23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Ділдар Мамырбаева
Ділдар Мамырбаева — балалар жазушысы.

Әке мен бала






— Әке, әке! Кетпеші! — Мен арқа-басым суық терге малы­нып, өз даусымнан өзім шошына ояндым.

Биылғы мамыр айының орта шені жылдағыдан өзгеше Ал­матыны күйдіріп тұрды. Түн қапырықтығы тынысты тарыл­тып, кеңірдегіңді қылқындырып тастайды. «Тастақ» базарының жанында анам екеуміз шағын ғана жер үйде тұрамыз. Базардың у-шуы, құжынаған адамдардың қара жүрісі қаңсып тұрған ауаны одан әрі кептіріп, қаңырығыңды түтеді.

Орнымнан тұрып, өзім оқи­тын мектептің спорт алаңына келдім. Балалар футболдың қы­зы­ғына беріліп кетіпті. Бір шеттен сыныптасым Жандос келе қалды.

— Ақша табайық, — деді ол.

— Қайдан?

— Айдардың үйіне ұрлыққа түсеміз.

— Жоқ, олай істей алмаймын.

Ол ішімнен түйіп қалды. Мен бүрісіп отыра кеттім. Оған қарсы тұруға шамам жетпейді. «Ұрсаң, ұра бер» деп орнымнан ауыр­сы­на тұрдым.

Біздің мектептегі жүйе осы­лай. Әр сыныпта 2-3 басбұзар бала болады. Өзінен күші аздау балаларға қамқорлық көрсеткен болып, жанында ұстап, төменгі сыныптардан ақша жинатады. Өзіне әбден бағындырып алған.

— Біз — жан аяспас доспыз. Достар бір-біріне көмектесуі керек. Ұрлықты мен жасаймын, сен қарауылдыққа тұрсаң да болады, — деді.

Қанша қырсығып тұрсам да, басымды изедім.

— Сен ертең денешынықтыру сабағына форма әкелме. Оқушы­лар сабаққа қатыспаған балаға телефондарын, үйлерінің кілт­те­рін береді де, өздері сабаққа ке­те­ді, сол кезде Айдардың үйінің кілтін бөлек ұста да, маған бер, — деді.

Оның әзіретінің көлең­ке­сінде жүргендіктен, айтқанына көнбеуге әбдім жоқ еді.

Айдар шешесі екеуі мектептің түбіндегі үйде тұрады. Анасы күні бойы жұмыста. Жандос Айдардың үйіне талай рет бар­ған. Қай заттың қай жерде тұра­ты­нын әбден зерттеп алған.

Мен ертесі Жандостың айт­қанын істедім. Мұғалімнің «келесі жолы сабаққа формасыз келсең, тоқсанға екі шығара­мын», — деген сөзі маған шыбын өлтірдім дегендей ғана әсер етті.

Сабақтан соң іргедегі көлге шомылуға бардық. Бұл біздің ойыннан кейінгі әдетіміз. Көл­дің жағалауынан түнімен жа­нын­дағы «Ангар» деген кабактан араққа сылқия тойып, одан төбелесіп, қабағы жарылып, көзінен ызғар шашқандарды да, саудасын жасап жылмың қақ­қан­дарды да, көздері көк тұман­данып аласұрғандар мен алпыс екі тамырын махаббаттың шуа­ғына бөлеп, қара тастың өзіне мейіріммен қарап отырған жас­тарды, жасамыстарды да кез­дес­тіруге болады.

Мұнда суға секіретін биік мұнара бар. Балалардың бәрі сол жерден көлге құлдыраңдай орғиды. Оның басына шыққанда айналаң алақандағыдай көрінеді де, өзіңді көлге барып құйылар бір бұлақтай сезініп, жоталанып кетесің. Өрттей лаулап, құйын­дай құлдыраңдап ұшасың. Достарыңның арасында «черт» болып көрінгің келмейді. Егер осы биіктен сілкініп тұрып, се­кіре алмай қалсаң, құның түседі. Балалардың ортасындағы «сал­ма­ғың­нан» айырыласың. Жазаланасың. Футболда қақпаға тұрып, өткізіп алған әрбір добың үшін майлы құйрығыңды тебуге ұсынасың.

Мен биіктен қорқамын. Мұнараға шыққаныммен секіріп кетуге жүрегім дауаламайды. Қорқақ қып жаратқан Тәңір ме… құса болам. Санам сансы­рай­ды. Жүрегім түйнеледі. Мұн­дай­да зейініме мұңнан басқа ешнәрсе қонақтамайды. Мұнара басына шыққаныммен, секірме­дім де, баспалдақтан қайта жерге түспедім де. Менің қарғуымды күткен балалар біраз айналшық­тап жүрді де, күтуден жалығып, қолдарын бір-ақ сермеп, өз жөндеріне кетті. Мен орнымнан тапжылмадым. Кешкі салқын­нан ба, әлде үрейден бе, денем тітіркеніп, тоңазығандай болды. Жандостың Айдардың үйіне ұрлыққа түсуіне себепші болға­нымды айтсайшы. Өз-өзімнен жиркеніп, түңілдім. Не де болса, осы жерден қайта түспеуге бекін­дім. Байламым осы. Кейін­нен ұрлықтың Жандостан келгенін білді, бірақ дәлелдей алмады. Жандос қуысбас болға­нымен — қусирақ. Төтеннен қойылған әр сұраққа жауабы дайын, сөзі мығым. Жауап бергенде жүзі момақан тартып, ойнақтаған жанары ойлылыққа ауысатын. Мұғалімдер одан жамандық келеді деп ойламайды. Бәлкім оның өктем дауысты әкесінен ығатын да болар. Иә, оның сондай жолындағысын аттап, таптап кететін әкесі бар. Ал менде ше?..

Мені қалың ой жетелеп кетті. Басым, қол-аяғым аман. Міне­зім­де сойқандық жоқ. Сонда маған не жетпейді? Менің жа­ным, өзегім, ішкі сарайым неге бос, неге әлсіз? Себебін іздеймін.

Сор келемін десе, аяқ асты ғой. Онда Қордайда тұратынбыз. Әкем көшенің басындағы үйдегі бала-шағасы көп тәтеге кетіп қалғанда, менің әлі мектепке бара қоймаған кезім еді. Көшеде зуылдап өтіп жатқандардың ішінен әкемнің көлігінің даусын жазбай танимын. Жұ­мыс­тан қайтар уақытында үйге кіретін биік табалдырық үстіне отырып алып күтетінмін. Бұры­лып келсе ғой деп ойлаймын. Көшенің шаңын бұрқыратып таныс көлік зу етіп өте шығады. Жүрісі де баяуламайды. Кей-кейде әкемнің сұлбасын көріп қаламын. Басын басқа жаққа бұрып алады. Мен төмен қарап жер шұқимын. Әкемді бөтен балалардан қызғанамын. Ерлі-зайыптыларды азғырып жүретін ажырасу деген қоғамның бұралқы итінің неге қабатыны­ның түйінін таба алмай, дәрмен­сіз күй кешемін. Әкемнің бізді тастап кетуі жұлын-жүйкемді үзген.

— Әке, сен қайтып келсең, бал­мұздақ та, комикстердің супер­қаһармандарының ойын­шық­тарын да сұрамаймын, — деймін кеуде тұсымдағы қалтама салып қойған суретіне қарап.

Сурет үнсіз.

— Анам көлігінің терезе­сінің әйнегін сындырмағанда кетпес пе едің?

— Иә, солай, — деп өз сұра­ғыма өзім жауап беремін. Сурет те күрсінгендей болады. Содан ол бейнені қайтадан орнына салып қоямын.

Осы сәттің суреті өзегіме өксік боп орнығып алған. Қайда жүрсем де өзімнен алыстаған емес. Қайта қалыңдап, қамық­тырып жүдететін. Бұл сезімнің титтей ұшқыны да әкеме жет­пейтінін білемін. Ол мені іздемейтініне де көзім жеткен.

Менің алабұртқан, аласа­пыран болған көңілімнің құнын бес тиын етіп қаланы қараңғы­лық басты. «Бүгін не мұнарадан секірем, не өзіме бір нәрсе істеймін, әйтеуір баспалдақпен қайта жерге түспеймін» деп өз-өзіме сөз бердім. Қалың ой астында қалғып бара жатқам…

— Күнім-ау, сені іздемеген же­рім жоқ қой, — деп, шешем келіп құшақтай алды. Өзі еңіреп тұр.

Мен қатып қалғандай жібі­медім.

— Жүр үйге!

— Бармаймын! — деп зірк еттім, — бармаймын.

— Осында түнемекпісің, сонда? — шешем батылсыздана сұрады.

— Секіріп өлемін.

Бұл сөзім шешеме жер айна­лып, тау құлап, аспан көшкендей әсер еткенін білемін. Жол апа­ты­нан екі қолын, аяғын, жеті қабырғасын сындырып, төсек тартып жатқан жерінен енді тұрған кезі еді. Көңілін астан-кестең етпеуіме де болады. Бірақ осы уақытқа дейін өзімнен күші басым балалардың психоло­гия­лық қысымы, әкесі барлардың өр кеуделілігі мені өзгертіп жіберген. Бандит бала, атаман бала болғым келеді. Оған бірақ мотивация жетпейтін. Алдымда ағам, артымда інім жоқ, сүйе­нетін арқа тұтар әкем жоқ. Күн сайын өзімнен күші басым балалардан таяқ жейтінмін. Сол жанымды жүдеткен.

— Өміріңнің түйінін өлім шеше ме? — анам дәтке қуат болар ешнәрсе таба алмағандай нали сұрады.

— Иә, айналып келгенде ме­нің осындай «черт» болып жүргеніме сіз кінәлісіз, сіз. Бір нәр­се айтсам: «ой, ол сенің қолың­нан келмейді», «сенің міне­зің жаман ғой» — деп бетім­нен қағып келдіңіз. Менің бір ісімді мақтап, арқамнан қаққан кезіңіз болды ма? — өзегімдегі қақталып жүрген ыс-жалынды лақ еткіздім.

Анам тұқырып қалды. Менің бойым сәл болса да жеңілдеді. Біреудің ерік-жігерін жаншу бойыма рахат сезім береді екен.

Анам тілі мен үнін жұтып қойғандай мелшиіп отырып, біраздан соң:

—Тұзыңа тышпа! — деді. — Сөзі зілді шықты. Өзіңді айта бермей, біруақ менің де халіме үңіліп, түсіністікпен қара. Менің сорымның қалыңдығы шашымдай. Мына өмірдің ыңғайлы өткелінің қайда екенін білсем, шашым жасыма жетпей ағармас еді ғой. Бір сен деп жүр­мін. Не таршылық, не жамандық көрдің? Өз қауқарсыздығыңды өзгеге жаппа. Әкесіз өскен жал­ғыз сен бе? Жоқ, әлде, әкесіздер­дің бәрі шетінен өліп жатыр ма? Елдің ұлдары жоғын айтпай-ақ қасқыр-жүрек болып жүр ғой.

— Онда сондай қасқыр-жүрек ұлды бала етіп алыңыз.

— Алла берген ондай баланы. Ол ондай болмаймын деп отыр­са, бойындағысын бағаламаса, не істеймін, айтшы, не істейін? Сен сырттан іздеп жүрген бақыт өзіңнің ішіңде жатыр.

— Қайда ол, қай жерде жа­тыр? Не ішкенге, не жегенге жарымаймыз! Менің ішкі тығы­ным атылғандай лақылдатып жатырмын.

— Сыныптасың Алмасқа қарашы. Аяқ астынан, ойлама­ған жерден мүгедектің арбасына таңылып қалды. Көл-көсір ақша да, қабат-қабат үй де, әке де, ше­ше де көмектесе алмады. Балам, бақыт деген өзіңнің қанағатың екенін мен де кеш түсіндім. Қателіктерім де содан басталды. Сен ақылды баласың. Өз бойымдағы кемшіліктердің сенде болмағанын қалаймын. Сен менің жүрегімнің ішіндегі жүрегімсің.

Шешем иығымнан ұстап, құшақтады. Бұл жолы мен де оның бауырына тығылдым. Екеуміз де ұзақ жыладық. Бір-біріміздің қадірімізді енді ғана түсінгендей болып, мұнара баспалдақтарын іштей санап, төменге түстік.

Менің мұнарадан секірмеге­нім­ді балалар білген жоқ. Жан­дос аяқ астынан басқа мектепке ауысып кетті. Келесі күні ойында ең белсенді шабуылшы болдым.

— Анашым, бүгін қар­сы­лас­тардың қақпасына 3 доп соқтым!!! — деп үйге дабырлай кірдім.

— Ақырын, әкең келді, ұйық­тап жатыр, — деді анам екі саусағын ерніне басып.

Күнде атқарып жүрген, бойы үйренген әдеті осы секілді. Өзі тым жайбарақат. Күтпеген жағ­дайдан миыма құрт кіріп кет­кендей, қас пен көздің арасында жандүниемнің астан-кестеңі шықты. Шекемнен қара тер бұрқ етті. Жатын бөлмеге кірдім. Шынымен-ақ, еңгезердей қара сұр адам ұйықтап жатыр. Қабағы түксиген. Шаштары тікірейген. Беті безеудің ізінен бұжыр-бұжыр, әжімді. Кеуде тұсыма сақ­тап жүрген суретті алып салыс­тырдым. Кескін-келбетін ұқсаттым да, ұқсатпадым да.

Анам кешке дастархан жай­ды. Әкем келіп жайғасты. Өзге­ше бірнәрсе болатын шығар деп күттім.

— Ертең Ильичевка жаққа жүреміз. Демалысты Шымкентте өткізесің, —деді. Әңгіменің басы да, аяғы да осы болды. Жауап күтіп, бетіме қарады.

— Жарайды! — дедім екі ойлы қалыпта.

— «Жарайды, әке» деп айт! — деп түзетті сөзімді. Даусы дөрекі естілді. Үндемеп едім, тағы қайта­лады.

— Жарайды, әке! — дедім даусымды тістерімнің арасынан сыздықтата шығарып. Ильичев­ка менің ұғымымда Сицилияның Палермосы секілді. Ол жерде тұратындар үшін өз ауылдары Мысыр шаһарындай. Әкем сол ауылдың тумасы. Мені ауылға апармақшы.

Жамандықтың бет-жүзі бол­майды деген рас. Оның бет-әлпе­тінен ешнәрсе байқай алма­дым. Менің көзімдегі үрей­ге, бойым­дағы қорқынышқа селт етпейтін секілді. Баяғыдан бері бізбен бірге тұрып келе жатқан­дай, шайын асықпай, сораптап ішуде. Көрме­геніме он жылдан асқан әкенің кенеттен қайта оралуы өмірімнің қалыпты ырғағын бұзып жіберді. Бөтен, жылуы жоқ жан баса-көк­теп келіп, өз өктемдігін жүргізбек­ші. Анам бәріне үнсіз келісуде. Әкесін көрсін дегені ме…

Шымкентке бағыт алып ба­ра­мыз. Көлік ішінде екеуден екеуміз. Үнсізбіз. Еркелей білмеймін бе, еркелегенімнің тұрпаты сол ма, қыңырайып отырмын. Сол қасар­ғыштығыма жылылықпен жауап берсе деймін. Ит те иесіне ерке­лейді ғой. «Әке деген осындай болу керек» дей ме екен, әлде ал­ғаш­қы күннен ықтырып алайын деген ойы бар ма, ызғарлы да қатал. Өз-өзіне кереметтей сенім­ді. Жол-жөнекей сатып алған тамақ­тарын жемей қойдым, ол да маған мәймөңкелемеді. «Неге жемейсің?» деп сұрамады да. Менің қалап тұрған тамағымның жанынан мән бермегендей болып өте шығады. Екеуміз де бір-бірімізге тістеніп келеміз. Жеті­сай­ға барар жолда дарияға бір сүңгіп шығуға тоқтадық. Қайыққа отырдық. Ескекті ма­ған ескізді. Бірінші рет ұстап тұрсам да, тырмысып есіп келем. Екеуміздің арамызда әңгіме жоқ. Бір-бірімізге өшігіп отырған адамдардаймыз. Ара-арасында мен жаққа көзінің астымен қабақ шыта қарап қояды. Менің ішкі арпалысым өшпен­ділікке айналып бара жатқандай. Қандай қатыбас, ит мінез. «Әке» деп айтуға ішімдегі қатып қалған түйіндер жіберер емес.

Жағалауға иегін сүйеп тұр­ған бір мүйіске келіп тоқтадық. Балық аулау деген бір қызық іс екен. Жағалауда үн-түнсіз, тапжылмай сағаттап отырасың. Қармағыңа ештеңе іліне қой­майды. Бірақ рахат. Психоте­рапия, медитация деп тренинг өткізіп, ақша таба­тын­дар үшін мына жер саялы орын. Қиялың­ды қалай қалықта­тады десейші…

Батыстан тұтасқан бұлт кө­рінді. Жаңбыр иісі келді. Су беті бозғылт тартты.

— Кеттік! — деді. Темірден жаратылған адамның даусындай сезімсіз шықты.

— Балық қапқалы тұр! — дедім бетімді бұрмай, — сәл күте тұ­рыңыз!

— Онда қал! — деді де, құрал-жаб­дықтарын жиыстырып, қайық­қа салып, машинасын қой­ған жағаға қарай қайрылмай кете барды. Жай басталған жаңбыр екпіні күшейе бастаған. Жейдешең отырған менің арқамды суық қарып барады. Әкемнің (әке деп те айта алмай­мын) мына қылығы өкпелетіп, қолқа жүрегімді алқы­мыма тақап қойды. Төбемнен төмен қарай құйылған жаңбыр суы мен көз жасым араласып кетті. Бір орнымда қатып қалған­дай, тапжылмай отырмын. Иегім­нің қалшылдауы мен дарияны қоршаған бұталардың селкілдеуі қоғамның қандай нәрсеге болса енжар болып кеткендігінің суре­тіндей болып бойымды езіп тұр.

Әкем екі-үш сағаттан кейін, бұлт астынан шыққан күн жаң­бырды ығыстырғанда, айнала ты­нышталғанда мен отырған жерге қайта келді. Түк бол­мағандай:

— Кеттік! — деді тағы да.

— Мен сенімен енді ешқайда да бармаймын! — шатынап тұрып, ақшия жауап бердім. Осы сәт шапалақтың шарт ете түскенін аңдамай қалдым. Көзімнің оты жарқ ете түсті. Ішімде бір топалаң басталды дейсің. Балық аулап отырғандағы қиялдарым мен мақ­саттары­мның быт-шыты шық­ты. Жын ұрып кеткендей болдым. Бар даусыммен айқай салдым.

— Сені кім шақырды, сендей әкенің көк тиынға да керегі жоқ. Осы күнге дейін қайда болдың? Мені таптауға, ұруға, жігерімді құм қылуға келдің бе? Кімсің өзің?

Көзіме қан толып кетті. Өзі­ме өзім ие болудан қалып бара­мын. Көзім оның қалтасынан бір ұшы шығып тұрған бәкіге түсті. Асқан бір жылдамдықпен суырып алдым да:

— Өлтірем сені! — дедім, — осы­дан қара да тұр, өлтірем!

Қалған көңіл — шыққан жан деп тұрмын.

Менің жаным мен жүрегімді енді түсінгендей, жүзіндегі кешелі бергі аяз жібіп, басқа түрге енді. Өзінің ісіне ұялған­дай, қателікте­ріне бармақ тістегендей. Шарт кесілгелі тұр­ған тағдырды қайта бір жымдас­тырғысы келіп тұрған сезімді мен қалай ұқтым, ол жағын білмеймін, жүрегім дыз ете түсті. Ашу мен ақыл алмасып барып, сабаға түсе бергенде, қолымнан бәкі жерге түсіп кетті. Әкем жер­ден алды да, тұнжырай қарады. Ақырындап маған жақындай берді. Қамсыздығыма өкініп тұрмын. Ішімді үрей кеулеп барады. Қарсы алдымдағы жан жақыным ба, әлде жат адам ба, ажырата алмай көзім тұман­данды. Беталды жүгіре жөнелдім. Артым­нан қуып келеді:

— Балам, тоқташы, тоқта! — деп айқайлайды. Дауысы жалы­нышты. Мен өзімді тоқтата алмай келемін. Тіленіп, өтінген сайын, зуылдаймын. Белгісіз бір күш дәл қазір тоқтасам жағдайды мүлде өзгертіп жіберетіндей.

— Балам! Балам! — дейді шыр­қырап. Дәті берік болып көрінген адамның елжіреуі бүйрегіңді бүлк еткізеді екен. Жүгіргеннен өкпем өше баста­ған­да, жағалаудағы биік ағаштың басына өрмелеп шықтым да:

— Ағаштың ұшар басынан тү­біндегі қара тасқа секіріп өлем! — дедім.

Әкем ағаш түбінде ентігін баса алмай тұр.

— Айналайын! Қорқытпашы! Кешір мені!

Біреу кешірім сұраса, елжі­реп қалам. Әкеме жайбарақат қана көз тастадым. Ағаштың жуан бір бұтағынан ұстап өрме­леп келеді екен. Ол жақындап қалғанда секіріп кеттім. Тасқа түспей, суға күмп бердім. Әкем­нің ұстап тұрған бұтағының шарт сынғанын көзім шалды. Кешелі бері мүләйімсіп, тыныш жатқан дарияның ағыны бүгін тым қатты. Мөлдір моншақ­тай болып көрінетін су тамшы­лары қазір таудай-таудай толқынға айналған. Дария өз-өзінен тулап, шулап кетті.

* * *

Маған қара күшпен жан-жағын ықтырып жүретін адам­дар ұнайды. Соларға қызығамын, еліктеймін. Өзгелердің қолпаш­тағаны, мақтағаны жаныма май­дай жағады. Ерекшеленіп тұрған­ды жақсы көремін. Жан­дос басқа мектепке ауысқан соң «айналамда жүрген балалар ме­нен сескеніп жүрсе» деген мінез пайда болды. Бокстан үйренген әдіс-тәсілдерім­ді былғаныштау бағытқа жұмса­дым. Айналам­дағыларды ықтыра бастадым. Мектебімізде муай тай спор­тынан Азия, Еуразия чемпио­ны болған бала оқиды. Сол ғана маған шекесінен қарайды. Ол тәкаппар, қатал болатын. Оның бұл мінезі намысыма тиді. Менің бойымда да қабілет мол. Бірақ мен бірнәрсеге қол жеткізе қояйын деп өзімді қинамаймын. Сол бірде спарингке шақырды. Муай тай — тайландық жекпе-жек өнері. Соққы беру. Соққы басқа да, қол-аяққа да, тізеге де беріле береді. Ережесі қатал. Біздің мектептің бүкіл қыздары, ұлдары жиналған. Бокстаса бастадық. Соққылары жеңіл секілді. Ұру тәсілін білмейтіндей көрінді. Сөйтсем, айласы екен. Ашық қалған тұстан естен тандыра соққы берді. Ешнәрсе көрмей қалдым. Шайқалақтап тұрмын. Өзімшіл өжеттігім оянды. «Я ду­хом сильный» деп ойлап үлгердім. Айнала шуды естімеймін. Муай тайда бас-көзге қарамайсың. Сәл есім жиналғанда астына кіріп, құлаттым да, ұра бастадым. Құла­ғанды соққылау әдетімде жоқ еді. Бұл жолы ол ұстанымнан айны­дым. Жиналғандар әзер дегенде ажыратты.

Жекпе-жекке аудандағы «бан­дитпіз» деп жүрген балалар да жи­нал­ған болатын. Суық қарула­ры да бар. Абырой бол­ғанда жағ­дай ушықпай аяқталды. Ертесі бұл оқиғадан қаладағы біраз жұрт хабардар болды. Мектепке төбелеске қатыс­қан­дардың да, қатыспа­ғандардың да ата-аналары шақырылды. Көбі мықты, құзыр­лы орындарда жұмыс істейтіндер. Әркім өз баласын ақтап әлек. Кеше ғана көшеде жүргенде бір иығымды төмен, бір иығымды жоғары ұстап, қыр көрсететін мен бүгін әркімнен бір сөз естіп, тауым шағылып, әл-дәрменім құрып тұрмын. Сүйенер, қорғаныш бол­ар менде әке жоқ. Шешем келді. Бауыры тілгіленіп жылап тұрды. Мені мектептен шығара­тын бол­ды. Басқа жол жоқ. Біз­дің сыныпта директордың баласы оқитын. Оқиғаның ішінде ол да болған.

Жүрегім қанталап, жан-жақтан қойылған сұраққа:

— Менің сөзімнің біріне сеніп, біріне сенбейсіздер. Олай болса, анық- қанығын Арғын­бектен сұраңыздар, — дедім.

Директор селк ете түсті.

— Арғын да болды ма? — деді.

Дүйім жұрттың алдында айтылған­дықтан, енді оны да шақыруға тура келді. Жағдай бір сәтте басқаша сипат алды.

— Жігіттердің арасында не болмайды? Бас жарылып, қол сынған жоқ, —деп, директор ушығып тұрған жағдайды сылап-сипап түк болмағандай етіп шығарды. Чемпион бала ек­еу­міздің бір мектепке сый­майты­нымызды біліп, қолма-қол оны басқа мектептің дирек­торымен сөйлесіп, сонда ауыстырды.

Тал қарматқан осы оқиға маған әкені қатты іздеткен. Бір ойым «дұрыс істедім, өзімді дәлелдедім» деп ақтап жатса, екінші бір ойым «оңбайсың» деп өзімнен түңілдірді, жиіркендірді. Мұндайда ақылдасар әкенің болғанын қаладым, Жаратқан­нан жалынып сұрадым. Тілегім­нің орындалуын күттім, көп күттім. Келсе, ажырамаспын дегенмін. Келіп еді, қашып бара­мын. Тол­қын­мен арпалыса жүріп, артыма қараймын. Менен көз жазып қалмасам екен деген ұмтылыспен малтып келеді. Қалайда маған жетсем екен дейді. Қарғып, қарғып кеткісі келетінін сеземін, қауіп-қатерді елемейтін секілді. Тасқын жолын бөгеген сайын жанұшыра құлаштайды. Дәл қазір мен үшін, менің суға батып кет­пеуім үшін жанын, жүрегін беруге әзір екенін «балам, балам!» деген бірде құлағыма жетіп, бірде үзіліп естіліп жатқан даусынан сеземін. Жағаға жақындағаным­да айнала бір сәт жым-жылас, жым-жырт бола қалды. Дүние тынғандай. Дария ернеуінен асып тасыма­ғандай. Жағалау­дағы шөптер де сыбдырсыз. Әр жер әр жердегі дөңкиген тастарға қараймын. Мелшиіп тұр. Бүгінгі күннің әлегінен санам сансыра­ған ба, әлде шынымен солай ма, дария баяу ғана тербеліп жатыр. Әкем су бетінен де, жер мен көктің арасы­нан да көрінбейді. Жейдемнің қал­та­сында тұмар­дай боп сақта­лып жүретін суре­тін қолыма алайын десем, түгі қалмай езіліп кетіпті.

— Әке! — дедім талықси, тұн­шыға айқайлап. — әке! Кетпеші!