23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Гүлжауһар Сейітжан

Гүлжауһар Сейітжан (1947 - 2017, Қытай, Шәуешек қаласы) – журналист, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Әлия апа






Ұзақ жылдар жасаған журналистік қызметтің әсері болу керек, адам есіміне көбірек назар аударатын сияқтымын. Адамның аты тегін қойылмайды дейді ғой. Оның үстіне әркімнің бойынан оның өзіне ғана тән ерекшеліктерді іздейтін болуым керек те, әлгі адамның өзіндік қасиеттері де кейде содан басталатындай көретін болуым керек. Бірақ Әлия апайдың есімі сұрақ тудырмаған. Ол кісінің шын аты Алла екенін де кездейсоқ білдім...

1936 жылы, ол кісі дүние есігін жаңа ашқан кезде, анасын босандырып, шыр етіп жерге түскен нәрестені жерден тұңғыш рет көтеріп алған акушерка келіншектің есімі Алла екен де, ол нәрестеге өзінің есімін беруді өтініп, айтып қоймапты. Тұңғыш рет нәрестесін қолына алған, өзіне шын ниетімен көмектесіп, бірге қуанған келіншектің көңілін қимаған анасы оның өтінішін орындайды, алайда жаратқан жалғыз иенің атын құртақандай сәбиге қоюды көңілдері қаламаған ата-ана осынымыз келіспейді-ау деп, Әлия деп өзгертіп алған екен...

Әлия апайдың кіндік қаны тамған жері Атыраудың әйгілі Қосшағылы. Осы арада өсіп, бой жетіп, 1959 жылы Алматы малдәрігерлік институтын бітірген соң, Құлсарыда мал дәрігері болып, медбаклабораторияның меңгерушісі қызметтерін атқарады. Әнес ағамен сол жылдары танысады.

Ол кездегі жастардың бос уақыты көбіне кино залдарында, би алаңдарында өтеді ғой. Ол екеуінің тағдырларын тоғыстырған да осы Құлсары клубы болатын. Арада бір жыл өткенде олар отау тігіп, үй болды. Міне, бірге ғұмыр кешкен жылдардың тәтті шақтары осынау кездерден бастау алған.

Өзенде жұмыс күші ол кезде әжептәуір дегенмен, жаңа ашылып жатқан жер, қолға енді алынып жатқан іс көп, мекеме жеткілікті. Кішкентайларын қарайтын анасы жанында болған соң, қарап отыра алмай, білек сыбанып, бұл да жұмысқа шығып кеткен. Алғашында барлаушылар қатарында техник оператор қызметін атқарған. Арнаулы машинамен айнала жүріп, барлау деректерін жинайтын. Өзен мұнай газ өндіру басқармасы, құрылған кезде бұрын ауыл шаруашылығы лабораториясында істегенінен хабардар Рахмет Өтесінов өндірілген мұнайдың құрамына бақылау жасап отыру керек екендігін айтып, соны ұйымдастыруды өтінеді. Өтініш орынсыз емес, бұрын мұнай лабораториясында істемегенімен, лаборатория дегеннің не екенінен хабардар екенін Рахаң жақсы білетін. Доссорда әке-шешелерінің үйлері көрші тұрған, ата-анасын да таниды. Ең бастысы, оның осы істі жолға қоя алатынына сеніп тұрған.

Бүкіл ел мұнайға жұмылып жатқанда мұндай жұмыстан неге бас тартсын, балалары сенімді қолда. Бірақ көп ізденуге, білімін жетілдіруге тура келді. Қазақ ғылыми-зерттеу мұнай институты ол кезде Гурьев қаласында болатын. Әлияны сонда бір айлық оқуға жіберді. Онда ол лаборатория жұмысынан тәжірибе жинақтап, оны қалай ұйымдастыру керектігін білді. Өзінен не талап етілетіндігін түсініп қайтты.

Өзен онда шағын ғана поселке. Өздері тұратын сияқты барак үйлер. Поссовет пен мұнайшылардың кеңселері де сонда. Қазіргі Жаңаөзен қаласы базарының орнында тұрған әлгіндей бір барактан Одақтың ғылыми-зерттеу орталығының бөлімшесі мен Өзеннің химия лабораториясына да орын тиген.

Лабораторияның негізгі міндеті — күнделікті өндіріліп жатқан мұнайдың құрамын анықтап отыру. Қанша мөлшерде балауыз, құм, тұз бар, салмағы қандай, температурасы мен жұғымдылығы қанша екені анықталады. Ал микроэлементтердің мөлшерін білу үшін Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтына жіберілетін. Осылайша `пробоотборник` аталатын аспаппен шыңырауға шелек тастағандай, талай рет май қазандардағы мұнай құрамын анықтаған.

Жер астынан алынып жатқан мұнайды тексеру жүйесінің де өз ережесі бар. Ол бойынша, мұнай май қазанға жиналып болған соң 48 сағат бойы тұнып тұрғаны дұрыс деп есептеледі. Осы уақыттың ішінде оның құрамында қандай бөгде элемент болса да шөгіп үлгереді. Алайда ашқарақ адам сияқты мұнайға құныққандықтан ба әлде цистерналардың аздығынан ба, әйтеуір, жиналған мұнайды бұлар екі тәулік былай тұрсын, он екі сағат тұндырып қоятын кездері сирек болушы еді... Әдетте бір эшелонда он-он екі цистерна болады, ал бұларда сол кезде небәрі екі эшелон болатын. Олар дамыл алу дегенді білмейтін...

Әлия Жандауова өмірінің есте қаларлық бір тұсы — Атырауға алғашқы мұнай эшелонын жіберу салтанатына қатысқаны. Бұл 1965 жылдың шілде айы болатын. Өзен-Маңғышлақ-Мақат теміржолы пайдалануға беріліп, Гурьев мұнай айдау зауытына Өзен мұнайының алғашқы эшелоны жөнелтілді. Бұл өзі бір ел тұрмысында жағымды өзгерістер пайда болған кез еді. Шевченкодан электр желісі келген, Сауысқан суын іше бастаған.

Бұл кезде өзі де Мәскеудегі арнаулы курстан өтіп келеді. Химия зауыттарында талай жайларға қанады. Бара-бара өзіне қойылған талапты тегіс игеріп, мұнай өндірушілердің белсенді көмекшісіне айналды. Өзінің бір кездегі ветеринар бактериолог мамандығын ұмытқан. Сөйтіп алғашқы мұнай эшелонын жіберуге қатысқандардың бірі ретінде есімі тарихта қалды. Ағымдағы тіршіліктің таусылмайтын шаруасымен жүргенде Өзендегі алғашқы қыс қиыншылықтары да біртіндеп ұмыт бола бастаған.