23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Джон Голсуорси

Джон Голсуорси (1867 — 1933, Лондон) — ағылшын прозашы және драматург, әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты (1932).

Акмэ






Біздің уақытта талантты адамға аштан қату мүмкін емес қой. Соның бір дәлелі — менің Брус досым туралы әңгіме болса керек.

Мен онымен танысқан жылдары, ол алпысқа жақындап қалған, соған дейін он-он бес кітап жазып, сол жазғандары арқылы санаулы санаткерлер арасында `данышпан` деген атқа жеткен адам еді.

Брус Иорк-стритте, кірер есігі ылғи да ашық тұратын, сонысымен де көзге жылы көрінетін үйде тұрды: мұнда ол мансардтағы шағындау екі бөлмеге орналасқан-ды, оған шығып бара жатқанда ағаш баспалдақтың сықырлап, шайқалып тұратыны да есімде.

Өзі туралы біреулер не жазса да, не деп жатса да елең етпейтін бір жазушы болса, ол — осы Брус шығар. Газет материалдарына ол соншама енжар қарайтын, бірақ бұнысы — өз кітаптарына жазылған пікірлерді оқығанда жазушыларда пайда бола қалатын әдеттегі шамшылдықтан емес — қазіргі өркениеттен үрке қашып, мансардасын тастап бірнеше айға бір жаққа кетіп қалып, сосын қайтып келген соң қыс бойы кітабын жазып жата беретін кезбе жанды адамның `оригинал` есебіндегі ерекше сенімі-пайымынан туындаған қасиет еді. (Ол маған тіпті ешқашан сын мақалаларды оқымайтындай көрінетін.)

Брус ұзын бойлы, арықтау адам болатын, бет әлпеті Марк Твенді еске түсіреді: қою қара қасты, салбыраған сұйықтау мұртты, ұзын бурыл шашының ұштары иіріліп, бұйраланып тұрады; үкінің көзіндей өткір қара қоңыр көздерінен көбінде әлдебір мұң сезгендейсің, оның қаталдау өңіне бұлар сол жылылық шашып тұрғандай болады: осы бір адамның жаны тәнінен әлдеқайда алыста, басқа бір жерде жүргендей де көрінуші еді. Ол әрі бойдақ болатын, әйел затынан қорлық көргендей олардан ылғи қашып жүруші еді: `Бұның өзі тайқы маңдайы бұрын `талайды` көргендігінен болар, өйткені әйелдерді қатты ұнататын.

Мен әңгімелегелі отырған сол жылы Брустің материалдық жағынан қатты қысылып жүрген кезі еді. Өз заманының біреулерді қызықтыратындай бір қызығы болмаса, тыраштанып, құлшынып ол туралы жазғаннан түсер пайда не? Брустің соңғы кітабы ешқандай табысқа жете алмаған.

Онымен қоймай өзі операцияға түсіп қалған да, бұнысы бір жағынан қалтасын қағып, екіншіден, күш-қуатында әлсіретіп кеткен. Қазан айында мен оның көңілін сұрап шығуға келгенімде, екі креслоның үстінде ол созыла түсіп, сарғыштау қағазбен оралған Бразилия темекісін тартып жатыр екен, бұл өзі қою қара, өте күшті темекі еді. Брусқа ол қатты ұнайтын, ал маған удай әсер ететін-ді. Оның тізесінде — қойын кітапшасы, ал жерде — жазылған бірнеше парақ қағаз жатыр екен. Бөлмесі сондай жүдеу, көңілсіздеу көрінеді. Брусті мен бір жылдан бері көрген жоқ едім, бірақ, бір қызығы, ол мені кеше ғана көргендей қарсы алған.

— Сәлем! Кеше кешкісін мен анау... не деуші еді әлгі... кино дегенді көріп қайттым. Сіз сондай бірдеңені бұрын-соңды көріп пе едіңіз?

— Бұрын-соңдыңыз қалай? Сіз не, киноның қашан пайда болғанын да білмейсіз бе? Шамамен мың тоғыз жүзінші жылдан бері ғой.

— Солай ма? Бірақ соныңды сайтан түсінбесе, мен түсінбедім. Міне, пародия жазып жатырмын оған.

— Пародия дейсіз бе? Түсінбедім.

— Иә, пародия! Сандырақтың көкесі, мұндайды сен еш уақытта оқыған жоқсың.

Брус бір парақ қағазды алды да, оны оқи жөнелді. Оқып болған соң қарқылдап күліп жіберді.

— Менің кейіпкерімнің бойында негр қызының аздаған қаны бар, — деді ол күле отырып. — Оның көзі дымданып тұрады, әдемі омырауы көгершіннің кеудесіндей көтеріңкі көз тартады. Бәрі де оның махаббатына ие болғысы келеді, ал ол періштедей пәк қалпына қылау түсірген емес. Сөйтіп жүріп бұл кейіпкер адам айтса нанғысыз аса қиын жағдайға тап болады, бірақ ақыл-парасатымен одан да аман шығады. Оның өзімен тетелес ағасы бар, нағыз сұмпайының өзі. Бұл ағасы оның сұмдық бір құпиясын біледі де, қарындасын бір миллионерге сатып жібергісі келеді; ол миллионердің де әлдебір сасық құпиясы бар. Жалпы менің бұл пародиямда жан шошытарлық төрт құпия бір-бірімен қабаттаса өріліп жатады. Керемет енді!

— Арзымайтын дүниеге уақытыңызды несіне шығын қыласыз?

— Менің уақытым! — деді ол ызалы түрде, — Кімге қажет ол? Менің кітаптарымды ешкім сатып алмайды.

— Сізге кім қарап жүр қазір?

— Дәрігерлер! Ақшаңды сыпырғаннан басқа олардан пайда жоқ. Ал қазір менің қалтам да қағылып біткен. Бір сөзбен айтқанда, мен туралы езе берудің де қажеті жоқ.

Брус қолына келесі бір жазылған парақты алып, тағы да кеңк-кеңк күлген.

— О, құдайдың құдіреті! Кеше сонда, кинода пойыз бен автомобиль арасындағы жарысты көрсетті. Ал енді мынаған қара, менде пойыз, автомобиль, аэроплан және ат жарысқа түседі.

Мен елең ете қалдым.

— Бұл пародияңызды жазып біткен соң маған оқуға бересіз бе?

— Бұл біткен дүние. Бір отырғанда-ақ жазып тастағам бұны. Не, мен осындай шимай-шатпақты бір жазып, бір қойып, қайта өңдеп отырады деп ойлайсыз ба!?

Брус қолжазбаны жинап алып, маған берді.

— Алыңыз. Әншейін қызық үшін жазыла салған дүние ғой. Мұндағы кейіпкердің құпиясы сонда — ол тіпті де окторон2 қыз емес, қайта Оңтүстіктен шыққан таза қанды креолка, де ля Кассе деген біреу. Сосын оның сұмпайы ағасы да оған мүлде аға емес және өзін миллионермін деп жүрген адам да миллионер емес, ал шын мәнінде миллионер — бұрын қалтасында қара тиын ақшасы жоқ қыздың сүйген жігіті екені анықталады. Айтшы, жақсы сюжет емес пе? Тіпті керемет дер едім мен!

— Рақмет, — дедім мен қолжазбаны қолыма алып жатып.

Үйден менің көңілім бұзылып шыққан, досымның ауру жағдайы, жүдеу тұрмысы, ақшаға мұқтаждығы жаныма қатты батып еді, не одан шығатындай бір жолы да көрінбеген.

Кешке, тамақ ішіп болған соң, оның пародиясын қолыма алдым. Шындығында оны оқуға аса құлқым да жоқ-ты. Ал енді... мына қызықты қараңыз, отыз бес беттің екі бетін оқыған кезде, орнымнан атып тұрдым, сосын қайта отырып, бас алмай одан әрі оқи жөнелдім. Пародия дейді! Құдайым-ау, мынау қолға түспес керемет сценарий ғой, — рас, бұл сценарийдің ұсынақты қол түзеп жіберетін аздаған артық-кемі де бар. Мен толқып кеттім: егер қыбын таба білсе, бұл дегенің тамаша бір өнер туындысына алтын арқау болғалы тұрғаны анық. Бұны кез келген мықты кинокомпания қанын жерге тамызбай қағып әкететінін де мен біліп тұрмын. Иә, бірақ бұны қалай істеуге болады? Брустың өзі сондай қызық, сондай делқұлы адам. Киноның қашан пайда болғанын да білмейді. Мұндай адамға не дейсіз. Егер оған мен мынауың пародия емес, нағыз фильм десем, ол: `Оттапсың!` деп барқ етіп, алтынға бергісіз дүниені не жыртып, не отқа тастап жіберуі әбден мүмкін.

Алайда мен оның рұқсатынсыз бұл сценарийді сата алмаймын да, ал мәселені оған түсіндіріп бермей, ол рұқсатты қалай аласың? Менің бар мақсатым — қалайда оған ақша тауып беру, егер мұны сәтімен сата алсам, Брус көпке дейін ештеңеден тарықпас еді. Мен өзімді баға жетпес музейлік жәдігерді ұстап тұрған адамдай сезіндім: оны абайсыз қолымнан түсіріп алсам, быт-шыт қып сындырып алатын секілдімін. Есіме Брустің кино туралы: `Соныңды сайтан түсінбесе, мен түсінбедім!` дегені түскен. Сонымен қатар ол ақша мәселесіне келгенде сұмдық кіді, соншама намысқой кісі еді. Мұндай адамға ештеңе айтпастан, сыртынан бірдеңе істеуге құқым бар ма осы менің? Брустің ешқашан газет бетіне қарамайтынын да білемін. Мен осыны пайдаланып, оған білдірмей сценарийді өткізіп жіберіп, фильмді қойдыра берсем қайтеді?

Бұл мәселені бірнеше сағат бойы миымда пісіріп алдым да, ертеңінде ақыры Бруске келдім. Ол кітап оқып жатыр екен.

— А, бұл сіз бе едіңіз! Мысыр мәдениеті — сахарадағы көне өркениетке азық болған деген теорияны сіз не деп ойлайсыз?

— Ештеңе деп ойламаймын, — дедім мен.

— Қайдағы бір сандырақ. Бұл жігіт өзі..

— Сіздің пародияңызды өзіңізге қайтарайын ба, әлде менде қалсың ба? — дедім оның сөзін бөліп жіберіп.

— Қайдағы пародия?

— Кешегі маған берген қолжазбаңызды айтам.

— Е, соны ма? Каминге тастай салыңыз.

— Жақсы, мен солай істеймін. Байқауымша, сіз бос емессіз-ау деймін.

— Жо-жоқ, ешқандай, — деді Брус абдырап. — Маған істейтін түк те жоқ. Менің жұмысымнан кімге не пайда? Әр кітабымның ақшасы барған сайын азайып барады, азайып барады. Жоқшылық та түбіме жетіп бітті әбден.

— Осының бәрі оқырмандар талғамымен санаспағандықтан.

— Ау, көпшілікке не қажет екенін білмесем, қалайша олармен санаса алам?

— Сіз білуге де тырыспайсыз. Мен сізге көптің қажетін қалай өтеп, қалай ақша табуға болатынын айтып-ақ берер едім, бірақ сіз мені басқыштан бір-ақ лақтыра ма деп қорқамын.

Осы мезетте тіл ұшыма: `Мысалы, міне, мен сізге нағыз алтын арқау тауып отырмын` деген сөз келе қалған. Дегенмен: `Тәуекел етпей тұра тұрайын. Қолжазба қолымда, Carte blanche — cartes serrees3 дегенді ойлап, өзімді тежей қойдым.

`Алтын арқауды` өзіммен бірге ала кеттім де, көп уақыт өтпей-ақ оны сценарий етіп шығардым. Бұған аса қиналғам да жоқ, сюжетін де қайта құрып әуре болмадым. Тек қолжазба соңына Брустің аты-жөнін қалай қою жағынан ғана қатты қиналғаным бар. Егер сценарийді компанияға аты-жөнсіз тапсырсам, ол тиісті бір шартпен қабылданады; ал егер Брустің атын қойсам, құрығанда екі есе қаламақы сұрауға еш қиындық тумайды.

Әрине, кино жағының `құдайлары` Брус дегенді естіп те көрмегені белгілі, алайда әдебиетшілердің шағын ортасы оны жақсы біледі, дер кезінде айтылып қалған `данышпан` деген сөз бағаны біраз көтеріп-ақ жіберер еді. Бірақ мұнда да сенім азырақ көрінген соң, мен орта жолды ұстағанды жөн көрдім: сценарийді автордың қолынсыз ұсынамын, бірақ бұл шығарма керемет жазушының қолынан шыққанын, ол осындай жасырын атпен капитал жинап алғысы келетінін емеурінмен жеткіземін. Автор талантын олардың өздері-ақ танитынына мен сенімді едім.

Келесі күні мен сценарийді ірі компаниялардың біріне апарып тапсырдым. Қолжазбаға және мынадай хатты тіркеуді де ұмытқам жоқ: `Автор — әйгілі әдебиетші, бірақ белгілі бір себептермен аты-жөнін әзірге жасырын ұстай тұруды жөн көреді`. Олар екі аптадай ойланып жүргендей болды да, ақыры қармақ қапқан балықтай сап еткізген. Бұлай болмауы мүмкін де емес-ті; сценарий өте сәтті шыққан дүние еді. Мен енді олармен ұзақ саудаласа бастадым. Екі рет ультиматум қойдым, екі ретте де оң нәтижеге жеттім: өйткені олар қолдарына қандай дүниенің түскенін тамаша білген. Мен келісімшарт жасасқан кезде екі мың фунтты қолма-қол алуға, сосын шарт мерзімі біткенше тағы да екі мыңды қолға тигізуге мүмкіндігім бар еді, бірақ қолма-қол үш мың алуға келістік: осылай істегенде ғана Брусті көндіре алатын сияқты болдым.

Егер шығарманың шын мәніндегі ең озық киносценарий үлгісі екенін есепке алсақ, бұның өзін де кереметтей келісім деу қиын. Ал мен ашық түрде іске кіріссем, бұдан әлдеқайда көп алатыным күмәнсіз еді. Дегенмен шартқа қол қойдым да, қолжазбаны өткізіп, үш мыңдық чекті алып жүре бердім.

Көңіл күйім көтеріңкі еді, солай бола тұра ең үлкен қиындықтың алда тұрғаны да есімнен шыққан жоқ. Брустің киноға деген көзқарасы анау. Енді оған ақшаны қалай алдырам? Мүмкін оның баспагерлеріне барып, оған кітаптарының қаламақысы түрінде аз-аздап ақша жіберіп тұрулары үшін олармен құпия келісім жасасам қайтеді. Бірақ ол үшін баспагерлерге құпияның мән-жайын түсіндіруге тура келеді, сосын және Бурс өз кітаптарына болмашы ғана қаламақы алып үйренген жан, ал мынадай ақшаның қандай `батпан құйрық` екенін ол міндетті түрде білуге тырысады да, бар құпия ашылып қалады. Мүмкін бір заңгер тауып, көктен түскен бұл олжаға Брусті мұрагер еткен жөн бе? Алайда тіпті заңгер бұндай істі қолға алған күннің өзінде бұған қаншама айла-тәсіл, алдау-арбау керек! Немесе әншейін Бруске ақшаны Ағылшын банкісінің билетімен: `Сіздің талантыңызға бас июші адал оқырманнан` деген хатпен жібере салса? Мұндай жағдайда Брус бұны әлдебір мистификация деп күдіктенуі немесе ұрланған ақша деп полицияға хабарлауы мүмкін. Әлде ешбір қитұрқысыз, тура өзіне барып, чекті үстелге қойып, бар жағдайды ашып айқан дұрыс па?

Бұл мәселе мені қатты толқытқан, сөйте тұра Брусті білетін біреулермен ақылдасып-кеңесуді өзіме артық көрдім. Әу деп әлдекімге аузыңды ашып көрші, ертең бәрі де ашылып қалсын. Чек бойынша алатын осыншама ақшаны кейінге шегере беру де жөн емес. Оның үстіне компания кино түсіруді бастап та жіберген. Кино әлемінің тоқырап тұрған кезі, жақсы фильмдер жоқтың қасы, сондықтан олар барын салып кіріскен. Ал мен ең бастысы Брусті ойлағам: оның жағдайы мүшкіл еді, ақша жоқтығынан ешқайда шыға алмайды, денсаулығы мен ертеңін ойлап және торығады. Ол маған әрқашанда ерекше жаратылған, өркениет көшінен қалған, бірақ одан әлдеқайда жоғары тұрған адамдай көрінетін, сондықтан оған барып: `Сіз жазған сценарийдің ақшасы мінеки` деуден де қорқам. Өйткені оның: `Мен? Мына мен киноға бірдеңе жазыппын ба? Не айтып тұрғаныңызды түсінбедім!` деген даусын да естіп тұрғандаймын.

Ойға салып қарасам, онымен ақылдаспай, келіспей сценарийді сатқаным — қай жағынан да жөнсіздеу іс болғандай. Брус бұны ешқашан да кешпейтіндей сезіндім өзімді, ал мен оған үлкен сыйластықпен, тіпті құрметпен қараушы едім, ондай адамның өзіме деген жылы ілтипатынан айырылып қалу да маған оңай тимес-ті. Ақыры бұдан шығатын жолды таптым: бұл істі мен материалдық қажеттілік жағынан істегенімді Бруске ашық түрде жеткізіп, оны бұған қалайда сендіруім керек.

Мен чек бойынша ақшаны алып, оны банкке өз атымнан салдым да, келісімшартты қолыма ұстап, ақшаға тұтастай чек жазып, досымның үйін бетке алдым.

Ол әдетінше ескі креслоның үстінде өзінің бразилиялық темекісін тартып, қутың-қутың еткен мысықтың баласымен ойнап жатыр екен. Брус бұл жолы бұрынғыдай жал сипатпас асау мінез танытпады, оның денсаулығына қатысты және басқа да бір жайлар бойынша мен біраз әңгіме қозғап отырдым да, ақыры мәселеге тіке көштім.

— Мен сіздің алдыңызда бір нәрсеге айыптымын, Брус, — дедім мен.

— Айыптымын? Не жөнінде?

— Сіз маған алты апта бұрын берген... анау әлгі фильмге жазылған... пародия есіңізде ме?..

— Жоқ, есімде жоқ.

— Қалай есіңізде жоқ: керемет креолка жөніндегі... — Брус күліп жіберді.

— А, иә, иә!

Мен терең тыныстап алып:

— Міне, соны мен сатып, ақшасын алып келдім, — дедім.

— Не? Ондай шатпақты кім жариялайды?

— Оны ешкім жариялаған жоқ, сценарий ретінде қабылдап алды. Одан тамаша фильм шықты.

Брустің қолы мысықтың арқасында қатты да қалды, маған көзі бақырая қадалған. Мен асығыс түрде сөзімді жалғай жөнелдім.

— Мен сізге қандай іске бел буғаным жөнінде ертерек айтуым керек еді. Бірақ сіз өте күйгелек, шамшыл адамсыз ғой, екіншіден, сайтан алғыр, сіз не нәрсеге жоғары түсінікпен қарайтыныңыз бар. Мен ойладым, егер сізге айтсам, ондай жағдайда сіз қырыстана қаласыз да, бәрін бүлдіріп бір-ақ тынасыз. Сіздің пародияңыздан ғажап сценарий шықты. Келісімшартыңыз міне, менің банкімде жатқан үш мың фунтқа чегіңіз де міне. Ал маған қарызыңыз — бар-жоғы үш жүз фунт, бұның өзінде де егер мені делдал есебінде көрсеңіз.

Әрине, мен тек бұған қарап қалғам жоқ, бірақ ақшаға келгенде, мен дәл сіздей тәкаппар адам емеспін.

— О, құдайым! — деді ақыры Брус.

— Иә, мен түсінем, бұның бәрі түкке тұрғысыз бірдеңе ғой, Брус. Сіз өте шамшыл адамсыз. Арамдау дүние дейтін шығарсыз? Бірақ түбін қуып келгенде, қай жерде қандай тазалық бар? Кино дегеніңіз — қазіргі заманның заңды көрінісі, уақыттың өзі тудырған жаңа бір өнер емес пе! Кино көңіл көтереді, адамдарды рақатқа бөлейді. Бұл рақат, бұл көңіл көтерудің өзі арзандау, дөрекілеу боп көрінуі де мүмкін, бірақ біздің өзіміз де ибасыз, дөрекі екеніміз өтірік пе, ендеше біз басқадаймыз деп монтанысудың не қажеті бар! Мен бұны, әрине, сізге қаратып айтып отырғам жоқ, Брус, жалпы көпшілікке тән дүниені тілге тиек еткенім ғой. Демек уақыттың өзі сондай болса, біз сол уақыттың талабынан шығуымыз керек, адамдар нені қажет етсе, біз соны беруіміз керек. Өмір онсыз да көңілді емес.

Досымның тесіле қараған көзі тілімді бір сәт байлап тастағандай болды, бірақ бәрібір тұтыға отырып сөзімді сабақтай бердім.

— Сіз бейнебір осы дүниеден тыс өмір сүріп жатқандайсыз және адамдарға не керек екенін білмейсіз, білгіңіз де келмейді. Олардың сұрқай өмірлеріне оң беретін, күнделікті тірліктеріне болмашы сәуле түсіретін бір қызықтар керек: ерекше бірдеңеге елеңдеу, қалжыңы аралас тарих құпияларына қызығу, әр түрлі сенсацияларға бой ұру керек. Бұған көңіліңіз шаппаса да, сіз оларға осыны бердіңіз, көпті қызыққа бөледіңіз, сондықтан да сіз бұл ақшаны алуыңыз керек.

Мысық күтпеген жерден еденге секіріп түсті. Мен де бір боранды күте қалдым.

— Сандырақ! Не туралы ежіктеп отырсың осы сен. Кино! Мен оған күн сайын болмаса да, күн аралатып барып тұрам ғой!

`О, құдайым!` деген сөз енді менің аузымнан шыққан. Бруске чек пен шартты тастай салдым да, есікке ұмтылдым, ал мысық менің соңымнан...

Орыс тілінен аударған Д. Әшімханұлы