22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Ғабит Мүсірепов
Мүсірепов, Ғабит Махмұтұлы (22 наурыз 1902 - 31 желтоқсан 1985) – қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері.

Екі ауыз сөз






Майдандағы жазушы жастарымыздың бірі Баубек Бұлқышев жолдас өзін жұртқа Отан соғысының үстінде таныстырды. Соғыстан бұрын ол әрнеге де тайынбай соқтығатын талабы бар да қаламы ұшталмаған болатын. Ізденгіш ойға сұрау салып, жас қаламның тез ұшталып кетуіне әсер еткен Ұлы Отан соғысы сияқты үлкен көріктің дем алысы.

Соғыс алдындағы соңғы жылдарда Баубектің өлеңдері көбінесе «Октябрь балалары» газетінде басылып тұрғандықтан «үлкендердің» назарын тарта қоймаған еді. Ал, мына әр құралдың өткірлігін, әр күштің әзірлігін аяусыз сынар кезеңде жас талант жақсы сілтеп кетті. Ойлы жастың құнарлы сөзі бүкіл совет елінің құлағына жайлы тиді, жиырма бес жыл бірге, бір бағытта өсіп-өнген көп ұлтты елдің айнымас достығының үніндей естілді.

Баубек заман біздікі дейді. Баубек майдандағы қазақ жастарының атынан сөйлейді. Шынында, мұның екеуі де үлкен жауаптылықпен айтылатын сөздер. Ісіне де, күшіне де еркін сенетін совет жасы бұл жауаптылықтан тайынған жоқ. Өйткені Баубектің осы кітапшада басылып отырған мақалаларының қайсысын алсақ та, өте бір елеулі, ерекше бір мағналы мәселелерді қозғайды. Оны қозғай алған жастың заман біздікі деуге де, жалпы жастар атынан сөйлеуге де әбден қақысы бар.

Баубектің бір-екі мақаласын қазақшаға мен аудардым, ұнатып аудардым. Ойланып айтылатын үлкен ойларды оқушы жүрегіне дәл жеткізетін әдемі тілмен бере білу — жазушының ерекше бір қасиеті. Баубекте осы қасиет бар. Еліре сөйлеген көпірме сөз емес, жас жүрегін жүз бұрап шыққан ойына орай әдемі тілі бар. «Өмір сүргім келеді», «Өмір мен өлім туралы» деген мақалалары үлкен шеберлікпен жазылған. Совет журналист -жазушыларының алдыңғы қатардағыларының - ақ айта алатын нәрселері. Баубек дүниелік мәдениетпен, әр ағымды философиямен жақсы таныс жазушыға ұқсайды.

Баубек қазір Отан солдаты, майданда жүр. Қолында мылтығы, қалтасында қаламы. Елімізді қорлап, жерімізді ластап жүрген неміс фашистеріне екеуі де тас шоқпардай тиеді. Қаламын Отан соғысының тілегіне бағындырып, Баубек қазір көркем очерк жазып жүр.

Жеңіс күні жақындап келеді. Майданнан ширап қайтқан жазушы жастардың құлашын кең жайып, қанатын еркін серпер күндері де жақын. Осы тілек, осы үмітпен тағы бір жақсы, тағы бір жас жазушымыздың бетін ашқымыз келеді.