23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Думан Рамазан

1967 жылы 1 тамызда Семей облысының (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Абай ауданына қарасты «Қызылту» кеңшарында дүниеге келген.

Алақандағы ойық






— Ата, сiздiң қолыңызды жаудың оғы тесiп кеткен бе? — Томпақ бет, тәмпiш мұрын қара баланың сөзi дөңгелек жер үстелдi жағалай жайғасып, шай iшiп отырған қонақтарды елең еткiздi.

— Жоқ, балам, мен соғыста болған емеспiн. — Төрде отырған шүңiрек көз, қаба сақалды Наурызбек қария қара баланың таңырқаған пiшiнiне сүйсiне қарап, басынан аялай сипады. — Бұл — менiң қысқа ғұмырымда көзбен көрген бiр таңғажайып оқиғадан қалған белгi едi. Есiме түссе жаным түршiгiп, қара қотырланған ескi жараның аузын тырнап ашқандай күй кешемiн, — деп ештеңе айтқысы келмеген сыңай танытып едi, шай құйып отырған бәйбiшесi: «Бала емес пе, меселiн қайтармасаңшы» — деген соң ғана, Наурызбек ақсақал қозғалақтап қойып, қинала сөз бастады:

— Әке-шешеден ерте айырылып, қаршадайымнан жетiмек атанып, тағдырдың тауқыметiн ерте тарттым. Күнi бойы бiр уыс талғажау үшiн ала дорбамды мойныма асып алып, тiлемсектене ауыл кезiп, түтiн аңдитынмын. Есейе келе қайыр сұрауға намыстанып, басқаша өмiр кешудiң амалын таба алмай қиналып жүрген күндерiмнiң бiрiнде ауылға жалшы iздеген бiр бай келе қалды. Жолығып, жағдайымды айттым. «Жалшылыққа менi алыңызшы. Жұмыс таңдамаймын. Айтқаныңызды екi етпеймiн» — дедiм. Бай ала көздерiмен өне бойымды бiр шолып өттi де, сөзге келместен келiсе кеттi. Тек, тiрi жанмен қоштасуға мұрсат бермей, «бол-болдың» астына алып, шанасына отырғызып алды да, «бұл жерден қарамызды тезiрек батырайық» дегендей, қосарлап жеккен аттарына қамшы басты. Жарау аттар күртiлдек ақ қардың үстiмен шананы бұйым құрлы көрмей ұшыртып келедi. Мезгiл талтүс. Аспанды ақша бұлттар қаптап, төңiрек күңгiрт тарта бастаған. Жер — дүние кебiнге оранғандай аппақ. Ауылдан ұзап шыққаннан кейiн бай: «Жiгiтiм, баратын жерiмiз алыс. Өзiңдi-өзiң қинамай, жатып дем ала бер», — деп тұла-бойымды қасқыр iшiкпен тұмшалап орап тастады. Ойымда ештеңе жоқ, денем жылынған соң, маужырап ұйықтап кетiппiн.

Бiр кезде өзiмнен-өзiм шошып оянып, көзiмдi ашып алғанда, қалың тоғайдың iшiмен жүрiп келе жатқанымызды аңғардым. Ымырт үйiрiлiп, қас қарайыпты. Шананың алдыңғы жағында отырған бай ұзақ жүрiстен болдыра бастаған аттарды сипай қамшылап келедi. Тоғай iшi жым-жырт. «Есiңдi жи» дегендей, қоңыр кештiң салқын самалы жүзімді аймалайды. Жолдың жиегiндегi жапырағынан айрылған тал-теректер көзге оғаш көрiнiп, арбиған бұтақтары ертегiдегi жезтырнақтың саусағына ұқсап кетедi. Мен қорқа бастадым. Байдан қайда бара жатқанымызды сұрауға бата алмай, сұрықсыздау көрiнген табиғатқа телмiре қарап отыра бердiм.

Сар желiспен жүрiп отырып, бiр мезгiлде тау iшiндегi алаңқайда жападан жалғыз орналасқан ағаш үйге ат басын тiредiк. Атты доғарып, шөпке қойдық та, iшке ендiк. Үйдiң бөлмелерi өте көп екен. Әрқайсысының есiгiне жеке-жеке мысықтың басындай құлып салынған. Бай бiр есiктi ашып қалғанда бөлменi ортасынан қақ бөлiп тұрған темiр тордың ар жағында сақал-шаштары жалбырап, үстi-бастары алба-жұлба болған пенделерді көрiп, жүрегiм дүрсiлдеп қоя бердi. Бай көзін алайтып:

— Сенiң мiндетiң мыналарға күнiне үш мәрте тамақ берiп тұру. Ас алдарынан қайтсын. Азық-түлiк тауып беру менiң мойнымда... Қожайыныңа адал қызмет етпесең, сен де осылардың кебiн киесiң, — дедi. Қол-аяғым қалтырап, сөйлеуге шамам келмей, үн-түнсiз басымды изей бердiм. Екiншi бөлменiң есiгiн ашқанда ыждаһаттылықпен жинаулы тұрған төсек-орынды көрiп, қорқынышым сәл сейiлгендей болды. Бай жымысқылана жымиып:

— Бұдан былай сен осында тұрасың, — дедi де, шiрене басып, өз бөлмесiне кеттi.

Не керек, уақыт зымырап өтiп жатты. Жапандағы жалғыз үйдегi түсiнiксiз тiршiлiкке де көндiге бастадым. Бiрақ, күн өткен сайын басымды шырмауықтай шырмаған ауыр ойлармен арпалысып, сары уайымға салынатынды шығардым.

Бiрде қожайынымның көзiн ала бере тордағы адамдармен тiлдестiм. Олар да мен секiлдi «жалданамыз» деп келгендер екен:

— Бiздi неге осынша күтiп-баптайтынын бiлмеймiз. Тек, анда-санда арамыздан бiр адамды алып кетедi. Қайда әкетедi, не iстейдi, ол жағы бiзге беймәлiм, — дейдi.

Мiне, тағы да бiр жұмбақ. Бұнысы несi? Адамды бордақылап қайда апарады? Сататын мал емес. Ендi, осыны ойлап, басым қататын болды.

Бiр күнi таңертең ерте тордағыларға тамақ әкелсем, өзiме етене таныс қияқ мұртты жiгiт ағасы жоқ. Қалғандарынан сұрап едiм, уәделесiп қойғандай ешкiм тiл қатпады. Қайда жiбергенiн бiлмекке қожайынымның бөлмесiне келсем, пырылдап ұйықтап жатыр екен. Оятуға бата алмай дағдарып тұрғанымда, ошақтағы үлкен қара қазанға көзiм түстi. Бумен қоса шыққан жас еттiң исi сiлекей шұбыртады. Жақындап келiп қақпағын ашып қалғанда, қазанда көкшiл судың қайнап жатқанын көрiп, таң-тамаша қалдым.

«Не нәрсе екен?» деген оймен қабырғаға сүйеулi тұрған ожауды ала салып араластырып көрiп едiм, судың бетiне адамның бас сүйегi қалқып шыға келдi. Ожауды жұлып алып, көкшiл судан алақаныма тамызып едiм, тыз еткiзiп ойып түстi. Жаныма қанша батқанмен, «қыңқ» етуге мұрша жоқ. «Оянып кетпедi ме, екен?» деп жалт қарасам, қожайыным қаннен-қаперсiз ұйқы құшағында жатыр екен. Ендiгi жерде көп ойланудың қауiптi екенiн сезiп, ожаудағы суды қожайынымның бетiне құйып жiбердiм. Жан бермек оңай ма, ол қатты қиналып, әрлi-берлi аласұра дөңбекшiп жатты...

Ожауды лақтыра салып, бұрыла бергенiмде, жақтауда iлулi тұрған бiр буда кiлтке көзiм түстi. Жалма-жан жұлып алып, байдың келген бетте-ақ «маңына жолама» деп көрсеткен үш құпия есiгiне бет алдым. Бiрiншi бөлменi ашып қалғанда, қаз-қатар тiзiлген шөлмектердi көрдiм. Бәрi жаңағыдай көкшiл сумен толтырылған. Екiншiсiн ашқанда, өз көзiме өзiм сенбедiм. Бөлме текшелеп қаланған ақшаға сықиып тұр. Қойыны-қоншыма сиғанша толтырып алып, үшiншi есiкке келдiм. Ашып қалғанда, бөлменiң нақ төрiнде, ысылдаған ордалы жыланның ортасында көкпеңбек боп теңкиiп жатқан қияқ мұртты жiгiт ағасының денесiн көрiп, қорыққанымнан есiктi жабуға да мұршам келмей, сүрiне-қабына үйден атып шықтым. Аулада аттар байлаулы тұр екен. Бiреуiн шешiп алып, үстiне қарғып мiндiм де, ауылды бетке алып шаба жөнелдiм...— деп Наурызбек қария әңгiмесiн аяқтады.

Отырған жұрт: «Бұндай да жауыздық болады екен-ау!» дегендей, жағаларын ұстады.