Әдебиет
Думан Рамазан
1967 жылы 1 тамызда Семей облысының (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Абай ауданына қарасты «Қызылту» кеңшарында дүниеге келген.
Бала Қазыбек
Пьеса
Аңыз
Қатынасушылар:
Тәуке хан
Бертiс сұлтан
Тайгелдi би
Малайсары батыр
Бала Қазыбек
Шабарман
Қазақтың бiр топ батыр-билерi
Себан Раптан - жоңғар қонтайшысы
Қонтайшының бәйбiшесi
Дода Жорджи баһадүр
Сыншы қарт
Жоңғардың бiр топ бек-бағыландары
Байтайлақ би
Жылқышы
БIРIНШI БӨЛIМ
Хан ордасы. Он екi қанат ақ орданың iшiндегi алтын тақта Тәуке хан ой құшағында отыр. Қазақтың бетке ұстар игi жақсылары хан тағын жағалай жайғасқан. Шыбынның ызыңы естiлер тылсым тыныштық орнаған. Жауар бұлттай түнерiп алған жұрттың дем алыстарына дейiн айқын сезiледi. Бәрi де қимыл-қозғалыссыз қатып қалған. Тыныштықты Тәуке ханның айбарлы үнi бұзды.
ТӘУКЕ ХАН. Уа, халайық, ел шетiне жау тиiптi. Жоңғарлар Байтайлақ бидiң ауылын шауып, мал-мүлкiн тонап, адамдарын айдап әкетiптi. Хабаршының жеткенiн көрiп-бiлiп отырсыңдар. Өз аузынан естiгендерiң жөн шығар. Сөйле, Құрықбай !..
ШАБАРМАН. “Жау жоқ деме, жар астында” дегендей, тыныш жатқан елге жау түнде шауыпты. Ұйқы да бiр жау ғой!.. Ұйқыда жатқан елге аш қасқырдай тиiп, шәт - шәлекетiн шығарыпты. Әйтеуiр, өлiм - жiтiм жоқ сияқты. Қаннен қаперсiз жатқан ел қарсыласа да алмай, қапыда қалыпты. Байтайлақ бидiң өзiн де байлап-матап, бала-шағасымен алып кетiптi.
БЕРТIС СҰЛТАН. Жау қарасы қанша екен?
ШАБАРМАН. Жүз қаралы дейдi.
БЕРТIС СҰЛТАН. Не үшiн шапқанын бiлдiңдер ме?
ШАБАРМАН. Ол жағын бiле алмадық. Алыс-берiсi жоқ сияқты. Ата жауымыздың өздерiнше қыр көрсеткендерi шығар!
ТӘУКЕ ХАН. Қане, тағы кiмнiң қандай сауалы бар! (“Бәрi түсiнiктi ғой!” дегендей, ешкiм үндемейдi). Қане, кiм қандай ақыл қоспақ, нендей кеңес бермек! Ойларыңды ашық айтыңдар, тыңдауға бiз бейiлмiз. Қане, Бертiс сұлтан, сен не айтасың?
БЕРТIС СҰЛТАН. Мен әлi толық бiр шешiмге келе алмай отырмын, хан ием! Ойлануға мұрсат бер!
МАЛАЙСАРЫ БАТЫР (киiлiгiп). Ойланатын несi бар?! Ағайынымызды жау қолына берiп қойып, жайбарақат отыра бермекпiз бе?! Сауын айтып, жасақ жинап, қалмақтарды тәубасына түсiрiп, шауып алу керек! Көрсiн, ел шапқан қалай боларын?! Байқасын, қазақтың күшiнiң қандай екенiн!
ТАЙГЕЛДI БИ. Сауын айтып, жасақ жинаумен мәселенiң бәрi шешiле қойса жақсы. Халық та ұрыс-шабыстан әбден шаршады.
МАЛАЙСАРЫ БАТЫР. Сонда тұяқ серiппей отыра беруiмiз керек пе, биеке! Әлде тышқақ лақ құрлы болмағанымыз ба?!.
ТАЙГЕЛДI БИ. Уа, батыреке, сәл сабыр ет! Қазiр жоңғардың дәуренi жүрiп тұрғанын өзiң де бiлесiң. Артында су бүркiп қаптаған қалың шүршiт тұр. Әйтпесе, тыныш жатқан елге тиiсiп несi бар?! Бiзге қарағанда қолы да мол, жарағы да сайлы. Бiз сауын айтып, қол жинап, ырғалып-жырғалып жүргенше, болары болып, бояуы сiңiп қояды ғой!
МАЛАЙСАРЫ БАТЫР. Сонда жақынымызды жат қолына берiп қойып, айға қарап ат тағалап отырмақпыз ба?! Жоқ, бұл болмайды, биеке! Бұнымыз адамдыққа да, адамгершiлiкке де жатпайды. Ар-намысты қайда қоясыз?! Сонан кейiн, атаңа нәлет, қу қалмақ, шетiмiзден шауып ала бермей ме !..
ТАЙГЕЛДI БИ. Батыреке, мен қол қусырып қарап отырайық дегенiм жоқ қой!.
МАЛАЙСАРЫ БАТЫР. Сонда сiз не айтпақ едiңiз?
ТАЙГЕЛДI БИ. Ендеше сөздi бөлмей, тыңда батыр. Туғанымыздың жау қолында кеткенi менiң жаныма батпай отыр дейсiң бе?! Менiң қабырғамды қайыстырмай отыр дейсiң бе?!.. Бiрақ, не нәрсеге болсын сабыр керек, ақыл керек, айла керек!.. Ұрыс-шабыспен елдi титықтата бермей, алдымен келiсiмге келу жағын ойлау керек! Қан төгiп, қарғыс арқалағанша, татулыққа шақырып, елден алғыс алуымыз керек!.. Ең алдымен, жоңғар қонтайшысына елшi жiберу керек! Мүмкiн, ол бiлмейтiн шығар!
МАЛАЙСАРЫ БАТЫР. Себан Раптанның бiлмейтiнi жетi қабат жердiң астында шығар. Елшiге ерiп қоя беретiн адамың да ол емес. Сол жiберген елшiлерiң елге аман-есен оралса жақсы-ау! Себан Раптаннан айла артылған ба?!. Бәрiн қырып салады да, « ештеңе бiлмедiм, ештеңе көрмедiм » деп түк болмағандай, отыра бередi. Қан қақсағанды сонда көресiң, биеке!
ТАЙГЕЛДI БИ. Жасақ жинап, шауып алу ешқайда қашпас, батыр. Алдымен бәрiбiр алдынан бiр өту керек, қонтайшының!..
МАЛАЙСАРЫ БАТЫР (Тәуке ханға қарап). Уа, хан ием, қалмақта шынымен-ақ ұлымыз құл, қызымыз күң болып кеткенi ме?!. Қол жинап, тағы бiр ұран салсақ қайтедi!..
ТӘУКЕ ХАН. Биекең, жерiне жеткiзе айтты – ау, деймiн!.. «Сабыр түбi – сары алтын!» деген. Бұл шабыс бiздiң де жүйкемiзге салмақ салып отыр. Бiрақ сабыр керек, ағайын! Бiз әлi елшi жiберiп сынасқанымыз жоқ, iрiктеп елшi жiберiп көрелiк. Сонда да илiкпесе, қол жасақтау жағын ойланармыз. Үйренiскен жау ғой, тағы бiр бағымызды сынап көрейiк!
Осы арада ордаға бала Қазыбек кiредi.
БАЛА ҚАЗЫБЕК. Ассаламағаликум, хан ием!
ТӘУКЕ ХАН. Уағаликумәссалам! Балам, қай баласың?
БАЛА ҚАЗЫБЕК. Атым – Қазыбек, әкем - Келдiбек, Шаншардың немересiмiн.
ТӘУКЕ ХАН. Бұнда кiм жiбердi? Не үшiн келдiң?
БАЛА ҚАЗЫБЕК. Әкем Келдiбек “жақсылардың жанына ерiп, жер көрiп, ел таны!” деп жiбердi. Мен ауылда жүргенде балалардың басшысы едiм, ендi ағаларымның атшысы болайын деп келдiм. Тай бәйгесi мен құнан бәйгесiн көрiп едiм, ендi ат бәйгесiне қосылайын деп келдiм!
ТӘУКЕ ХАН. Жарайды, балақай! Талабың таудай екен, бара ғой! Шаншардың немересi, Келдiбектiң баласы болсаң, тектiлердiң ұрпағы екенсiң, тегiңе тартпай қоймассың!.. Балам, шыныңды айтшы, атшы болғың келе ме, жоқ әлде, басшы болғың келе ме?
БАЛА ҚАЗЫБЕК. Мен жол көрген ағаларымның жанында басшы болып қайтемiн, тәйiрi. Атшы болсам да жарар!
ТӘУКЕ ХАН (көпке қарап). Ендеше, менiң шешiмiм мынау. Бүгiннен қалмай елшiлер жоңғар елiне жүрiп кетулерi керек! Әйтпесе, уақыттан бiр ұтыламыз, қалмақтардан екi ұтыламыз. Басшыларың Тайкелдi би, сұлтандарың Бертiс, батырларың Малайсары болсын! Ал атшыларың мына тұрған Қазыбек бала болсын! Үлкендерiңдi кiшiлерiң сыйлаңдар, кiшiлерiңдi үлкендерiң ренжiтпеңдер! Жат жұрттың алдында жақсы елдiң баласы екендерiңдi көрсетiңдер. Баратын жерлерiң бағы асып, мейманасы тасып тұрған ел ғой. “Елдестiрмек елшiден…” деген. Ебiн тауып елдесiп келiңдер!..
ТАЙГЕЛДI БИ. Айтқаныңызға құлдық, хан ием! Қанжығамыз майлы , ат тұрманымыз сайлы тұр!
ТӘУКЕ ХАН. Ендеше, жiгiттер, тұрмаңдар!.. Артқа көңiл бұрмаңдар. Алдарыңа олжа толсын! Қалмақтың ханы Себан Раптан асып туған, судай тасып жүрген жан ғой. “Қол бастайтын батырмын, жол бастайтын көсеммiн, сөз бастайтын шешенмiн!” деп жүрген хан ғой. Мұнда қол бастайтын батыр болу да қымбат, жол бастайтын көсем болу да қымбат, бәрiнен де ел тағдырын шешетiн шешен болу қымбат!.. Тағы да қайталап айтамын, елдестiрмек елшiден, жауластырмақ жаушыдан. Елдесе алмай, жауласып кетсек, сендердiң нашарлықтарыңнан болғаны. Жауды алмас қылышпен де көндiруге болады, өткiр сөзбен де көндiруге болады, мылтықпен дәлдеп атып жығуға да болады, сөзбен дәлдеп айтып жығуға да болады. Ауыздан шыққан сөз атылған оқпен бiрдей, қайтып ала алмайсыңдар. Сөз сөйлегенде ойлап сөйлеу керек!..
БЕРТIС СҰЛТАН. Талай қиын iстi бастан өткiздiк қой! Осы жолы суын сүт қылып қайнатпасақ, бiзден қатын артық! Қасықтай қанымызды, шыбындай жанымызды салып көремiз!
ТӘУКЕ ХАН. Ал онда жортқанда жолдарың болсын, қырандарым! Сапарларың сәттi, қадамдарың оң болсын! Сендер елдiң үлкен үмiтiн арқалап бара жатырсыңдар. Тұтқындағы елдiң де көз жасы сендердiң мойындарыңда. Бұл жақтағы ел де, жат елдiң тұтқыны болған ер-азаматтар да ендi сендердiң адымдарыңды аңдып, тiлеулерiңдi тiлейдi. Қате басып сүрiнiп кетсеңдер, кешiрiм жоқ, халықтың қарғысын алып, табасына қаласыңдар! Қиюын қиыстырып, тығырықтан шығар жол таба бiлсеңдер, халықтың алғысын алып, елдiң құрметiне бөленесiңдер! Сондықтан ойланып сөйлеп, абайлап iс қылыңдар!..
Тәңiрiм, жақсылықпен кезiктiруге жазсын! Ақжол, қырандарым!..
Бiрiншi бөлiмнiң соңы
ЕКIНШI БӨЛIМ
Жоңғар қонтайшысының ордасы. Ортадағы алтын тақта Себан Раптан қонтайшы кекiрейiп отыр. Жүзi айбарлы. Түксиген түрiнен адам шошырлық. Маңайында жағалай жайғасқан бек-бағыландарын көзiнiң астымен бiр шолып өттi де, дауысын көтере сөз бастады.
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Уа, арыстарым, қазақтан елшiлер келiптi. Дода баһадүрдiң кешегi шабысынан олжалаған мал-жандарын даулап. Сендердi сол үшiн жинап отырмын. Қане, не айтасыңдар? Қандай ақыл қосасыңдар? Не iстеймiз?..
ДОДА ЖОРДЖИ БАһАДҮР. Олжаны қайтару деген не сұмдық! Онда несiне шаптық?! Қоян сияқты қазақтардың алдына түсiп томпаңдай бергендi қашан қоямыз?!. Малдарын да, жандарын да қайтармау керек! Елшiлердiң есебiн тауып, жандарын жаһнамға жiберу керек!..
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Қабырғаммен кеңесiп, мен де осындай бiр шешiмге келiп отыр едiм. Қазақтар тайға мiнгiзiп, бiр баланы да жiберiптi. Тәукенiң бiздi мазақ қылғаны ғой! Жiберген елшiлерiнiң аяқтарын аспаннан келтiрiп, ың-шыңсыз бәрiн қырып салып, аттарын жылқыға қоса салсақ қайтедi?!.
ДОДА ЖОРДЖИ БАһАДҮР. Алдияр, ең дұрыс шешiм осы. Қазақтардың көздерiне көк шыбын үймелетейiк! Орайы келiп тұр!..
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ (миығынан күлiп). Бiлгем… бiлгем. Жарайсыңдар, жайсаңдарым! Жау елге осылай қаңды шеңгелiңдi салып қоймасаң болмайды! Байқасын… Бiлсiн… Сезiнсiн… Жоспар құрып, iске кiрiсiңдер! Бүгiн түннен қалдырмай, бәрiн жайлай салыңдар!
ҚОНТАЙШЫНЫҢ БӘЙБiШЕСI. Мырзам, бұныңыз жөн бола қояр ма екен?! Қонтайшылық абыройыңызға көлеңке түсiп жүрмесiн! Қазақ дегенiңiз - қабырғалы ел ғой! Оның үстiне «Елшiге өлiм жоқ!» деген қатаң қағида бар емес пе?! Жат елдiң елшiсi келгенде қонтайшылық қасиетiңдi сақтап, сөзiн тыңдау керек! Жүз кiсiнi өлтiрiп, жайлана алмассыз! Жүз атты жылқыңа қосып, байи қоймассыз! Тай дегенiңiз, тұлпар болып жүрмесiн, бала дегенiңiз, сұңқар болып жүрмесiн, байқап көру керек! Асыққан шайтанның iсi! Аптықпаған дұрыс болар едi… Бұндайда ашумен емес, сабыр мен ақылға салып, шешiм қабылдаған жөн болар, мырзам!..
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Бұл да бiр құлаққа кiретiн сөз екен. (Бектерiне қарап) Сендер қалай қарайсыңдар?
ДОДА ЖОРДЖИ БАһАДҮР. Иә, бiр жағынан ханымдiкi де дұрыс екен! Өзiңiз айтпақшы, ақылға қонады. Сәл қайла жасайық! Болмаса тағы көрермiз!..
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ.Олай болса, елшiлердi ордаға шақырыңдар! Келсiн! Байқасақ, байқап көрелiк! Өзiме өзi, сөзiме сөзi сай келетiн адамы болса, оны да көрейiн, сай келмесе, сол арада жазасын берейiн! Шақырыңдар, қане!..
Бiр шабарман асыға басып шығып кетедi.
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Әй, сыншым, сен не айтасың? Елшiлердiң iшiнде сөзге есе берсек, сүбемiздi суырып кететiнi бар ма екен? Бiлдiң бе?
СЫНШЫ ҚАРТ. Бiлдiм… алдияр, бәрiн бiлдiм. Сiз қазықтап тапсырған соң кеше әдейiлеп барып, елшiлiкке келгендердiң әрқайсысымен бiр-екi ауыз тiлге келiп, жөн сұрасып көрiп едiм, сөйлеген сөздерiне қарап, iштей қораштанып қалғаным рас. Астарлы сауалдарыма да қайтарған жауаптары қарнымды аштырды.
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ (масайрап). Әй, сыншым-ай, сен сауалыңа жауап берер адамды елшiлердiң арасынан таба алмай дал болсаң, мен тең сөйлесуге жарайтын қазақты кең байтақ даласынан кезiктiре алмай қор болып жүрмiн ғой!.. Ха-хаа-ха!.. (Күледi). Сөзiңдi жалғай бер, сыншым. Иә , содан…
СЫНШЫ ҚАРТ. Содан… «Алыстан келдi ғой, ат-тоны қандай, сайлы ма екен?»- деген оймен мiнiп келген аттарын байқастап көру үшiн қораға кiрсем, бiр бала шалқасынан түсiп, ұйықтап жатыр… Үлкендердiң iшiнен сiздiң өзiңiзге де, сөзiңiзге де сай келетiн ешкiмдi таба алмай…
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Таба алмайсың!.. Хаа…хаа…
СЫНШЫ ҚАРТ. Иә, таба алмай… Көңiлiм жайланып қалып едi, баланы көргенде шошып кеттiм!..
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ (үдiрейе қалып). Неге? Неге шошыдың? Тайға мiнiп келген таз баладан ба?
СЫНШЫ ҚАРТ. Иә, алдияр, сол баладан…
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ ( шыдамсызданып ). Аузыңнан бөзiң түсiп , неменеге күмiлжiп тұрсың? Айтсаңшы, тезiрек!
СЫНШЫ ҚАРТ. Алдияр тақсыр, айтайын деп…
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ (ақырып). Айтпайсың ба ендi!
СЫНШЫ ҚАРТ. Баланың екi аяғы екi жақта, екi қолы екi жақта, құлаш ұрып жатыр екен. Аузынан жалын атқылап жатыр. Бұнысы «Сөзiм жеткенше сөйлеймiн, қолым жеткенше сермеймiн, аяғым жеткенше қарғимын, дүниенiң төрт бұрышына болса да сөзiмдi жеткiзуге жараймын, халықты әлi-ақ аузыма қаратамын!..» - деген ишараты сияқты көрiндi маған, алдияр.
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Сенiң де көзiңе шел қаптап, көкiрегiңдi тұман басайын деген екен, ә!.. Көзiңе бала емес, жын көрiнгендей қалтырап тұрсың ғой! Е, сыншым-ау, осы жасқа келгенше бiр жаңылмап едiң, аузыңнан қағынып, ақылыңнан алжаса бастапсың-ау! Ол өзi бала болса, жатқан жерi аттардың арасы болса, қайбiр жетiскен неме дейсiң! Көп болса аттарына ие болып қайтар! Ол ер жетiп, сүбемiздi суырғанша талай өмiр өтер!..
Осы кезде алқына-жұлқына шабарман кiредi.
ШАБАРМАН. Алдияр тақсыр, елшiлер келiп тұр! Кiрсiн бе?
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Кiрсiн! Көрейiк әуселелерiн..
Шабарман шығып кетедi де, артынша-ақ қазақ елшiлерi кiредi.
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ (түсiн суытып). Иә, қазақтар, жауға шабатындай неменеге топталып келдiңдер?!. Айтарларыңды тезiрек айтыңдар! Құлағымыз сендерде…
ТАЙГЕЛДI БИ (күмiлжiп). Өлеңдi өзгеге бердiк, өрлiктi төменге бердiк , алдияр тақсыр, иiлiп алдыңа келдiк . Берсең алып, бермесең қажып кетемiз. Ендiгi сөздi өзiңе салдық!
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ ( өктемси ). Олай болса, бiр жауабын берермiз. Жауап қайтпай қалатын күн болса, ат–тондарыңның амандығында елдерiңдi тапқан да терiс болмас!
Сөз осы жерден үзiлiп, орданы үнсiздiк жайлайды. Қонтайшының қаһарлы мысы басып, қазақтар жағынан ешкiм суырылып шығып, сөз ала қоймайды. Сонда есiк жақта отырған бала Қазыбек төңiрегiне бiр қарап алып, Бертiс сұлтанның алдына жетiп барады .
БАЛА ҚАЗЫБЕК.
Ерден ердiң несi артық,
Ептестiрген сөзi артық.
Малдан малдың несi артық,
Бiр-ақ асым етi артық.
Жерден жердiң несi артық,
Бiр-ақ уыс шөбi артық.
Мiндетiне алған сөзден шегiнген жiгiттен,
Аштан өлген аюдың өзi артық!
Содан кейiн iле – шала қонтайшыға бұрылып, қарсы алдына қасқайып тұра қалады.
БАЛА ҚАЗЫБЕК (өршеленiп ). Ел ебенек емес, ер кебенек емес. Дат, тақсыр!
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Ой, өзiң жөнiңдi айтшы, атың кiм ?
БАЛА ҚАЗЫБЕК. Атым - Қазыбек, әкем - Келдiбек би, атақты Шаншар абыздың немересiмiн. Ұлтым – қазақ, руым – қаракесек!
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Ал, балақай, датыңды айтшы!
БАЛА ҚАЗЫБЕК. Бiз қазақ деген мал баққан елмiз. Ешкiм соқтықпай жай жатқан елмiз. Жайлап жатқан мекенiмiз, қасиеттi қазақ даласы. Елiмiзден құт – береке қашпасын деп, жерiмiздi жаулар баспасын деп, найзаға үкi таққан елмiз. Дәм – тұзымызды ақтай бiлген, досымызды сақтай бiлген елмiз. Асқақтаған хан болса, ордасын ойрандап, от басын таптай бiлген елмiз. Атадан ұл туса, құл болам деп тумайды. Анадан қыз туса, күң болам деп тумайды. Жау – жәлемде тұтқын болған ұл – қызын қаматып отыра алмайтын, оларсыз iшкен асты жұтына алмайтын елмiз. Темiрмiн деме, тегiң тат, жаңбырменен шайылар. Шымырмын деме, шыныңды айт, шымшуырмен қайрылар. Жаңа үйренген жас тұлпар жарысқалы кегенбiз. Қасарысқан хан болсаң, қарысқалы келгенбiз . Сен қалмақ болсаң, бiз – қазақ, қарпысқалы келгенбiз. Сен темiр болсаң, бiз – көмiр, ерiткелi келгенбiз. Егесетiн ер шықса, иiткелi келгенбiз . Танымайтын жат елге, танысқалы келгенбiз. Танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбiз. Қазақ – қалмақ баласын, табыстыруға келгенбiз. Табыспаққа көнбесең, тұрысатын жерiңдi айт. Сен қабылан болсаң, бiз – арыстан, алысқалы келгенбiз. Тұтқыр қара желiммiн, жабысқалы келгенбiз. Қане, ханым, тыңдайық, қайтарасың ба, мал – жанды, бiтiмiң мен жөнiңдi айт !
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ (жүзi жылып ). Бала болсаң да сөзiң неткен зор едi. Өзiң сөзге келген бала болатын болсаң, отырған орның қандай төмен едi. Былай, жоғары шықшы, жоғары !
БАЛА ҚАЗЫБЕК. Бiздiң қазақтың салт – дәстүрi бойынша жасына қарай отырады. Ағаларым төрде отырғанда, мен өзiмдi төбеде отырғандай сезiнемiн.
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Балақай, алыстан ат арытып келгенiң көрiнiп тұр. Ашуың бойыңда тұр екен. Қалмақ та қазақ сияқты сөзге тоқтаған ел. Өзiңе сөзiң сай екен. Мен хан тағына отырғалы, басыма бақыт құсы қонғалы ешбiр жанға есе жiберiп көрген жоқ едiм. Сөзiңе лайық сөз таба алмай қиналып қалдым. Бұл жеңiлгендiгiмнiң белгiсi. Мықтыны мойындау қанға сiңген қасиет. Мен сөзден ұтылдым. Тұтқындағы адамдарыңның бәрiн мал – мүлкiмен шашау шығармай алдарыңа салып берем. (Есiк жақта тұрған шабарманға қарап ) Қане, тұтқындағы басты адамдарды осында алып келiңдер! Қандай арыз – армандары бар екен?!.
Шабарман бөжек қағып шығып кетедi.
БАЛА ҚАЗЫБЕК. Тәңiр жарылқасын, алдияр!
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Сөз саптасың ұнады, бала. Алмас қылыштай жарқылдап, қиып түседi екенсiң! Ендi бiрер сауал қойып, ой орамыңды байқайық, жаңылып кетсең өз обалың өзiңе, ал жас тұлпардай сүрiнбей өтсең, сый – сияпатым тағы бар. Келiсемiсiң осыған?
БАЛА ҚАЗЫБЕК. Шешiнген судан тайынбас болар!..
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Ендеше бiлсең айтшы… Әуелiнде не бар? Ортасында не бар? Ақырында не бар?
БАЛА ҚАЗЫБЕК. Арға мiнәжат етiлсе, барға қанағат етiлсе, әуелiнде - ынтымақ, ортасында - береке, артында - шүкiршiлiк тұрмас па!..
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Ым…ым…мм…Ал, аспан мен жердiң арасы қаншалық жер?
БАЛА ҚАЗЫБЕК. Бiр-ақ шақырым жол ғана. Олай дейтiнiм, ешкiм аспан мен жердiң арасын құлаштап өлшеген жоқ, қадамдап басқан жоқ. Күн күркiреп жауғанда, ел дүрлiгiп сасатын, құлақтарын басатын. Сонда күн күркiрi шақырым жерден жететiн. Кемпiрқосақ созылып, аспан мен жердi табыстырып кететiн. Доғаланған иiнi шақырымдай-ақ жерден өтетiн.
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Ә… әә…Олай болғанда, батыс пен шығыстың арасы қаншалық жер?
БАЛА ҚАЗЫБЕК. Небәрi күншiлiк жер ғана. Олай дейтiнiм, азанда шығыстан атқан күн ымыртта батысқа шаршап батады. Күншiлiк жер жүрiп өтiп, ұясында қалжырап жатады. Ал кереметтi көзбен көрген, шығыс пен батыстың арасында зымыраған күнге ерген адамзатты естiген емеспiн.
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Айналайын, Қазыбек, сен шынында да жаңа үйреткен жас тұлпар екенсiң! Сенiң алғашқы айтқан сөзiңе қарымта қайтара алмай, қанша темiр болсам да ерiдiм де иiлдiм. Мiрдiң оғындай сөздерiңнен буындарым шымырлап, қанша тырыссам да сiресiп тұра алмадым. Қасарыссаң ханды да жеңетiнiңе көзiм жеттi. Ал, мына жауабыңа көңiлiм толып, жастығыңнан жасқанбай, қиыннан қиыстырған қиюыңа ұйыдым. Болайын деп тұрған бала екенсiң! Дауысың қаздiкiндей қаңқылдап шығады екен, осы оқиғадан бiр белгi болсын, сенi бұдан былай Қаз дауысты Қазыбек деп атайтын болайық! Сонымен бiрге келiсiм бойынша саған қос тоғыз жүлде байладым, бұдан былай қос сыбағалы болсын деп…
БАЛА ҚАЗЫБЕК. Тәңiр риза болсын, алдияр!
Осы кезде ордаға бұғаудан босатылған Байтайлақ би бастаған бес-алты адам кiредi.
ШАБАРМАН. Алдияр тақсыр, тапсырмаңыз бұлжымай орындалды. Тұтқындардың бәрiн босатып, мал - мүлiктерiн толығымен қайтарып бердiк!..
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ ( Байтайлақ биге қарап ). Солай ма, биеке? Мал -жаныңызды түгендеп алдыңыз ба?
БАЙТАЙЛАҚ БИ (түксиiп). Солайы солай ғой!.. Бiрақ, өзегiмiздi өртеген ашу - ызамыз бен өкпе - ренiшiмiздi де өзiмiзбен бiрге алып кетiп барамыз!..
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Онда сiз де, биеке, өкпе-ренiшiңiздi бiзге қалдырып, оның орнына үш тоғыз айыбымызды да алдыңызға салып, айдап алып кетiңiз!
ЖЫЛҚЫШЫ. Алдияр, менiң де айтпағыма құлақ салыңыз!
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Сен кiмсiң өзi? Алдымен жөнiңдi айтпайсың ба?
ЖЫЛҚЫШЫ. Мен қазақтың жылқышысы едiм. Жылқы күзетiп жүрiп қолға түстiм. Мұнда келгеннен кейiн бiр содыр сабап тонымды тартып алды. Бергiм келмей қарсыласып едiм, ұрып тiсiмдi сындырды. Атымды алып, ұйқым бұзылды. Тiсiм сынып, сөзiм бұзылды. Бұған осындағы көпшiлiк не дер екен?!
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Бұл немене, басында бiткеннен кейiн аяғында еселеп даулай беру керек пе?! Тон дегенiң бiр тоқтышақтың терiсi шығар. Ат дегенiң сырты түктi, iшi боқты бiр тай шығар. Ал тiс сынса ауыз iшiнде, қол сынса жең iшiнде емес пе?!
БАЛА ҚАЗЫБЕК. Тiсi сынса ауыз iшiнде, қолы сынса жең iшiнде жүре беру керек деген не сөз! Оның үстiндегi жалғыз тоны жәннәт емей немене?! Аузындағы отыз тiсi болат емей немене?! Астындағы жалғыз аты қанат емей немене?! Қонтайшының бiзбен бiтiскендiгi рас болса, жәннәтынан айырмай, болатынан майырмай, қанатынан қайырмай, алғанын қайыру керек! Қазақ қалмақтың сатып алған құлы емес!.. Бұл да бiреудiң ардақтап асыраған ұлы. Ерiктi ұл көрiктi болып қайтуы керек!..
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ (жылқышыға қарап). Мә, мына менiң iшiгiм, жәннәтыңа жәннәтым болсын! (iшiгiн иығына жабады). Мына болат семсерiм, болатыңа болатым болсын! ( семсерiн алып бередi). Ана албарда жер тарпып тұрған қара қасқа тұлпарымды ал, қанатыңа қанатым болсын!..
Жылқышы iшiктi киiп, семсердi белiне байлап алады.
ЖЫЛҚЫШЫ ( жүзi жайнап ). Ал онда менiң де дауым бiттi. Ендi қош айтысуға болатын шығар!..
БАЛА ҚАЗЫБЕК. Тәңiр жарылқасын, сiздi алдияр! Бiз жүрелiк. Артымызда құлағын түрiп елеңдеп, жүрегiн ұстап алаңдап отырған елiмiз бар. Ерте күндi кеш қылмай, жолға шығалық!
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Жақсы… жақсы… Қаз дауысты Қазыбек бала. Жолдарыңнан қалмаңдар! ( бектерiне қарап ) Елшiлердiң сый-сияпатын түгендеп, аттандырып салыңдар!..
Қазақ елшiлерi қоштасып, шығып кетедi. Қабағы түсiп, басы салбырап кеткен қонтайшы айдың-күннiң аманында тоналғандай болып, есеңгiреп тұрып қалады.
ДОДА ЖОРДЖИ БАһАДҮР. Алдияр, қаршадай ғана балаға осынша есе жiберiп, қарасуға малшынып, сонша дiрiлдеп кеткенiңiз не? Тоқтау бермес асау тасқынға да қарсы жүзiп, асу бермес асқар шыңды да бағындырып едiңiз!.. Бүгiн сiздi мүлде танымай қалдық қой!
СЕБАН РАПТАН ҚОНТАЙШЫ. Сендер бiлген де, сезген де жоқсыңдар. Сол бала сөздi өңменiмнен сұққылап тұрып айтқан кезде екi жақ қапталынан екi аю ауыздарын аша от бүркiп: «Тырп етiп көршi, көрейiк!» дегендей анталап тұрды. Мен содан қатты қорықтым! Сендерге көрiнбегенмен, маған анық көрiндi. Содан сол бала болса да пәледен құтылғанша асықтым!.. Асықтым… асықтым…
Жоңғардың бек - бағыландары да қонтайшының қаһарынан жасқанып, ләм-мим деп тiл қата алмай, бастары салбырап, иiндерi түсiп, сөлмірейіп тұрып қалады.
СОҢЫ