Әдебиет
Гүлжауһар Сейітжан
Гүлжауһар Сейітжан (1947 - 2017, Қытай, Шәуешек қаласы) – журналист, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Әже мен ақ бота
Барақбайдың түйесі жоғалды. Кәдімгі жарбай інген. Арғы тегі буданнан жаратылған бұл жарықтық түйенің ішіндегі ең бір көріксізі болатын. Жарбиған ұсқынсыз денесін көтеріп тұрған аяқтары да адам көргісіз қисық-қисық Нар түйенікіндей керілген кербез бітімнен ада осы малын Барақбайдың өзі де түк ұнатпайтын. Көрген сайын көңілі толмай, `ой, түрің құрысын` деп, ішінен бір сыбап алатын. Енді, міне, қырдағы ағасының малына қосып қойып отырған сол түйесі аяқ астынан үшті-күйлі жоғалды да кетті. Қанша айтқанмен, өз санатындағы меншігі емес пе, жарбай дегенмен де әйтеуір бала-шағаның ырзығы ғой. `Қап, мына жаманды-ай`, — дейді енді Барақбай. Мұндайды білгенде баяғыда-ақ көзін құртып, пұлдап алмаймын ба деп те өкініп қояды. Оның үстіне әйелі Шәргүлдің:
— Ол жамандатқырдың боталайтын кезі де алыс емес, үш-төрт айда шұбат ішіп отыратын едік, — деген сөздерін естіген сайын тағы күйінеді.
Айналадан қарамаған жері жоқ Мотоциклін дарылдатып, жүруі мүмкін-ау деген жердің бәрін де сүзіп шықты. Сол маңдағы малды ауылдарды да аралап қайтты. Көрдік деген адам жоқ. Сөйтіп Барақбай мен Шәргүл жаман жарбайларынан күдер үзе бастаған...
Автодүкеннің меңгерушісі болып істейтін Барақбай Октябрь мейрамының қарсаңында орталықтан шалғай отырған отарларға сапарға шығуы керек болды. Оны жөнелтіп тұрып келіншегі тағы да:
— Әй, ана жоғалған жарбайыңды жүрген жеріңнен іздестіре келуді ұмытпа! - деп, өктем ескертіп қалған. Бұйырған мал болса қайда кетер дейсің?! Шығар бір жерден! Қойшы, ей, енді соныңды! — деген бұл да, мұның басы қатып жүргенін білмейтіндей, зіркілдеп тұрған Шәргүлге реніш білдіріп. Сөйтіп жүріп кеткен. Бірақ бұл жолы да жарбайының хабарына қана алмады. Тек қана қайтар жолында малдағы ағасының үйіне соққан Барақбайдың сол үйде өзі де отарынан бөлініп қалған бір топ қойын іздеп жүрген ақсақалға кездесіп, соның сөзіне құлағы елең етті.
— Анау Смағұл дегеннің қорасында бір түйе тұр. Шөбіне түскен жерінен ұстап алып байлаған екен. Екі апта болыпты, іздеуші келген жоқ дейді. Сол болмасын, қарағым. Оныңның пошымы қандай еді өзі?
— Жарбай, — деген бұл ойында ештеңе жоқ.
— О, онда ол болмайды. Анау бір көрерге көз керек әсем мал. Кәдімгі нар түйенің тұқымы. Әуреленбей-ақ қой онда, балам, — деп, жеңгесі құйған ыстық шайдан жылтырай бастаған маңдайын бір сүртіп өткен.
— Әуреленбей-ақ қой, қарағым. — Осы сөзді айтып, аттанып бара жатып та артына бір бұрылған. — Ол жарбай түйе емес. Өркеші қандай!? Нағыз кез өркеш, ұзын тірсектің өзі. Өзі аппақ-ау, аппақ — Ақсақал тағы да әлденелерді шұбырта айтып жүріп кеткен.
— Сен ол шалдың сөзін тыңдама! — Күләй есікті жауып, мұның жанына шал кетер-кетпесте жетіп келген. — Жұрттың қандай шаруасы бар? Түйе ме? Түйе. Жарбай деп маңдайына жазып қойған емес еді ғой сенің малың да. Бар да, алып кел. Кімдікі екенін кім біліп жатыр. Қораңа бір кіргізіп алған соң көрерміз. Бір кіргізіп алғыш өзі.
Барақбай үндеген жоқ Машинасын оталдырды да, жүріп кетті.
— Әже, менің ақ ботам бар ма? — Бибі әженің қаладан келген немересі Марат жүгіріп келіп мойнына асыла кеткен күйі көкейіндегі сұрағын қойып та үлгірді. Немересін сағынып қалған әжесі оны айналып-толғанып жүріп, сұрағанын да айтып жатыр.
— Оу, қарағым-ау! Соқталдай жігіт қой мынау!Азамат болды деген осы емес пе?! Ақ ботаң әлі жоқ күнім. Әлгі ақ маясы құрғырды таба алмай қалдық емес пе? Ал, кәне, шеше ғой.
— Ол қайда, әже? — дейді Марат өзін аймалап енді болып, түймелерін ағыта алмай әуреленіп жатқан әжесінің еркіне беріле түсіп.
— Қайдан білейін, жаным. Атаң болса, баяғыда-ақ іздеп тауып әкелер еді, енді бір құдайдың өзі біледі де қайда қаңғып жүргенін. — Әжесі шешіп алған пальтосын бір қарына ілді де немересінің суық сорып, албырап тұрған бетінен тағы да бір сүйді. — Кәникөлге келеді-ақ деп едім өзім де түсіме кірген соң. Айтқаным келді-ау, құлыным. Өзің кіммен келдің? Шешең бар ма? — дей бергені сол болаты. Бұлар тұрған бөлменің есігін ашып қызы да кіре берді. Екі езуі екі құлағында. Ол да анасымен қашанғы әдетінше құшақтасып амандасты.
— Ақбота жоғалып кетті дейді әжем, — Марат өзіне бұрылған шешесіне аузын бұртитты. Ботакөз оның ренішінің мәнісін түсінбей қалған.
— Қайдағы бота айтып тұрғаның?
— Ақ мая аппақ бота туады. Соны саған беремін демеп пе еді әжесі. Соны айтып тұрған шығар. — Бұлардың киімдерін шешуге көмектесіп жүрген осы үйдің келіні Айгүл түсіндіріп жатыр.
— А сол ма? — Ботакөз күлді. — Балам-ау, ол түйе деген майда боталайды. Көктемгі каникулға келгеніңде ойнайсың деп айтып ем ғой? Мен қайдағы бота деп тұрсам, тумаған ботасын іздеп тұр екен ғой.
Ол ақ маясы құрғыр жоғалып кетті. Тіпті таптыратын емес. — Бибі Мараттың ақ ботаны неге іздеп тұрғанын қайтадан түсіндірді. — Анау Барақбайлардың да түйесі жоқ боп кетіпті деп жүр ғой... — дей берген. Айгүл сөзін іліп әкетті.
— Апа-ау, айтпақшы, олардың түйесі табылыпты. Бір шопан шөбіне түскен жерінен байлап қойған екен. Барақбай жұмыспен барып жүргенінде үстінен шығып, алып келіпті. Енді қорасынан шығармай ұстап отырған көрінеді.
—
— Е... е... — Бибі таңданғаннан аузының ашыла түскенін байқар емес. — Бұйырған мал десеңші. Әнеки, бұйырған мал сөйтеді. Анау да бір құдайға қараған адам екен де. Әйтпесе далада жүрген малды қуып жібермей, иесі келгенше байлап қойып, күтіп отырар ма..
— Біздің ақ мая да бір жерде тұрған шығар. Иесі біз екенімізді ешкім білмей жүрген шығар... — Манадан бері әңгімені үнсіз тыңдап қалған Маратқа да жоғалған түйенің табылғаны туралы әңгіме ұнаған сияқты. Екі көзін кең ашып, жапақ-жапақ етеді. Үлкендер күліп жатыр.
— О, жарығым сол! — Әжесі оны құшағына тартты. — Неменеге күлесіңдер? Бұл бір дүние іздеп тұр дейсіңдер ме? Атасынан қалған ақ ботасын іздеп тұр да...
— Әже, ақ бота табыла ма? — деді ол енді әжесінің құшағына тығыла түсіп, Бейне жоғалтқаны түйе емес, бота секілді.
— Табылады, күнім. Әлі-ақ ақ ботаңмен ойнайтын боласың, - деді әжесі өзінің сенімі онша болмаса да, немересінің көңілі үшін алдарқатып жатыр. Ел ішінен жоғалушы ма еді мал? Бір жерінен шығады да бір күні...
* * *
Барақбайдың түйелі болғаны рас еді. Бірақ бұл өзінің жаны сүймейтін жаман үй секілді жапырайған жаман жарбайы емес, қаз омырау, кез өркеш, ұзын тірсек, сымбатты ақ мая. Бұл баяғыда жоқ іздеген жолаушы қарт әңгімелеген Смағұлдың қыстауында тұрған түйе еді. Сол жылы оның өзінікі еместігі жөніндегі қарияның сөздерін естіп отырса да, жеңгесінің қайрауы дем беріп, әрі оның көруге көз керек көріктілігін аңғарып, нем кетіп барады, жолай соға кетейін деп, арнайы бұрылған. `Айтса, айтқандай-ақ екен`, — деген, көрген соң қарияның соншама тамсана сөйлегенін есіне түсіріп. Асыға келіп көргенімен, әлденеге қипақтай берген соң оған шопанның:
— Немене?! Саған түйеңнің сәлемі түзу болмай тұр ма?! — дегені бар. Бұл болса неге екенін өзі де түсінбей:
— Жыға тани алмай тұрғаным, - деп жалтарған. Шопан: `Ендеше жыға танығанда келерсің` — дегендей, қолды бір сілтеп, қорадан шыға берген. Бірақ сол түйенің ерекше келісті кескіні Барақбайдың мазасын алды. Араға он күн салып, Смағұл қыстауына тағы жеткен. Бұл жолы жанында жеңгесі Күләй да бар. Орталыққа ол — пұл алуға барған ол қайнысының машинасымен үйіне жетіп алғысы келген. Әрі өздерінің қолынан жоғалған Барақбайдың інгенінің орнын толтыру мүмкіндігі көрінгеннен бері қарай жар құлағы жастыққа тимей кеткен. Бұл жолы да оның жолға шығуына бір жағынан түрткі болған сол еді. Ендігі иесі табылып қалған да шығар. Тіпті алып кетті ме деп, іштей сөйткенін тілеп келе жатқан Барақбай баяғы өзі көрген орнында жай жусап тұрған жаудыр көзді жануарды көргенде екі ұдай сезімге бой алдырды.
— Иә, немене, бұл жолы жыға танитын түрің бар ма?
— Оның келген шаруасының жайын айтпай жобалаған Смағұл секем ала, жаратыңқырамай қарады. `Өзіңдікі болмаса неменеге үйіріліп жүрсің?!` дегендей сес бар үнінде. Өзінен өзі қуыстанып, күмілжи берген қайнысының Күләй алдын орап кетті.
— Жыға танымайтын несі бар дейсіз? Бұл танымаса, мен танып тұрмын бағып отырған малымды, — деп салған. Оның сөзіне сенбесе де шопан әйел адаммен шапылдасып жатуға өзінше арланып, `мейлің` дегендей қолды бір сілтеді. Әлден соң өз шаруасының күйін күйттеп:
— Оу, Барақбай шырағым, мына дүкеніңде не бар? Біздің кемпір шайым бітіп қалды, басым ауырып отыр деп еді. Ондай ештеңең жоқ па? — деп, жайбарақат сөзге көшті.
— А? Шай деймісіз? — Барақбайдың іші қылп ете түсті. Тұйықтан шығар жолдың ұшығы көрінгендей елеңдеді.
— Иә, жақсы шайды көрмегенімізге көп болды. Ондайың болса, айтсаңшы.
— Ата, керегіңіз шай болса, табылады. — `Тырнаққа іліну деген осы` дегендей, қайнысына қарап Күләй да иегін бір қақты. Сонан соң қайтадан сарайға жөнелген. — Енді бір бес-алты күнде мына балаңыз керегіңіздің бәрін алып, қайтадан оралады. Ал оған дейін мына түйені еш жаққа жібермеңіз. Мұның иесі — осы жігіт. Ұмытып қалмаңыз. — Шопан `ие жігітке` бұрылды. Көзіне көзі түсіп кетіп еді, қарасында өзгеше бір жат ызғар бар екен. Тіксініп қалды. `Мына ит қалай қарайды ей!?` — деп ойлаған. Бірақ ештеңе дей алмады. Өзінен жауап күтіп, үнсіз сызданып тұрған әйелге қайта бұрылып, `болды, болды` деп, басын изей берді.
Сөйтіп, Барақбай жоғының орнын толтырды. Боталайтын неме ме екен өзі деп, алғашында күдік білдірген Шәргүл де көңілін демдеген. Тек анда-санда ғана кейбіреулердің аңдаусыз айтып қойған көлденең сөздерінің көңілдерін күпті ғып кететіні бар. Түйе алғаш әкелген күні қораларына кіргісі келмей, көп бұлтарған. Тіпті әлдеқайда қашып құтылғысы келгендей, тапырақтағанда өздері де қатты састы. Көрші әйел осыны көріп тұрған. Аузын сылп еткізіп:
— Мынау өз малдарың ба? Бөтен қораға кіргендей болып тұрғаны несі? — деген, `Сендердікі жаман жарбай емес пе еді` деуге шайпау Шәргүлден бата алмай. Барақбай:
— Өз малымыз емей, кімдікі дейсің? Әншейін жатырқап қалған ғой, дегенде, Шәргүл:
— Осы жұрттың несі бар?! Аузына келгенді сөйлемей, жөніне неге жүрмейді бұл!— деп сілкінген.
Мұны естіген көрші әйел:
— Көргенімізді айтқанға да жазықтымыз ба енді?! Өздерің білесіңдер не істесеңдер де! О несі, ей?! Қарап тұрып соқтыққаны несі?! — деп, бұдан әрі кідірсе ұрсысып қалатынын сезіп, жөнеле берді.
Содан арада бірталай күн өтіп, көршісімен болған әлгі бір әңгіме, кішкентай қақтығыс ұмытыла бастағанда үйлеріне барып отырып тағы да:
— Үйбай-ау, әлгі біздің қайнағаның түйесі боталапты. Сонысын осы сендердің жарбайларыңмен қатар февральда боталайды деп отырушы еді. Сендердікі қашан боталайды өзі? — деген.
— Ит біле ме, бұл құрғырдың қашан туатынын! Екі жыл көтерейін деп жүрген шығар. Шәргүл шайы біткен кесесін дастарқанға нығарлай қоя салды. Ендігі сөзге әңгіме төркінін әуелден ұнатпай отырған Барақбай араласқан.
— Оу, көрші ақысы деген бар емес пе, осы артық әңгіменің не керегі бар? Біздің түйенің жарбай еместігін білмейтіндей сөйлейтінің-ай, - деп әйелдің қарсы тіл қатуға шамасын келтірмей, бастырмалатып кеткен. — Әнеу күні осы аққұман керек деп жүр емес пе едің? Тығып жүрген біреуім бар еді, жүрші, ұмытпай тұрғанда соны беріп қояйын.
Үй иесі кесесін асығыс төңкеріп, орнынан тұрған. Аузын ашқан күйі отырып қалған көрші әйел енді `Е... е... сөйтші, айналайын`, — деп, соңынан елпектей жөнеле берді.
Көктемнің жанды жадырататын шуақты күндерінің бірінде Бибі әженің Мараты тағы да қыдырып келді. Бұл Жеңіс күнінің қарсаңы болатын. Әжесі қуанып-ақ қалды. Оның үстіне немересі Жеңіс күнінің қарсаңында мектептерінде болған үлкен жиында атасына арнап тақпақ оқығанын айтқан.
— Қандай тақпақ оқыдың?
— `Жеңіс` деген.
— Өзің айттың ба оқимын деп, әлде мұғалімің тапсырды ма?
— Вожатыйымыз аталары соғыста болған балалардың бәріне де аталарыңа арнап өлең айтып бересіңдер, немесе тақпақ жаттайсыңдар деген.
— Сосын не болды?
— `Аталарың сендерге не үйретті?` — деп сұрады. Мен атам домбыра үйретті. Егер ол өліп қалмағанда ботам жоғалмайтын еді, сосын ол маған ботамды қалай бағу керек екенін де үйрететін еді дедім.
— Ой, айналайын, сол! Сен болмасаң атаңды сол жерде кім еске алады дейсің. Өзі де біліп жатқан шығар-ау, бір аунап түскен шығар-ау, жарықтық — деп, жасаураған көздерін сүртіп, немересін бетінен сүйді.
...Ертеңіне Марат әжесімен бірге көшеге шықты. Омырауларына орден, медаль таққан көп аталарды көрді.
— Бұлар да сенің атаң сияқты соғысқа барып, елімізді фашистерден қорғаған адамдар. Сен олардың бәрін де атаң сияқты сыйлауың керек, — деді әжесі. Кейбіреулерімен сырттай таныстырып та қояды. Біраздан кейін Марат бұлардың мінбеге шығып қалай сөйлегендерін де көрді...
Түске қарай әжесі мен екеуі үйлеріне қайтып келе жатқан. Әжесінің жеңіне жармасып жүрген Мараттың көзіне кенет ауыл шетінде жайылып жүрген бір топ түйе түсті. Солардың шетін ала жүрген бір ақшыл түйе оның көзіне жылы ұшырап кетті. Қасында ботасы да бар секілді. Сирақтарының арасынан бірдеңе ағараңдайды. Бала әлденеге әжесіне жалт қарады. Сөйтсе, әжесінің де екі көзі сол жақта екен. Күн сала шұқшиып қарап келеді.
— Әже, анау кімнің түйесі? — Марат бірдеңені сезгендей дегбірсіздене сұрады.
— Тұра тұр! — деді әжесі, бөгет жасама дегендей, оны иығынан баса өзіне тартып.
Сонан соң қолынан мықтап ұстап алды да, түйелер жаққа қарай дедектей жөнелді.
* * *
Сол күні Барақбай ақ маяны тұңғыш рет далаға шығарған болатын. Түскі шайға енді отыра бергендерінде далада ойнап жүрген баласы ентіге жүгіріп үйге кірді.
— Папа! Біздің түйені Бибі апа үйіне алып кетті!
— Не дейді!? — Барақбай орнынан ұшып тұра берді де, қайтадан сылқ етіп отыра кетті. Басы лезде салбырап кеудесіне барды. `Түйе Бибінікі болды ғой!` деген жалғыз ой есеңгіретіп жіберген. Бибі — ағайын болып жүрген сыйлас кісілерінің бірі. Оның үстіне бұл бір бұрын-соңды ауылдастар арасында жаман аты шықпаған, қайта еңбекқорлығымен, адалдығымен белгілі семьяның адамы.
— Шешеңді шақыршы, — деді сәлден соң.
Буы бұрқыраған самауырды көтеріп оның өзі де кіріп келе жатқан. Мұның әлем-тапырық түрін көріп, шошып кетті.
— Не болды, байғұс?!
Барақбай аузын аша беріп, баласына қараған.
— Неменеге аңырайып тұрсың?! — деп зірк етті оған шешесі. — Бар, даладан Заиданы тауып әкел!
Бала ықылассыз қозғалып үйден шықты.
— Түйеден айрылдық, — болды Барақбайдың бар айтқаны. Қара бұжыр бетінде ақ қарасы тұманданып әрең көрінген көздері қызара қалған екен. Бұл — оның ашуланып, қыстығып отырғандығының белгісі. Әншейінде күйеуінің мұндай түрінен ығысып, ыңғайына жығыла беретін Шәргүл, бұл жолы назар аудармады.
— Не боп қалды, жазған?! — Бір ғана сәтте маңдайы мен екі бетінің бүкіл қыртыстары жиырылып-жиырылып тұра қалды.
— Бибі үйіне алып кетіпті. Олардың түйелері де жоғалғанын бұрын естіп жүріп, неғып ойыма келмеді десеңші!? Бір жағынан Күләй да қақылдап қалды.
— Немене?! Сен сонда аты-жөні жоқ сол кемпірге беріп қойғалы отырғаннан саусың ба?! Бір жыл бойы бағып-қағып, енді біреудің қолына оп-оңай ұстата салмақсың ба?! — Әйелінің көздері шатынап, ұясынан шығып бара жатқандай екен. Барақбай еріксіз орнынан қозғала бастады.
— Ол малын танымаса, көре сала жабыспайды. Бірақ барып қайтайын. Бағып отырғанымыз рас қой, нем кетіп барады... — Селқос тартқанымен, алған бетінен қайта алмай үйден шықты. Екі білегін сыбанып алған әйелі ере жүрді.
Бұлар осылай аттанғанда Бибі көшеден ертіп алған екі-үш тілеулес кемпірлеріне шай беріп, әңгімені судай сапырып отырған.
— Мен саған құмалақ ашқанымды айттым емес пе. Түйең алыста емес, жақын жерде тұр, сені ол көріп тұр, сен өзің көрмей тұрсың демеп пе едім?! — деп, бірі өзінің сәуегейлігіне сендіріп жатса, енді бірі:
— Апыр-ай, ә! Бұйырған малға дауа жоқ — деп таңданады, — із-түзсіз жоғалып кеткен түйе бір күні ботасын ертіп келіп тұрады деп кім ойлаған!?
Осы мезет қорадан дабыр-дұбыр шу естілді. Келіні Айгүлдің әлдекімге:
— Мұныңыз не? Не істеп жатырсыз? — деген наразы үнін ести сала Бибі де сүріне-қабына есіктен шыққанында ботасын құшақтап жылап жүрген Мараты мен шөгіп жатқан түйені тұрғыза алмай, ырсылдап жүрген Шәргүлді көрді. Бір жақта сөлбірейіп Барақбай тұр.
— Өй, шырақ! Не болды, мұнда неге жүрсіңдер? — болды Бибінің аузына түскені.
— Шеше, мына біздің малымызды байлап алғаның не? Соны қуа келіп тұрмыз, — Барақбай нығыздана сөйлеген.
— Ойбай, неғыл дейсің?! Мен өзімнің жоғалтып жүрген ақ маямды әкеліп байладым деп отырмын. Мені не қара басты?! Ойбай, Айгүлжан-ау, мыналар не дейді?! — деп, Бибі шын сасуға айналды. — Малға мал мұншама ұқсас болады екен-ау! Әй, қарағым, өзің шын айтып тұрсың ба?!
Оның мына апалақтаған қалпын көрген Шәргүл күшейіп кетті.
— Қолымыздан туғызып, қолымыздан өргізіп отырған түйемізді қораңа әкеліп байлап қойғаныңмен қоймай, шын айтып тұрмысың дегенің не сөзің? Қалжыңдап тұр деймісің, ойынымыз тасып бара жатқан ештеңеміз жоқ! Ей, сен неғып тұрсың қалшиып?! Алып жүр малыңды! Мәймөңкелеп қашанғы тұрайын деп едің?! Бол!
— Ей, қарағым, ағайын адамбыз, босқа шатыспайық. Менің арам оймен әкелген ештеңем жоқ Жықпай танып тұрсаң, алып кете бер. Әркімнің де бір құдайы бар, осынша жасқа келгенде біреудің малына жармасып маған не көрініпті?! Сенсең, құдай куә, өз малым деп жетелеп кеткенмін. — Ойында түк арамдығы жоқ Бибі малдан бұрын ағайын арасының кикілжіңінен қорықты. Оның осы халін түсініп, ықтырып алғандарына сенген Барақбай мен Шәргүл енді кідірмеуге тырысқан. Бірақ құрғыр түйе қорадан шықпай, әлек қылмасы бар ма. Өз малы емес екеніне енді-енді күмәндана бастаған Бибінің көкірегін бір өкініш дыз еткізгендей болып, іші удай ашып қоя берді. Әйтсе де сол бойда айтып қалған сөзінен тана алмай, өзін өзі баспақшы болып, үйге кіріп кетті де, балаларын да шақырып алды. Сәлден кейін қорадан шығып бара жатқан түйенің бақ еткен дыбысы естілді.
* * *
Арада екі-үш күн өткен. Бибі келінінің жұмыстан қатты ренжіп келгенін байқады.
— Не болды, балам? Жүзің неге сынық? — деген енесі.
— Танымаған болсаңыз, біреудің малына бас-көз жоқ жабысып неңіз бар еді?!
— Енді `алжыған қақпас` атанып отырсыз. Соны естіп келдім, — деді Айгүл жыларман болып.
— Соны айтқан адамның өзі алжыған. Ағайынның арасына кірбің түспесін дедім, әйтпесе түйенің менікі екенінде дау жоқ.
— Бибінің де іші толып тұр екен, орынсыз жала күйдіріп кетті білем. — Ерегестірмесін. Ерегестіре берсе, сотқа берсем де қайтарып аламын түйемді! — деп салды.
— Япыр-ау, түйе өзіңдікі екеніне көзің жетіп тұрса, кеше неге беріп жібердің? Барақбайдікі інген еді, әуелде қорасына әрең кіргізіпті, Бибі Шәргүлдің айқайынан қорқып өз түйесін беріп жіберіпті деп жұрт гу-гу етеді. Өз малымызды біреуге беріп қойып, онымен қоймай, жазықсыз сөз естіп, біз неге қарап отыруға тиіспіз?! Алты ай қыстай жұрт көзіне бір көрсетуге батылдары бармай, жабу жауып, қораларына тығып ұстап отырып, енді беттерін ашып алған соң `Алжыған қақпас, өз малын танымай, жұрттың малына жармасып, шатылып жүргенін қарашы!` — деп жүрген көрінеді Күләй.
— Алжыған кім екенін анықтайық онда, балам. — Бибі етегін қағып тастап орнынан тұрған.
...Сөйтіп екі ауылдастың арасындағы түйе дауы басталып жүре берді. Сөзбен мәмілеге келтіре алмаған Бибі енді, шынында да, қарсыластарын сотқа беруге мәжбүр болған.
Сот процесі төрт күнге созылды. Екі жақ та мұқият тыңдалды.
Оннан аса куәлардан жауап алынды. Әділ шешімге келу үшін бұлтартпайтын дәлел керек еді. Барақбайдың түйесінің жарбай екендігін немесе нар түйенің тұқымы екендігін анықтаудың өзі қиындап кеткен. Көңіл жықпас ағайын, өздері де байқамай, істі одан әрі шиеленістіре түскен. Ақыры мәселенің барлығы төрт күндік процеске нүкте қоятын жалғыз сұраққа келіп тірелді. Барақбайдың түйесі жеті жасар екен де, Бибінің түйесі он жаста болып шықты. Ал таласқа түскен түйе ше? Жергілікті зоотехник пен орталықтан шақырылған мал маманының анықтамалары жазылған конверт те ашылды. Таласқа түскен ақ мая да он жаста болып шықты!
— Сөйтіп, Барақбай мүлт кетті. `Қолында бір жыл ұстаған малдың жасын біліп алмадың ба!` — деп, Шәргүл де ширығып баққан. Бірақ еңдігінің бәрі де кеш еді. Ботасын ерткен аппақ мая басқа қораға көшті.
...Марат осылайша ақ ботасымен қайтадан табысты. Сол жылғы жазғы каникулдың да күндерін әжесі мен ақ ботасының жанында өткізді. Күзде мектебіне оралғаннан кейін каникул күндері тақырыбына жазған шығармасына `Әжем мен ақ ботам` деп, ат қойып, онда өзі тумай жатып жоғалтып алған ақ ботасын әжесінің қалай тауып бергенін тілі жеткенше баяндап еді.
Мараттың шығармасын класс жетекшісі ең жақсы шығарма деп тауып, кластағы балалардың барлығына дауыстап оқып берді...