Әдебиет
Жетім қозы
Әкесі бәкісін жұмсақ қайраққа қайрап, керзі етігінің қонышына олай бір, былай бір сүйкеді де үйден шықты.
— Әкем қайда барады? — деді Лекер тамақ қамымен қазан-ошақ басында күйбеңдеп жүрген шешесіне қарап.
— Қора жаққа. Ана ауырып жүрген саулық төлдепті. Қозысын алмай жатқан көрінеді. Төлі де тым әлжуаз, мал болмайтын сыңайлы.
— Бәкіні не істейді? — деді Лекер түсінбей.
— Нашар қозыны бауыздап, етін иттерге тастайды ғой деймін.
Терезеден түсіп тұрған сәуле шайқалып барып, керегеге ұрылып, быт-шыты шығып шашырады. Бойындағы қан атаулының бәрі басына жиналып, құлағын, көзін бітеп тастады. Аяқ-қолы сіресіп қалғандай.
— Оны әлжуаз болып туғаны үшін өлтірмекші ме? — даусы қатты шықты. Жүзі сұрланып кеткен болу керек, шешесі бетіне ажырая қарады.
— Бәрібір өлетін мал ғой. Арам қатпасын деп жатыр.
Баласының бір қозы үшін сонша қызбаланып тұрғанына абыржи қарады.
— Тәйт әрі, әр өлген қозы мен қойға жылап Қарынбай болайын дедің бе? — деген шешесінің сөзін естісімен, жолында тұрған заттарды қаға-маға далаға жүгірген.
Сыртта көктем лебі еседі. Жер тершіп жатыр. Әр-әр жерден қылтиған көктің мойны көрінеді. Тоңның сызы толық кете қоймаған ба, табаны жұқа аяқ киімнен өткен суық жағын үрпитіп, түсін қашырып жіберген-ау, әкесі бұған шошына қарады.
— Әке, қозыны өлтірмеңізші, — деді ол жылағанынан аузы сөйлеуге әзер икемделіп, сөздері үздік-создық шығып, — олай істемеңізші!
Лекер әкесінің бетіне қарап тіке сөйлемейді. Қандай кезде де, қай-уақытта да әкесінікі жөн болып есептеледі. Қабағынан қаймығып тұрады.
— Жігіт адам да осылай ебіл-дебіл жылай ма екен? — Он жасар Лекерге әкесі шытынай қарады. Шүңірек көзі өңменіңнен өтердей екен.
— Сіз қозыны өлтірейін деп жатырсыз ғой.
Жыламайыншы деп тістенгенімен, көз жасы тоқтатуға ырық бермей, өзінен-өзі сорғалауда.
— Лекер, мен көзімді ашқалы осы малдың соңында келемін. Сенен гөрі бұл істі жақсырақ білемін. Ол бәрібір өлетін, ауру қозы. Мұрын боғыңды ағызбай үйге қайт!
Аспан тұнжырап, алба-жұлба бұлттар қабағын шыта қалды. Қандай айла, қандай шара табарын білмеген. Суық жел құйындата соғып өтті.
— Әке, мен де әлсіз, нашар болып тусам өлтіріп тастар ма едіңіз?
Көз жасы тиылып, бір қайсарлық бас көтеріп келе жатқандай.
— Қайдағыны айтып тұрсың? Адам мен малды салыстырғаның не?
— Екеуінің де жаны бар ғой!
Әкесі ток ұрғандай дір ете түсті. Әлде бұған солай көрінді ме... Айнала екеуіне дүрлігіп қарап қалған. Жаңа ғана сырын ішіне бүккендей тым-тырыс бола қалған дүние енді күбірлесіп, сыбырласып өткенді есіне салып жатыр. Ұясына жылан өрмелеген шымшықтай шырылдаған Лекер әкесінің жанын толқытып-ақ жіберді. Лекер — Құдайдан сұрап, әулиелерден тілеп алған бала. Жеті айлық болып туған. Тырбаң-тырбаң еткен ет пен сүйек қана еді. «Бала болар ма екен» деп уайымдайтын. «Тымаққа салып керегеге іл, ырымы сол, бұйыртса адам болып кетеді» — дескен.
— Тымаққа не үшін салатын болды екен? — деп бұл сырын білмекші болып үлкендерден сұрап еді, бірі «ата-бабадан қалған нәрсе ғой, әйтеуір зиянды емес» десе, екіншісі, «қазіргі медицинадағы ваккумның алғашқы нұсқасы» деп түсіндірген.
— Атын Шалабай, не Лекер деп қою керек, — дегендер де болды.
Іші алау-жалау, қым-қуыт болған Сәрәлі бәріне бас изей берген. «Балаң әлі-ақ азамат болады» деген сөзді естісе-ақ бәрі соның қолында тұрғандай, сол адамға мейірленіп, жік-жапар болатын. Өз-өзінен шаттанатын. Қуанатын. Енді, міне, Лекер өскелі бері сол бір сәтін қамсыз шаққа айырбастай бастаған ба... Ұмыттым дей алмас, дегенмен біртіндеп уайым өткелінен алыстап, мұң алауының сөніп бара жатқаны бір сәтке санасында жарқ етті.
Ішкі қарсылығының жібі босап сала берді.
— Біресе қар жауып, біресе жауын жауып қағынып тұрған күннің сиқы мынау. Ол қозыға жас баланы мәпелегендей күтім керек. Мүмкін мал өсірудің қиындығын түсінерсің, бағып көр!
Іштегі тырсылдап, үзілуге шақ тұрған жүйкенің қылдай талшықтары босаңсып-босаңсып барып сылқ ете түсті де, алақайлап көңілдегі көлеңкенің бәрін сыртқа айдады. Әке мен баланың жанын түсінгендей болған қурайлар бұлғаңдап, бұлғақтап, тәтті бір сезіммен ызыңдады.
Лекер қораға кіргенде өз салмағын өзі көтере алмай, төрт аяғы төрт жаққа кеткен, демі жиілеп, іші қабырғасына жабысып, көзі жұмулы жатқан көкбақа қозыны көргенде, өз байламын дұрыс емес екен-ау деп ойлады. Енесі ауру болған соң, есін жия алмай, төлінің шаранасын жинауға шамасы келмепті. Арқасынан сипап еді, қолы жылбысқыланып, көңіліне жиіркеніш келді. Сонда да сипады. Тоңып, тітіркеніп жатқан қозы бойына жылу барды ма тәлтіректеп тұрғысы келді. Емшек іздеп, мұның қолын түртпектеді. Енесінің мейірім төкпегені, үстін жалап-жұқтамағаны көрініп тұр. Сүзіп, бөтенсіп, анадай жерге барып, өз төліне өзі оқырая, одырая қарап тұр.
— Ауыздана алмай ашығып қалыпты. Бір-екі күн үйдің ішінде ұстасам бола ма?
— Аққа жарымаған неме, қалай болар екен? Қара тоңғағы түспей қиналып жатыр-ау. Әкесі әлі де ойланарсың дегендей мұның бетіне сұраулы кейіпте қарады, — ауру малдың өмірі қысқа болады ғой.
— Сонда бұл қозының қай жері ауырады?
— Адам дейсің бе, ауырып тұрмын деп айтатын. Енесі қаракемікпен ауырып, жазылмаған шығар. Аурудан ауру туады да. Беймезгіл төлдеп, санадан адасқан мал ғой. Әкесі әлденеге ызалы ма, қысқа, зілді жауап берді.
Лекер қозыны үйге көтеріп келіп, қағаз жәшіктің ішіне арпаның майда сабанын төсеп сонда жатқызды. Емізікпен сүт берді. Бір-екі сорды да, әлсіреп, басын жерге төсеп, солықтады да қалды. Жөтел қысып еді, даусы болар болмас қана күрк-күрк етіп, одан әріге шамасы келмеді.
— Таза бидайды суға бөктіріп, суын ішкіз. Қара тоңғағын шығарып, тазаланбайынша іші өтіп, ішкені бойына сіңбейді, — шешесі Лекердің жанына келіп, кішкентай қозының иегін түртіп, көтеріп еді, жатқан жерінде былқ-сылқ етті де қойды.
— Сүйегінен қара суық әбден өтіпті-ау. Дәрі бермесек болмайды, — деп анасы әлдебір сұйық қоспаларды қозының қарысып қалған жағын күштеп ашып, құйып жіберді де, иегін сәл жоғарыға көтеріп, біраз уақыт бауырына басып ұстап отырды.
— Ана семіздіктен құйрығын көтере алмай жүрген қоңыр саулық бүгін-ертең қоздап қалар, соның қара уызы мен сары уызынан сауып әкеліп аз-аздан ішкізіп тұру керек, — деді анасы Лекерге.
Анасының көтерем қозының жанында біраз күйбеңдеп жүргені төлдің жағдайын да, өзінің көңіл-күйін де түзеп жіберді. Мына бойында бір түйір еті жоқ қошақанның ертең-ақ құлдырыңдап шауып кететініне, өлмейтініне сенді. Қозының енесін сауып көріп еді, бір тамшы да сүт шықпады. Көзі шақшиып, үркектеп жанына адам жолатпайды. Сидаң-сидаң етіп қораның ана бұрышынан мына бұрышына қашты.
— Неге сенің ақылың, есің қозыңды бауырыңа алуға жетпейді? Өз қозыңды өзің неге емізбейсің? Неге бөтенсисің? Титімдей қошақанның жүрегіне дерт пен қайғы байлағаның не, а, сенің, қой қозысымен көрікті емес пе? — Лекер саулыққа қарап еді, көзі мөлиіп, мұның айтқандарынан ұялғандай қалып танытты.
— Бұл сырқатынан жазылмай тұрып, буаз болған саулық қой. Маңырамай, зарлап тұрғанын көрмеймісің. Сүйек сүйегінен, жүйке жүйесінен әбден суық өткен. Қошқарларға күйек байлап қою керек еді, ол да қалып барады — осы үйдегі бар тірліктің бұрандасын ұстап тұрған әкес,і ол қойдың қозысын неге алмай қойғанына түсіністікпен қарайтын секілді. Лекер «күйек байлау» дегеннің не екенін ұқпаса да, ұятсыздау бір нәрсе секілді болып сезілді де, қызарақтап қорадан тез шығып кетті.
Қозысының бүгін өңі кіріп қалғандай. Шаранасынан тазаланғаннан соң ба, терісі де ағарып, бұған көзін ашып қарады.
— Қошақаным, сүтіңді іше ғой. Содан кейін бидайдың суын беремін! — Лекер қозыны алдына алып арқасын, тұмсығын сипалады, аузының жан-жағындағы аққан сүттің сағалдарын тазалады. Қозы тұрып кетуге әрекеттеніп еді:
— Қарай гөр, әлі буындарыңа әл кірген жоқ қой! — деп оны құшақтап, бауырынан босатпады.
— Лекер, оны ана күн түсіп тұрған бұрышқа апар. Арқасынан жылу өтсін. Бойы жылынса, есін жияды — анасы үй шаруасымен айналыса жүріп көңілінің қозыда екенін білдіргеніне Лекер қатты қуанды. Қозысы өлмесе екен, мал боп кетсе екен деп тіледі.
Шуақ төгіліп тұрған жерге апарып қойып еді, қозысы аяғын нық баса алмай тұрса да, дірілдей тұрып қара тоңғағын тастады. Бұған шешесі қуанды. «Іші өтпегені дұрыс болды, бойы қара тоңғақтан тазаланғаны жас төлдің денсаулығына жақсы» — деп Лекердің көңілін көтеріп қойды.
— Апа, біздің тауда «Көкшенің ем шөбі» деген бар екен ғой, мал жесе бірден қуаттанып кететін. Содан қошақаныма шөп алып келгім келеді, — деді Лекер бірде балалардан естіген әңгімесін айтып.
— Сондай бір көк ала шөп бар дегенді құлағым шалған. Айналасында күрең құмырсқалардың илеуі болады екен. Мүмкін ел аузындағы сөз болар, кім біліпті. Ол өзі «Сегіз сайда» ма, әлде «Қоңыраутаста» ма екен?
— «Сегіз сайдың» асуындағы алқапта екен. Күн жылынса қозымды алып сол жаққа барып келсек деп отырмыз, — Лекер анасынан құптау күткендей өтінді.
— Онда қозыңды қоржынға салып бөктеріп аларсыңдар.
Күннің шипа шуағы үй ішіндегілердің бәрін құшағына алып, қойны-қоныштарына кіріп шапқылауда. Шашыраған сәуле жалт-жұлт етеді. Лекер тұрған орнында секіріп-секіріп алды. Көңілі алабұртты. Қуанышы асып-тасып барады. Күн көзіне қақтанып шуақтап жатқан қошақанының жанына бір-ақ аттап жетті.
— Көк ала шөп бойыңа қуат кіргізеді. Әлі-ақ шапқылап кетесің, — деп иегінен түрткілеп еді, қозысы орнынан ширақ тұрды. Жөтелі басылыпты. Ойнағысы келіп, құйрығын қозғалақтатып та қояды. Тұмсығын күннің нұрына тосып біраз тұрды да, Лекердің алақанын түрткілеп, жылынып алғысы келгендей басын қойнына тығып жіберді. Лекер қошақанын ұзақ құшақтады. Тұмсығынан иіскелеп те қояды. Көктемнің иісіне еліткен екеуі тілдеспей-ақ ұғынысқандай.
* * *
Тауға барар жол иір-қиыр. Алдымен «Қоңыраутасқа» соғасың. Дөңкиген-дөңкиген қара тастар. Әр тастың түбінде мол қазына жатқандай. Майда тас алып, үлкеніне соғып қалсаң, айнала сыңғырлаған үнге толады. Кәдімгі қоңырау. Тау іші жаңғырып кетеді. Оған қозының маңырағаны, балалардың күлкісі қосылады. Көзді ашып-жұмғанша «Қоңыраутастың» қойнауы қоңырау күлкіге толды. Ирек-ирек ізбен енді «Сегіз сайға» өрлейсің. Кәрі жартас алқапты көзден таса етіп тұр. Құздың бергі беті кедір-бұдыр, томпақ жерлері де, жазық сызықтары да бар. Ай бедерінің суретіне ұқсайды. Күрең құмырсқалардың илеуі мен көк ала шөп өсетін қайрақ тас та осы тұста болар. Лекер қоржыннан қозыны алып еркіне жіберді. Кәдімгі бала секілді. Шапқылады да кетті.
— Алдындағы жемді жей алмайтын көтерем қозыға ұқсамайды ғой, — деп достары Лекерге қараған.
— Тауға келіп таң асқан тұлпардай болып кетті ғой. Әкем мал болмайды деп еді, — Лекер де қошақанының сергектігіне таңқала қарады.
— Жақсы қойшының қозысы түлеп тұрады, жаман қойшыныкі жүдеп тұрады, біздің Лекер істің көзін біледі ғой, - Данияр досы еңбекқорлығын осы тұста мақтап жіберді.
Көктемгі күн тез бұзылды. Аспан түнеріп барады. Ебіл-дебіл жаңбыр жауды. Лекерлер ықтасын жер іздеп, қалқа жасап, қозысының үстін алып шыққан жылы киімдерін жапты. Лекердің көзі жақпар тасқа түсті. Ондағы бұдан сәл ғана бұрын көрген ойпаңдар мен жазықтар жоғалып, ай бедерінің орнына шапши аққан бұлақтар, өз ернеуіне өзі симаған өзендер мен көлдердің суреті пайда болыпты. Таңданып, таңдай қағып тағы қарады. Ап-анық. Осыларды күзетіп тұрғандай бір шетте шеті мүжілген, тап-тақыр қайрақ тас көзге шалынады.
Әр жер әр жерге көлшік жасап селдеткен жаңбыр тез басылды. Болымсыз суықты көтере алмай тітіркенетін қозысы, уызға жарыған төлдей ойнақтап, қайрақ тастың түбіндегі қылтиған шөптерді шөпшеңдеп жей бастады. Кеудесін көтеріп, аяғын алшаң басып қалыпты. Ойнақтап кеткелі тұр. Лекер қошақанын құшақтап еді, жүрегінің дүрсілі анық естілді. Алқымын алақанының сыртымен сипады. Ызбайланған ауруынан жұрнақ қалмағандай. Қозының күтіммен бірге алақанның жылуынан қуаттанғанына қуанды. Лекердің шаттанған түрін көрген қозысы да мәз секілді.
— Балалар, осы «Сегіз сайдың» ортасында қандыағаш бар дейді, ақыр келген соң көре кетсек қалай болады? — деді Еламан Лекерден құптау күткендей.
Лекер мақұл десе өзгелердің келісетініне сенімді.
— Онда қаптал жолмен қабырғалап жүрсек қасиетті ағаштың дәл төбесінен түсеміз, — десті балалар.
— Көрейік, бірақ тиіспейік. Киесі ұрып, бір жамандыққа жолығып қалмайық, — естияры Еламан балаларды алдын ала сақтандырып қойды.
Әрнәрсені әңгімелеген балалар, болар-болмас нәрсенің өзін күлкіге айналдырып, Қандыағашқа қалай тез жеткендерін аңғармай да қалысты. Арбиған алып ағаш. Үлкен бұтағына балта қадалыпты да, одан аққан қызыл қан сора-сора боп діңін айғыздапты. Өткенде осы «Сегіз сайда» отын дайындауға шыққан екі жігітті қарағай басып өлтірді. Рұқсат етілмеген жас қарағайды кесіп жатқандарында жанында өсіп тұрған кәрі ағаш түп-тамырымен қопарылып келіп, үстеріне құлапты. Олардың сүйегін алуға үлкендердің өздерінің жүректері дауаламай, ауыл түгелдей келіп, әзер аршып алғанын осы балалардың бәрі біледі. Киесі ұрады, кесіріне жолығасың деген бір үрей әрқайсысының жүрек түкпірінде орнығып қалған. Мына балта да сол кездің куәгеріндей болып шошытады. Ағаштың өзі боздап тұрғандай. Бұл көріністі көрген батыр, батыл деген баланың да ішкі дүниесі астаң-кестең болып, жүрегі дірілдейді. Лекердің қозысы да ағашқа адам секілді мұңдана қарап қапты. Көңілі толқып тұрғандай құйрығын бұлаңдатып қойып, ішін тартып күрсінді. Мұңлық бала секілді солқ етіп жылағысы келгендей ме... Лекер қозысының көңіл-күйін бағып, ойланып тұрған. Еламан ағаштың биік жеріндегі жіңішкелеу бұтағын иіп көрмекші болды ма, секіріп ұстай қалғаны сол еді, аяғы тайып өзі шалқалай барып құлады да, қолы іліккен тұстан сырт етіп сынды да кетті. Қып-қызыл қан шашырады. Айнала түршігіп кетті. Балалардың өзектерінен өрт ағып өткендей болды. Долы дауыл тұрып, жандарын жұлмалап, пышақтап жатқандай. Қандары тасып барып, естерін жиды.
— Неге өйттің? Тиіспейік деген өзің едің ғой. — Еламанға бәрі бір мезетте сұрақ жаудырды.
— Қалай болғанын өзім де байқамай қалдым, — деді көңіл-хошынан айырылған ол.
— Ой, жалап көріңдерші. Қанның дәмі емес. Тәтті. Ағаштың шырыны ғой! — Данияр қорқыныштан жүректері ұшқан балаларды тыныштандырды да, сорғалаған қып-қызыл қан секілді шырынды жалады.
— Шынымен тәтті екен! — деді. Балалар саусақтарын тигізіп, еріндеріне қорқа-қорқа жақындатты. Лекер қозысына қарады. Үсті-басы қызыл-ала. Сұйықтың бәрі соның үстіне төгілгендей. Өзі томпиып, томсырайып тұр.
— Балалар, үлкендер де бұл ағаштың шырынға бай екенін біледі, сондықтан сындырып, кесіп әкетпесін, жойылып кетпесін деп табиғатты құрметтеп, қорғау үшін біздерді қорқытқан, — деп Еламан өзін де, өзгені де жұбатты. Бойды ұйытқан мең-зең ойдан арылуға сөз де сеп. Балалар бір демде бұрынғы қалыптарына түскен.
Лекердің қозысы да сергіп сала берді. Балалардың қандыағаштың бұтағын сындырғандарының айғағындай болып, бүйірінде таңба-өрнек пайда болыпты.
Көктемнің аты-көктем. Желі мап-майда. Аймалап қана өтеді. Балалардың көңіл-күйі де әр түрлі. Бірі ішіне мың уайым түсіріп, ананы-мынаны ойлап елегізсе, бірі ішкі күдіктен ада-күде арылып, жарты патша көңілмен таудан асыла құлаған ақ сәулемен ойнап келеді. «Сегіз сайдың» сай-жырасынан алыстаған соң үрей де ұмытылған.
— Ауылдағыларға қандыағаштың бұтасын сындырғанымызды айтпайық, — десті, мінезі ожарлары да жаманатқа іліккілері келмей.
Үлкендердің қырын қарағаны жаман-ақ. Нашар атқа ілінсең кейін мың жақсы ісің еленбейді, мейірі түспейді.
— Уәде-уәде! — десті Лекер мен Еламан да.
* * *
Ауылға жақындап қалған. Адыр, қырқадағы жусан мен тобылғының жұпар иісі тынысыңды кеңейтіп, жаныңды рахатқа бөлейді. Атқа мінгенде желік болады деуші еді, шаруа балалары болғандықтан ба, Лекер де, Данияр да, Еламан да желмей, шаппай, баяу аяңмен келеді. Лекердің қозысы қоржыннан басын қылтитып алып, үсті-үстіне маңырап келеді.
— Ой, мынаның жағы сембеді ғой, алдыңа өңгеріп алшы, — деді жүйкесі жұқарған Еламан.
— Ел шетіне жетіп қалған соң, көргендерін баяндап келеді де, — Лекер әзілдемекші болған. Ауыл шетіндегі өзеннің күркіреген даусы оның сөзін естіртпеді. Су жағасында бір абыр-сабыр бар секілді. Біреулер бұларға қарап «тез-тез» дегендей қол бұлғайды. Мөңки аққан су бетінде қыбыр-жыбыр еткен бір нәрселер көзге шалынады.
— Айналайындар-ау, болсаңдаршы. Суға кететін болды! — деген сөзді естігенде Лекердің қорқыныштан жүрегі лоблып барып басылды. Су бетінде екеу жүр. Бірі-біріне «қайықтан айрылып қалма!» деп айқайласып, жанталасуда.
Бір үлкен кісі Лекердің ат үстіндегі қозысын алды да, жуан арқанның бір ұшын ерге байлап, екінші ұшын қайықтағы жігіттерге лақтырасың деп, суға жіберді. Өзеннің орта ағысындағы жігіттер де жанталасуда. Ағынның көмегімен су алып кеткен қайықты ұстап, жылжып келе жатқан сеңге қарай бұрды. Сең үстіне шығып, екеулеп жүріп қайықты жиегінен басып аударып, суын төгіп, мінді. Әйтеуір Лекер арқанды қайықтағы жігіттерге лақтырды да, олар ұстаған кезде тізгінді кейін бұрып, қайықты жағаға тарта жөнелді. Біреу иығына салып көтеріп келе жатқандай жеңіл басып келеді. Жағада тұрған қозысына көзі түсті. Маңырағаны сай-сүйегіңнен өтеді. Шерленіп тұрған секілді. Анасын іздеп зар илеген баладай өксіп-өксіп алып, мұңданады..
— Мына сарнауық қозы қайдан келген? — деп жиналғандар бір-бірінен сұрап жатыр. Ешкім жауап бермеді. Жиналғандардың көңілі жағаға бұрылған қайықта еді. Белді ат бір ышқынып-ақ тартып кетті. Жұрт шаттанып, мәз-мейрам.
— Өркенің өссін! Қаумалаған жұрт Лекерді ат үстінен көтеріп алды.
— Жігіт табылмағандай шынашақтай баланы суға жібергендерің не? — деп естерін енді жиған жұрт, бір-біріне ақыл айтып жатыр.
— Азамат екен! Аты ақкөбіктеніп кетіпті. Өзі сыр бермейді. Лекерді мақтаудың ақ мамығына құндақтап тастады. Айнала нұрланып кеткендей. Лекер қозыға, қозы Лекерге жүгірді. Бір-біріне асығып келе жатқан ерке екі бала секілді. Келе тұмсығын Лекердің қолтығына тығып жіберді. «Неге мені бөтен адамдардың арасына қалдырасың? Сенсіз менің күнім не болады? Сен жаңа атыңмен бірге суға күмп бергеніңде мені ойладың ба? Құлазығанымды сездің бе? Сені іздеп маңырағанымнан өкпем өшіп қала жаздады ғой!» деп жүрегі бүлк-бүлк етіп, бүйірінен түртпектеп кетті. Лекердің де жүрегі толқыды. Мал екеш мал да бауыр басып, көзінен таса болсаң іздейді екен-ау деген.
— Ой, мына қозының бүйірінде жазу бар ғой. Білетін адамға оқыту керек. Жұрт дабырласып кетті. Лекер қозысының бүйіріне қарады. Манағы ағаштан сорғалаған шырын бұйраланып шығып келе жатқан жүннің табиғи түсіндей бола қалыпты. Өрнек — жазуға ұқсайды.
Елдің назары қозыға ауды. «Қашан туды, қалай туды, жазуды оқыттыңдар ма?» деген жамыраған сұрақтан қалай құтыларын білмеді. Алақаннан жем жеп үйренген қозысы да үрікпей, құлағын салпитып, кім не дер екен дегендей жан-жағындағылардың сөзі жанына жаққандай, момақанси қалыпты.
Лекер мына топтан қалай кетерін білмей тұрды да, қозысын алдына өңгеріп, атының басын кілт бұрып аулына апаратын ылди жолға түсті. Бір күннің ішінде талай оқиға басынан өтті. Ширығып келеді. Қасиеттің не екенін, қасіретке куә болғанның қандай болатынын ұққандай ма... Шақшадай басына көп нәрсені сиғыза да алмауда.
* * *
Әкесі үй сыртында шыбықтан шарбақ тоқып отыр екен.
— Әке, мұны не істейсіз? — Лекер аттан түсе салысымен шыбықтарды іріктеп, әкесіне керектісін қолына ұстатып жатып.
— Шырғаға қолданамыз, — деді әкесі мұның бетіне қарап.
— Ол не? — Лекер түсінбеді.
— Қасқыр аулаймыз. — Әкесі әңгімені қысқа қайырды.
Ой мен қырда биыл қасқыр көп. Малын жегізбеген малшы кемде-кем. Ет жемесе құлқыны тоймайтын түз тағысына адамдардың істемеген амалы қалмаған. Мынау да соның бірі шығар.
Лекер әкесі екеуі құла түзге апарып шыбық шарбақты орнатты. Ішіндегі бір бұрышқа қазық қақты. Жанына мол етіп шөп үйді. Шарбақтың есігін ашып-жауып көрді.
Лекер іштей күліп тұр. «Сонда мына шарбақтың ішіне қасқыр кіріп, мені сыртымнан бекітіп, ұрып алыңдар дей ма екен?». Айтайын десе, әкесінен батпайды.
— Сенің қозыңды түнімен осы жерге байлап қоямыз. Айдаладағы жағы сенбей маңыраған малдың даусын естіген қасқыр «мынау қандай батпан құйрық» деп шарбаққа келеді. Ашық есіктен кіре берер жерге қақпан құрамыз. Қасқыр қозыға ұмтылғанда сол жердегі қақпанға тұтылады. Мұны «қода шырға» дейді.
— Қозы не болады? — Лекер не күлерін не жыларын білмей дағдарды. Әкенің алдында сөз сөйлеуден өзін іркіп үйренгендіктен бе, тамағына ерітіп қорғасын құйғандай мелшиді де қалды.
— Қозыны іштен де шарбақпен қоршап қоямыз. Тиіспейді. Қасқыр қақпанға түскен соң алып келеміз.
Лекерге бүгін күн батпай қойды. Әкесін сондай қатал деп ойламапты. Мұның неге жабырқап, қамығып тұрғанын елең қылмады. Бала боп шолжаңдап көрмеген Лекер бейнетқор әкесін дәл қазір жек көріп тұр. Демі алқымына тығылып, күні бүгінге дейін аспандағы жұлдыздай көретін аяулы жанын бар пейілімен жек көріп кетті.
— Қозыңды алып жүр! Әкенің әңгімесі осымен бітті. Лекер қозысын құшақтап алған. Жаңа сауылған сүттің бір құтысын ішіп алған төлдің бүйірі бұлтиып, құйрығын шұнаңдатып қояды. Қасқырдың аузына апара жатқан қайырымсыз адамдардың қолында бара жатқанынан мүлде бейхабар.
«Қода шырға» дегенді Гитлер секілді жүрегі жоқ біреу ойлап тапқан шығар деп ойлады Лекер. Күркешікке қозыны кіргізіп, қазыққа байлады. Басы байлаулы тұтқын секілді болғанын енді сезгендей мұңдана маңырады. Лекер оның даусынан талықсып кетті. Беймаза үн бебеулеп естілді. Боздап тұр. «Адамдар неткен қатал, неткен жаман» деп заржақтанды. Лекер өзін-өзі кешіре алмай келеді. «Не деген ынжықпын? Торғайлық панам болмады-ау. Әу бастағы қара тағдыр бұл қозының бсына қайта айналып келе бергені несі? Неге басқа малды әкеп қамамайды? Әлсізге әлдінің әмірі сұраусыз жүре бере ме?
Күн сетінеп, түн келді. Лекердің ұйықтауға күйі келмеді. Көзі ілінсе болды қасқыр талап жатқан қозысы елестейді. «Лекер, Лекер!» деп шақырады. Біресе балаға айналып жылайды. Енді бірде тайыншадай текеге айналып мұның әкесін сүзіп жүр.
Ұйқысы ұйқы болмады. Орнынан дел-сал болып, өңі қуаңданып, ауырып тұрды. Әкесі ертемен «қода шырға» құрған құла түзге кетіпті. Енді қозысының аман-есен келуін күтіп, жолына үміттене қарады. Айқайласаң даусыңды іліп әкетер жартастан бері бұрылған әкесінің көңілді екенін атын тайпалта бастырып келе жатқанынан-ақ аңғарды. Қозы-алдында. Қанжығасына салақтаған бірнәрсені өңгеріпті. Сірә, қасқыр. Лекер қозысының аман екеніне қуанды.
— Лекертай-ау, сенің мына қозың қасиетті мал екен ғой. Бәсе деймін-ау, сенің ықыласың сонша түсіп еді. Бүйірінде жазуы бар екен. Неге мен мұны осы уақытқа дейін байқамағанмын? Мына қасқырдың ырылдауға шамасы келмепті. Үн-түнсіз қақпанға аяғын салған сыңайлы, — әкесінің қуаныштан бөсіңкіреп кеткенін аңғарды. Кешегі бетін көрместей болып жеккөргені тарап кетті.
— Лекертай, сенің қозыңды енді арнайы күтімге алайық. Бұл анау-мынау мал емес, қасиеті бар. Бүгін ауылдың үлкендерін шақырып, өзін көрсетіп алайықшы! Айтқаныңды түсінетін адам секілді өзі! — әкесі шаттықтан жарылайын деп жүр.
Лекер болса қозысының тағдырының басқа арнаға бұрылғанына қатты риза еді. «Сегіз сайдағы» қандыағашқа, абайсызда оның бұтағын сындырып алған Еламанға да іштей мың алғыс айтты. Дүниедегі ең мейірімді адам әкесі екен ғой.