікті үрдісті қуалап, көп сүрлеу көне машыққа ұрынуға да болмайтын. Кей ретте әдеби канонға айнала бастаған комиссар бейнесін жасауда оқушы қауымды селт еткізер жаңа сипат, соны бояу табу қапелімде оңайға түсе қоймағаны рас. Мен оқушы санасына көптен ұялап қалған комиссар бейнесінде ә дегеннен жақсы ашылған азаматтың кемелділік пен рухани қайсарлықты, кісілік сипаттарды сол күйінде қалдырып, бірақ комиссар болса — үстіне сықырлатып қара сүрік кигізіп көрсететін оңай әдісті малданғым келмеді. Бірақ ұзақ ойлап, ұзақ толғаудың үстінде сырт нобайы айқындала бастаған өз комиссарымның өзі тектес өзге бейнелерге ұқсамайтын басқа бір бөлек бейнесін көңілім танығанмен, көпке дейін дәл үстінен дөп басып көзге елестете алмадым.
Сөйтіп жүргенде бір топ жазушы боп Гурьев облысына бара қалдық. Күздің қара суығы еді. Алғаш қар жауды. Каспий сыртындағы көл-көсір жазықта ұйқы-тұйқы боран көтерілді. Желеңдеу киініп шыққан біздер әрі-беріден кейін қалтырап, тоңа бастадық. Арамызда суық тигізіп алғандар да жоқ емес. Әсіресе, сырт жақта болып қайтқан бір егде жазушы екі иінінен дем алып әзер отыр. Әдетте қарлы борасын түгілі темекінің түтінін жаратпайтын оған мына тұтқиылдан тап болған суық оңай тиіп келе жатқан жоқ-ты.
Жол-жөнекей бір балықшы колхозында кідірдік. Дастархан үстінде әлгі кісімен қатар отырып қалыппыз. Үлкен бөлмеде, қапелімде тым-тырыс тыныштық орнады. Сол бір қас пен көздің арасында жым-жырт үнсіздікте менің көршімнің көкірек сырылы құлағыма шалынды. Оны өз ішімнен аяп, жүзіне жалт-жалт қарай бердім. Ол күні бұл мінезіме өзім де түсінгем жоқ. Арада біраз уақыт өткен соң, Алматы көшесінде алдымда кетіп бара жатқан бір дімкес кісіні көзім шалды. Ұзақ жылдар бойы сүйекке сіңген сартап дерттен әбден қажыған сол бір адам өр аттаған сайын алқымынан алып арпалысып келе жатқан ажалмен айқасқа түсіп бара жатқандай көрінді маған. Өмірге құштарлық пен қайсарлықтың шынайы көрінісі астаналық қонақ үйінің алдында, күзгі кеште, міне, тағы көз алдымда қалт-құлт басып кетіп бара жатты. Мен үйге жетісімен жаңа ғана көшеде көргендерім мен көңілге оралғандарымды қойып дәптеріме түсіре бастадым. Ол кейін үшінші кітапта Еламанның Дьяковты алғаш рет көшеде көретін жеріне сол қалпында түп-түгел кірді. Осындай денсаулығынан түгел айрылған, кеудесінде тек шықпаған жаны жүрген дімкәс адамның жас республика тағдырына орасын зор қауіп туған қиын-қыстау кезеңдегі мінезі мен әрекетін көрсету алғаш рет сонда ойыма келді. Өн бойындағы барша күш-қуатын ақтық тамшысына дейін адамзат болашағына сарқып берген қайсар жан неге комиссар болмайды деп ойладым. Шынында да, Қызыл Армия алғаш ұйымдастырылғанда ондағы саяси қызметкерлер тепсе темір үзетін жастардан ғана тұрмағанына, олардың қатарында абақты мен астыртын күрестің барша тауқыметін тартқан кешегі «көксау каторжниктердің» де болғанына тарихтың өзі куә емес пе?! Байқаған боларсыздар, комиссар бейнесін жасауда, өз басым, ескі сүрлеу арасынан соқпақ іздегім жоқ. Не де болса көкірегімде бас көтерген осынау бір оқшау ойдың етегінен ұстағым келді.
Әрине, автордың алдына қойған мақсаты қағаз бетіне түскенде қаншалық оның бастапқы ойлаған қалпында мөлдіреп құйылып шығар-шықпасы өз алдына — бір басқа. Қайсыбір сыншылардың сол тұста трилогияның тек соңғы кітабында ғана оқиға желісіне кіретін көксау комиссардың басындағы әр алуан әлеуметтік іс-әрекеті әр қырынан көрінсе де, ал енді оның жеке басының отбасында өткізген өз үлесіне дербес тиетін кесер-келдесіне қатысты өмірі оқушы қаперінен үнемі қағыс қала беретіні хақында айтқан пікірі көкірегіме қонады. Олардың пікірін өзім де іштей қостай отыра, бұл тұста әйтсе-дағы бір айтарым бар: шығармамда бейнелемек болған әлгіндей кісілердің осы тірлікте аз жасаса да, көп жасаса да өздерінің жеке басы жөнінде жан қиналтып ойланбастан, әрқашан өз табының басына ғана бұлт үйірілген қиын-қыстауда бойындағы азаматтың ар-намысымен бірге бар жалынын, жігерін де, күші мен қабілетін де, көкірегіндегі ыстық сезімін де, білімін де адам баласының жарқын болашағы жолындағы күреске сарп қып бергендері сөзсіз. Соған о бастан-ақ мойын ұсынып көнген жандар. Сондықтан да, ондай саналы перзенттердің өздері мұрат қып тұтынған қатал қағидасына қайшы келетіндей бірде-бір қылығы, бірде-бір әрекеті болмаса керек. Ендеше, әлгіндей тілек білдірген сыншыларға айтсам деп көптен бері көкірегімде сақтап жүрген бір ойым мынау еді: бұндай тұлғалардың тағдырын жеке бастық өмір деп, қоғамдық өмір деп, арасына жік бөліп жатуға келмейді. Ол өз өмірінің талай-талай күндері мен түндерін өткізген сыз қабырғалы көрдей қараңғы абақтының азабы мен тозағы — қаласаңыз бар-ау, ол үшін әрі жеке басының етене тағдыры әрі үлкен мұрат жолындағы өрелі әлеуметтік күресінің өзекті мазмұны болғаны даусыз.
II
Әр жазушының творчестволық тәсілі әр басқа. Болашақ шығармаға материал іздеуден бастап, оны ой елегінен өткізіп, сұрыптан таңдап алуы, жинақтап қорытуы, болашақ шығарманың геройларына алдын ала прототип әзірлеп, характерлер сипатын бас-басына даралау тәсілдері әр жазушыда әр қилы. Бұл жөнінде барлық жазушының бәріне ортақ, бәріне күні-бұрын белгіленген канон жоқ. Ілгеріде өмір сүрген дүниежүзілік әдебиет классиктерінің творчестволық тәжірибесін айтпаған күннің өзінде, біздің тұстастарымыздың өнеге аларлық үлгілері аз емес. Соғыстан кейінгі үш-төрт жылдың ішінде менімен әдебиетке қатар келген қаламдас жолдастарымның қайсыбірі өзі тірлік кешкен өмірден көргенін, білгенін, есіткенін әрқашан бір мысқал да болса бойына сіңіріп, басына жинап, жүрегіне түйіп қап отырады. Ол ешқандай алдын ала материал жинау, қойып дәптер жүргізу дегенді білмейді; ылғи өзінің жадына тез тұтып, тез қоздайтын ұшқыр қиялына сенеді. Оның болашақ шығармаға керек деген әсерлері мен ойлары көңілінің бір терең түкпірінде көзге көрінбей қордаланып жатады. Ал, екінші бір жазушылар болашақ шығармаға күні-бұрын қам жасап, әзірлік жүргізіп жүрген кезінде қаламын қолдан бір сәт шығармай, көңіліне оралған ұрымтал ой мен ұтымды штрихқа дейін дереу қағазға түсіріп отырады. Мен өзімді осы екінші топқа жатқызам. Әрдайым өз әсерлерімді жазып жүрем; басымнан өткен қандай ахуал да қағаз бетінде із қалдырады. Оның бәрін, негізінен, Еламанға пайдаландым. Еламанның кейбіреулерге сылбырлық сияқтанып тұратын ұстамдылығы, көрінгенге көкірегін аша бермейтін тұйықтығы, сырт көзге қой аузынан шөп алмайтын момын кісідей сезілетін ұяңдығы мен ұялшақтығы, не істеп, не қойса да іштей елеп-екшеп, сананың сарабына сап жүретін сарабдалдығы, ең азы, отының басына деген ықыласына дейін өз басымнан кешкен өмірімнің дәлме-дәл көшірмесі болмағанмен де, мен үшін айрықша жақын құлық пен қылық секілденеді де тұрады.
Менің әкем Кәрім — ұсынғаны мүлт кетпеген мерген кісі екен. Кейін ол балық колхозынан аудан орталығына ауысқасын да дәйім бір ат пен бір жүйрік тазы ұстады. Қашан соғыс басталып, майданға аттанып жүріп кеткенше әкем әрбір демалыс сайын қала сыртына шығып, ұлы құм ішінен аң аулайтын. Біздің жасырақ кезімізде әкемнің: «Аңға жетпейтін ит болмай-ды. Әңгіме аңды шалуында емес, алуында», — деген сөзі құлағымда қапты. Әлі есімде: ұясына жеткен күшікті ауыздандыратын кезде ол кісі әрқашанда аяқ жететін жерде отырған ауылдардан қайда бір қуған аңға адымын аштырмай жетіп, іліп түсетін әрі жүйрік, әрі ұстағыш құмай тазы сұрап әкеп, осы бір үздік қасиетке күшігінен баулушы еді. Ол кезде онша мән бермесем де, әке сөзінің шындық сырына көзім кейін жетті. Кім болмасаң ол бол, өнерге талпынған жағдайда қуған аңды бауырын аштырмай, қас пен көздің арасында іліп түсетін құс қанатты жүйріктік пен үздік шеберлікке буыны қатпай тұрып, жас талантты бауырын жаңа-жаңа көтерген бала кезден баулығанға не жетсін!
Ұлы Абай сөз өнерін дертпен тең деді. Дерт болғанда да кісі қашан өле-өлгенше сүйегімен бірге кететін нақ бір арылмас та айықпас азап, осыдан қашан қолыңнан жорғалаған қаламың сылқ етіп, жазу қағазына құлап түскенше кісіні тоқсан толғантып, дөңбекшітіп болатын толғақ. Жүйрік атты үнемі бабына келтіріп жаратып ұстап, бәйгеге жиі қосып тұрмаса, жабы боп кетеді. Байқап отырған боларсыздар, бұл арада мен әдебиет тарихында өзіміз жақсы білетін ұлы классиктердің творчествосындағы өнегелі тәжірибесін әдейі айтпай отырмын.
Әдебиет босағасынан аттаған әрбір жазушы өзінің алдындағы дүниежүзілік әдеби жақсы үлгілерден жастайынан тағылым-тәрбие алып, ерте ауызданғаны қажет. Өз басым шеберлік өнерін әжептәуір есейіп барып, буыным қатып кеткесін ғана үйренгендіктен бе, көркем шығармаға қойылатын негізгі заңдарын кеш аңғарып, кейін ұқтым. Оның толып жатқан себебі бар: 1942 жылы июнь айында оныншы класты бітірген бойда бізді әскерге алды. Төрт жыл өткесін, 1946 жылдың күзінде босанып елге қайттық. Әскерге алғанда ата-ананың ыстық құшағынан басқа ештеңе көрмей қағусыз өскен көк шыбық бала едік. Әскерден босанып қайтқанда кешегі алып ұшқан құс қанат көңіл бастан өткен сонау сұрапыл төрт жылда әжептәуір ширығып, шыңдалып қайтты. Бұл жылдары біз қираған қалалар мен қырылған қыршындарды ғана көріп, кешегі жарқылдаған жастық көңіл күрт тұнжырап, жабығып қана қайтқан жоқ. Сонымен бірге біз от ортасынан қантөгіс атаулыны өлердей жек көріп оралдық. Соғыстың адамгершілік табиғатына атымен сыйыспайтын сұрқия сипатын бұрын да сезетінбіз. Бірақ бұ жолы оны адам мен халыққа, әділдік пен ізгілікке, өмір мен бақытқа қаншалықты келтіре алатындығын, адам тағдыры мен қоғам тарихындағы күйретушілік кесепатын өз көзімізбен көріп, өз жүрегімізбен түсіндік. Бейкүнә төгілген қан мен көз жасының құны мен мәнін түбегейлі түсіндік. Бүл соғыстың тұсында әділдіктен хабардар, адал жүрек әрбір пенде өмір мен өлім тайталасын көре жүріп, адамдық тіршіліктің барша рухани, әлеуметтік, моральдық қасиеттерді өз арының таразысына сап, сараптай алар тұрлаулы азаматқа айналды. Осындай өрелі сананың соғыстың бастапқы кезіндегі қиыншылықтардан шығарған парасатты қорытындысынан азаттыққа құлшынған шынайы отаншылдық сезім туды. Басқыншылық езгіге бас ұра алмайтын халық қаһары осындай әр жауынгердің көкірегінде оянған ар мен намыстан тұтанды. Халық қаһармандарын шынайы азаматтық сана, перзенттік намыс тудырды. Бірақ бұл кезде бұрынғы алаңсыз көңіл бәрімізден қалған, сол анау жан алып, жан беріп жатқан тайталас ұрыс ішінде қылтылдаған таразы басына Отанымыз, халқымыздың, қала берді, бүкіл адам баласының тағдырымен бірге, дәл сонда біздің өзіміздің де келешекте жер басып жүрер-жүрмесіміз таласқа түсіп жатқанын ұлан байтақ қазақ даласының алыс түкпіріндегі кәрі-жас түгел сезген еді. Осынау ұлы аласапыран жалпы халықтық соғыста бір-бірін жоқ етуге ұмтылған екі армия ғана бір-біріне қарсы соғысқан жоқ, сондай-ақ, мұрат-мүддесі тұтастай қарама-қайшы екі идеология да жанталас үстінде жағаласып жатқанын біз көңілімізбен ғана түйгеміз жоқ, көзімізбен де көрдік. Міне, осы алапат соғыс талай-талай халықтық ірі тұлғаларды, ардагер азаматтарды туғызды. Елі мен жері үшін қасық қаны мен шыбын жанын пида етуден тайынбаған талай-талай ерлердің санын шығарды арасынан. Солардың ішінде, әсіресе, астана түбіндегі арпалыста өзінің азаматтық ірі тұлғасымен мейлінше қатты көтеріліп жарқырап шыққан шын мәніндегі халықтың перзенті гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы еді. Ауыз әдебиетінің дәстүрінен де іргесін алыс сала қоймаған халық сол анау астана түбіндегі сұрапыл ұрыс ішінде шыбын жанын шүберекке түйіп, қанқұйлы жаумен арыстанша алысып жатқан батыр ұлдарын бұл жақта аңызға айналдырып, әні мен жырына қосып, ауыздан-ауызға тарап жатты. Соның арқасында қазіргі соғыста әлі де ауыл көлемінен ұзап шыға қоймаған балалардың санасындағы ұғым мен түсінік баяғы жыраулар айтатын фольклор мен қиссалардағы батырлардың мың сан жауға жалғыз шабатын көзсіз ерлігі тәрізденетін.
Кейін соғыс бітіп, 1947 жылы әскер қатарынан босанған бойда соғыс жайлы шығарма жазғанда өзіміздің кісілерді әлгіндей есіріп, оқ өтпес, қылыш кеспес елден ерекше ер ғып көрсетуден аулақ болдым. Бұл арада, әрине, қанша дегенмен профессионал қазақ әдебиетіндегі озық үлгілер, әсіресе, сол кездің өзінде Европа әдебиетімен иықтасып тұрған Мұхтар Әуезов прозасының құдіреті біздің бәрімізге де ықпалын анық тигізген еді. Бұнан, әрине, біздің шығармамыз сол кездің өзінде төрт аяғынан тең басып тұр еді деген ой тумасқа керек. Біздің осалдығымыз басқа түрде болатын. Оны ілгеріде айттым. Тұңғыш туындымның өн бойына арқау боп тартылған оқиғаның өзекті желісі — өзім қатысқан Курляндиядағы соғыс еді. Сондықтан да, бұл шығармада басынан аяғына дейін қатысатын бар геройлардың мінез-құлқы, іс-әрекеті, сезімі мен арман-ойы, тартысы мен тағдыры — бәрі-бәрі өзім жақсы білетін жәйттар. Өлі күнге дейін ызғары мен сызын сәл-пәл есіңе алсаң болғаны өліде сай-сүйегімізді сырқыратып қоя беретін қарлы окопта оқ астында тақым жазбай қатар жүрген қарулас жолдастарымның басынан кешкен оқиғаларды алдым. Соның бәрі де ұрыс ішінде жүріп өз кезіммен көрген, өзім куә болған жақсы білетін жәйттер еді; соған қарамастан тұла бойы тұңғыш шығармама өзек боп енген өмір шындығынан гөрі қазіргі күні жұрттың көзі мен көңілінен қашықтап кеткен сонау арғы көне дүн