Әдебиет
Сезім бүршік жарған күн
Шілде кіргелі күн қатты ысып кетті. Үп еткен жел жоқ. Сәл самал соға қалса, ыстық леп бетке ұрады. Жұрт тал-теректің көлеңкесін паналап, бас сауғалап әуре. Күн төбеге көтерілгенде, жерді жалаң табанмен баса алмайсың. Құс-екеш құс та қаталап, қанатын желге қақтырып, сулы жерді төңіректеп ұзай алмай жүр.
Есік алдындағы ағаштың діңіне қапталдары бекітілген сәкінің үстінде ұршық иіріп отырған Әйкен әжейдің қасына жасөспірім қыз келіп, қолымен әлдене деп ымдады.
— Е-ей, қарағым-ай, — деді кейуана күрсініп. Тіліңді алған соң, ең болмаса құлағың естісе ғой. Жарығым-ай. Көзіңді жәудіретті де қойды, жаратқан, — кемпір бар ашуын ұршықтан алардай, оның сабын мәсісінің қонышына қаттырақ ысып жіберді.
Қыз ешнәрсе ұқпаса да әңгіменің өзі жайлы болғанын түсінді білем, теріс бұрылып кетті. Ол қас-қабақты бағып, әр нәрсені емеуріннен-ақ ұғатын. Кішкене күнінде кемістігі білінбеп еді. Анда-санда баж ете қалып, балалармен ойнап жүре беретін. Кейін ғой, қатар құрбыларынан бөлініп, сопайып жалғыз қалғаны. Өзгелерден неге оқшаулана бергенін өзі де түсінбеген. Қатарластарына қарап әлдене деп дыбыстаса, немесе қаттырақ күлсе аналар бөрі көргендей ежірейіп, асып-сасатын. Ондай сәтте бұл олардың бет-әлпеттеріне қарап қорқып тұрғандарын байқайтын. Содан соң дыбыс шығарудан да қалды.
Жұрт көзіне тіке қараудан қымсынбайтын. Кімнің не ойлап тұрғаны сүт бетінде кілкіген қаймақтай бетінде ойнап тұрады ғой. Сондықтан қыз ылғи да кісінің ой-пиғылын жанардан ұғуды дағдыға айналдырған.
Сәкіде отырған Әйкеннің қасына Бекіш келді. Ауыл адамдары оны Шаша деп кеткен. Бұл есімнің қай кезде, қалай пайда болғанын, сірә, өзі де білмейтін шығар. Қанжелі ауруынан алдыңғы алты тісі сақырлап түсіп қалыпты. Содан бері «с» дан басталатын сөздің бәрін «ш»-ға бұрып айтады.
Шаша самбырлап сөйлей келді:
— Аманшың ба, жеңеше. Күйлі-қуаттымышың? Мына күн төбені тешіп жібере жаждап тұр ғой. Быж-быж етіп миым қайнап кетті, түге. Пештің құдығын тажалатып алайын деп ауылға келген кірме баланы шақырғам. Оның үштіне тілім аужыма шыймай бара жатқан шоң шамаурынға от шалып едім, қыршық шалғандай шай таушылып қалыпты. Бір қайнатым шай бере тұршы.
Әлдебір нәрсені сұрауды сылтауратып, әншейін әңгіме үшін келетін оның сырына қанық Әйкен орнынан тұра қоймады. Ұршығын иіріп жіберіп, Шашаның келесі сөзін күтті. Ол да көп кідірген жоқ, соңғы жаңалықтарды суыртпақтап айта жөнелді.
— Әлгі Әндірбайды білешіж ғой, шоның үлкен балашы үйленіп, құдаларына барып келген екен, құдай шамашын, жердей боп қайтыпты.
— Апырау, кеше ғана осында Әндірбай келіп, құдаларын құдайға қараған адамдар екен деп кетіп еді ғой.
— Қайдан білейін, жұрттан ештігенім де...
Өзге емес, осы сөздің Шашаның өз аузынан шығып отырғанын сезе қойған Әйкен мырс етті. Бір әңгімені құлағы шалса, қырық саққа жүгіртіп, елден сөз аңдитын әдеті. Неге екенін кім білсін, әйтеуір, Шаша да Әйкенді іштей жақтырмайды. Жаңа бетін қайтарып тастағанына налып қалды. «Шешіліп бір шөйлешейін деше мұнышы неші. Күн ұжақ қара жердей мелшиіп, үншіж отыра бергеннен іші қалай жарылып кетпейді-ей, бұның?!» деп күбірледі Шаша.
Шаша әр нәрсенің басын бір шалып ұзақ отырды. Самауырға от салып келгені рас болса, онысы әлдеқашан өшіп те қалған болды ғой. Шөлдегенін де ұмытып кетті-ау, осы бәтшағар.
— Ойбу, машқара, күн төбеден ауып қалыпты ғой! Қой, кетейін, — деп әлден уақытта Шаша орнынан ұмсынып тұра берді де, қайта отырды.
— Әй, жеңеше, ошы шіждің әлгі... — «мылқау қыжыңыж» деп қоя жаздап түзелді, — қыжыңыз дала кежіп кетеді дейді ғой. Раш па?
Әйкеннің бетіне лып етіп қан жүгірді. Бәдік әйелдің сөзіне мән бермеуді жөн көріп:
— Жүрсе жүреді де... Ешкімге зияны жоқ... — деді.
— Жай әншейін шұрағаным ғой, ойбуй, кетейін, я пірімалла, — деп Шаша белін таянып түрегелді. Сосын күбір-күбір етіп үйіне бет алды. Сұрап келген шайы жайына қалды. «Әңгіме қуып келген болды ғой» деп түйді Әйкен.
Ана бір жылдары осы Шашаның үйіне шөпшілермен ілесіп келген жылан кіріп кетіп, бесікте бөлеулі жатқан нәрестенің басында ұзақ ысылдап тұрған. Оның түрі «жақындама, жолама, көзіңді жоямын» деп тұрғандай. Бойындағы жауыз күштің бәрі бас көтерген.
Біреу қозғалса жылан да қозғалып, нәрестені бас салардай үрей билеп, тыныс алып, тыныс шығаруға шама келмей көпшілік абдыраған өмір мен өлім арасындағы тағдыр тым қорқынышты еді. Сонда ойнап жүрген Айым сырттан жүгіре кіріп, көз ілеспес жылдамдықпен жыланның мойнынан қыса ұстап, анадай жерге лақтырып жіберген. Дүйім жұрт жеңілдеп дем алғанда, өліп қалғандай көрінген жердің де дем шығарғанын жиналғандардың бәрі сезінген.
«Жыланды үш кессе де кесірткедей қауқары болады» деген рас па, мойны қатты қысылған жылан Айымның саусағын шағып үлгерген. Күлдіреп, іші қанға толып ауруханадан бір-ақ шықты. Саусақты кесеміз деп тұрғанда ісік қайтып, жағдай түзеліп, орнында қара дақ қалған.
«Тірі болшам құлың боп өтермін» деп Шаша Айымды төбесіне көтеріп, бауырына басып, мейірленіп еді. Енді сол оқиға ұмытылыпты. Жалған дүние-ай.
***
Күн бесінге таянып, аптабы қайтқан кезде қыздың ауылдан аулақ шығып кететіні де рас. Өзін бір дүлей күш далаға жетелейді де тұрады. Кейде тіпті алысқа ұзап кетеді. Жұрт көзінен тасалау жерге барып жүгіреді, секіреді, көбелек қуады. Рахат! Ешкім бұған көз салмайды. Бұл ешкімнің қас-қабағын аңдып, жәутеңдемейді.
Ауылдан шыға бере иығына түсетін қолаң шашын жайып жібереді. Жүгірген кезде қарсы соққан жел желкілдетіп көтеріп әкетеді. Тоқтай қалса, екі иығын жауып қалады. Тамаша!
Бүгін де күнделікті дағдысымен «Шеңгелді» сайды бетке алған. Әудем жер ұзаған соң көтерем жылқының қотырланған жауырындай қыраттан еңіске түсті. Артына қарап еді, ауыл әлдеқайда көшіп кеткендей көзден ғайып болыпты. Қыз шашын жайып жіберді де жүгіре жөнелді. Әппақ көйлегінің етегі шыр айналып барады... Осылай тоқтамай аспан мен жердің астасып жатқан тұсынан ары асып кеткісі келеді. Кішкене кеудесі шүпілдеп көп-көп ойға толады. Жүрегі лүпілдейді, іші қуанады, қаны атқақтап, жаны дегбірсізденеді. Алдынан шегіртке секектеп өтті. Шырылдағанын естімейді, дыбысы бар деп ойламайды да. Айымға оның секіргені қызық. Ішінде бір нәрсе жанып кететіндей болып, қолды-аяққа тұрмай дегбірсізденеді. Сол толқын көтеріліп келіп тамағына кептелді де, ары да кетпей, бері де өтпей тұрып қалды. Жаңа ғана жайраңдап тұрған қыздың көзі боталап, иығы дірілдеп дүлей жын жанын ышқындырғандай қолына түскеннің күл-паршасын шығарғысы келді. Бұған еркелей ырғалған бидайықтың басын жұлып, шегірткені табанына салып мыжғылап, езіп, үстіне топырақ үйе салды. Құмырсқаның илеуін қолымен көсіп алып топырағын желдің ығына қарай ұшырып жіберді. Сонда ғана жаны жай тапқандай болды. Ауыл жаққа қарады. Бесін ауып қалған кез. Иығындағы шашын жинап, бұрым етіп өрді. Бақбақтың сары гүлдерінен тәж жасап, басына киді. Осы түрін көргенде апасы сөзсіз қуанады. Бауырына тартып, құшақтап ұзақ тұрады. Көзінен жасы парлап ағады. Содан кейін жуынып шайға отырады. Күндегісі осы.
Бүгін қайтып келе жатып үл-к-е-е-н үйдің мұржасының шетінде отырған адамды байқаған. Таяу келіп қонған көгершіндерді қолын сермей үркітіп, жайбарақат отырды да, іле түрегеліп, талтая тұрып, қолындағы басына дөңгелек шар байланған жібін төменге жіберді. Ұзақ үңіліп қарады. Жіпті қайтып тартып алды да, енді оның басына өлген балық шаншыды. Қайтадан төменге тастады.
Айым аузы ашыла қарап тұр. Жіпті тартып алып жатыр. Бұл жолғы салмақ ауырлау секілді. Алыста тұрса да сезіп, ұғып, қадала қарады. Жіпке мысық жабысып шықты. Ақшам кезінің жарық пен қараңғы тайталасқан тұсында сәуле басым түсіп, мысықтың күлді-көмеш бейшара болған түрі мен жігіттің жылышырайлы жүзі анық байқалды. Ұшқын шашқан жанары бірден көзге түседі екен. Мұржадан мысық шығарған жігіт, басына бақбақ гүлін өріп киген қызды байқамады. Жібін жинап, қонақтай қалған көгершіндерді үркітіп, шатырдан жерге түсуге бет алып келе жатты. Мұржадан шыққан мысық біраз есеңгіреп тұрып-тұрып, мұның аяғына оралған. Қыз селк ете түсіп, үйіне қарай жүгірген.
***
Қыз екі-үш күн бойы үйден ұзап шықпады. Әлденеге алаңдап, жүрегі тулап тұрғанын апасы сезе қойған. Көңілі алабұртып жан-жағына жалтақ-жалтақ қараған сәттерінде жанына келіп:
— Не болды, шырағым-ау? Бірдеңеден қорықтың ба, айтсайшы, — деп бәйек болады да, сұраулы жүзін кілт өзгертіп, — е-ей, қарағым-ай, тіл-аузы жоқ сенен сұраған менде де қай бір ес бар дейсің, — деп отыра кетеді.
— Ана жаққа барып қыдырып қайтсаңшы, — деп кемпір үшінші күні «Шеңгелді» жақты нұсқады. Қыз бармаймын дегендей басын шайқады. Бірақ сол жаққа аңсары ауып тұрғанын жәудіреген көздері жеткізіп тұр.
— Бар, бар, — деп кемпір қолын сермеп, — бара ғой, шырағым.
Қыз сәл жымиды. Апасының көңілін қалдырғысы келмеді ме, шарбақтан өтіп далиған далаға бет алды. Сол-ақ екен өзін тұс-тұстан сығымдап, қаумалаған қалың қабырғалы қамаудан сытылып шыққандай сезінді.
Қыз айналадағының бәріне қызыға қарайды. Құс ұшады, құрт иретіле жорғалайды. Неге олай? Ит, сиыр, қой төрт аяқтап, адам екі аяқпен жүреді. Неге олай? Осының бәрін білгісі келетін. Бірақ сиыр аузын ашқанда мөңірейтінін, ит ырылдайтынын естімейді. Алайда, иттің өзін қабатын-қаппайтынын, сиырдың сүзетін-сүзбейтінін ажырата алады.
Ол бір нәрсені түсінбейді. Өткендегі жұмбақ жан қайдан шыға келді. Аспаннан түсті ме, жерден шықты ма? Бұрын ауылдан көрмеген адамы ғой. Ілкі сәтте қатты қорыққанымен оның бейнесі көз қарашығында қалып қойыпты. Жүзі мейірлі. Үлкен көзді, бұйра шашты, тұлғалы...
Бір сәт сол жаққа барғысы келіп оқталды. Алайда аспаннан дік етіп түсе қалса қайтемін деген ой кілт тоқтатты. Бей-жай күйде біраз тұрды. Бірін-бірі қуалай ұшқан қос көбелекке көзі түсті. Жайшылықта болса соларға ілесіп жүгіре жөнелер еді. Бұл жолы өйтпеді. Сосын тізесіне дейін өрмелеп келген құмырсқаны жайлап ұстады да жерге түсіріп жіберді. Бағыт-бағдарынан адасып қалғандықтан ба, құмырсқа бір орында шыр айналып жүрді де, «Шеңгелді» жаққа тіке тартты. Қыз да аяғын санап басып соның соңынан жүре берді.
Өткендегі бейтаныстың бейнесі көз алдына көлбеңдеп тұрып алды. Бұл не сұмдық? Сол бейнені елестетсе-ақ болды жүрегі тулап қоя береді. Бұрын жабырқаған сәтте апасын ғана есіне алушы еді. Енді міне... Түсінсе бұйырмасын.
Әлде бұқпантайлап барып жасырын жерден барлау жасаса ма? Сол дұрыс болар. Иә, сөйткен жөн. Қыз кенет серпіліп кетті де, шашын жайып жіберіп жүгіре жөнелді.
Айым түйе өркештенген қырқаларға барып, одан байыз таппай қайтадан ауылға бет алған. Үлк-е-е-н үйдің жанына келген. Ешкім көрінбейді. Қайтадан қыраттарға қарай жүрді. Бұл жолы жүгірмеді. Булығып жылағысы келген. Биіктеу төбеге шығып, ауылды қайтадан шолған. Ту-у-у шеткі үйдің төбесінде біреу қарауытады. Айым жүгірген қалпымен ауыл ішіне кірген. Көше-көшеден алақтай жүгіріп осы тұс-ау деген жерге жеткен. Шатыр үстіндегі өткен жолғы бейне көзіне жылы ұшырады. Жүрегі мейірленіп, әлдебір жақтан аппақ нұр себезгіледі. Қарай бергісі келеді. Жанына жақынырақ барып, анау үңілген мұржаға бұл да үңілсе ғой. Бар ғажайып соның ішінде секілді. Күндізгі аптап ыстықтан қаталағаны есінен шықты. Жігіт ұшына темір шар байланған ұзын жіпті мұржаның ішіне тастап, ұзақ үңілді. Тағы тартып, тағы жіберді. Ұшы бір нәрсеге тірелген болу керек, абдырып мұржа шетіне отыра кетті. Бетін айғыздаған қара күйенің өзі жарасып тұр. Көзінен от ұшқындайды. «Биікте отырғандар аспанға жақындау болған соң әдемі көрінетін шығар» деп ойлады Айым. Шіркін, бұл да анау мұржаның ернеуіне шығып отырса ғой. Пеш көмейіне нықталған күлді тазалап, содан кейін лаулатып от жаққан қандай ғажап. Мұржадан ұшқан түтін ше? Кейде түзу, кейде ойнақтап анау көктегі бұлттардың бауырына тығылады. Сен оларға арманыңды айтып, сәлем жолдауыңа болады.
— Ей, жұмбақ қыз, неғып тұрсың? — өзінен көз алмай қараған әдемі қыздан ұялып, батылсыздау тіл қатты.
Қыз селт етпеді. Тұрған орнынан тапжылмады да. Екі иығын жапқан шашы бетін көлегейлеп жүзін анық көрсетпейді. Үстінде ақ көйлек. «Шайтан көйлек кимейді, қайдан сап ете қалды өзі» деген ойдан абдырып қалды. Жүрегі дүрсілдеп кетті.
— Ей, кет әрі, мына мұржаны бітеп тұрған бір бума қара қағазды үстіңе лақтырам, — деді Бекқоныс даусын бастапқысынан қаттырақ шығарып.
Қыз селт етпеді. Бекқоныстың бойын діріл биледі.
«Бейуақытта, батар күнмен таласып күл шығарма, бәлеге ұрынасың» деген үйретуші жігітті кезінде күлкіге айналдырып еді. Әй, соның айтқанының жаны бар. Мынау қыз болып көрініп тұрған пері шығар»
Үйден үлкен кісі шықты. Селтиіп тұрған қыздың шашынан сипап, бетінен сүйді. Қыз қарап тұрған жаққа ол да қарады. Мұржа тазалап жатқан бұған:
— Ауылдағы Әйкен деген кемпірдің қызы ғой. Бейшара мінәдайынан (сұқ саусағының тырнақ ұшын көрсетіп) бауырына салып бағып еді, тіл-аузы жоқ мылқау болып өскенін көрмейсің бе? Өзі ақылды, сезімтал, — деп бұған айғайлап, жағдайды түсіндірді. Үй иесінің самбырлап айтқан сөзінен Бекқоныс қараптан қарап қысылды. Үн-түнсіз мұржа ішіне үңілді. Баттасқан күлдің дымын қоймай тазалады.
***
Неге екенін кім білсін, әйтеуір, қыз соңғы кездері үйге сыймайтын болды. Көңілі алабұртып, денесі күйіп-жанып, далаға аңсары ауады да тұрады. Онда да осы мұржасы биік үйлерді жағалап жүргенді қалайды. Өміріне әлдебір өзгеріс енгенін жүрегі сезеді. Алайда оның не екенін біле алар емес.
Бұйра шашты жігіт жатса-тұрса көз алдына елестеп тұрып алатын болды. Осы уақытқа дейін ең жақыны, ет-жүрегі жалғыз апасы секілді еді. Енді мына бейне оны да ығыстырып бара жатқан секілді. Ынта-шынтасымен ұмытқысы келсе де әлдеқайдан жігіт кескіні кеуделеп апасымен қатар тұрып алады.
Бұрын түсінде тек апасының бұрымын өріп, басынан сипап, маңдайынан иіскеп, бәйек болатынына мәз болатын. Енді сол бұрымы басқа қолдарды аңсайтындай, жүрегі өзге біреудің мейірін күтетіндей. Көзі ілінсе мұржа үстінде отырған жігіт түсіне енеді. Бұл одан қорықпайды. Ол да бұған жақындай түседі. Бұл кенет бұрыла салып қаша жөнеледі. Сақылдап күледі. Жігіт те жерге қарғып түсіп, мұның соңынан қуатын секілді. Артына бұрылып қарағанда жігіттің жылы жүзін көреді. Күлгені қандай әдемі. Көздері... иә, көздері бұған бұл фәнидегі ең бір тәтті сәтті сыйлайтындай. Бұл ақ көйлегінің етегі желбіреп қаша береді. Жігіт соңынан қалмайды. Енді-енді жете бергенде... оянып кетеді.
Көзін ашып алса жанында апасы отырады. Шамасы, ұйықтап жатып дәл түсіндегідей күлетін болуы керек. Кейуана содан көңіліне күдік алып, таңдайын басып, ұшықтап отырғаны.
Қыз тәтті түсінен айырылып қалғанына кәдімгідей жабырқап, жанары суланып, теріс айналып кетеді. Ең болмаса қызық өмірді түсінде толық көре алмағанына налып, солқылдап кеп жылайды. Ондайда кемпір байғұс одан сайын еміреніп:
— Айналайын-ай, «Шеңгелдіге» барғыштай беріп ең. Даланың иесі шалды ма, не болды қарағым? — деп қоса еңірейді...
***
Бекқоныс қай үйдің пешін тазаласа, Айым сол үйдің жанына келіп қалшиып тұратынды шығарды. Пешші жігіт оған әдеттегіден де сүйкімді, әдеттегіден де әдемі көрінетін болды. Белгісіз сезім иіріміне сүңгіп бара жатты. Жүрегі лүпілдеп, жанын жайлы бір сезім тербейді.
— Неге келесің сен қыз, неге келесің! Мына өмірден бейхабар болған соң пешшінің жұмысы саған қызық болып көрінер. Бұл мамандықтың, кәсіптің қатарында жоқ бір ермек қой. Мынандай заманда көрінгеннің күлін шығарып, қолқаңды түтін қауып, ысталып жүргеннің несі жақсы? Мүмкін саған менің шатыр үстінде көгершін қуып жүргенім ұнайтын шығар? Ол бір балалағым ұстап кеткендегі қылық қой.
Әй, үндемес қыз-ау, менде қай бір балалық бар дейсің. Тағдыр маған дүниеге шыр етіп келгенде ұсынған «сыйлығынан» әлі танбай келеді. Мені мейірімсіз жанның табалдырығына тастап кеткендігіне шешемнің жүрегі ауыра ма, жоқ па, білмеймін. Әкем не ойлайтын болды екен? Мына өмірден опық жеген сайын олардың жүректері дірілдер ме екен? Мен ояу жатқанда олар қалай ұйықтайды? Осыны ойлаймын. Баласыз адамның есігіне тастап кетіпті. Осы ауылды білетін болғаны ғой. Шешем де, әкем де жанымда жүрген шығар. Біреу мейірлене қараса, «осы шығар әкем, мынау шешем емес пе екен» деп ойлаймын. Өгей шешем мені жақсы көре алмады. Үйдегі азынаған жан суықтығы бетімді қарып, кеудемнен итеретін. Сол бір шақалақ кезімде неге суықта қатып қалмай аман қалғаныма өкінемін кейде.
Мектепте оқып жүргенімде өз сыныптастарым секілді сабаққа дайындалуға да мүмкіндігім болмады. «Ішетін тамағыңды ақтап кел» деген соң тауға қарағай әкелуге кетемін. «Мені сүйретіп әкет» деп құлап жатпайды ғой. Жалғыз, әлсіз адамның дүмді ағашқа шамасы келер ме, ылғи бұтақ жинап келетінмін. Ондайда апам «ой, мынауың тышқанның артын жылытуға да жарамайды ғой» деп кейитін, — Бекқоныс қызға сырын айтып отырғанын аңғармай қалды. Бетіне қарап, тілін тістей қойды. Айым біресе бұған, біресе тазалап алған алақандай жеріне үңіліп, мұржа үстінде отырған жігіттің суретін қурай ұшымен ынта-шынтасымен салуға кіріскен. Тақыр жерге жігіт келбеті онша көрнекті болып түсе қоймаған соң, үйіне қарай жүгіре жөнелді. Пешші жігіттің бейнесін түсіру үшін қағаз-қаламға жеткенше асықты. Жазу білмесе де сурет салуға әжептәуір бейімі бар. Отыра қалып апасының, ала төбеттің кескіндерін келтіргенде әжесі байғұста ес қалмайтын.
— Қолыңнан айналайын, мынауың аумай қалыпты ғой, — деп ондайда ерекше риза боп қалатын.
***
— Жеңеше-ау, не білгенің бар? Әлгі кірме бала ұры боп шығыпты ғой, — деп Шаша шарбақтан сарнап енді.
Әйкен көрпе көктеп отырған. Шашаның мына сөзіне елеңдей қалды.
— Апыр-ай, оны кімнен естідің? Ғайбат айтып тұрған жоқсың ба?
— О-ой, о-шы жеңешемді-ай, түге! Шөжге шенбейтін жыныңыж бар екен. Елдің бәрі айтып жүр.
— О, сорлы-ай, қара басын қаралайтындай не күн туды екен? Соны кірме бала дегенімізбен, баяғыда аталары киіз үйдің сүйегін жасайтын көрші ауылдағы Нұралының тұқымы дейді ғой білетіндер. Арам тумаса керек еді.
— Шіж де енді... маған шенбешеңіж, көшеге шығыңыжшы. Жұрттың бәрі шулап жүр. Аталарымыз «адам алашы ішінде» деп айтпап па еді, шоның кері де...
— Шынымен Нұралының тұқымы болса, қандай еді! Олар жасаған киіз үйді көрмеге жіберерде барып көріп едік. Әр заты үлкен өнер туындысы еді ғой. Ақ шағаладай аппақ үйге кіргенде оң жақтан төгіле түсірілген жібек шымылдық, сүйекті жүкаяқ, сандық, әбдіренің сыны қандай еді. Есіктен төрге дейінгі сарыала сырмақ ше... Нұралы киіз үй тіккенде оның шаңырағын небір мықты жігіттер ат үстінде тұрып көтеруші еді-ау. Қазір содан жұрнақ қалмағандай.
— Енді бұл шойқан болып тұр ғой. Олардың тұқымы болша көрінгеннің отымен кіріп, күлімен шығып жүрер ме еді?! Жаты жаман біреу де...
— Шаша түкірігіне шашалды.
— Сонда не ұрлапты?
— Ағаштан шалынған бұрынғы колхоз кеңшеші бар еді ғой. Шоның мұржашын тажалап жүріп бір тұлып алтын тауып алыпты да, қашып кетіпті.
— Баяғы байлардан қалмаса, ол қайдан келген байлық?
Осы кезде үйден жүгіріп қызы шықты. Қолында — қағаз, апасына еркелей келді де әлгі парақтарын көрсетсем бе, көрсетпесем бе деп біраз тұрды. Өзі тым көңілді. Жымиып күліп қояды.
— Күнім сол, қане әкелші, салған суретіңді көрейін, — қолындағы көрпе қабып отырған инесін шанши салып, — Шаша-ау, менің қызым сурет салып жүр ғой. Айнытпай салады, жарығым. Қолыңа құт берсін.
Қыз апасына парақтарды ұстатты. Бұйра шашты, жанары оттай жанған жігіттің бейнесіне тесіле қараған Әйкен елжіреп отыр. Бір қағазда оның көгершіндер арасында жүргені, бірінде мұржа шетінде кең дүниеге еркін көз салып отырғаны бейнеленіпті. Тірі тіршілік секілді. Әні-міні бәрі қозғалысқа келетіндей.
— Шаша-ау, қарашы мынаны, жаны бар суреттер секілді.
Жігіт бейнесін қолына алған Шаша шоршып түсті.
— Аштапыралла! Мұнышы неші тағы да?
— Не болды айналайын-ау?
— Мынау, шол ұры ғой!
— Тәйт, қайдағыны айтпай...
— Ойбай-ау, шол! Шоның өжі. Мен оны жүжбе-жүж көрдім ғой. Мынау — шол!
Кемпір қызына қарады. Әлгінде ғана екі беті бал-бұл жанып, жайнап тұрған қызының өңі солғын тартып қалды. Апасына бір, Шашаға бір, суретке бір қарап абдырады. Екеуінің әңгімесін ұққандай, көзінен жасы мөлтілдеп үйге тұра жүгірді.
Ана жүрегі шошынды. Қызының далаға неге құмарлығын, қас қарайғанша неге жүріп алатындығын енді ұқты. Ұйықтап жатып сақылдай күлетінінің сырына енді қаныққандай. Жалған-ай, десеңші! Кейуана кимешегінің ұшын умаждап көзіне апара берді.
— Бәше-е, — деді Шаша қарап отырмай, — қыжыңыж кеш батқанша қайда болады дешем... Ана шұры жаман кәпір мұның да обалына қалып жүр екен ғой. Обал — шауапты білмейтін, құдай атқыр. Шоттау керек оны!
— Өшірші үніңді, — деді Әйкен. Даусы қатты шықты, — Құдай жарылқағыр, жапшы аузыңды...
— Е, немене, — деп Шаша орнынан жұлқына түрегелді, менің шөжім-ақ шіжге қишық көрінеді екен. Мені тыйғанша анау қыжыңа ие болмайшыж ба? О неші-ей...
Әйкен көктеп отырған көрпесінің жібін суыртпақтап, басын жерден көтермеді.
***
Бекқонысқа бала кезінде біреу мұржа тазалаушы, пешші боласың десе жылар ма еді, бәлкім, ол не деп сұрар-ау еді. Қазір де осы жүрісім қай жүріс деп кеиитіні бар. Торығады. Әділетсіздіктің бәрі өз басында тұрғандай тұнжырайды да... Іштегі риза болмаушылық, бақастық кейде ушығып кетеді. Оны айналасындағылардың, өз қатарластарының әрекеттері үдететіні де рас. Өткен жолы сыныптасы Гідре іздеп келген. Алдымен: «Міне сен адам болып өз наныңды өзің тауып жеп жүрсің, біз болсақ мұғалімдердің «оқы, оқы, оқы» деген ақылын шайнаңдап жеп, әлі жұта алмай жүрміз, ең дұрысы сенікі, керек болса ары қарай жалғап оқисың, оқымағандар далада қалып жатқан жоқ қой», - деп бір қойды. Өзінің сабаққа қыры жоқ. Беққоныстың жанды жері, жүрегін тырмалайтын дерті — осы. Құдайдың мейірімі түсіп, білім алуды жалғастырсам ғой деген тілек ішкі дүниесінде басын қылтитып, бұған маза бермейтіні рас. «Жоқшылық есеңгіретіп тастаған жоқ па, күндердің күнінде осыдан артық нәрсе жоқ екен деп жүрмейін, ошақ төңірегінен алыстай алмай қалмайын» деп өзін қамшылайтын. Гідре сол жанды жарасына тұз сеуіп тұрғандай. Мектепті, мұғалімдерді жамандағанымен, арғы дүниесінде өзін бұдан артық сезінуі аңғарылады.
— Не жұмыспен келдің? — деді Беққоныс оның көлгірлігін тыңдай беруге шыдамы жетпей.
— Біздің үйдің пешін қарап берсең қайтеді, қыстай түтіндеп мазамыз кетеді. Бір күні иіс тиіп өліп қаламыз ба деп шешем мазасызданып жүр.
Беққоныс Гідренің үнемі біреуді қыжыртып жүретін мінезіне қарай «өзің істеп ал» дегісі келді да, анасының жағдайын алға тартқан соң келіскен. Қытайлар шығарған жаңа құралмен тап-тұйнақтай етіп тазалап берді. Үй-іші риза. Гідренің жалпақ бетіндегі жайын аузы, екі шықшытына қарай икемсіз жайылып:
— Өлер алдында атақты біреуден «соңғы аманатыңыз не деп сұрағанда, ол тіс тазалағышты көрсетіп, ымдапты. Әкеліп берген соң тіс тазалағышты аузына салған күйі дүниеге разы кейіппен өмірден өтіпті. Сен сондай сәт туа қалса: «Күл тазалағыш китайский аппаратымды әкеліңдер», деп өтініш айтар ма екенсің, - деп елден бұрын өзі күлді. Әзілдегендегі түрі.
— Еңбекті бағалай білмеген адамнан артық ақымақ жоқ. — Беққоныс алай-дүлей болып, ауылына келген. Біреулерге бақ болған, екіншілерге сор болған ғұмыр туралы ойлап, тұңғиыққа батқан.
Көңіл түкпіріндегі тәк-тәк деген дауыстан басын қайта көтерді. Халім мүшкіл деген сезімді санадан мүлдем өшіріп, кілттеп тастау керек деп өзін қайрады. Не жамандық көрдің, жетім болсаң-тағдырың. Жетіліп жүргендерден үлгі ал. Жұмыстың ауырынан қашпа. Жақсылықпен жауап бер. Мінезіңді түзе. Елмен аралас. Достас... деп өзін жігерлендірді.
«Сенен керемет азамат шығады» — деген жоқ па өткен жолы аудан орталығындағы үйіне ақ мәрмәрдан каминь салдырған кәсіпкер ағай. Шығуға тиіс...
Теңізшілер теңізге, ұшқыштар аспанға құмар. Бұл мұржаның шетіне шығып отырғанды ұнатады. Міне, сол кезде жүректі елжіретер жақсы ойлар келеді басына. Ақ көйлекті үндемес қыз бұған неге сонша қарайтын болды екен? Оны көргенде мұның да жүрегі дүрсілдеп қуанады. Қасына шақырып әңгімелескісі келеді. Бірақ ол естімейді де, сөйлемейді де. Дәрігерлердің қолынан оны жазу неге келмейді? Мүмкін алыс бір жақтан оның емі табылып қалар. Қасиетті су, қасиетті шөптен шипа қонар. Шіркін, өзінің үйі болса. Ешкімде жоқ пеш салар еді, мұржасын биік етіп... Сонан соң...
Осы сәтте ақ көйлекті қыздың жанынан атын текіректете бір бозбала ойқастап өтті. Шамасы қыр көрсеткені. Есейгенін, ерге мығым отыра алатынын аңғартпақшы болғаны жинақы көрінуге тырысқаны, бет әлпетінен аңғарылады. Қыздың селт етпегені жынына тиіп, жанынан шауып өтіп тілін көрсетіп, мазақтап кетпекші болып, қайта қайырылды. Атын қамшылап, тебініп қалды. Шапқан ат Айымның тұсына келгенде оқыстан кілт тоқтады. Бейқам отырған жігіт ердің басынан аса аттың жалын құша топырақты бұрқ еткізе жерге домалап түсті. Бір жерін мертіктіріп алмады ма деп жандарына Бекқоныс та жеткен. Бетін топырақ айғыздаған жігіт Айым жаққа қарап, ұяла орнынан тұрды. Ат үстіндегі кісімсінгені, жинақылығы жоқ. Күле береді. Бекқоныс қызға қарады. Қара көзі мөлдіреп, ақ жүзі томпия бұртиып тұр. Иығын көтеріп, көйлегінің алға түсіп кеткен иінін сол қимылымен орнына апарып қойды. Етегін нәзік қолымен төмен тартқылады. Енді ғана түйін салған кеудесі дірілдеп бір көтеріліп, бір басылады. Аппақ тамағы жұп-жұқа, жібектей. Аттан құлаған жігіттің сырт киімінде ирелеңдеп кетіп бара жатқан жұлдызқұртты ептеп алып, жол шетіндегі шөптің үстіне лақтырып жіберіп, бірнәрсе шашырады ма дегендей қолын сілкіп қалғанда, саусақтары Бекқоныстың қолына тиіп кетті. Тып-тыныш, бейқам тұрған оның жаны дүр сілкінді. Жып-жылы ағын келіп құйылды. Жүректің қақпасы сарт етіп ашылып, жан дүниесіне лақ етіп аппақ нұр құйылды. Күн күліп, жер қатты дөңбекшіп толқып кеткендей болды. Жүрегі кеудесін соққылады.
***
Апасының төсек тартып жатып қалуына өзінің суреттері себеп болды деп ұққан қыз сурет салынған парақтардың парша-паршасын шығарған. Сиырын сауып, сүт пісіріп, тамағын әзірлеп, үй іші тірлігін дөңгелетіп әкеткен. Бірақ апасының қабағы ашылмай-ақ қойды. Бұған жәудірей қарап, жанары жасқа шыланып жатады да қояды. Апасының ауылдың алып-қашпа қаңқу сөзінен қашқақтап, сыртқа көрінуден қорғалақтап, үйден шықпай қойғанын мұңлық қыз қайдан білсін. Әйтеуір, апасы ауырғалы ас-суын әзірлеп, төсегін жаңалап әлек. Шаршап-шалдығып, діңкесі құрып, түн ауа төсегіне құлай кеткенде ғана баяғы бұйра шашты жігіт көз алдына көлбеңдеп тұра қалады.
Оның бейнесі салынған парақты қақ бөлгенде оның жартысынан өзіне таңдана қараған қарақат көзді байқап қалған. Неге бүйттің дейтіндей, жыламсырап, жалынышты қарайтындай әсер еткен. Енді сол көзқарастан құтыла алар емес. Ұйықтайын деп, тас боп қатып қалайын деп көзін жұмса, әуелі жалынышты жанар, сосын бұйра шашты жігіттің өзі елес береді. Дөңбекшіп жата алмайды. Далаға безіп кеткісі келеді. Бірақ ауру апасын тастап кете алмай, лүп-лүп еткен жүрегін сабасына күшпен түсіріп, әбігерленеді.
Бір күні апасы мұны ымдап шақырып алды.
— Қарағым, — деді бұл естімесе де айтқандарын емеурінінен түсінетінін аңдап, — жүдеп барасың ғой, түге. Маған қарайлай бермей, ана жаққа серуендеп қайтсаңшы. Ол көше жақты нұсқады. Қыз басын шайқап еді:
— Бар, бара ғой, айналайын, — деді мейірленіп.
Қыз не істерін білмей біраз тұрды да, апасының мойнынан құшақтай алды. Бетінен сүйіп, аймалап жатыр. Менің жайымды ұғар жалғыз сенсің дегендей бетінен иіскеледі.
Апасы қайраттанып, күш жиып алған тәрізді. Бұрынғыдай егілмейді. Қызының жасаураған жанарынан кезек сүйіп, көше жақты тағы нұсқады. Қыз орнынан сүйретіліп тұра берді.
***
— Алтын ұрлаған пешші бала не болды? — Ел жиналған жерде Әйкен Шашадан ептеп сыр тартқан.
— Ол шұмпайы шотталайын деп жатыр. Шаша бәрін білетіндей сенімді сөйледі.
— Ол сұмпайы емес, адал азамат екен. Алтындарды арнайы орынға өткізіп, өзіне тиесілі ақшаға үлкен балабақша салғызбақшы. «Отыз омыртқа, қырық қабырға, бәрін ұстап тұрған ауыз омыртқа» деп жұмбақталатын көшпелілер үйі мәңгілік серігіміз, кіші әлеміміз болуы керек деп жобасын да сыздырып алып келіпті. Бізге сондай ұнады. Кереге басы 500-600-ге жететін үлкен киіз үй іспеттес.
Ең қуанатыны, Айымды арнайы мектепке орналастыратын болыпты, өзі де енді оқуын жалғастырамын деп дайындалып жүр. Азаматтың азаматы атқаратын іс істеді ғой. — Ұжым басшысы Берік қуанышын жасыра алмай, елпілдеп жаңалықты бір деммен айтып шықты.
— Осы бала тегін емес, үйші Нұралының тұқымы деген рас болды-ау — Әйкен өзімен өзі болып, күбірлеген. Ойламаған жерден естіген жағымды хабары сергітіп жіберді.
— Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды. Өзі болған жігіттің тегін қазбаламаңыздар. Ұсақтан іріленгеннің айыбы жоқ, — Берік алыпқашпа сөзге тоқтау салды.
— Бәше-е, өжім де шежіп ем иманды екенін, — дей берген Шашаның сөзіне жұрт ду күліп, әңгімесін бөліп жіберді.
— Неменеге мәж болашыңдар?! Мен ештігенімді айтамын. О неші, түге, — деген Шаша ертіп келген немересін басынан нұқып қалып, шырылдатып, топтан шыға берді.
Көптен бері селт етпей күйбең тіршілік кешкен ауылдың өңі кіріп, көше-көшеден көңілді дауыстар естіле бастады. Ауылдың көрнекті жерінен үлкен шаңырақ көтерілді. Күлдіреуіштері күнге шағылысып жарқ-жарқ етеді.