23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Дидахмет Әшімхан

Дидахмет Әшімханұлы (1950 - 2015) — Қазақстан журналисті, қаламгер.

Жер аңсаған Сарыатан






...Ұшы-қиырсыз сары дала. Сары даланың бір ұшында — сары бел. Сары белдің бауыры — сағым ба, әлде шалқар көл. Шартабақ күн төбеде. Шалқыған ыстық жер-көкте. Табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, маңдайын жел күнсітіп, таңдайын шөл қаңсытып, сар желіп келеді Сарыатан. Таусылмайды сары дала, жеткізбейді сары бел. Сары белдің ар жағы — бота күнгі мекені. Бота күнгі мекенін боздап іздеп келеді, жүректегі бар шерін қозғап, іздеп келеді.

* * *

— Аға-ау, сорладым ғой!.. Шынымен, сорлап қалдым ғой!.. Күреңқасқа ерін сындырып тастапты... — Сырттан ентіге кірген Қожық табалдырық тұсына намазға жығылғандай жүрелеп отыра кетті.

Бөренелерден қиып жасаған жатаған үйшіктің төменгі бұрышында қоржынға заттарын салып жатқан Есберген еңсесін көтере беріп, тұрып қалды.

— Не дейд?! Не ғып сындырды? Күреңқасқа ма, әлде қаражал ма?

— Күреңқасқа, аға... Менің күреңқасқамды айтам да... Жол жүрердің алдында оттай тұрсын деп, екі атты сайға түсіре қойып ем... Күреңқасқа аунап... — Қожық сөз аяғын бітірмей, еңкілдеп жылап жіберді. Ұстарамен қырғызған аққұйқа басы төмен салбырап, солқылдағанда иегі төсті ұрады.

— Көтер басыңды! Сынса — ердің қасы сынды, сенің басың аман ғой. Бырқырағаның не сонша?! — Есберген қолындағы ала қоржынды шетке ысыра салды да, мол кеудесін тік көтеріп, өткір қаршыға көздерімен Қожыққа зілдене қарады.

— Ердің қасы емес аға, екі қапталы... Ат аунағанда айырылып кетіпті... Енді мен не істеймін? Неге мінем, а?.. Сен мені тастап кетесің ғой, а?.. Жалғыз өзім жұртта қалам ба сонда?.. Жо-жоқ, өлсем де қалмаймын мұнда. Күреңқасқаға жайдақ мінсем де сенімен кетем, аға! — Салбыраған, солқылдаған аққұйқа бас енді екі бұттың арасына кіріп кеткендей еді.

— Әй, мен саған не деп тұрмын?! Көтер, кәне, басыңды!

— Көтерейін, аға, көтерейін. Сен мені тастап кетпейсің ғой, а?! Тастамаймын деші, аға. Тек сол сөзіңді ғана айтшы, аға! — Қожық көзінің жасын көнетоз көк көйлегінің майсіңді жеңімен ары-бері сүйкеп тастап, тізерлеген күйі Есбергенге жақындап кеп отырды.

— Өй, ынжық! Ақжол тілеп алысқа аттанғалы тұрғанда, әкесі өлгендей өкіруін бұның!.. Қалай сені мына иен тауда иттей ұлытып жалғыз тастап кетем мен?! Кешегі бір қалжың сөзге шынымен сеніп қалдың ба? Өй, ынжық! Бүйтпесең, Қожық боласың ба?! Бөрінің баласын қанша асырасаң да бөтендігін білдіреді деген рас екен ғой, тәйірі. Әйтпесе, маған сенбейтіндей қай жөнің бар еді сенің? Өзің айтшы, мен сені неше жасыңда тауып алып едім?

— Он жасымда.

— Қалай тапқаным, қайдан тапқаным есіңде ме?

— Есімде, аға. Мен онда Метрейдің шошқасын бағып жүргем. Бір күні сен әлдеқайдан атпен келгенсің де, қожайынмен ұзақ сөйлескенсің. Сосын алақандай ақ шүберекке оралған бір кішкентай затты оған беріп, мені сол күні кешке осы үйшікке алып қайтқасың.

— Жә, одан бері неше жыл өтті?

— Он бес жылдай боп қалар.

— Дұрыс айтасың. Он бес жыл... Ендеше он бес жыл бауырына басқан адамнан бір-ақ күнде сырт айналады деп қалай ойлайсың сен?! Өй, ынжық!.. Бар, аттарды әкел де, жолға дайында. Енді екеуімізді Құдай айырмаса, басқа айырмас.

— Оһо-һө! Оһө-һө! — деп Қонжық орнынан атып тұрды да, сыртқа қарай арбаңдай жөнелді.

Қожықтың соңынан қоржынын көтеріп, Есберген де тысқа шыққан. Күн едәуір көтеріліп қалыпты. Аңғар ішіндегі манағы көгілдір мұнар сейіліп, аппақ шуақ айналадағы қойнау-қолаттың бәріне тарап үлгерген. Аспан ап-ашық, шыныдай мөлдіреп, тамшыдай мөлтілдеп тұр. Үйшіктің тура алдын кесіп өтетін тарам-тарам таспа жолдың ұзын сорабы қарсы беттегі Көкен таудың сонау бір иығындағы асуға дейін ап-анық көрініп жатыр. Асудың екі жағында — түйе өркешіндей екі шың. Екеуі де түні бойғы күзеттен шаршағандай марғау мүлгіп көрінеді.

Есберген үйшіктен шығарда жолға алатын әр нәрсесін түгендеп, қуықтай ғана бөлменің әр қуысын адақтап, енді оған қайта кірместей боп қоштасып шығып еді, бірақ көңілі әлденеге әлі де алаң болып тұр. Ештеме ұмытпағанын, еш нәрсесін қалдырмағанын біледі, дегенмен, бір белгісіз күш ішке қарай қайта-қайта мойын бұрғыза береді. Көз тартатындай ішінде де, сыртында да сиық жоқ. Төбесі шыммен жабылған төрт қабырға. Бір есік, бір терезесінен басқа түгі жоқ тоқал там. Осынау иен таудың бір қуысында қай заманнан бері қалқайып тұрғаны да белгісіз бұның. Кезінде аңшылардың қысқы мекені болса керек. Кімнен қалса да, әйтеуір, бұларға жиырма жылдай жылы ұя болғаны анық. Жар қызығын, жалғыз ұлдың қуанышын Есберген осы үйде көрді. Қара суға семірер қайғысыз күндері де, қанағатпен қарын тойғызар уайымсыз түндері де осы үйде өтті. Хан сарайындай ақ үйім, іші толған бақ үйім деп отырушы еді сонда бұл. Енді ойласа, соның бәрі де Ғазизаның арқасы екен. Ол кеткен соң, бұл үйден бар қасиет кетті ғой.

Есберген үйшіктен жүзін теріс бұрды да, есік алдында жатқан қу дөңбектің үстіне кеп отырды. Тері желетінің қалтасынан қара мүйіз шақшасын суырып, көкбұйра насыбайды кесек мұрын астындағы қос үңгірге құшырлана тастады. Қожық таяқ тастам жерде бұның қаражалын баптап, ерттеп жатыр. Қимылы ширақ. Енді өзін Есбергеннің қалдырып кетпесіне әбден сенген секілді. «Әй, бейшара-ай, сені де біреу текті атадан қалған бір тұяқ дейді-ау!..» Амал не, азған ұрпақтың тозған тұқымы осы. Сом темірден соққан балғадай тұлғасы, бір қарағанда көз сүйсінтер әп-әдемі түрі, қайрат-күші — бәрі бар. Бірақ мүсәпірден төмен сиқы әлгі. Құдай бұны ақылдан кенде етті ме десең, кейде адамның сөзін сөйлеп, ішіңді жібітеді. Ішің жібіп отырып: «Қасқа айғырдан қасқа тумаса да төбел туады» деген осы-ау деп бір қойсаң, ауыз жиғанша әпендінің сөзін сөйлеп, қарныңды қайта ашырады. Әйтпесе жиырма бестегі жігіттің сенетін сөзі ме еді кешегі?..

Ғазиза қайтқалы бұлар әбден қараңғы түспей үйшікке кірмейтін болған. Өстіп кеше де екеуі жерошақ басында түннің бір уағына дейін шоқиып ұзақ отырды. Ертеңгі жолға деп салған еліктің жарты еті қазанда бүлк-бүлк қайнап жатты. Қалың қарағайлы жоғарғы кең аңғардан салқын самал леки есіп тұрды. Төменде, сай табанында тастан-тасқа секіріп, қайың-талдың арасын қуалай ағып жатқан Көкенбұлақтың сарыны қай-қайдағыңды қозғайды. Есберген осынау аңғар, осы бір бұлақ басына алғаш рет ат басын бозбала кезінде тіреп еді, енді самайын бозқырау шалған шағында бетті мүлде алысқа бұрайын деп отыр. Табаны күректей жиырма төрт жыл азығын тапқан, қазығын қаққан жерінен аяқасты су шыққан жоқ, өткен жылы жар дегенде жалғыз ұлдан айырылған соң, көңіл құрғыр бұл жердегі бар қызықтан суыған. Одан кейін «жығылғанға — жұдырық», жарты ғұмырына жолдас болған аяулы жарға айықпас дерт жабысты. Ол дерт емес, айтып келген ажалдың тура өзі екенін сол аяулы жар Ғазизаның өзі де, бұл да алты ай бұрын білген. Ендігі жерде бұл арада ешбір қызық, ешбір үміт қалмағанын содан екеуі де іштей анық сезген-ді. Бірақ бұны бір-біріне ашық сыр ғып айтқан емес, тек Ғазиза көз жұмарынан сәл бұрын екі рет ишара етіп білдіргені бар. Бірінші рет... осы жылғы көктемнің ортасында, сай-саланың қары енді жіби бастаған кез еді. Бір күні таңертең... үйшіктің төр басындағы жалғыз терезесі алдына бір сарыбас торғай қонып алып, ал кеп құйқылжыта сайрасын. Дөңгелек үстелдің жанында жантая қисайып шай ішіп жатқан Есберген:

— Шіркін, қазір Бұқтырманың жағасындағы мойылдар гүлдеп тұрған шығар! — деді қапелімде. Әншейінде мұндай сөзге мән бермейтін Ғазиза со жолы:

— Осы мойылыңмен-ақ шаршаттың-ау, — деп қабағын кіржің еткізсін. Сол екі ортада екі иығы солқ-солқ етіп, теріс бұрылған күйі жаңа ғана ішкен шайын түк қалдырмай ақтарды да тастады.

— Апа, не болды?! Ауырып қалдыңыз ба? — деп Қожық арбаң қағып, ағаш астауға қарай жүгірген.

Ғазизаның ішкен асы аузынан қайта кетіп жүргенін ол бірінші рет көрсе керек. Ал Есберген бұны қыстан бері байқап жүрген. «Бейшараның енді ауруын жасыруға да шамасы қалмаған екен» деп түйген бұл орнынан үнсіз тұрып, сыртқа шыққан да, ерттеулі атына мініп, әдеттегідей аң қарауға жүріп кеткен. Сосын кешке үйге жақындай бергенде... аңтарылып тұрды да қалды. Күнде есік алдында сонадайдан мен мұндалап, ағараңдап тұратын үш ашалы мама ағаш жерде құлап жатыр. Қаншама жылдан бері Есберген атын байлаған мама ағаш. Қаншама жылдан бері жауынға да, дауылға шыдап келген мама ағаш. Бұған жеткен не зауал?

— Қожық! — деп айқай салды Есберген ат үстінде. — Мына ағашты кім құлатты?!

— Мен! — деді үйшіктен жүгіре шыққан ол.

— Неге құлаттың?

— Ғазиза тәтем құлат деді.

— Неге?

— Білмеймін.

Ғазиза дегенде үндей алмады. Өзі ауру адамды ренжіткісі келмеген. Баяғы күні болса басқаша «сөйлесер» еді, бұ жолы: «Қызық екен...» — деп күңк етті де қойды. Сонан соң Қожыққа күрек алдырып, құлаған мама ағашты қайта тігінен тұрғызып еді.

Екінші рет... Ғазиза өлерінен тура бір апта бұрын бұл таудан тағы бірде кештетіп оралған. Ұстаған аңы жоқ, қанжығасы бос келген. Білтелік шамды ортаға қойып, ала көлеңке бөлмеде үшеуі үнсіз шай ішіп отырды. Үшеуі деген аты ғана, Ғазиза ол уақытта дастарқан басында қара көрсетіп қалқайып отырғаны болмаса, адам санатынан қалған-ды, бір жұтым қара судың өзін қиналмай жұтса, шүкір деп жүрген кезі еді.

— Неғып кешіктің? — деді ол Есбергенге әлсіздеу үнмен әрең тіл қатып.

— Бейітті кезеңдегі қақпандарымды қарадым, — деді бұл жай ғана. Ғазиза күрсінді. Қақпан қарадың ба, әлде балаңның басында отырдың ба дегенді айтпаса да, бұған қажи қараған көзімен сездіріп еді. Жалғыз ұлдың моласына әрнені сылтауратып күніне екі рет барып қайтпаса, бұның ішкені ас болмайтынын Ғазиза жақсы білетін.

— Асуға да шыққан шығарсың?

— Шықтым.

— Көгілдір таулар көріне ме екен?.. Әлде бұлт басып тұр ма?

— Бүгін өте жақсы көрінді. Жарықтық, өркеш-өркеш болып көз ұшында көсіліп жатыр, — деді Есберген еңсе көтере түсіп.

— Осы жерден таңертең шыққан адам оған кешке дейін жете ала ма? — деді Ғазиза.

— Е, неге жетпесін, мінгені жүрісті, мықты ат болса, күн батқанша бауырына жетіп құлауға әбден болады.

Япыр-ай десеңші... Онда тым алыс болмады ғой, — деп Ғазиза кәдімгі сау адамдай сергек сөйледі. Сосын кесесін қолына алып, ыстық шайды бір рахаттана ішіп отырған сыңай танытты. Бұған Есберген де, Қожық та қуанып қалған. Қуаныш үстінде Есберген:

Бәйбіше-ау, Көгілдір тауды өмірі көрмегендей болдың ғой. Баяғыда сол жерден бір-ақ түнде осында жеткенімізді ұмытып қалдың ба? — деді кеңкілдей күліп.

Түнде адам не көреді? Есімде қалғаны — ар жағынан со тауға жеткенімізде артымызда күн қып-қызыл болып батып бара жатқан. Одан бергінің бәрі қараңғы ғой... Айтпақшы, бүгін түсімде Мойылдысайды көрдім. Өзің айта беретін әлгі Бұқтырманың жағасындағы Мойылдысай ше... Сайдың ішінде сарқырап өзен ағып жатыр екен деймін. Сен өзен жағасындағы бір түп мойылдың уылжыған қап-қара жемісін ат үстінен үзіп жеп тұр екенсің. Маған да бір сабағын әперші деп жатып оянып кеттім, — деп Ғазиза өз кесесіне үлкен қара құманнан үстеп шай құя бастады. Шынымен-ақ құйғанын құйғандай тауысып отырған секілді.

Құр шай ас бола ма, мынаны да аузыңа сала отыршы, — деп Есберген жұп-жұмсақ бір түйір етті қолына ұстатып еді, Ғазиза оны да сүйсіне жегендей болды. «Иә, Құдай! Иә, Құдай!» — деп іштей сыйынып Есберген отырды. Сонда бұған Ғазиза ертең-ақ бар дертінен сауығып, құр аттай шабатын секілді көрінген. Бірақ оның бәрі қас-қағымдық қуаныш, бір-ақ сәттік алданыш екен! Жаңа ғана жадырап, сергіп отырған ол жастыққа басы тиісімен әй бір лоқсыды дерсің... Бұрынғысы айналайын екен, бұл жолы ішкен-жегенімен қоса бүкіл іш құрылысы аузынан түсіп жатқандай еді...

Есберген ертеңінде таңертең Ғазизаның жанындағы ағаш астаудан кесек-кесек қан көрді...

Сол күні кешкісін күндегідей аңнан қайтқан бұл үйге жақындап қалғанда, есік алдындағы мама ағаштың қайта құлап жатқанын байқады. Бұл жолы оны кім құлатты, неге құлатты деген жоқ, Ғазизаның ишарасын айтқызбай-ақ түсінген. Енді мұнда қарайлайтын адамы, ат байлайтын қазығы қалмағаны белгілі еді...

Өткен кеште жерошақ басында отырып, сол құлап жатқан мама ағашқа қайта-қайта күрсіне қарай берген бұның бір мезет көңілін аулағысы келгендей Қожық:

— Аға, сыбызғы тартшы, — деген өтініп.

— Алып кел, — деді Есберген.

Қожық үйшікке барып, керегеде қыстырулы тұратын сыбызғы қурай мен бір тостаған суды алып келді де, Есбергеннің алдына қойды. Сосын бұның жанына жантая жатып:

— «Жер аңсаған Сарыатаннан» басташы, аға, — деді.

Есбергеннің іші жылып қалды. «Бұ байғұс та Ғазизаны сағынып жүр-ау» деп ойлады іштей. Тумаса да туғандай болып кетіп еді, қалай сағынбасын, қалай ұмытсын енді оны? Ғазиза да сыбызғы тыңдағанды тым жақсы көретін. Тартшы деп қолқа салмайтын, бірақ Есберген қолына қурайды алса болды, ұсақ-түйек шаруасын бұның жанына әкеп істегенді ұнатушы еді. Өзінше бір нәрсемен айналысқан боп көрінгенмен, құлағы сыбызғыда екенін Есберген сезіп отыратын. Сондай сәтте кейде: «Анау бір «Сарыатан» дегенің бар еді ғой», — дер еді. «Сарыатан» емес, тәте, «Жер аңсаған Сарыатан», — дейді Қожық білгішсініп. «Не десе де, әйтеуір, тәуір дүние сол», — деп қояды Ғазиза ісімен айналыса отырып. «Құдай-ау, сол шоқиып отырған отырысының өзі көзге қандай ыстық еді?! Қожық сағынса сағынғандай-ақ жан еді ғой Ғазиза!..» Енді ол жоқ, мәңгіге жоқ. Бұдан тура қырық күн бұрын бір жыл бойы көз жасын көл етіп жоқтаған жалғыз ұлдың жанына аттанған. Енді, әне, көзге күйік боп қара тастан қалаған бейіті ғана алыстан қарауытады.

Есберген сыбызғы ішіне алдымен тостағаннан су жұтқызып алып, сосын қурай өзегін бір-екі рет құр үрлеп қойды да, төменгі сағадағы үш тесікті саусақтарының ұшымен кезек басып, баяу гүжілдете бастады. Бастабында күңірене шыққан қоңыр үн біртіндеп жел шайқаған сырғалы қайың сабағындай майда ырғаққа, сұлу сазға ауысты. Құйқылжыған қоңыр үн. Былқылдаған майда ырғақ. Кеудеден көріктей үрлеген ыстық дем қурай ішін қуалай сыңсып барып, сонау төменгі сағада неше түрлі дыбыс пен сиқырлы әуенге айналған. Сиқырлы әуен жетегімен Есберген де енді мына елсіз иен мекеннен, меңіреу тылсым дүниеден бірте-бірте алыстап, осынау күйді тартқан сайын сан жылғы сағынышын қайта оятар мұңды да сырлы бір суретті көз алдынан қайта көшіре бастаған.

...Ұшы-қиырсыз сары дала. Сары даланың бір ұшында — сары бел. Сары белдің бауыры — сағым ба, әлде шалқар көл. Шартабақ күн төбеде. Шалқыған ыстық жер-көкте. — Табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, таңдайын шөлге қаңсытып, маңдайын желге күнсітіп сар желіп келеді Сары атан. Қос өркеші жығылған, көкірегіне өксік тығылған. Таусылмайды сары дала, жеткізбейді сары бел. Көздегені көзінен бұлдырай қашып бара ма, әлде анау сары бел сайтан ба екен, сағым ба?.. Сайтан болсын мейлі, сағым болсын мейлі, жетпей тынбас сол белге. Жетем деген желіспен желкілдейді шудасы, иір мойны изеңдеп, қақшаңдайды қу басы. Ботасын іздеп боздаған аруана емес-ті, інген аңсап құтырған қара бура да емес-ті. Тұщы етін тұздай ашытып, иесінен жеген таяқ жоқ, ауыр жүкпен жауыр боп арқаға батқан қомы жоқ. Оны да көрген кезінде, бәріне көнген қу тулақ. Көну деген бір басқа, көндігу қиын екен ғой. Тұңғыш рет табаны тайлағында тиген жат жерге көндіге алмаған Сарыатан. Түйе бойы жантақты, кісі бойы жусанды, су десеңіз суы бар, ну десеңіз нуы бар жер жаннатын жерсінбеген, менсінбеген Сарыатан. Өйткені бота күнгі шайнаған боз жантағы бөлек-ті. Сол күндері бас қойған қақтың дәмі ерек-ті. Аңсап келеді сол қақты, шөлдеп келеді Сарыатан. Көңілінде — сары дала, көз ұшында сары бел. Сары белдің ар жағы — бота күнгі мекені. Бота күнгі мекенін боздап іздеп келеді, жүректегі бар шерін қозғап, іздеп келеді. Былқылдайды табаны, бүлкілдейді өркеші. Желпілдейді шудасы, желкілдейді шоқтығы. Салып ұрып барады, әне, Сарыатан...

Сыбызғы үні сыңсып барып үзілді. Есберген терең күрсінді.

— Өй, жалған-ай! — деп, қурайды жанына қойып, қара шақшаны қолға алды. Ғазиза жатқан Бейітті кезең басынан күн қызыл мұрттанып батып бара жатты.

— Аға, ет жейміз бе? — деді Қожық.

— Оны несіне менен сұрайсың, астауға түсір де, әкеліп қой алдымызға. — «Тамақтан басқа сен не білесің?..» деген сөз көмейіне тіреліп-ақ қалған. Бірақ онысын сыртқа шығарған жоқ. Қожықтың да жетісіп жүргені шамалы. Үйдегі ұсақ-түйек жұмыстың бәрі енді бұның мойнына түскен. Бірде ұқсатып, бірде бытқынатып жүріп, әйтеуір, үйде әйел жоқтығын білдірмеген болады.

Жерошақ жанындағы шөбі тапталған тақыр жерге дастарқан жайылды. Әр жеріне май тамған теңбіл-теңбіл ақ жаулық үстіне буы бұрқыраған қара астау, екі тостаған, екі қасық қойылды. Бәрі ағаштан жасалған, бәрінің ернеуі кетік-кетік. Ғазиза марқұм дүние-мүлікке мән бермейтін жан еді, барға қанағат, жоққа салауат айтып жүре беретін. Керекті заттың барлығын Есбергеннің өзі тауып әкелетін. Әкелетін, табатын жері — анау етектегі ұйғыр-дұңған ауылы. Ғазиза қайтқалы оған да небәрі екі-ақ рет барды. Барайын деген жоқ, алдымен насыбайы, сосын шай-шақпыты таусылып қалған.

— Ертең ерте жүріп кетеміз ғой, аға, ә? — деді сорпасын сораптай ішіп отырған Қожық.

— Құдай қаласа.

— Құдайға қарап отырамыз ба? Не де болса, жүріп кетейік, аға.

— Тәйт әрі! Құдіретке тіл тигізгені несі? Сөздің боғын сөйлемей, жөнін сөйлемейсің бе былай! Қожық жым болды. Сосын мұрын астынан міңгірлеп:

— Менікі әншейін «ұшпақ болсаң зымыра» деген ғой, аға, — деді.

— Ұшарсың, зымырарсың, бірақ қонатын жерде қолын созып, құшағын ашып тұрған кім бар бізге? Сен маған сүйенерсің, ал мен кімге сүйенем? Ел дейтін менде не ел қалды онда? Баяғы көзкөргендер арасында қиын-қыстау күндерден аман қалғаны аз шығар. Сол азының өзі «Ойбай, Есберген келді!» деп малақайын аспанға атар деймісің? Бірінші күні «Қытайдан келді» деп қарсы алар, екінші күні «Қытай келді» деп жар салар. Тірі болсақ, оған құлағымыз үйренер әлі.

Қожық тұнжырай жерге қарады. Жуан мойны иіліп, еңсесі түсіп кеткендей.

— Ендеше жылы орнымызды несіне суытамыз, аға? Осы жерде-ақ жүре бермейміз бе?

Есберген мырс етті. Әрине, Қожыққа бәрібір. Тек бұның жанында жүрсе болғаны. Бұның жанында жүрсе, қарыннан қам жемесін біледі. Қу тамақтан басқа бұ шіркінде не уайым, не мұң бар дейсің.

— Қожық, — деді Есберген оны сынамақ болып. — Мен болсам атақонысымды іздеп барам. Ол жерде әкемнен қалған із бар, шешемнен қалған көз бар. Ал сенде ше? Ықылымда өткен батыр бабаң Көкеннен бастап, кешегі сері әкең Сейдәліге дейін анау қырдың басында — ескі қорымда жатыр. Мынау тауды Көкентау, іргедегі мына бұлақты Көкенбұлақ дейді. Бәрі де сенің ата-бабаң ат байлаған, қазық қаққан жер. Бұларды сен қалай қиып кетесің? Қалмайсың ба осында? Мылтық, қақпан, керек-жарағыңды түгел тастап кетемін. Бірдеме етіп күнелтерсің өзіңше...

— Жо-жоқ, қалмаймын, аға. Өлсем де сенен қалмаймын! — деп Қожық ыршып түсті. — Бұл жер Көкеннің жері екенін білсең, сен ғана білесің. Басқа кім біледі? Жұрт бұны күні кешеге дейін Метрейдің шошқасы өрген Көкентау демеуші ме ед? Одан кейін қара қытай қойдай өріп жүріп, бақа-шаян аулаған Көкентау емес пе еді? Бабам Көкеннің батыр болғаны рас шығар, әкем Сейдәлінің сері, ақын болғаны да рас шығар, бірақ маған олардан «ұрпағы» деген бір ауыз сөзден басқа не қалды? «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық», баяғы батырдан да, кешегі ақыннан да мен үшін енді сен артықсың, аға. Атам да сенсің, әкем де сенсің енді маған. Ендеше бұл жерде мені қалдырам десең — өлтіріп кет, қалдырмаймын десең — алып кет!..

Есберген оған таңдана қарап қалған. Есі бірде бар, бірде жоқ, делқұлы деп жүрген адамнан мұндай шешім күтпегені рас-ты. Іштей риза болғаны және бар. Соңғы кезде жалғыздықтан жаны құлазып жүр еді, Қожықтың бұл сөзі көкірегін сергітіп жібергендей болды. Оны бір мезет құшақтап тұрып, маңдайынан иіскегісі келді. Маңдайынан иіскеп тұрып талайдан бері жүрек басын сыздатып жүрген бар сыры мен мұңын оған ақтарғысы келді. Бірақ осы ой, осы сезімнің лықсып келіп сыртқа шығар сәтінде... жаңа ғана ер мінезбен еңсе көтеріп отырған Қожықтың қайта төмен еңкейіп, тура қарауға жасқанып, бір мүсәпір де міскін күйге түсе қалғанын көрген Есберген:

— Сенен көрі көлеңкем артық шығар, — деген де, орнынан оқыс тұрып, жүре берген.

Бұл сөз аузынан қалай шығып кеткенін өзі де аңғармай қалып еді, тым талмауыр жерден соққанын кейін білді. Бұның соңын ала үйшікке сүйретіле кірген Қожық терезе түбіндегі күндегі жатар орнына жете бере кескен теректей гүрс етіп құлап түсті.

— Әй, не болды?!. Жын қақты ма сені?! — деді бұл ашуланып. Ол үндемеді.

— Ау, не жетті саған?! Неге үндемейсің?! — деді бұл тағы.

— Ол тіл қатқан жоқ, тек көкірек кере күрсінгені естілді. Есберген сонда ғана әлгі сөзінің Қожықты сойылдай сілейтіп салғанын сезген-ді. Содан түннің бір уағына дейін кірпік іле алған жоқ. Қожықтың да ары-бері дөңбекшіп ұйықтай алмай жатқанын білді. «Қайдағы сөз қайдан аузыма түсіп еді?..» деген өкініш Есбергеннің де өзегін өрт жалағандай етті. «Қойшы, айтылған сөз айтылды, енді несіне қиналам?..» — дейді өзін алдарқатып. Бірақ, қанша ойлаудан қашса да, өз сөзі өз даусымен құлақ түбін күңгірлетеді де тұрады. «Сенен гөрі көлеңкем артық шығар...» Жатып алып қос қолымен құлағын басады. Жоқ, бәрібір ап-анық естіледі. Өз сөзі. Өз даусы. «Сенен гөрі көлеңкем артық шығар... Сенен гөрі көлеңкем артық шығар...»

— Қожық! — деді санасы әбден сансыраған бір сәтте. — Ояумысың?.. Ол үндемеді.

— Ау, батырдың ұрпағы!.. Не болды саған? Тірімісің?! — деді даусын сәл көтеріп.

Ол жауап орнына гүрс етіп ары аунап түсті де, естімегенім сенің сөзің болсын дегендей, жастық қып жатқан жаман тонды басына мүлде бүркеп алды. Амалы құрыған Есберген қайтадан тып-тыныш жатып ой құшағына берілген. Ол ойлардың ұшы-қиыры жоқ еді. Оймен бірге көз алдынан көшкен елес те көп еді. Сол елестің, сол бір ескі көріністердің ұзын салқар тізбегі өткен күндер сүрлеуін қуалап келіп, ақыры баяғы Ақсопы шалдың аппақ бейнесін алға әкеліп тосқан-ды.

...Бұдан он бес жыл бұрынғы бір қоңыр күздің қоңырсалқын кеші еді. Сол күні Есберген таудан өте олжалы — қанжығасы қанды оралған үйіне. Дәл сол күні, сол кеште өз отының басынан Ақсопы шалды көрем деп бұл ойлады ма? Ақшыл ұзын шапанының етегі жер сызып, ақ күмістей сақалы омырауын жауып, бір қолымен асатаяғын ұстап, екінші қолымен батар күннің сәулесін көлегейлеп, есік алдында жол қарап тұрған адамның Ақаң екенін бұл алыстан-ақ таныған. Таныған сәтте тұла бойына ыстық қаны жүгірген. «Тағы да келіп қалдың ба? Кел, жарықтығым, кел!» — деген қуанып. Көкентаудың ар жақ, бер жағында отырған жалғыз-жарым үйлердің қайсысына болмасын Ақсопының анда-санда бір соғып кетуі — шаңырағына Қыдыр түстеніп өткенмен бірдей еді. Келгенде де жата-жастанып, бір үйде ұзақ жамбас сарғайтпайды, бір түнесе болды, сосын жыл құсындай кете барады. Содан кейін Ақсопының төбесін жарты жыл өткенде, я күзде, я көктемде бір-ақ көресің.

Қыс пен жазда қайда жүретінін ешкім білмейді, және оны ешкім сұрамайды да. Қайыр сұрап, салмақ салып, ел үстінен күн көріп жүретін бейшара да жан емес, бір киері қай уақытта да бүп-бүтін, тап-таза, көңілі тоқ, ниеті ақ, күпіршілігінен шүкіршілігі мол адам еді ол. Ақшыл ұзын шапанының ішінен мойнына асып алатын ақ дорбасында әманда сылдырлаған тиыны, шүберекке түйген бір уыс құмалақ, сосын әртүрлі шөптің кепкен тамыры мен сабағы болатын. Өзің сұрап өтінсең, бал ашады, құмалақ салады. Ал сұратпай-ақ істейтіні — қолдың, мойынның тамырларын ұстау. Бұны еш уақытта ұмытқан кезі жоқ, үйге келіп жайланып отырысымен, бірден осы шаруасына кіріседі. Кереметі сол, жып-жылы салалы саусақтарының ұшымен әр жердегі тамырыңды жайлап ұстап отырып, бар ауруыңды қолмен қойғандай дәл айтатын жарықтық. Онымен де қоймай, қай ауруға қандай дәрі қолдану керектігін ерінбей-жалықпай түсіндіріп беретін. Қасиетіңнен айналайын сол Ақаңның, сол ақ жүректі қарияның аңнан бір әдемі олжамен оралғанда алдынан шыққанын тым жақсы ырымға балаған Есберген. Аттан түсе оны құшақтай алған да:

— Ақа, өмірі шүріппеме ілікпеген бір аңды бүгін іліктірдім. Не аң екенін өзім де білмеймін. Не де болса сіздің қанжығаңызға байладым, — деді аңқылдап.

— Бұйырғанға шүкір. Аң арқалап жүретін менде қазір қай шама бар? Аты — менікі, заты сенікі болсын, мерген, — деді ол.

Есберген ердің артқы қанжығасына байланған қызыл ала қапты шешіп әкеліп, ішінен еліктің лағындай қызылқоңыр аңды суырып алып, Ақаңның алдына тастады.

— О, құданың құдіреті! — деді Ақаң аңға еңкейе қарап тұрып. — Мынауың күдір ғой.

— Не дейд?.. Анық күдір ме?.. — деп Есбергеннің өзі де оған шұқшия түсті.

— Тура өзі. Бала кезімде Көкен батырдың қолынан бір рет көріп едім, содан кейін кезіктіріп отырғаным осы. Бұ жерде тұқымы мүлде құрып кеткен шығар десем, әлі де бар екен ғой... Сенің қолыңа қалай түсті бұл?

— Қапысын таптық, қақ шекеден аттық, — деді Есберген күліп. Бірақ қалай кезіктіріп, қалай атқанын ежіктеп жатуды артық көрді. — Бұл өзі киелі бірдеме емес пе? — деді сосын.

— Аңның киесізі бола ма, шырағым, дегенмен, қоңыр аңның қасиеті бөлек қой. Соның ішінде буаз жануардың қарғысы қатты болады. Сондай күнәға батпасаң бопты да.

— Алыстан қарауылға алған аңның буаз-қысырын қайдан білейік, Ақа?.. Құдай өзі кешірсін деп жүре береміз де.

— Біле-білсең, шырағым, күнәні істеп алып Құдайдан кешірім сұрап жүрудің өзі де күнә. Адам алдымен күнәсін жуып барып, Құдайдан кешірімді содан кейін сұраса керек.

— Ақа, сонда оны қалай жууға болады?

— Ең алдымен, ненің күнә екенін білуің керек. Одан кейін өз күнәңді мойындаған ләзім. Сосын бір жаманшылықтың орнын бір жақсылықпен, бір обалдың орнын бір сауаппен, бір қиянаттың орнын бір қайырымдылықпен толтыруға ылғи да бейіл болсаң, жуылмайтын не күнә бар? Ал тіршілікте күнәсіз пенде бола ма, мен де оған кезінде белшемнен батқанмын. Жасымда атқамінер болдым, ел билігіне араластым. Қарақан басымның қамы үшін қара халықты талай сорлаттым. Біреуге тізем батты, біреуге тілім тиді. Енді, міне, қысы-жазы табанымнан таусылып, ел кезіп жүрген түрім мынау. Бір адамға болмашы жақсылық жасасам — жеңілдеп қалғандай болам. Әйтеуір, Құдай алдына тазарып барсам деген ниет те менікі, — деп Ақаң аз-кем үнсіз қалған. Сонан соң аяқ астында созылып жатқан аңның артқы бір сирағын көтеріп тұрып шап ортасына қол салып, шыбығы мен ұмасын сипап көрген де:

— Иіскеп байқа, не сезесің? — деп әлгі қолын бұның мұрны на тақаған.

Бір ғажап иіс, әтірдей жағымды иіс саусақ ұшынан ап-анық білініп еді.

— Керемет! — деді бұл таңданып. — Мұндай иісті бұрын иіскеп көрсем, мұрным пұшық болсын.

— Міне, күдірдің құдіреті осында. Естуімше, бұ шіркіннің жүріп өткен, зәр төккен жерінің өзі жұпар аңқып тұрса керек... Бұның осы ұмасы мен шыбығын қытайлар қазірге дейін тек алтынға бағалайды. Өйткені белден айырылған еркекке бұдан асқан ем жоқ, тегінде, — деді Ақаң.

Есберген қулана жымиып:

— Бұны сізге бердім, Ақа, — деп еді, ол:

— Шырағым, мен дүние қызығынан қалған адаммын. Бергің келсе, осыған шын зәру боп жүрген біреуге бер. Ол — мына Көкентаудың арғы бетінде отырған Метрей. Сен оған тегін бермейсің, есесіне алтыннан қымбат асылды аласың.

— Қызық екен. Метрейге ол неге керек?

Ақаңның отты, жігерлі көздеріне жылт етіп бір жылы күлкі ұялай қалды.

— Бала керек, түсіндің бе?.. Бала...

Осы мезетте үйшік есігі сықыр етіп ашылып, ақ орамалын маңдайға тарта байлаған Ғазизаның басы көрінген.

— Дастарқанға ас түсіріп қойдым... Суып қалар... — деді ол әдетінше биязы ғана. Есік қайта жабылған кезде Ақаң:

— Байқауымша... сенде де бала жоқ-ау осы, — деді ақырын сыбырлап.

— Бұйыртса болар... Тым қартайып тұрғамыз жоқ қой.

— Әйтеуір... сенен кінә жоқ па?

— Жоғә! — деді бұл. — О жағынан шүкірміз, әзірге... Ал үйге кірейік, Ақа.

— Е, ендеше бопты. Қалған әңгімені ас үстінде айтайын.

Сырттай қарағанда, ел кезіп жүрген дуана, дәруіш көрінгенмен, Ақаңның бүкіл бойынан бекзаттықтың белгісі аңқып тұрушы еді. Сабырлы мінезі, салмақты сөзі, кербез жүріс-тұрысы, келісті келбет-пішіні — бәрі-бәрі өзіне туа бітті жарасымдытұғын. Әсіресе, сол күнгі бейнесі Есбергеннің есінде ерекше қалып қойыпты. Ақсұр шапанын арқасына желбегей жамылып, ақ күмістей сақалын салалы саусақтарымен саумалап қойып, төр басында малдас құрып отырған ол небір әдемі әңгіменің тиегін ағытып еді.

— Мен Метрейді жиырмасыншы жылдардың басынан бері білемін, — деді бір кезек аққұйрық шай алдына келгенде. — Бұл өлкеге алғаш табан тіреген кезінде ол отыздан жаңа асқан жігіт болатын. Тегі, сәбет жағында бай-құлақтарды кәмпескелеп жатқанда бері қарай жылыстап кетсе керек. Сонда, мен көрген уақытта, оның екі жирен аты мен Марпа деген жоян сары қатынынан басқа көзге ілінер байлығы көрінбеген. Енді қара, осы төңіректе одан асқан қабырғалы, қаспақты адам жоқ. Бір таудың жалғыз иесі де сол. Ең шұрайлы, шүйгінді деген қойнау-қолатты түп-түгел қоршап алған да сол. Қоршау ішінде жайылып маралы жүр. Үй іргесінде қорсылдап шошқасы жүр. Жылқының жүйрігі, сиырдың сүттісі де сонда. Қарағайдан қиып салған үйі қандай, кірсең шыққысыз деп, әне, соны айт. Ақылды, айлалы, ертеңін ойлаған адамның тірлігі осындай болады... Ал енді ол осы жерге қалай ие боп қалды дейсің ғой?.. — Ақаң қалың қасты түкиген қабағын көтеріп, Ғазиза мен бұған сұраулы пішінмен қарады да, — сендер Метрейдің үйінде малай боп жүретін Сейдәлі дегенді білуші ме едіңдер? — деді.

— Білеміз, — деп Есберген бұдан үш-төрт жыл бұрын ол қайтыс болғанда топырақ салғанын есіне алды.

— Ә, солай ма?.. Сейдәлі сендерге бұрыннан таныс екен ғой.

— Таныстығы рас, бірақ дәм-тұздас болған емеспіз. Өзіңіз білесіз, біз мұнда кейініректе келген кірмеміз. Оның бұрынғы күндерінен көп хабарымыз жоқ. Біздің үйге ол анда-санда тек бас сұғып қана шығатын. Ұзын бойлы, ат жақты, арық кісі еді марқұм. Есімде қалғаны — ылғи да ыңылдап ән салып жүруші еді.

— Оның түбіне жеткен де сол ән, — деп Ақаң терең күрсінген. — Сендер оны әбден күйі кетіп, тозған шағында көрдіңдер ғой. Бір кезде бұл өңірде Сейдәліні білмейтін, Сейдәлі десе ішкен асын жерге қоймайтын пенде баласы болмайтын. Әкеден қалған байлығы, Құдайдың берген өнері бар оны ел-жұрты еркелетуін еркелетіп-ақ еді. Бірақ байлық та, өнер де ұстай білгеннің ғана уысында қалмай ма, Сейдәлі соны ұстай алмады. Жас кезінде айлап-жылдап ел аралап, ән салып, сауық-сайранмен дүрілдетті де жүрді. Қайда жиын, қайда той — Сейдәлі сонда болды. Жүрген жерінде алқалы топ алақанға көтерді. Ойпырмо-ой, өзі де әнші десе, нағыз әнші еді-ау! Ашық әдемі даусын асқақтата көтерген кезде ұшқан құс, соққан жел, аққан өзен бір бір сәт тоқтап, қыбырсыз қатып қалғандай болатын. Несін айтасың, мыңның біріне бітпес өнер сондай-ақ болар... Бірақ бұл өнердің оған баққа емес, сорға біткенін ол уақытта кім білген? Жасы қырықтан асқанда серіліктің қызығы кетті, қызуы қайтты. Кешегі айхай жиырма бес пен ойхой отыздың желігі басылып, енді тіршілік қамын, шаруаның жайын ойлайтын да кез жеткен. Оны ойлайын, қолға алайын десе, қормал жоқ. Әкеден қалған бар байлықты баяғыда-ақ шашып тауысқан. Жылқыдан жал, сиырдан сыңар мүйіз қалмаған. Осы күнгі Метрей отырған орында Көкеңнің ескі қыстауы, оны жағалай қоныстанған жарлы-жақыбайдың төрт-бес үйшігі бар еді. Сейдәлі серілік құрып жүргенде олар да тозып біткен. Дәл осы тұста оған әлдеқайдан ауып келген Метрейдің жолыға қалғаны. Қу орыс оны ары айналдырып, бері айналдырып, майлы қасықтай жылпылдап жүріп, ақыры сан жылдан бері бір әулеттің үрім-бұтағына құтты қоныс, қасиетті мекен болған мына тауға бір-ақ күнде жалғыз ие боп шыға келген. Сондағы Сейдәлінің бүкіл таудың құнына алғаны не дейсіз ғой? Бір уыс сөлкебай, он бұлғынның терісі. Сөлкебайдың не екенін білуші ме едіңдер?

— Таза алтыннан құйылған ақша емес пе? — деді әңгімені ұйып тыңдап отырған Есберген.

— Иә, алтын ақша. Бір сөлкебайға бірнеше жылқы алуға болады, — деп Ақаң сөзін әрі жалғаған. — Жылқы демекші, Сейдәлі әлгі ақша мен он бұлғынның терісін алып, бұл өлкеден тағы жоқ боп кетеді де, келесі жылы бір үйір жылқыны алдына сап, бір шүйкебасты жанына ертіп, Метрейге қайта оралады. Көздегені — әкесінің ескі қыстауы, ойы — қалған өмірін сонда өткізу.

— Қыстау керек болса, оны менің жерімнен көшіріп әкет. Оған шамаң келмесе, менің малымды бағып, шаруамды істеп, осында жүре бер, қыстауыңда тұра бер, — дейді Метрей. Амалсыз соңғысына келіседі. Сөйтіп құлшылықтың, малайлықтың қамытын солай киеді Сейдәлі. Жер иесі, ата-баба аруағы солай атады оны. Бұдан кейінгі тірлігін тәптіштемей-ақ қояйын, кісі есігіндегі адамның күні белгілі ғой. Менің ендігі айтарым басқа. Манадан бергі сөзімнің тоқетері де сол болмақ... Қысқасы, сендерге бір қолқа салайын деп отырмын, — деп Ақаң бұларға сынай көз салған.

— Айтыңыз, сізден аярымыз жоқ, — деді Есберген.

— Құлағымыз сізде, ата, — деді Ғазиза да сызылып.

— Айтсам... сендер келер жылдың алдында сол Сейдәлінің әйелі өзеннен су алып келе жатқанда, жасын түсіп мерт болған. Артында бір жастан жаңа асқан баласы қалды. Ол бала жетіге толар-толмаста Сейдәлінің өзі көз жұмды да, бір әулеттен қалған жалғыз тұяқ діні басқа біреудің қолына көшті. Қожық деген сол көгенкөз қазір де сонда, Метрейдің шошқасын бағып жүріп жатыр. Ендеше оны бауырымызға алмасақ, қазақтығымыз қайсы, мұсылманшылығымыз кәне? Байқаймын, сендер де бір жас иіске зар боп отырған сияқтысыңдар. Құдайдың пейілі түскен күні оған да жетерсіңдер. Әзірге осы баланы бауырларыңа сала тұрсаңдар деймін де мен...

Ғазиза жаулық ұшымен көзін сүртті. Есберген сәл ойланып отырып:

— Мен қарсы емеспін, Ақа. Бі