23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Думан Рамазан

1967 жылы 1 тамызда Семей облысының (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Абай ауданына қарасты «Қызылту» кеңшарында дүниеге келген.

Жын


«Ей, жын қауымы, — дейді Алла, — сендер көп адамды аздырдыңдар».

Құранның «Әнғам сүресінен»

Түн қараңғылығын жамылып, жалбыр шаштылар той жасап жатыр. Адамдарға ұқсамайды. Ергежейлілер елінен келген елшілер сияқты: бойлары бір-ақ тұтам. Өздерінше ән айтып, би билеп, той көрігін қыздыра түскен. Ортадағы отты айнала серкедей секең қағып, секіріп жүр. Мәз-мәйрам. Қойша маңырап, қозыдай жамырап, ду-ду, гу-гу етеді. Үсті-бастарын түк басқан қыз кейпіндегі екі албасты Болатбекті қос қапталдай құшақтап алған, сиырша жаланып, кенеше жабыса түседі. Ол сытылып шықпақ боп, алға қарай ұмсынса, желке тұсында қыдиып тұрған қарақшы иығынан басып, тырп еткізер емес. Бір кезде қол-аяғы сәл босап, орнынан көтеріле бергені сол еді, жапалақтай жарбаң қаққан бадырақ көз біреуі бар дауысымен аузы-басын қисайта баж ете қалды.

— Аа... ааа!...

Болатбек өз дауысынан өзі шошып оянды. Бастырылып қалған сияқты, өне-бойы дел-сал. Терезеден шашырай төгілген күн сәулесі денесін қыздырып, терлеп-тепшіп жатыр екен. Оң жағына қарай аунап түсіп, етпетінен жатты да, есіне әлдене түскендей, басын оқыс көтеріп алып, жаймен орнынан тұрды. Керіле-созыла жүріп жуынып-шайынып алды да, жападан-жалғыз сопиып отырып шайын ішіп, жатын бөлмеге қайта кірді. Теледидарды қосып, жиналмаған төсегіне қисая бергені сол еді, қоңырау шылдыр ете түсті. Еріне басып барып, есік ашты. Еркін досы екен, тойға баратындай сықиып киініп алыпты. Екі езуі екі құлағында.

— Амансың ба, бауырым! — деді ол табалдырықтан аттай бере. — Қал-жағдайың қалай?

— Жаман емес!

— Дайынсың ба?

— Дайынмын ғой! Бірақ... — деді Болатбек күмілжіңкіреп.

— Не, бірақ?..

— Бармай-ақ қойсақ қайтеді?!

— Досым-ау, бұл маған емес, саған керек қой! Сақалың сапсиып қырық беске келгенше сүрбойдақ боп, жадап-жүдеп жүрісің мынау!.. Жалғыздық Құдайға ғана жарасады. Барып, жолыңды аштырып алсаңшы!..

— Білмеймін, біртүрлі жүрексініп тұрғаным...

— Жүрексінетін несі бар?! Молда деген аты болмаса, ол да өзіміз сияқты қазақтың қара баласы. Жасы бізден де кіші. Өзі бір сондай қарапайым, елпілдек жігіт. Сауд Арабиясынан оқып келіпті. Төрт-бес талапкер барған екен, тылсым күштің құпиясын тек осы жігіт ғана меңгеріп қайтыпты. Айтсам сенбейсің ғой, кереметін барған соң өз көзіңмен көресің! Жүр енді, ерте күнді кеш қылмай...

— Не істесем екен, а?! — Қабырғасымен кеңескендей, ойлана терезе жаққа көз салды.

— Не істесем екені несі?! Барамыз! Кеше өзің ғой, «барып-қайтайық» деген. Әйтпесе, бүгін... Көп сөзді қой! Жүр, жинал! Жаныңды алады дейсің бе, қайта жолыңды ашып береді, — деді Еркін бастырмалатып.

— Жарайды, болмадың ғой! Жалпы осы емші, молда, бақсы-балгер дегендерге сенбеуші ем. Мүмкін...

— Не мүмкін?

— Мүмкін, сенікі де дұрыс шығар!..

— Әрине, дұрыс!.. Мен саған жаманшылық ойлайды дейсің бе?!

— Білем ғой! Кеттік онда!..

Екеуі қайыра тіл қатыспастан сыртқа шықты. Дала қапырық, күн ми айналып жерге түсердей шыжып тұр.

Еркін жол жиегіндегі талдардың көлеңкесінде тұрған көлігін оталдырып, орнынан қозғала берді. Алдыңғы жаққа қонжиған Болатбек:

— Талғардағы орталық мешіттің имамы дедің бе? — деді бәрін алдын-ала біліп алғысы келгендей үзілген сөзді қайта жалғап.

— Иә, Талғардың орталық мешітінің имамы.

— Жақсы танисың ба?

— Иә, жақсы таныспын. Өзің білесің, ана бір жылы Сәкен досымыз да қатты ауырды ғой!.. Сонда оны да апарғам. Алғашында ол да сен сияқты «бармаймын, сенбеймін» деп әлек салып еді, артынан қатты разы болды ғой! Әлі-ақ, сен де рахмет айтарсың!

— Шыныңды айтшы, Сәкеннің бойында жын болғаны рас па?

— Рас болғанда қандай! Сен әлі сенбей жүрсің бе, не?

— Сенгім келсе де, біртүрлі сенімсіз сияқты. Жын адамның қай жерінде болады екен?

— Мен оны қайдан білейін. Білгің келсе барған соң молдадан анықтап сұрап аларсың. Сәкеннің бойында жын болғаны рас. Біреу емес тағы, үйірлі жын иектеп алыпты. Бақандай бесеу. Төртеуі алғашқы күні-ақ шығып кетті. Олардың да басшысы болады екен ғой! Мықты болған соң басшы болады да. Сол содыр молдамен үш күн тайталасып, әрең шықты. Сәкен содан бері бойым да, ойым да жеңілдеп қалды деп қуанып жүр ғой!.. Ауыруы да тас тиылды.

— Шын ба?

— Мен саған қашан өтірік айтып ем?! Міне, жол үстінде келе жатырмын ғой, өтірік айтсам оңбай қалайын. Тіпті Алланың атымен айтайын, шын сөзім.

— Олар адамның денесіне қалай кіріп алады екен?

— Дәл білмеймін. Имамның айтуынша, адам қатты есінегенде, қатты құмарланғанда немесе қатты ашуланғанда аузынан кіріп кетеді екен. Көбінесе лас орындарды, жаман жерлерді жағалап, күл-қоқыстарды айналсоқтап жүреді дейді.

— Көрдің бе, өзі?

— Нені?

— Жынды.

— Жоқ, көрдім деп өтірік айта алмаймын. Көзге көрінбесе де, адамдармен қабаттаса, қапталдаса өмір сүретін көрінеді. Кәдімгі өзіміз сияқты, өздерінше ғұмыр кешеді дейді. Кейбіреулері адамдармен бірге үйде тіршілік етсе, кейбіреулері өздерінше үй-жай салып, отбасын құрып, ұрпақ өрбітіп, елсіз мекендерде, тау аңғарларында, үңгірлерде тұрады екен!.. Алла оларды адамдардан да бұрын оттан жаратыпты. Тіпті, оны айтасың, кейбір діни кітаптарда жындар мен адамдардың қосылып, балалы болғандары туралы да айтылады. Керек десең, кезінде адамдар Аллаға қалай сыйынса, жындарға да солай бас ұратын болған. Олардың кесірлерімен бірге, қайырымдылары да болады дейді ғой!.. Біздің ауылда Құйқабай есімді молда болған. Сол кісі бір күні кешқұрым көк дөненімен желе жортып келе жатса, артына шайтан мінгесіп алып, түспей қойыпты. Әбден ыза болған ақсақал оны ағашқа байлап қойып сабапты. Содан сары сапалақ жалынып-жалпайып, кешірім сұрап, әрең құтылған екен. Бұл оқиға ауылдан-ауылға аңыз боп тарап кеткен еді. Ол кезде біз баламыз, онша сене де, мән де бере қойған жоқпыз. Кейін ойлап қарасам, сол шын ба деймін!.. Өйткені, ол кісі атағы елге жайылған үлкен молда болатын.

— Қойшы-ей, қайдағыны айтпай!..

— Бәлі!.. Жын-шайтандар туралы Құранда да көп айтылады ғой! Адамдар сияқты екі аяғымен жүретін, құстар секілді әуелеп ұшатын, тіпті жылан, ит кейпінде көрінетін жындар да болады екен. Сәкеннің қолтығының астындағы күлбілтеленіп тұрған жараны өзің де көрдің емес пе?!

— Иә.

— Жараның ортасы тесік, маңайы ағараңдап ісіп тұрған еді ғой! Жындар сол жерден шығыпты. Оны молда дұға оқып отырғанда өзі айтты, жындар қолтығынан шығады деп...

— Сәкеннің өзі сезді ме екен?

— Жоқ, сезбейді-ау! Өйткені ұйықтатып тастайды.

— Ұйықтатып тастайды! — Болатбектің өңі қашып, түсі бұзылып кетті.

— Иә, ұйықтатып тастайды!..

— Неге?

— Білмеймін. Әйтеуір, молда құран оқи бастағанда жыны бар адам ұйықтап қалады да, жыны шыққан соң, өзінен-өзі оянып кетеді. Кейбір жындар өз еріктерімен шығып кетеді де, кейбіреулерін молда шықпасына қоймай зорлап шығарады. Қазақта «Жынын алған бақсыдай...» деген сөз бар емес пе?! Сол шамасы тегін айтылмаған-ау!

— Сонда адам ұйықтап жатқандай қыбырсыз жата бере ме?

— Молданың айтуынша, әркімде әртүрлі болады екен. Сәкен тыпыршып шыдай алмай жатты. Әрең ұстап отырдық. Бірақ, оянғаннан кейін сұрасақ, «ештеңе сезген жоқпын» дейді.

— Қызық екен! — деді Болатбек басын шайқап. — Сонда ұйықтатып тастап, не істейді?

— Құран сүрелерінен дұғалар оқи отырып, адам бойындағы жындармен адамша сөйлеседі. Дауысын көтере айғайлап, зіркілдеп, неше түрлі сұрақтар қояды. Ал жындар оған адамша тіл қатып, жауап береді.

— Қалай?

— Солай!

— Әй, осы бармай-ақ қойсақ қайтеді!.. — Болатбектің көзі шарасынан шығардай адырайып кетті.

Еркін оның үрейлі жүзіне бір қарады да, ішек-сілесі қата күліп жіберді:

— Бармағаны несі?! Міне, келіп те қалдық. Несіне қорқа бересің! Адамның бәрінде бірдей жын бола бермейді!

— Болса ше?

— Болса, дұға оқып шығарып жібереді. Ештеңесі жоқ. Қайта жеңілдеп қаласың. Еркек емессің бе?! Неге сонша қорқасың! Міне, келдік. Талғардың орталық мешіті осы, — деді Еркін машинасын мешіттің ауласына қарай бұрып.

Адамдар әрлі-берлі сабылысып жүр. Көбісі сақалдары кеуделеріне түскен жас жігіттер. Ұзын етек көйлек киіп, бастарына орамал тартқан қыз-келіншектер де көрінеді. Екеуі алдымен әжетханаға барып дәрет алды да, ішке кірді.

Молда бүйірдегі құран оқитын бөлмеде жалғыз отыр екен. Еркінді көре сала орнынан атып тұрып:

— О, Ереке, қайдан жүрсіз! Сізді де көретін күн болады екен-ау! — деп құшағын жая амандасты. — Қалайсыз, күйлі-қуатты жүріп жатырсыз ба?

Болатбек табалдырықтан аттай бере көздері жыпылық қаға состиып тұрып қалды. Түрі бозарып, қабағы түсіңкі тартқан. Молдаға мөлие қарап қояды.

— Сәлеметсіз бе? — деді тіл күрмеліңкіреп.

— Амансыз ба? Келіңіз, отырыңыз! — деді молда сыпайылық танытып.

Еркін едендегі кілемнің үстіне малдас құра жайғаса беріп:

— Дәке, хал-жағдайларыңыз қалай? Мал-жандарыңыз аман ба? — деп суыртпақтап сөз бастады.

— Аллаға шүкір! — деді молда қысқа қайырып.

— Дәке, мына жігіт менің институтта бірге оқып, қара нанды бөліп жеген досым еді. Сізден несін жасырайын, бағы бір ашылмай-ақ қойды. Кейінгі кездері сайтансуға да көбірек үйірсек боп кетті. Осы жігіттің жолын ашып берсеңіз! — деді Еркін бірден іске көшіп.

Молда аз-кем ойлана үн-түнсіз отырып қалды да, бір кезде сабырмен сөз бастады:

— Егер Алла пендесіне бір тауқымет жазса, оны өзінен басқа ешкім жеңілдете алмайды. Бәрі де бір Алланың қолында. Қалаған адамына патшалық береді, қаласа одан қайтып алады. Ықыласы түскенге үйіп-төгіп байлық береді, қырына алғанды қор етіп қояды. Оның құдіреті бәріне толық жетеді. Бар етем десе де, жоқ етем десе де, алам десе де, берем десе де, бір Алла біледі. Бәрі де бір Алладан. Алланың рахымы мол. Адамды пәле-жаладан сақтайтын да, қайғы-қасіреттен құтқаратын да — бір Алла. Адамға шипа беріп, ем дарытатын да — бір Алла. Адамның қолында тұрған ештеңе жоқ, бәрі де бір Алланың жазуымен болады. Біз жай ғана себепкеріміз, — деп ғибадат айта келіп, Болатбекке көз салды, — Қане, бауырым, не мазалайды?..

— Енді, былай, үйреншікті нәрселер ғой! — деді мұрнынан міңгірлеп, — Басымның сақинасы бар... Кейде тіпті тұра алмай жатып қалам. Ұйқым да дұрыс емес. Көрер таңды көзіммен атыратын күндер де болады. Ал көзім ілініп кетсе болды, неше түрлі қорқынышты түстер көрем. Содан күндіз ұйқы-тұйқы боп, мазам қашып, өң мен түстің арасында жүргендей әрі-сәрі күй кешем. Жасыратыны жоқ, кейде осындайлардан әбден мезі болып, жыным келіп, ішіп қоям.

— Жыным келіп дейсің бе? Өзіңде жын бар екенін қайдан білесің? — деді молда тосын сұрақ қойып.

— Қайдағы жын? — деді көзі бақырайып.

— Өзің емес пе, «жыным келіп, ішіп қоям» деп тұрған.

— Бұл бір қазақтың ежелден келе жатқан сыралғы сөзі емес пе?!

— Жоқ, бұл жайдан-жай айтыла салған сөз емес! Сенде бар екен! Маған қарашы, — деді молда оған оттай жанарын тура қадап. — Өзіңді-өзің ұстай алмай, өзіңе-өзің есеп бере алмай қалатын кездерің бола ма?

— Болады. Кейде өзімнің ісімнің дұрыс емес екенін біліп тұрып, әдейі солай істеймін.

— Неге?

— Өзім де білмеймін!

— Әне, көрдің бе, бұл сенің емес, сендегі жынның ісі!.. «Шайтанның шалығы шалды ма?», «жын қақты ма?» деген сөздерді естіп пе ең?!

— Әрине!..

— Ендеше маған тура қарап, жыбырламай тыныш отыр!

Молда оның қарсы алдына жүрелей отырды да:

— Аазу бил-лаһи минаш шай-та-нир-ражим.

Бис-мил-ла һир-рахма нир-рахим, — деп құран оқи бастады. Дауысы сондай әуезді, құлаққа жағымды естіледі. Мақам-ырғағы да жүрекке жылы тиеді. Ара-арасында мойнын созып, басын қақшита «сүф... сүф...» деп жыландай ысылдап, Болатбектің бетіне түшкіріп қояды.

Сүт пісірімдей уақыт өткен кезде тізесі онсыз да дірілдеп отырған Болатбек кескен теректей шалқасынан құлап түсті. Аузы ақ көбіктеніп, жан тапсырған адамдай қимылсыз қалды. Осы сәтті күтіп отырғандай молда қызылға түскен қырандай қомданып үстіне төне түсті. Оң қолымен оның маңдайынан қапсыра ұстап, Құран оқуын жалғастыра берді. Бір кезде оқыс тоқтай қалып:

— Әй, малғұн, сөйле жаның барында! Әйтпесе, жаныңды жаһаннамға жіберемін. Қанша мықты болсаң да, құраннан күшті емессің! — деді дауысын көтеріп. — Сөйле, малғұн!.. Сөйле дедім ғой!..

Молда сөйлеген сайын сұстанып, сұрланып барады. Қас-қабағы түйіліп, түндей түнеріп алған. Шоқтай жанған отты жанары жай оғындай жалын атып, ызғар шашады. Осы сәт болар-болмас, естілер-естілмес күрсінген дыбыс білініп:

— Неғыл дейсіз? — деген күбір естілді. Еркін жалт қарап еді, ұйықтап қалған досының ауызы ояу адамша жыбыр еткендей болды. Денесі ісіне бастаған сияқты. Жел кеулегендей, көк көйлегі үрленген шар тәрізді тырсия томпайып барады. Бір мезет Болатбектің екі иығы селкілдеп, денесі оңды-солды қимылдай бастады. Тап бір билеп жатқан сияқты. Жаны тозақ отына күйдіріліп жатқандай «аһ, уһ... аһ, уһ...» деп қинала айғайлап қояды.

— Сөйле, малғұн! — деді молда зіркілдей.

— Не айтайын?!. — Дауысы жер астынан шығып жатқандай, қыр-қыр етіп қырылдайды.

— Қайдан келдің?

— Қара түнектен. — Күшпен күшене сөйлейді.

— Атың кім?

— Сәма.

— Мұсылмансың ба, кәпірсің бе?

— Мұсылманмын.

— Реңің қандай?

— Қара.

— Әй, малғұн, кімді алдағың келеді. Кәпірсің ғой. Мұсылман жынның реңі сары болмай ма?! — деді молда долданып. — Енді өтірік айтсаң, өлтіріп жіберемін!

Жын үнсіз қалды. Молда дауысын мейлінше көтере құран оқи бастады. Бір кезде ыңырси ышқынған дауыс естілді де:

— Кешіріңіз, кешіріңіз! Енді өтірік айтпаймын! — деген жылаңқы дауыс құлаққа шалынды.

— Әп, бәлем, иманға келдің бе? Келмей қайда барасың! — деді молда сәл жымиып. — Ұрғашы жынсың ба, еркек жынсың ба?

— Қатынбыз! — Құдды Болатбек сөйлеп жатқандай, ауызы жыбыр-жыбыр етеді. Бірақ дауыс ауыздан емес, көмекейдің ар жағынан шығатын сияқты. Анық емес, талып-талып естіледі. Әр сөзді сағызша созып, түсініксіздеу айтады. Сөйлеген сайын кеуде тұсы бүлк-бүлк етіп, бүлкілдеп қояды.

— Қатынбыз дейсің бе?

— Иә, қатынбыз.

— Нешеусіңдер?

— Екеуміз.

— Ол неге сөйлемейді?

— Бұл өзі көп сөйлемейді. Қорқақ. Тілі байланып қалған сияқты.

— Өй, сұры құрсын, сұрың құрғырдың!.. Бұл жігіттің бойына не мақсатпен кірдіңдер?

— Жақсы көреміз!

— Бағын байлап жүрген сендер екенсіңдер ғой!

— Иә, қатты қызғанамыз.

— Құдай-ау, кімнен?

— Қыздардан.

— Неге?

— Екеуміз де өлердей ғашықпыз!

— Әй, бұл жігіттің үйленіп, үйлі-баранды болуы керек қой!

— Бізді бұған некемізді қиып, заңды түрде қосқан. Біз бұның некелі әйелдеріміз.

— Кім қосты?

— Олар!..

— Оларың кім?

— Өзіміздің ағайындар.

— Адамда нелерің бар-ей! Өздерің сияқты жындар жетпей қалды ма?!

— Жақсы көріп қалған соң қиын екен. Қызғаныштан-ақ өлетін болдық. Қыздарға жолап кетсе болды, көзін байлап, азғыра бастаймыз. Өзімізше дұғамызды оқып... Содан өзі-ақ кездескен қызына көңілі толмай, бір-ақ күнде айнып шыға келеді. Қысқасы, дәм-тұзы жараспай кетеді. Сөйтіп, өзімізше меншіктеп алғанбыз бұл жігітті. Кейде тіпті бір-бірімізден қызғанып, қырықпышақ боп қаламыз.

— Бұл жігіттің адам сияқты түтін түтетіп, бала сүйіп, ұрпақ өрбітуі керек қой!

— Өзіміз-ақ тән ләззатына батырып, құмарын қандырып, бала тауып береміз!

— Тәйт әрі, тарт тіліңді. Екінші рет бұндай сөз айтсаң, желкеңді жетеңнен қиямын, антұрған!..

— Біз..

— Болды, жетер, қысқарт сөзді!.. Оданда кәне, шығыңдар бұл жігіттің бойынан!.. Неге үндемейсіңдер?! Шығыңдар дедім ғой мен сендерге. Өз еріктеріңмен шығып кетіңдер кәне. Әйтпесе, жақсылық күтпеңдер! — деді молда аюдай ақырып. — Не шыққыларың келмей ме?!. Онда өздерің біліңдер, оңбай қаласыңдар ғой, малғұндар!.. Өз обалдарың өздеріңе, көздеріңе көк шыбын үймелетемін!..

— Шыққанда қайда барамыз?!

— Меккеге барыңдар!

— Неге?

— Ол жақта мұсылмандар көп. Ислам дінін қабылдап, мұсылман боласыңдар! Мұсылмандыққа тез бейімделесіңдер!

— Меккеде неміз бар, бұнда бәрі жақсы. Не керектің бәрі бар!.. Бізге бұл жігіттің денесінде өмір сүрген ұнайды. Біздің осында тұра бергіміз келеді, — Сылқ-сылқ етіп, сайқалдана сықылықтайды. Күлкісі сондай жағымсыз, құлаққа түрпідей тиеді.

— Көп сөзді қойып, шығыңдар! Адамның денесі жындар мекендейтін мекен емес! Сендерге денеде тұрақтауға болмайды! Егер шықпасаңдар, өлтіремін! Аямаймын!..

— Шығамыз, шықпай қайда барамыз!

— Шықпас бұрын Ислам дінін қабылдап, мұсылман боласыңдар! Ұқтыңдар ма? Мен сендерге соңғы мүмкіндік беремін! Таңдаңдар!..

— Біз одан қорқамыз!

— Кімнен?

— Одан!.. Ол не бұйырса, біз соны істейміз!

— Әй, ол күшті ме, Алла күшті ме?

— Ол!..

— Сендер кәпірсіңдер! Ібіліске қызмет етесіңдер! Адамдарды азғырып, теріс жолға саласыңдар! Сайтандық пен сайқалдыққа жол ашып, күнәға белшелеріңнен батасыңдар! Бұл үшін кейін Алланың алдына барғанда есеп бересіңдер! Алланың қаһарына ұшырайсыңдар! Алланың құдіреті бәрінен күшті. Одан да ақылға келіп, мұсылмандық жолды таңдаңдар! Аллаға құлшылық етіңдер!

Молданың жүзі кәрленіп, тағы да дауыстап құран оқи бастап еді.

— Ой, ауырып кетті, ауырып кетті!.. Оқымаңызшы!.. Айтқаныңызды екі етпейміз! — деген жалынышты үн шықты.

— Әп, бәлем, қалай екен?! Ислам дінін қабылдап, мұсылман боласыңдар ма?

— Қабылдаймыз! Сіз үшін...

— Мен бар-жоғы Алланың құлы ғанамын, Алла үшін қабылда!

— Айтқаныңызға құлдық!

— Бұдан былай сенің есімің Зарлықыз, ал ана күндесіңдікі Үндемескүл болады, жарай ма?!

— Зарлықыз... Үндемескүл...

— Иә, тап солай! Ұмытпай, жаттап алыңдар!

— Жақсы!

— Зарлықыз...

— Ау?

Таң-тамаша болып, таңдай қағып отырған Еркін еріксіз езу тартып, күліп жіберді. Молдаға бір, Болатбекке бір көз салып, қайта-қайта басын шайқап қояды.

— Енді шығыңдар! — Молда бұйыра сөйледі.

— Қалай шығамыз?

— Қалай кірсеңдер, солай шығыңдар! Қалай кіріп едіңдер?

— Аузынан.

— Ендеше аузынан шығыңдар!

— Қалай кіргенімізді ұмытып қалыппыз, қалай шығарымызды білмей тұрмыз!

— Ендеше естеріңе түсірейін, қу қаншықтар!..

Дауыстап құран оқи бастады, тағы да ыңырси ышқынған дауыс естілді.

— Шығамыз, шығамыз!..

Молда тоқтала қалды да, дауысын барынша көтеріп:

— Шығыңдар тезірек! «Ассалаумағалейкум!» деңдер де, шығыңдар! — деді зірк-зірк етіп, — Бұдан былай адам баласын мазалаушы болмаңдар!

— Ассалаумағалейкум!..

Сол сәт молда өзінің әр қимылын қарауылша міз бақпай бағып отырған Еркінге қарап:

— Қазір шығады. Шығуға жиналып жатыр. Аузынан шығады. — деді жайбарақат кейіпте. — Жындар шығып кеткен кезде мына қасқаң да оянады.

Еркін көріп қалармын ба деген оймен Болатбектің аузына қадала қарай қалған. Ол өзі ештеңе сезбейтін сияқты. Пыс-пыс етіп, пысылдап ұйықтап жатыр. Алғашқыдай емес, қыбыр-жыбырсыз тыныштала қалған.

— Әне, шығып барады! — деді молда. Бірақ оның көзіне ештеңе көріне қоймады. Тек досының «аһ» деп ауыр күрсініп, аузын кере ашқанын ғана байқап қалды.

— Ой, Алла-ай! — деді Еркін таңданған кейіп танытып, — Осыны біреу айтса сенбес ем!.. Құдайдың құдіреті-ай!..

Ол осы сөздерді айтып үлгермей жатып, Болатбек көзін ашып алды.

— Не қалғып кеткем бе? — деді орнынан сылбыр көтеріліп. Жан-жағына жаутаңдай қарап қояды. Не болғанын түсіне алмай тұрғаны ұйқы-тұйқы түрінен-ақ байқалып тұр.

— Екеуі де шығып кетті ме? — деді Еркін молдаға қарап.

— Иә, екеуі де алды-артына қарамай зытты ғой!..

— Қайтып кіріп алмай ма?

— Жоқ, өз бастарымен қайғы боп кетеді. Мен оларды әбден қорқытып, зәрелерін ұшырып жібердім! Енді адам баласына жуй қоймайды!..

Молда ештеңе болмағандай жаймен басып, өз орнына барып отырды. Еркін тағы да бірдеңелерді сұрағысы келіп оқтала берді де, досының көңіліне қарайлап, ол ойынан тез айныды. «Тағы бірде келермін!» деді өзін-өзі жұбатып.

— Ал жігітім, айта отыр, не сездің? — деді молда Болатбекке қарай мойнын бұрып.

Ол ештеңе естімегендей, меңірейген қалпында үн-түнсіз тұра берді. Көңіліне көп нәрсе ұялай қалған Еркін де оған сынай қарап қояды. Досы еш сасар емес, терең ойдың құшағында мәңгіріп тұрып қалған.

— Оу, жігітім, мен саған айтып тұрмын, не сездің? — деді молда сұрағын қайталап. Сонда ғана Болатбек өзіне сөйлеп тұрғанын аңғарып, бойын тез-ақ жиып алды.

— Не дейсіз? — деді алақтап.

— Не біліп, не сездің?

— Ештеңе де. Көзім ілініп кетіпті ғой!..

— Онда есіңде болсын, бойыңдағы жындарыңды шығардым! Ендігі өмірің шұғылалы да шуақты болады!

— Ой, рахмет... ой, рахмет, — дей берді Болатбек сенерін де, сенбесін де білмей. Әйтеуір бір жақсылықтың боларын іші сезетіндей, күлімсіреп қояды.

— Дәке, сізге Алла тағалам қуат беріп, халықтың құрметіне бөленіп, есен-аман жүре беріңіз! — деді Еркін орнынан көтеріле беріп. — Мынау азын-аулақ...

— Не ол?.. — Молда оның қолындағы екі мың теңгелікті көріп, көзіне жын-шайтан көрінгендей шошып кетті, — Қой, бауырым, қалтаңа салып қой! Мен бұндай нәрсеге ақша алмаймын! Ем қонсын, шипа болсын! Ақшаларың артылып жатса, жетім-жесірге, қапір-қасірге беріңдер!

— Рахмет, сізге! Алла разы болсын!

— Жақсы. Жортқанда жолдарың болсын!

Екеуі молдамен қоштасып, сыртқа шықты. Күн сәулесін молынан шаша тас төбеге көтерілген. Тыншу. Үп еткен жел жоқ.

— Досым, шыныңды айтшы, шынымен ештеңе сезбедің бе? — деді Еркін былай шыға бере.

— Шынымен ештеңе сезгемін жоқ! — деді ол аң-таң болып. — Тіпті не болғанын да әлі түсіне алмай келемін!..

Болатбектің бақытына асыққандай, ақ «Ауди» жолындағы машиналарды басып озып, басып озып, тақтайдай тас жолмен құйындай құйғытып келеді.

* * *

Содан кейін-ақ Болатбектің бағы ашылып, жұлдызы жана бастады. Араға алты ай салмай жатып Нәзира есімді әдемі ақ аруды қолына қондырып, шаңырақтың керегесін тіктеп, уығын қадады. Жылға жуық уақыт өтер-өтпесте дүниеге маңдайы торсықтай ұл келді. Үйленгендеріне тура екі жыл толған күні қызды болып, қуаныш қуанышқа ұласты.

Қазір күйлі-қуатты. Алланың берген ырыздығын теріп жеп, ел қатарлы өмір сүріп жатыр.