Әдебиет
Гүлжауһар Сейітжан
Гүлжауһар Сейітжан (1947 - 2017, Қытай, Шәуешек қаласы) – журналист, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Май айының бір күні
Уыздай көктем айының дәл осындай бір мақпал түні болатын. Дәл қазіргідей төңкерілген сұлу аспан төрінде гауһардай шашылған мың-сан жұлдыз төбемізден төніп тұратын. Ондайда үп еткен желі жоқ жып-жылы ауа лебін сезінген сайын жан-дүниеңе рақат күйін құйған табиғаттың осынау мамыражай қалпына елітіп, көңіліңе айрықша мөлдір, аяулы бір сезім ұялайтын.
Өмірдің бар жақсылығы мен тәттілігін енді ғана сезінген көз ұшында түн құшағына орана үнсіз мұнартқан тау жотала мен аяқ астында сылдыр қаға ирелеңдеген тау өзеніне, сонадай түнгі ауамен буалдырлана жылтыраған ауыл оттары мен мынау әрбір тасы таныс өскен өңірдің бейбіт тынысына еріксіз тебірене көз тігесің.
Кейде өзен бойын үнсіз жағалаған менің жаныма қашан қорғаншақ жүрісімен жай басып, қашанғы әдетімен екі қолын қусырына түсіп көршім келетін. Бұл жасы елу бестер шамасында ғана екеніне қарамастан, жұрт `жалғыз кемпір` атандырып жіберген жүдеу өңді, ақ сары әйел еді. Әлде оның түсіңкі еңсесі мен сүйеніші жоқ жалғыздығы ма, әлде ми ұялаған шаралы көздерінен бірдеңе түйсінемін бе, әйтеуір, оны қашан көрсем де, менің жүрегімді түсініксіз аяныш торлайтын.
— Тағы отырмысың, — деді ол бірде үй жанындағы үлкен тас үстінде дала көркін тамашалаған менің жаныма келіп.
— Аулымды әбден сағынып қалыппын. Оның үстіне біздің өлкеміз тіпті сұлу емес пе, - дедім оған. — Толғанбай қарау тіпті мүмкін емес...
Расында да, мен өзен тауы іргесінде, жаз болса көк шалғынға оранып, айналасы алтын дәнді егіспен жайқалатын осы бір аймақты қатты ұнататынмын.
— Иә, — деді ол жайымен ғана, — бұл араның табиғаты да, ауасы да ғажап қой. Оның үстіне жасыңнан үйренген жерің болса... Өмірімнің бар қызығы мен қуанышын қайғысы мен қасіретін мен де осында көріп келемін. Қалған күндерімнің сыбағасын да осы арадан алатыным кәміл... Айтпақшы, өзің қашан қайтасың? Демалыста жүрсің бе? — Оның сөзін кілт бұрып жібергеніне көңілінің босаңсып кетіп, содан қысылғанын немесе әншейін аузына келгенін айта салғанын айыра алмай, бетіне барлай ғана көз тастап едім, жанарында мөлтілдеген жас тұр екен.
— Биыл кластастар болып кездесу өткіземіз ғой, осы Май мейрамында. Сосын...
— Май мейрамы дейсің бе? — Ол әлдене есіне түсіп кеткендей маған жалт қарады. Сөйткенше болған жоқ әлгінде ғана тұңғиық көздерінде тұнып тұрған көз жасы ай жарығында бір жалт етті де, төмен қарай домалай жөнелді. Дүниенің қуаныш, қызығынан әлдеқашан сырт қалған мынау адамның жан жарасын тағы да тырнап алғандай көріп қатты састым.
— Сіздің бір жеріңіз ауырып тұр ғой. — Менің сасқалақтаған күйіме ойлана жымиған ол қолдарымен `жай, әшейін` дегендей ишарат білдірді де, үйіне қарай жүре берді. Ұзын көйлегінің етегі шұбалаңдап, басын тұқырта біртіндеп ұзап бара жатқанын соңынан қарап тұрған менің жүрегімді тағы да сол бір алданыш күйі жайлап алғанын сездім. Кері бұрылып едім, көктем түні әлі сол бір әсем күйінде маужырап тұр екен. Бірақ ол мені енді қызықтыра алмаған. Жай аяңдап үйге беттедім...
* * *
Ол өзен бойын бойлай қаз-қатар орналасқан жаңа үйлердің қарама-қарсы жағында тұратын. Үйі әбден ескірген, көзге тым қораш көрінетін. Тек қана терезесінің дәл түбінде жайқалған қос бәйтерек бар еді. `Жалғыз кемпір` ертелі-кеш соның түбінен көрінетін. Жел лебімен жапырақтары сұлық қағып тұратын осынау қос терек қана оның қораш мекеніне айрықша сән беріп, сырт көзден әдейі көлегейлеп тұрғандай сезілетін-ді. Сонда ғана менің көңілімде оянатын ауыр күй бір мезетке жеңіл тартқандай марқайып қалатынмын.
Ертеңіне мен оны сол үйреншікті орнынан көрдім. Тал түбіндегі жалғыз орындықта жол бойына бір қырындай қарап тырп етпестен отыр екен. Әлденені қадала оқыған адамның сыңайы. Ауыл адамдары оның қандай әрекетіне де таңданбайды. Тіпті кейде мүсіркей сөйлейтін сөздері мен оқыс пікірлеріне қарап, сол бір бейкүнә жанның ақыл-есіне деген сенімсіздікті де пайымдайтынмын.
Неге екенін өзім де білмей, тұңғыш рет осынау жұмбақ үйге жақындап келдім. Әйел менің дыбысымнан сескеніп, қолындағысын жас балаша артына жасыра қойды. Оның үнемі мұң тұнып тұратын үлкен көздерінің соншалықты нұрлы екенін, көпшіліктен ылғи шет жүретін осынау бір жадау жанның да жүрегі өзгелердікіндей сезім мен мейірім үшін жаралғанын оның да ішкі әлемінің ұлан-ғайыр кең екендігін мен осы арада бүкіл жан дүниеммен сезіндім. Сезіндім де сол үшін бар жаныммен қуандым. Тек ол қуаныш менің жүрегімнің терең түкпірінде жасырын ғана тулай соғып жатты. Мен осы арада жария етуден де қорыққанмын. Біраздан соң біз оның жұпыны дастарқаны басында отырдық.
— Бұл үйге еш жанның ат ізін салмағанына қанша уақыт өткені тіпті есімде жоқ — деген ол жасаған үстел үстінде жанындағы жез самаурынды өзіне қарай икемдей түсіп, — анда-санда көрші ауданда тұратын інім бір келіп кетеді. `Қолыма көшіріп алайын, бір күні арам қатып қалсаң да, ешкім білмей қалады ғой`, — деп қорқытады. Бірақ тіпті ешқайда қозғалатын ниетім жоқ...
— Үйренісіп қалған жерді қимайтын боларсыз, — өзімше әңгімені демеген түрім осы.
— Ол өз алдына ғой. Неге екенін білмеймін, осы үйден мен кетсем, сол бойда қожайыным келіп қалатындай көрінеді де тұрады. — Ол алдындағы кесесін аузына апара берді де, қайтадан қоя салды. — Інімнің айтқаны келіп жүрер деп, соңғы жолы келіскен сияқты едім, бірақ неғыламын? — деді сонан соң көмейіне кептеле қалған көз жасын әрең жұтып.
Мен тағы да неге екенін өзім де білместен, үнсіз басымды изедім.
— Сосын мына бір теректер... Үйленген жылы көктемде отырғызып едік. Ол өзі жылдың осы мезгілін қатты жақсы көретін. Әсіресе майды. Үйлену тойымыз осы айға тура келгенде: `Білесің бе, май деген ынтымақ айы ғой, біз де ынтымақты семья болады екенбіз`, — деп, әзілдегені әлі есімде.
Өмірінің ең бір бақытты шағын есіне түсірген оның өңінен тағы да бір ерекше сәуле жүгіріп өткендей болды да, сөне қалды.
Кеше сенің Май мейрамында кездесеміз дегеніңе елең еткенім де содан.
... Тойдан кейін екі айдай ғана тұрдық. Қырық бірінші жылы майданға аттанғандармен бірге кеткен. Қоштасып тұрып мен оның сонау той алдында айтқан сөздерін есіне салдым. Ол сонда да күліп: `Мен сол ынтымақ үшін, бақытымыз үшін кетіп бара жатқан жоқпын ба!? Жерімізді дұшпаннан арылтпасақ ол бізге ынтымақты семья құруға мүмкіндік бере ме?!` — деді... Содан бері қаншама жыл өтті?!
Арада тағы да жылдар өтті. Жыл сайын Май мерекесімен бірге менің ойыма сол бір жадау өңді, жұпыны ғана киінген жасамыс әйел оралады. Маған ол әлі де сол ынтымақ үшін майданға аттанған жарын күтіп, жапырағы жайқалған қос теректің түбінде жол бойына көз тігіп отырғандай елестейді. Теңіз түбінде діріл қаға жылтыраған Ай суреті мен жұлдыздары жымың қаққан көк жүзіне көз жіберсем де, көкірегінде құм жосылған мынау даладағы көктем айының мамыражай түніне жолықсам да мен сол әйелдің екінің бірі түсіне бермейтін үлкен жүрегі жайлы ойлаймын...